Рухани жаңғыру – ел кемелдігінің кепілі

  • 21.12.2017
  • 587 рет оқылды
  • 0

Жанат Сейдуманов – Қазақстан Республикасы

Ұлттық кітапханасының директоры

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында алға қойған рухани өрлеу, қоғамдық сананы жаңғырту міндеттері мемлекет дамуының ең басты тұғырларының бірі. Елбасымыздың рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім мен ғылымға маңыз беруі – үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерілеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Өйткені, рухани байлықтың кемел болғаны жеке азаматтарымыз үшін де, әрбір жеке тұлғадан құралған қоғам үшін, туған еліміз үшін де өте маңызды үдеріс. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін әрбір қазақстандықтың шығармашылық әлеуетінің іске асырылуына жағдай жасау, азаматтардың білімге, ақпаратқа, мәдени құндылықтарға қолжетімділігін қамтамасыз ету, еліміздің бірыңғай ақпараттық-мә­дени ортасын жасау қажет. Осы бағытта көпдеңгейлі әлеуметтік-мәдени институт ретінде еліміздің рухани дамуына, адами капитал сапасын көтеруге үлкен үлес қосып отырған Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы көптеген жобаларды қолға алып, үлкен іс-шараларды атқаруда. Болашақта ұлттың табысты болуы қоғам мүшелерінің бәсекелік қа­бі­летімен айқындалатыны белгілі. Ұлттық кітапханаға келетін оқырмандардың 70 пайыздан астамы жастар, студенттер. Сондықтан, мемлекет жүктеген міндеттер бойынша біз еліміздің әр түкпірінен келген білім алушыға заманға сай, әлемдік деңгейдегі білім мен ғылымды игеруіне, өздігінен жеті­луіне жан-жақты барынша жағдай жасауға еңбек етудеміз. Жастардың толыққанды сапалы білім алуларына жағдай жасау, олардың дүниежүзінің заманауи, таңдаулы үлгілердің негізінде білім алулары және жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау үшін ақпараттық қолдау көрсетуіміз керек.
Біздің мақсатымыз – жастарға за­манауи білім беріп қана қоймай, жас­тарды патриоттық сезімде тәр­биелеу, өз ұлтының мәдениеті мен тарихын, туған жерінің тарихын, ұлы тұлғаларды білуіне және рухани құндылықтарымызды дәріптеу ар­­қылы, олардың ұлт болашағына се­нім­мен қарап, Ұлы Даламыздың ұла­ғатын бойына сіңірген тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ету.
Бүгінгі күнгі бұқаралық ақпарат құ­­рал­дары мен зиялы қауым өкілдері ара­сында кеңінен талқыланып жатқан мәселелердің бірі – қазақ тілін латын әліп­биіне көшіру үрдісі. Себебі, жазу – ұлт­тың өзіндік болмысын танытатын таңбалар жүйесі. Сондықтан, әлемдегі елдердің басым бөлігі, соның ішінде туыс­тас  түркі  халықтары қолданатын латын әліпбиіне көшу – жаһандану дәуіріндегі рухани жаңғырудың алғашқы да маңызды сатысы болмақ. Тәуелсіз еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты, бұл – көп ғасырлық тарихы бар халқымыздың өміріндегі үлкен рухани сілкініс. ҚР Ұлттық кітапханасында рухани жаңғырумен ұштасып, сол бағытта жүзеге асырылып отырған іс-шаралардың бірі – Латын әліпбиін оқып-үйрену орта­лығының ашылуы. Оның мақсаты – латын әліпбиін елімізде іс жүзінде енгізуге, қоғам мүшелерінің осы жаңа әліп­биді оқып-үйренуіне жәрдемдесу, ақпараттық ресурстарды ұсыну. Орталық Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Шығыстану факультетімен бірлесіп ұйым­­дастырумен ашылды. Орталықта латын әліпбиіне көшуге байланысты кітап көрмелері, жаңа кітаптардың, әдістемелік оқу құралдарының тұсаукесерлері, т.б. түрлі іс-шаралар өткізілетін болады. Бұдан өзге, ұлттық әдебиетіміздің озық үлгілерін әлем жұртшылығына таныстыру, насихаттау және ілгерілету мақсатында Ұлттық кітапхана шет елдерде халықаралық кітап көрмелері аясында Қазақстанның кітап көрмелерін ұйымдастырып, шетел ұлттық кітапханаларында Қазақстанның кітап бұрыштарын ашуды жүйелі түрде іске асырып отыр.
«Қазіргі қазақстандық мәдениет жа­һандық әлемде» жобасы бойынша қа­зақстандық ақын-жазушылардың кітап­тарын шет тілдеріне аудару бағытында үлкен жобаларды атқарып жатыр. Соның ішінде, Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тіліне аудару мақсатында қазіргі қазақ жазушыларының кітаптары іріктеліп алынды. Сонымен қатар, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарды дамытуға бағытталған «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жоғары оқу орындарымен бірлесіп, бірқатар жұмыстар атқарылды. Бүгінгі таңда Ұлттық кітап­хана көпдеңгейлі көпфункционалды әлеуметтік-мәдени орталыққа айналуда. Оқырмандарға дәстүрлі қызмет көр­сетумен қатар, кітапханада әлеуметтік бағдарланған түрлі клубтар – оқырмандар клубы, бухгалтерлер клубы, маркетологтар клубы жұмыс істейді. Халықтың қаржылық мәселелер бойынша ақпарат алуына мүмкіндік беретін «Береке» қаржылық сауаттылық орталығы ашылып жатыр.
Зиялы қауым мен ұйымдармен, жо­ғары оқу орындарының өкілдері мен жас­­тардың қатысуымен түрлі мәдени іс-шаралар, соның ішінде «Қоғамның рухани көкжиегіне жазушылардың ық­палы. Әлемнің тұрақты дамуы» атты Халықаралық әдеби биеналле, «Қазақстан кітапханаларының қоғамдық сананы жаңғыртудағы рөлі» атты дөңгелек үсте­лінің аясында «Ортақ Отан – ортақ тіл» республикалық кітапханалық жобасының тұсаукесері, Отырар мемлекеттік архео­логиялық қорық-мұражайымен бірлесіп ұйымдастырған «Рухани жаң­ғырудың бір кепілі − көне кітаптар» көрмесі, т.б. іс-шаралар өткізілді.
Бұл атқарылып жатқан жұмыстардың бәрі қоғамның рухани жаңғыруына ықпал ететін жұмыстар. Бүгінде кітапхана ұжымы еліміздің болашағы мен өскелең ұрпақ үшін айқын мақсатпен, бір тудың астында бекем бірлігін танытып, ілкімді істердің атқарылуына өз үлестерін қоса береді.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.