АУЫЗЕКІ СӨЙЛЕСУ ЖӘНЕ ШЕБЕРЛІК

  • 23.01.2018
  • 1009 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Нағашыбай МҰҚАТОВ,
А.Байтұрсынов атындағы
Қостанай мемлекеттік университетінің
аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты

Сәл әріден бастауды жөн санап отырмын. Кейде жете мән бермейміз. Әйтпесе, адамдар өзара жүздескен сайын, тағылымдық тұрғыдан, мәдениетті түрде сөйлесе біле ме? Сөздің астарын, мағынасын түсіну деңгейі қалай. Журналистиканы айтпағанның өзінде, қазақ халқының шешендерді, көсемдерді, айтқыштарды, жырауларды, ақын-жазушыларды мұқият, құлақ қоя тыңдау дәстүрі баяғыдағыдай дабыл қағып тұр ма? Бұл сауалдарға нақ-нақ жауап беру біраз қиындыққа жолықтырады. Тіпті, жабырқатады. Ал, бұл бағытта журналистикаға негіздеп айтатын сөз мүлде бөлек. Өзім ұзақ жылдар бойы табжылмай, табанды жұмыс істегендіктен, радиоға бұрылып, теледидарға жалтақтайтыным рас. Шындығы эфир, көгілдір экрандағы хабарларды тыңдаушы, көрермен ретінде ғана қызықтамай, соған қоса сала маманы ретінде шұқшия қарап, таразылап, пайымдап отырамын. Көкейдегі лебіздерді А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университеті журналистика факультетінде оқитын студенттерге дәріс кезінде де жүйелі жеткізуге құштармын. Және ол жұмысым жеміссіз де емес.

Әкім Тарази мен Ләйлә Мұсалы жаз­ған, Алматы қаласындағы «Санат» бас­пасынан 2000 жылы жарық көрген «Көр­кемдік құпиясы» деп аталатын кітапта мынадай жолдар бар. «Талант иесіне талайлы тағдыр керек. Талант иесі күнбе-күнгі тіршілігінде өзінің жан-дү­ниесіне, өзінің сезім құбылыстарына үңіле білсін, қадағалай білсін». Авторлар жүрекке қонымды сөз айтып отыр. Өзіңнін жан-дүниеңе үңіле білу қасиеті тек жазушыларға ғана емес, шығармашылық шаңырағында ғұмыр кешуші журналистерге де тән. Эфирге, экранға хабар әзірлеу сәтінде журналист белгілі бір та­қырыпты таңдайды. Оған жұлқына ұм­тылып, асы­ғыстық жасау әбестік. Автор өзінің ішкі әлемін көркейтіп, гүлдендірген соң ғана мақсат-мүддені орындауға кіріс­кені абзал. Та­қырыпты терең зерттеу үшін маң­дай терді моншақтатып төкпей әсте болмайды. Яғни, көтеретін маңызды мәселеге байланысты өзіңнің жан-дү­ниеңді кемелдендіріп, байытып алған жөн. Сосын барып деректерді тауып, ірік­теп, сұрыптаумен айналысасың. Өзара әңгімеге тартатын кейіпкер туған тілді еркін меңгерген, сіз қозғаған тақырыптан әбден хабардар жан болғаны дұрыс. Сонда әңгіме де жүйесін, кең арнасын тауып кете береді. Жаттанды сауал, қайталана беретін сұрақтар журналиске жат болуға тиісті. Хабар эфир, экраннан өтіп жатқан тұста ретсіз сөзді бөле бермеу де маңызды. Осы тәртіптің бәрі сақталса, материалдың кәсіби шеберлік үлгісінде жасалғанына ешкім күмән тудырмайды. Осы орайда, белгілі ғалым Құдайберген Тұрсыновтың «Кө­гілдік экран құпиясы» деп аталатын кітабында жазылған тұщымды тұ­жырымын келтірмекшіміз. Онда автор «Ізденіс пен азапты арпалысты өмірінің кредосы етіп алған журналист қауымының қалам тербемейтін, араласпайтын саласы жоқ. Бәрінде де іс-әрекеттерді өз жан-дүниесімен сезіне, өз биігінен баға беріп, ой тұжырым жасайды. Парасат әлеміндегі кейіпкерлерінің көңіл-күйіне ене отырып, солармен бірге тыныстап, сезім шуағына бө­ленеді».
Қырық жылдан астам журналистік қыз­метімде талай жандармен әңгімелесу мүмкіндігі туды. Дәлірек айтсам, Қа­зақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаев, саясаткер С.Әб­драхманов, талантты режиссер Р.Сей­тіметов, ақын Ф.Оңғарсынова, жазушы О.Бөкей және басқа да даңқты адамдармен әңгіме-дүкен құрғанда сөздің барынша мазмұнды, салмақты, салиқалы шығуына мән бердім. Қостанай, Торғай радио, теледидарларында еңбек еткен жылдары көп нәрсеге қанықтым. Қазақ тілінде сөйлеуге еңжар, шорқақ, шалаларды да, керісінше тілдің туын желбірете тік көтерген ұлт­жанды ұл-қыздарды да жолықтырдым. Ана тілі, тарих, әдет ғұрып, заман тынысы, жастар хақында сөйлескенімде партия кеңес қызметкерлері Қ.Әшіманов, С.Әмішов, ғалымдар А.Күзембайұлы, М.Шә­кіржанов, С.Жиентаев, А.Әбсадық, Ә.Ламашевтар оймақтай ойларын түйе білді.
Эфир, экраннан әңгімелесуге еш­қашан жеңіл-желпі, атүсті қарауға болмайды. Жүргізуші жайшылықта адамдар арасында өрбитін әңгімені экрандағы сөзбен шатастырса, қатты қателескені. Екінші бір жәй, журналист көркем сөйлеуге, кестелеп, оюлап лебіз білдіруге міндетті. Ал, хабарға қатынасушы кейіпкерге ондай жоғары талап қойылмайды. Ол тақырыпты ашуға белсенді атсалысса жетіп жатыр.
Радио журналистика жанрын көп жылдардан бері зерттеуші ғалым Намазалы Омашұлы осы уақытқа дейін бірнеше зерттеу кітаптарын жазды. Бәрі де оқу орындарында оқулық құралдары ретінде пайдаланылады. Осы жерде өзіндік орны бар екі ғалымды атай аламыз. Олар теледидарды зерттеуші ғалым М.Барманқұлов, радионы зерттеуші-ғалым Н.Омашұлы. Алматы қаласындағы «Қазақ университеті» баспасынан 1999 жылы жарық көрген «Белестер» деп аталатын кітабында Намазалы ғалым «Радио әңгімелесу – ра­диоға жақын, ауызекі сөйлеу жанры. Сондықтан, әңгіме радиоға келіп, жаңа бояуға, жаңа қасиеттерге ие болды деу қате, әңгіме өз арнасын, өз орнын радио­дан тапты, оның мүмкіндігін терең де жан-жақты пайдалануға жол ашты» деп жазды.
Аудиторияда студенттерге жиі айтып жүретін сөзім бар. Эфир, экранда хабар жүргізіп отырған журналист таңдап алынған тақырып төңірегінде әңгімелесуді бастаған ең алғашқы минуттардан тыңдаушы, әйтпесе, көрерменді өзіне қаратуға әрекеттенсе, қызмет құ­былып, құлпырып жүре береді. Себебі, қазір ақпараттар ағыны ағын судай тасқындап, толқындары топырлап жатқан заман. Жұртшылық өзіне ұнамаған радио, теледидарды сөндіріп өшіруге өте бейім. Солай десек те, өмірдің өзінен туындап, мазмұнын, мәнін жоғалтпаған хабарлар саны жетерлік. Мәселен, маған «Асыл арна» телеарнасындағы «Жарты сағат» «Сүбелі сөз», «Менің әкем, менің шешем», «Балалық шаққа саяхат» айдарымен беріліп жүрген хабарлар ұлағатты ой, нанымды сөздерімен ұнайды. Бұрын «Айтуға оңай» хабарын жүргізген Бейсен Құранбек қазір «Қарекет» деп аталатын бағдарламаның авторы ретінде танымал. Осы журналистің қызметіндегі басты ерекшелік қоғамның тынысына, адамдардың жан-дүниесіне көз сала қарайтыны. Бағдарламаны көрушілердің дені ересектер екенін жақсы білемін. Шіркін, осы хабарды жастар, оның ішінде, орысша ордандап жүргендер жиірек көрсе деп армандап та қоямын.
Қазіргі таңда өркениетті ел сапына қосылайық, рухани жаңғырайық деген сөздер ұранға айналды. Сөз жоқ мақұлдаймыз, қуаттаймыз. Бірақ, ішкі жан-дүние өзгермей ештене болмайтынын түсінуіміз керек. Бұл бағытта теледидар, радио қызметі алдында қыруар жұмыстар тұр. Әруақытта ой, сөз, сөй­лем­дерді қайталаумен әуестенбейтін, жұрт­ты сендіріп, ойландыратын, тіпті аса қажетті адами көзқарас тудыратын хабарлар қажет-ақ.
Баяғыда Қазақстанда жалғыз ҚазГУ болды. Журналистика факультетіне жылына елу абитуриент қабылданды. Оқуға түсу оңайға соқпады. Ең ғажабы әлгі факультетті тәмәмдағандардың арасынан осалы кездеспейді. Шетінен жазғыш. Дені белгілі журналистер, жазушылар қатарына қосылды. Ал, қазір ше? Мүлде басқаша үрдіс, қозғалыс. Тәуел­сіз республикамызда жиырмаға жуық журналистика факультеттері бар көрінеді. Осы қажет пе деп жар салып жүргендер де кездесіп қалады. Мәселе санында емес, сапасында болғаны дұрыс. Алдағы уақытта оқу орындарынан кәсіби шеберлігі жоғары мамандардың талайы түлеп ұшарына күмәнданбаймыз. Әсіресе, бүгін зерттеу мақала тақырыбына айналған радио, теледидардағы ауызекі сөйлесу бағытындағы хабарлардың жұрттың жан байлығын еселеуге қомақты үлес қосқанын қалаймыз. Тек, әр тілші төменде қалмай, шеберлік шыңына көз тіксе ғажап емес пе. Ертеден айтылып жүргеніндей адам жанының инженері журналистер қай бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істесе де, қай жанр­ға қалам тартса да, жауапкершілік жүгін қабырғалары қайыспай көтеруі керек.
Бұдан біраз жылдар бұрын респуб­ликалық «Ақиқат» журналында «Қазақ журналистерінің қиналысы» деген та­қырыпта зерттеу мақалам жарық көрген болатын. Бұл өзі шын мәнінде өте маңызды. Тәуелсіздік тұғырында көк байрақты желбірете көкке көтергенімізбен мемлекеттік мәртебеге ие қазақ тілі күнделікті қолданысқа енді деуге болмайды. Сылтау сан түрлі. Пәленбай жыл балалар бақшасында, мектепте орысша оқыдым. Ата-анамның өзі ұлтаралық қа­тынас тілінде сөйлейді. Тәрбиеміздің негізі, дәні сонда жатыр деп тақылдап, қақылдап жүрген қазақтар азаймай тұр. Әлі балаларын, немерелерін орыс мектебіне қарай жетелеп жүргендер же­теді. Енді, ересектер жағына ауысайық. Ірі лауазым иеленген басшы мамандардың біразы туған тілге шала. Олар орысша десе шетелдік автокөліктей зулайды да, қазақша десе, өгіз арбадай қозғалады. Ең қиыны соларға сын, ескертпе жасасаң пәлеге қалғаның. Радио және теледидарда еңбек ететін журналистер белгілі бір тақырыпты ашу мақсатында қатты қиналады. Микрафонға, әйтпесе, студияға келіп еркін сөйлеп, еркін ой бөлісетіндер некен-саяқ. Көбі қақалып, шашалып әбден әуреге түседі. Мұндай қызмет бабындағы қиындықты облыстық, республикалық радио журналистері бастан кешіп отырғаны айдан-анық. Өз басым радио, теледидарда жұмыс істеген кездері небір жайларды бастан өткердім. Жоғары жақтың талабы күшті. Көбінесе еңбек адамдарын бейне, үнтаспаға жазуды міндеттейді. Соған сәйкес, қызық әрекет қалыптасты. Егінді алқапқа, құрылыс алаңдарына, малды ауылға іс сапармен бара қалсақ қазақ тілінде сөйлей білетін маман бар ма деп шарқ ұрамыз. Шындығы, сұхбат алушы жан өндіріс озаты болуы керек. Ол жағы мүлде ұмытылады. Мұның көп өзекті жайлары бар. Біріншіден, таза сөйлейтін қандастар аз. Сұхбаттасқандары тілді бұзудан басқа әрекетке бармайды. Нәтижесінде редакциядағы монтажшылар әуреге түседі. Түпкі қорытындысында журналиспен бірге тындаушы, көрермен ұтылады. Мұны неге тәптіштеп айтып отырмыз. Қаламгерлер хабарды ұйым­дастыру алдында бағдарламаға қаты­насушымен дайындық жұмысын жүр­гізгені дұрыс болады. Оның ана тілді жақсы білуі басты шарт.
Қазақ сөзге жақын ұлт екені бұ­рыннан белгілі. Бірақ, солай екен деп жөнсіз сөйлеу де қажетсіз қарекет. Ер­тедегі шешендер, шежірешілер, ақын-жазушылар, сонымен бірге, журналис­тер сөз сапасына баса назар аударған. Онсыз кәсіби шеберліктің шыңына жету қиынға соғады. Өзге қазақтарда шаруамыз жоқ, ал, журналист қауым эфир, экраннан сөйлеу кезінде салмақты, сали­қалы, сабырлы қалыпта пайым жасауға дағдыланғаны қажет-ақ. Және бұл пікір редакциялардың күн­делікті лездемелерінің де басты та­қырыптарына айналуға тиісті. Ауызекі айшықты сөйлесейік және кәсіби ше­берлікті шыңдау үшін қуатты күш жұм­сайық.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Қ.Тұрсынов. «Көгілдір экран құпия­сы» «Қазақ университеті» баспасы. Алматы 1998 жыл.
2.Н.Омашұлы. «Белестер» «Қазақ уни­верситеті» баспасы. Алматы 1999 жыл.
3.Ә.Тарази, Л.Мұсаұлы «Көркемдік құпиясы» «Санат» баспасы. Алматы 2000 жыл.

Алдыңғы «
Келесі »