Бәсеке – бірлікке, бірлік бәсекеге лайықты ма?

  • 20.12.2017
  • 809 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жақан Молдабеков – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, философия ғылым­дарының докторы

Еліміздегі түбегейлі стратегиялық реформа: бірінші, қайшылықтарды шешетін келісімді, өзара ықпалдастықты арттыру жолдарын ортақ мүддеге топтастырды: екінші, жаңа адамды, жаңа ұрпақты, өз отанының иелерін тәрбиелеуді түбегейлі мақсат-мүдде ретінде қарастыруда; үшінші, ұлттық мүддені ізгілікке, гуманизмге, әділеттілікке, теңдікке негізделген арнаны қорғауда. Жетістік көзі – жасампаздықта. Ұлттық мүдде жасампаз күште үйле­сіп, жаңа тәжірибені игеріп, ілгерілеудің ауқымын кеңейт­кен сайын қанағат табуда. Жасампаз қасиет іргелі іс-шараларға, жүйелі көзқарасқа, басалқы бағдарға, нақты тарихи мүмкіндіктерге негізделінуде, содан, адамның күш-қуатына мекем тіреніш болуда. Кімде-кімнің ойы озық, өрісі кең жазық, санасы сергек, шабыты ермек болса, ол жасампаздыққа жақын.
Ұлттық тұтас мүдде «Қазақстанның Үшінші жаң­ғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» бағдар­ламасы сұраныстарынан жаңа деңгейге көте­рілуде, әлемдік қолдау табуда. Тұлғалықтың қар­қынды тартылыс күші, әлеуметтік ықпал­дастықтың ауқымды бастамалары бәсеке мен бірлік арақатынасынан әрқалай нәр алуда, көрініс табады.
Бәсеке, бірлік – адамзаттың тарихи тәжірибесінің саналы бастамалары және тиянақты түрлері; қоғамдық дамудың бағдарлы белестері; қоғамдық прогресс пен әлеуметтік жаңғырудың қос ағымы; болашаққа қолжетімділік нұсқамасы. Қуаттың қос бастауын дамыту – азаматтың, ұлтымыздың бас мүддесі. Іргелі міндеттер индустриялы және азаматтық, демократиялық және информациялық қоғамның қажетінен туындауда. Ау­қымды бастамалар болашағы салиқалы Қа­зақстаннан жаңа инновациялық дамуды, жедел технологиялық жаңғыруды, ұлтаралық ықпалдастықты, ел бірлігін талап етеді. Болашағымыз төрт негізбен егіз.
Іріктеулі ұстанымға қоғамның қоз­ғаушы, жасампаз күштері жеткізеді. Жа­сам­паздық – бітім мен бәсекедегі кем-кетікті жеңуімен, сын-қатердің алдын алуымен, жаңалыққа жеткізуімен құнды. Елді ұйыстырар, халықты табан­дылыққа тұрақтатар бастаулар. Қос әлеу­мет тұтасса, бұл сарын жақсылық пен жаңа­лыққа ұмтылысты тездетеді, жаңа перспективаға лайықты басалқылықты құрайды. Басалқылық – әлеуметтік-интеллектуалды ресурсымыз. Онда, тарихи-мәдени ерекшелік пен серіктестіктің тартылыс күштері тоғысқан; тарихи сананы, әлеуметтік-гуманитарлық түсінік пен теориялық-әдістемелі көзқарасты танымдық жаңа деңгейге көтерудің, сондай ордалардың ықпалын арттырудың мүмкіндіктері белгіленген. Басалқылық рухани-адамгершіл білімнің ұлттық жүйесін қалыптастырудан, оның өмірлік бағдарын айқындаудан білінеді. Жаңғырыс дегенде, бәсеке мен бірлік қоғамдық сананы жаңғыртудың қозғаушы қуаты деген уәжді түйіндеп қайталаудамыз. Неге?
Бәсеке мен бірліктің мазмұны ұлт­тық дәстүрлі ұғыммен шектелмейді, өн­­­­дірістік өркениет пен мәдени мұра­лар сабақтастығымен ұштасады. Сабақ­тас­тық мақсат деп: бірінші, этно­мә­дени және өркениет кодын сақтап, оларды бір-бірімен үйлестіруді; екінші, адамның тұлғалық дәрежесін жетілдіруді, әлеуметтік-гуманитарлық білім беру жүйесін жаңа мазмұнда қалыптастыру идеологиясын қабылдауды; үшінші, көршілермен ынтымақтас қарқынды дамыту сұраныстарын арттыруды айтамыз, сондай іргелі міндеттерді алға тартамыз. Содан, бәсеке мен бірліктің рухани-әлеуметтік айналымын, өмірлік бағдарының мән-мағынасын жаңғырту қажеті қомақтануда.
Жаңа сұраныстар әлеуметтік-мәдени қозғалыс қуатын күшейтуге, стратегиялық серіктестік пен интеграциялық бастамаларды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған көпвекторлы ұмтылыстар екенін, сондай жобаға сұраныс екенін ескерусіз қалдыру мүмкін емес. Ауқымды қадамдар еліміздің экономикалық, саяси, рухани жаңғыруының бастамасы, демеушісі, негізі екендігін, ондағы қарым-қатынастардың кеңістігін әр бағытта кеңейтудің кепілдігі екенін әлемдік тәжірибе растауда. Жаңа заманның, жаңа қарқынның қоятын мызғымас талаптары қажеттіліктен туындауда. Экономикалық санаттағы басты қажеттілік – бәсекеге қабілетті және өзгерістерге жедел бейімделгіш адам капиталын қалыпастыру; қозғаушы күштерді өнімді де өнегелі істерге шоғырландыру, кезектегі өміршең ұсыныстарды соған бағыттау; жаһандық жедел өзгерістер кезеңінде халықты жұмыспен, еңбекпен қамту; әлеуметтік салада – заңдардың үстемділігін орнықтыру, өзекті мәселелерді жүзеге асыруда ерекше сауаттылық, икем­ділік таныту. Бұл жұғысты факторлар бірінші, ішкі, сыртқы дағдарысты еңсеруге, дағдарысқа тосқауылды күшейтуге, екінші, өзіндік жұмысты жақсартуға ұйытқы болатын ұлттық мүддеге ықпалды арттырмақ.
Елбасы ұстанымында тәуелсіз елі­міздің өзіне тән даму жолы белгіленді. Байырғы қоғамдық салттың орнына жаңа форматтар, даму модельдері енгі­зілуде. Бағдарламада саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан же­тілуге басымдық берілді; өз еліне деген іңкәр сүйіспеншілікке, тарихи шындық пен заман талабына лайықты тоқтам-түйіндер ұсынылды. Осы тұрғыдан бәсекені пайдалану орны мен кеңістігі туралы алуан пікірлер, көзқарастар таралуда. Себебі, бірінші, бәсеке ашық өзгермелі түрде, құрылымдық деңгейі алуан ортаға арналуда, тар тұрмыстық мағынада жүзеге асуда; екінші, бәсекенің функционалды қызметі мен модельдерін жетілдірудің эволюциясы туралы теориялық таным терең, тұтас емес; үшінші, бәсекенің заттық аясын, объект табиғатын талдау жүйелері әлеуметтік басалқылық пен құндылықтар тұрғысынан айқын анық­талынбауда; төртінші, өндіріс пен инновация тұрғысынан бағалау, мәселені нақты сұраныс пен жобалы ұстаным тұрғысынан топтастыру жұмыстары кенже қалуда. Бір қарағанға бәсеке күтпеген бетбұрысты, секірмелі қозғалыс қарқынын қуаттаушылық іспетті. Біржақты көзқарас негізсіз емес. Өйткені, бәсекені – бірінші, байлық пен билік, даңқ пен атақ құралы; екінші, бизнестің, тауар мен ақша айналымының құнары деп қабылдаушылық; үшінші, өнімдегі, өнердегі жетістік үшін жарыс, жоғары нәтиже үшін жігерлі тартыс деушілік басым, бірақ, әрқалай қолдау табуда. Алғашқы екі көзқараста бәсекені жеке басты тұтынушының, айырбастаушының пайдакүнемдігіне кепілдік беретін амал-әрекеттер дейтін дағдылы қағида басымдау. Мұнда, жасандылық тереңдеуде, тіпті, келісімпаз, ауыз жаласар әдет дағдыға айналуда. Содан жеке бастың пайдасы үшін қандай болмасын амал-әрекеттен тартынбаушылық, конъюнктуралы мүддеге жететін қитұрқы пиғылдан тайынбаушылық өршімесе, бәсеңдемеуде.
Ақырында, өмірдегі тайталас пайда табу амалымен ғана шектеле ме деген сұрақ жауапсыз қалуда. Бәсеке – пайда табу көзі, бастағы кемтарлықты өтеу тәсілі деушілік тұрмыстық тіршіліктегі ала-құла алыпқаштылықты орнық­тырады. Мұндай қолданбалы ұста­ныммен шектеліп, тұйықталып қалсақ, онда адам өмірі тек пайда табу үшін, бай болу үшін жаралған деген үстем көзқарас, арандық пиғыл лек-легімен ынтаны жауламақ. Кездейсоқ телінген үстемдік психологиялық қызбалық пен әкімшілік қыспақты үрлеуге бейім. Ойымызға дәлел: қазіргі кезде кәсіпкерлерді 61 мемлекеттік орган тексереді, оларға 544 бақылау функциясы берілген, кәсіпкерлерге 28 мыңнан артық талап қойылады. Бұдан нені аңғаруға болады? Бизнес пен кәсіпкерліктің, ондағы бәсекенің аражігі ашылмағандығы, тіпті, іскерліктің қыр-сырын, этномәдени дәсүрдің, этикалық кодекстің аражігін ажыратуға ден қойылмаушылық байқалынады. Содан, бой мен ойды сірестіретін көлденең қысым үдеуде, адамның бақытты сезімін, сезімдік рақатын, моральдік ізгілігін, ұрпақтық намысын, қоғамдық беделін, дүниетанымдық әлеуметтік қызметті көмескілеу дағдыға айналуда. Тоқмейілсігендер бәсекенің әлеуметтік салдарына басын ауыртпайды.
Не керек, бірінші, жеке бастың пайдасын іздеп, сол ұстанымды жоғары тұтып өз ортасынан, елден бөлінгендердің өмірі мәнді, сәнді бола бермейтінін, тіпті, ғұмыры қысқа болатыны жиі байқалуда; екінші, өндіріс, бизнес, мәдениет субъектілері арасында өзара түсінбеушілік, жараспаушылық жиілеуде.
Қоғамдық практикалық тұрғыдан қарастырсақ, қарқынды іс-әрекет өмір сұранысынан, халық мүддесінен, болашақтың бағдарлы талабынан туындайды, сол үш негізбен үндеседі. Осыдан іс-шараның тілі негізінде үш мағынада кеңірек қолданыс табады. Әр халық өзінің өмірлік тәжірибесін: бірінші, қиыншылықтан шығу, кемшілік пен көнеден арылу үшін, екінші, жаңарып жаңа сапалы сатыға көтерілу үшін, үшінші, әлемдік деңгеймен түбінде теңелу үшін қолданып бағады. Сонда, шарт қандай? Бәсекелі күш қитұрқылы қысым көрсетудің құралына айналмауы керек; адамның өзі өңделмей бәсекелік жөнделмейтінін растау шарт.
Өнімді еңбек – адамның өзін әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың байырғы кепілі. Сапалы іс адамның өзін-өзі түзетуден бас­талады, өзін-өзі жетілдіруімен ақталады. Әрекеттің бабын тапқан, қимылда тәсіл баққан, нысанды діттеп шапқан ғой. Ісіне шебер әлеуметтік міндетке телінген, тырмысудан ерінбеген, ентігіп керілмеген. Ол тұрақсыздықтың тамырын табады, әрі шабады.
Бәсекелі көрсеткіштер фактілерден, тәжірибеден, жекенің ынта-ықыла­сынан құралады. Бәсекелестікке құш­тарлық өндіріс пен өнердің әрта­рапы­нан нәр алып, сынақтан өтеді. Бәсеке тіршіліктің басты, өмірдің өнімді сала­ларына – экономикаға, мәдениетке, саясатқа жаңаны енгізу, іс-шараны үз­діксіз жаңғыртатын сарынды оздырады;
жаңашыл өнімділік пен тиімділікті арттыруға бар әлеуетті жұмылдырады;
білімді, кәсіби сауаттылықты қалып­тастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлінеді;
бәсекелес мәдениеттің түрлерін, әсі­ресе, кәсіби сауаттылық пен ұрпақтық сабақ­тастықты бетке ұстайды;
кәсіби машықтануды ұлттық дәс­түр-салтпен ұштастыруда ақаулық жібермеуді басты ұстаным ретінде қабылдайды.
Бәсекеліктің мұндай тұрақты талаптарынан тартымды қарым-қатынасты – ел бірлігін орнықтырудың құралы, ке­пілдігі, негізі құралады. Жаңа дәуірдегі Қазақстанның азаматтары үшін басты мәселелердің бірегейі – бәсекелестікке қабілеттілікті нығайту. Бәсекедегі қабі­леттілік аймақтық, әлемдік нарықта ұлт­тық тәжірибені сапалы да ұтымды әре­кетті жүзеге асыруға, оны табыс кө­зіне айналдыруға діттелінген. Бәсекелі қабілет – жұмыстағы істі іріктеудің, ілгерілетудің басалқы түрі. Іскердің, кәсіпкердің әлеуметтік мәртебесі содан жоғары.
Кәсіпкерлік көзжұмбайлық емес, оған өмірлік қайшылықтың шешімін құ­қықтық нормалар, этикалық дәс­түрлер аясында тиянақтау маңызды. Жүйесі негізсіздікте іс аяқсыз қалады, шешімсіз мәселе шие­леніседі; адам қуатын қол­дамақ дұрыс ниет, игілігі басым әре­кет іштей әлсірейді. Содан еңбектену мотиві мен айналымға қатысты мүдде өзара қайшылыққа ұшырайды. Бәсекені қолдаудағы алауыздық тек ізгіліктің маңызын ұқтыртқызбайды, кәсіптің болашағын әрқалай бұрмалатқызады.
Басты себеп – бәсекені тар мағынада бизнеспен теңестіруде, пайдакүнем күш­тілердің ықпалынан шыға алмауда. Кесір­дің тағы бір жағы – ата кәсібіндегі бәсе­келіктің үлгісін, іскер тәжірибесін еске алмаушылықта.
Жаңа дәуірдің жаңа адамын, оның қабілет-қасиеттерін қалыптастырудың бірден-бір өтімді тәсілі, айлалы әрекеті – кәсіби, мәдени, әлеуметке бағдарлы бәсекелестік деген ауқымды түсінік ендігі үдеуде. Өйткені, кешенді құштарлық пен қарқын адам өмірін жаңа сатыға, жаңа сапаға көтеруге септігін тигізеді, жаңалық пен табыс көзіне деген талпыныс тартымды әлеуметтік ортада жалғасады; адамның өзіндік жетілу, өнім, өнер үшін қажетті әрекетті күрестің тайынбас түріне айналдырады. Күштілер, қабілеттілер, қуаттылар, қысқасы, өз қызметі мен кәсібіне сенетіндер үлкен мақсатты, жеке мүддені жүзеге асырудан аянбайды, мүдделі міндет үшін табан тіреседі, белдеседі, күреседі.
Бәсекелестіктің өмірдегі, өнердегі, өндірістегі жағымды жақтары мен жа­ңа­лықтары жетерлік. Олар ең­бекпен келетін елеулі істер, жұ­ғысты жетістіктер. Экономикадағы бәсе­келестік – алдымен өнімге, заттық-ақ­ша­лай айналымға тәуелді, әлеуметтік өмір­­дегі бәсекелестік-серіктестікті аяққа тұрғызуға, оны қоғамның қозғаушы күшіне айналдыруға қатысты, ал, ру­хани-мәдени өмірде – адамның өзімен-өзінің айтыс-тартыста болуы лайықты. Мұн­да бәсекелестік тұлғалық келбет пен қабілет-қасиетті жетілдіруді алға тартады. Бәсекелестіктің кез-келген түрлері бірлік бітімге қызмет етсе, олардың адами, әлеуметтік құндылығы үнемі арта берері хақ. Содан «Бірлігіміз – әр алуандылықта» деген құштарлық іштей құпталуда.
Үштік айналым ұлттық табыстың әлеу­меттік ауқымы мен нәтижесін жаңа деңгейде, айналымда қарқындатты. Қарқын өндіріс пен өнердің, яғни, өмірдің қозғаушы күштерінің мәдени, кәсіби, этикалық дайындықтарына байланысты болды. Ендігі әлеуметтегі түйіндес қағиданы бірге жетілдіру, басшылыққа алу шарт болуда. Онсыз мәдени мекен-жайда интеллектуалды ұлт қалыптаспайды, күш алмайды. Елімізде бизнестің экономикаға қосар үлесі зор. Бірақ, бәсекелестіктің субьектісі әзірге жеке тұлғалар, шағын топтар ғана болуда. Өндірістегі салааралық бәсекелестік өз арнасын тапқан жоқ, оның жобасы жүзеге аспауда. Оның үстіне, бизнесмендер ұзақ мерзімді дамуды азырақ ойластырады, қиыншылықтан шығудың тиімді жолдарын жинақтауға асықпайды, еңбек өнімділігін арттырудың, сол үшін бәсекелестікке араласудың нақты жағдайларын жасауға дайын да бейім емес. Десек те, өмірде біртектілік пен алуандылық әлеуметтік ықпалдастықты арттыруымен құнды. Жаңа бастамада тұлғалықты көрсету, қолдау – әлеуметтік ықпалдастықтың ұмытылмас қағидасы, тұтқасы. Адам өмірінің өнегесі елге сіңірген еңбегімен өлшенеді. Адами жаңа қадір-қасиетсіз ел жаңармайды, жасармайды. Өз отанында жаңармаған ортада кез-келген іскер шенеунік, кәсіби қызметкер қазақ бола алмайды, яғни, ұлттық кодты жетілдіруге тер төгуге құштар емес.
Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең бас­ты шарты – ізгі қасиеттерді, ұлттық рухты, ұлттық болмысты қайта тү­лету, кәсіпкерліктің әлеуметтік-мәдени сабақтастығын қалыптастыру, іріктеу. Қазақты жаңаша тұтас түлететін қасиет отаншыл символымен құнды. Жаңа өмірді орнықтырудың бәсекелестік тәжірибесі мен мәдениеті туралы әзірге ұлттық жоба мен интеллектуалды жүйенің, ғылыми әдістемелі негіз бен қазақстандық дәстүрдің жетіспеуі – ойландыратын жай. Кем­тарлық, әлбетте, ойымызды тұсаулауда, келтелікке ұрындыруда.
Бірлікте – тірлік, ірілік, дейді хал­қымыз. Елдің тұрақты байлығын бітімділіктен, әлеуметтік бірліктен іздеу –заман талабы. Мұндай әлеуметтік бітімгерлік – бір­лестіктен, жарастықтан, бауырласудан, отаншылдықтан бастау алады; елдің дамуынан, елдіктің нығаю тұрғысынан, әлеу­меттік қолдау барысында іріктелінеді. Бірлік жақындасу аясында түзеледі, табанды үйлестікте тиянақталынады. Ал, үйлес табандылық пен ұрпақ рухы батылдықта оянады. Әлеуметтік сезімталдық пен ық­палдастықта ел беделі еселенеді, өр­кениет үйлестігі ұлықталынады. Оны тарих көр­сетті, соған үйретуде.
Іріктелу мен іріктеу рухани талғам­паздықтан басталады, рухани қуат­тылардан қолдау табады. Рухани талғампаздық ұлттық санасы оянған, келісімі жарасқан елде қоныс табуда, қалаулы тәлім-тағ­лымның негізін құрауда. Адам өміріне деген сүйіспеншіліктен туындаған уәжді ой орамдарының қайтарымы айғақ. Рухани қуаттылар әлеуметтік жарастық пен жүйеге талпынады, жан-тәнімен сол ықыласты сақтайды, жаңғыртады. Сонда ғана іріктелінген қағидалар мен құндылықтар жаңа өмірге ықшамдатылады.
Жаңа өмірге ықшамдалу – жаңа дең­гейге лайықты жақсылықты жалғас­тыру, жамандықтан сақтану, бітім құнды­лықтарын ұлықтау, тәртіп пен әдеп үшін бірлікті бәсекенің бастауына, бәсекені бір­лік­тің тәсіліне айналдыру. Осы тұрғыдан қарастырсақ, рухани жүйе мен әлеуметтік қолдауға сұраныстың күш алуы кездейсоқ емес. Оған себеп: бірінші, көптің санасы өзімшілдердің қатыгездігі мен алдауынан, сандырақ кеңестерінен арыла қойған жоқ. Оңай табысқа кенелмек, жеңіл жүрісті етті ермек; екінші, адами құндылықты касиеттейтін рух, серпіліс керек. Ес жинайтын енді кез келді.
Жүйелі қарым-қатынастардың қуаты бірінші, адамзаттың рухани-мәдени және тарихи дамуына, екінші, жаңа алты технологиялық укладты үйлестіруде айқын білінбек. Ол үшін рухани орталықтардың қызметін жандандыру, жүйелеу, өзара ықпалын реттеу және рухани жаңғыруды еуроазиялық интеграциялық идея­мен дамыту қажет. Өркениетке тартымды жолды озық технология, жаңа білім, ғылым, инновациялық талпыныс арқылы қол жеткізе алатынымызға күмәнданушылар тіптен сирек. Өзінің әлеуметтік тұрақтылығы, этникалық-мәдени тұтастығы сақталынған ел, ұлт үнемі үйлесім жолын іздестірген, ұсынған. Үй­лесім үштік негізге – рухани құндылық пен зияткерлік мүмкіндікке, саясат пен ақпараттық-технологиялық реформаторлық жаңалықтарға, экономикалық ынтымақ­тастық пен құқықтық сана-сезімге негізделген.
Тәуелсіздік үшін күресте бірлік пен бейбітшілікке қажетті жаңа ұсыныстар, шешімдер туындады. Адамның қалай өмір сүргені алдымен ұрпағымен, біртіндеп соңына қалдырған рухани мұрасымен бағаланады. Адам ұрпаққа, өз еліне қызмет еткендер рухани мұрасымен, елдік рухымен, ұлттық мүддесімен өз болмысын көрсете, дәйектей алуымен өзіне де, ұрпаққа да құнды. Мамандар бірлесе қолға алар ізденісте өзара демеушіліктің артатыны айқындалуда. Қазақстанға қажетті ресурстар – тұлғалар мен халықтық сана-сезімдегі патриоттық актілерде, тынымсыз жұмысы мен өнімді еңбегінде, азаматтардың әл-ауқатын арттырудың басты міндеттерін шешуде. Қажетті ресурс – бірінші, халықтық ізденіс пен ойласудың жемісінде, екінші, оппозициядағы топтарды өркениет тәжірибесіне орай сынға алып, сабасына түсіруде; үшінші, тұтас елдің ар-намысы мен мәдениетін ешкімге таптатқызбауда; төртінші, дамыған мемлекеттер санатына еніп, әлемдік қауымдастықтың қолдауына ие болғанда елдік мүддеге тоғысуда.
Елімізді жаңаша жаңғырту үшін бірінші, өзіміздің төл мәдениетімізді және ұлттық кодымызды сақтап қалу, екінші, адами капиталдың сапасын жетілдіру, үшінші, елдегі ішкі байланыстарды нығайту және сыртқы байланыстарды кеңейту қажеті еселеуде. Өзімізге, өмірімізге алдымен қажетті мәселелердің мән-мағынасын дұрыс түсіну, түсіндіру үшін туған жер, туған ел тарихына деген патриоттық ынта-ықылас, нақты да жүйелі көзқарастарды өрбітуге іңкәрміз. Мұндай жаңа заман мәдениеті – бұл сән-салтанат емес, мәдениеттің ұстамдылық, ұтымдылық, қанағаттылық түріне айналуда. Елдіктің манифесі рухани тәрбие мен адам капиталын бір-бірімен ұластыруға, рухани мәдениетті тұлғаландыруға, оған әлеуметтік серпіліс ендіруге, рухани байлықты патрио­тизмге негіздеуге бағытталған. Қоғамдық келісімнің тиімділігі – басты қосатын бір­лікте, істі өнімді ететін бәсекелестікте, бірлік пен бәсекені үйлестіретін жүйелі де нысаналы әрекетте. Тәуелсіздікті нығайту – бірлік пен бәсекелестік қажырында десек, бұл тоқтам артық айтқандық емес.
Түйін қандай? Ізгі әрекет жақсы ниетке, ал, мақсат – пайымдалған қалауға негізделуі керек. Интеллектуалды тоқтам-түйінсіз адам шынымен жұғысты, жітік бола алмайды. Өзінің әлеуметтік тұрақтылығы, этникалық-мәдени тұтастығы сақталынған ел, ұлт үнемі үйлесім жолын іздестірген, ұсынған. Адам ұрпаққа, өз еліне қызмет еткендер рухани мұрасымен, елдік рухымен, ұлттық мүддесімен өз болмысын көрсете, дәйектей алуымен өзіне де, ұрпаққа да құнды. Мамандар бірлесе қолға алар ізденісте өзара демеушіліктің артатыны айқындалуда. Үйлесім үштік негізге – рухани құндылық пен зияткерлік мүмкіндікке, саясат пен ақпараттық-технологиялық реформаторлық жаңалықтарға, эконо­микалық ынтымақтастық пен құқықтық сана-сезімге негізделген.
Іріктеулі ілгерілікте бәсекелікті пайымдау, қалау, ондағы іс-әрекет дұрыс бол­мақ; үміткердің мәртебесі көтерілмек, артпақ. Үйлестікте – іс-әрекеттің түбегейлі не­гіздері бұрмаланбайды, бірқалыпты өмір сүру жоспары орнығады; білімге лайықты ұстамдылық тұрақтайды; адамның керағар ниеттеріне қарсы ұстамдылық күш алады. Мұндай жоғары нысан әрекеттің тиімді нәтижесіне жеткізетін ұстамдылықта анық­талады. Бірлік те, бәсеке де іс-әре­кеттің жаңа бастауы, қайтпас жоғары қар­қыны болғандықтан, қос бастаудағы қажетті жағдайлар ізгі тілек-ниетпен жасалуы тиіс. Осындай қажетті жағдай мен ізгі ниеттің біреуі ескерілмесе, жетіспесе, онда бірлік пен бәсеке идеясы жарамсыз, жаман әрекетке ұйытқы болып, басты мүддені аяқтатқызбауы әбден ықтимал. Бәсекенің дырдуында: а) адамгершілік кілті мен тегеурініне қызығушылық жетіспейді; б) қоғамдық әлеуеті басым нысандар назардан тыс қалады. Бәсеке туралы алып қаштылықтың елдік зияны осында.
Күнделікті өмірде бірлік пен бәсекенің бір-біріне ықпалдастығы кеңірек, терең қамтылмауы, баяу қолға алынуы о бас­тан еңбекқорды алаңдатуда, олардың ықыласына қозғау салуда. Бірлік пен бәсеке қосағы – іс-әрекеттің жаңа бастауы, қайтпас жоғары қарқыны, тектіліктің қайнар көзі. Бәсекеге, бірлікке қажетті жағдай мен ізгі ниеттің біреуі ескерілмесе немесе жетіспесе, онда бірлік пен бәсеке идеясы жарамсыз, жаман әдепке ұйытқы болып, кәсіпқойдың өз міндетін орындай алмауы әбден ықтимал. Бейбітшілік бітімгерлік саясатынан бастау алады, жал­ғасын табуда. Бітімгерлік пен бірлік – бірлестіктен, жарастықтан, бауырласудан, отаншылдықтан бастау алады; елдің дамуынан, елдіктің нығаю тұрғысынан, әлеуметтік қолдау барысында іріктелінеді.
Елбасымыз: «Бейбітшілік еш­қан­дай байлықпен өлшенбейді. Сон­дықтан, бітімгерлік миссиясы – біздің сыртқы саясатымыздың басты бағыты. Қазақстан қашан да бейбіт келіс­сөздерді жүргізуге жағдай жасайтын мемлекет болып қала береді» деген стра­­тегиялық басым бағдарды алға тартты. Бітімгер саясаттың, бітімгер басшының ұстанымында: а) тиімді кепілдіктер, ір­гелі іс-шарадағы жауапкершілік деңгейі айқындалынды; ә) бітімнің түрлі сатылары үйлестірілген, ырық батыл түзетілген. Ұр­пақ рухын тиянақтайтын тиімділікте адам капиталы мен рухани құндылығының өнім­шіл қуатының, азаматтардың тәуел­сіздікке, ынтымаққа, болашаққа деген тал­пыныстарының рөлі артпақ. Бір­лік пен бәсеке – халықтық өмірді үй­лестіретін ны­саналы әрекеттері мен қажыр-қайрат тоғысы, жоралы жұрт­тың тағлымын түгендейтін жүйе еке­нін ұғатын жауапты кезеңді бас­тан кешудеміз. Елдікті арттыратын жа­сампаздық жар болсын.

Алдыңғы «
Келесі »