ЖАЗУШЫ АҒАМЕН БІР КЕЗДЕСУ

  • 21.12.2017
  • 803 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бердалы ОСПАН,
мәдениеттанушы

Балалық шағымды ойласам, ең алдымен, жазушы Бердібек Соқпақбайұлы ағамыздың «Менің атым Қожа» атты кітабын алғаш рет қалай оқығаным ойыма келеді. Есімде жақсы сақталғаны, кітаптың басты кейіпкері Қожаның «Қазақстан пионері» газетін қалай оқитыны. Ол сүйікті газетін соңғы беттен бастап оқиды екен. Осыны білгенде, мен тура өзім туралы оқығандай қуанғанмын. Олай дейтінім, мен де «Қазақстан пионері» газетін соңғы бетінен бастап оқитынмын. Себебі, ең қызық мақалалар соңғы бетте басылады ғой. Сол күннен бастап бүгінге дейін «Менің атым Қожа» ең жақсы көретін кітабым, ал, кейін «Менің атым Қожа» фильмі ең сүйіп қөретін көркем фильмім болды. Өзімнің есімімнің де жазушы ағаның атына ұқсастығын іштей мақтан тұтатынмын.
Сол бір балалық кезде Алматыда тұрсам, Бердібек Соқпақбайұлы және басқа да ақын-жазушы, суретші, артист ағалар мен апайларды күніге көрсем деп армандайтынмын. 1980 жылы Алматыға бардым, әкем ғалым Әсілхан Оспанұлының қаламдас інісі, жазушы Қалдарбек Найманбайұлы ағамыз салған суреттерімді жаратып, өзі басқарып отырған баспаға суретшілік қызметке қабылдайтын болды. Бірақ, ол кезде Алматыда тұру үшін «тіркелу» керек болатын, бірақ, менде ондай мүмкіндік болмады. Содан, бір адамдардың «400 сом тапсаң паспортыңды қалада тұрады деп тіркетіп береміз» дегенінен бас тартып, себебі, ондай сома біздің отбасымыз үшін өте көп ақша болғандықтан, Шымкентке қайттым.
Есейе келе Бердібек Соқпақбайұлының басқа да шығармаларын қызыға оқыдым. Әсіресе, «Өлгендер қайтып келмейді» романы менің тағы бір сүйікті кітабым, әрі досыма айналды.
Кейбірде Бердібек ағамен бір кездесіп, әңгімелессем деген ой келетін. 1978 жылы «Қазақстан жазушылары» атты кітап жарық көрді. Кітапта ақын-жазушылар туралы қысқаша мәлімет, мекен-жайы мен үйінің телефон сандары басылған екен. Бұл маған бір ой салды. Сексенінші жылдардың басында салған суреттерімді Республикалық сурет көрмелеріне апарып жүрдім. Сол кездері жазушы ағамен хабарлассам деген ой келді. Бір күні Жазушылар Одағында бір жиылыс болды. Халық залға лық толы. Сол жерде Бердібек Соқпақбайұлын көрдім. Тура кітаптарында басылып жүрген суреттерінен еш айырмасы жоқ. Күлімсіреп отыр екен. Жақындап барып амандастым да: – Ағай, мен Шымкенттен келіп едім, Сізбен бір сөйлессем деп едім, – дедім. Ол кісі: – Мақұл, хабарлас, – деді. Сөйлеу мақамы сондай жылы, мені көптен бері білетіндей, өзімнің жақын көкелерім сияқты жауап берді. Ішім біртүрлі жылы болып кетті. Бұл менің ұлы жазушы ағамен алғаш рет тіл қатысуым еді.
Біраз уақыт өткен соң, 1985 жылы Ал­ма­тыға тағы бір жолым түсіп барғанымда, жазушы ағама телефон шалдым. Менің бағыма телефон тұтқасын ағаның өзі көтерді.
– Сәләматсыз ба, Бердібек аға, мен Шым­кенттен келген ініңізбін. Сізбен жолықсам деп едім. – дедім. Бердібек аға: – Иә, есімде. Өкімет үйінің алдындағы гүлзарға кел, мен сол жерде түстен кейін қыдырамын, – деп дәл уақытын белгіледі. Айтқан уақытында бардым. Ол кісі менен бұрын келіпті. Қазір ол гүлзардың ортасында қазақ халқының батыр қыздары Әлия мен Мәншүкке орнатылған ескерткіш бар. Ағамен сол жерде кездестім. Маған бірден жылы шырай танытып амандасты. Жақын жердегі сәкіге отырдық. Түрлі тақырыпта сөйлестік. Мені жассың демей, тең сөйлесті. Сонда да әдеп сақтап, аз сөйлеуге тырысып, кейбірде ғана сұрақ қойып отырдым.
Бала кезін біраз еске алды. Мені таң қалдырғаны, ешқашан естімеген мынадай әңгіме айтты: – Біз шекараға жақын жерде тұрдық. Ашаршылық жылдары көптеген адам, жасы бар, кемпір-шалы бар, біздің ауылға келді. Қайбір келгісі келді дейсің, аштықтан қашқандар ғой. Мен ол кезде кішкентаймын, ненің не екенін кейін түсіндім ғой. Сонымен, ол байғұстар Қытай аспақ, ал, қызыләскерлер жібермейді. Сол келгендер тура біздің қоржын тамдарымыздың алдында жататын. Әлдері әбден құрыған, әрең-әрең дауысын шығарып су сұрайды. Сол жерде жатып көбісі аштан өлді ғой. Ал, біздер, балалар ертесіне солардың арасында «ана шал өліп қапты, мына кемпір өліп қапты» деп асыр салып жүгіріп, ойнап жүретінбіз.
Ағаның жантүршігерлік әңгімесін есіме түсірсем, әлі күнге дейін ағаштан жасалынған биік мұнарада мылтығын кезеп, қарны аш, шаршап-шалдыққан адамдарды шекарадан өткізбей тұрған әскерлер көз алдыма елестейді.
Бердібек аға өзінің өсе келе оқуға түсіп, студент болған жылдарын да есіне алып отырды. Аға сол кезден жазуға жақын болған екен. Қабырға газеттерін шығаруға да араласыпты. Ептеп күнделік те жазып жүріпті. Оны жатақхана бөлмесіндегі кереуетінің астында тұрған кішкентай шабаданына салып қояды екен. Бір күні әдеттегідей бірдеме жазайын деп алмақшы болып шабаданды ашса, күнделігі жоқ! Сөйтсем, арамызда сондайлар болады екен, деді Бердібек аға.
Қалай жазушы болғаны туралы айт­қан кезде, басты кейіпкерлер өзіңізсіз бе деп сұрадым. Сонда, «көбі өз өмірімнен алынды ғой» деп жауап бергені есімде. «Менің атым Қожа» шығармасындағы Қожа да, «Өлгендер қайтып келмейді» романындағы басты кейіпкер Еркін де, өз өмірінен алынғандығын айтты. «Өлгендер қайтып келмейді» романында түрменің жағдайы суреттелетіні туралы айта келіп: – Абақтыда отыр­ғандардың тіршілігі туралы жаз­ғанымның жартысынан көбі менің келісімімсіз қысқартылды, – деді. Бұны аса бір қиналып, қимастықпен айтты.
Жазушылық туралы әңгімелегенде, екі жыл Мәскеудегі Максим Горький атын­дағы әдебиет институтында оқығанын да еске алғаны есімде. Сол екі жыл, – деді Бердібек ағам, – маған ештеңе берген жоқ, уақытым бекер кетті. Бұндай оқу орындары біліміңді шыңдайды, бірақ, жазушы болу-болмауыңа әсері шамалы. Әңгімесіне қарағанда, Бердібек аға ол жаққа оқуға жазушы болып қалыптасқан кезде барса керек.
Бір күні Қырғызстаннан бір жас жігіт келіпті. «Менің атым Қожаны» қырғыз тіліне аударған екен. Енді, соны баспадағы басшылар жеке кітап етіп шығармай жатыр, соған көмектессеңіз деп көмек сұрай келіпті. «Менің атым Қожа» кітабының қырғызшаға аударылмағанын естігенде, таң қалғаным соншалық: – Сіз не дедіңіз? – деп сөзін бөліп жібердім. Маған бәрібір, басса бассын, баспаса баспасын! – деп қолын бір-ақ сілтепті жазушы ағамыз. Ең жақын, қандас бауырлары кітабын, әрі кітап болғанда қандай десеңізші, баспаса Бердібек ағадай ұлы жазушы не деуі керек енді?!
Бәрінен де білгім келгені жазушы ағаның қандай кітапты оқитыны еді. Бердібек аға бұл сұрағыма кідірместен бірден жауап берді: – Абайды қолымнан тастамаймын. Көбінесе «Абай жолын» оқимын. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» шыққан кезде халыққа сол кезде театр да, теледидар да, кино да, цирк те болды. Бұл кітап арқылы Мұхтар Әуезов қазақты әлемге танытты дейміз, ол пікір дұрыс, әрине. Дегенмен, бұл шығармасы арқылы ұлы жазушы ағамыз қазақты қазақтың өзімен таныстырды. Қазақты қазаққа танытты. Абайдың өмірін жаза отырып, Мұх­тар Әуезов қазақтың тұрмыс-тіршілігін барлық қырларынан көрсетті. «Абай жолы» кітабын «Қазақ жолы» деп атаса да болатын еді, себебі кітапта шынында да қазақ деген халықтың жақсы өмірге, жарқын болашаққа жетсем деген талпынысы көрсетілген. Қазақ қандай халық деген сұрақ қойған адамға «Абай жолын» оқыңыз деймін. Бір сөзбен айтқанда, «Абай жолы» – қазақ халқының өмірбаяны.
Бердібек ағаның әңгімесі мен көңіл-күйінен байқағаным, ол кісіні сол кездегі қоғамның жағдайы өте алаңдатады екен. Әдебиет, қаламдастары туралы не жақ­сы, не жаман деп тіс жармады. Тек Олжас Сүлейменов туралы айта келіп, Ол­жасқа барып сөйлеспекпін, қазіргі оның қар­сы­ластары бір қақпаға доп соғып жатыр ғой, – деп ақын бауырына жанашырлық танытты.
Әңгіме арасында жеңгейдің дәрігер екені, өзінің еңбек етуі жөнінде, кітаптар басылып жатыр ғой, соның қаламақысы жетеді дегенді де айтты.
Қолтаңба жазбастан бұрын атымды тағы бір рет сұрады. – Бердалы, – дедім. Бердібек ағам: – Бердәлі шығар, – деді де, «Бердәлі інім! Мақсатыңа жет!» деп қолын қойып берді.
Қоштасарда: – Басың бар қазақ екен­сің, – деді. Ағаның маған бұлай деп баға бергеніне әлі күнге дейін қуанамын. Кей­бірде аға солай деп еді ғой, сол жау­ап­­­кершілікті дұрыс сезінбедім-ау, не бі­тірдім деп ойланамын.
Біраз уақыт өткен соң, сол кездесу қай күні болған еді, қап, неге күнін жазып алмадым деп уайымдап жүрдім. Осындай бір күні ағамның қолжазбасына бір қарайыншы деп кітапты ашсам қолтаңбаның астында «15/IV-1985» деген жазу бар екен. Қайран Бердібек ағам, бәрін білген екен ғой!
Алматыға барсам, қалай да Бердібек аға­мен кездескен гүлзарға әдейі бұрылып барамын. Сол бір кездесу күні кеше болғандай. Ағаның кітаптарын жиі қайталап оқимын, «Менің атым Қожа» фильмін 1993 жылы дүниеге келген ұлым Бектас-Әлібек екеуміз бірге тамашалағанды ұнатамыз.

Алдыңғы «
Келесі »