Әліпби – білім бастауы

  • 21.12.2017
  • 628 рет оқылды
  • 0

Нұржамал СМАНОВА,
профессор

Егемен еліміздің кемел келешегі үшін ең өзекті шарт болып саналатын оқу-білім мәселесіне Елбасымыз, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев үнемі айрықша көңіл бөліп, қолдау көрсетіп келе жатқаны еш дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Мұны биылғы 2017 жылы 2 сәуірде «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақа­ласына байланысты да айтуға болады. Бұл өмірлік қадір-қасиеті зор, философиялық мағынасы терең еңбегінде ел Президентінің айтқан ұсыныстары мен ойлары қалың жұрт ішінде үлкен серпіліс, ерекше қозғау туғызғаны рас.
Жалпы, Елбасы тарапынан мұндай тақырыптағы маңызды мәселелерді бірінші рет айтып отырған жоқ. Ол бұрында да өзінің стратегиялық мәні бар еңбектерінде, халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауларында, сөйлеген сөздері мен студент-жастар алдында оқыған дәрістерінде оқу-білім жайлы атап айтып келеді. Алайда, ұлттық сана, ұлттық мүдде мен ұлт руханиятына байланысты бұл жолғы санамалап атаған мәселелері мен көтерген проблемалық ойлары бүкіл қоғамның, әсіресе, ілім-білім, идеология саласы қыз­меткерлерінің ерекше назарын аударып, үлкен міндеттерге жетеледі десек те болғандай. Өйткені, бағдарламалық еңбектің алтын арқауы халықтың көптен көкейінде жүрген мәселелер – ұлттық сана, ұлттық бірегейлікті сақтау, ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз бен мәдениетіміз, жөн-жоралғыларымыз, әдет-ғұрыптарымыз, жинақтап айтқанда – ұлттық рухымызды бойымызда қалыптастыруға байланысты айтқан ой-пікірлері, оқу-білім, ғылымды дамыту туралы қойған мәселелері болатын. Сондықтан, бұл жайттың, әсіресе, еліміздің білім беру мекемелері мен ғылыми орта өкілдері арасында кеңінен талқылануына, қолдау табуына мүмкіндік туып отыр.
Еліміздің рухани жаңғыруы үшін ең алдымен ұлттық сананы жаңғырту қажет екеніне, оның тәуелсіз мемлекетіміздегі саяси және экономикалық жаңғырулардың түп қазығына, негізгі өзегіне айналуы керек екеніне баса назар аударған Елбасы бағдарламалық еңбектің « ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» атты алғашқы тарауының төртінші бөлімін «Білімнің салтанат құруы» деп атап, оқу-білімнің бүгіні мен болашағына, осы салада атқарылған іс-шараларға, алдағы міндеттерге, ескерерлік маңызды мәселелерге тоқталады. Осы орайда Президент: «…Табысты болудың ең іргелі, басты факторы, білім екенін әркім терең түсінуі керек.Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», – деп қадап айтты. Дұрыс айтылған сөз, орынды ой. Олай болса, оқу-білім дегеніңіздің өзі адамзат баласына ең алдымен әліпби арқылы келетіні айдан анық. Өйткені, кез-келген өркениетті – жапон, қытай, орыс араб, ағылшын, француз, неміс сынды т.б. халықтардың әрқайсысының өсіп- өркендеуінде, оқу-білімінің, ғылымының қалыптасуында олардың төл жазуларының – яғни, әліпбиінің орны ерекше. Сондықтан, білімнің мөлдір бастауы әліпбиден басталады десек қателеспейміз. Демек, әліпби – ұлт жа­зуының, ел білімі мен ғылымының іргетасы іспетті. Білім – елдің шамшырағы болса, әліпби – ұлт жазуының, халық руханиятының көркі, сол шамшырақтың кілті.
Елбасы аталмыш бағдарламалық ма­қа­­­ласында әліпби мәселесін таяу жыл­дар­­дағы міндеттердің бірі ретінде белгіледі. Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіруді алға тартқан Президент бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттілігін терең түсініп, оған байыппен қарап келе жатқанымызға және еліміз Тәуелсіздік алғалы бері мұқият дайындықпен кел­генімізді еске салды. Нәтижеде Мемлекет басшысы 2017 жылы 26 қазанда «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графи­касына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл шындығында да халқымыздың көптен күткен, көкейінде жүрген игілікті іс болатын. Өйткені, Елбасы латын жазуына көшу жайын 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясына қатысып, сөйлеген сөзінде ресми түрде алғаш әңгіме еткен болатын. Онда: «Латын әліпбиін қарайтын кез келді. Бұл мәселені кезінде кейінге қалдырған едік. Қалай болғанда да, латын әліпбиі бүгінде телекоммуникациялық салаларда басымдылыққа ие болып отыр. Сондықтан да, бұрынғы кеңестік елдердің көпшілігінің латын әліпбиіне көшуі де кездейсоқ емес. Мамандар осы мәселені зерттеп, нақты ұсыныстар жа­сауы тиіс», – деген еді Ұлт Көшбасшысы. Ал, арада алты жыл өткеннен кейін, 2012 жылы желтоқсан айында жарық көрген «Қазақстан – 2050» стратегиясында Елбасы тағы да бұл тақырыпқа қайта оралып, «2025 жылы Қазақстан латын әліпбиіне көшеді», – деп, нақтылап айтуы еліміз жұртшылығының назарын аударды. Президент одан бері де бұл мәселеге бірнеше рет оралды. Айталық, ол кезекті халыққа арнаған Жолдауында да 2025 жыл­дан бастап латын жазуына көшу туралы өз ойларын таратып айтты. Жолдауда: «Бұл ой еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мені жиі мазалады. Бірақ, біз көп ұлтты халықпыз. Әр ұлттың ой-пікірі бар. Қазіргі кириллица арқылы қазақтардың да, қа­зақстандықтардың да бірнеше буыны тәрбиеленіп, білім алды. Өмірді таныдық, дүниені көрдік. Сондықтан, латын қар­піне көшкен жағдайда да кириллица көпке дейін қатар қолданылады, екеуі біразға дейін бірге пайдаланылады деп ойлаймын» дей келіп: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне кө­шіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт бо­лып шешуге тиісті принципті мәселе. Бір кез­де тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, бала­ларымыздың ағылшын тілі мен ин­тернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», – деген еді.
Президент бұл мәселеге аса жауап­ты­­лықпен қарауымызды ескертіп, оны жү­зеге асыруда еліміздің көпұлтты құрамын, ұлтаралық қатынастарға мән берді. Рас, латын жазуына көшу бүгінгі өмір талабы екендігі еш дау туғызбайды. Мұнда, біріншіден, тілімізде жоқ бөтен дыбыстар қысқарады, соның нәтижесінде ана тіліміздің табиғи таза қалпын сақтап қалуға қол жеткіземіз. Екіншіден, шәкірттерге қазақ тілін оқыт­қанда, басы артық емлелер, қисынсыз белгілер, орынсыз ережелер қысқарады. Бұл деге­німіз – балабақшадан тартып, жоғары оқу орындарына дейінгі білім беру мекемелерінде әліпби оқу үрдісі жеңілдейді деген сөз. Үшін­шіден, латын жазуына көшу арқылы қазіргі заманғы технологиялық және ең негізгісі –ХХІ ғасырдағы ғылым мен білім беру үрдістерінің бүгінгі кезеңгі ерекшеліктеріне еркін ілесе аламыз. Төртіншіден, латын әліпбиінің тағы бір ұтымды мүмкіндігі – түбі бір түркі әлемімен рухани-мәдени, ғылыми-ақпараттық, экономикалық ынтымақтастықты тиісті дәрежеде жүргізуге жол ашамыз. Бүгінде қазіргі заманғы соңғы технологиялық жетістіктер, барлық ақпараттық-комму­никативтік байланыс құралдарының желісі латын әліпбиіне негізделгеніне ел-жұрттың көзі жетті. Халықаралық ұялы байланыс жүйесіндегі қысқа түрдегі жазбаша мәтінді хабарлар алмасу қызметі де латын жазуымен ел тұрғындарының күнделікті тұрмысына еріксіз енді. Бұл өскелең өмірдің қажеттілігі мен талабынан туындап отырған жағдай екенін қалың жұрт байқады. Осы аталған жайттардың бәрі елімізде латын қарпіне кө­шудің алғышарттары жасалғанын көрсетеді. Оның үстіне, біздің еліміз, қазақ халқы бір әліпбиден екінші әліпбиге көшу тәжірибесін екі рет – 1928 жылдан бастап, 1932 жылы то­лықтай араб графикасына негізделген төте жазудан – латынға, 1940 жылы латын жа­зуынан бүгінгі орыс (кириллица) жазуына көшу дәуірін бастан өткерді. Сонымен бірге, Ке­ңес Одағы тараған соң, өз тәуелсіздіктерін жа­риялағаннан кейін кирилл жазуынан латын әліпбиіне көшкен Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан т.б. елдердің іс-тәжірибелеріне назар аударып, олардың әліпби ауыстыру үдерісіндегі олқылықтары мен жетістіктері жайлы мол тәжірибе-мәліметтер жинақталды. Соларды да пайдалануға әбден болады.
Елбасы айтпақшы, қазір латын әліпбиін үйрену жас буын үшін ешқандай қиындық туғыза қоймайды. Өйткені, мектеп қабыр­ғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, олардың алдында қауіп ете­тін­дей кедергілер болмақ емес. Әсілінде, әліп­би – дыбысты таңбалап жазу үшін ой­лап шығарылғанын, ал жазу – ойдағыны қағазға түсірудің, сол әліпбиді тұтынған тілді көркейтудің, оның қолданылу аясын нығайтудың амалы екенін бүкіл дүниежүзі ғалымдары мойындап келе жатқаны мәлім. Сол себепті латын әліпбиінің мәселесін өркениетке жетудің, рухани-әлеуметтік дамудың ең пәрменді жолы ретінде бағалаған мақұл. Сондықтан, бұл жайтты егемен еліміз халқының есін жиып, өзіміздің төл жазуымызды қалыптастыруға беріліп отырған үлкен мүмкіндік деп қабылдағанымыз жөн. Қазақ тілі грамматикасының негізін салушы ұлы реформатор Ахмет Байтұрсынов «Қазақша әліппе» кітабының беташарын Ы.Алтынсариннің өз оқулығын «Кел, балалар, оқылық!» деп бастағаны секілді:
Балалар! Бұл жол басы даналыққа,
Келіңдер, түсіп, байқап қаралық та!
Бұл жолмен бара жатқан өзіңдей көп
Соларды көре тұра қалалық па?
Даналық – өшпес жарық, кетпес байлық,
Жүріңдер, іздеп тауып алалық та! – деген өлең жолдарымен шәкірттерді «Әліппені» оқуға шақырады, білімге үндейді. Әліппені даналыққа жол басы ретінде бағалайды.
Кітаптың екінші бетіндегі түсініктемеде әдіскер тілші-ғалым: «…Бұ алифбадағы қай хәріп қандай дыбыстың белгісі, олар қай орында қалайша жазылмақшы һәм балалар алифбаға түспей тұрып дыбыспен қалай жаттықпақшы – бұлар жайын «Баяншы» деген кітапшадан қараңыз», – деген сілтеме берді.
Әліпби жөнінде кемеңгер ғалым 1912 жылы «Айқап» журналында жарық көрген «Жазу тәртібі» атты мақаласында: «…Оқу құралының ең ұлығы – бала оқытатұғын кітап; оның жақсы болып, балалардың жанын қинамасына жазудың тәртібі болуы шарт. Тәртіпті жазу деп айтамыз: тілдегі бар дыбыстың бас-басына арнаған белгісі (харфі) бар болса. Осы күнгі жазуымызда дыбыс басына арнаған белгіміз жоқ; бір белгімен әлденеше түрлі дыбыстарды жазамыз. Сондықтан, әуелі оқу құралын сайлаудан бұрын жазуымыздың тәртібін түзеп, жөнге салу керек. Сонан соң, сол жөнменен құрал сайлау керек», – дейді.
Әліпби («Әліппе» оқулығы деп те ұғы­нуыңызға болады – Н.С.) қазіргі бәзбір білгішсымақтар ойлағандай еріккеннің ермегі, не болмаса жас баланың алып-салып ойнайтын ойыншығы емес. Ол – бүкіл бір елдің болашағы, келешек тыныс-тіршілігі. Мұны Ахаң әліпби ауыстыратын кезеңде (1927 жылы) тайға таңба басқандай етіп айтып кеткен еді. Сол сөз бүгінде де мәнін жойған жоқ. «…Хат мәдениеті бар халыққа, – дейді ол, – бір әріпті тастап, екінші әріпті қою оңай жұмыс емес. Бірте-бірте барып, алып кетуге бірталай уақыт керек, бірталай артық тұрған қаржы керек. Бірталай артық тұрған адамның күші керек, ісі керек. Әуелі, ондай қаржы, күш пен іс, екі әріппен бірдей қатар оқу, сауат ашу істеріне керек; екінші, баспа дүкендерінде қатар дүкен құрылмақ, қатар жұмыс жүрілмек, басылып шығып жатқан нәрселердің бәрі де екі әріппен бірдей басылып тұрмақ… Әліпби деген тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалар жинағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліпби жақсы болмақшы…». Өте орынды тұжырым. Ғұлама ғалымның осынау ордалы ойын біз де әліпби ауыстыру барысында ескергеніміз абзал.
Әліпби жайлы, оқу-білім туралы сөз ет­кенде, қазақтың ұлы қаламгері, академик-жа­зушы М.Әуезовтің үлгі-өнегесі жайлы айтпай кету мүмкін емес. Оның «Оқуға ұмтылатын уақыт» атты ертеректе (1930 жылдары) жазған мақаласында: «…Оқудың керектігі турасында сөз жазып отырудың керектігі жоқ! Аспандағы күннің барлығына қандай сенім болса, оқудың керектігіне де сондай сенім болған: оқусыз ел – дүниедегі тіршілік жарысына ере алмай жоқ болады. Біз: «Қазақ Хүкіметі, қазақ ұлты» деген сөздің бәрін де оқу таразысымен өлшейміз: оқусыз атақ – өрмекшінің ұясы сияқты бос нәрсе…», – деген сөзін ескерсек, жазушының 1929 жылы елімізге мемлекеттік деңгейде латын әліпбиін енгізу жұмысына белсене қатысқанын көреміз. Ол 1929 жылы 25 шілдеде Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағасы ретінде «Қазақ жаңа емлесі туралы» декретке қол қойды. Сол құжат негізінде бүкіл қазақ жұрты (10 жылдан астам уақыт) кирилл жазуына көшкенге дейін латын әрпін пайдаланды. «…Октябрь төңкерісінен соң, – деп жазылған ұлы Мұхаң қол қойған құжатта, – ұлы мәдениет-шаруашылық жұмысын өз қолымен істей бастаған қалың қазақ еңбекшілерінің мүддесі, жұрнақшыл-үндесшіл қазақ тілінің дыбыс заңдары, жаңа әліппенің айрықша қасиеттері – бәрі қосылып емлені өзгертуді амалсыз керек қылады. Онан соң емлені социалдық құрылыс жағдайына қарай, тілдің даму бағытына қарай өзгерту керек-ті. …қазақ емлесін, емлелерінің ішінде ең оңай саналған дыбыс жүйелі емле негізінде құру керек; қазақтың төл сөзі үшін де, шеттен кірген сөздер үшін де бірыңғай емле жасау керек».
Ғұлама жазушы тарихи құжат қабыл­данарда латын жазуының ұтымды жақтары жөнінде салмақты ойлар айтқан, араб жазуының кемшіліктері, қазақ тілінің жазу емлесіне де кері әсер еткенін, араб әліп­биіне негізделген қазақ жазуындағы сол олқы­лықтар жаңа әліпбиге көшкенде айқын байқалғанын жазған. Бұл жайттарды бүгінде қалың көпшілік біле бермейді. Мұның бәрі тарих. Ол кезде 1928 жылдан бастап еліміздің бас басылымы «Еңбекші қазақ» газетінде «Латыншаға үйренейік» деген айдармен латын әріптерін үйрететін арнайы бөлім болғаны, 1931 жылға қарай аға басылымның беттеріндегі латын әрпімен берілген материалдар аралас жариялана бастағаны белгілі. Сөйтіп, латын жазуына елдің бойын үйретіп, уақыты келген кезде (1932 жылы) жаңа әліпбиге біржолата көшкен. Біздің де сол тәртіппен жұмыс жүргізгеніміз жөн. Бұл бұрынғы өткен тарихтың төл тәжірибесі.
Сонымен, Елбасы қазақ тілі әліпбиін криллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлығында латын әліпбиі жаңа нұсқада бекітіліп, республика үкіметіне қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия құру, қазақ әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңмен көшуін қам­тамасыз ету, Жарлықты іске асыру жөніндегі өзге де ұйымдастырушылық және заң­намалық тұрғыдағы шаралар қабылдау тапсырылды. Бұл Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Президентінің Әкім­шілігіне жүктелді. Қазіргі кезде елімізде осы Жарлықты жүзеге асыру мақсатындағы жұмыстар басталып кетті. Бұған ғалымдар мен ұстаздар қауымының қосар үлесі мол болмақ.

Алдыңғы «

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.