«ҚЫРАН БҮРКІТ НЕ АЛМАЙДЫ, САЛСА БАПТАП…»

  • 21.12.2017
  • 427 рет оқылды
  • 0

Сабырбек ОЛЖАБАЙ – Ғабит Мүсірепов атындағы сый­лықтың лауреаты, Ресейдің Халықаралық психология академиясының Құрметті мүшесі

Ұланы мен қыранын баптау жағына келгенде, жер-жаһанда қазақтан асатын халықты табу қиын. «Ұлым қыран болсын, қыраным ұран болсын» деген бабаларымыз сан ғасырлар бойы осы ұстанымды берік ұстанып, ардақ тұтып келіпті. Түптеп келгенде, саятшылық бабаларымыздың сүйексіңді салт-дәстүрі. Ұлы Абай «Құсты жисаң – бүркіт жи, Құс тоныңды түлкі етер. Бұлғын, сусар киініп, Азбас, тозбас мүлкі етер» дегенде, қыранның қасиетін жақсы білді. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Бүркітші» әңгімесінде Қызылбалақ атты қыранның түлкіге түскенде, белін сындырып жібергенін келісті суреттейді.
«Аңшылықтың үміт қуанышы көп. Ыстық оттай қызулы минуты көп, мағыналы өмір. Аңшылықта кісіні ақын күйіне жеткізетін сезім күйі көп. Бұл салқындап – өмірі емес, сүйген ғашығыңды сағынып келіп, күлі-ойнап өткізген күндіз-түніндей ыстық сезім өмірі. Өйткені, бір минуттың ішінде қуанатын да, жүдететін де күйлер кешеді. Соның бәрін айтып жүргендіктен аңшының тілі шешен, қиялы жүйрік. Бүркіттің ұшқанына, түлкінің құтылмақ болған айласына, құсшының ебіне арналған талай шешен сөздер бар. Аңшылық өмірінен ілгері-соңғыдан қалған талай қызықты, жанды, сұлу әңгімелері бар» дейді қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов. Жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Қыран жыры» әңгімесінде Сарбалақ атты бүркіттің жауға соғылар найзағайдай сорғалап бара жатқанын оқығанда жүрегің зуылдайды. Ал, Сәбит Мұқанов «Бүркітшілік қазақтың ұлттық спортының ең биік шыңы» депті.
Біз қазақ әдебиетінің үш алыбының сөздерін тектен-текке айтып отырғанымыз жоқ. Кеңес өкіметі кезіндегі кем таланттардың кесірінен де, кертартпалығынан да ұлттық құнды­лығымыздың қадірлісі де құндысы саяткерлік өнердің аяғына тұсау, мойнына бұғау салынды. Аң­шылықтың екте болмысты кезеңінде бастан кешетін алапат сезімдерді басынан өткере алмаған қазақ баласы келте ойлы, шолақ сөзді күлдібадам күйге түсті. Шешен сөйлей алмайтын был­дырақ тілді ұрпақ уақыт өте келе дүбәраның күйін кешті. Тоталитарлық жүйенің «толағай табыстары» тасасында осындай құйтырқылықтар да жатыр еді. Қазақтың қанына сіңген, өмірі мен тұрмысынан берік орын алған атбегілік, құсбегілік, саяткерлік өнер бірте-бірте өшуге айналды. Соның ішінде, әсіресе, құс салу өнері кенжелеп қалды. Натуралист-құсбегілер болмаса, бұл дәстүрді қол­дайтын, қуаттайтындар сирексіп қалды. Көнекөздер мен кәріқұлақтар қыран құсты салғанда кітапқа үңілетін болды. Бүгінде саятшылықты насихаттайтын көркем шығармалар да кемшін. Ол да тоқырау табалдырығын аттай алмай аяғына жемсау түскен күйі шоқырақтап келеді.
Осы бір олқылықтың орны облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығы мен Төлеби аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бірлесіп өткізген «Қансонарда бүркітші шығады аңға» атты этнографиялық-танымдық семинар-кеңесінде толғандай болды. Әйтсе де, бұл тәй-тәй басқан баланың алғашқы адымындай ғана. Өйткені, орталық мамандарынан сұрап білгеніміздей, облысымызда он екі ғана құсбегі тіркелген. Ал, тазы ұстайтындар, тіптен, аз. Шардара, Сарыағаш аудандары мен Арыс қаласында бірлі-жарым құсбегі бар екен. Ал, жер көлемі жағынан да, табиғаты жағынан да саяткершілікке қолайлы Созақ, Бәйдібек, Отырар аудандарында құсбегілердің жоқтығы бекзат өнерге деген бейғамдығымызды байқатады. Шымкенттегі ұлттық спорт мектебі құсбегілерге қамқорлық жасап отырғанымен, ата дәстүрге келушілер неге аз? Мұны мамандар түрлі жолмен түсіндіреді. Қазір қыр-далада аң аз деген сөз үнемі алдымыздан шығады. «Саяткерліктен пайда жоқ» деушілер де табылады. Тек пайда жағын ғана күйттесек, талай төл өнеріміздің түбіне су құяды екенбіз де. Мысалы, ат спортынан қыруар пайда түсетінін көпшілік жақсы біледі. Ал, балаларды ептілікке, өжеттілікке, қырағылыққа баулитын теңге ілу, қыз қуу, аударыспақ, ләңгі тебу, асық ату сияқты ұлттық ойындарымыз бірте-бірте мүлде ұмытылмақ па? Құсбегілік сынды қастерлі өнерді құрдымға жіберсек, қазақтығымыз қайда қалады?
«Түңілгендіктен емес, түбінде бір зардабын тартармыз-ау» деген күдік-күмәнмен айтып отырмыз. Біздегі қазақы намысты ояту, ой салу. Рас, соңғы жылдары республикамыздың түкпір-түкпірінде бекзат өнерге бетбұрыс бар. Мәселен, Алматы облысында «Қансонар», Қарағанды облысында «Салбурын» секілді саятшылық өнерді насихаттайтын сайыстар жыл сайын өткізіліп келеді. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Сөгеті өңірінің көнекөз бүркітшілері кеңес дәуірі кезінде-ақ «Жалайыр Шара» атындағы қоғамдық бірлестік ұйымдастырып, ұлттық дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келеді. Осындай үрдіс Жамбыл облысында да қолға алынғаны қуантады. Сонда біздікі қай кергу? Қандай бойкүйездік?
Қалай болғанда да мемлекеттің негізін құраушы ұлт ретінде әрбір қазақ баласы ұлттық құндылықтарды қорғай білуі тиіс. Отансүйгіштік, патриотизм дегеніміздің өзі ұлттық құндылықтарды қадірлеуден басталатынын ұрпақ санасына сіңіре білуіміз керек. Ұлтымыздың ұлылығын барлық қырынан бір көрсетсе дәстүрі мен салты көрсетеді. Бұл үшін тағылымды тарих таразысына жүгініп отыру да артықтық етпейді.
Мінекейіңіз. 1269 жылы Италиядан шыққан венециялық атақты саяхатшы Марко Поло Қарақорымдағы Құбылай хан ордасында ат шалдырмай ма? Кейіннен еліне оралған саяхатшы жол-жөнекей көргендерін «Әлемдегі қилы оқиғалар» атты кітабына ендірген. Далалықтардың әр үйінде бір-бірден бүркіт бар. Олар онымен аң аулайды, саятшылық жасайды, бой сергітеді» деп қазақтардың өнеріне таңданыс білдіреді. Санап отырсақ, арада сегіз ғасыр сырғып өтіпті. Марко Поло Қарақорымға қазақ даласымен барғанын ескерсек, «далалықтар» деп отырғаны – біз. Демек, осыдан сегіз ғасыр бұрын да бабаларымыз қолдарына құс қондырған болып шығады. Осыдан кейін Ұлытауды мекендеген Жошы ханның үш мыңға жуық қыран ұстағаны еске түседі. Абылай хан бес жүз бүркіт пен үш жүзге жуық сұңқар мен қаршыға баптаған деседі. Көне дәуір күмбіріне құлақ салсақ, Карл V бірнеше сұңқар үшін Мальта аралын тегін беріп жібергенін білеміз. Ендеше, қыран бүркіт, сұңқар, лашын, қаршыға, бүркіт барша адамзат өмірінде елеулі орын алатыны айқындалмай ма? Мұны мына бір мысал арқылы да тереңдете түсуге болады. Америкалық режиссер Отто Белл израильдік фотограф Ашер Евиденски түсірген Айшолпанның суретін көрген кезде, қатты таң қалыпты. Содан, Моңғолияның батысындағы Алтай тауларында түсірілген «Бүркітші қыз» деректі фильмі екі миллион долларға баға­ланып, Нью-Йорк пен Лос-Анджелес кинотеатрларында көрсетіле бастаған. Ал, Американы таңқалдырған, ғасырлар дәстүрін бойына сіңірген ару Айшолпан Баян-Өлгий қаласындағы моңғол-түрік колледжінде оныншы сыныпта оқиды. Бұл арқылы не айтпақпыз? Моңғолияда тұратын қаршадай қыз құсбегілікті меңгергенде, қазақтың қайсар жігіттері неге ата кәсіпке оралмасқа?
Берен мылтық. Құмай тазы. Жүйрік ат. Сұлу жар. Қазақ әлімсақтан бұларды жеті қазынаның санатына қосқан. Сондықтан, оларға ерекше көңіл бөліп, өмірлік қажет­тіліктері қатарында қастерлеген. Жаһандану жұмырына жұтылып кетпес үшін де бабадан қалған тәберік өнерге қайта оралады деген ойдамыз. Ақан сері, Біржан сал, Мәди мен Иманжүсіптің, Жалайыр Шораның саятшылық салтын әрі қарай жалғап, ата дәстүрді ғұмырлы етеді деп сенейік.
Еліміздің ертеңі – жас ұрпаққа көк туымызда қанат қаққан қасиетті қыранның қайтпас рухын, қырағылығын, биіктігін бойларына дарытамыз десек, қазақтың саяткерлік құсбегілік сияқты ұлттық құндылығын жан-жақты насихаттауымыз керек. Міне, сонда бекзат өнердің бағы жанады. Ұлттық құндылығымыз арқылы басқаларды мойындатамыз. Шындығына келгенде мойындау дегеніміз Жеңістің өзі. ЮНЕСКО-да бүр­кітшілік спорттың бір түрінде арнайы тіркелді. Ендеше, қазақтың құсбегілік өнері қанатын кең жаяры сөзсіз.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.