САЛ-СЕРІЛЕР – САЙЫН ДАЛАНЫҢ СЫРБАЗ ӨНЕРПАЗДАРЫ

  • 21.12.2017
  • 804 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бердалы ОСПАНОВ,
мәдениеттанушы

Қазақ арасында әлі күнге дейін жүріс-тұрысы еркіндеу, көңіл көтеруге ерекше жақын тұратын адамдар туралы: «Міне, нағыз сері!» – дей келе: «Мынау әлі сал-серілігін қоймапты ғой!» – деген сөздерді естуге болады. Сонымен сал-серілер деген кім?
Сал-серілер өздерін қоғамда ұстауы шектен тыс еркін, ішкі дүниесі бөлек тұлғалар болған. Олар басқалармен сөйлескен кезде, бастарын шалқайта ұстап, қарсы ал­дындағы адам кім болса да, оған жоғарыдан төменге қарағандай кейіп танытатын. Киімдерінің тігілуі қандай өзгеше болса, түсі де соншалықты ашық та түрлі-түсті болуымен менмұндалап, көздің жауын алатын. Бас киімдері шоқтығы биіктігімен, ал, сырт киімінің етегі мен шалбарларының балақтары шектен тыс кеңдігімен таң қалдыратын. Кейбірде бұндай шалбардың біреуін тігуге тоғыз қойдың терісі керек болатын. Әрі бұндай ерекше киім көздің жауын алатын әдемі ою-өрнекпен көмкерілуі тиіс болған. Әдетте, сал-серілердің қалпақтары алқызыл жібек матадан, ал, басы қайқыланған етіктері осы түстес былғарыдан тігілетін. Және де бұндай қымбат та өзгеше киімдердің иесі болуы үшін олар тігіншілерден ештеңе аямаған. Ғалым Есмағамбет Исмаил ақын Иманғали Жылқайдарұлының Жәңке сал туралы мынадай әңгімесін келтіреді: «Жәңке салдың шоқтығы өте биік бас киімінің сегіз ұшы болғаны белгілі. Әр ұшының қайталанбас өзіндік бояуы болуымен қатар, көрікті болып көріну үшін түрлі әсемдік заттар ілінген. Ең биік ұшына үкінің бір шоқ қауырсыны байланған. Анда-санда сал басын төмен шұлғығанда, шоқ қауырсын айналасындағыларға қол бұлғағандай әсер қалдыратын. Салдың екі иығында да шоқ қауырсындар қадалған. Жәңке сал үлкен жағасы ар­қасына қайырылған ті­зе­сінен төмен түскен киім киген. Шалбары кең де ұзын, ал, аяғына кигені ала аяқ киім».
Сал-серілер сирек те болса, қару асын­ған. Бұл туралы ақиық ақын Қасым Аманжолұлының «Өзім туралы» атты белгілі өлеңіндегі мына жолдардан білуге болады:
Серінің семсеріндей сертке таққан,
Өлеңнің өткірін бір алшы менен.
Салдардың шаш қойысы да басқалар­дыкінен тым өзгеше болған, олар шашын толығымен алып тастамайтын, олар әдетте тұлым мен кекіл қоятын. Сазды аспаптарын да ерекше көріп, түрлі құс­тардың қауырсындарымен әрлендіріп, түрлі-түсті етіп бояу олардың ежелгі салты. Салдардың тағы бір ерекшелігі киім­дерінің түсі мен мінген аттарының түстері де бірдей болған. Мысалы, Ақан сері Қорамсаұлының аты мен киімінің түсі бірдей болғаны тарихтан белгілі. Сал-серілердің тағы бір ерекшелігі – олардың жібек арқанының ұзындығы. Арқаны неғұрлым ұзын болған салдың беделі де басқалардан биігірек есептелінетін. Сал-серілердің ең дәулеттілерінің арқанының ұзындығы жүз метрден асқан. Жетісулық атақты сал Дәурен Құдабайұлының Іле өзенінен өткенде арқанының ұшы сол күйінше арғы жағада жатады екен.
Сал-серілер сұлу, жүйрік ат десе, ішкен асын ұмытатын болған. Бәлен жер­де басқалардан асқан арғымақ барын естісе, соны қолына түсірмей тыншымайтын. Армандаған атына қолы жеткен соң, жануарды көптен сағына күткен сәбиіндей мәпелеген. Су орнына сүт беріп, үстіне қымбат жабу жапқан. Атының құлағына алтын сырға тағып, мойны мен жалына моншақ іліп, аяқтары мен құйрығына күміс білезік кигізуді сән көрген. Төрт аяқты досының маңдайына үкінің қауырсынын ілген. Жолда аялдағанда, сүйікті жануарының аяғын жібек арқанмен тұсаған. Ертоқымы, үзеңгісі, жүгені және өмілдіріктерін алтын және күміспен әдіптеген. Әдетте, сал-серілердің аттарының соншалықты көркем көрінгеніне дүниесі асып-тасқан атақты байлар мен сұлтандар да қызыққан. Серілер аттарын түрлі қимыл жасауға үйрететін болған. Олардың аттары иесінің айтқанын бұлжытпай орындайтын: жат десе жататын, екі аяғын жоғары көтеріп тұратын, билейтін де.
Ақын Мағжан Жұмабайұлының Ақан сері туралы айтуы: «Астында жүзіктің көзінен өткендей жаратып тастаған бедеу. Екі жанында екі сұлу аты. Қайда барса, бір елі қалмайды. Шақырса екеуі екі жақтан келіп, тізесіне иектерін сүйеп тұрады. Ақанның өзінен басқа тірі жанды маңдарына жолатпайды. Өздері – туғалы жүген-құрық кимеген шу асау. Ақан бір ауылға түссе, далаға барып оттап, Ақан аттанарда келеді. Ақан кез-келген ауылға түсе де бермейді. Қалың қарауылдың ішінде өзінің таңдап алған белгілі ордалары бар. Сол ордаларға ғана түсіп, солардың ғана асын ішіп, солардың ғана төсегіне жатады. Болмаса қазы-қартаға бөлеп қойса да, кез-келген үйге түспейді Ақан. Түсіп отырған үйінің ыдыс-аяғында кір, қыл көрсе, яки, сол үйдің әйелінің бір бы­лықтығын байқап қалса, пісіп тұрған дәмді тастап, аттанып кете барады. Киі­мі кір адаммен отырғанда, тізерлесіп те отырмайды. Төсегі кірлеу үй болса, үйге жатпай, далаға жатады.
Сүймесе сері дер ме еді, қалың қа­рауыл Ақанға сері деп лақап береді. Сері туралы: Ақан бұрын атастырып қойған қалыңдығы Жұмат қожаның қызы Бәтиманы алады. Онымен он жылға жақын отасып тұрады. Бәтимадан бір ұл, бір қызы болады. Бірақ, ұлы тілсіз болады. Он жыл шамасында Бәтима өледі. Бірақ, серіліктің соңында жүрген Ақан Бәтиманың өлімін елемейді. Серілікті бұрынғыдан да үдетеді. Құлақ естір жерден алғыр қыран, құмай тазы, жүйрік жияды. Зілғараның баласы Әлібек батырдан бір жылда алпыс түлкі алған Қараторғай деген бүркітті, Сайрат төреден бір жылда тоғыз қасқыр алған Базарала деген итті алады».
Мағжан ақын серінің еркіндігін көре алмашулар болғаны туралы да жазған. Сағынайдың асында болған жағдайды ақын былайша баяндайды: «Ақан сол асқа Құлагерді қосады. 323 аттың алдында Құлагер жұлдыздай ағып келе жатқанда, анау Сайдалы асында ішіне қаны қатқан Барақбай Құлагерді көлденеңнен соқтырып өлтіреді. Асқа жиылған құмырсқадай қалың ел шуылдасып, гулесіп, бәйгесін алып, ойын ойнап жатқанда, Ақан мидай далада жолдасы Құлагердің басында кәдімгідей мөлдіретіп, көзінің жасын төгіп отырады. Күн былай тұрсын, түн бойы күңіреніп, Құлагерінің, сан­далкерінің, еркесі, үркеккерінің басын құшақтап отырады. Жан жолдасын қолымен өлтірген адамдай күйінеді: «Әлдеқайдағы Ерейменге неге алып келдім? Мал да болса, адамнан есті жануар-ай, шабуға жіберерде салбырап, басын төмен салып, кәдімгідей көзінен жасы бұршақтап тұрды-ау. Осы сұмдықтың боларын білген екен ғой еркекерім», – деп өкінеді. Керейдің игі жақсыларының өздері келіп, көңіл айтып, қол қусырып, ауылға шақырғандарына жұ­банбай, бармай, күңіреніп бір күн, бір түн далада өлген еркесінің басында отырады. Сол отырғанда, өзі мен сандалкеріне өлең шығарады:
Жануар Құлагерім қолдан кетті,
Дұшпанның қастығынан қаза жетті.
Ертеңінде Құлагерді кәдімгідей кебін­деп жерге көмеді.
Сал-серілердің жаны өте нәзік болға­нын қазақтың ұлы жазушысы Сәбит Мұқанұлы да растайды. Ол бала кезінде Ақан серіні көргенін «Өмір мектебі» атты кітабында былай деп жазады:
«1913 жылдың көктемі… Ақанның дом­­быраны тағы да аздап күйлегенін көр­геннен кейін:
– Құлагерді! – деп шу ете қалды жұрт.
Ақан домбыраның шегін аздап қатай­тың­қырап алып, көтеріңкі дауыспен: «Құ­­лагер» – деп бастай жөнелді… Ол:
«Құлагер жас кезінен керім еді,
Нағашым сұрағанда беріп еді.
Түбінен Ерейменнің айдағанда,
Бір сыншы көзі шыққыр көріп еді», – деп бастап, бұл бір ауыз өлеңді әнімен дұп-дұрыс айтты. Тыңдаушылар зор құрметпен қарсы алды. Одан кейін:
Жел соқса қамыс басы майда деймін,
Ат қостым, айдаушылар айда деймін.
Алдыңғы ат баран болмай қылаң болды,
Жығылмаса Құлагер қайда деймін? – деген «ауызды» айтқанда, бет-аузына қайғы бұлты оралғандай құбыла бастады… Одан кейін:
«Құлагер жаз жайладым, күз…» – дей берді де, жыламсыраған дауыспен, Құлагердің өлген жерін айтқанда, «жұлдым да сақал, шашты ойбайладым!» деп, өкси жылап қоя берді… Ақанның кескіні со кезде құйын үрлеген судың бетіндей ойран-ботқа боп, екі көзінен жас шұбыра жөнелді… Ол домбырасын қасына сүйей салды да, талықсығандай қисайып жата кетті… Дәулеткерей оны құшақтай алды да, біреуге: «Жастық әпер» дегендей ымдады. Әперген жастыққа қисайтқан кезде, Ақан қалғып кеткен адамның бейнесін көрсетті. Біреулер: «Су бүріксе қайтеді?» – деп еді. «Керегі жоқ» дегендей Дәулеткерей басын шайқады да, көпшілікке тысқа шығайық деген ым көрсетті.
– «Құлагерді» айтқызбайық дегенде болмадыңыздар, – деді Дәулеткерей тысқа шыға, – оның дертінің иесі осы ән «Құлагерді» айттырдық, – бүлдірдік оны!.. Енді ол екі-үш күнге шейін басын көтермейді, сөйлеспейді де…»
Кейін жас үлкейген кезде, жазушы се­рінің атақты Құлагерінің басын көрген: «Ол басты 1921 жылы, Ақан­ның тіл-құлақ­сыз мылқау баласының үйінде мен де көрдім… Керемет ұзын бас екен!.. Азулары шынында саусақтай екен!.. Қу сүйектің басқа сынын әрине біліп болмайды».
Ақан сері туралы бір аңыз-әңгімені ақын Әбділда Тәжібайұлы да жазады. Ол кісінің айтуы бойынша, Ақан сері жалғыз өмір сүрген кезде, ол туралы түр­лі алып-қашпа әңгімелер көп болыпты. Бірде досының: – Сен ен далада жүргенде, перінің қызымен кездеседі екенсің, сол рас па? – деген сұрағына Ақан сері, «Мен жалғыз қалған шақтарымда даланың әңгі­месін тыңдаймын. Ал, әндерімді жел әкеледі», – деп жауап беріпті.
Сал-серілер топталып та жүретін болған. Бұндай топ мүшелерінің саны қырық және одан да көп жігіттерден құ­ралатын. Бұндай топтарда түрлі өнер иелері жиналатын. Бірі әнші болса, екіншісі суырып салма ақын, енді біреулері қара күштің иесі балуан, тағы бірі бірнеше аспапта шебер ойнай алатын шебер сазгер, енді біреулері аттың жалында ойнайтын шабандоз. Сал-серілердің тобының көзге түсер мү­ше­лерінің бірі мешкей болатын. Ол көп тамақ жеп, мөлшерсіз қымыз іше алатын.
Мынадай аңыз-әңгіме сақталған. Бірде бір мешкей салдың алдына пісірілмеген үлкен құйрық майын қойыпты. Май тола ыдыс алдына келгенде сал еш қобалжу білдірмей, әлгі майды түгелімен қылғыта беріпті. Әрине, сал өзінің бұндай тамақтан соң, тірі қалмайтынын білген, бірақ сал деген аты болғандықтан, басқаша болуы мүмкін емес деп білген. Ақыры сал-мешкей осыдан соң, көз жұмыпты.
Сал-серілер қастарына өздерінің шабармандарын ертіп жүрген. Олар ауылға жақындағанда, қызық көру үшін жиналған көпшілікті кимелеп үлкен-кіші екеніне қарамай, қамшысымен арқа жонынан тартып жіберіп, сал-серілерге жол ашатын болған. Бір қы­зығы бұндай шабармандардың да қамшылары өздерінше ерекшелігімен көзге түсетін. Себебі түрлі-түсті бояумен боялатын.
Болашақта сал-серілік құрғысы келе­тіндер жас кезінен жасы үл­кен салдардың тобына қосылуға тырысқан. Атақты ақын Иман-Жүсіп Құтпанұлының мына сөз­дері соны айқындайды:
Баласы мен Құтпанның Иман-Жүсіп,
Серілік бала күннен қонған нәсіп.
Бұндай топқа еретін жігіттерге бұл қыдырулар өзіндік мектеп есептелінетін. Сал-серілердің қасында жүргендер арасынан кейін көптеген ақын мен әншілер шыққаны белгілі. Атақты «Қорлан» әнін шығарған Естай Беркімбайұлы жетпіс жасында былай деп еске алғаны бар:
Сері боп, сайран салып дүние көрдік,
Сал Біржан, Ақан сері қасына ердік.
Тағдыр сол, өткен өмір қайта
оралмас,
Шәу тартып тұралайтын тұсқа келдік.
Сал-серілер қазақ халқының еркесі болды. Сондықтан, әрдайым елдің көңілін көтеріп, таңқалдыру мақсатымен әртүрлі әрекеттерге баратын. Қазақ халқының болмысын зерттеуші Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы өзінің жазбаларында сал Өтебай Күшікбайұлы туралы жазып кеткен. Салдың әкесінің он екі мың жылқысы болған екен. Бірде Өтебай сал бір асқа барғанда, қонақтардың арасында ерекшесі әрі ең биігі болмақ оймен басына сәукеле киіп, әрі түйеге мініп бармақ болады. Осылайша сәукеле жасату үшін шеберлерге жүз биенің құнын төлейді.
Салдар мен серілерге көп нәрсе рұқсат етілетін. Мысалы, қазақ салты бойынша күйеуінің ауылына келін шымылдығымен баратын болған. Шы­мылдыққа кіруге тек күйеудің ғана еркі бар екені белгілі. Дегенмен, бүгінге «Шымылдық үзер» атты күйдің жеткені сал-серілердің шымылдықты ысырып, беташар басталмай келіп, келіннің бетін жұрттан бұрын көргенінің айғағы.
Сал-серілердің қоғамдағы еркін жүріс-тұрысы, бала кезінде қазақтардың әдет-ғұрыптарын молынан көрген, атақты ғұлама-ғалым, жазушы Мұхтар Әуез­ұлы­ның «Абай жолы» романында керемет суреттелген: «Ербол мен Абай күйеулер үйінде әсем шырқап, ән салып жатқан қыз-келіншек, жас-желең қызығын есітіп отырған. Бір уақыт осы үйге сырттан жеткен бір дабыр жұрттың бәрін алаң етті.
Тыста ерекше уақиға болғандай. Есік алдынан жүгірісіп өтіп жатқан жастар білінеді. Балалар шулайды. Кейбір ересек, кексе әйелдер, еркектер де сол уақиғаға қызыға көңіл бөліпті. Даурығып сөйлеп, асығып, алқынысып айтып тұрған хабарлары естілді:
– Уа! Салдар келеді!
– Мынау не деген сән?
– Жаным-ау, өздері қалай киінген?
– Ана біреу, сал ағасы. Бәрінің қолында үкілі домбыра.
– Мынау бір елден ерек жүріс екен.
– Жүрсең, осылай жүр. Сал-сері деген топ осы да!
– Арада балалар да қызығып, тамаша ғып, күле айқайлайды:
– Бөріктері сәукеледей!
– Шалбарын қара, шалбарын!
– Балағы қатынның көйлегіндей шұба­тылып жүр.
– Бұзаулаған сиырдың шуындай шұба­тылады тағы біреусінікі.
– Иттерді қосар ма еді өздеріне. Қан­дай дал-дал қылар еді, шалбарларынан алып! – деп күліседі.
Даладағы жұрттың бәрі: «Салдар, серілер келді» – десіп, түгел әбігерге түсті. Есқожа үйінде отырған үлкендер арасында Ызғұтты бар-ды. Ол «ауылды басынып келіп жүрген бейбастақтар кім?» – дегендей, «сал» деген атты ұнатпай:
– Ол кімдер өзі? Қайдан жүрген немелер? – деп еді. Есқожа бұлардың келетінін естіген сияқты.
– Бөтен емес, бәрін бастап жүрген өзіміздің Әмір көрінеді! – деді.
Әмір бастап, үлкен сауыққа салынып жүрген бір топ жігіттердің хабары Абай мен Ерболға бұрын да мәлім болатын. Бірақ, «сал», «сері» деген атақтары шық­паған-ды. Енді, сол топ ауылға, Үмітей тойына келеді дегенде, бұл екеуі де Әмір­дің қылығын көзбен көрмек болды. Үйден шығысқан еді.
Далада бұлар көзіне түскен көрініс екеуін де таңғалдырды.
Салдар күйеуге тігілген үш отауға қарай тақап қалыпты. Ол отаулардың ор­та­дағысы – сегіз қанат. Сырты қызыл-жасыл манатпен оюланыпты. Дөдегелерге қалың қызыл жиек бастырылған. Есік алдында кәмшат бөрікті, үкілі, үлкен шолпылы, өңшең әсем, сәнді бойжеткендер тұр. Кейде қатарланып, кейде топтанып, өзгеше қонақтарын тосады. Осы қыздар ортасында үлгісімен, киім сәні ерекше бөлінген, қара кәмшат бөркін шекесіне таман киген қыз бар. Ол топ жұлдыз ортасында Шолпанындай, той иесі қалыңдық Үмітей болатын. Қонақтарын қарсы алуға әдейі шыққан. Салдар отау үйге тартып, жақындап қалғанда, Үмітей қасындағы қыздарын бастады. Қанат жайған сәнді, сылдырлы, әзіл сыңқылды майысқан қатар салдарға қарсы басты.
Жаяу салдардың қастарында өңшең ірікті сұлу келіншектер келеді екен. Бай­мағамбет Абай мен Ерболға жалтақтап, дегбірсізденіп, таңдана сөйледі:
– Еркек салдар емес, арасында қатын салдар да бар ғой! Бұлары кімдер? – деп еді.
Ербол олардың кім екенін аңғарған екен:
– Сал қатындар болса, бірі өзіміздің «Әйгерім сал» боп шықты ғой. Келіншектер әдейі алдынан шығып, тосып алған күтушілер емес пе? – деп күліп тұр
Бұл кезде салдар ән шырқай түсті. Еркін, ерке топтың тойлы ауылға «біз келемізін» айтады. Баймағамбет енді аңғарды. Келе жатқан топ екі-екіден, бір сал, бір келіншектен мойындарына білектерін артысып, құшақтаса әндетеді. Ортада сал ағасы өзге топтан оқшауырақ алда келеді. Екі жағынан екі келіншек иығына қол асып құрмет етеді. Сал ағасы өзге жігіттерден жасы үлкен, бойы, бітімі де келбетті келген Байтас екен.
Домбырасы да үлкен, үкілі, сылдыр­мақты, моншақты. Ол да: «Мен сал домбырамын» дегендей. Ән арасында сол домбырасын Байтас аспанға көтеріп, бұлғақ қақтырады. Сал ағаның осы белгі­сі­мен арттағы өңшең әнші, ойнақы топ өздерінің шұбар ала домбыраларын аспанға көтереді. Бар тобымен айтып келе жатқан «Жиырма бестің» толқынды ырғақтарын шырқай сілтеп, құбылта бұралтатын-ды.
Абай мен Ерболға аса ұнап, қайран қалдырғаны: бар әнші жиылып бір-ақ әнді айтады. Әдетте, ойын-сауықта үй тола жиналған әнші болса да, бір әнге екі кісіден артық қосылып салатындар болмайтын.
Жиырма бес қайта айналып келмес саған… – дейді. Өздерінің осы жүрістерін соншалық ақтап тұрған қайырманы жас­тық ұраны қып, ту етіп, шалқытып келе жатқандай. Біріне-бірі қарсы келе жатқан екі топ жақындай бере, үндері молая түсіп, қосылып кетті. «Жиырма бестің» қайырмасына өз тобын бастап, Үмітей қо­сылған. Сол қайырманы бітіре бере, екі топ біріне-бірі жетті де құшақтасты. Жігіттер арасындағы келіншектің көбі ақ жаулықтарымен іріктеліп, кейінгі сапқа шықты. Алдыңғы қатарда, Байтас жанында қос қыз. Өзге салдардың да қолтығында бір-бір бұралған, әзілкеш қыздар келе жатыр.
Салдар ауылға тақай бергенде, алдарынан шапқыншы боп келген, мойындарына сапы асынған жасауылдары болатын. …Күйеу үйіндегі барлық әсем келіншектерді салдар алдынан алып шыққан да солар болатын. Келіншектер алдынан шыққанда, бар сал аттан түсіп, жаңағыдай жаяу сал, жаяу сәнмен келген.
Саны қырыққа жететін салдардың жасауылы онға жуық. Ала киімді, дырау қамшылы атарман, шабармандар екен. Қазір ортадағы оюлы отауға қарай барлық шұбар топ беттегенде, жасауылдар қонақтардың алдындағы жолды ашады. Екі жақтан ысқырта қамшы сілтеп, бала-шаға, бөгде топты жағалай жасқап, ығыстыра қуып жүр. …Күйеубасшы құда­лар, қонақтар да тегіс қамалап келіпті. Бірақ жасауылдар үшін қазір өз салдарынан қадірлі ұлық та, қонақ та жоқ.
– Тәйт!
– Тұр былай!
– Қағыл!
– Аулақ! – десіп, қалың топты отаудың екі жақ босағасына қақ жарып, екі сап қып қойды. Қатардан шығып, рет бұзғандар болса, жасауылдардың түстері бұзылып, көздері ашумен алара қарайды. Өңшең балуан денелі, әдейі іріктеліп алынған содыр жігіттер кейбіреулерді сирақтан, жоннан осып-осып, сатыр-сұтыр ұрады.
Бірақ, бұлардың соншалық айбар шеккен қаталдығын ел жиыны кінәламағандай. Қамшы жегендер де көбінеше күле қашып, еркелікті ұрыспай көтереді. Топтың алды – сұңғақ бойлы, шоқша жирен сақалды, орақ тұмсықтау келген қызыл сары жігіт Байтас. Ол мұндағы елдің біреуіне көз тастап, ілтипат қылмайды. Екі қызға екі жағынан, мойнынан құшақтатып қойып, үйге кірер алдында домбырасын тағы бір құдірет белгідей аспандата сермеді. Барлық әнші тобы жаңағы «Жиырма бестің» бұл күнге шейін көп домбырада ақырын ғана толқып, сырлы сыбырдай жеңіл лепіп келе жатқан ырғағын қатты шырқау үнменен көтерді. Ендігі әнді барлық салдармен қоса, қыздар, келіншектер де қостады. Салдың тобын ең артынан қоршап келе жатқан қара сақалды аға салдар бар еді. Қазір олар да қосылған. Әсем қайырманы үнемі қайталап отырып, жиын ілбіп қана басады».
Сал-серілер тағдырдың өзі таңдаған, ойлау қабілеті мен өзін қоғамда ұстауы елден ерек, еш қалыпқа сыймайтын тұлғалар болғаны туралы ғалым, зерттеушілер де жазып кеткен. Олар сал-серілерді құпия тылсым күш иелері және басқалардан рухани биік деп қабылдайтын болған. Александр Затаевич өзінің 1963 жылы жарық көрген «Қазақ халқының 1000 әні» атты кітабында: «Салдардың түрлі қылықтармен жарысуының шегіне жеткені соншалық, олардың бірі бас терісінің астына үкінің қауырсынын қадаса, енді бірі басқалар ешқашан бұндай әрекетке бара алмайды деп, ауылдың ортасымен тыр жалаңаш күйінде жүріп өткен» деп жазған.
Байырғы уақыттағы қазақ өмірінің қай жағы болмасын, сал-серілердің қаты­суынсыз көзге елестету қиын. Сонау алыс та сұрапыл қақтығыс, шайқастарға то­лы жаугершілік замандарда, соғыс бола қалған жағдайда сал-серілер шетте қалмаған. Қайта керісінше, олар ешқашан қауіп-қатерден бас тартпай күй кешкен. Шайқас алдында сал-серілер сарбаздардың алдына шығып, жан аямай соғысуға үндейтін болған. Және де ерекше айшықты киімімен жаудың көзіне түсіп, оңай оқ тиетін нысана көзіне айналамын деп уайымдамай көзсіз ерлікке де бара алған. Сал-серілер осылайша өлімнің көзіне тура қараған жандар.
Бүгінгі күнге сал-серілер туралы түрлі аңыз-әңгіме жеткен. Қазақ даласында «сексен сері» атанған топ пайда болады. Бірде топ мүшелері кезекті ауылдың сыртына келіп, қалың қамыстың ішіне жайғасып, шақыру күтіп отырады. Сонда, ауылдың үлкендерінің бірі «Әй, осының бәрі сал-сері деймісің, көрейік әуселесін, қамысқа от қойыңдар» деп бұйырыпты. Ауылдың жігіттері қамыстың шетіне от қояды. Өрт лезде өршіп лаулап жана бастайды. Сал-серілердің көбісі қамыстан тұра-тұра қашады. Сонда, солардың біреуі өрт жалынынан қашып бара жатқан жолдастарына «Сері деген атымды сатқанша, өртеніп өлгенім артық» дейді де, оттың ортасында малдасын құрған бойы жайбарақат отыра береді. Оттан шыққан салдар өрттің ортасында қалған жігіт туралы айтады. Сонда, ауыл басшылары ұятқа қалмайық, деп өртті өшіріп жаңағы жігітті ауылға шақырып, үлкен құрмет көрсеткен екен.
Сал-серілердің сұлу қыздарға деген қызығушылығы да өзінше бір төбе тақырып. Қайбір ауылда теңдесі жоқ сұлу барын естіген сал-серіні ештеңе тоқтатуы мүмкін емес екен. Және қыздың ауылына барған соң, сұлуды көрген сал қайтуға еш асықпайтын. Ауылға жақындағанда, елдің көзіне түсе салысымен атынан әдейі құлап, құлашын жазып, аяқтарын керіп, ауылдың қыздары келіп шақырмайынша жата беретін болған. Егер, қыздар келіп, ауылға қонақ болуға шақырса, салдан сыйлықтар алатын. Ал, егер ешкім кел­месе, сал сол күйінше қимылдамай жата беретін. Кейбірде ол осылайша бірнеше күн жатып шақыру күтетін. Ал, қыздар ақыры салға аяушылық білдіріп келген кезде сал ұйқысыраған болып есінеп, өзінше керіліп-созылып, оларды байқамағансыған болады. Бұндай жағдайда қазақ әдет-ғұрпына сәйкес, қыздар салды көтеріп тұрғызып қонаққа шақырады. Әрине, сал-се­рілер қыздардың шақырғанына бір­ден көне салмай, көптеген өтініштер айтылғаннан соң ғана ауылға баруға келісімін беретін. Кейбірде қыздар салды кілемге отырғызып, ауылға апаратын да болған. Бұндай жағдайлар Жәнке салдың басынан өткен екен. Егер де, сал өзі іздеген қызбен жүздесе қалса, сұлудың қандай тілегі болса да орындауға барын салатын болған. Ұзақ жол жүріп, іздеп келген сұлуына небір әдемі сөздерін арнайтын. Кеш бойы ән шырқап, би билеп, өткір де күлкілі әзілдер айтып қымбат сыйлықтар ұсынатын.
Кейбірде салдар жібек арқанын сый­лыққа деп қырқа-қырқа жаңа арқан сатып алуға мәжбүр болатын жағдайлар да орын алған. Әдетте ғашығының әкесіне көзінің қарашығындай сақтап, мәпелеп жүрген арғымағын сыйға тартып, үйіне жаяу қайтатын жағдайлар да аз болмаған. Үйіне келген соң, бәрін басынан бастайтын. Сондықтан, сал-сері болу арзанға түспейтін. Кейбір сал-серілер қартайған шағында жұпыны өмір сүрсе, енді біреулері тіпті де тақыр кедейшілікке түсіп кететін.
Ғалым Ақселеу Сейдімбектің айтуы бойынша, Біржан салдың басынан да осындай уақиға өтіпті: «Біржан найман ішіндегі Маман, Тұрысбек ауылындағы Сара ақынмен Ешкіөлмес бауырында айтысады. Сол сапардан елге оралғанда, жеңгелері олжа сұрапты. Сонда, Біржан:
Мен өзім Жетісуға барып қайттым,
Балқашын манабымен көріп қайттым.
Қыздары Жетісудың сұлу екен,
Жиғаным-тергенімді беріп қайттым, – деп жауап беріпті».
Сал мен серілердің айырмашылығын ажырату оңай емес. Ғалымдар бұл жөнінде серілер «ақсүйектер» арасынан – төре мен қожа арасынан шығатын болған дейді. Алғашқылары Шыңғыс ханның ұрпақтары, хан мен сұлтандар шығатын ортадан, екіншілері Мұхаммед пайғамбардың қызы Бәтима мен күйеу баласы Әлінің ұрпақтары болып келеді. Дегенмен, дәл осылай деп нақты айтуға бола қоймас. Мысалы, 19 ғасырдың ең атақты серілерінің бірі Ақан сері Қорамсаұлының шыққан тегі Арғын ішіндегі Қарауыл екені белгілі.
Сонымен, серілер ауқатты ортаның өкілдері боғандықтан, олар салдар секілді шектен тым шығатын әрекеттерге онша бара қоймаған. Серілердің салдардан айырмашылығы олар сыртқы көріністен көрі, ішкі рухани дамуға көбірек көңіл бөлген сыңайлы. Дегенмен, серілер сыртқы жүріс-тұрысқа да немқұрайлы қарамағаны белгілі. Бұған дәлел ретінде күйші Тәттімбеттің бірнеше ерекше қимыл-әрекетінен мысал келтірейін. Оның ақын Абай Құнанбайұлының атасы Өскенбайға берілген асқа аттың үстінде қолшатыр ұстап барғаны белгілі. Қолшатыр ұстамақ түгілі, қазақ әдет-ғұрпы бойынша, бұндай асқа ауылдың сыртында аттан түсу керек екенін біле тұра, ауылға атымен баруы, оның серілігінің нақты көрінісі.
Енді, бірде, Тәттімбет жалғыз ұлы қайтыс болып, қайғырып жатқан қария­ның киіз үйінің табалдырығына отырып, күй тартуы да қоғамдық ережені бұзғандық еді. Әрине, күйші қазақ ұғы­мында киіз үйдің табалдырығы екі дүниенің ортасының белгісі болып табылатынын және отырмақ түгілі, қасиетті табалдырықты басуға да болмайтынын жақсы білді. Бірақ Тәттімбет осынысымен ақсақалдың иығына түскен жағдайдың қаншалықты ауыр екенін түсі­нетінін және де сол қайғыны өзінікіндей көріп бөлісуге келгенін білдірмек болып осылай істеген.
Сал-серілер кейбірде оқшау өтініштерді де орындайтын болған. Бірде Тәттімбетке бір әйел келіп, әлі қартая қоймаған күйеуінің төсек ләззатына салқын болып кеткенін айтады. Сонда, Тәттімбет әйелдің күйеуін үйіне шақырып, мүлде белгісіз жаңа күйін орындайды. Күй ойналған сайын, еңкіш тартып отырған еркек сол жерде өзгеріп сала беріпті, беттері нарттай қызарып, бойын жинап, арқасын түзу ұстап отырыпты. Күйдің әсер еткені соншалық, терең ойға шомып, күй аяқталған соң, үн-түнсіз үйден шығып кетіпті. Әлгі әйел де серіге қайтып келмепті. Тәттімбеттің сондағы ойнаған күйінің аты – «Балбырауын» екен.
Қазақ өркениеті қыз баласын ер баладан бөлмей, кемсітпей өсіргені кейбір халықтарға үлгі боларлықтай екені рас. Елімізде қыздар арасынан шыққан салдар да болғаны осының бір айғағы. Қазақта «Наз» деп қыздар арасынан шыққан салдарды атайтын болған.
Сал қыздар кейде «керімсал» деп те аталады. Қазақ жерінің әртүрлі аймақ­тарында айтылатын керім сөзі «жақсы», «тамаша», «әдемі», «ғажап», «таңғажайып», «кербез», «сылқым», «сәнқой» тәрізді ұғымдарды, керімсал атауы «кербез», «маңғаз», «керемет», «ғажап» секілді ұғымдарды білдіреді. Осыған байланысты, сал және керімсал атаулары әнші, күйші, сазгер, өзі сұлу, әрі сәнқой қыз-келіншектердің ерке, еркін мінез-құлқын, ерекше сәнді киініп хор қызындай сұлу көрінуін, кербез қимылы мен сүйкімді қылығын, өнері мен бүкіл салтанатын, сауықшылдығын қамтитын сөз ретінде қалыптасқан.
Бұл атау осындай мағынада бұрынғы ақын-жыраулар тілінде ұшырасады. Мысалы, Бұқар жыраудың бір сөзінде:
Ерлер киер кебене,
Наздар киер келеме, – деген өлең жолдары бар.
Осы жерде қазақы атаулар мен байламдарды жинаушы Жәрдем Кейкиннің жазуы бойынша, «келеме» – жібектен тігілген, сәнге киер сырт киім екенін айта кету керек.
Қыздың салдық құруы қазақ-қырғыз халықтарында бірдей болған. Оң жақта отырғанда, қыздар бірнеше жыл салдық құрған. Сондай өнерлі қыздардың аты шыққан еркек сал-серілермен өнер жарыс­тырғандары да аз болмаған. Оны салдық салыстыру дейді. Өзіне лайықты, айналасына таңдап алған бір топ қыздарымен және он-он бес жігіттерімен ел-елді аралап, сән-салтанатпен жүріп, ойын-сауық құруы, жұрт алдында өнер көрсетуі салдық құру деп, ал, салдық құр­ған қызды сал қыз деп атаған. Салдық құ­ра­тындар көбінесе байлардың қыздары болған.
Қазақтың Дәурен деген салы мен қырғыздың қызы Қырмызының бір-бірін қонаққа шақырысуы туралы ел ішіндегі әңгіменің бірі мынадай:
«Дәурен ел-жұртын жинап: «Ер намысы – ел намысы», – деген, мынау ірге­лес жатқан қырғыз елінен менің салдық даңқымды естіп бір байдың сал-сері қызы көшіп келіп, ірге теуіп, қонып жатыр. «Көп түкірсе – көл», ағайын, сіздерден жәрдем күтемін, – деген. Дәуреннің бұл тілегін ел қабылдаған. Сонымен, Дәурен ақ үй тіктіріп, мама ағаштарды күмістетіп, керме арқанды жібектетіп, тартқызып тастайды.
Үйге түрікпен кілемдер ұстап, есіктен төрге дейін жапқызып, атлас шайыдан тысталған жастық жиыпты. Үйдің бау-басқұрларын нақыштатып, уық-керегелердің бастарын күмістетеді. Оншақты түйемойнақ сабаға қос піспек салып, оның басын да күмістетеді.
Сөйтіп, Қырмызы салды ауылымен шақырып күтеді. Дәурен сал Әулиеатадан бергі өзіне мінездес сері жігіттерді: Майкөт, Майлықожа, Сарбас, Тоқтағұл ақындарды, Балқыбек, Сауытбек, Жидебай секілді шешен, жырау құрбыларын шақыртады.
Қысқасы, қырғыз-қазақтың ортақ жайлауы Сусамырда екі сал, сері бірін-бірі қонаққа шақырып, жайлау сары жұрт болғанша, түрлі сауық-салтанатын құрысып, тамашалап жатады. Тамаша үстінде ақын, әншілер бірінен соң бірі суырылып шығып, өнер көрсетеді… Қырмызы қыз сүйріктей ақ саусағымен шаңқобызын қағып, сазды күйлерін тартады. Той тарқап, еліне жүрер алдында:
Аспара, Меркі жеріңіз,
Дулат, Ботбай еліңіз,
Дәурен сал сіз екенсіз,
Іздеп келдім даңқыңа,
Ыризамын халқыңа.
Атыңыз көп жайылған
Іздеп келдім айылдан,
Ағалықтың жолын бер,
Аман болғын асыл ер,
Ата-анамды барып көр
Мен бір сұңқар тұғырда
Томағамды алып бер, – деп, Дәурен салды қонаққа шақырады.
Дәурен салдың ұмытпасқа бір белгі беріп кет деген өтініші бойынша, сал қыз оған сақинасын беріп, туған жерінің нақты орнын айтады. Сөйтіп, бір жұма салдық салтанатын көрсеткен қырғыздың сал қызы Қырмызы риза болып, еліне қайтады».
Осы думанды көзімен көрген Кенен Әзірбайұлының айтуынша, сал-серілер қазақ-қырғыздың байырғы өнері ортеке ойнатумен де шұғылданған екен: «Қыз-бозбалалар қаз-қатар атқа мінген. Арт жағынан ән-күй, сырнай, шаңқобыз тартып келеді. Мінген аттары өңкей біркелкі күрең қасқа, саба артқан түйе. Кілем жапқан бір түйелі жігіт ортеке ойнатып келеді. Бір асау қара биені төрт жігіт жұлқынтып жетелейді. Қырмызы сал екі жолдасымен аққудай шаңқан боз арғымақпен алда кетіп барады. Салтанатпен келіп Қырмызы қыз оларға жеміс-жидектер шашқызып, балдай тәтті күлкісімен қарсы алып жапыраласып жатады. Бір жас жігіт тақпақтап елді күлдіріп жүр» – деп әңгімелейді».
«Өнер алды – қызыл тіл» деп біліп, сайын дала төсінде еркін өскен елдің қыздары арасынан бұндай өнерлі қыздардың шығуы түсінікті құбылыс. Жас күнінде керімсал болған қыздар жасы ұлғайғанда, салиқалы ел аналары бола білген. Атақты халық батыры Бауыржан Момышұлының бір әңгімесінде: «Бегімшенің шешесі қарт та болса сынды әйел еді. Жас кезінде кімсің Жұбай сұлу атанып, нағызсынған салдармен айтысқанда, аузын аштырмайды екен» – деп жазуы да бекер емес.
Әрине, қазақ даласында сал-серілерді түсінбеушілік те кездесетін. Ақын Көкбай Жанатайұлының салдарды сынаған өлеңі де бүгінгі күнге жетті:
САЛДАРҒА
Бояулы ер, түлкі тымақ, ақ үзеңгі,
Көк белбеу, саптама етік, шапан өңді.
Мал бағып, еңбек етпей, ат сабылтып,
Құдайдың қас әуресі таптың нені?
Сал әуре қыз-келіншек басын сүйеп,
Үкілеп бастарына таққан шені.
Оқумен өнер білім жұмысы жоқ,
Сергелдең серіліктің бар ма жөні?
Жас күнде оқу оқып, білім алсаң,
Таусылмас қазынаның болар кені.
Өткізген жас өмірді босқа жатып,
Ал, салдар бірінші рет көрдім сені.
Сырттай қарағанда, кейбіреулерге сал-серілердің жүріс-тұрысы, әрдайым қызықшылық құрып көңілді жүруінің мағынасы жоқ сияқты болғанмен, олардың қазақ даласында өзіндік орны болғаны сөзсіз. Сал-серілер азаттық сүйгіштіктің үлгісі бола білді. Олар көзге түсу үшін жасалған сырт қимылдары мен пішілуі мен тігілуі өзгеше түрлі-түсті киімдері дала тұрғындары үшін қайталанбас рухани сезім сыйлайтын. Бұндай мерекелерді көпшілік әрдайым аңсай күтетін. Даланың сырбаз да салқам өнер иелері көпшіліктің көңілінен шығу үшін әрдайым жаңа қызықтар ұсынатын. Мысалы, Бәшен сал өз өнерін жеке аралда көрсететін. Және де жұрт қаласа, саз аспабын тартып, малдасын құрып, бір орында мізбақпай қатарынан төрт күн отыра алатын болған.
Тарих бізге Біржан-сал, Ақан-сері, Тәттімбет, Жамбас, Сыпыра және бас­­қалардың есімдерін жеткізді. Сал-серілікті көзі ашық адамдардың көбісі дұрыс бағалаған. Атақты ғұлама ғалым, жазушы Мұхтар Әуезұлы өзінің кейбір мақалаларын «Жаяу сал» деген лақап атпен жариялағаны ол кісінің салдарға деген оң көзқарасы деп білу керек.
Сал-серілер туралы ең әділетті, жа­ғымды пікірді білдірген саз саласын зерттеудің айшықты сардары, ғалым Ахмет Жұбанұлы білдірген еді. Оның айтуынша, сал-серілер өмір бойы өздерін қазақтың кең даласын сахнадай сезінген нағыз өнер адамдары болған. Ал, енді, анда-санда атақты өнер иелері, эстрада жұлдыздары арасында байырғы сал-серілерді еске түсіретіндей қимыл-әрекеттердің қылаң беріп қалатыны болмаса, бұрынғы кез­дегідей сал-серілер бүгінде қазақ даласында жоқ екені өкінішті.

Пайдаланылған әдебиеттер:

«Бес ғасыр жырлайды»; Ә.Марғұлан «Күйді ерттеп, әнді мінген кемеңгерлер»; М.Жұмабайұлы «Шығармалар»; А.Затае­вич «Қазақтың 1000 әні»; Е.Исмаилов «Ақындар»; А.Сейдімбек «Ойтолғақ»; С.Негимов «Қазақтың сал-серілері»; Е.Тұрсын. «Происхождение носителей казахского фольклора»; Б.Аманов и А.Му­­­хам­бетова «Казахская традиционная музыка и ХХ век»; Б.Момышұлы «Қанмен жазылған кітап»; «Қазақтың этно­графиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі». Энциклопедия, 4 том; Жәрдем Кейкин, «Қазақы атаулар мен байламдар».

Алдыңғы «
Келесі »