АЛАШОРДА ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ӘСКЕР ҚҰРУ МӘСЕЛЕСІ

  • 21.12.2017
  • 669 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сабырхан СМАҒҰЛОВ – тарихшы, әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы

Алашорданың ұлттық-мемлекеттік құрылыс саласын­дағы қызметінің алғашқы қадамдарында «халықтық милиция» түріндегі Алаш автономиясының қарулы күштерін құру мәселесіне үлкен мән берілді.
Негізі, қазақтан әскер алуға деген екі көзқарас болған: біріншісі – тарихта белгілі ұлт-азаттық көтерілістерге алып кел­­ген көзқарас. Ал, екіншісі – қазақ ұлттық-демократиялық зия­лыларымыздың көзқарасы: олар қазақтан әскер берейік, бірақ, олардың жағдайын қадағалап отырайық деген пі­кірді ұстанды. Бұл жағдайды іштен бақылау мақсатын қойған, әрі казак «сословиясынан» әскер алғанда, оларға көптеген жеңілдіктер берілген: қазынадан ақша, мүлік, жер, үй бөлінген, соны біздің қазақтардың да пайдаланғанын қалаған. Патшалық Ресей қазақтардың жауынгер халық екенін жақсы білген, сондықтан, олар өзімізге қарсы шығады деген қауіппен қазақтарды сол заманның қару-жарағымен, жаңа әдістерімен қаруланған әскер қатарына тартпаған, Алаш зиялылары осы жағынан артта қалғанымызды алға тартып, әскерге қазақтарды беруді жақтаған. Бұл кешегі мен бүгінгіні ғана емес, сол екеуін сабақтастырып, ертеңгінің қамын жасау, халықты заманына сәйкес ояту еді.
Қазақ өміріне жаңалық, жақсылық әкелу жолын жан-жақты ойлаған Алаш зиялылары бастапқыда Ресей әске­рінің құрамына кіріп қана олардың жетістіктерін, озат тұстарын танып, оны өз еліміздің игілігіне пайдалана алу мүмкін болатынын болжаған.
Алаш әскерін құру идеясы 1917 жылғы І-ші жалпы қазақ съезінде көтерілген, бірақ, ондағы «…анархия болу қаупі бар, сол себепті осы күнгі әскер орнына халық милициясы құрылсын» деген сөздер сол күйінде қалды. «Бірінші жалпықазақ съезі қаулысын және партия бағдарламасын дайындау кезінде ұлт зиялылары мемлекеттік дербестік мәселесіне әлі де болса үлкен сақтықпен қарағандығын байқаймыз. Оны біз желтоқсан жалпықазақ съезін­де және одан кейінгі уақытта қойыл­ған ұлттық әскер жасақтау… сияқты ұсыныстың орнына… әскер­лік қыз­меттің қазақ шындығына бейім­делген түр­лерін қабылдау сияқты ұсы­ныспен шектелуінен аңғарамыз» [1].
Алаш партиясы бағдарламасы жоба­сының алтыншы тармағы ел қорғау мәсе­лесіне арналған. Әскер жасына жет­кен­дерді жергілікті жерлерде әскер ісіне үйрету және қызмет еткізу ұсы­нылды. Егемен ел болу үшін әскер жасақтау қа­жет­тігін, әскерлік жасына жеткен жастар жерінде үйретіліп, жерінде қызмет ету, әскер табына бөлгенде туысқан табына қарай бөлу, әскерлік міндетін қазақ атты милиция түрінде атқару айтылады [2].
Міржақып Дулатов өзінің «Қазақ» газетінде жарияланған «Қайтсек жұрт боламыз» деген мақаласында қазақ халқы үшін әскердің не үшін керек­тігін, оның автономияны алу және ел қорғаудағы маңызын, әскеріміз болса ғана тәуелсіз жұрт бола алатынымызды жан-жақты қарастырады. Бұл мәселе бойынша оның ой-толғаулары былайша өрбиді:
«Қазір дегеніне жеткен кім? Кімнің мерейі үстем болады? Кім біреудің қан­жығасында кетпейді?
– Кімнің білегі жуан болса, сол жұрт болады. Кім күшті болса, сол дегеніне жетеді. Күш не?
– Күш әскер.
– Бұл заманда әскер жоқ жұрт – жұрт емес, құл. Біз қазір екі жолдың тарауында тұрмыз. Қайсысына түсе­тін болсақ та, ерік өзімізде. Бір жол – құлдық жолы. Әскер деген сөзден бұрынғыдай ат-тонымызды ала қа­шатын болсақ, осындай жігімізді ашып, жер-суымызды қорғап, билігі­мізді өзіміз алып қалмасақ, күні ертең бізді алдына салып айдап жүруге ие табылады. Сонда, біреуге әскер бермей кете аламыз ба, шығын төлеуден құтыламыз ба? Ошақтың үш бұтынан тілеп отырған күніміз де болған, сонда бізді алдына салып айдап кетпеп пе еді. Сонда, қолымыздан ешнәрсе келмей, құлдық ұрғанымыз болған. Құлдық жолы дегеніміз осы.
Екінші жол – жұрттық жолы. Осы бас­тан автономия алудың қамына кіріссек, милициямызды жасап алып, қарамызды көрсетсек, Алаш Орданы үкіметіміз деп тіресіп қорғасақ, бізді ешкім басынбайды. Үкіметі бар, әскері бар жұрт деп бізбен әркім есептеседі.
Автономия болуымызға, милиция құруымызға, қазына жинауымызға халықты қарсы құтыртушылар да табылатын шығар. Бірақ халық ойлану керек. Бүгінгісін емес, келер күнін ойлау керек.
Милиция неге керек? – Атасы басқа елдермен көрші болып отырмыз. Солардың бұзақылары бізге тимеу үшін керек.
– Ішкі губерниялардан күні ертең аш-жалаңаш босқындар келеді, солардың аяғының астында қалмау үшін керек.
– Ана жылғыдай оп-оңай алдына салып айдап кетушілер болмау үшін керек.
– Қазақ-қырғыз жерін оңай олжа қылғысы келгендерге шаңыраққа қара деу үшін керек.
– Автономиялы жұрт екенімізді жат елдерге көрсету үшін керек.
Сөз байлауы сол, әскеріміз болмаса, қазынамыз болмаса, біз автономия ала алмаймыз. Автономия ала алмасақ, жұрт болмаймыз. Қайтсек жұрт боламыз дегенді ойласақ, жауап біреу-ақ, әскеріміз болса ғана жұрт боламыз» [3].
1917 жылы 5-13 желтоқсан күндері Орынбор қаласында өткен екінші жалпы­қазақ съезі қазақ милициясын құру жос­парын жасап, бекітті. Съезд шешімінде ми­лицияның әр облыстағы саны, оларды оқыту және қажетті заттармен (киім-кешек, мініс аты, қару-жарағы, т.с.с.) қамтамасыз ету тәртібі анықталды. Милицияны құру мақсатын съезд былай деп анықтады: «…осы күнде мемлекет ішінде бассыздық, талан-тараж, қырылыс-талас болып жат­қанын ескеріп, қырғыз-қазақты мұндай бүліншіліктен қорғау үшін … еш­бір тоқтаусыз милиция түзеуге кірісуі тиіс…» [4].
Екінші жалпықазақ съезінің қазақтың автономиялы ұлттық-территориялық мем­ле­кетін құру туралы шешіміне саяси баға бере келіп, Ә.Бөкейханов кейінірек (1919 жылғы 11 ақпанда) былай деп мәлімдеді: «съездің бұл шешімі қазақтар мекендеген территорияда анархияны болдырмау, өлкеде большевизмнің дамуына жол бермеу мүдделерінен туындады …Сол кезде Россияда орын алған жағдайда қазақтардың жарияланған авто­номиясын жүзеге асыру мүмкін емес еді. Кезекте бостандықтың жауы – боль­шевизммен күрес тұрды».
Алаш автономиясы аталған ұлттық мемлекетті аяғынан тік тұрғызу үшін және тек қана советтік негіздегі авто­номияларды ғана қорғап-қолдауға бейім тұрған «бостандықтың жауы – боль­шевизммен күресу үшін» Алашорда көсемдері «халықтық милиция» атанған ұлттық әскер құру мен советтерге қарсы әртүрлі саяси күштермен одақтасу ісіне үлкен мән берді. Сондықтан, екінші жалпықазақ съезі милиция жасақтарын құру мәселесін жан-жақты талқылап, оның Алаш автономиясына кіретін әрбір облыс пен әрбір уездегі санын анықтап, оларды соғыс өнеріне үйрету мен қажетті қару-жарақпен және киім-кешекпен қамтамасыз ету жолдарын айқындайды.
Милиция қатарына әскери қызмет атқаруға жарамды 20 мен 35-тің арасындағы ер азаматтар негізінен еріктілік негізінде алынатын болды. Бөкей, Орал, Торғай, Ақмола, Семей және Жетісу облыстарындағы мили­цио­нерлердің жалпы саны 13500 бол­сын делініп, әр облыс бойынша әскер қатарына шақырылғандар саны мына мөлшерде белгіленді: Бөкей – 1000, Орал – 2000, Торғай – 3000, Ақмола – 4000, Семей – 1500 және Жетісу облысында 2000 адам. Милицияны ұйымдастыруға байланысты жұмсалатын шығын 68960000 сом болып анықталды. Бұл қаражат жоғарыда аталған алты облыстың қазақтары есебінен жина­латын болды. Милицияға қажетті қару-жарақ пен оқ-дәрі Алашорданың ұлттық қорының есебінен алынатын болды. Милиционерлерді әскери тәртіп пен өнерге үйрету үшін офицерлер мен нұсқаушыларды: 100 милиционерге бір офицер, 50 милиционерге бір нұсқаушыны шақыру белгіленді. Қазақ офицерлерін дайындау үшін Орынбор казак әскерінің тәжірибесі мен көмегін пайдалану қажеттігі съезд шешімдерінде баса көрсетілді [5].
1918 жылы маусымның 24-інде қабыл­данған қаулыда Алашорданың жа­нында үш адамнан тұратын әскери кеңес құрылғандығы жарияланды. Осы әс­кери кеңеске қорғаныс министрлігінің міндеттері жүктеліп, облыстар мен уездерде әскери бөлімдер ашу тапсы­рылды. Әскери кеңеске, – делінді қаулыда, «жігіттерді большевиктермен күресу үшін шақыру міндеті жүктелді».
1918 жылдың маусым айында Ала­шорда төрағасы Ә.Бөкейханның және мүшелері М.Тынышпаев пен Х.Ғаб­­ба­совтың қол қоюымен шыққан қаулы бойын­ша Алашорда жанындағы Әс­кери кеңес құрылды. Қаулыда Әс­кери кеңеске Әскери министрліктің қызметі жүктелетіндігі және Кеңестің облыстық және уездік кеңестері ашы­латындығы айтылған. Сондай-ақ, Кеңес­ке большевиктермен күресу үшін Алаш әскері қатарына жігіттерді шақыру міндеті де жүктелген [6].
1918 жылы шілде айында Әлихан Бөкейханов Жаңа Семейде Алаш Орда үкіметінің іске кіріскені туралы Орын­бордағы Кәдірбаевқа жіберген теле­граммасында сол кездегі қалыптасқан жағдайға байланысты хабарлама жасап және Алаш милициясын құру жөнін­де тапсырмалар береді: «Екінші қазақ-қырғыз съезінің қаулысы бойын­ша 11-24 июньде – «Алаш Орда» Алаш қаласында іске кірісті. Алаш Орданың облосной һәм уезный советтерін құруыңыз жөн. Осыған ұқсас управа­лардың, ол жоқ жерде коми­теттердің көр­сеткен ағзаларын «Алаш Орда» бекітеді. Бір ағза милиция (ел қорғаушылар) жұмысын басқарады.
Бірінші ретте өз еркімен шыққан милиция құрыңыз. Оның шамасы әр болысқа 30 жігіт, әр болыс шы­ғарған ел қорғаушыларына ат мін­гізіп, ат-тұрманын мықтап берер. Ел қорғаушыларды жию ісін осы телеграмды алған күннен бастап үш жұманың ішінде үлгерту керек. Орын­бор атты-казагының атаманы Ду­товпен қорғаушылар үшін қару-жарақ, ат-тұрман алу, оларды үйрететін инс­трукторлар табу жайын кеңес. Істің барысын әлсін-әлсін бізге білдіріп тұр.
Семей мен Ақмола милиция жинау ісіне аса шұғыл кірісіп, олардан отрядтар құрылды. Ондай отрядтардың бірсыпырасы атты-казак һәм офицер (ақ гвардиялармен) қосылып, Жетісу облысындағы большевиктермен соғы­суға кетті.
Түркістан жағына атты-казак һәм башқұрт жігіттерімен бірге боль­шевиктермен соғысуға аттан­ғаныңыз ұнайды. Бұл туралы Ду­тов­қа телеграм берілген. Ахмет Бай­тұрсынов 29 июньде Қостанайға кетті. Міржақып Дулатов екі жұма шамасында мұнан шығар. Қазақтан шыққан большевиктерге ешбір рақым қылмаңыз» [7].
1918 жылы шілденің 24-інде Алашор­даның төрағасы Әлихан Бөкейханов Жаңа Семейден (Алаш қаласынан) Зайсан, Көкшетау, Павлодар, Қарқаралы, Петропавл, Ақмола, Атбасар, т.б. уез­дердегі қазақ комитеттері мен земст­во басшыларының атына жолда­ған жеделхатында Бүкіл­қазақтық екінші съез­дің шешімдеріне сәйкес, Алашор­даның (Алаш автономиясы үкіметінің) өз қызметіне кіріскендігін хабарлай келіп, бұл үкіметтің жергілікті органдарын, ми­лиция жасақтарын дереу құру қа­жет­тігін баса көрсеткен. Сонымен бірге, Ә.Бөкейханов Алашорданың Сібірдің уақытша үкіметімен, Башқұрт авто­номиясымен одақтық қарым-қатынас орнат­қандығын, Семей облысындағы халықтан жиналған салық есебінен алғаш­қы алаш жасақтарының құрылып, олардың Сібір үкіметінің әскерлерімен большевиктерге қарсы қарулы күрес жүргізіп жатқандығы туралы жергілікті қазақ комитеттеріне хабарлаған. Дәл сол күні осы мазмұндағы жеделхат Орал облысындағы қазақ комитеттері мен земство басқармаларына жолданған. Ә.Бөкейханов жер-жерлердегі өз жақтас­тарына халықтық милицияны ұйым­дастыру барысында Орал және Орынбор казачестволары басшыларының (ең алдымен атаман Дутовтан) қару-жарақ пен әскери инструкторлар бөлулері жөнінен көмек сұрау қажеттігін ескерт­кен.
Алашорда үкіметі қазақтан әскер алудың тәртібін бүге-шігесіне дейін айқындап берді. Оны мына төмендегі Міржақып Дулатов «Қазақ» газетінде жариялаған құжаттан анық көреміз.
«Алаш Орда бұйрығы бойынша Торғай облысының Алаш Орда бөлімі милиция алу туралы төменгі тәртіп­терді шығарды:
1. Әрбір 25 үйден бір жігіт алынады. Үй саны 25-ке толмаса, жігіт алын­байды. Мысалы, бір ауылнайда 124 үй болса, 100-ден 4 жігіт алынады, 24 үйден алынбайды.
2. Милицияға алынатын жігіттің жа­сы 20-дан кем, 35-тен артық болмасқа керек.
3. Милицияға дені сау, мүшесінде кем­шілік жоқ жігіттер алынады.
4. Бір үйдегі жалғыз жігіт алынбайды. Үй деп списокте алым төлейтін үй ай­тылады. Бір үйдегі жалғыз жігіт деп әкесі я ағасының жасы 45-тен озған, інісі 17-ден кем болғандар айтылады. Әкесі, ағасы яки інісінің жастары 45-тен кем, 17-ден артық болса да, бойларында шаруаға жарамайтын кемшілігі болса, ол үйдің жігіті қызметтен азат.
5. Бір үйде неше жігіт болса да, біреуден артық алынбайды.
6. Ел ішінде отырған қонақ сол елмен бірге есептеледі.
7. Милицияға өздері тіленіп кірген аза­маттар алынады. Тіленіп кірген жігіт­тер елден алынатын міндетті мили­цияның санынан тысқары болады.
8. Комиссия алдында жеребе түсіп милицияға алынған жігіттер сол саға­тында орнына кісі жалдап беруге ерікті. Жалданған жігіттің жасы 20-35-те, дені сау, қызметке жарамды болуы шарт.
9. Милицияға алынған жігіттер алты ай қызмет етуге міндеткер.
10. Милицияға алынған жігіттерге ай­лық қақы беріледі. Милицияға берілетін қа­қының мөлшерін Алаш Орда кеседі.
11. Әр ауылнайдан алынған жігіттерге ат, ер-тоқым тауып беру сол ауылдың өзіне міндет.
12. Қызметке алынған жігіттің үйі ат шығынынан азат.
13. Бір ауылнайдан алынуға тиісті жі­гіттер сол елдің адамдары ынтымақпен шы­ғарып берсе жарайды. Егер де ынтымақ қыла алмаса, жеребемен (таланмен) алы­нады.
14. Ел адамдары жігіттерін ынты­мақпен шығарып бере алмаса жеребемен алу үшін ауылнай комиссия құрады. Ауыл­най комиссияға кіретін адамдар 3-тен кем, 10-нан артық болмайды. Комиссияның председателі болосной комитет пред­се­дателі болады. Өзге мүшелері сол ауылдың өз адамдарынан болады. Комис­сияға әр атадан, әр партиядан адам кіреді. Комиссия өз арасынан біреуді хатшылыққа сайлап алады.
15. Елді белгілі срокқа бір жерге жинау, күні бұрын список даярлату һәм комиссия құру болосной комитет председателіне міндет.
16. Милиция алу жұмысы уездной һәм облосной Алаш Орда бөлімшесінің бұйрығы бойынша болады. Алаш Орда бөлімдерінің бұйрығын орындамаушылар жауапқа тартылады.
17. Списоктан жасырып қалған жі­гіт­тер жеребесіз, кезексіз қызметке алынады. Біреуді списоктан жасырып қал­ған ауыл­найлар судқа тартылады.
18. Бұл тәртіп жарияланбастан бұрын милициясын өзге ретпен беріп қойған елдер бұрынғы қолданған тәр­тіптерін өз­гертпейді» [8].
1918 жылдың басында ұлттық әс­кер жасақтаудың тәртібі жарияланған соң, іле-шала «Қазақ» газетінде мына қуанышты хабар таратылды: «Қостанай уезінде Алаш Орда бұйрығы бойынша қазір милиция жиналып жатыр. Ми­лицияның алды қазір Қостанайға келе бастады. Милиция беруге ешкім қарсы емес, жұрт көңілді [9].
«Қазақ» газетінде алаш жастарын большевизммен күресте ата-баба­лар­дың үлгісінде ерлікке, намысқа ша­қырған ұрандар жарияланды. Онда былай делінеді: «Ау, алаш! Сен кім? – Сен жауынгер түріктің орнын басып қалған үлкен ұлсың. Бабаларың ат үстінде жүріп, қылышпен өздерін дүниенің жартысына ие қылған, Стамбулды алған, Карпат тауларының қалың қамалын бұзған. Ер түріктің ер жүрек ұлдары, сілкін, ат тұрманыңды даярлап атқа мін, жауға аттан!
Жауың кім? Жауың – большевик. Боль­шевик тұқымы құрымаса Россия мем­лекетінде тыныштық болмақшы емес.
…Ортақ жау – большевикке қарсы жорыққа аттану кеудесінде жаны, дене­сінде бабалары түріктің титтей қаны болған алаш азаматына парыз. Өз тізгінім өзіме, жұрт боламын десең атқа мін, қолыңа қару-жарақ алып, большевикке қарсы шығып, өзіңнің ерлігіңді іспен көрсет. Елден ер жүректі жігіттер шықса, құрал тауып жасандыру іс басында, Орда ішінде отырғандар міндеті.
Романов патшаларының ызғарлы билігі астында тұрғанда тот басқан қылыш пен найзаңды шығар, терезесі тең елмен қатар сен де ат жалын құш, соғыс майданында жиылған жұртқа баяғы батыр бабаларыңның ойынын көрсет!
Намыстан, жас алаш! Ұлтыңның қадірлі ұлдарыңның қанын тегін жіберме! Қолында мылтығы бар адам осы заманда «ер» атанып жүр. Большевик дегендер кешегі байлардың есігінде жүрген, шандыры созылған өңшең малай. Қолына мылтық алса еркін даланың ерігіп өскен, астына ұшқыр ат мінген ер жігіттерінің қолынан нелер келмес» [10].
Ә.Бөкейхановтың 1919 жылғы ақ­панның 11-інде Колчак үкіметінің ресми делегациясымен жүргізген келіс­сөздерінде келтірілген мәлімет­теріне қарағанда, сол кезде азамат соғысы майдандарында Қызыл Ар­мияға қарсы күреске қатысқан Алаш қарулы күш­терінің саны 3000-нан асқан.
Алашорда әскерінің құрылуы мен қыз­метінің мерзімдік шеңбері 1918 жылдың басынан бастап 1919 жылдың аяғына дейінгі аралықты толық қамтиды. Съезден кейін әскер құру процесі бес-алты айға созылды. Съезд 13 мың 500 адамды милицияға алу қажет деп есептеді. Оны әр облысқа шағып, шығынына дейін есептеді. Бірақ, большевиктер ірі қалалардың барлығын басып алған кезде, милиция құрып үлгермей қалды. Көктемде большевиктер шегіне бастағанда, қайтадан әскер, милиция жи­нақтап, оларға әр болыс, әр ауылдан жеке-жеке басшы сайлап, мәселесін жүйеледі. Батыс өңірде, Торғай өңірінде, Семей өңірінде әскер жинақтау жақсы қолға алынды. Ал, большевиктер күшейген Жетісу, Сырдария өңірінде біршама кешеуілдеді. Әлихан Бөкейханов Колчак үкіметімен келіссөз жүргізгенде, одан «Алаш милициясы дегендеріңіз не?» деп сұрайды. Сонда Әлихан Бөкейханов «Милиция – ұлттық армиямыз» деп жауап берген.  Алашта 5 мыңға жуық әскер жасақталған. Қазіргі ғылыми әдебиеттерде 12 полк болды деп жазады.
Алаш немесе Алашорда әскері бас­тапқыда «халық милициясы», «халық әскері», «алаш әскері», «қазақ полкі» сияқты әртүрлі атаулармен аталды. Бастапқы қол­даныстағы «милиция» сөзінің астарында елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғайтын әскер ұғы­мы жатқаны анық. ІІ-ші жалпы қазақ сьезінде халық әскерінің әр облыс, уезд орталықтарындағы саны, оларға соғыс өнерін үйрету, қажетті қару-жарақ, қаржы, көлік және тағы басқа заттармен қамтамасыз ету тәртібі анықталып, «26 500 адам тіркелген халықтық милиция құру қажет» деген қаулы қабылданады. Бұл идея­ны Жақып Ақбаев ұсынған болатын. Съезд қаулыларында нақты көрсетілгендей, Алаш әскерін құру үшін алдымен милицияға алынатын адам санын анықтау, оларды қару-жарақ, ат-көлікпен қамтамасыз ету, әскери мамандар (офицерлер мен инструкторлар) даярлау жұмысын айқындап, оған қажетті қаражатты 6 облыстың қазақтары есебінен жинайтын болды.
Жалпы, Алаш әскерінің іс-қи­мылдары билікке келген большевиктерге қарсы 3 бағытта жүргізілді: 1) оңтүстік-шығыс бөлімі (Жетісу); 2) шығыс бөлімі (Семей); 3) батыс бөлімі (Орал). Ал әскердегі қазақ полктерінің саны шамамен 12-ге жеткен. Олардың ұрыс қимылдары Алашорда үкіметі құрылғаннан кейін күшейді.
«Большевизмге қарсымыз» деген саяси мәлімдеме жариялап, оларға қарсы кез-келген саяси топ, қарулы күштермен одақ болды. Солардың бірі – ақ гвардияшылар. Сол себепті, Алаш әскері алғашқы кезеңде олармен одақтасты. Кейін Ресейде пайда болған әртүрлі үкіметтер Алашорданы мойындамаған соң, Торғай алашордашылары большевиктермен келісімге келіп, ақыры большевиктердің алашордашыларға рақымшылық жасауына ұласты. Ең соңынан большевиктер жағына өткендер – Батыс Алашорда, Семей, Жетісу алашордашылары. «Алаш жасағының ақырғы кезі деп олардың большевиктерге қосылған сәтін айтамыз ба?» деген сұраққа жауап берер болсақ, бір жайтты ескеру керек. 1919 жылдан бастап, Сібір үкіметі Алаш әскерін қар­жыландырмай қойды. «Бізді ақша, азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз ете алмай жатыр, әскерді не істейміз, таратамыз ба» дейтін көптеген қатынас хаттары да бар. Көп әскер сол кездің өзінде тарап кеткен. 1920 жылы наурыз айында Батыс Алашорданы тарату жөнінде Қазақ революциялық комитетінің жарлығын Алашорданың тұтасымен тарауы деуге болады. Алашорданың таратылуымен бірге ол құрған «халықтық милиция» бөлімдері де таратылды.
Кезінде Ахмет Байтұрсынов Қазақ­стан­да арнайы әскери округ құрып, әскерді тек қазақтардан жасақтауды ұсынған болатын. Оның осынау көкейге қонымды тұ­жырымын Тұрар Рысқұлов Түркістан жағдайына бейімдеп, егемен, кеңестік Түрік Республикасында мұсылман-түрік армиясын құруды және оны түркі тілдес халықтардан жасақтауды, ал, мұсылман емес халықтардан тұратын Қызыл Армияны Түркістаннан алып кетуді ұсынды.
Қорыта келгенде, Алаш жетекшілері қазақ халқын аман сақтап қалу қағидасын ұстанды, сол үшін ұлттық әскер құрып, ел қорғауға зор маңыз берді. Әлихан Бөкейханов «Ұлттық әскері, ұлттық милициясы жоқ халық – қорғансыз ел» десе, Міржақып Дулатов «Ұлт әскері – ұлт қорғаны» екендігіне баса назар аударды.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. – Алматы, 1995. 311-б.
2. Қазақстан тарихы. Бес томдық. 4-том. – Алматы, 2010. 121-б.
3. «Қазақ» газеті. – Алматы, 1998. 441-442-бб.
4. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. – Алматы, 1995. 154-б.
5. Бұл да сонда, 159-б.
6. Алаш қозғалысы. Энциклопедиялық анықтамалық. Құрастырғандар: Е.Е.Тіле­шов, Д.Қамзабекұлы, И.Нұрахмет. – Алматы: Сардар, 2012. 410-бет.
7. «Қазақ» газеті. – Алматы, 1998. 431-б.
8. «Қазақ» газеті. – Алматы, 1998. 438-б.
9. Бұл да сонда.
10. «Қазақ» газеті. –Алматы, 1998, 430-б.

Алдыңғы «
Келесі »