Текті тұлға тәрбиелеудің ғылыми негізі

  • 21.12.2017
  • 320 рет оқылды
  • 0

Қобдабай Қабдыразақұлы,
жазушы

Қазақ әр нәрсенің «арғы тегін», «шыққан тегін» білуге үлкен мән берген-ді. Көшпелі үшін тұтас нәрсе-құдіретті күш, қастерлі құбылыс, құпиялы тылсым дүние, әсерлі де әдемі әлем. Осыдан арғы текке деген-Тәңірге,Ұмайға, Жер-Суға табынушылық (культтық өмір сүру), олардың арақатынасына ритуалдық (ғұ­рыптық) рәсім-салттар қалыптасты. Көшпелі жер кезіп, ел кезіп жүріп, бұрынғы мен бүгінгінің, бөгде мен жаңаның, кәрі мен жастың, көрген мен ойдағының арақатынасын білуге тәнті болған. Неге?
Өйткені, ол дүниені тұтас қабылдаған. Өмірге тура жолды іздеген. Адам болмысында оның жан дүниесі мен рухының ықпалын жоғары қойған. Адамның қабілет-қасиетін жетілдіруді ашық арна ретінде қарастырған. Аруақ пен адам рухын тіршіліктің мәңгі лаулап тұрған қос қайнар көзіндей қабылдаған. Содан, қазақ табиғатпен әр түрлі үндестікте болды. Осыдан «қазақтың ата-тегінің болмыс шындығына тікелей жақын болуы-олардың бақылайтын, қабылданатын, дүниеге сезімдік тұрғыдан жақын болуы, бұл болмыспен тамырластығы уақытты, кеңістікті, адамның ішкі дүниесі, тіршілік етудің басқа да жақтарын, болмыс мәнін, ар-ождан бастауларын тү­сінуінен өз көрінісін тапты. Мұның бәрінің нақты өмірде нақты түп тамыры бар, осыдан келіп, басқа ешбір дүние түсінігімен шатыстыруға болмайтын дүниенің ұлттық образы, дүниетанымы пайда болады» (Т. Әб­жанов, Ә. Нысанбаев). Ал, тектанудың пайда болуына, көне замандағы тайпа, топ, ата өз ішінен тұрмыс құрып, оның соңы олардың ұрпақтарының ортасында неше түрлі ауру-сырқау, кем-кетік жандардың дүниеге келуі, тіптен, кейбіреулерінің мүл­дем құрып кетуге жетуі басты себеп болған. Тек – адамның түп нәсілін, арғы атасын білдіретін тарихи ұғым. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «текті» сөзіне келесідей анықтамалар берілген:
«1) шыққан тегі бір, тұқымдас, тектес; 2) тегі, шыққан жері жақсы. Текті жер – үлгілі, өнегелі ел, ауыл». Демек, қазақта тектің физиологиялық тұқым жалғаудан бөлек, адам ұрпағының сапалық белгілерін айқындайтын индикатор екендігін аңғаруға болады. Ежелден, ата-бабаларымыз тектіліктің деңгейлерін тұқым мен қан тектілігі, азаматтың өз басының тектілігі, ха­лық­тың тектілігі деп ажыратқан. Ұлан-байтақ жерде туған көшпелі қа­зақ текті халық: мінезі кең, көреген, сезгіш, естігіш,ақылы терең, күш қуаты мығым, рухы асқақ, намысы зор да өткір әрі басқаға таптатып, мұқалтып, ұрлатып төменшіктеуді еш­қашан қаламаған, еңсесі биік жұрт.
Текті ғылыми тұрғыда, тірі ағзалардағы тұқымқуалаушылық пен өзгергіштік заң­­дылықтарын анықтайтын генетика ілімі зерттейді. Тұқым қуалаушылық дегеніміз организмдердің келесі ұрпақ­тарында ата-бабаларына ұқсас белгілердің сақталу қабілеті және осы қасиеттің негі­зінде түрдің біртектілігінің сақ­та­лынуы болса, ал, өзгергіштік – орга­низмдердің өз аталық-аналықтарынан басқа, жаңа белгілерге немесе қасиеттерге ие болу қабілеттілігі.Тектің әлеуеті генетикада тұқым қуалаушылықты зерттеуде кеңінен қолданылады. Адамның бойындағы түрлі белгілер мен қасиет­тердің тұқым қуалауын тегіне қарап анықтауға болатынын ғылым ХХ ғасырда ғана байқады.Белгілердің тұ­қым қуалаудағы әртүрлі типтері мен заңдылықтары анықталғаннан кейін, ға­лымдар адамның ата тегін мұқият зерттеудің артықшылықтарын сезінді.Белгі ата-аналарында кездеспегенімен, ұрпақтарында көрінуі әбден мүмкін екендігі дәлелденді. Ресейде, тектану ғылымымен айналысатын (родология) ғалымдардың айтуы бойынша, тіпті, психологиялық-физиологиялық ерекшеліктер, әдет-қылықтар, дү­ниетаным мен ойлау жүйесі тұқым қуалау арқылы беріледі дегенді айтуда.Ағыл­шын ғалымдары бақытты сезіну адамның тегінен берілетіндігін зерттеп, нәтижесінде бақыттылық деңгейін адамның мінез-құлқы анықтайды, ал, ол көп жағдайда тектен беріледі деген тұжырымға келген.
Тектану ұғымдары мен түйіндері, пайымдаулары, қорытындылары барлық ұлтта дерлік бар. Европада ол ғылыми жүйеге ерте айналған. Ал, қазақ тұқымында белгілі бір дарын иелері болса, ол қан ар­­қылы келесі ұрпаққа берілетінін ұзақ жыл­дар бойы бақылау, пайымдау арқылы танып білген. Қазақ халқында әр дәуірде әрқилы қарқынмен дамып, адамтану қазақ ілі­мінің құрамдас бөлігі, айшықты бір саласы болып келген. Сонымен қатар, назардан тыс, ұмыт болуға щақ қалған кезі де болған. Сондығынан болар, іргелі, тіректі шоқтықты ғылым болып қалыптаса алмай келеді. Алайда, қазақ жұрты, тектану амалын тереңдетіп, жетілдіріп, күні бүгінге дейін тіршілігінде дұрыс пайдаланумен келеді. Тұқым тектілігінің организмдік-биологиялық түбір-түйіні барын ХІV-XV ғасырларда өмір сүрген ғұлама, шипагер Өтебойдақ Тілеуқабылұлы дәлелдеген. «Адам заты, тіршілігі, тоғалығы, мінсіз бітістігі әуелде ата-анада жаралмақ, одан туылған ұрпаққа жалғаспақ…Алланың адам затын жаратқандағы берген ең зор бағы, бақыты, дәулеті – тек қана мінсіз бітістік. Міне, бұл – тұлғалық, мүшелік мінсіздік. Мінсіздікте, тұлғалық то­ғалық ніл-қан. Мінсіздікте, тұлғалық тоғалық ширама – арқау. Міне, бұлар – тұлғалық бітістік, мінсіздік толықтық. Олайы, тұлғалық бітісте кемістік болмаса, арқандай мүшелерінде сырқаттық зақым қалдырған зардап болмаса, науқастық бейнет тартпаса, одан ар­тық бақ қайдан болмақ. Сондықтан, бұрынғылар: Ауыз дәулет – мінсіз бітіс. Көз дәулет – жұптылық іс. Көз, мұ­рын дәулет – малдық толыс, – деп ғақлиялық тұжырыммен түйіндеген» (Ө. Тілеу­қабылұлы. Шипагерлік баян. Алматы, 1996.). Адамның бойындағы түрлі белгілер мен қасиеттердің тұқым қуалауын тегіне қарап анықтауға болатынын, қазақтың ойшылдары мен ғұламалары, ақылмандары мен адамтанушылары халықтың талай ғасырлық тәжірибесіне негіздей отырып, тамаша тұжырым жасап, адамтанудың қарапайым ережелерін  өмірге келтірген.
«Жақсыдан жаман ұл туар, бір аяқ асқа алғысыз, Жаманнан жақсы ұл туар, адам айтса нанғысыз» деген дана­лықтың ғылыми мәні тереңде жатыр. «Жал құйрығы қаба деп, Жабыдан айғыр салмаңыз. Қалың малы арзан деп, Жаман қатын алмаңыз. Жабыдан айғыр салсаңыз, Жауға шабар ат тумас, Жаман қатын алсаңыз, Топқа кірер ұл тумас. Жақсыдан жаман туса да, Жаманнан жақсы туса да, Тартпай қоймас негізге!» – деп Бұқар жырау тектің әлеу­меттің өміріне әсерін дәл айта біл­ген. Тілі жоқтың тегі жоқ, Тегі жоқтың елі жоқ. Тектен нәр алған тозбайды. Көр­гені жақсы көш бастар. Дөңгелектің шегі жоқ. Көргенсіздің тегі жоқ. Өлгенді қадірлемесең де, жәбірлеме. Тексізді төрге шығарма.
Көп беріп көргендінің қызын алсаң,
Тік тұрып мейманыңа қызмет етер.
Аз беріп көргенсіздің қызын алсаң,
Қойныңа бір жатқанын міндет етер, – деген көптеген мақалдар арқылы ата-бабаларымыз: тектілік ұлы адамдық қа­сиет екенін өз перзенттеріне жан-жақты ұғын­дырып, басқа бақ қонса таситын, бақ тайса жаситын тексіз адам болмауды ерекше ескертіп отырған. ХV ғасыр­лардың өзінде тектілік тұлғалық феноменге айналды, тұлғалық дәстүрдің негізі тек­тілікпен зерделеніп отырған:
Бай баласы байға ұқсар,
Байлаулы тұрған тайға ұқсар.
Би баласы биге ұқсар,
Алты қанат үйге ұқсар.
Хан баласы ханға ұқсар,
Биік-биік шыңға ұқсар.
Құл баласы құлға ұқсар,
Мал таптаған гүлге ұқсар.
Ханның ұлы қарауыл,
Бидің ұлы шыңдауыл…
Тектілік тек рухы, ата тектен қан арқылы, тәрбие арқылы беріліп отыратын қасиет, сол қасиеттің тұлғаның тарихи қызметі ар­қылы игілікке айналуы:
Құбыладан жылы жел есер,
Арқадан суық жел есер.
Анаға қарап қыз өсер,
Атаға қарап ұл өсер.
Тоқтамыстың уағында
Құлға билік тиген соң,
Жесір қатын, жетім ұл
Қайтіп қана күн кешер?..
Дала ғұламасы Майқы би:   «Тұлпардан тұлпар туады, Сұңқардан сұңқар туады, Асылдан асыл туады, Сараңнан бермес туады, Соқырдан көрмес туады, Мылжыңнан езбе туады, Қыдырмадан кезбе туады» – деген екен.
ХV ғасырларда өмір сүрген Қазтуған жыраудың толғауларынан да қазақы тектіліктің мәнін ұғына аламыз:
Ойыл да Қиыл, Жем, Сағыз,
Қайран саланың жатқан аңғары-ай,
Ақ шалмалы пірлердің,
Мешітке жаққан шамдары-ай!
Менің бүйтіп қозғалақтап жүргенім,
Аузы түкті кәпірдің,
Күшті болған салдары-ай!
Кәпірден теңдік алуға,
Қайта келер деймісің.
Мұсылманның баяғы,
Шыңғыстан туған хандары-ай?!
Бұл қоныстан кетпесең,
Мұны талақ етпесең,
Атаңа нәлет кәпірдің,
Пайдасына қалмаса игі еді.
Ноғайлы, қазақ жұртымның
Кейінгі туған балдары-ай!
Қазақ ұғымында тек ата-бабадан ұр­­паққа берілетін физиологиялық-пси­холо­гиялық белгі – ерекше қасиет.Тектілік – осы қасиеттің ұрпақтан білінген көрінісі. Ал, мұны дамытып, тәрбиелеп жеріне жеткізу ата-ана, ұстаздардың басты мін­деті. Текпен берілетін қасиеттерге: өнеге-үлгі, инабаттылық, кішіпейілділікті жатқызуға болады. Себебі, баланың бойын­­дағы бұл қасиеттер әке-шеше­ден бастау алады. Адамгершілік, азамат­тық, қайраткерлік, қолбасшылық, зия­­лылық, діншілдік, әділеттілік те адам бойына текпен дарыса керек-ті.
Тұлға – жеке адамның өзіндік адам­гершілік, әлеуметтік, психологиялық қыр­­ларын ашып, адамды саналы іс-әрекет иесі және қоғам мүшесі ретінде жан-жақты сипаттайтын ұғым. Aдамның әлеуметтік қасиеттерінің  жиынтығы, қоғамның даму жемісі және белсенді қызмет ету мен қарым-қатынас орнату арқылы жеке адамды әлеуметтік қатынастар жүйесіне енгізудің жемісі.
Тұлға философиялық тұрғыда адамды «адам» ретінде тануға, яғни, оның рухани-адамгершілік, ділдік, мәдени қырларына баса назар аударумен пайым­далады. Психология тұлғаның өзіне тән күш-жігерін, мінез-құлқын, психо-физиология ерекшеліктерін зерттейді. Социологияда тұлға қоғам мүшесі ретінде қарастырылып, оның әлеуметтік қырлары, саналы қоғамдық әрекеті жан-жақты зерттеледі. Қоғамдық-гуманитарлық ғы­лымдар саласының қай-қайсында болсын, адам орталық мәселе болғандықтан, олар тұлға ұғымын ортақ қолданып, әрқайсысы әр қырынан зерттеп-таниды және осы ғылым салаларының зерттеу нәтижелерінің өзара ықпалдастығы мен бір-біріне әсері бар. Әр ғылым саласы тұлға сөзіне өзіне тән танымдық-ұғымдық мағына сыйғызады.
Тұлға, психологияда өзінің өмір жолын белгілей алатын, қайталанбас даралық ерекшелігін сезінетін субъект. Тұлға адам ұғымынан гөрі, нақты мағынаға ие. Өйткені, адам тұлғалық сипатты иелену үшін өз «менің» өзге «меннен» ажыратып, есейіп, өз бетінше дербес әрекет ету мүмкіндігін ашуы керек. Яғни, белгілі бір мәнді іспен айналысатын, азды-көпті білімі, өмірлік тәжірибесі, дүниетанымы мен сенімі бар адамды тұлға деп атайды. Қазақ ұғымында бала мұндай азаматтық атқа бозбалалық шақта ие бола бастайтынын «Он үште отау иесі» деген мақалдан көруге болады. Халықта өзінің өнегелі істерімен, имандылығымен ерекшеленген адамды ерекше қастерлеп, кісілігі бар тұлға дейді. Тұлға бойындағы адамгершіліктің көрінісі ар-ұятқа кір келтірмеуінен, намысын жоғары ұстауынан байқалады. Атақты грек философтары Платон және Аристотель адамның дамуын, алдын-ала тағдыр белгілеген тұқым қуалаушылық табиғатынан деп дәлелдеді.Тұқым қуа­лаушылық теориясын қолданушы және уағыздаушылардың бір тобы – преформистер. Преформизм – XVIII ғасырда биология саласында үстемдік еткен, адам­ның дамуы жайлы диалектикаға қарсы философиялық ағым. Преформистер ересек адамдардың барлық қасиеттері мен белгілері ана құрсағындағы сәбидің ағзасында пайда болады, сондықтан, жеке адамның  дамуын  алғашқы рет ұрықта пайда болған қасиеттердің өрістеп күшеюі мен сан жағынан артуы деп қарастырады.
Жеке адамның бір-бірінен ажырағысыз және оған пәрменді түрде ықпал ететін биологиялық белгілері мен ерек­шелік­тері бір-бірімен байланысты.Анық­тауыш  қасиеттер – жеке адамның әлеу­мет­тік сипаттамасы, оның себептері, мүд­делері, мақсаттары. Жеке адам болу үшін психикалық дамудың белгілі бір дәре­жесіне өтіп, басқа адамдарға қарағанда ерек­шелігі бар екенін білетіндей біртұтас тұлға болуы тиіс.
Өмір бойы даму мен тәрбиенің нәти­жесінде жеке адамның орнығып, жетілуін тұлға қалыптасу деп атайды. Тұлғаның қалыптасуы – күрделі, ағзаның өсуі мен жетілуін, стихиялы әсерлерді (тектік және табиғи т.б.), мақсатты, ұйымдасқан тәр­бие­ні қамтитын қарама-қайшылықты процесс. Тұлғаның қалыптасуы өмірге келген сәтінен басталады, жеткіншек және жасөспірім шақта жедел жүреді, ересек шақта өзінің біршама аяқталу кезеңіне жетеді.
Адам болып дүниеге келгеннен кейін, адамға тән қасиеттер мен қабілеттерді игеріп, қалыптастыру табиғи заңдылық. Бұл – тәрбие ісі. Тәрбиелеуде, біз неге баланың ата-бабадан ұласқан, ерекше белгілерін ескеріп-елемейміз, оның көрініс белгілерін анықтап білуге ұмтылмаймыз? Бұл бүгінгі дәуірде қолдан келмейтін, ұстаздарға, тәрбиешілерге, тәлімгерлерге, ата-анаға басы артық, қажеті жоқ шаруа ма? Ал, «ғылыми педагогикада» баланы  жан-жақты тәрбиелегің келсе, оны толық таны дейтіні тек теориялық қиял ғана ма? Егер бала бойындағы текті сапалар мен дарын-қабілет ұшқындарын білсек, адами  қасиет негіздерін анықтай алсақ оны ары қарай дамытып тәрбиелеуге, оқытып білім беруге анағұрлым жеңілдік болар еді. Генетикада тұқым қуалаушы мінез-құлық, ақыл-ой пайымдылық, өнер-дарын негіздері 75-80 пайыз аумағында болады дейді. Ал, қалғаны тәрбиелеу, дамыту, толыстырудың үлесіне тиеді екен. Бүгінгі таңда ауру-сырқау, дерт-дербез, ақыл-ойдың ауытқуы, сезімнің әлсіздігі, күш-қуаттың кемдігі, әр жаста білінетін оқыс мінез-құлық, асқын-артық іс-әрекеттердің текке қатысты екені анықталып, олардың тектік жолмен таралып, жалғасын табу мүмкіндігіне тосқауыл қойылып жатқанын бәріміз де естіп біліп, кейбіреуіміз көріп те жүрміз. Осы ойлардың негізінде текті тұлға тәрбиелеу теориясын ұсынған едім. Оның ғылыми негізін қысқа қайырғаным осы. Келесі сөз  қалыптастыру туралы болмақ. Әділ төрешім өздерің болған соң, ой-пі­кірлеріңізді сұрай тілеп отырғаным ғой.

Өзгеріс өнегелері

Адамның адамгершілігі – оның жо­ғары қасиеті. «Адамгершілік» адам­ның санасындағы, оның ішкі дү­ниесіндегі асыл қасиеттердің жиын­ты­ғы немесе биік шыңы. Адам баласына адамгершілік қасиеті қараптан -қарап туындамайды. Ол қасиет отбасында, ортада, мектепте, айналадағы адамдармен қарым-қатынасында қоғамдық тәрбиемен қалыптасады. Тәрбие болмаған жерде адамгершілік болуы мүмкін емес. Адамның адамгершілік қасиеттері ең алдымен айналасын-дағылармен жақсы қарым-қатынаста болу, өзара сыйласу, қарапайымдылық, кішіпейілділік, салмақты да сабырлы болу, үлкенге ізетті, кішіге қамқор болу жатады. Сондай-ақ, өз қолыңнан келгенше көмегіңді аямау, біреудің жақсылығын бағалау, оны қанағат тұту. Қазақта «Айналаңда досың көп болуы үшін жақсы бол, арың таза болсын» деген сөз бар. Сондай-ақ, «жа­мандық-жамандықпен аяқталады», – дейді. Қай жерде болса да біреуге жа­мандық жасасаң, қашан болса да өмірі алдыңнан шығады. «Көргендінің қылығы, көңіл марқайтады», – деп қа­зақ халқымыз тегін айтпаған. Әр бала өзін мәдениетті ұстаса, өз ортасының кө­ңілін марқайтады.
Адамның бойындағы жақсы қасиеттер оның істеген қылығынан, сөйлеген сөзі­нен көрінеді. Адам бойындағы жақсы қасиеттер рухтан туындайды, ал, барлық жаман қасиеттер амалдың көрінісі. Адам денесі біреу болғанымен, оның ішінде қарама-қарсы, яғни, жақсы мен жаман екі күш болады. Ол екеуі үнемі кү­рес­те болады. Адамның жақсы, не жа­ман болуының осыған байланысты екенін Ш.Құдайбердиевтің мына бір өлеңі айқындай түседі. «Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр, Сол нұрды тән қамы үшін жан жұмсап тұр. Тағдырдың бір қиын, сырлы сиқырымен Жан тәнге, ақыл жанға матаулы тұр». Бірақ, рухани адамгершілік адамның бойынан толық көріне бермейді. Сондықтан да, білім берудің барлық кезеңдерінде рухани адамгершілік тағылымдарын негізге алған жөн. Сонда, мінез-құлқы жетілген, саналы адам қалыптасады. Жетілген мінез-құлық үш нәрсенің: жүректің, ақылдың, қолдың келісімі. Бала өзінің жүрегін тыңдауға үйренсе, жүрегінің ғана айтқанын орындаса, өмірден өз орнын таба алады деп сенуге болар еді. Ең бастысы – адамгершілікті бойға сіңіре білу. Ол үшін, әрине, көптеген ізденістер қажет. Ізденістің нәтижесі: әр жеткіншектің көкірек көзінің ашық болуына байланысты. Бұл туралы Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың хадистерінде мынадай сөздер бар: «Мен Миғражға көтеріл-генде, жетпіс мақамды басып өттім. Жетпіс мың пердені аштым, енді, оң дә­ре­жесіндей Аллаға жақындадым. Бірақ, жұмыр бастағы көзбен көре алмадым, тек көкірек көзіммен көріп, тоқсан тоғыз мың сөз сұхбат құрдым, оның отыз үш мыңы шариғатта, отыз үш мыңы тариқатта, ал, қалған отыз үш мыңы ақиқатта» – дейді. Ал, Абай болса: «Ақыл мен қайрат кімде жоқ, ол хайуанда да бар» – сондықтан, бұл екеуі болса да, ол – «Толық адам» бола алмайды. Сондықтан, жылы жүрегі болуы керек, сонда ол – «Толық адам» болып қалыптасады – дейді.Шәкәрім өзінің «Үш анық» деген еңбегінде «Ар ілімін» былай тұжырымдайды: Бірінші – әрбір адамда діни таным болуы қажет, екінші – ғылыми танымы болуы керек, үшінші – «Ар ілімін» меңгеруі тиіс – дейді және оны үшке бөледі: 1. Мейірімділік. 2. Ынсаптылық. 3. Әділеттілік, міне осы үшеуі бойында болған адам, нағыз «Толық адам» бола алады деп, тұжырымдайды. Абай әлем­ді екіге бөледі: бірінші – көрінетін, ал, екінші – көрінбейтін. Сондықтан, осы екі әлемді меңгеруге ұмтылуымыз қажет дейді. Қожа Ахмет Йассауй ілімді, ғылымды, білімді, ғалымды екі­­ге бөледі. Бірінші: Тән ғылымы, тән ғалымы, қал ілімі, шариғат, тариқат, дүниауи білім (жалған білім). Екінші: жан ғылымы, жан ғалымы, хал ілімі, мағрифат, ақиқат, иллаћи білім (шынайы білім). Кемел адамды (толық адамды) қалыптастыру үшін, оған: парасатты сөз, парасатты іс, парасатты ойлау, парасатты білім үйретуіміз қажет. Қазіргі таңдағы білім берудің өзекті мәселесі сапалы біліммен қатар, өскелең жас ұрпаққа адамгершілік-рухани тәрбие беру болып табылады. Адамның рухани қасиеттерге ие болып, қалыптасуы өмірге келген уақытынан басталуы керек. Балаға жастайынан имандылық, ізгілік, мейірімділік қасиеттерін сіңіре білсек, баланың болашағын берік қалағанымыз. Имандылық – адамның қоғамдық өмірінің негізі. Себебі, адамның қоғамдағы орны оның адамгершілігімен, ізгілігімен, қара­­пайымдылығымен және қайырым-ды­лығымен ардақталып, анықталады. Осы қасиеттерді баланың бойына бүлдіршін, балалық шағынан сіңіру үшін «Құндылық мәйегі» атты пән оқытуды ұсынған едік.
«…Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек, – деп Абай айтқандай, махаббат, ар-намыс, қайрат-жігер деген сезімдері бар рухтың мекені – жүрек. Шәкәрім Құ­дай­бердіұлы: «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар бар­лығынан басым болатын – адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек», – деп адамның жақ­сы өмір сүруіне негіз бола алатын адами қасиеттерді дөп басып көрсетеді. Адамның пейілі таза, көңілі кең, мейірімі мол, әр нәрсені қанағат ынсап тұта алу қа­сиетінің биіктігі ниетке байланысты екен­­дігін Шәкәрімнің «Мейірім, ынсап, әді­лет, шыдам, шыншыл харакет – түп қа­зығы ақ ниет», – деген нақыл сөзі дәйектей түседі. Мейірімді, қайырымды, сезімтал адам әрдайым жақсылық жасауға дайын тұрады. Ақ ниетпен жақ­сылық жасау адамның ішкі дүниесінің байлығын, жан сұлулығын көрсетеді.
Еңбекпенен, өрнекпенен,
Өнер ойға тоқылса.
Жайнар көңіл, қайнар өмір,
Ар ілімі оқылса (Шәкәрім).
«Ар түзейтін» ғылымның негізгі мақ­сатының бірі өзінің аты да айтып тұр­ғанындай адам психологиясын зерттеу, оның мінез-құлқындағы кемшіліктер мен кеселдерді түзету және рухани кемел­дендіру болып табылады..
Осынша өнер тауып асқан адам,
Әлемнің қиын сырын ашқан адам,
Ол түгіл өмірге де айла табар,
Өлмей жетер бірталай жасқа да адам.
Бірақ адам өз жанын танымайды,
Біледі бір өзінен басқаны адам.
Тіршілік – жоғалатын жан сипаты,
«Жаным жоқ», – деп болады
масқара адам,
Жаным емес жазыпты пән деп мұны,
Не демес ойы жетпей сасқан адам.
Жанының бастан барын байқамапты,
Психолог ғылымын шашқан адам.
(Шәкәрім)
Қазіргі психология ғылымының прак­тикасында адамның мінез-құлқын тү­бегейлі түзету, жан кеселдерінен айық­тыру және рухани кемелдендіру деген проблемалар шешімін тапқан емес. Ол тек «Ар түзейтін» ғылымның қолынан келетін шаруа. Пікір білдірген оқырмандар, сұ­рауына сай, өзгертіп оқытқан бір-екілі сабақтың үлгі жоспарын ұсынып, алдыңғы мақаланың ойын аяқтауды жөн көрдім.
Сабақтың тақырыбы: Әдептілік-ғұ­рыптық құқық негізі (ІХ сынып). Мақ­саты. Білімдік:1.Құқықтық және имани жауапкершілік; 2.Кінә және күнә туралы түсінік. Дамыту: 1. Әдеп және құқық арасындағы байланысты са­лыстыра алу; Тәрбиелік:  1. Зиянды әдеттер мен харамнан жирендіру.
Жаңа  сабақтың  мазмұны.1. Азаматтық-құ­қықтық қатынасқа қатысушылардың белгілі бір сапалық қасиеттері болады. Бұл – құқықтық қабілеттілік және әрекет қабілеттілігі деп аталады. Азаматтық – құқықтық қабілеттілік адам дүниеге келісімен пайда болады. Мысалы, сәбиді алайық. Ол қандай құқыққа ие болады?
– Қазақстан Республикасының азаматы деген туу туралы куәлікті алады.
– Түрлі әлеуметтік жеңілдіктер.
– Мүгедек болса жеңілдіктер, т.б.
Құқықтық қабілеттілік адам өмірден өткеннен кейін тоқтатылады. Әрекет қа­білеттілік дейтін бар. Өзі айтып тұр­ғандай бір нәрсе істеуге қабілеттілік.
а). 1 жас-14 жас бала.
ә).14-18 жас жасөспірім.
б).18 жастан кәмелетке толған жас.
Соңғысында әрекет қабілеттілігі толық. 14 жасқа толғанға дейін ешқандай әрекет жасауға қабілетті емессің. Сен үшін ата-анаң немесе қамқоршың араласады. 14 жасқа толғанда, ішінара әрекет қабілеттілігі пайда болады және өзіне алған міндетті орындау қабілеті де пайда болады. 18 жасқа толғанда, әрекет қабілеттілігі толық түрде көрінеді. 14 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар үшін олардың атынан ата-аналары заңды әрекеттерді жүзеге асырады. Азаматтық кодекс туралы заңда мұны мәмілелер деп атайды.14 жасқа дейінгілер өздерінің жасына сай ұсақ мәмілелерді жүзеге асыра алады.
2. Ислам дінінде жауапкершілік адам санасы былай өрнектеледі. Жауапты жан – Аллаһтың әмірлерін орындап, тыйым са­лынған нәрселерінен бойын аулақ ұстаған адам. Ол – мұсылман болуы, ақыл-есінің толық болуы, жақсы мен жаманды,харам мен халалды ажырата білетін есті болуы қажет. Ең басты шарты – балиғат жасына толуы. Ғұламалардың басым көпшілігінің көзқарасы бойынша,балиғат шағы қыз баланың – 9-15, ер баланың – 12-15 жасында білінеді. Жалпы, 15-ке толғандар, балиғат жасына жетті деп есептеліп, жау­ап­кершілік міндеті жүктеледі.
3. Адам бойындағы кемшіліктерді қазақтар «мін» дейді. Адам міні негі­зінен екі түрде көрінеді, олар: кінә мен күнә. Кінә – адамның адамдар ал­дын­дағы міні болса, күнә – адамның жа­ратушысы алдындағы міні. Күнәні – тыйым салынған, харам істер деуге болады. «Күнә» ұғымы халықтың санасына ислам діні арқылы сіңді. Күнәға жалпы адамгершілікке жатпайтын көптеген теріс қылықтар (нәпсіқұмарлық, арамдық, азғындық, опасыздық, екіжүзділік, жауыз­дық, т.б.) жатады. «Күнә» ұғымы әрбір мәдени-өркениет жүйесінде, әр түрлі мазмұнға ие болуы мүмкін. Мысалы, хрис­тиан мәдениетінде басты күнәларға жата­тындары: өзін құдайдан жоғары санау («грех гордыни»), пайдакүнемдік («грех корысти») және нәпсіқұмарлық («грех сладострастия») болып есептелсе, онда мұсылмандық  өркениетте   бұлардың  қатарына арақ-шарап ішу, бес парызды орындамау, өсімқорлық, т.б. қосылады. Дегенмен, күнә  дәрежесіне қарай үлкен күнәлар және кіші күнәлар болып екіге бөлінеді. Бiреудiң күнәсiн басқа бiреу көтермейдi. «Күнә» сөзі − діни сенімге, ұстанымдарына, заңнамаларға қайшы істерді білдірсе, «кінә» ұғымы адамдар арасында болатын немесе мемлекет заңнамаларына қарсы құқық бұзу арқылы жасалған қылмыстар үшін қолданылады. Қазақстан Республикасының заңнамасында «кінә» ұғымына келесідегідей түсініктеме берілген: «Кінә – ол заңмен қарастырылған тұлғаның қасақаналық немесе абайсыздық ниетімен жасалған қоғамға тигізетін қауіпті зардаптары әрі өзінің мемлекеттік және қоғамдық құндылықтарына психикалық қатынасы мен пайдакүнемдік пен селқостық таныту болып табылады». «Күнә» мен «кінә» бір-бірімен байланысты ұғымдар деуге болады. Өйткені, белгілі бір мемлекет азаматының жасаған ісі заңға қай­шы болса, ол – кінә. Кінәлі жандар тиіс­ті жазасын алады.
4. Қазақ әдет-ғұрпындағы «кінә» ұғы­мының моральдық тұрғыдағы мағынасына тоқталсақ, ол адамдардың өз араларында болған түсініспеушілік салдарынан туындайтын, яғни, қыл­мыстық заң бұ­зарлық әрекетке жатпайтын амалдарды айтуға болады. Мысалы: абайсызда қағып кету, сөзге келіп қалу, жан күйзелісінің әсерінен балағаттау және т.б. Мұндай істер ар сотында қаралып, әдепсіздік пен көргенсіз ретінде жауапқа тартылады. Басты амал: – кешірім тілеп, керек бол­са, аяққа жығылып, ант ішіп, екін­ші рет қайталанбайтынына серт береді.Ке­шірім жасай білу де әдептілік үлгісі.
5. Өмір – адамға табиғатпен берілген ең қымбат дүние. Адамның ұзақ, мәнді де сәнді өмір сүруінің негізі – оның ден­­саулығы. Денсаулық адамның ең қа­сиетті де құнды, қайталанбас, жоғалса қайта орнына қиындықпен келетін, орны толмас асыл қазынасы. Адам өміріне қауіп төндіретін жағдайларға соғыс, ашар­шылық, экологиялық жағдай және адам ағ­засын улайтын зиянды әдеттер болып табылады. Еліміздің әрбір адамы қалауынша өмір сүруге құқылы. Адам өмірі ғажайып нәрсе болғанымен, қас қағым сәтте үзіледі. Сол жіпті үзетін дерт-наша, темекі, арақ немесе иіскейтін, соратын улы газдар мен сұйықтар, қысқа элек­тромагниттік толқындар ар­қылы таралып, үгіттеліп жүрген
ойын­дар мен өлімдік насихаттар.Осы­­лардың бала ағзасы мен миына қан­ша­лықты зиян келтіріп, нендей жаман салдары бар екендігіне бейнероликтер мен слайдтар арқылы көрсетіп, әңгімелеу (Оқушылардың пікірлерін тыңдау.Оқушылардың біз білмейтін, естімеген сан түрлі әңгімесі болады екен. Бұл жайында олардың алған ақпараты өте көлемді көрінеді. Соларды өздеріне айтқызып, нендей зияны болғанын тыңдап, жалпыны одан жирендіру шарасын ұйымдастыруға болады). Біз, мұнда, бір сабақтың мазмұнын көрсету арқылы, жоғарыда аталған пәндерді қалай кіріктіріп үйретуге болатындығына мысал келтірдік. Оны қалай өткізу, оқыту, ұйымдастыру керектігіне пікір айтуды жөн көрмедік. Себебі, ұстаз шеберлігі өз зертқанасында қалыптасады.
6. Жыл сайын соңғы қоңыраудың алды-артына сиыстырып,сынып жетекшісінің есебін, ата-ана, пән мұғалімдері мен оқушылар алдында есеп беру сағатын ұйым­дастыру қажет (Бұл шараның мек­тептің әр сатысын бітірушілер үшін қажеті жоқ). Осы кезде, келесі оқу жы­лының ал­ғашқы қоңырауына дейін әр оқушының игерер тұнық иманы сапалар, адами қасиеттер, жібек мінез, биязы әдеп, ерекше өнер жайындағы сынып жетекшісінің пікірі тыңдалады. Ол, әрине, өткен оқу жылында сынып жетекшісі тарапынан ұйымдастырылған іс-шаралардың сыныпқа келтірген пайдасы, әсерімен қалдырған үлгі-өнегесін талдаумен ұш­тасады. Ата-анаға, оқушыға, сынып же­текшісіне арналып, бір парақ қағазды қа­рындашпен үшке бөліп сызып, ең басына игерілетін машық-дағды туралы,сынып жетек­шісінің пікірі, екінші бөлігіне ата-ана пікірі, үшінші бөлігіне оқушы пікірі жазылып үш еселенеді (Оқушы да, ата-ана да, сынып жетекшісінің пікірінен алып тастауға немесе оған қосып жазуға ерікті). Бір есесі  ата-анада, екіншісі оқу­шыда, үшіншісі сынып жетекшісінде сақ­талады. Ата-ана келесі оқу жылының ал­ғашқы қоңырауына келгенде, баласының игеруге тиіс машық дағдысын қалай игер­гені туралы бағалау пікірін ашық жазып тапсырады. Оқушы Наурызда болатын талқылауға дейін кем-кетігін толтырып, есебін жазып, тапсырады. Бағалау осы күнде «есептелді, есептелмеді» – деген тәрізді түсініксіздеу сөзбен белгіленсе, он үш жасқа дейінгілерге «айбат», онан үл­кендерге «абыройлы», «абзал» деген белгілер арқылы өрнектелуі дұрыс.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.