Жылдармен бірге өсіп-өркендеген кешен

  • 05.10.2012
  • 472 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Светлана НАЗАРБАЕВА,
Республикалық «Дәуір» полиграфиялық баспа кешенінің Бас директоры

Осыдан 80 жыл бұрын –1932 жылдың 9 мамырында БКП(б) Қазақ Өлкелік Комитеті журнал және басқа да әдебиет түрлерін шығаратын арнаулы баспа ұйымдастыру жөніндегі шешім қабылдады. Осылайша елімізде тұңғыш баспахана құрылып, ол Горький мен Пролетар (қазіргі Жібек жолы мен Ш. Қалдаяқов) көшелерінің қиылысындағы шағын ескі кеңседе өз жұмысын газет басудан бастады. Содан бері арада 80 жыл өтіп, кәсіпорын қаншалықты өзгерістерді бастарынан өткізді. Әріп қолмен теріліп, қарапайым басу машиналары трактор маторына қосылды. Уақыт өте өндіріске офсетті басу тәжірибесі ен­гізіл­ді.
Сұрапыл соғыс жылдары – ана жесір, бала жетім қалып, мыңдаған отбасылар қайғы-қасірет шексе де, газет шығару ісі бір күн де тоқтаған жоқ. Өйткені, ол ел басына қаншалықты алмағайып күн туса да халықтың үні, көзі мен құлағы болу парызынан бір сәт те айныған жоқ. Станокта тұрған әйелдер мен жас­­өспірімдер жауапкершілік жүгін жете түсінді, сондықтан да, басу машиналары күн-түн демей, таралымды үсті-үстіне арттыра отырып, толассыз жұмыс істеді. Өйткені, оларды оқырмандар тағатсыздана күтіп отыратын… Тасқа ба­сылған сөздер адамдардың жүрегінде үміт сәулесімен бірге болашаққа деген сенім отын оятты. Еңбекақының бір бөлігі әскери ұшақтарды құрастыруға жөнелтіліп жатты.
Жеңіс!!! Тағы да баспасөз өзінің ұлы парызына адал­дығын дәлелдеді: ел­дің жар­қын болашағына, ең бастысы халықтың жасампаз күшіне сенді. Жылдар өтіп жатты, ел тарихымен бірге жасап, жаңа технологияларды меңгеріп, үлкен мақсаттарға ұмтылған ұжымның қатары жылдан-жылға артып, жүздеген адамдар жұмыспен қамтылды.
Баспахананың атауы әр жылдарда № 3 баспахана, ҚКП ОК-нің баспасы, «Дәуір» ЖАҚ-ы болып өзгеріп, міне он жылдан бергі уақыт шамасында «Дәуір» полиграфиялық баспа кешені болып аталып келеді. Кәсіпорынның аты қанша рет өзгертілсе де, заман жаңарса да, кәсіпорынның ішкі мән-мазмұны баяғы бағытынан адасқан жоқ. Ғимаратта бұрын­ғысынша толассыз жұмыс істеген машиналар тарсылы салтанат құрып, бас­пахана бояуының үйреншікті иісі аңқып тұрады…
Жылдармен бірге өсіп-өр­кендеп, қана­тын кеңге жайған, әлеуеті зор кәсіпорын бүгінде қуатты газет-журнал өндірісі, өзі­нің баспа ісі, қағаз және полиграфиялық материалмен қамтамасыз ету, тарату сияқты жан-жақты кешенді қызмет түр­лерімен қамтылған.
Бүгінгі таңда «Дәуір» РПБК-і газет-жур­нал, кітап ба­су, қағаз өнімдерін шығару бойынша озық тәжірибелі, алдың­ғы қатарлы өнеркәсіп орнына айналды. Еңбек ұжым­дарының қатарында қағаз дайындау, теру, басу, түптеу, газет цехтарының алатын орны ерекше. Олардың барлығы да әйгілі еуропалық фирмалардың әлемдік стандарттарға сай өнім шығаруға арналған жоғары технологиялық заманауи құ­рал­дарымен жабдықталған. Заман талабына жауап беретін жоғары технологиялық құрал-жабдықтарды сатып алуға мол қаржы жұмсалды. Кәсіпорын құрал-жабдықтары 100 пайыз­ға жаңартылды. Жаңа технологияларды енгізу мен мо­дер­низациялаудағы негізгі мақ­сат – өнім сапасын бәсекеге қабілетті әлемдік стандарттар деңгейімен теңестіру.
Күнделікті жұмыс барысында тапсырыс берушілермен тығыз іскерлік байланысқа ерекше мән беріледі.
Көркем әдебиет, оқулықтар, респуб­ликалық және жарна­малық газеттер (60-тан астам түрі) пәндік, әдістемелік және қоғамдық журналдар, мектеп­ішілік іс қағаздары сияқты өнім түрлері жылдан-жылға көбейіп келеді.
Ал, «Дәуірдің» еншілес са­ла­лары, бөлек отау құрған «Дәуір-Сервис» және «Дәуір-Кітап» ұжымдары кешеннің қызмет аясын одан әрі толық­тырып, кеңейтіп, жемісті нәти­желерге қол жеткізуде.
Қажетті қағаз өнімдері мен полигра­фиялық мате­риал­дар «Дәуір-Сервис» қыз­меті арқылы Ресей мен Гер­ма­ния­дан әкелінеді. Тауардың ті­ке­лей жеткізілуі, өзінің уа­қыт­ша сақтау қоймасы және дел­далдық компания қызмет түрін арзандатуға көмек бе­реді.
«Дәуір-Кітап» бірнеше жыл­­дан бері оқулықтар мен оқу-әдістемелік құрал­дарын, сөз­діктер, анықтамалықтар, альбомдар, көркем әдебиет түр­лерін, және мектепке арнал­ған іс-қағаздарын шығарумен айналысуда.
Бүгінгі «Дәуір» РПБК-і – әлеуеті зор кәсіпорын. Соның жарқын айғағы соңғы 9 жыл ішінде жұмысшылардың ең­бе­кақысының ұдайы өсіп отырғандығы, еңбекақының бір күн де кешіктірілмеуі, ақы­лы еңбек демалыстары мен декреттік демалыстардың, сый­ақылардың уақтылы бе­рілуі, жұмысшылардың жыл сайын кәсіпорын есебінен меди­циналық қызметпен, ар­нау­лы жұмыс киімімен, те­гін сүтпен қамтамасыз еті­­луі, жұмысшылардың әлеу­меттік қорғалуы, мұқ­таж­дық жағдайындағы жұмысшыларға қаржылай көмектер. Сонымен бір­ге, кәсіпорын тара-пы­нан ба­лалар үйіне, мек­теп­терге, ең­бек және со­ғыс ар­да­гер­ле­ріне қайы­рым­дылық көмек беріліп ке­леді. Сондай-ақ, по­ли­графия мамандарын шетелде оқы­туға, екі сту­дент­ке шәкіртақы төлеуге қара­жат бөлініп отыр.
«Дәуір» республикалық полиграфиялық баспа кешені көптеген халықаралық жә­не отандық көрмелерге қа­­ты­сып, бірнеше мәрте үкі­­мет марапаттарына ие болды, дипломдармен, ба­ға­лы сыйлықтармен мара­патталды, 2006 жылы Ал­матыда өткен «Алтын сапа» көрмесінде «Жоғары сапалы өнім үшін» медалін иеленіп, 1-ші дәрежелі дипломмен марапатталса, ал, Астанадағы «Алтын сапа» республикалық конкурсында Индустрия және сауда министрлігінің арнайы «Алғыс хаты» ие болды.
2012 жылы «Қазақ­стан­­ның үздік тауары» кон­курсына қатысып, бағалы сый­лықпен, дипломмен және ауыспалы тумен марапат­талды.
«Дәуір» Республикалық по­лиграфиялық баспа кеше­нінің тарихы – техника мен оқиғалар тарихы ғана емес. Ол осы кә­сіп­орында ұзақ жыл­дар бойы еңбек еткен адам­дардың тарихы, ол – өзінің таңдаған жолына адал. « Дәуірдің» өсіп-өркендеуіне, яғни ел игілігіне бар білі­мін, жастық жалынын, қа­жыр-қайратын, саналы ғұ­мырын арнаған ұрпақтар сабақтастығы.
Алдындағы кедергілердің қандайынан болса да жеңіспен өтіп келе жатқан «Дәуірдің» болашағы жарқын болары сөз­сіз. Ең басты мақсат – нарықтық бәсекеге қабілетті сапа биігінен көріну.

Алдыңғы «
Келесі »