АЗИЯ АЛЫПТАРЫНЫҢ АЙҚАСЫ

  • 05.10.2012
  • 9684 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Еркебұлан Әлімханұлы,
Л.Н. Гумилев Еуразия ұлттық университетінің PhD докторанты
Халықаралық және аймақтық зерттеулер орталығының
аға ғылыми қызметкері

Аймақтық күштен әлемдік державаға айналып үлгерген Қытай мен Үндістанның қарым-қатынасы Азияның ғана емес, жаһанның тынысына әсер етер деңгейге жетті. Халқының саны бойынша бірінші және екінші орынды алатын бұл елдердің «жақын болашақта экономикалық қуаты жағынан да әлемнің көшбасшылығына тайталасатын дәрежеге келеді» деп айтылатын болжамдарды құлағымыз жиі шалады. Сарапшылар бұл болжамды айтқанда, әлем халқының 40 пайызына жуығы (БҰҰ-ның 2011 жылғы мәліметіне сүйенсек Қытайда 1.350 миллион, Үндістанда 1.240 миллион халық бар) осы екі елде тұратынын, арзан жұмысшы күшін, биліктің инвестицияға қолайлы экономикалық жағдайы қалыптастырып отырғанын т.с. сияқты дәйектерді алға тартады. Әрине, мүмкіндігі мол, оның үстіне көршілес жатқан екі мемлекеттің арасында жылдар бойына созылып келген мүдде қақтығысы мен саяси-экономикалық бәсекелестік бар. Тіпті, екі елдің ресми тұлғалары да ара-тұра мұны айтып қалады. Мысалы, 2009 жылы мамыр айында жасаған мәлімдемесінде, Үндістан әуе күштерінің командирі Фали Хомидің «өзара кикілжің мен тұрақсыздық жайлаған Пәкістанға қарағанда Қытай көбірек қауіпті» деген сөзі интернетте кең тарап, түрлі пікірталастарға арқау болған еді. Екі елдің арасындағы мүдде қайшылығының жоғары екендігін жоғарыдағы мәлімдемеден-ақ анық аңғарамыз. Ендеше, әлемдік супердержава боларлық мүмкіндігі бар, болашағы зор Азиялық екі алыптың арасындағы бәсекелестіктің саяси ойыннан әріге аспауына барлық ел мүдделі, алайда, қазіргі, қалыптасқан мүдде қақтығыстарының сырына үңілсек әскери кикілжіңге апарып соқтыруы ықтимал өте күрделі 7 мәселенің бар екенін көреміз.
1. Шекара дауы: Ең алдымен, екі елдің ара­сында шешімін таппаған шекара дауы бар. Кезінде Үндістан Британияның қоластында болған тұста белгіленген Мак-Махон сызығы екі елдің арасындағы бейресми шекара рөлін атқарып тұр. Бұл 890 шақырымды анықтаған сызықты, сонау, 1913-1914 жж Қытай, Тибет және Британия тараптары Британдық Үндістанның сыртқы істер министрі Мак-Махонның мұрындық болуымен ұйымдастырған Симла конвенциясында Тибет пен Британдық Үндістанның арасындағы шекара ретінде бекіткен. Алайда, Қытай жағы бұл сызықпен келіспейді, олар даулайтын негізгі екі территория бар; яғни, қытайлықтар Тибеттің күнгей бөлігі санайтын Аруначал-Прадеш штаты (Үндістан жағы даулы территорияға 1972 жылы штат дәрежесін берген) мен Ақсайчин жерлері үшін тартыстар мен пікірталастар жалғасып келеді. Қытай тарапы «уақытында күші басым Британия көп шекараны Тибет жағына ішкерірек сызған» деген уәжді алға тартады, ал, Тибет өкілінің шекараны танып, конвенцияға қол қойғанын «ол кезде Тибет Қытай протекторатындағы ел болғандықтан мұны тануға қақысы жоқ» деп дауласады. Өйткені, аталған құжатқа Қытай тарапының қолы қойылмаған. Себебі, Симла конвенциясы негізінде сызылған шекарамен келіспеген Қытайдан келген өкіл құжатқа қол қоюдан бас тартқан. 1962 жылы, дәл осы даулы жерлер үшін Қытай мен Үндістанның арасында кішігірім әскери қақтығыс та орын алған еді. Осы қақтығыс нәтижесінде Қытай тарапы Мак-Махон сызығынан өтіп кей жерлерді өз қоластына қаратып алды. Үндістан Мак-Махонды алға тартып оккупацияланған территорияларды қайтарып беруін талап етсе, Қытай билігі ол құжатты мойындамайтындықтарын, тіпті әлі де көп жерлерінің Үндістанға кіріп кеткенін айтады. Егер, талас тудырып отырған жер көлемінің Тайуань аралынан үш есе үлкендігін ескерсек, бұл мәселенің оңай шешілмейтінін аңғарамыз. Қазақтар ешқашан бітпейтін даудың қатарына қосқан жер дауына келгенде ортақ мәмілеге келу қиын болып тұрғандықтан, бұл мәселе уақытша «қатырылулы». Сондай-ақ, Гималай тауларында да анықталмаған территориялар бар. Әрине, мәңгілік мұз жамылып жатқан алып Гималай тауларының экономикадан бөлек әскери-стратегиялық маңызы да зор. Себебі, таудың неғұрлым биік шыңдарын өз шекараңа алсаң, соғұрлым көршіңді бақылау да оңайырақ және тауға орналастырылған ядролық қарулардың ұшу қашықтығы қысқарып қана қоймайды, дәлдігі артады, әрі бәсекелесіңнің дәл өкпесінен сығып отырасың. Үндістан жағының Қытайдан Тибет автономиясына көбірек еркіндік беруін талап етіп келуінің де астары осында жатыр. Олар осылайша Тибеттегі Қытай әскерлерінің санын азайтуды көздейді, ал негізгі мақсаты бұл жердің екі алыптың арасындағы буфер аймақ болуына қол жеткізу.
Шекара мәселесі екі елдің арасындағы салқындықтың барлығына әсер етіп отырған кикілжің болып тұр. Сондықтан, басқа да қосымша кикілжіңдер туындауда, бұл өз кезегінде екі елдің арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың кеңеюіне қолбайлау екені анық. Осы себепті, арадағы байланыстырды дамыту үшін Үндістан мен Қытайдың арасындағы шекара дауын ертерек шешу қажеттігін жоғары лауазымды саясаткерлер де айтып қалуда. Мысалы, Үндістан армиясының бұрынғы қолбасшысы, генерал, Аруначал-Прадештың губернаторы Ж.Ж. Синх «үнді-қытай шекара дауын шешу маңызды, сондықтан, беретінін беріп, қажеттілерін ғана алайық.Үндістан жағы біздің территориямыз талқыға салынбауы тиіс деген позициясынан бас тартуы керек» деп айтқанды 2012 жылы өткізілген Үндістан-Қытай қатынастары семинарында. Осыған дейін екі тараптың арнайы өкілдері шекара дауын шешу үшін қаншама рет этаптардан тұратын жиналыстар өткізді. Соңғы келіссөздер нәтижесінде жүргізілген осындай этаптық кездесудің 15-ші жиналысы жақында өткізілді, әзірге бұлар еш нәтиже берер емес. Олардың қорытындысы да көпшілікке жұмбақ болып қалуда. Үндістан тарапының ешқандай жер бере алмаймыз, біздің территориямыз талқыға салынбауы тиіс деген позициясы бұл мәселені тығырыққа тіреуде. Дегенмен, жоғарыдағыдай ірі лауазымды саясаткерлердің көзқарасының өзгеруі болашақта мемлекеттің де ұстанымына әсер етер деген сенім бар, олай болса шекара дауы да шешіліп қалар.
2. Қытайдың Пәкістанды қолдауы: Келесі бір кикілжіңнің де, төркіні тереңде жатыр. Бұл мәселенің шығуына Қытайдың Пәкістанға іштартуы, ядролық қаруға қолжеткізуіне қолұшын беруі, әрдайым, Пәкістан жағын қолдауы себеп болды. Алдымен, Қытайдың 1970 жылдардың ортасында Пәкістанның Үндістанмен арасындағы балансты сақтау үшін ядролық қаруды иеленуіне көмектесе бастады. Тіпті, Исламабадтың Үндістанға қарсы террорлық әрекеттерін де қолдады. Егер Қытай Пәкістанды қолдауын жалғастырса Үндістанмен арада тығыз қарым-қатынас орнайды дегенге сену қиын. Әрине, Қытайдың мұндай саясат ұстануына жоғарыдағы шекара дауы нәтижесінде шыққан 1962 жылғы қақтығыстың әсерінен Үндістанмен арадағы салқындық әсер етуде. Қытай Пәкістанды Үндістанға қарсы одақтас ретінде, әрі алып бәсекелесінің шығыстағы қарсыласына түбегейлі бұрылуына жол бермеу үшін пайдаланып отырғаны анық.
3. Қытайдың көрші мемлекеттердің сая­сатына араласуы: Күшейген, қарқынды дамып жатқан аспан асты елі, Пәкістанмен ғана емес Оңтүстік Азиядағы басқа елдермен де саяси-экономикалық байланыстарын жандандыруда. Қытай тарапының Оңтүстік Азияда ықпалының кеңеюі батыстағы алып көршісінің жоғары деңгейлі саясаткерлерінің сын садағына қадалуда. Тіпті, 2012 жылы Үндістанның премьер-министрі Мамохан Синхтың өзі «Қытай Оңтүстік Азияда өзіне сенімді бекініс құруды қалайды, бұған жауап беруге дайын болуымыз керек. Мұны есте сақтауымыз қажет. Қытайлардың арасында осындай жаңа сенім бар. Әзірге оның қалай жүзеге асатынын болжау қиын. Сондықтан, оған дайын болу маңызды» – деген болатын. Сондай-ақ, ол «Қытайдың Пәкіс­танмен арасындағы даулы Үндістанның «әлсіз жері» болып отырған Кашмирді пайдаланып, Үндістанның өзімен теңдесуге кедергі жасауы мүмкін» екендігін де айтып қалды. Әрине, Үн­дістан өзін қоршаған мемлекеттердің, аймақтағы елдердің билігіне өзінің бәсекелесіне бүйрегі бұратын немесе онымен тығыз қарым-қатынас жасайтын адамдардың келуін қаламайды. Бұл мәселеде оңайлықпен шешіле салмайтыны анық. Өйткені, екі ірі мемлекеттің де аймақтағы елдер үшін өзіндік мүддесі бар, ал бұл мүдделер әрдайым бір арнадан шыға бермейді. Ендеше, көрші мемлекеттер үшін мүдделер қақтығысы болашақта да жалғасады, ал бәсекелестердің экономикасы ілгерілеген сайын бұл тереңдеуі тиіс. Себебі, державалық амбиция оянып әрбір елдің өздеріне жақынырақ болуын қалайды, әрі тұтыну нарығы үшін талас жүреді.
Үндістанның 1991 жылы, негізінен эко­номикалық мақсатта пайда болған «шығысқа көз салу» саясатын, қазіргі таңда елдің сыртқы саясаттағы негізгі векторына айналып отыр. Сарапшылар бұл саясаттың Үндістанның аймақта Қытайдың күшеюіне жол бермеуге тырысуын көрсетеді және Оңтүстік Азия мен Тынық мұхиты аймағының тепе-теңдігі үшін маңызы зор дейді. Яғни, піл – аждаһаның аймақ елдеріне ықпалын күшейтуге кедергі болуға тырысып жатыр және бұған сыртқы державалар да мүдделі. Өйткені, Жапония мен АҚШ әрқашан Қытайға қарсы Үндістанды астыртын дем беріп отырады. Қытай қабылдатпай қойған халықаралық ұйымдарға аталған екеуі күш сала отырып Үндістанның да мүше болуына көмектесіп келеді.
4. Тибеттің экологиясы: Үндістан алаң­дайтын басқа бір мәселе, соңғы жылдары Ти­бет экологиясының нашарлауы болып отыр. Қарқынды даму жолына түскен Қытай барлық өңірлерде ірі жобалардың құрылысын қолға алды (кен өндіру, темір жол, аэропорт, әскери базалар салу). Мұндай ірі жобалар үшін жүргізілген құрылыстар Тибеттің флорасы мен фаунасын, табиғи қалыптасқан ландшафтын өзгертуде. Ауаның ластануы мен қоршаған ортаның бұзылуы көрші Үндістан халқының да денсаулығына әсер етуде. Сондықтан, Үндістан Тибетте жүргізілген ірі жобаларға оң қабақ танытпайды. Ал, Қытай жағы бұл өздерінің ішкі мәселесі деп санайды.
Әлбетте, экологияның сыртында мұнда Үндіс­танның әскери қауіпсіздігіне де алаңдап отырғаны анық. 2006 жылы ашылған Цинхай-Тибет темір жолымен зымырандар, әскер мен түрлі әскери қарулар тасылуы ықтимал дегенді Үндістандық әскери сарапшылар. Үндістандағы қорғаныс саласындағы ең беделді Үндістанның қауіпсіздік тынысы басылымының мәліметтеріне жүгінсек қазірдің өзінде Тибет тауларында 8 x ІCBMs, 70 x MRBMs, 20 x ІRBMs, 15 x Radar Statіons сияқты Қытайдың зымырандары мен радарлары орналасқан. Яғни, жоғарыда айтқанымыздай Тибет тауларының мүмкіндігін әскери мақсатта тиімді пайдаланған Қытай жағы зымырандарын орналастырып, бәсекелесінің бүйрегінен сығуда.
5. Қар сулары: Тек қана ірі құрылыстар ғана емес Қытай үкіметінің Тибет және Үндістанмен шекарадағы басқа да таулардағы қар мұздықтарынан аққан суды өздерінің ауыл шаруашылығына пайдалану саясаты да көршісінің қарсылығына тап болды. Алайда, қарқынды дамып келе жатқан аждаһаның бұл суларға зәрулігі артпаса кемімейтіні ашық мәселе. Ендеше, Үндістан жағы өздерінің экономикасы сусыз қалмауын қамтамасыз ету мақсатында Қытаймен жиі-жиі тартысуы алдағы уақытта артпаса кемімейді. Бұл жерде Гималай тауларының әлемдегі тұщы суы мол өңірлердің қатарында алдыңғы орынды алатынын ескерсек, бұл жердегі территориялық тартыстардың да маңызды екенін аңғарамыз.
6. Халықаралық ұйымдарға мүше бо­лу мәселесі: Жоғарыдағы даулы мәселелер шешілмегендіктен, Қытай Үндістанның түрлі халықаралық немесе аймақтық ұйымдарға мүше болуына кедергі жасап келеді. Үндістанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты мүшелікке өтуін ұйымның тұрақты бес мүшесінің төртеуі қолдағанымен, Қытайдың қарсы болуына байланысты кешеуілдеп келеді. Ол ШЫҰ-на да Қытай қарсы болғаннан кейін мүшелікке өте алмауда. Бұлардан басқа да көптеген ұйымдарға кіруіне, әрдайым, Қытай кедергілік жасап келеді, дегенмен жоғарыда айтқанымыздай бұл саясатта АҚШ пен Жапония Үндістанға әрдайым қолдау көрсетуде.
«Саясатта мәңгілік одақтас жоқ, мәңгілік мүдде ғана бар» деген қағиданы ұстанатын АҚШ кеше ғана КСРО қарсы одақтас ретінде Қытайды пайдаланса, енді, аждаһаның өзі бүгінгі бәсекелесіне айналғанда оған қарсы Үндістанды пайдалануға тырысуда. Әзірге, бұл ойлары жемісін беріп жатыр. Өйткені, әлемдік деңгейде әзірге үлкен рөл ойнамаса да, аймақтық деңгейде өзін держава санайтын Үндістан жағы да бәсекелесі Қытайға қарсы АҚШ-пен жаһандасуды жөн көреді. Осылайша, кезінде Неру бастап берген «қосылмаушылар» идеологиясынан бас тартып отыр. Бұрынғы екі алып бір империяны ыдыратып тынып еді, бұл жолғы екі алыптың жақындасуы аждаһаны қайта «ұйықтата» алады ма, алмайды ма уақыт көрсетер… Әзірге бұл саясаттың арты үлкен жанжалға ұрындырмас па екен деп бас қатыруға тура келіп тұр. Өйткені, Үндістан, Жапония және АҚШ-тың Қытайға қарсы бірігуі «өте қауіпті ойын» деген болатын кей сарапшылар.
7. Қытайдың мұхит суларындағы әскери кемелерін көбейтуі: Соңғы қайшылық, Қытайдың кейінгі жылдары Тынық мұхиты мен Үнді мұхитында белсендірек қимылдап, әскери кемелерін көбірек жібере бастауының нәтижесінде шығып отыр. Үндістан жағы бұл мәселеде алаңдаушылық білдіріп отыр. Алайда, экономикасы нығайғаннан кейін, әскери күші де артқан Қытай өз мүддесін қорғау және державалық амбициясын көрсету мақсатында жаңа әскери кемелерді жіберуін жалғастыруда.
Екі елдің арасындағы салқындықтың лебі, БАҚ құралдарының да жазу объктісіне айналған. Әрине, әр елдің тілшісі өзінің елінің мүддесі тұрғысынан жазатыны анық. Осы бағытта Қытай жағы Үндістан баспасөзін халық арасында «қытай фобиясын» қалыптастыруға тырысуда, БАҚ-тарда Қытайдың кейбір жекелеген стратег блогшыларының жазғандарын «мемлекеттік стратегиялық талдау орталығының» мәліметі ретінде келтіріп, елді іштей 20-30 шағын мемлекеттерге бөлуге ұмтылып отыр деген жалаң дәйектермен халықтың арасында жеккөрінушілік тудыруда деп айыптаған еді. Қытайдың ұлттық қорғаныс министрлігімен байланысы бар делінетін Жан Луи есімді блогшының осы тақілеттес жазбалары бұл дауға себеп болған еді. Жалпы, Үндістан жағының «арзан сенсация» іздеген БАҚ-тары екі елдің қатынастарына сызат түсіруге үлкен үлес қосып жатқанын Оңтүстік Азияны зерттеуші сарапшылар да мойындайды. Осындай мақалалар халыққа да әсер етуде, әлеуметтік зерттеулер үндістердің 25 пайызы ғана Қытайға оң көзқарас танытатынын айтқан, ал 2011 жылы бұл 34 пайызды құраған еді.
Алып екі елдің арасындағы бұл қайшы­лықтардың алдағы уақытта қалай дамитыны туралы нақты бір болжам айту қиын. 2010 жылы Қытай сыртқы істер министрлігі Үндістанның ірі шенді генералына виза бермей қойғанда «Қытайдың Үндістанға кішігірім ұрыс ашу ықтималдылығы қаншалықты?» деген сауал төңірегінде Оңтүстік Азиялық сарапшылар біраз тартысқан еді. Дегенмен, бұл мәселелердің әл-әзір шешіле қоймайтыны да немесе оларды үлкен кикілжіңге апарып, әскери қақтығыс шығаруға да екі елдің де билігінің жүрегі дауламайтыны анық. Қытай үкімет басшысы Уен Жибаоның 2010 жылы Үндістанға сапары кезінде аждаһа мен пілдің бәсекелестігі туралы қойылған сауалға «Қытай мен Үндістан бәсекелес емес, әріптес елдер, әлемде екі елге де жететін кеңістік бар. Сондықтан, мұндай пікірмен мен де, бизнес өкілдері де келіспейді» деген болатын. Әрине дипломатиялық тұрғыдан айтылса да бұл сөздің астарында жаны бар екені көрініп тұр. Өйткені, «ақша үстемдік құрған» қазіргі әлемдік жүйеде бизнес өкілдерінің өз пайдасына теріс келетін соғыстың шығуына жол бермеуге тырысатыны анық. Алайда, қос мемлекеттің қуаты артқан сайын арадағы кикілжіңдердің бұдан әрі шиеленісетіндігі болжануда. Әрине әл әзір барлық дерлік экономикалық, бизнестің даму көрсеткіштері бойынша аспан асты елінің батысындағы көршісінен әлдеқайда ілгері екені байқалады. Мүмкін сондықтан шығар Үндістан жағының Қытайдың қытығына тиер саясатына қарсылық білдіргенімен ешқандай «әрекетке» бара алмай отырғаны…

Алдыңғы «
Келесі »