АҚЫНДЫҚТЫҢ БАҚЫТЫ – АСҚАҚ БАҚЫТ

  • 26.01.2018
  • 2343 рет оқылды
  • 5

 (Ахмет  Өмірзақ шығармашылығы жайлы)

Шырын СМАМУТОВА,
Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің филология факультеті қазақ тілі және әдебиеті бөлімінің оқытушысы

Ақындық Алладан дарыған құдірет, алайда, өлеңді ермекке айналдырып жүргендер де табылады. Менің жеке пікірімше, ақындардың да шынайысы мен жасандысы болады. Нағыз ақындар – мынау жалпақ дүниенің бар ауыр салмағын мойнына алып, әлеммен бірге күңіреніп, күйіне білетіндер. Олар жеке басының қайғысы мен қуанышына оралып қалатын жандар емес, олар май шайнап отырып та әлемнің бір шетінде аштан бұралып жатқан адам тағдырына ашынатындар; сәбидің риясыз күлкісінен, шешек атқан гүл бүршігінен, сәуле шашқан таң шапағынан, бұлақ сылдырынан шаттыққа кенелетіндер. Ақындық жайлы сан түрлі пікір болғанымен, ешбірі бұл жұмбақ құбылыстың сыр-сипатын ашып бере алмайды. Бұл әлем мәңгі зерттелетін галактика екені даусыз.
Аз күнімді өз-өзіме көп көріп,
Жүрем ылғи жел сөзбенен шектеліп.
Пәни дүние бөлегенде бесікке,
Кім кетті екен сүйіншіме ДЕРТ беріп?., – деп Ахмет Өмірзақ айтпақшы, шынайы ақындар өмірге келгенде, маңдайына мұң, дерт жазылатын сияқты. Әрине, Жазмыш­ – Жаратқаннан-дүр. Тіршіліктің мағынасы – осынау тылсымның тереңіне бойлау, яғни, болмысты тануға талпыну. Һаққа ұмтылған жүрек қана ізгілік шуағын шашады.
Жасанды жазғыштар дегеніміз – ет пен терінің арасындағы желіктің жетегіне ерген жазғыштар, өмірді бергі жағымен ғана көріп, түйсінетіндер; сауығы мен сайранын, қымызы мен айранын өлең қылатындар; ақиқатты айтқан боп, ғайбатқа жел беріп, халыққа жаны ашыған боп, намысын аяққа таптап жатқандарын өздері де ұғына білмейтін, атақ іздеп сабылатындар; кітабының сапасын емес, санын айтып мақтанатындар. Жұрттың бәрі Махамбет, Абай бола алмас, әрине, мұндай ақындар да керек шығар. Зұлматқа қарсы – шуақ, саязға қарсы – тереңдік, аласаға қарсы – биіктік болатыны сияқты жасандылық – шынайлықтың қадірін білу үшін қажет пе деп ойлайсың кейде.
Қайсарлықтан бас тартпай бәрібір де,
Жасықтықтан тым аулақ салып ірге, –
Жан қалауын табатын жалғыздықтан,
Ақынның Ақиқатпен жаны бірге!
Ақын сөзі – тіл безер дәріс емес,
Ақ сөйлеуде болмайды жарыс, егес!
Арамдықтан, қулықтан ада Болмыс –
Жаратқаннан басқаға қарыз емес!
…Тағдыр кешіп – талқысы тиылмаған,
Арпалысқан күндермен қиындаған;
Ақындықтың бақыты –
Асқақ бақыт, –
Пайғамбардың өзіне бұйырмаған!
Ақындық жайлы ақыннан асырып не айтуға болады? Өлеңнің қасында барлық түсіндірменің, көпірме сөздің құны көк тиын ғой, шіркін!
Біз сонау 90-жылдардың студентіміз. Ол бір аласапыран шақ еді ғой. Ауылдан қалаға ағылған жастар қамқоршыға зәру-тұғын. Әне, сол қиын кезеңде Ахмет Өмірзақ менің жақын ағам әрі досым болды. Ауғанстанда әскери борышын өтеп, есен-аман оралған еңселі жігіттің сұсты жанарынан қаймығып, жанымызға ешкім жолай алмайтын. Мен де өлең жазатынмын. Марқұм ұстазымыз Рахмет Аяпбергенов жыр кешін ұйымдастырып, жас ақындарды соңына ертіп жүретін. Мектептер, мәдени орталықтар, жоғары оқу орындарында өткізілген кештерде талай жыр оқығанбыз. Сонда, мен Ахмет өлең оқығанда, оның өлеңдеріндегі терең мағына мен ащы ақиқатқа әрі таңғалып, әрі үрейленіп қарайтынмын. Қарап тұрсам, «Ақиқаттың рухы» кітабындағы көп өлеңдері сол жылдары жазылған туындылар екен («Мұқағали Мақатаевты туған күнінде еске алу» 1992, «Ана тілді қорғау» 1993, «Біздің сыр»1994, «Мұстафа Өзтүрік қазасын естігенде» 1995, «Жыр-аруақ» 1995 т.б.).
Өлеңді шын сүйген адам, әсте, оны ермекке айналдырмау керек. Былайша айтқанда, ақынмын деп кеуде соғып, түсінбейтін ортада беталды өлең оқып, қадір-қасиетін түсірмеу тиіс. Мен де әжептәуір өлең жазғаныммен өзімнен мықты ақын шықпайтынын іштей мойындаған жанмын. Ақындықтың мектебі жоқ деп жатады, меніңше сол мектепті әр адамның өзі жаратады, мен ақындықтың тылсым құдіретін Ахмет ар­қылы ұқтым, Ахметке қарап бой түзедім десем, асыра айтқандығым емес. Мұқағали, Төлегендей ақын болғысы келетіндер, оған еліктейтіндер қаншама? Өлеңді пір тұтып, табынатын пендеге қасыңда жүрген өз замандасының үні, өлеңі ерекше әсер ететін көрінеді. «Мен Ахметтей болып жаза алмасам, жазбауым керек» дедім де, өлеңді қойдым. Мұныма өкінбеймін.
Ахмет тарихқа зерделей үңілетін, сұрып­тап саралай білетін білікті ақын. Ақындық сілтеуінде кейде – Махамбеттің өрлігін, Абайдағы жалғыздық қасіреті мен Мұқағалидағы мұңды, Жұмекең тереңдігін байқайсың, Төлегеннің сағынышы мен Мұхтар Шахановтың қайсарлығын көресің. «Өрлік толғауы. 1986 жылғы желтоқсан қаһармандарына» деп аталатын өлеңінде бүгінгі қазақтың сонау Адам Ата мен Хауа Енеден басталған тағдырын тізбелеп, күркіреген Гүн мен Қазақ арасындағы «зұлымдық пен әділдіктің қан майданын», «Еуразия есінде сақталған ерліктері мен Геродот жазбасында сақталған өрліктері», дандайсыған Кирдің басын өз жерінде алып қалған, «Жеңілмейтін Ескендірдің» жынын қаққан Ұлы Сақтардың асыл сынығы, қаһарынан сансыз Шүршітті үркіткен Ұлы қаған Түрктен қалған ұшқын екендігі тамаша айтылады. Сол Гүн, Сақ және түрк­тердің заман мен уақыттың әділетсіз үкі­мінен құм құшқан шағында Қыпшақ болып қайта туғандығы дәріптеледі. Шыңғыс ханмен қырқысып, қапылыста қырғынға ұшыраған Ата жұрты Түркістан болған бабалардың асқақ рухы мадақталады. Он бесінші ғасырға келіп, тарих сахнасына Қазақ болып қайта келген ұлттың әр ғасырдағы қайсар, өжет, намысшыл азаматтары, батырларының өр рухы мен ерліктері жайлы тебірене отырып, 1986 жылғы желтоқсаншыл қазақ жастарының қайсарлығына әкеліп ұштастырады:
Дәл осыдан Жетпіс жылдай уақыт салып араға,
Ерлік туын қайта тігіп ұланғайыр Далаға,
– ЭС-ЭС-ЭС-ЭР-дің –
Әлемдегі империяның ең соңғы,
Жаназасын шығардыңдар Алматыдай қалада!
1996 жылдар, заманның аумалы-төкпелі тұстары болғаны жасырын емес, әсіресе, кенестік империяның жақтаушылары мен табынушылары басылмаған шағында, Ахмет осындай жырлар жаза бастаған-ды.
Ахмет Өмірзақ «Көтібарды ояту», «Бе­ке­жанның көз жасы» атты толғау­ла­рында да әлдекімдер қысастықпен бұр­малаған ақиқатты тайсалмай, тура айтады. Бекежан, Көтібардай батырлардың асқақ рухын шырылдатпай, әспеттеу керек екенін бүгінгі ұрпақтың жадына салады. Сан жылдар елді шатастырған жалғанның көбесін сөгу – Ахметтей өршіл рухты жандарға ғана бұйырады.
– Ай, Көтеке,
Аңғал ерім Көтібар,
Тұлпарсың Сен – бұқа емессің өті бар!
Көтібар деп есім берген атаңның,
Жүрегінде жанартаудай оты бар!
Аңыз қылған Аспан-Жердің арасын,
Атыңмен де, Затыңмен де дарасың!
Көті жоқтар от басында омалса,
КӨТІБАР! – боп көз жетпеске барасың! – дейді ақын. Көз алдыңда жалған тарих зардабын шегіп, жексұрын боп келген баба бейнесі асқақтап шыға келеді.
«Бекежанның көз жасы» өлеңінде ақын былайша күңіренеді:
Керек емес мына жұртқа «сөз басы»,
«Ақиқаттың, – десек те, – анық
тозбасы»,
Бақи жаққа бетін бұрып кеткелі,
Тыйылмай тұр Бекежанның көз жасы…
Әйгілі «Қыз Жібек» жырындағы Бекежан ғой бұл! Неге оның көз жасы тыйылмай тұр, ақын оның ақиқатын тарихи фактілермен шынайы өрнектейді.
«Төлегеннің кімнен келді ажалы?»
Жауабы оның талай көрді қазады;
«Кескентерек – қарақшының күнәсін,
Бекежанға аударғандар жазалы!»
Ахмет дана буыннан да, аға буыннан да өзіне керегін алып, ақындық отауының керегесін кеңейтіп, босағасын бекітіп үлгерген бүгінгі заманның бетке ұстар, ақиқат пен адалдықты ту еткен нағыз ақыны.
Көкірегімде тербелсін деп Ар – Тұнық,
Намысымды жүрегіме Дар қылып;
Жанды түйіп шүберекке
Талай Мен –
Шындық, Сені іздеп едім шарқ ұрып!
Ал, сен болсаң – Гүл екенсің шеттеген,
Күштілердің бақшасында көктеген.
Сондықтан да,
Сылаңдаған сайқалдай
Дәл бүгінгі қалпыңды Мен жек көрем!
Шеңгел болсаң жемісі жоқ жеуге де,
Жарай ма олар сені «қайда» деуге де?
Біз емес пе ек құшаққа алып Өзіңді,
Тікеніңді кірш еткізген кеудеге?!
Жалпы, қандай дүниеге пікір айтатын болсақ та, зерттеуге, зерделеуге тырысамыз. Өйткені, алғашқы ойға келген пікір мен пайда болған көзқарасың жаңсақ шығып жататын сәттер де аз емес. Жарық деп сүйсінгенің көлеңкеге айналады, жақсы деп тамсанғаның жаман болуы мүмкін. Бұл талғамсыздығыңнан емес, диалектиканың қайшылык заңы солай. Білу мен білмеу арасында үлкен талпыныс бар. Сол талпыныс шынайы шығарманы өмірге әкеледі. Ақын жанының тазалығы мен адалдығы – өзі көрген ақиқатты аспандата алатындығында.
Саңылау таппай шындық дерті асқынса,
Ақын ғана жол ашады Тасқынға!
Біреулердің ғұмыр бойғы арманы –
Эвересттер аяғының астында!
Мен Ахмет ақынға ғашық адаммын. Ғашықтық дегенді әркім әрқалай түсінеді. Мен пайымдауымша, ғашықтық, өліп-өшіп аймалаудан тұратын арзан дүние емес, ол махаббатыңнан жігерлену, одан өзіңе рухани күш алу. Тіпті ол тартқызған азап пен қайғының өзі сенің өміріңде үлкен бұрылыс пен серпіліс, сілкіністер жасауға талпындыру дер едім…
Самғау үшін ең алдымен Көкті біл,
Маздау үшін ең алдымен Шоқты біл!
Сөз Шыңына тікпегенде өз туын,
Жотасында жалғаншының жоқ тұғыр!…
Ахмет өз ақиқаты бар ақын және оның ақиқаты күнделікті күйбең тірлік арасында қалып кетпей, биіктерден көрінеді. Төмендегілерді сол көз жетпестен шарлайды, шақырады. Құдды бір Эрнест Хемин­гуэйдің «Килиманджаро – қарлы тау» шығармасындағы биік шыңның құзар басына шығып жантәслім ететін Қабылан сияқты. Демек, ақын биігіне шығу, яғни оның шығармашылығын ұғу үшін былайғы жұрттан үлкен рухани дайындық талап етіледі.

Алдыңғы «
Келесі »

5 Пікір бар

  1. Мақала өте тамаша жазылған. Шырын құрдас дарынды ғалым ғой,Ахмет жырларын сауатты талдапты. Тек ақиқатты ардақ тұтатын “Ақиқат” журналының редакторына,ұжымына да рақмет!

  2. Ахметпен бірге оқығанмын. Шырынның мақаласы өте жақсы талданған.Ахмет шынында да шыншыл, өр мінезді болатын. Ахметтің сөз қолданысына таң қалмау мүмкін емес. Шырын сізге шығармашылық табыс тілеймін.Ахмет ақынның шығармаларын жастарға таныстырып насихаттағаның үшін рахмет

  3. Мақаламды жариялаған редакция ұжымына алғысым шексіз. Кейде жазған дүниелеріңнің құйрық-жалын күзеп,өзгертіп басатын басылымдарды да көріп, наразы болған жайым көп болған. Атына заты сай, осындай журнал барлығы руханият əлеміндегі үлкен бір белес дер едім.

  4. …Тағдыр кешіп – талқысы тиылмаған,
    Арпалысқан күндермен қиындаған;
    Ақындықтың бақыты –
    Асқақ бақыт, –
    Пайғамбардың өзіне бұйырмаған!
    Өлең-ақ екен, шіркін. Осындай өр де шыншыл, сөзінің мәні терең ақынның насихаты аз болғаны қазақ әдебиеті деген әлемнің беделіне сын ғой…

  5. Мен бұл ақынның “Ақиқаттың рухы” деген жыр кітабын оқығам. Керемет поэзиялық кітап. Мына жерде талданған ақын өлеңдерінің бірінде аздаған қате бар. Кітабында “Арпалысқан күндермен құйындаған” деген өлең жолы, мына жерде “қиындаған” деп қате беріліпті. Өлеңнің мәні бір әріптен бұзылып кетеді ғой, ақынға қиянат болмасын, абайлайықшы…

Пікірлерге тыйым салынады.