Шежіре және тарих

  • 21.12.2017
  • 320 рет оқылды
  • 0

Жасұзақ АМАНБАЙҰЛЫ,
ҚР ІІМ-нің «Құрметті ардагері», ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Шежіре халықтың шығу тегін, таралуын баяндайтын тарих ғылымының тармағы деуге болады. Шежірешілдік үрдісі көшпенді ғұмыр кешкен ата-бабамыздың өмір салты, әдет-ғұрпы, санасына орай туғандығы да анық. Осы далалық тарихнаманы шежіреші қарттар ауыздан-ауызға таратып отырған. Ол халықтың этникалық құрамын анықтауға, тұтастығын көрсетуге мүмкіндік беретін төл тарихымыздың нұсқасы, ұлттық рухани мәдениетіміздің құрамдас бір бөлігі. Осы дәстүр жайлы 47 жылдай ел арасында шежіре деректерін жинаумен айналысқан, кеңшар директоры қызметін атқарған З.Сәдібеков ақсақал төмендегіше жазады.

«Өзінің отаршылдыққа дейінгі дәуірінде партия дегенді есітіп-білмеген қарапайым халқымыздың береке-бірлігі, өмір тынысы, елдік қасиеті, тәлім-тәрбиелік істері ерекше болған. Отанын сүю мен қорғау міндеті, ынтымақтастығы, жомарттығы, бауырмалдығы, ерлік қимылдары, өнер мен мәдениетке құштарлығы, ата-мұраға жанкүйерлігі мен беріктігі, қан тазалығын сақтаудағы мызғымас бағыты т.б көптеген жақсы қасиеттері тек рулық дәстүрде сүтпен кіріп, сүйекке сіңген. Сондықтан, ендігі руға бөлінуді, оны білуді жеке бастың мансабы үшін саясаткерлікке шатастырмай, ұлтымыздың қан тазалығын, бауырмалдығын, намысқойлығын т.б. жақсы әдеттерін сақтап, нығайту үшін пайдаланған жөн болар» («Қазақ шежіресі», Т, 1994, 5-б). Ал, ұлтымыздың осы дәстүрі жайлы ой қорытқан Президентіміз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Түркі тілінің қара шаңырағы» атты мақаласында төмендегіше атап өткен: «Рулық дәстүрлер адамның санасына неғұрлым терең сіңіп берік сақталып отырды.
Өмір сүру укладының өзі әрбір адамның ұжымнан, қауымнан тыс тіршілік құруына дес бермеді. Рулық салт-сана мен әдет-ғұрыптың, түрлі нормалар мен нұс­қалардың соншалықты жанашырлықпен күні бүгінге дейін ұзақ сақталып келе жатуының себебі де, міне, осында. Міне, сол арқылы әрбір жеке адам өзінің тарихын, мәдени сана-сезімін қалыптастырып, ұлы даланың шетсіз-шексіз кеңістігін мекендеген бүкіл халықпен берік байланыс жасады. Рухани қасиеттерді берік ұстанып, қастерлеп сақтаудың үлгісін көрсетуші ең бірінші адам рудың жасы үлкен ақылман ақсақалы болды. Себебі, ол тірі тарихқа айналған данышпан ұстаз саналатын» (Мәдени мұра, А, №3 (42), мамыр-шілде, 2012, 9-б).
Өткендегі ата-бабалар жайлы әртүрлі кезеңдегі авторлар арқылы бірнеше ұлттық және жүздеген ру-тайпа шежірелері, көптеген жылнамалар мен насабнамалар жазылғаны белгілі. Олардың арасындағы елеулілері қатарына Рашид-Әд Дин, Әбілғазы, Өтеміс қажы, Ш.Құдайбердіұлы, М.Тынышбаев, Ә.Диваев т.б. еңбектерін жатқызуымызға болар. Әйтсе де, жазылғандардың бәрі бірдей нақты өткен тарихи шындықты баяндайды деп айтуымыз қиын. Әсіресе, өмірден өткен айтулы әулие аталған тұлғалар төңірегінде сараптаулардан өтпеген, дәлелсіз аңыздық бұрмаланған жалған мәліметтердің ұшырасатыны жайлы кезінде шығыстанушы, академик В.Бартольд өз еңбектерінде атап өткені мәлім.
Рулар мен тайпалардың тарихын ұр­пақтан-ұрпаққа жеткізген шежіре түрлері барлық халықтарда кездеседі. Қазіргі таңда өркениетті батыс және көптеген шығыс елдерінде ғылыми сараптаулардан өткен шежірелердің көп томдық жинақтары бас­палардан шығарылған екен. Бізде де қазақ тайпаларының шежіресі «Өнер» баспасынан бірнеше том болып алғашқы нұсқада ба­сылып шықты. «Алаш» ғылыми-зерттеу орталығында (жетекшісі Х.Ғабжалелов, Т.Омарбеков) шежіре деректері жинақталып, қазақ ру тайпаларының тарихы жан-жақты баяндалуда. Тақырыбымызға орай, қоңырат тайпасы жайлы сөз етсек, қазақ халқының этногенезін зерттеуші ғалымдарымыздың бірі, филология ғылымының докторы, профессор Ә.Қоңыратбаев «Көне мәдениет жаз­­балары» кітабында төмендегіше жазған:
«Қазақ этногенезін құраған кәрі тай­палардың бірі – қоңырат (Қай, Қият). Қоңыраттар Орта Азияда Афрасияб кезінен бері тұрған. Олардың «мыңдық» аталатын бөлігі (Әму, Байсын) өзбек этногенезін жасайды. Қият, Қай Анатолия түріктері арасында да бар» (А, 1991, 141-б). Қоңыраттардың «Қай» аталуы бір кездерде Алтайдан шыққан солтүстік топтағыларының солай, оңтүстік топтағыларының «Қият» деп жауларына қарсы ұрандап, шабуылдайтындығынан шықса керек. Бұл жайттар хұндар мен түркілер тарихына қатысты ұзақ жылдар зерттеулерін жүргізген, «Западная Монголия и Урянхайский край» көп томдық кітабын жазған академик Г.Е.Грумм-Гржимайлоның (1860-1936) және «Көне түріктер» кітабының авторы академик Л.Гумилевтің еңбектерінде айтылады. Ал, қоңыраттар жайлы алғашқы жазбаша дерек , түркілердің 12 патриархалды-тайпалық одақтарға даралануы қарсаңында 386-жылы Қытайдың жазба тарихында хатқа түскен екен. Қоңырат атауын тарихшы Ховорс Шығыс Монғолиядағы Конгур (Кунгур) өзенімен байланыстырады. Оны қоңыр ат мінген аталар атынан шығаратын шежіре жазушылары да жоқ емес. Пікірімізше, ол «Хұн-гүр-ат» үш буынды сөздерінен құралған.
Мұндағы «Хұн»(ғұн,күн) Күннің балалары ұғымында болса, «гүр» (бірлестік одақ) жинақтаушы, біріктіруші мағынасындағы көне түркі сөзі (мысалы, гурхан) «ат» көпше жұрнақ.
Мәліметтерге қарағанда, ауданымыз жерінде рулар шежіресін жазу дәстүрі 19 ғасырдың орта тұсынан басталған. Сол кезеңде, қоңырат тайпасы божбан руының Құлым атасы ұрпақтары (шамамен 1800 үй саны болған) шежіресін кезінде Түркістандағы Қоқан датқасының хатшысы болған діни сауатты Дайрабайұлы Шіңкар би бастап жинастырыпты. Бұл үрдісті Бұхара медресесін бітірген оның ұлы Орман би жалғастырған. Аталардың соңғы ұрпақтары жайлы мәлімет алып, толықтырып, осы шаруаны медресе бітірген, кейінде колхоз басқармасы төрағасы қызметін атқарған Орманұлы Міншәріп ақсақал атқарып келген. Бізге жеткен деректер бойынша, 1934 жылдары Комвузда жер бөлімінде қызмет істеген Алдан баласы Имахан, Есіркепов Рахым арқылы тарихшы М.Тынышбаев қолына шежіренің бір нұсқасы беріліпті. Аталған шежіреде қазіргі балалардан жоғарғы 14-ші реттегі ата Нұрымға дейінгі ұрпақтардың таралу тізбегі жеке-жеке талданып, тарамдалып нақты көрсетілген. Бұл оның шынайы тарихилығын көрсетеді. Одан жоғарыда тігінен тізбектелген 14 ата есімдері жазылған. Оларды өз дәуірлеріндегі ұмытылмастай сақталған аталар деуімізге болар. Әйтсе де, нақты әкелі-балалы тізбекте түзілген дей алмаймыз, араларында ұмытылған, хатқа түспеген аталар көп болған. Осы және өзге қоңырат шежірелерінің дені түп атасын Нағанай биден шығарып, оның 30 баласы және екі құлы болғанын баяндайды. Олардың ішіндегі Жығалы мырза, Мелдеби, Орынби атты балаларынан қазақтар арасындағы ұрпақтарын таратады. Түркітанушы, бел­гілі ғалым Ж.Бейсенбайұлы «Алтын Ор­даның түркі бектері» атты шығармасында («Мәдени мұра», А, №3 (42), 2021, 45-46 бб) Өзбекханның замандасы, одан соңғы Жәнібек ханның Хорезм өлкесіндегі улысбегі, өмірде жасаған Нағанай би туралы мәліметтерді келтірген. Атап айтқанда, араб тарихшысы Әбу Абдаллах ибн Батутаның 1334-жылы Өзбек ханның Бестау жайлауындағы ордасында Нағанай бидің қызы Кебек бегімнің қолынан зерлі тостағанмен берілген қымыз ішкенін, саяхатшының шығармасында баяндап жазғанын атап өтеді. Ал, америкалық ғалым Ю.Брегель орта ғасырлық қоңыраттардың әлеуметтік тарихын зерттеген еңбегінде Аққадай бахадүрдің 30 мың үйлі қоңырат пен 1000 үйлі басқа да түрік жұрттарын бас­қарып, Бұлғар, Шеркес, Қазан ұлыстарын билегенін, ұлы Нағдайдың Өзбек ханның Еділ дариясының төменгі ағысындағы елге би болғанын, Хорезмде жерленгенін жазыпты.
Мәліметтерге қарағанда, Нағанайдың атасы Салжұдай Шыңғысхан ұрпақтарымен құдандалы, ал, бабасы Бұлаған ноян сол ұрпақтардың түп анасы Бөртенің жақын туысы болыпты. Нағанай баласы Аққұсайын 1359-1372 жылдары Херезм мемлекетін басқарған болса, ұрпақтарынан Ішмұхаммед би 1760 жылдары қоңырат әулеті негізін қалап, ол билік 1920 жылдарға дейін ұла­сыпты. Әйтсе де, Қарақалпақ халқы құ­рамының жартысы дерлік және өзбек жеріндегі қоңыраттар бәрі бірдей Мауеренахр аймағына Шыңғысхан заманынан бері ғана қоныстанған деуге болмайды.
Мәселе түсінікті болу үшін көне тарихтан аздап желі тартқанымыз жөн болар. Зерттеуші ғалымдар аңыздық сипатта баяндалатын Оғыз ханды, қытай жылнамашылары арқылы хатқа түскен, біздің эрамыздан бұрынғы 209-174 жылдары ғұн елінде билік құрған Бөде (Мөдэ) тәңірқұтымен шендестіреді. Академик Ә. Марғұлан өзінің «Ежелгі жыр аңыздар» атты шығармасында: «Көп ғалымдар Мөдэні Оғыз ханның жорығымен салыстырып, екеуі бір сюжет деп анықтайды. Демек, екеуінің өмірбаяны өте ұқсас, екеуінің де ата дәс­түрімен елді жарқын түрде басқаруы, зұ­лымдыққа қарсы аттанған жорықтары халық аузында аңыз болып қалған (Бичурин, Бернштам)» – деп жазыпты («Қазақ тарихынан», А, 1997, 174 б). Аталған еңбектен екінші дәйектеме алсақ:
«Қыпшақты ескі Қытай тарихында кюеше, қыйғақ, Ше, Ши деп атаған. Та­рихтың баяндауынша «В середине 3-в до н.э. могущественное государство, которое китайцы называют Модэ (Бодэ) наибольшего значения. Они расподаются на тюрков западных и восточных, враждующих друг с другом, которые соединились вместе блогадаря походам Модэ. На севере жили кипчаки (кюеше), кай (огузы), Киргизы и Дин-лины. В числе западных тюрков Китайцы называют усунь к югу от Балхаша и далее на запад канглы (Кан-гюй) до Амударьи, к юго-западу от них до Каспийского моря юеджи. Модэ покарят все эти племена (В.В.Радлов) – деген жолдарда бар (173-б).
Еске алар болсақ, Рашид-ад-Диннің «Жылнамалар жинағы» шежіресінде Оғыз ханның Күн хан атты баласынан Қай, Баят, Алқраулы, Қарауйлі елдері таралғаны айтылса, Эргене-Кондағы Ашина (Көкбері) түріктерінің Алтын қазысы (би) үлкен ұлы Мергеннен Ұранқай және Қоңырат ұрпақтары таралғаны баяндалады.
Тарихшы Л.Гумилевтің «Көне түріктер» кітабының деректеріне жүгінсек, Батыс тү­рік қағанатының негізін салушы Устенмән Жабғу әскерлері соғыста жеңілген Солтүстік Алтайдағы жужандардың қалдықтарын алдына салып қуа отырып, малдарын айдап көше-қонған, соңына ерген 120 мыңдай халқымен 555-556 жылдары аймағымызға келіп қо­ныстанып қалғаны мәлім. Күлтегіннің үлкен күлбізік руникалық жазуында Иоллығ тегін арқылы «асыл Устенмән Жабғу» делініп тасқа бәдізделген, қай тайпасынан шыққан осы қаған әскерлері жужандықтарды Еділ өзенінен ары қуып тастаған болатын. Бұл жағдай 558-жылдары орын алған. Фирдоуси мәліметтерінде Устенмән әскерлерінің келген ізі ретінде Жетісу жері, Шу, Талас алаптары, Гүлзарунның Солтүстікке бұрылысынан төменірек (Байырқұм) оны кесіп өтіп, Әмудария бойымен кеткені айтылады. Әскерлер соңынан жүріп қоныстанған халық осы із бойында Талас, Шу алаптары, Қаратау жайылымдары, Сыр өзені орта ағысы бойын жайлаған. Олардың құрамында қоңыраттың Көтенші тармағындағы басты рулар, Құбасары (қыпшақтар), Үйсін, Алшын Байұлы, Баят т.б. тайпа ұрпақтарынан болған деуге болар.
Еділ өзенінен өтіп, қара үзген жұжан­дық­тарды (аварларды) қуып жетіп, құртуға Устенмән Жабғынның мұршасы келмейді. Артындағы еліне, жолшыбай қақтығысқан эфталиттер қайтадан тиісе бастайды. Құ­далық барыс-келіс орнатылған Иран еліне Соғдиана арқылы өтіп бара жатырған елшілік адамдары ұсталып, тегіс бауыздалады, тек хабар жеткізуші бір салт атты қашып құтылып кетеді. Түрік әскерлері батысқа жасаған жорығын тоқтатып, кері оралуға мәжбүр болады. Тарихи деректерге қарағанда, Устенмән өз қарауындағы туысқан түркі елдері басшыларына сауын айтып, әскер жината бастайды. Эфталиттермен болмай қоймайтын соғысқа, олардың мәжбүрліктен боданы болған, тістерін қайрап жүрген Хотандықтар да тартылады. Эфталиттер мемлекеті іргесіндегі, ауданымыз жеріндегі Сығанақ (Сұғ-он-оқ) жеріне әскери бекініс салынып, түріктер үлкен шайқасқа дайындалады. Қазірде, Сырдария өзенінің сол жағалауын бойлай салынған Көктөбе, Қаратөбе, Абызтөбе, Келінтөбе, Балапантөбе, оң жағалауында Ақтөбе, үстіртте Үштөбе қарауылдық әскери бекініс ретінде салынған деуге болар, құрылыстық биік жал топырақтан үйілген орындар бар. Сығанақ әскери бекінісінен Бестам қару-жарақ шеберханалары қалашығы да қашық емес. Археолог-ғалымдар К.А.Акишев, К.М.Байпаков, Л.Б.Ерзакович, Е.И.Агеева, Г.И.Пацевич еңбектерінде, аталған төбелер мен Сығанақ қаласы орнынан жиналған керамика деректері ішінара тексеріліп мер­зімделгенде, олардың 5-6 ғасырларға жа­та­тыны ғылыми тұрғыда тұжырымдалған.
Тарихшы Менандрдың деректерінде парсы-шахы Хұсырау Ануширван одақтасы түріктердің алдын алып, 563-жылы өз тарапынан эфталиттерге күшті соққы береді. Түріктермен болған соғысты баяндаған Фирдоуси 558-жылдан бергі 7 жылдық дайындықтан соң, олардың алдымен Шаш қаласын басып алғанын, негізгі күштерінің Шыршық өзенін кешіп өтіп, Самарқан жеріндегі өз әскерлерінің алдыңғы тобымен қосылып, эфталиттердің негізгі күші топтасқан Бұхара қаласына қарай бағыт алғанын мәлімдейді. Эфталиттердің патшасы Гатфар жазық далада соғысуды қаламай, Қаршы таулы аймағына шегініп кетеді. Несеф қаласы маңындағы соғыс 8 күнге созылып, эфталит әскерлерінің жеңілісімен аяқталады. Соғдиана жерлерін Устенмән әскерлері сол 565-жылы толық жаулап алады. Ұлы жібек жолы үшін қағандығы жерін кеңейткен Устенмән Жабғы Солтүстік Кавказды басып өтіп, 575-жылы Қырымды иеленген. Елі мен жері үшін 45 жыл дерлік аттан түспей, бар күш-қайратын жұмсаған Ұлы Қаған 576-жылы өмірден озады. Қағанаттың астанасы көне Құяс (Алматы облысы, Кеген ауданы, Жалаңаш тауы бөктері) қаласы болғандығы айтылып жүр. Десекте, Талас даласындағы көк шатырлы хан ордасында Рим елшісі Земархты Устенмәннің (Дизавул) қабылдағаны тарихшы Менандр еңбектерінде жазылып қалғаны оқырмандарға белгілі.
Тіл мамандарының айтуынша, көне оғыз тілінде сөз басындағы қатаң т, к, қ, ұ тәрізді дыбыстарының ұяңдануы, сөз аяғындағы г/ғ дауыссыз дыбыстар тұрақтылығы («дағ»-тау, «бәг»-бек) сақталған (ҚСЭ, 8-т, 439-б). Оның мысалына Түркістан, Кентау қалалары маңындағы сол замандардан қалған Оранғай, (Ұранқай), Хантағы (Хантау) елді мекендерін айтуға болады. Осыған орай, эфталиттерге қарсы соғысқа дайындалу, қару-жарақ жасау кезеңінде (қорғасын, мырыш рудалары көп болған). 558-565 жылдары Устенмән Жабғының қазіргі Хантағы ауылы жерінде ордасы болған деп айтуға да болар. Сондай-ақ, «Алпамыс батыр жырындағы батырдың Қытай еліндегі 7 жыл болған тұтқыннан босап, Тортай ағасына кездесуінде айтылған:
«Ассалаумағалейкум,
Қарахан тауда бабамыз.
Сірә қабыл болғанда,
Аға, сіздің тобаңыз.
Осы бағып жүргенің,
Қаңдай бектің жылқысы,
Бишара болған бабамыз.
***
Тортай жауабындағы:
Қарахан таудың түлкісі,
Келмейді ердің күлкісі.
Осы бағып жүргенім,
Кешегі кеткен жас берең.
Алпамыс бектің жылқысы,
Қарахан тауда қамалым.
Баяғыдай бола ма,
Алпамыс келіп заманым.
Жыр жолдарындағы Қарахан тау оро­нимін жіктеп жазар болсақ, айтылуына сай қара Хантау болып шығар еді. Бұл жердегі «қара» айқындаушы сөзі үлкен, байырғы мағынасын беретіні анық.
Батыс түрік қағанатында Устенмән өмірден өткен соң, билікке оның ұлы Қара Сор түрік (Пармуда) келеді. Ал, Шығыс түрік елінде Мұқан, Арыслан Тобахан қағандар қайтыс болғанда, тақ таласынан туындаған «Ұлы жанжал» салдарынан 585-587 жылдары Тоременге (Апохан) еріп, «Солтүстік аймақ хандығы», шамамен 100 мыңнан аса халқы Устенмән қаған ізімен келіп, біраз бөлігі Сыр өзенінен өтіп, Бұхара жеріне дейін қоныстаныпты. Осы мәліметтер Наршахидің «Бұхар тарихы», Абу-л Хасан ан-Нишабуридің «Білім қазынасы», Л.Гумилевтің «Көне түріктер» кітаптарында (А, 1993, 112-б) жазылған екен. Жоғарыда айтылған аймағымызға екі ретте қоныстанған түркі жұрты аталған оғыздар арасынан Қорқыт абыз, Алпамыс батырлар шыққан.
Айтар болсақ, соңғы кезеңдерде тарихымыз негізсіз ауызша аңыздарға, түр­ліше ниетте жарыққа шыққан насабнамалар мен шежірелерге, сондай-ақ, авторлардың бұратартушылығында жазылып жүргені жасырын болмай қалды. Қорқыт (энциклопедиялық жинақ) А, 1999-кітабында төмендегіше жазылған жолдар бар.
«Қорқыт Қармақшы ауданына қа­расты Сырдария өзенінің төменгі жаға­сында, Жаңакент (Иени кент) қаласында 8-9 ғғ өмір сүрген. Бұл жаңа қала Сыр өзенінің Арал теңізіне құйылар жерінде тұрғандықтан, қазақ халқы оны «Су аяғы-Ер Қорқыт» деп те атаған… Қорқыт өз заманында 4-5 хандықты басынан өткізіп, олардың бәрінде де уәзірлік қызмет атқарып отырған. Олар: Инал хан, Дойлы хан, Көл-Еркі, Тұман хан және Қаңлы қожа… Қорқыт атаның Арыстан баб, Әбу­шәкір Әбісейіт-Жамалұлы Құлғара сияқты ұстаздары және Әл-Фарабидей за­мандастары болған».
Кітапта жазылған мәліметтерге қатысты айтар болсақ, араб саяхатшысы ибн Хаухалдың «Жолдар мен мемлекеттер» атты еңбегінде «Әл-Харьят-Әл-Хадиса» жаңа қала туралы алғашқы болып, 10-ғасырдың соңында қағаз бетіне түсіпті. Сондай-ақ, Хорезм археологиялық экспедициясы (жетекшісі академик С.Т.Толстов) Жанкент қаласының орнына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, зерттеу нәтижелерінің қортындысымен қала 10-ға­сырда қайта салынған деген ғылыми тұ­жы­рымын жа­саған. Жаңа салынған Жанкент орнына іргелес болған «Мың төбе» немесе «Мың қала» (Жетіасар-3) тұрғындары Сырдария арнасының өзгеруіне байланысты 7-9 ғасырларда-ақ өзге өңірлерге қоныс аударған деп есептеген. Орынбор мұражайының қызметкері И.Кастанье 1907 жылғы сапарында жазып алған бақсылардың қобызға қосылып айтатын жырынан келтірген: «Су аяғы ер Қорқыт бақытсыздықтан қуала… Су аяғы ер Қорқыт ауруды сен қуала…» сөздері жаңа қала Сыр өзенінің Арал теңізіне құйылар жерінде тұрғандықтан, қазақ халқы оны «Су аяғы-Ер Қорқыт» деп те атаған» делінген қалаға қатысты басқа мағынадағы сөйлемге айналып кеткен (Қараңыз, «Книга Коркута», Коркыт ата, А, 1999- 504-б). Ал, Қара-Сор түрік Бөке хан кезінен Бұқар бектігінде хандық құрған Устенмәннің шөбересі Инал хан (Инал Сырмау-Нәлі қыт Нили кэхань) қытай қызы Сян-Шиге үйленіп, одан Тұман туылған соң, 601-жылы тайпалар соғысы кезінде опат болады. Інісі Дойлы (Басы тегін-Қыт.Поши) ағасынан қалған жеңгесі Сян Шиді әмеңгерлік жолымен алып, сол әйелімен Қытайға келеді, бірақ, бұл жерде ұсталып қалады (604), Басы тегін қытай тілінде «Поши» аталған, ол сөз «Құрбан» хан мағынасын білдіреді екен. Бұдан әрі Батыс түріктерінің ханы, Нәлі ханның балауса ұлы Тұман (Қыт. Дамань) болып шығады. Академик В.М.Жирмунскийдің пікірінше, Тұман хан атынан елді 7 жылдай немере ағасы Көл-Еркі басқарған. Ресми қытай деректерінде осы қамқоршы Киби тайпасының бегі Мохе-хан Гелен ретінде көрінеді. «Мохе» қытай тілінде «әулие» мағынасында түсіндіріледі. Ал, түркі тіліндегі Гол-Еркі (Көл Еркі) сөзі, қытай иероглифінде естілуіне сәйкес, Гелен болып хатқа түскен. Мұндағы Көл атауы ханның сипатталуында көлдей ұлағатты мағынасын берсе, еркі (иркин) лауазымын білдіреді. Қытай дипломатиясы екі аралықта кедергі болған, ұнамсыз Тоған еліне шабуылдауды Тұман ханнан талап етеді. Түріктер 608-жылы Тоғанға соққы беріп, соғыстан көп олжамен оралады. Ауданымыз жеріндегі «Тұман арығы» сол кезеңде қолға түскен құлдар күшімен қазылған деген аңыз да бар. Шаш билеушісі Шегуй Түн Жабғы-Қаңлы Иавы хан 612-жылы Тұман ордасына шабуыл жасап, оның әскерін жеңеді. Тұман нағашы жұрты Қытайға қашып барады да, 618-жылы қастандықтың құрбаны болады. Қаңлы жерінде билік құрғандықтан, Қаңлы Иавы аталған Түн Жабғы хан одан әрі Кавказ елін бағындырады, алайда 630-жылы ол да бақталастық шабуылдың құрбандығына айналады (Л.Гумилев, Көне түріктер, А, 1993, 139-б).
Түркі қағанаты тарихына қатысты ұзақ жылдар түркі, парсы, қытай тарихшы­лары жазба деректерін пайдаланып, салыстыра-саралау әдісінде мәліметтер жинап, шығармаларын жазған, билеуші түрік қа­ғандарының генеологиясы мен оно­мас­тикалық атауларындағы кестесін түзген ғұлама тарихшы, академик Л.Гумилевтің «Көне түріктер» М. 1967 кітабындағы мәліметтері теріс деуге болмас. Осы жағ­дайда, Қорқыт атаның жоғарыда аталған хандарға уәзірлік етіп, бірге болған 6-ға­сыр­дың соңы мен 7-ғасыр аралығында ғұ­мыр кешкендігін айқындауға болады. Осы тұжырым өзге дерек көздерімен де бекітіледі. Атап айтқанда, М.Ергиннің «Қорқыт Ата кітабы» текстологиясына арналған еңбегінің кіріспе сөзінде Қорқыт Мұхаммед пайғамбар заманында өмір сүрген деп көрсетілсе, (Анкара, 1958-1963), Рашид ад-Диннің «Огуз-наме» кітабында да Қорқыт абыз 601-жылы қазаланған Инал Нәлі ханның замандасы екені, оның баласына Тұман атын бергені жазылыпты (Баку,1987, 70-71-бб).
Ұлтымыздан шыққан ғұлама ғалым, академик Ә.Марғұлан ағамыз да кезінде Қор­қыт абыздың ғұмыр кешкен жылдарын дәл табуға жақын қалған: «Ұлы жыраулардың ең ескі дәуіріндегі ұлы ұстазы Қорқыт (7-8 ғғ,) «Ежелгі жыр, аңыздар», 1985,157-б). «Қазақстан энциклопедиясының» бас редакторы, Пәлсапа институтының директоры, академик Ә.Нысанбаев одан беріде төмендегіше тұжырымды пікірін айтқан еді. «Қорқыттың өмірде болғаны, 7-9 ғасырларда Сыр бойында өмір сүргені, нақтылы тарихи тұлға екені бүгінге дейін жинақталған ғылыми деректер бойынша күмән қалдырмайды. Ата жағынан оғыз тайпасының Қайы (Қайыспас) дейтін атасынан тараса, ана жағынан қалың Қыпшақ нағашы жұрты болып келеді. Қорқыттың әкесі оғыз тайпасына белгілі Қарақожа деген кісі болса керек («Түркі дүниесінің кемеңгер ойшылы», Қ, 1998, 13-б). Осыған ұқсас пікірді М.О.Әуезов атындағы әдебиет және Өнер институтының директоры Ш.Ыбраев та айтыпты. «Қорқыттың тарихи ортасын исламға әлі бас ұрмаған қалың оғыз бен қыпшақтардың арасынан із­деуіміз қажет. Бұл мерзім шамамен алғанда, оғыздардың Оңтүстік және Батыс Қазақстан, Сырдарияның төңірегін мекендеген 7-9 ғасырлар арасына дөп келеді» («Қорқыт Ата», А, 1999, 582-б). Сондай-ақ, Түрікмен ғалымдары жинастырған «Салур баба Құл-Ағли оғлы» атты ел тарихын баяндайтын еңбекте: «Қорқыт 7-ғасырда жасаған Инал Сырмау ханның тұстасы, 95 жыл өмір сүрген, Қарақожа ұлы» екені де нақты айтылған екен. Рашид-ад-Дин Қорқыт Атаның шығу тегін Баят тайпасынан деп көрсетсе, Әбілғазы «Түркімен шежіресі» шығармасында абыздың әкесі Қарақожаның Қайы тайпасынан шыққандығын баяндайды. Қайы тайпасы жұрты және хандарымен бірге жүріп, бірге тұрған, олардың ақылман уәзірі аталған атаның сол тайпа өкілі екендігі шындыққа біртабан жақын.
Еске алсақ, Рашид-ад Диннің «Жылнама­лар жинағы» үш томдығы Ғазан хан құрған «Тарих институты» басым бөлігі болған, жергілікті билеуші Баят тайпасы өкілдері айтуымен жазылғаны да мәлім. Оның бәрі бірдей шындыққа сай келмеуі мүмкін екенін кітаптың алғы сөзінде автордың өзі де атап өткен (К.Доссон, «Шыңғысханнан Әмір Темірге дейін», А.2003, 22 б).
Сонымен, Қорқыт (энциклопедиялық жинақ) А, 1999 кітабында жазылған басты айқындаушы мәліметтер шындыққа сай емес. Абыз атаның өмір сүрген кезеңін 200-300 жылдай соңғы заманға шегеріп, 10-ғасырда тұрғызылған Жанкент қала­сында тіршілік еткен және Арыстан баб әулие сияқты ұстазы болған деп оған шәкірт етудің де жөні келмейді. Айтар болсақ, Түркиядағы түркология ілі­мі­нің негізін қалаушы, бірнеше елдердің Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, акдемик Ф.Копрулудың «Түрік әдебиетіндегі алғашқы сопылар» шығармасы мәліметінде, Сайрам қаласында Ибрагим шейхтың отбасында дүниеге келген А.Иассауи әкесі қайтыс болған соң, жеті жасар кезінде өзінен он жас үлкен қыз апасы Гаухар Шахнозға еріп, Иассы қаласына келіп, Арыстан бабқа табысады. Молда Мұса Сайрамидың «Тарих-н Емнийе» шежіресі мәліметтеріне қарағанда Арыстан баб А.Иассауидың әкесі Ибрагим шейхтың інісі. Шежірелерді салыстыру және зерттеу нәтижесінде олардың әкелері Ильяс Шейхтан бастап имам Мұхаммед Ханефиге дейінгі аталары бірдей болып шыққан. Анықталған осы жағдайға қарағанда Арыстан баб әулие шамамен 10-11ғасырларда ғұмыр кешкендіктен одан ғасырлар бұрын жасаған Қорқыт атаға ұстаз болған деген әңгіме жалған. Сондай-ақ, зерттеуші ғалымдардың жинаған мәліметтеріне қарағанда Отырар қаласында туылған, медресесінде оқыған соң одан әрі араб елдері қалаларын аралап білімін жетілдірген «Әлемнің 2-ші ұстазы» атанған Әбу Наср Әл-Фарабидың (870-950) Жанкент қаласында болғандығы да жазба деректерде айтылмаған (ҚҰЭ, 613-618бб).
Еске алсақ, кезінде Қармақшы ауданында бірінші басшы болған Е.Көшербаев ағамыз Қорқыт атаға арнап архитектуралық ескерткіш кешен соғылуына бастамашы болғаны, атаның мүрдесін іздеп табу, зерттеу мақсатында Ленинград қаласынан белгілі ғалым В.Левшин бастаған комиссияны шақыртқаны да мәлім. Алайда, ертедегі Ұлттық тарихымыздың тереңдетіліп зерттелуін ұнатпаған кеңес дәуіріндегі жоғарғы лауазымдылардың ықпалымен ол істің аяқсыз қалғаны да белгілі. Қайсыбір ғалымдар өткен тарихи тұлғалардың өмір сүрген аймағын, уақыт мерзімін анықтауда тарих пен археологияға, ономастика мен рулар тарихына жете мән бермейді. Ондай кемшіліктер мен қателіктердің орын алуының себептері жайлы кезінде көрнекті ғалым Ә.Қоңыратбаев төмендегіше жазған:
«Ғылыми кадрларымыздың саны мен сапасы нығайған кезде Л.Гумилевтің «Древние тюрки», «Хунны в Китае», «Половцы на Волге», Б.Заходердің «Каспийский свод сведений о восточной Европе» (1-2-ғ), А.Кононовтың «История изучения тюркских, языков в Россий», Х.Коруглының «Огузский героический Эпос», В.Стеблеваның «Орхон жаз­баларының тілі мен өлең өлшеуі», Ж.Дюмезильдің «Карты и Осетинский Эпос», сондай-ақ «Ономастика народов средней Азии», «Тюркологический Сборник», «Этническая история и фольклор», «Ономастика востока», «Вопросы восточного литературоведения и текстологии», т.б. мәселелерге арналған қыруар еңбектерімен қазақ фольклортанушылары көп таныс емес. Фольклор-тарихи құбылыс болса, оны этникалық тарих, этнография ғылымдарынан тыс зерттеу пәлендей нәтиже бермейді.
Сондай-ақ, «бізде айтушы кім, қисса ақыны кім деген мәселенің арасы жіктелмеген. Мәулікей, Жүсіпбек, Нұралы, Сабал, Шәділер шығыс және қазақ сю­жеттерін хатқа түсіріп, пайдалы қызмет атқарған десек, екінші жағынан, олар қазақ эпосындағы көшпелі тайпалардың ежелгі ұғымдарын алып тастап, ондағы нанымдардың барлығын бір ғана ислам нормасына, яғни өз таным-түсініктерінің шеңберіне келтірген. Қазақ фольклоры бір ғана ислам дәуірінде туған деген пікірдің ши­кілігі айқын (Ә.Қоңыратбаев, 1-том, А, 2004, 513-515 бб).
Сан ғасыр бойына айтылып, ауыздан-ауызға таралып келген эпикалық жырлар өзінің даму барысында уақыт өткен сайын күрделене түсетіні заңды құбылыс.Осы жөнінде әдебиетші ғалымдарымыз еңбектерінде атап өткені де мәлім, «Осы ретте қай жырды алсақ та, оның бірден күрделі, өлшемді дәрежеде тумайтындығын бай­қаймыз. Бір батыр жайында ұзағынан айтылатын, мол сюжетке құрылған көлемді жыр бірден туған емес». Бұл жөнінде академик М.Әуезов қырғыз халқының «Манасы» жайында және қазақтың эпосы жөнінде жазған еңбектерінде батырлар жы­рының қайсысы болса да, алғашында жеке оқиғаларды суреттеуден туады дейді. Ең әуелі жырға батырдың бір-екі ерлік ісі қосылуы мүмкін» (Т.Сыдықов, Ғасырлардың кәусар бұлағы, 110-111 бб). «Алпамыс батыр» жыры түпнұсқасы қайдан бастау алған. Осы мәселе төңірегінде дұрыс байламды жауапты алғашқы тұжырымдаған ғұлама ғалым, академик Ә.Марғұлан болды дей аламыз.
«Алпамыс» жырының ескі сюжеті мен құрылысы берік сақталған эпосты айтып, қалыптастыруда ұйытқы болған оғыз елінен тарап шыққан қоңыраттар. Олар екі жерді қоныс етіп қалған. Бірі – Сырдария өңірі оғыздардың ескі жұрты, екіншісі –Жи­делі Байсын Амударияның бойы, сыртқы оғыздардың мекені. Ерте дәуірде оғыздар, олардан кейін шыққан қоңыраттар жаз бойы Сарыарқаны,Торғай,Тобыл, Жайық бойын жайлап, қысқа қарай Орта Азия мен жылы жаққа, Сырдың, Амудария алқабына барып қыстайтын болған. Шайбани заманынан бері қарай қоңыраттар екіге бөлінеді. Бір бөлігі – ең көбі Сыр бойында, Қаратауда, екінші бөлігі 15-ғасырдан бері Солтүстікке көше алмай Амудария бойын қоныстанып қалды (Қорқыт Ата, А,1999, 70 б).
Ғұлама академиктің 1946 жылы жазған «О характере и исторической обусловленнос­ти казахского Эпоса» атты мақаласындағы ой-пікірлері жайлы М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аға ғы­лыми қызметкері ретінде қазақ эпостарын зерттеумен айналысқан «Қазақ халқының батырлық жырлары» атты ғылыми еңбегі үшін Ш.Уалиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері (1972), Алматы облысы Ақсу ауданының тумасы Т.Сыдықов «Алпамыс» жырының дүниеге келген жері туралы нақты тұжырым жасаған.
«Алпамыс пен Қамбарға» салыстыру жасалғанда, көне өмірдің көрінісін көрсетуде, сюжет тізбегінде, образды кескіндеуде «Ал­памыс» жырында ерте кездің елесі айқын аңғарылады. Соған қарамастан екі эпос­тың екеуі де Сырдарияның жағалауында шығарылған («Ғасырдың кәусар бұлағы», А, 1980, 51 б). Қазақ Ұлттық Энциклопедиясында Алпамыс батырдың тегін ай­қын­дайтын төмендегіше жазылған жолдар да бар. «Божбан – қазақ халқының құрамындағы ру. Шежіре бойынша, Орта жүздегі қоңыраттар тайпасынан таратылады. Шежірелік аңыздарда Божбан батырдан таралған ұрпақ деген дерек бар. Божбаннан таралған белгілі адамдар арасында Байбөрі байдың баласы әйгілі Алпамыс батыр мен оның ұлы Жәдігер есімдері аталады»… (А,1999, 354 б). Еске алсақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутының ұстазы, филология ғылымдарының кандидаты Т.Ә.Қоңыратбаев өзінің «Эпос және этнос, Қазақ эпосы және оның этникалық сипаты» кітабының (Монографиялық еңбек) кіріспесінде батырлық жырларындағы ономастикалық атаулардың этникалық негізде жасалатындығы, соған сай «Алпамыс» жырының этникалық сипатын қоңырат тайпасының этножағрафиялық қозғалысы негізінде қарастырылуы қажеттігін атап өткен. (А, 2000, 6 б). Жоғарыда айтылғандай, 555-556-жылдары Устенмән Жабғы әскерлері соңында аймағымызға келіп қоныстанған, негізінен қай тайпасынан құралған халық, тарих деректерінде 10-ғасырға дейін елеулі көші-қон қозғалысына түспеген. Тек, осы өңірден шыққан Саманилер әулетінің Хорасандағы әскери басшысы болған Алыптегін, одан әрі 15 жылдан соң, Қаратау, Сығанақ өңірін жайлаған руластары мен мұсылман дінін уағыздаған дін таратушыларын соңына ерткен Себуктегін Сырдың төменгі ағысы арқылы Хорезм өлкесіне өтіп, 977-жылы Ғазнаун сұлтандығының негізін қалағаны мәлім. Бұқараны бағындырған Харун боғра хан (Әулие Ата) кезінен шегаралас Қарахан мемлекетімен мәдени және діни байланыстарын берік орнықтырған Себуктегінұлы Махмуд билігі 998-1030 жыл­дар кезінде сұлтандықтың барынша дамып гүлденген кезі болыпты. Ғұлама ғалым, академик Ә.Марғұлан төмендегіше жазған. «11-ғасырдың 20-жылдары Сыр бойындағы оғыздардың көпшілігі Амудария жағаларын қоныстанып отырған қалың оғыз ортасына барып қосылады. Оларды билейтін Махмуд Газневи, оның атасы Чубіктің тегі оғыз Қайы елінен еді. Тәжіктер оғызды түрік деп атайтын («Ежелгі жыр аңыздар» Қорқыт ата, А, 1999, 61 б). Махмуд Газневи билігін Ауғанстан, Хорасан, Солтүстік Үндістан, Хорезм, Рей, Таберистан, Исфахан халықтары толық мойындап мұсылман әлеміне танылған. Олар исламның негізгі қағидаттарына өзгеріс еңгізбекші болған Исмайлшылар мен карматтарға қарсы аяусыз күрес жүргізген. Бағдат халифы оған Сұлтан дәрежесімен бірге «йемин Әу-Даул уа амин Әл-милла» (Мемлекет және діни қоғамның сенімді тұлғасы) атағын берген. Сол замандарда мұсылман дінбасыларына үлкен құрмет көрсетілген. Ақындар мен тарихшыларға, ғалымдарға тиімді жұмыс істеулері үшін жағдайлар жасалған, оқу жүйесі үшін мешіт-медреселер тұрғызылған. Архитектура дамытылып, сарайлар, өмірден өткен көрнекті тұлғаларға арнап ескерткіш құрылыстарын салуға зор мән берілген. Кең сарайларда 400 ден аса ақындар мен ғалымдар, арасында Фирдоуси, Рази, Санаи, Гардизи, Утби, Бируни, Хорезми, Абу-л Фазл Байхакилер қызмет етіпті. Ғазнауилер билігі сал-жұқтармен және Орталық Ауғанстандағы Гура билеушілерімен соғыс жағдайында Хосрау Мәлік 1160-1186 жылдар заманына дейін жалғасыпты (ҚҰЭ, А, 2001, 96-97 бб).
Қайы руы өздеріне туыс қалың қоңырат арасына сіңісіп және араласып сол тайпаның этникалық атауын алған дейміз. Олар Амудария бойын өрлеп, Самарқанд, Бұқара облыстарына дейін таралған. Қоңырат руларының біраз бөлігі соңғы ғасырларда Қаратау мен Сыр өзені бойына қайта келіп қоныстанғаны да белгілі. Қазіргі бауырлас елдерінде айтылатын «Алпамыс» жыры нұсқалары сол замандардан бастап бөлекше жырлана бастаған. Жырдың алғашқы сюжеті қайсы өңірде бастау алғанына қатысты «Алпамыс батыр» жырының тарихи-этникалық тегі» («Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналы, А, 2011, №5, 77-82 бб), «Деректер то­ғысындағы тарихи шындық» («Айқын» газеті, №180, 10. 2013), «Алпамыс батыр» жыры, аңыз бен ақиқат» («Сыр бойы» газеті, №68-69, 17.5.2014), «Алпамыс»-па­триоттық көркем эпос», («Әлімсақ», әдеби-мәдени, тарихи-танымдық журналы, №7 (64), №8 (65) 2014) деген мақалаларымызды жа­риялаған едік. Осы шығармалармен қалың оқырмандардың танысуларына мүмкіндіктер бар. Ал, монотейстік «Тәңрі діні» заманында шамамен 7-ғасыр соңында жерленген ауданымыз жері Көккесенедегі Гүлбаршын және Қармақшы ауданы Сыр өзені жағасындағы бейіттегі Қорқыт ата мүрделері оларға туыс Газневидтік билеушілері арқылы 11-ғасырда мұсылман дәстүрінде жер қойнауына қайта беріліп, күмбездері тұрғызылған деп айтуымызға болады. Осы пікір алдағы кезеңде археологиялық сараптамалық зерттеулер арқылы дәлелденер болса, оған таңдануға да болмас.
Қазақ Ұлттық Энциклопедиясында жазылған Алпамыс батырдың шыққан тегі Божбан руы шежіресі жайлы бірер сөз. «Заңғар» баспасынан шыққан қолымызда бар Құлым атасы шежіресінде (А.2013) Қоңыраттан төменгі тізбектегі 14 ата ұр­пақтары тігінен бір-бір атадан көрсетілген болса, одан төменгі 8 атада біздерге дейінгі ұрпақтары көлденең тізбектерде нақты тар­қатылып, оның шынайылығы білдірілген. Әйтсе де, ерекше жағдай, Қоңыраттан төменгі үшінші ата Тәңірбергеннен (Көтенші) Сүйі­ніш, Сопы, Мақы, Досымқұл атты бала­лары болғандығы көлденең тізбекте көрсетілген. Деректерге қарағанда, ертедегі қытай жазбаларында Алтай таулары қой­науларында Сунише, Мохы, Сохы аталған ру, жер аттары кездесетіні айтылып­ты. Бұдан өте ертедегі антропонимдік атаулардың ұмы­тылмастай сақталып қалғаны байқалады.
Орхон-Енесей жазуларын 1997 жылдан үзбей зерттеп келген ғалым Бекжан Орын­байдың «Түркі күлбізік жазба ес­керт­кіштері тілінің семиотика-се­ман­тикалық негіздері» атты зерттеу еңбегі 2016 жылы «Қазығұрт» баспасынан басылып шыққан. «Ана тілі» газетінің №3 19-25/1-2017-санында Күлтегін жазба ескерткіштерінің текстологиялық түзетілімі, транскрипциясы мен аудармасы оқырман қауым назарына ұсынылған.
Үлкен жазу!
Үс (т) те Көк Тәңірі көк аспан кеңістігін, аста айғыз жерді жаратып табынтқанда, екеуінің арасында адам баласы қылынған. Адам баласында тақ үстінде аталарымыз, Ер, Алып ұлық билеушілеріміз Боджман қаған асыл Устенмән джабғу, Қазыққұл қаған, Мәукен қаған, Арыслан Бек йұғұруш (уәзір), Тоңқбек қаған тектес ер бектер отырған. Отырып, түрік халқының елін, билік заңын ұстай берген, құрып нығайта берген.
13-ші кіші жазуда Күлтегіннің 47 жас­та қайтыс болғаны, табғаш қағанның тас қашаушы шебері Чаң Сәңұнның осы жазбаларды бәдіздегені айтылыпты. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Түркология ғылыми-зерттеу институты аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Бекжан Орынбай ескерткіш жазбасындағы бұрыңғы ғалымдар Бумын деп оқыған есім бір ғана дыбыс-Дж таңбасының оқылмауы себебінен жаңылыс қатені түзеткен.
Нәтижесінде, Түрік қағандығының негі­зін қалаушы қоңырат тайпасының қай тар­мағынан шыққан Боджман (Божбан) қаған және Істенмән қағандар екені анықталады.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.