«ИЗМДЕРДІҢ» НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕСІ – АҚИҚАТТАН АЖЫРАУ

  • 20.12.2017
  • 314 рет оқылды
  • 0

Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысы…

Абай Қалшабек,
жазушы

Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиеттанытқышта» дүниені «табиғат ісінен шыққан жаратынды нәрсе» һәм «адам ісінен шыққан жасалынды нәрсе» деп екіге бөледі де, «табиғат ісінен шыққан жаратынды нәрселердің бәрі табиғат дүниесі болады; адам ісінен шыққан жасалынды нәрсенің бәрі өнер дүниесі болады» деп тұжырымдайды. Демек, адам ісінен шыққан нәрсенің бәрі – өнер. Қандай, анық тұжырым! Осы күнге дейін Еуропаның, орыстың өнер зерттеушілері «Что такое искусство?» деген сұрақтың жауабын таппай шарқ ұрады. Дәл осы сұрақтың жауабын табамын деп Толстойдың да біраз әуреленгені бар. Бірақ, Байтұрсынұлы айтқандай, «анық тұжырым олардың «ақыл жайлауына қонып», «уысына түспеген бе?» деймін. Өнердің бәрі бірдей болмайды. Байтұрсынов өнерді де «тірнек өнері» һәм «көрнек өнері» деп екіге бөледі. «Тіршілік үшін жұмсалатын тірнек өнері болады, жан үшін жұмсалатын өнер көрнек өнері болады». Бұл – Ахаңның жіктеуі. Біздің тоқталатынымыз – көрнек өнері, соның ішіндегі сөз өнері. Қазақ сөздің, сөз өнерінің қадірін білген жұрт. Егер, олай болмағанда, «Өнер алды – қызыл тіл» демес еді. Бұл Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» дегенімен үндесіп жатыр.
Әдебиеттанушы-ғалым Ақжол Батырұлы «Әде­биет туралы жазбаларында»: «Шедевр тұтас кезең­нің жемісі. «Қартқожа», «Батыр Баян», «Оян, қазақ», «Айтыс» – алашорда кезе­ңі­нің мәністі мәнерлерінен. І.Есенберлин, О.Бөкей прозасы, Мұқағали лирикасы, М.Шаханов балладалары- «ал­пысыншы жылғылардың» айқын қолтаңбасы іспеттес. «Алпысыншы жыл­ғылардан» кейін арнайы әдеби кезең қалыптанған жоқ. Сондықтан да, шедевр жоқ. Қа­лыптасу жүріп жатыр. Ол міндетті түрде болады. Ендігі кезең – тәуелсіздік кезеңі. Оған кім ілінеді? Белгісіз. Алмас қылыштай қаламдар әр жерден-ақ жарқылдайды. Бірақ, тарих пердесі толық түрілмей тұр, әзірше», – деген тұжырым айтады. Осы тұжырыммен келісе отырып, әлі «толық түрілмеген тарих пердесінен» тәуелсіздік кезеңіндегі жас қаламгерлер шығармашылығына сығалап қарауға талаптанып көрмекпіз. Тәуелсіздік кезеңіндегі ақын да, жазушы да мақтаудан кенде болған жоқ. Біз жас­тар шығармашылығында кездесетін кейбір олқылықтарға тоқталып өтпекпіз. Байтұрсынов: «Сөз шығару – өнерді қорек қылса, өнер – ғылымды қорек қылады» дейді. Ғылымсыз өнер – жартыкеш өнер. Ол ұзаққа бармайды. Бай­тұрсынов тағы да былай дейді: «Шығарманың екі жағы бар: «Бірінші, ішкі пікір жағы. Екінші, тысқы тіл жағы». Дәл осы жік­теу қазақтың қара өлең тілінде «Іші – алтын өлеңімнің, сырты – күміс» деп өрнектелген. Бұл – мазмұн формадан жоғары тұрады деген сөз. Бұл жерде теория қара өлең тілімен өріліп отыр. Теорияны білмеген ең аяғы мазмұн мен форманы ажырата алмайды. Атын білгенімен, затына бойлай алмайды. Осы кемшілік қазіргі жас ақындарда да, жас жазушыларда да бар. Қазіргі модер­низмнің түрлі бағыттары – осы сыртқы форманы мазмұннан жоғары қоюдың әуресі, екеуінің парқын білмей шатастырудың әлегі. Одан соң, осы ба­­ғыт­тың еуропалық өкілдерінің көбі «қиын» адамдар болған. Сөзім құр сөз болмас үшін бір-екі мысал келтірейін. Мысалы, италяндық фашизмді жақтаған, мектеп қабырғасында жүріп, «Варварская похоть поцелуев», «Эфирные перси, на которых проходят» деген өлеңдер жаз­ған (тақырыптарына мән беріңіз) акмеист Д. Аннунцио Габриелені алайық. Габриеле – орыс акмеистеріне қатты ықпал еткен адам. Габриеленің тұлғасын тереңірек тани түсу үшін Всеволод Жар­ковтың «Габриеле Д. Аннунцио» деген мақаласынан үзінді келтірейік: «Поэт, превративший свою жизнь в литературную мистификацию, эстет, бес­предельно любимый женщинами. Он пил вино из черепа девственницы, носил ботинки из человеческой кожи и всеми возможными способами стирал границы между поэзией и реальностью. Автор романов, ставших известными всей Европе. Создатель термина «политика красоты». Любитель восточной роскоши, распутных красавиц и собачьих бегов. Негодяй и аферист, чья репутация была более чем сомнительна. Главный декадент Европы начала XX века, за свои скандальные театральные постановки отлучённый от церкви». Тағы да осы мақаладағы мына үзіндіні оқып көрейік: «В детстве у мальчика проявилась психическая аномалия, выражающаяся в наслаждении от вида крови: в десять лет Габриэле упал и повредил руку, чувство, которое он испытал при виде крови из раны, он позже назвал «spasimodell’orrore», что-то вроде «сладкий трепет ужаса». Бізде ақынның шығармасынан оның өмірін бөліп қарау керек деген қате түсінік бар. Неге бөліп қарау керекпіз?! Асқар Сүлейменұлы «Мінсіз шығарма жазу оңай, қиыны өміріңді мінсіз шығармаға айналдыру» дегенде, осыны меңзеп отыр. Орыс әдебиетінің алтын ғасырында қаламдары алмас қылыштай жарқылдаған М.Лермонтов, Л.Толстойлар да өмір мен шы­ғармашылық бөлек дейтіндердің сапы­нан емес-ті. Баукеңше айтқанда, «періш­тенің сөзін сөйлеп, пенденің ісін қылғанның» сөзінде не қадір бар?! Жа­ңағы Габриелеңіз фашизм дәуірлеп тұрған шақта князь титулын алып, «Корольдік ғылым академиясын» бас­қарған.
Сюрреализм терминін қолданысқа енгізген, кейіннен осы бағытқа көп «еңбек» сіңірген Гийом Апполлинер шығармашылығынан имморализм мен эпатаж сипаттары көрінеді. Имморализмнің мәні – жалпы адам­затқа ортақ адамгершілік қағи­даларын мойындамау. Дәл осы түсі­ніктердің сол кездегі Еуропаның жал­пы танымына тигізген ықпалы зор болғандығын атап өтуіміз керек. Сюр­реалист Андре Бретон, Филипп Супо, Жан Коктолар Гийомның ша­панынан шыққандар. ХХ ғасыр басында Мағжанның:
Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Қараңғыда бір адам жоқ лақпаған.
«Иман» деген асыл сөзді ұмытып,
«Қарын» деген сөзді ғана жаттаған, – деуі сол дәуірдегі батысты тап басып танығандық деп білеміз. Бұлардың сон­дағы «дерті» – адамзатқа белгілі із­гілік шегінен шығып, ақиқатты іздеймін деушілік. Ізгілік шегінен шыққан адам ақиқатты қалай таппақ?! Мұқағалидың ақиқатты іздеуі бұларға мүлде ұқса­майды. «Ел қайда ақиқат деп аталатын» деп шарқ ұрған ақынның жолы бұлардан бөлек. Одан соң, қара өлеңнен нәр ал­ған Мұқағалида форманың неше түрі бар. Мысалы «Тағдырластар» өлеңі – фор­малық ізденістің биік үлгілерінің бірі. Бірақ, Мұқағалидың бұл ізденісі – мазмұн тұнықтығына көлеңке түсірмеген қайырлы ізденіс. Меніңше, «Алпысыншы жылғылар» кезеңінде Мұқағалидай терең ізденісте болған ақын кемде-кем. Ол – әлем әдебиетінің ең озық үл­гілерін бойына сіңірген ақын. Бірақ, арқа сүйеп, үлгі тұтқаны – қазақтың қара өлеңі. Гийом прозасына тән екінші аспект – эпотаж. Бұл қазақтың «атың шықпаса жер өрте» дегеніне келеді. Ақиқатын айтқанда, сан қилы форма іздеп сабылғандағы негізгі мақсаттары – жұртты таңқалдыру, «өзінде бармен көзге ұрып, өзгеден артылмақтың» әлегі. Сюрреалист Пикассоның суреттеріне бір сәт мән беріп қарап көріңіз. Өз басым Пикассоның суреттерін көріп отырып, оған жаным ашиды. Оның талантты суретші екеніне дауым жоқ, бірақ, сол талантты құбыжық образдарға сарп еткені өкінішті. Қазақ әйелінің көрпешеге салған құрағы мен кемпірлердің текеметке салған түріне астар болуға жарамайтын рабайсыз бейнелер бір жағынан Пикассоның ішкі әлеміндегі бей-берекетсіз өмірден хабар беріп тұрғандай. Ішке суық көзбен қарап, «сырттың шашбауын көтерген» осындай бағыттың бірі- негізін Тристан Тцара ныспылы ақын қалаған дадаизм. Дадаизм сөзінің мәніне байланысты бірнеше нұсқалар бар. Біреулер зәңгілердің Кру тайпасы тілінде «Қасиетті сиырдың құйрығы» деген мағына береді десе, енді бірі бұл жай ғана баланың былдыры дегенді айтқан. Бізге оның аты емес, заты керек болғандықтан, оған тоқталмаймыз. Қайткен күнде де, «Дадаизм» сөзі өнердегі тұтас бір ағымның атауы ретінде тарихқа енді. Дадаистердің айтуы бойынша бұл өмір мағынасыз. Олардың ұраны мынау: «Дадаист деген ешкім емес, олар ештеңеге де жетуді көздемейді». Ал, түсініп көріңіз.
Модернизмнің түрлі бағыттарының өзіндік ерекшеліктері болғанмен, олар бір-бірімен араласып, астасып, сапырылысып жатады. Дадаизмнің негізін қалағандар сапында Хуго Балл, Рихард Хюльзенбек, Тристан Тцара, Макс Эрнсттер. Бұлардың барлығы өз елдерінің басшылары деген жеккөрініш сезімімен «уланған» жандар болатын. Мүмкін, бұл адамдар жаратылысынан саф, шыншыл, өмірге сергек көзбен қарайтын ізгі адамдар болған шығар, бірақ, кейін өмірден тепкі көріп, шатасқандары анық. Дадаизмге жақын ағымның бірі – Эмил Гудодан тарайтын фумизм (фюмизм деп те айтылады). Фумистердің жалпы ұстанымы адамның көзін ашытып, тұншықтырғаннан басқа пайдасы жоқ, түтінді елестетеді. Фумистердің бықсып өмір сүрген адамнан, жанып тұрған өнер шықпайтынын білмегені анық. Альфонс Алленің бір «шығармасы» «Битва негров в глубокой пещере темной ночью» (1882) деп аталады. Сондағысы қа­ғазды қап-қара бояумен бояп тастаған. Болды. Мағынасыздығы өз алдына, бұл «өнер туындысының» астарында нәсілдік кемсітушілік жатқаны айқын. Алленің тағы бір «шедеврі» «Темекі шегіп тұрған Джоконда». Неғұрлым түсініксіз болу, неғұрлым тұманды ойлармен бүркей түсу, ешбір шектеусіз мазақ ету фумистердің негізгі ұраны деуге болады. Ақ қа­ғазды сары, қызыл, көк түспен бояу, осыны өнер санап, шуласу кейін­гі кезеңде тіптен көбейіп кеткені бел­­гілі. Солардың арасындағы ең атақ­тысы супрематизмнің шашбауын көтерген Казимир Малевичтің «Қара шаршысы». Басқа суретшілерді айт­пағанда, Малевичтің өзінде мұндай квадраттардың бірнешеуі болған.
Сюрреалистік бағыттағы суретшілер қолданған техниканың бірі – негізін Вольфганг Паален қалаған фьюмаж. Бұл техниканы кейіннен Сальвадор Дали көп қолданған. Осы шым-шытырық «измдердің» негізгі проблемасы– ақи­қаттан ажырау. Шындық нұрынан ғапыл қалып, сағым қуу. Осы бағыт өкілдері сөз өнеріне ешқандай үлес қосқан жоқ, модернистік бағыттағы қаламгер біткеннің барлығының тұл­ғасы жоғарыдағы авторлар сияқты деуден аулақпыз. Тек өнерге «іші алтын, сырты күміс» болсын деп талап қойған бабалар мұрасынан форма қуалаған желөкпе өнерді жоғары қоймайық демекпіз. Тәуелсіздік дәуірінде әдебиетке келген буын өкіл­­дерінің арасында осы түрлі бағыт­тардың ішкі мәніне терең бойламай, сыртқы сәніне алданған да бар. Біз әлемдік әдеби үдерістен тыс қала алмаймыз, егер, олай етсек, қателескен болар едік. Сонымен бірге, ессіз елік­теп кеткеніміз де жөн бола қоймас. Із­деніс керек. Мазмұндық тұрғыдан да, формалық тұрғыдан да ізденбей болмайды. Оған дау жоқ. Егер, біз форма іздесек, оның түп-тамыр, қайнар көзі қазақтың қара өлеңінде, батырлар жырында, жыраулар поэзиясында екенін ұмытпай, іздеуіміз керек. «Ішті алтын, сыртты күміс» деп бағалаған ұлттық танымға табан тіреуіміз керек. В.Б.Катаев «Пушкиннің дүния есігін ашумен басталып, Чеховтың бақиға аттануымен тәмамдалды» деп сипаттайтын орыс әдебиетінің Алтын ғасырының модернизмнің келуімен Күміс ғасырға айналуы көп нәрсені аңғартады. Аңғара білгенге, әрине… Сонда, форманың қажеті жоқ па? Қажеті бар. Қазақ «өлеңнің сырты күміс болсын» деп отыр. Күміс деген жай темір емес. Бірақ, ол бәрібір алтыннан жоғары бола алмайды. Алтын – мазмұн. Әр нәрсені орнына қою ғылыммен болады. Мысалы, қазақтың мына бір шумақ қара өлеңіне үңіліп көрейікші:
«Алма ағаштың гүліндей-ау,
Текеметтің түріндей-ау.
Өтіп дәурен бара жатыр
Сіз бен бізге білінбей-ау».
Алғашқы екі жол жай ұйқас үшін ғана алынған құсап көрін­генмен, шын мәнінде олай емес. Ахмет Байтұр­сынұлының «Әдебиет­таныт­қышта» дүниені жаратылған, жасалған дүние деп екіге бөлгенін айттық. «Алма ағаштың гүлі» жаратылған дүниеге жатса, «текеметтің түрі» адам қолынан шыққан өнер дүниесіне жатады. Өлең­нің «Алма ағаштың гүлімен» басталуы кездейсоқ емес, қайта әділетті боп тұр. Әділет әр нәрсенің өз орнында тұруы болса, бұл – әрі сұлу, әрі әділетті өлең. Осы­лай жүйелеп келіп, адамзат баласына дәуреннің «білінбей өтіп бара жат­қанын» ескертіп қоюы һәм шын, һәм сұлу шыққан. Қаншалықты әдемі болғанымен, алма ағаштың гүлі бір күні солады, текеметтің түрі оңады, білінбей өтіп бара жатқан дәурен де сол. «Тас бұлақтың суындай сылдырап» тұр. «Іші – алтын, сырты – күміс» деген осындай-ақ болар. Мазмұнда, сыртқы қалып та бір-бірімен жым­дасқан жақұт жырдың бірегей үлгісі.Меніңше, қазіргі әдебиетке енді қадам басқандардың ең үлкен кемшілігі – өнерді тек эмоция, сезім деп қана бі­ліп, оның танымдық қырына суық көзбен қарауы. Теорияны білмеу деген осы дүр. Демек, сөз майын тамызып жазуға үмітті жас көз майын тамыза іздене де білу керек.
Профессор Мекемтас Мырзах­мет­ұлы­ның «Ақынға қойылатын үлкен талаптың бірі ол бұрын-соңды ешкім айтпаған идеяны айту керек» дейді. Мұқағали: «Өмірге, өзі өмір сүріп отырған қоғамға белгілі бір көзқарасы жоқ адам ақын емес. Ондай адамның өзін ақын ғана емес, қоғамның ойлай білетін азаматымын деуге де хақысы жоқ» дейді (М. Мақатаев «Күнделік»). Ақиық ақын бұл жерде концепция туралы айтып отыр. Қазіргі қолына қалам ұстаған жастардың көпшілігінен жүйелі көзқарастың жоқтығы көрінеді. Онсыз «ешкім айтпаған идеяны» айту мүмкін емес. Бір өлеңі екінші өлеңіндегі ойға қарсы шығып жатуы, бір өлеңнің басындағы ойға соңындағы тұжырымның үйлеспей жатуы бәрі-бәрі осы жүйелі ұстанымның қалыптаспағандығы деп білеміз. Мұхтар Әуезов Абайдың шығармашылық ұстанымын талдай келіп: «Когда он приходит к западу, за спиной его служит опорой, разумом воспринятое мусульманство, восток» деп ақ, адал тұжырым жасайды. Яғни, Абай Еуропаға барғанда, арқасын Шығысқа тіреп алып барды. Жазушылық ұстаным дегенде үлгі тұтуға лайық ірі тұлғаның бірі Бауыржан Момышұлы. Ол кісі өзінің жазушылық кредосы туралы: «Менің əдебиетке кіріскен жолым басқалардан бөлек, қазақ əдебиетінде мемуарлық, естелік, халық мақал-мəтелдері – менің авторлығымдағы негізгі тамырлар. Мен жазушы емеспін, мен-мемуаристпін. Шығармаларымда ойдан құралған бірде-бір кейіпкер, бірде-бір эпизод жоқ» деген. Момышұлы бұл тұста өзінің жазушылық ұста­ны­мынан хабар беріп отыр. Өзінің шығармашылық бағыты туралы сөз қозғап отыр. Бұл қазақтың өзіне жақын ұстаным еді. Қазақ «Өті­ріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дейді. Бұл қағиданың шындығына қазір көзіміз анық жетіп отыр. Кеңес дәуіріндегі көркем қиялға малынған шығармалардың көпшілігі қазір қадірінен айрылды. Көркем қиял. Орыстар оны «художественная фантазия» дейді. Өтірікке жабылған жыртық шапанды осылай атаған. Əдебиетке көркем қиял керек. Мысалы, адамзаттың бəрінде болатын қалыпты сезімді, қылықты т.б. типтік образды ашу үшін қолдану. Бірақ, қиялды тарихи тұлғаға апарып таңуға болмайды. Қолына қалам ұстаған жас осыны ажырата білу керек. Əйтпесе, қиялдаймын деп жүріп, қиянатқа барады.
Л.Толстой өзінің ұстанымы туралы: «Когда я пишу историческое, я люблю быть до малейших подробностей верным дейсвительности» деген. Осындағы «историческое» дегені жалпылау мәнінде қолданылып тұр, ол тарихи уақиға болуы мүмкін, адам я жер-су аты т.с.с. болуы да мүмкін. «Быть верным до малейших подробностей» оңай шаруа емес. Ол ізденісті талап етеді. Бауыржан Момышұлының: «Шығармаларымда ойдан құралған бірде-бір кейіпкер, бірде-бір эпизод жоқ» дегені де осы. Бердібек те осыны ұстанған. Ол былай дейді: «Ақиқатты айтқызбайды, өтірікті жазғым келмейді». Оралхан: «Жазушылық – шын­дықтың соңына шырақ алып түсу­дің бірден-бір жолы». Мұқағали бұл ұстанымды өз күнделігінде «В жизни не знаю, в поэзии не врать» деп өрнектеген. «В поэзии не врать»- Мұқағалидың ақындық кредосы болған. Бұлар шығармашылықты өмірден бөлек деп ойлайтындардың сапынан емес-ті. Поэзияны тек қиял қуу, өтірік шаптығу деп ұғынатындар да аз емес. Жас қаламгерлерде кездесетін ірі олқылықтың бірі де – осы. Қазіргі әдеби процесс, ондағы жастар шығармашылығы дегенде, біз байқаған мәселелердің бір парасы осылар еді. Тәкенше талдап, Жү­сіп­бекше жіліктей алмасақ та азырақ сөз айттық.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.