СӨЗ ӨНЕРІНІҢ ЗЕРГЕРІ

  • 21.12.2017
  • 735 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ,
профессор

Қарапайым өмірді бар болмысымен тек сұлулық арқылы ғана қабылдап, тек сұлулық арқылы ғана танып, танытып, өмірден өткен қайран Зекеңнің – жаны да, тәні де сұлу ұлы ұстаздың әдебиетті тануы мен танытуы да сұлулыққа негізделетін. Зекең жәй сөйлей алмайтын, ол әркез тебіреніп, теңселіп, сұлу сөздерден самаладай жап-жарық сәнді сарайларды көз алдыңда, лезде-ақ салып қоя беретін. Зекеңнің сөйлегендері мен жазғандары мәрмәр тастардан әсем қаланған сұлу сөздердің өркен жайған, өрімі мен өрісі болатын, көрікті ойдан шыққан көркем сөздер әсем қиюласқанда, жырға, поэзияға айналып кететін. Ұлы ұстазымыз шалқар шабыттың жетегінде тұрғанда, жүзі нұрланып, көзі от шашып, ғажап бір күйге түсетін. Осындай тұстарда ақын боп жаратылған ақ Зекеңнің аппақ жанынан, сырлы жүрегінен туған небір асыл сөздерді естіп, тыңдап, рухтанып, рахат бір күй кешіп, әсемдік әлеміне санаңмен, сезіміңмен сайран салуға құштарланып, ынтығып тұрар едің-ау, шіркін!
Адамдарды өзіне магниттей тартып алып, оларды өзінің тау суындай мөлдір, таңғы шықтай таза сезіміне бө­леген күйінде тербетіп отыру – академик Зейнолла Қаб­долов жаратылысындағы айрықша қасиет болатын. Ол адам­дарды сүйетін, алаламай, бәрін жақсы көретін. Жек көру сезімін Зекеңнің бойынан қасында қан­ша жүргенде, бір бай­қамаппын. Ол нұрлы адам еді. Зекеңді қоршап, қаумалап жүрген адамдар одан шашылған шуаққа шомылып, одан таралған нұрға малынып жүре­тіндей көрінетін. Еш­кімге ешқашан болмайды, жоқ деп айтып көрмеген, айтпайтын, ол адамдардың бәріне бірдей жақсылық жасауды өзінің міндеті санайтын. Сату-саудалаусыз, міндетсімей, айналып-толғанып отырып, меселіңді қайтармай, шаруаңды бітіріп жіберу – Зекең үшін қалыпты жағдай еді. Зекең өмірі өзіне қалай ұқсаса, бір ғажабы, жаз­ғандары да өзінен аумайды. Зекеңнің жазған «Әдебиет теориясының негіздері» оқулығын оқыған қарақалпақ профессоры «Өлеңдей оқылады екен» деп таң қалыпты.
Шынында солай, өйткені, Зекеңнің өзі, өмірі, өнері бәрі де өлең. Зекеңнің кез-келген ғылыми-шығармашылық еңбегі әдеби-эстетикалық талдау мен танудың ең жоғары үлгісі, үздігі болып табылады. Мәселен, бір ғана «Монологты» алып қарайықшы. Бір мақала арқылы қазақтың аса талантты ақыны Сырбай Мәуленовтің шығармашылығын қолмен қойғандай етіп талдап, таразылайды, өлеңнің ішіне кіріп кетіп, өнер үлгісі тұрғысындағы оның қадір-қасиетіне сырбаз, сергек үңіледі, көркем шығарманың сындарлы сипатын тамыршыдай тап басып танып, дәл айтады. «Монологтағы» әдеби-эстетикалық талдау:
«Соғыс жыртып соқадай,
Талай түсіп тартысқа.
Таяп қаппын о тоба-ай,
Ақ қыраулы алпысқа», – делінетін шу­мақтан басталады.
Бұл шумақ, әрине, бір үзік сыр, ақын­ның ішкі сыры, өзі туралы айтқаны. Біз болсақ, осы тұста әдебиет теориясы туралы білетініміздің бәрін сарқып, ақындық «мен», лирикалық «мен»-дер төңірегінде теория соғып, оның автобиографиялық, автопсихологиялық сипатты болып келетінін айтып, лирикалық кейіпкер ұғымы туралы бір көш әңгімелеп, қазіргі лирикалық поэзиядағы ақындық «меннің»туындыларын профессор Г.А.Пос­пеловтің «медидативтік» лирика деп қарастырып жүргенін айтып бір-ақ тоқтар едік. Ал, Зекең болса, өлең­нің өзіндей өріммен С.Мәуленов шығар­ма­шылығын тұтас қалпында қалай тану мен танытудың үлгісін көрсетті. Ақынның әдебиетке келу, өсу, қалыптасу, даму арналарын, шеберлікке жету жолдарын бірер сөйлемге сыйдырып жіберіп, келістіріп айтып, көркемдік таным биігінен көрінді. Зекең: «Жә, сонымен Сыр-аға, Жыр-ағасына қалай тез өскен? Бірден бірегей күйге қалай тез көшкен? Бұл сұраққа жауап таппай, Сырбай жырының сырын, яки талант табиғатын тану қиын», – деп алады да, «Шынайылық атаулының бәрі шынығуда, шыңдалуда жатады, құрыштың қоздаған шақта балқитыны секілді, асылы, өлең де маздаған от­та шалқиды. Сырбай ақындығы Ұлы Отан соғысының от-жалынында шынығып, шыңдалған. Мәуленовке біткен өнердің шынайылығы да сонда деп білген жөн», – дейді. Қалай түсінбеуге болады? Құрғақ теория соғудан әлдеқайда мәнді, жанды, терең түсінікке жетелейтін өрелі ой-толғамдар осылар емес пе? Әдебиет есігін кешігіңкіреп келіп ашқан С.Мәуленов шығармашылығының музасы Ұлы Отан соғысы болғаны айна-қатесіз шындық. «Мың қолдар сау болсын деп, мен бір қолымды бердім» деп ақынның өзі айтқандай, Ұлы Отан соғысы уақыты С.Мәуленов өмірінің өрелі кезеңі ғана емес, өнерінің де мәуелі өзегі болып табылады.
Ғылыми таным бойынша, бүтін бөлшек арқылы танылса, Зекең «Монолог» ар­қылы С.Мәуленов шығармашылығының бүтін сырын анық аңдатқан, тұтастай танытқан. Ал, бұл ерекшелік кез-келген әдебиетшінің қолынан келе бермесе керек. «Мәуленовтің қырық жыл ішінде жазған қыруар өлең-жырын арналы композициясымен қоса арнайы шолып, оған бірыңғай көзқарас белгілесек, Сырбай поэзиясы – ақынның өзі ғұмыр кешіп, тіршілік етіп келе жатқан мезгіл мен мекен жайлы, яки уақыт пен кеңістік хаһындағы мың салалы біртұтас мықты да мығым монолог дер едік. Сөз өнеріне тән сыр мен шын­дықты, ой мен сезімді, парасат пен философияны түп-түгел осы монологтың мазмұнынан табар едік. Сөз зергеріне тән хас тіл мен стильді, мәнер мен ма­шықты, орам мен өрнекті, түп-түгел осы монологтың пішінінен табар едік», – деп көсіледі Зекең. Бұл – өлеңтанудағы сұңғылалық, талғампаздық қана емес, өлеңді сүюдің, өлең арқылы өнерді сүюдің керемет үлгісі болатын әсем әфсана, жұмыр жолдардан тұратын сындарлы сын, сипатты толғаныс, мөлдіреп, төгіліп тұрған сыр.
Бұндай төрт аяғы тең жорғадай төгіліп толғану, сөгіліп сырласу тек Зекеңнің қаламына ғана тән стиль екенін әдебиет аулына жақын жүргендердің бәрі біледі. Лирикалық поэзияның кез-келген үлгісінің ішкі мазмұнында жүріп жататын жаңару-жаңғырулар, тақырыптық, мазмұндық түрленулер мен түлеулер, мазмұндық мотивтердің сан алуан құбылыстары мен өзгерістері – бұның бәрі әдебиет теориясында өлеңдегі ақын тұлғасымен, ақындық «меннің» өнерлік тұлға тұрғысындағы сыр-сипатымен бірге ұғынылатын болса, Зекең «Монологта» осы айтқандардың бәрін қамти отырып, әдебиет теориясының білгірі екенін терең толғаныстарымен бір мақаланың көлемінде-ақ дәлелдеген.
«Осынау ұланғайыр бай, байтақ монологтың бас кейіпкері – ақынның өзі, предметі – бас кейіпкердің өмірі, қысқасы, бір адамның, ақынның тағдыры мен тіршілігі. Ал, осының өзі – халық тағдыры, халық тіршілігі». Бұдан асырып қалай айтуға болады. Зекең бұдан әрі «Монологта» орыстың ұлы сыншысы В.Белинскиймен ой салғастырып, теңестіріп, тебірене түседі. В.Белинскийдің лирикалық поэзия, өлең өміріндегі ақын тұлғасы жайлы айт­қандарын С.Мәуленов поэзиясының негізінде «Монологта»нақты дәлелдейді.
Лирикалық поэзияның таза субьективті поэзия екені туралы айтылатын клас­си­калық анықтаманың шындығы, «Ли­рикалық поэзияның поэзиясы» екені, оның әдебиеттің басқа тектерінен айыр­машылық-ерекшеліктері мен өзіне ғана тән спецификалық сыр-сипаттары «Монологты» оқу барысында санаңда жаңғырады, ойыңда орнығады.
Зекең өлең талдау мен тануға нәзік жүрек дірілімен, ақынның өзіндей сырлы сезіммен барады.
«Сен мені ойладың ба!
Түсімде көрдім.
Тобылдың қойнауында,
Тобылғы ішінде көрдім.
«Жүрмеймін көтермесең»
Деп маған еркелейсің.
Өтірік кетем десем,
«Кетпеші ерте» дейсің.
Тәттілігі балдан артық осы шумақтан төгілетін сыр әркімнің басында болған, болатын махаббат машақатын еске түсіріп, жаныңды бір жадыратады, жүрегіңді қозғап-қозғап кетеді. Жас дәуреннің жалыны шарпыған сәттерді еске алудың өзі бір ғанибет – өмір сүруге құл­шына түсесің. Осының бәрі өлеңнің, С.Мәу­ленов ақындығының арқасы.
Ақын таланты бір мөлтек сырға бүкіл өмірді сыйдырып жібергендей. Бұл өлең – жай сөздердің реттелген топтамасы, не жинағы емес, бұл – өлең үнемі қоз­ғалыста, өзгерісте болатын өмірдің өзін бейнелеп тұрған жанды жыр жолдары. Жа­сан­дылықтан ада, шынайы сезім сыры. «Монолог» мазмұны тек бір ақын шығар­машылығының, не бір өлеңнің тегі мен табиғаты туралы емес, бүтін өнер, бүкіл өмір жайлы салиқалы ойларға жетелейді, жан сарайыңды кеңейтіп, көкірек көзіңді аша түседі. Зекеңше айтқанда, «мұндай таң тазалығына суарылған дірілді жыр тек мәңгі жас жүректен және үлкен жү­ректен туады. Мұн­шалық күн шұғыласына шомылған шынайы да сыйқырлы сыр тек қана аса ірі шеберліктен шығады. Демек, жоғарыда айт­қанымыздай, Сыр­бай поэзиясын бүтін бір әсемдік әлеміне тұтастырып тұрған мықты моно­логтың мазмұны – жаңағы үлкен жүректің ырғағы болса, пішіні – әлгібір ірі шеберліктің ізі деп білген дұрыс». Өлеңтанудағы әрі түйіп, әрі сүйіп айтудың жарқын үлгісі осындай-ақ болар.
Тағы да ұлы сыншы В.Белинский «Сыншы таланты – сирек талант»деп еді-ау. Осыған негіздеп айтсақ, нағыз әде­биеттанушы сирек талантты сыншы бо­луының үстіне, әдеби үдерісті әр уақыт өз жүрегінің лүпілімен сезініп, оны бар жан-тәнімен, ынты-шынтысымен қабылдап, қорытып отыратын, сол әдеби үдерістің тамырын ұстағандай, оның тарихын, бүгінін және ертеңін бағамдап, болжамдар жасайтын әдебиеттің әулиесі іспеттес десек, артық болмас. Академик Зейнолла Қабдолов тұлғасы бізді осындай ойларға жетелейді. Ұлы ұстаз ұлағатын біз осылай сезінеміз. Зекең сөйлегенде, бесік жырларынан бастап, қазақ поэзиясының барлық кезеңдері мен дәуірлеріндегі ақын-жыраулар шығармашылығынан мысалдар келтіріп және оны орынды жерге ғана сыйыстырып айтып, сөзін тұздықтап, әрлеп, әсемдеп отыратын. Ұлы ұстаз, әсіресе, ұлы Абай өлеңдерін түгел жатқа білетін, Абай өлеңдерін еске алып, оқып отырғанда, құдды ұлы ақынның өзімен тілдесіп отырғандай құдіреттеніп кетуші еді. Қазақ-кеңес дәуіріндегі әдебиет өкілдерінің барлығының да өлеңдері мен поэмаларынан мысалдар келтіріп, лекция­ны құлпыртып оқығанда, Зекеңді тыңдау өз алдына, оған елтімеу, таңданбау тіпті де мүмкін емес болатын.


Қазақтың талантты ақыны Қ.Мырза Әлі 50 жасқа толғанда, академик Зейнолла Қабдолов «Қадырдың қадірі» деген мақала жазды. Осы мақалада Қ.Мырза Әлінің бір шумақ өлеңі Зекеңнің редакциясымен сәл өзгерген қалпында, яки, бір сөзі ауыстырылып берілді.
«Ақын деп біздер айтамыз,
Адамды от боп маздаған.
Ақынға керек ақыл көп,
Асаулық (жындылық) керек аздаған».
Қ.Мырза Әлі нұсқасындағы «жын­дылық» сөзі асаулық сөзімен ауыстырылып беріліп отыр. Өлең контексіне осы екі сөзді қатар қойып ойланар болсақ, әрине, екеуінің арасы аспан мен жердей. Біріншіден, жындылық сөзі құлаққа дөрекілеу естіледі, ақындарды «жындылар» деп қабылдай алмаймыз ғой. Ал, асаулық сөзі – жеке тұрып та ойнап, өзіне тартып тұрған бейнелі сөз. Жылқы мінездес халықпыз, әдетте асау, асаулық деген сөздер жылқыға байланысты айтылатынын ескерсек, бұл жерде өлеңнің ұлттық сипаттылығы тайға таңба басқандай анық танылады. Өнер біткеннің, бар өлеңнің негізгі сыры да, сипаты да осы ұлттықта жататыны белгілі. Екіншіден, асаулық сөзі өлең контексіндегі басқа ақын, адам, айтамыз деген сөздермен үндестікке түсіп, жақсы қиюласып, жымдасып, бірге жамырасып кетті. Үндестік қазақ поэзиясының хас қасиеттерінің бірі екенін мойындасақ, асаулық сөзі арқылы өлең көп нәрседен ұтты, ұтылған жоқ.
«Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса» деп ұлы Абай күңіренетіндей бар ғой, сөз өз орнында тұрмаса, орынды қаланбаса, көзге шыққан сүйелдей кө­рі­неді. Әрине, Қ.Мырза Әлі сөзді дұрыс таңдай алмады, орынсыз қолданған деуден аулақпыз, дегенмен асаулық сөзі өлеңге әр беріп, жан бітіріп жіберген жоқ па? Зекеңнің «жындылықты» асаулықпен ауыстырғанынан өлеңнің бақыты жанғаны көрініп-ақ тұр.
Кез-келген көркем шығарманы әдеби-эстетикалық тұрғыдан талдау үшін, біз­діңше, негізгі нысанды өте жақсы білу керек. Мәселен, С.Мәуленовтің бір өлеңіне әдеби-эстетикалық талдауда оның бүкіл шығармашылығы және ол шығармасы қызмет атқарған әдебиет дәуірі мен кезеңі, ондағы өсу, дамулардың сыры мен сипаты бүтіндей негізге алынбаса, таным биігінде болу өте қиын. Әдеби шығарма, ол дүниеге келген уақыттағы әдебиет дәуірі мен кезеңі, тіпті, бүкіл әдебиет тарихы ту­ралы толық түсінік, мағлұмат болмаған жағ­дайда әдебиетшінің шынайы танымға толық жетуі мүмкін емес. Яғни, әдебиетші-ғалым әдебиетті терең білетін әдебиеттің өз адамы болмаса, бәрі бекер. Екіншіден, әдеби эстетикалық талдауды діттіген жерден шығарып, көздеген мақсатқа жету үшін әде­биетші ғалымның әдебиет теориясын, көркем шығармашылықтың психологиясын терең меңгеруі аса қажет. Керісінше жағдайда әдеби талдау өз мақсатына жете алмасы анық. Әдебиетші философ болмаса, эстетикалық категориялар жөнінде оның өнермен, сөз өнерімен байланыс-бірлігі хақында мағлұматтары мол болмаса, көркем шығарма мазмұнына дендеп кіріп, оны талдап-таныту мүмкін болмай қалады. Академик Зейнолла Қабдолов тұлғасында осы қадір-қасиеттердің бәрі бар болатын. Ол бүкіл болмысымен, бүтін бітімімен нағыз әдебиетші ғалым еді. Оның әдебиетші-ғалымдығына, жазушылық, ақындық, драматургтік, яки суреткерлік сипаты қосылғасын, ол нағыз әдебиетші, суреткер-ғалым болып әдебиетке қызмет етті. Өмірден озғанша қолынан қаламы түспей, тек әдебиет туралы жазды, тек әдебиет туралы ойланды, толғанды. Республика жоғары оқу орындарындағы филологтар даярлауда 50-60 жылдан бергі уақытта оқытып келе жатқан «Әдебиет теориясының негіздері» оқулығын академик Зейнолла Қабдоловтың жазуы кездейсоқтық емес болатын. Ардақты ұстаз, айнымас асыл аға, академик Зейнолла Қабдолов өзінің бүкіл өмірімен, бүтін өнерімен әдебиеттің өз адамы екенін дәлелдеп кетті.
Профессор Т.Кәкішев Зекеңнің сөз зергерлігі туралы: «Ол сөзді аузында кәмпитше сорып-сорып алып барып, сосын, ғана қағазға түсіреді», – дейді. Не жазса да, ойында әбден пісіріп алып, әсіресе, сөздерді таңдап, талғап қаластырып, өз жазатынына өзі қызыққан, риза болған кезде ғана жазу, мөлдіретіп, құйылтып, құлпыртып жазу тек Зекеңе ғана тән стиль, қолтаңба деген ойдамыз. Ол әр кезде сұлу ойлап, сұлу жүретін. Сондықтан, оның іс-әрекеті, жазған-сызғандары бәрі де сұлу болатын.
Бекзат болмысты, бүтін бітімді, сұлу жаратылыс иесі академик Зейнолла Қабдолов тұлғасы ешкімге ұқсамайтын даралығымен шәкірттерінің есінде мәңгі қалды, үлгі-өнеге, тәлім мен тағлым тұрғысынан бізбен бірге жасай бермек.

Алдыңғы «
Келесі »