ӨҢІР ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ АЛТЫН БЕСІГІ

  • 16.11.2017
  • 2085 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Серікқали ХАСАН – жазушы, журналист,Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ақиқат» журналы редак­циясының жауапты хатшысы

Тәуелсіздік тағлымы қаншама жылдардан бері халқымыздың рухы, жады, сана-семімімен бірге жасап, бірге тыныстап, бірге ғұмыр кешуде. Біз өз дамуымыздың әр белес, әр кезең, қия-биіктеріне көтеріліген сайын, тәуелсіздік таңы атқалы бергі жүріп өткен жолдарымызға қарап, оңымыз бен солымызды түгендеп, алға қарай нақтылы қадамдар жасайтындығымыз да сондықтан. Меніңше, осы кезге дейін Елбасымыз ел тәуелсіздігінің әрбір қадам, биікке көтерілу баспалдақтары мен рухани өрлеу кезең, тәжірибелері хақында қадау-қадау еңбектер жазып, соның бәрінде де жарқыраған жүзін халқына бұрып, ой толғасып, сыр бөлісуден еш жалыққан емес. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы осындай тағлымды тәжірибенің заңды бір жалғасы деуге хақылымыз. Сіз бен біз болып, аталмыщ мақалаға тағы бір мәрте үңіліп көрелікті. Осында елдік мақсатқа қатысты қаншама іргелі мәселелер көтерілген?! «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңще, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін  ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады» дейді Елбасы. Бұлай деп тек өз ұлтын, халқын шексіз сүйіп, өз туған Отанының ертеңі үшін әлден-ақ қам жеп, кемел келешегіне кәміл сеніммен қараған тарихи тұлға, қайраткер көшбасшы, елінің еңсесін биіктетіп, келер күндеріне дейін жарық ойларының сәулесін түсіре алатын Елбасы ғана айта алмақ. 

«Жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес» деген Ел­ба­­сымыздың тұтастай мақаласының өзі сол ұлттық кодтың мәні мен сырын аша отырып, «жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білуде» екендігін алға тартады. Сан ғасырлық тарихы, бай салт-дәстүрі, қалыптасқан мәдениеті, рухани үрдісі бар қазақ халқының жады, рухы, коды дегенде, бүгінге дейін жетіп отырған сол ұлы рухымыздың жаңа кезең, жаңа белестердегі жол-соқпағын айқындау бағытында осыдан бір ғасыр бұрын бір бастарын тауға да, тасқа да ұрған қазақ зиялыларының баға жеткісіз бай тәжірибелері еске түседі. Ұлы даламыз қаншама жылдар, ғасырлар бойына отаршылдық қамытынан құтыла алмай келгенмен, ХХ ғасырдың басында-ақ кең-байтақ Қазақ даласының әр өлкесінде де қазақ оқығандары халықтың рухани көшбасшысына айналып, автономия аламыз, ел боламыз, тәуелсіздікке қол жеткіземіз деп, кей ретте заманның ағысына қарсы жүзіп, маңдай терлерін де төгіп өтіпті.
Мен бұны бүгінгі ғасырлық белестен өткен Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің өткеніне қарап та айта аламын. Өйткені, тарихы бүтіндей бір ғасырға дейін созылып жатқан бұл газеттің тілшілері ару Жайықтың о жақ, бұ жағымен бірге, сонау беті күнге шағылысып жатқан Еділге дейінгі алып аймақты еркін аралап, талайғы ауыл-селолардың нағыз бір асығып күтер қадірменді қонақтарына айналып, олар сондағы тек бір жолғы сапардың өзінде-ақ талайғы жергілікті таныс-бейтаныс жандармен кездесіп, қоржын-қоржын материалдар жинақтап, соларын кейін тағы апталар, айлар бойына өздерінің шығармашылықтарына да арқау етіп жататын. Бұл журналистік дәстүр, бір жағынан, өңірдегі бас газеттің беттерін шығармашылық тұрғыдан байыған үстіне байыта түссе, екіншіден, газет пен қалың оқырмандардың арасындағы байырғы қалыптасқан байланыстың алтын жібі әліге дейін бір үзілмей, қайта күн санап, аталмыш газеттің жаңа, жас оқырмандары мен авторлары үсті-үстіне тағы көбейіп келе жатқандығын анық байқатар еді. Оның үстіне, бұл газеттің қоғамдық өмірдің әр кезеңдерінде журналистердің кәсіби тұрғыдағы әр деңгейдегі жүлделеріне бір емес, бірнеше рет ие болып, өңіріне өрден таққан дегендей маркісі тағы бар. Ал, өзіміз 1980 жылдары, ол кезде Орал, ал, қазіргі Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің редакциясында қызмет жасағандықтан, бұл басылымның сонау ХХ ғасырдың басындағы «Хабар-Известия» атанған тұсындағы тұңғыш редакторы Астраханнан келген мордва азаматы, Ішкі Орданы басқарушы облыстық кіндік (орталық) комитет төрағасы Степан Милютин болғандығын, әрі бұл газеттің 1918 жылдың соңына дейін бар-жоғы 31 саны ғана жарық көргендігін, тағысын-тағы дүбірлі 1919 жылдың 1-қаңтарынан бастап, өңірдегі бірқатар іргелі қоғамдық-саяси өзгерістерге байланысты, оның алғашқыда «Киргизская правда» – «Қазақ дұрыстығы» газеті болып шыға бастағандығын, оның сыртында, бұл газеттің де алғашқы редакторы облыстық атқару комитетінің төрағасы С.Милютин болғандығын редакцияның аға буын өкілдері жылдар бойына мұрағаттардан тірнектеп жинап, қалыптастырған редакциялық «Газет шежіресі өмірінен» атты мұражайдағы тарихи дерек, жәдігерліктер арқылы да жақсы білетінбіз. Дей тұрғанмен, ұлттық журналистикамыздың арғы-бергі өткеніне бүгінгі тәуелсіздік талаптары тұрғысынан үңіліп қарайтын болсақ та, бәрібір, біз бұл бағытта міндетті түрде кезінде Қазақ даласының алтын бесігінде тербетілген өңірлік журналистикаға кездесеміз. Ол тұстағы, яғни, сонау патшалық дәуірдегі өңір дегеніміздің өзі қалың қазақтың қайнаған қызу ортасы, нағыз қазақы тұрмыс, қазақы болмыс, қазақы салт-дәстүр мен мінез-құлықтың тұнығы шайқалмаған кезі еді. Қазақ даласына, қазақ халқына арналып, алғаш сол патшалық дәуірдің өзінде-ақ Ташкентте «Түркістан уәлаяты» және Омбыда «Дала уәлаяты» деген газеттер жарық көргендігі мәлім. Кешегі кеңестік заманда қазақ журналистикасының арғы-бергі өткенін ұңғыл-шұңғылына дейін зерттеп, іргелі монографиялық еңбектер қалдырып кеткен профессор-ғалым Қалижан Бекхожиннің пікірлеріне жүгінсек, Қазақ елі, қазақ жұртшылығы алғаш рет «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып, күн болған» (С.Торғайғыров) ұлы Абай, Шоқан Уәлиханов, Сұлтанмахмұт, Шәкәрім Құдайбердиевтің есімдері және олардың өз туған халқына арнаған небір талантты туындыларымен алғаш патшалық биліктің құзырында ғұмыр кешкен осынау қос бірдей басылым арқылы танысыпты. Әрі десе, бұл басылымдардың беттеріндегі талантты туындылардың қалың қазақ арасындағы оқырмандарын бірден үйіріп әкетіп, бастарын бір арнаға біріктіріп, рухтарын өрлете түскендігі соншалық, ақыры патшалық билік аталмыш басылымдарды қуып таратқандай қылып, редакцияларының есіктеріне құлып салды. Бірақ, бәрібір, отарлық жүйенің бұл экспериментінің, түптеп келгенде, Ұлы даладағы қалың қазақтың пайдасына шешілгендігін де жоққа шығара алмас едің. Қазақ қауымы әу баста газет дегеннің не екендігін, әсіресе, өз ана тілдерінде шығатын басылымның өздерінің жаны, рухы, көзі, құлағы, үні бола алатындығына дәл осы жылдарда көздерін біршама жеткізе түскендей болғандығы шындық. Жоғарыдағы қос басылымның ХХ ғасырдың табалдырығына жетпей-ақ күшпен тұншықтырылып, біржолата жабылып қалғандығы сол тұстағы қазақ арасына, әрине, тіптен де оңай болмады. Біраз уақытқа дейін ел іші бейнебір құлаққа ұрған танадай болып тынып қалды. Осының өзі де қазақ қауымы, қазақ оқығандарын ел ертеңі жолындағы тактикалық күрес жолына түсуге әбден мәжбүрлеген сыңайлы. Аңысын аңдып жүріп, алып империяның ішкі өмірінде бір қолайлы сәт туғанда, көзі ашық қазақ азаматтарының алқауымен, әрі тактикалық әдістерге жүгініп, Петербургте қазақ тілінде «Серке», ал, қазақ оқығандары неғұрлым көбірек шоғырланған Тройцкіде «Қазақ газеті» жарық көре бастады. Алғашқы бірер-сандарынан кейін-ақ патшалық цензураның тұсауына іліккенмен, бұл екі басылым сол тұстағы қазақтың еркін ұлт басылымдарының қарлығашына айналып, ұлт журналистикасының ұрығын сеуіп үлгерген.
Бұл жерде біздің өңір журналистикасы деп отырғандығымыз да тегін емес, қанша дегенмен, аймақтардағы қалың қазақтың ортасы ұлт боламын, ел боламын, теңдікке қол жеткіземін деп, болашаққа ұмтылған қазақ зиялыларының қолдаушысы, дем берушісі, олардың бойларындағы ұлы рухтың нағыз бір қайнар күші болған еді ғой. Елбасымыз «егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» дегенде, «керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажеттігін» өнеге етіп ұсынып отырған жоқ па?! Ал, бұл тұрғыда ұлттық журналистикамыздың кейінгі жылдары табылған, жан-жақты зерттелген, баспа бетінде жарық көрген бірқатар танымдық-тағлымдық дүниелеріне жүгінсек, сонау ХХ ғасырдың басындағы патшалық жүйедегі демократиялық бастамалардың рухын пайдаланып, өз халқының көздерін ашып, неғұрлым алға қарай жетелеп, алып империяның құрамындағы өзге ұлттардың арасында неғұрлым алда жүргендер де сол саусақпен-ақ санарлықтай қазақ оқығандары болыпты. Әйтпесе, сол отаршылдық пиғылдағы патшалық дәуірдің өзінде-ақ Мемлекеттік Думаның мүшесі болып, атағы шығып, кезінде сонау Петербургтің өзінде-ақ беделі дүрілдеп тұрған Бақытжан Қаратаев бертінде бәрін тастап, өзінің туған өлкесі Оралға келіп, Бөкейліктегі жергілікті ұлт зиялыларымен бас қосып, қазақтың тұңғыш өз ана тіліндегі демократиялық бағыттағы «Қазақстан» газетін шығаруға жан сала кірісер ме еді? Ұлт болу, ел болу, автономия алу арқылы, еркін өмірге қарай бағыт түзеудің бастамалары ұлт рухын оятып, ұлттың қолдау-қолпаштауларына арқа сүйейтін газеті екендігін жақсы білгендіктен, көзі ашық, көкірегі ояу атақты заңгер Қаратаевтың осындай төте жолды таңдағандығы анық. «Қазақстанның» алғашқы бір-ер саны Ордада шығып, дәл өзінен төт-бес жыл бұрынғы «Серке» мен «Қазақ газеттерінің» күйін бастан кешіп, біржола құрдымға кетуге шақ қалғанда, сол газетті ыстық құшағының ішінен шығармай, өзінің үзеңгілес серіктерімен бірге өзі жақсы білетін, барлық ұңғыл-шұңғылына дейін таныс Оралға келіп, ғұмырын біраз жылдарға дейін ұзартуға қол ұшын созған адам Қаратаев болғандығын сол өңірдегілер де, ұлттық журналистикамыздың білгірлері де мақтан етіп келе жатқандығын қалайша тілге тиек етпеске?! Әрі осы бір жылдарда патшалық дәуірдегі журналистикалық мектептің қазанында қайнаған Мұхамеджан Серәлин Тройцкіде «Айқап» журналын ашып, қазақ рухына екенші тыныс әкеле бастаған жоқ па?!
Кешегі патшалық дәуірдегі биліктің қаншама ғасырлар бойына негізгі тұрғындарының бастарын біріктіріп, белгілі бір арнаға жұмылдыра алмаған Қазақ елі, қазақ қауымын бас-айналасы санаулы ғана жылдардың ішінде ұлт тілінде шыққан алғашқы басылымдардың біріктіре алғандығы түбін қотара зерттеуге де, кеудеңді керіп, мақтаныш етуге де тұрарлық жағдай емес пе? 1913 жылы Оралдағы қазақ журналистикасының қара нары Бақытжан Қаратаев бас болып, Елеусін Бұйриннің редакторлығымен шығып тұрған «Қазақстан» газеті жергілікті цензураның тұншықтыруымен жабылып қалғанда, қалың қазағын жетімсіреткісі келмей, Орынборда атақты Ахмет Байтұрсынов «Қазақ» атты газет шығаруды жедел қолға алды. Осында әлдеқандай бір үндестік жоқ, не кеше ғана шауып келе жатқан ұлт журналистикасының дара сәйгүлігі мертіге жаздағанда, оны қолтығынан демеп, ұлт журналистикасының адымын алшаңдата түсуге деген ұмтылыс болмады деп кім айтар?! Сол Ахаң басқарған «Қазақ» газетінің уақыт өте келе, қалың қазақ жұртшылығының жата-жастанып оқитын ұлт басылымына айналып, тұтастай ұлттың рухани шамшырағы, рухани туы болып желбірегендігін әлі күнге дейін айтып тауыса алмай келе жатқандығымыздың бір сыры осында жатқан болса керек. Ал, 1916 жылы Ташкентте Көлбай Төгісовтың басшылығымен «Алаш», ғасырдың басындағы Ақпан төңкерісінен кейін тағы сол Ташкентте Мұстафа Шоқай, Қайретдин Болғанбаев, Сұлтанбек Қожановтар редакторлық еткен «Бірлік туы», Семейдегі ұлт зиялыларының бастамасымен Халел Ғаббасов редакторлық еткен «Сарыарқа», 1919 жылы Орынборда «Ұшқын» газеттері өмірге келіп, қадау-қадау қадамдар жасамады ма?! Осының бәрі түптеп келгенде, қаншама ғасырлар бойына патшалық езгіде ғұмыр кешіп, әбден езіліп, рухани жағанын жаншыла жаздаған қалың қазақтың кеудесін тіктеп, ұлттық мүдде аясында бірігуге үндеген ғаламат ілкімді қадамдар емес пе?!
Қазақ журналистикасының осындай ұлттық бастаулары арындап, арқырай өмір сүріп жатқанда, өңірлік журналистиканың өзінше өркен жайып, дамудың жаңа сапасына көтерілетін шағы да туындаған еді. Бұны біз 1918 жылдың 17-қарашасында Астрахан губерниясына қарасты Бөкей облысы кеңесінің органы ретінде жарық көрген бүгінгі Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерінің бастауында тұрған «Хабар – Известия» газетіне қарап та айта аламыз. Бірақ, біз сонау 80-ші жылдардың өзінде-ақ өз газетіміздің бай тарихи шежіресіне үңіле отырып, кешегі ХХ ғасырдың басында-ақ оның бастауында қазақтың мынау дегендей оқығандары мен жергілікті зиялылары тұрғандығын, тіпті, 1918 жылы оның «Хабар-Известия» болып, қазақ және орыс тілдерінде қосақтасып жарық көрген кезінің өзінде де негізгі ұйытқысы бір қиырдағы Каспий теңізі мен ару Жайыққа дейін созылып жатқан алып аймақтағы қалың қазақтың беткешығарларының ұлттық рух, ұлттық бағыттағы мақсат-мұраттары жатқандығын айқын сезінетінбіз. Бұл рухани орта, зия­лылық бастауларынан кейін Атырау өңірі өз алдына бір іргелі облыс болып шыққанда, екі бірдей облыстың халқы да тел еміп, сусындарын қандырғандығы тағы шындық. Алайда, кешегі кеңестік дәуірде қазақтың алаш аты, алашшылдық, алаш идеясы, ХХ ғасырдың басындағы алаш ұйымдары, алашорда қозғалысы туралы ешкімге ештеңені айтқызбайтын да, жазғызбайтын еді. Тіпті, кешегі 80-ші жылдардың өзінде, арада қаншама ұрпақ ауысып, қаншама саяси науқандар жүріп өткеннен кейін, ұлттың рухани өмірінен алашшылдыққа қатысты мәселелер мүлдем өшіріліп тасталды деуге болатын. Солай бола тұрса да, Бөкейлікте ХХ ғасырдың басында «Ұран» деген газет шығып тұрғандығынан ептеп хабарымыз бар еді. Бірен-саран жергілікті басылымдарда, көне газет тігінділерінде кезіндегі «Ұран» газеті туралы айтылған, жазылған тұстардың бәрінде де оны ескішіл, керітартпа, бұратартушылардың газеті болды дегенді аңғартатын. Бірақ, сол газетте «қазағым, елім, жұртым», «бірлік, теңдік» дегендей жыр шумақтары жиі жарияланатындығын білгенде, өзің де елең ете қалғандай едің. Сол өзі қандай газет?! Бір жарқ етіп, қайта жалп етіп, сөне қалған басылым ба?! Ол жағы мүлдем беймәлім еді. Бірақ, бүгінгідей тәуелсіздігіміздің арқасында, жер-жерде халқымыздың ХХ ғасырдың басындағы ең алғаш автомонияға, еркіндікке, азат өмірге ұмтылған ұлттық-рухани қозғалыстары кезінде ана тілімізде жарық көрген үлкенді-кішілі басылымдарға дейін анықталып, бертінде жалпақ елдің ұлттық бірлігі мен ынтымағының шамшырағы болған алашшылдық идеясының қайнар көздері жылдар бойғы мұрағат қоймаларындағы шаң-тозаңдардың арасынан аршылып алынып, жан-жақты зерттеліп жатқан шақта, Оралдағы «Жайық Пресс» ЖШС-нің басшылары мен мамандары ілкімді іс-қимылдар жасап, әу бастағы «Қазақстан» газеті мен бүгінгі «Орал өңірі» газетінің түпнегізі, шығармашылық қайнарларын іздеп, Мәскеу мен Санкт-Петербург мұрағаттарына барып, ауқымды жұмыстар жүргізгенде, 1917 жылдан бері Ордада шыға бастаған «Ұран» газетінің тігінділерін тауып, шұқшия үңіліпті. Ғасырға жуық уақыт бойына жұмбақ болып, өңір журналистикасының өткенін жаңылыстырумен келген көп жұмбақтардың сыры сонда ашылыпты. Сөйтсе, Мәскеу мұрағатынан табылған «Известия – Хабар» газетінің алғашқы санында араб қарпімен қазақша жазылған құлақтандыруда «Протокол №112. Баспасөз тарату ісінің ілгерілеп, жемісті һәм пайдалы болуы үшін облыстық кіндік комитет қаулы жасады: Астраханнан келген жаңа баспахана мен Хан Ордасындағы «Ұран» баспаханасын бірге қосып, қызмет еттіруге һәм ол баспахананы басқару ісін жолдас Выгдорщикке тапсыруға. Областной кіндік комитет» дегендей сөздері де бар екен. Көріп отырғанымыздай, ақпан төңкерісінен кейінгі алақұйын болып келген қазан төңкерісінің буы әлі басылмай, күркіреп тұрған күндердің өзінде де Бөкейліктегі алашордашылар бастап шығарған «Ұран» газеті, не ол басылып шыққан «Ұран» баспасының атын белден бір сызып, біржолата атқұйрығын кесіспей, «жаңа баспахана мен… «Ұран» баспаханасын қосып, бірге қымет еттіруге» дейді. Ал, осыны жазып отырған, осылай болуға келісім берген азаматтар сол кездің өзінде-ақ «Ұранды» 1917-18 жылдары Бөкейліктегі алашшыл ұйымдар, тіпті, төңкерісшіл Ресейден бөлініп, өз алдымызға автономия боламыз дегендей ресми шешімдер қабылдап үлгерген кіндік ұлттық комитеттің бас сұрқылтайы болып шыққандығын да білді ғой! Бөкейліктің тарихын жетік білетін тарих ғылымының кандидаты Исатай Кенжалиевтің жазбаларына қарағанда, «Ұран»-ның бағытында қазақ төңқерісі, не большевиктің бағытты қолдау, мәмілеге келу деген атымен де болмаған. Сөйте тұрып, «Известия-Хабар»-ды шығарушылар және оның бас редакторы төңкерісшіл большевик Степан Милютин, баспахана басшысы Выгдорщик болғанмен, газеттің тұңғыш санында-ақ «Известия-Хабар»-дың Хан Ордасында өзіне дейін шығып тұрған «Ұран» газетінің негізінде өмірге келіп отырғандығын ресми түрде жариялайды. Осы екі бағыттағы газетте жарық көрген материалдарға қарап отырсаң, олардың екеуін де шығаруға атсалысқан және екеуінде де көлдей етіп материалдарын жариялатқан тілші, журналистер де – бір адамдар. 1919 жылы Ордада құрылған Қазақ Өлкесін Басқару жөніндегі Ревкомның Бақытжан Қаратаев, Ахмет Байтұрсыновтармен тең дәрежедегі мүшесі болған, бертінде Қазақ Автономиялық Республикасы Орталық Комитетінің тұңғыш төрағасы атанған Сейітқали Меңдешев те дәл сол Бөкейліктегі алғашқы алашордашылар ұйымының белсендісі және осы ұйымның бас газеті «Ұран»-ды шығарушылардың қалың ортасында жүріпті. Қаратаев, Меңдешевтермен бірге 1911-1913 жылдары демократиялық бағыттағы «Қазақстан» газетін шығарысып, кешегі «Ұран» газетінің бас ұйымдастырушыларының бірі болған ұлттық әдебиетіміздің көшбасшыларының бірі, ағартушы-қайраткер Ғұмар Қараш «Хабар-Известия» 1919 жылдың 1-қаңтарында «Дұрыстық жолы» деген атпен жаңаша шыға бастағанда, сол газеттің атын қойып, алғашқы санында-ақ «Дұрыстық жолы» атты өлеңімен тұсауын кесіпті. Соған қарағанда, қазан төңкерісі бағыты бойынша «Известия – Хабар» газетін шығарудың бастамашысы болған С.Милютин, баспаханадан шығарушы Выгдорщик пен бұрынғы «Ұран» газетін шығарушылардың арасында белгілі бір деңгейде мәміле, келісім де болған саңайлы. Ордадағы большевиктік ұйымның жетекшілері кешегі алашшылдардың ел-жұрт, қалың қазақтың атынан қойған бірқатар шарт, талап-тілектерімен келіскен деуге толық негіз бар. Әйтпесе, дәл сол кездің өзінде Меңдешев те, Қараш та, Меңдіханов та, Бөкейханов та шамалыға иіліп, жапырыла қалатындай жас қайыңның бұтақтары емес-ті. Тек, әттең, сол ардақты алаш азаматтары сол кеткенде, большевиктік, кеңестік тоталитарлық жүйенің түбі терең өңешіне біржолата жұтылып кететіндіктерін қайдан біліпті?!
Ару Жайықтағы өңірлік журналисти­каның флагманы болған «Ұран» – «Известия» – «Хабар»-дың атауы бертінде уақыттың ыңғайына орай, «Қызыл ту», «Екпінді құрылыс», «Октябрь туы» деп аталынып, 1963 жылдың мамырынан бері қарай «Орал өңірі» деген атаумен шыға бастағандығы редакцияның мұрағатындағы тарихи шежірелерден белгілі. Алайда, газеттің тарихында және бертінде жарық көрген бірқатар естеліктерде «Дұрыстық жолы»-ның 1919 жылдың 10-шілдесінде өзінің шығуын тоқтатқандығы, тек оның 1920 жылдан бастап Оралда «Қызыл ту» деген атпен жарық көргендігі айтылады. Дұрысына келгенде, «Дұрыстық жолы», әу бастан-ақ ұлтшыл, халықшыл, алашшыл Ғұмар Қараштың өзі «Дұрыстық жолы» деп ат қойып, батасын берген «Дұрыстық жолы»-ның 1919 жылдың 10-шілдесінде жарық көруін тоқтатуы дәл сол 1919 жылдың 10-шілдесінде Ордада Қазақ Өлкесін Басқару жөніндегі Революциялық Комитеттің құрылуымен байланысты болған деуге негіз бар. «Дұрыстық жолы»-ның тарихын зерттеушілердің еңбектерінде және бертінде жарық көрген бірқатар естеліктерде «Дұ­рыстық жолы» өмір сүруін тоқтатқаннан кейін, өлкеде «Қызыл дала», «Сахара таңы», «Кедей туы», «Қазақ жарлылары» дегендей газеттер шығып тұрды дегенді айтады. Бұл газеттерді зерттеушілердің әлі күнге дейін таба алмай жүргендіктеріне қарағанда, оларды қазіргі облыстық мұрағаттар емес, бұрынғы Бөкей губерниясының, не Орынборда Қазақ Автономиялық Кеңестік республикасы құрылып, қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің түпнегізі «Ұшқын» газеті жарық көргенге дейінгі мұрағаттардан іздеген дұрыс шығар?! Өйткені, «Дұрыстық жолы»-нан кейінгі өлкеде жарық көрген газеттердің «Қызыл дала», «Сахара таңы», «Кедей туы» деген атауларының өздері де бір өлкенің рухани айнасы екендігінен гөрі, бүтіндей Қазақ елі, қазақ халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтау бағытында болғандығы атауларынан-ақ та көрініп тұр емес пе?! Ал, енді «Дұрыстық жолы»-ның өмір сүруін тоқтатуына себепші болған Казревком дегенге келетін болсақ, ол РКСФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің «Қырғыз өлкесін басқару жөніндегі уақытша әскери-революциялық комитет туралы» қаулысы бойынша 1919 жылдың 10-шілдесінде өмірге келген. Алғаш Ордада «Известия-Хабар» газеттері дүниеге келген кездегідей, оның да басшы-төрағасы қазақ емес, жоғарыдан әкелінген С.Пестковский деген адам болыпты. Ал, сол Пестковский басқарған Ревкомның құрамында Орынбордағы «Қазақ» газетінің тұңғыш ізашары А.Байтұрсынов пен В.Лукашев, Ә.Жангелдин, М.Тұнғашин, кезінде Ордадағы «Ұран», «Известия –Хабар», «Дұрыстық жолы» газеттерінің негізін қалаушылардың бірі болған С.Меңдешев және Ордада шыға бастап, кейінгі өмірін Оралда жалғастырған қазақтың тұңғыш де­мо­кратиялық бағыттағы газетінің басшысы Б.Қаратаев болған еді. Тарихи құжаттарда әр кезеңде Ә.Әйтиев, С.Арғыншиев, А.Авдеев, Ғ.Әлібеков, Қ.Қаралдиннің де Казревкомның мүшесі болып, қызмет жасағандықтары айтылады. Тарихи құжаттардың өз тілімен айтсақ, бұл мемлекеттік құрылым алғашқы кезден-ақ «Өлкені жоғары әскери-азаматтық басқаруды» өз қолына жинақтап, қазақ халқының мемлекеттігін құру бағытында жұмыс істеді. Алдағы Орынборда өтетін Қазақ Кеңестерінің тұңғыш Құрылтайына негіз қалады. Демек, ол өзінің алдына қойылған тарихи міндеттерді толығымен атқарып шықты. 15 ай бойына өмір сүрген Казревком 1920 жылғы 17 тамызда РКСФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің Қазақ Республикасы жөніндегі Декретінің жобасын қарап, қолдау білдірді. Ал, 1920 жылғы 26 тамызда РКСФСР Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің «Қырғыз (қазақ) кеңестік автономиялық социалистік республикасын құру туралы» тарихи Декреті өмірге келді. Соның артынша-ақ Орынбордағы Құрылтайда Қазақ Автономиялық Кеңестік республикасы құрылып, оның тұңғыш төрағасы болып С.М.Меңдешев сайланды.

Бақытжан Қаратаев

Бақытжан Қаратаев

«Дұрыстық жолы» газеті 1919 жылы өмір сүруін неге тоқтатты, сол кездерде өлкеде жарық көрген «Қызыл дала», «Сахара таңы», «Кедей туы» газеттері не туралы жазды, не облыстық «Қызыл ту» газеті қалай өмірге келді дегенге келетін болсақ, тағы да Казкревкомның өмірге келген кезіне жүгінуге мәжбүр боламыз. «Дұрыстық жолы» жабылған 1919 жылдың 10-шілдесінде РКСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі Казревком құру туралы Ережені бекіткенде, сол құжаттың дәргейімен Казревкомның басқаруына Ақмола, Семей, Орал және Торғай облыстарын берген еді. Бұл туралы «Арыс» баспасынан жарық көрген «Батыс Қазақстан облысы» анықтамалығында «Онда (аталмыш Декретте – С.Х.) автономиялық республиканың территориясы, облыстары мен уездерінің құрамы белгіленді. Орал облысының құрамына Орал, Ілбішін, Темір және Гурьев уездері, бұрынғы Закаспийск облысының Маңғышлақ уезі, Төртінші және Бесінші Адай облыстары (Красновод уезінен) енді. 1920 ж. 12 қазанда Кеңестердің 1-Құрылтай сьезінің шешімімен облыс Орал губерниясына айналып, Гурьев, Жымпиты, Елек, Калмыков, Ойыл, Орал уездерін біріктірді» деп атап көрсетілген. Ал, 1925 жылдың 18-мамырынан бастап, бұрынғы «Қазақстан», «Ұран», «Известия – Хабар», «Дұрыстық жолы» газеттерінің алтын бесігі болған Бөкей губерниясы Орал губерниясына берілді. Осыған қарап-ақ, 1919 жылдың 10-шілдесінде «Дұрыстық жолы»-ның өмір сүруін тоқтатпағандығын, қайта уақыттың ыңғайына байланысты жаңаша атауларға ие болып, жаңаша бағыттарды айқындаумен болғандығын және өзінің жүрер жолынан ешқашан жаңылыспағандығын немесе облыстық «Қызыл ту» газетінің бір-ақ күнде өмірге келе қалған газет емес, өзінен бұрынғы небір «тар жол, тайғақ кешулерді бастан кешкен» аға басылымдар – «Қазақстан», «Ұран», «Известия – Хабар», «Дұрыстық жолы» газеттерінің сара бағытын жалғастырғандығына анық көз жеткізер едік.

Ғұмар ҚарашҒұмар Қараш

Ғұмар Қараш

Тұтастай бір газеттің, не елдің тарихы болсын, кейде бір аттап өте алмайтын тұстарың болады, меніңше, «Орал өңірінің» бұрынғы өткеніндегі сондай «ақтаңдақтың» бірі 1918 жылдың қыркүйегінен 1919 жылдың желтоқсанына дейін өмір сүріп тұрған Батыс Алашорданың өмірімен байланысты болып көрінетін. Сол кездегі газет, газет басшылары, журналистер қандай ұстанымда болды, олар не туралы және қалай жазды дегендей сауалдар да көкейді тескендей болатын. Егер, қазірге дейінгі өңір журналистикасының тарихына үңіліп қарасақ, Батыс Алашорда үкіметі өмір сүріп, тәуелсіздікті қолдан бермеуге бекінген кезеңдерде Оралда өлкеге тарайтын қазақ тіліндегі газет атаулы болмаған сыңайлы. Сол тұстағы «Ұран», «Известия – Хабар», «Дұрыстық жолы» газеттері Жайықтан гөрі, Еділге жақындау Ордада шығып тұрды. Оның үстіне, Бөкей Ордасы өлкеде Казревком өмірге келгенге дейін әкімшілік жағынан Астрахан губерниясына ғана бағынышты болыпты. Алайда, күні кеше ғана күркіреп өткен Батыс Алашорда үкіметі өмір сүруін тоқтатқаннан кейін өмірге келген облыстық «Қызыл ту» газетінің өзі де ел тәуелсіздігіне ертерек қол жеткізуге жандарын салып-ақ баққан алашордашылардың іс-әрекеттеріне ылғи бүйректері бұрып тұрғанмен, талайғы өздері білетін, өздері көрген, не өздері көзі тірі куәгерлердің ауыздарынан естіген жәйттерді айта алмай, не дер кезінде жаза алмай, ішқұса болып өткендігі жасырын сыр емес. Тіпті, сол тұстағы облыстық «Қызыл ту» газетінің редакциясындағы шығармашылық жұмыстар, газет шығару істерін көз алдыңа дейін елестетіп көрудің өзі де қиын еді. 1920-21 жылдары облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы болған өңірге белгілі зиялы тұлға, ардақты алаш қайраткері, ақын, журналист, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың әкесі Ахмет Мәметовтың бертінде Алматыда танымал ел зиялыларының қатарына қосылып, өмірден сыйлы болып өткендігі туралы осыдан көп жылдар бұрын белгілі жазушы, талантты публицист, Президенттік сыйлықтың иегері Мереке Құлкенов ағамыз өзінің «Жібек жел» атты кітабына енген «Аққан жұлдыз, қыршын тағдыр» атты көлемді эссесінде жақсы-ақ жазды. Ахаңның Жымпитыда тұрған атақты лирик ақын, «Қазақстан» газетінің негізін қалаушылардың бірі Шәңгерей Бөкеевпен кереметтей қарым-қатынасы болғандығын және Мәметовтың өз тұсында өз ортасының алды болуына үлкен септігін тигізген де ұлының ұлығы екендігін ел зиялысы Мереке ағаның мәметовтану мен шәңгерейтануға елеулі үлес болып қосылған танымдық-тағлымдық дүниесі арқылы біліп, жаңаша ой толғауға мүмкіндік алып отырмыз. Алайда, ардақты Ахмет ағамыз да, Оралдағы ол басқарған «Қызыл ту» газеті редакциясының жауапты хатшысы Батырбек Әлжанов, газеттің бұлардан кейінгі басшысы болған Әбдірахман Бәйділдин, Рахым Сүгіров, Сәтбек Иманқұлов, Мереш Дәулетияров, Нұрмұхан Түркин, «Қызыл ту»-дағы шығармашылық ортаның нағыз «қара нарлары» атанған Қуан Тастайбеков, Тілек Чанеев және әзірге аттары белгісіздеу болып отырған тағы қаншама қалам қайраткерлері өз сүйікті газеттерінің қызығынан гөрі, азабын көбірек бастан кешіпті. Бұл ретте Бөкейліктен шыққан асыл тұлға, 1913 жылы Оралда жарық көре бастаған «Қазақстан» газетіне жанашыр, әрі автор болып, газет бетінде бірнеше өлеңдерін жариялаған, «Қызыл ту»-ға редактор болып келердің алдында Батыс Алашорда үкіметінің саяси органы болған «Еркін қазақ» газетінің редакторы болып, әрі Ойылда дүниеге келген «Еркін қазақ» газетінің тұңғыш санында облыстық басқарманың бастығы, алаш көсемі Халел Досмұхамедовтың газет шығару мақсаты барысындағы танымдық-тағлымдық мәні ерекше мақаласымен бірге жарық көрген «Еркелеп «Еркін қазақ» алашына» деп аталатын жүректен жарып шыққан жыр жолдарының астына «Бөкейліктің баласы» деп қол қойған Ахмет Мәметовтың басында қалыптасқан жағдай тіптен-ақ қиын еді. Ал, шын мәнінде, Бөкейліктегі Талов үйезі, Қойтоғыт ауылының түлегі Ахмет ағамыз өлкедегі алдыңғы толқын қазақ зиялылары Қаратаев, Шәңгерей, Бұйрин, Қараштарды үлгі тұтып, солардың өнегесін алған, өзі де талантты қаламгер, әрі газет шығару ісінің асқан білгірі болатын. Бөкейліктегі аға буын зиялылардың өлкеде тұңғыш қазақ тілінде газет шығару кезіндегі көрген, аяқтарына тұсау болған азаптарды, ардақты алаш көсемі Халел Досмұхамедовтың сөзімен айтсақ, «1917 жыл, 27-нші хұт өзгерісі болғаннан бері қарай қазақ тілінде бір газета шығармақ Орал зиялы азаматтары ауызында болған» игілікті істі жүзеге асыру барысында Ахмет ағамыз да бастан кешіпті. «Еркін қазақ» газеті алғаш Жымпитыда жарық көргелі жатқанда, Оралды большевиктер басып алып, Жымпитыға үлкен қауіп төндіргендіктен, кеше ғана Оралдан сатып алынып, үлкен қиындықтармен құрастырылған баспахана енді шалғайдағы Ойылға көшіріледі. Сөйтіп жүргенде, жолай баспахананың бірқатар тетіктері жоғалып, барған жерлерінде қазақ қарпін теруші мамандар да тез табыла қоймайды. Бірақ, Ахмет аға басқарған бұл газет бұрынғы Бөкейліктегі Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің редакторлығымен жарық көрген алашшыл «Ұран» газеті сынды өз миссиясын толықтай атқарып шықты. Алайда, дәл Бөкейліктегі большевиктік биліктің үстемдік алып, жергілікті «Ұран» газетін шығарып отырған алашшылдардың жаңа үкіметпен белгілі бір дәрежеде мәмілеге келгендіктері сынды, дәл осы тұста Ойылдағы «Еркін қазақ» газетін шығарып отырған қазақ азаматтарының да күн өткен сайын бүйірлетіп алып бара жатқан жаңа өкіметпен белгілі бір деңгейде мәмілеге келіп, жаңа биліктің құрамында жергілікті өз халқына адал қызмет етуге бел шешіп кіріскендіктері анық. Әрі Бөкейліктегі алашшыл «Ұран» газеті мен Ойылдағы алашшыл «Еркін қазақ» газеттерінің өмір сүруін тоқтатуындағы жағдай екі бөлек еді. Оның үстіне, «Еркін қазақ» газеті жабылған кездегі уақыт та басқаша болатын.
Батыс Алашорда үкіметі өзінің өмір сүруін тоқтатқанмен, оның өлкедегі рухы әлі күшті еді. Оның құрамында болған адамдардың бәрін бірдей қамап, не оларды шетінен тізіп, барсакелмеске жіберу тіпті де мүмкін емес-ті, сондықтан, кеңестік билік Батыс өңірдегі алашордашыл қозғалыстың рухын өшіру үшін оларды жаппай жамандау, халыққа жеккөрінішті етіп көрсету бағытын ұстанды. Міне, дәл осындай міндеттердің бірі Ахаң кеңестік өмірге жан-тәнімен бері­ліп, редакторлық етіп, отырған Оралдағы облыстық «Қызыл ту» газетінің мойнына жүк­­телгендігі айдай анық. Бір жағынан, А.Мә­метовтың сол тұста «Қызыл ту»-дың тұң­ғыш редакторы болғандығы бұл газетің бағы ма дейсің! Өйткені, кеше ғана Халел және Жанша Досмұхамедовтер сынды алаш көсемдерінің қасында жүріп, солармен бірлесіп «Еркелеп «Еркін қазақ» алашына. Жайылған сары арқаның даласына» деген ұранмен «Еркін қазақ» газетін шығарып тұрған Ахаң өлкедегі бетке шығар қазақ азаматтарын түгелге жуық жақсы білетін. Оларды уақыттың, заманның ыңғайына қарай, енді өзі қол қойып отырған газеттің бетінде «ұлтшыл-алашордашыл» деп, кеңестік өмірге жау етіп көрсету нағыз ардан аттап өтумен бірдей емес пе?! Сондықтан, ол көп ретте бұндай жағдайға жол бермеуге тарысыпты. Табан тіреп, қарсылық көр­сеткен жағдайларының болғандығын да жоқ­қа шығаруға болмас; алайда, облыстық «Қызыл ту» газеті өмірге келгелі бері, газетте осы өңірдегі алашордашыл қайраткерлерді қа­­ралау бағытындағы материалдарды жариялау жоғарыдан үнемі талап етіліп отырылған.
Бұндай үрдістің 1937-38 жылдардағы ста­линдік қуғын-сүргін науқанының нағыз қы­зып тұрған шағына дейін бір тынбағандығы белгілі. Бұндай алақұйын науқаннан бір өңірдегі «Қызыл ту» газеті тұрмақ, сол тұс­тағы елдің бас газет, журналдарының да аман қалмағандығы басы ашық әңгіме. Дей тұр­­ғанмен, өз кезінде «Қызыл ту»-дың өзіндік берік ұстанымдары да болыпты. Кешегі большевиктік қызыл империяның күш алып келе жатқан кезінің өзінде де бұл газет өлкедегі алаш қозғалысының бел ортасында жүргендердің жаңа кезеңдегі жарқыраған еңбек өмірін көбірек жазып, талай жандарды жазықсыз жазалаудан аман алып қалған. Ал, тиісті органдардың дәлел-құжатымен жазылған айыптау мақалаларының өзін кешеуілдетіп, түптің түбінде әртүрлі сылтаулармен ұмыттырып, жариялатпау бағытын ұстаныпты. Соның бәрі ақыры 1937-38 жылдардағы сталиндік қуғын-сүргіннің кезінде Ахмет Мәметовтен бастап, бірқатар газет басшыларының «алашордашылармен ауыз жаласқан» дегендей жаланың құрбаны болып кете баруларына басты себеп болыпты. Алайда, бұл жерде біздің «Қызыл ту»-дың тұңғыш редакторының тұлғасына тереңірек үңілуіміздің де себебі жоқ емес! А.Мәметов кезінде Қаратаев, Шәңгерей Бөкеев, Меңдешев, Бұйрин, Қараштар бас қосып, қазақтың тұңғыш демократиялық бағыттағы «Қазақстан» газетін шығарған Бөкейліктің төл перзенті, сондағы зиялылық ортада тәрбиеленіп шыққан дегенді біз жоғарыда да айттық. Ол сол кезде бар-жоғы он алты-он жеті жаста болса да, «Қазақстан» газетінің тұрақты оқырманы және белсенді авторы болып, газет беттерінде өзінің өлеңдерін де жариялатып тұрыпты. Біздіңше, ол ұлтшылдық, алашшылдық идеяның алғашқы дәрістері, газет шығару бағыты мен тәжірибесін «Қазақстан»-нан алған. Сол «Қазақстан» газетінің патшалық цензураның құқайымен жабылып қалғандығына арада төрт-бес жыл өтсе де, өзінің сондағы көкірек көзін оятып, азаматтық болмыс-бейнесін қалыптастыруына бірден-бір себепші болған ұлт басылымының рухынан арыла алмай, бертінде Ойылда алаш көсемдері Халел және Жанша ағаларымен бірлесіп, «Еркін қазақ» газетін шығарғанда да, әу бастағы «Қазақстан» көтерген басты идея – «Сары арқаның даласына» кең тарау, «жер-жерге сәлем беру», алаш баласын «жарлы, бай деп алаламау», «ағарту, алғасу», «алашының көзі мен құлағы болу», тура жол көрсету, «жағынып, жалбақтамай», алаш жұртына шын сөз айтуды ту етіп, алға тартыпты. («Еркелеп «Еркін қазақ» алашына»). Олай болса, А.Мәметов ХХ ғасырдың басында қазақтың тұңғыш демократиялық бағыттағы «Қазақстан» газеті көтерген «асыл мұрады: кәсіп ету, ғылым, өнер турасындағы» ізденістер рухын өзі тұңғыш редакторы болған облыстық «Қызыл ту» газетінің шығармашылық ортасына батыл енгізіп кеткендігі еш дау тағызбайтын ақиқат!

Ахмет Мәметов

Ахмет Мәметов

Қалай болғанда да, бұл газеттің 20-30-40-50 жылдардағы өмірінде тұтастай өңірдің арғы-бергі өткенімен байланыстыра қарастырып, үлгі-өнеге, тағлымдық тәрбие алар тұстары жетерлік-ақ. «Орал өңірі» газеті дегенде, еліміздің өзге өңірлердегі облыстық газеттеріне қарағанда, оның өзіне бұйырған бағы, бақыты дерлік тағы бір шежіресі де баршылық. Ол дәл осы газеттің редакциясында кезінде қазақтың арқалы ақыны, от жүректі публицисі, қазыналы Қарқаралы жерінің түлегі Қасым Аманжоловтың жұмыс жасағандығы еді. Қасым ақынның Оралды дәл бір өз туған Қарағандысындай-ақ жақсы көріп, әбден бауыр басып, құлашын кеңге салып, нағыз шығармашылық бақытқа кенелгендігі де өмірдің өзіндей-ақ ақиқат. Ол Қыз Жібектің елі – ару Жайықтың жағалауында-ақ ұлы ақын – қазақ поэзиясының биігінен өзіне лайықты орнын тапқан лирик ақын болып қалыптасты. Ол үшін өз тұсындағы өзі көріп, сүйсінген, өзі оңаша сырласудан үмітті Жайық қызының бойында да өткен замандардағы Қыз Жібектің бойындағыдай, «Қара көзін төңкере қарағанда, Кірпігінен құлпырып нұр тамғандай, Жымың қағып, еркелеп сызылғанда. Балдан тәтті қылығы – ес танғандай. Жарқ-жұрқ етіп тұрғанда, жүрегінде Көзге түсер таудағы ор құландай» қылықтар мен қадір-қасиеттер молынан табылып жатқандай еді… Ал, 1935 жылы ол «Қызыл тудың» беті арқылы Жайық қызына жұмбақтап үн қатқан «Сұлудың сымбаты» атты өлеңінде қиялдағы емес, нақтылы өмірдегі өзі талай рет көзбен көріп, тіл қатыса алмай, тіпті, қапелімде тілі байланып, іштей тұншыға жаздаған Жайық қызын «Қара көз, қиылған қас, жазық маңдай, Алма бет, ақша жүзі нұр тамғандай. Қыр мұрын, оймақ ерін, меруерт тіс, Бейне мақпал қызыл тіл шекер балдай. Төгілер иығына қара шашы, Жібектей жүз құлпырған дамыл алмай» деп бейнелепті. Дәл сол сұлуды өзі қызмет жасайтын «Қызыл тудың» тапсырмасы, әлде кезекті бір іссапарымен ел ішін арал жүріп, Қасымның өзі көзбен көрмесе, дәл сондай қылып, не тағысын-тағы «Тік иық, сүмбіл білек, кербез кеуде…» дей келіп, әр қарай күнінде өзі көріп, өліп-тала жаздаған Жайық қызындай сұлулардың да дәл бір өзі талай рет сиқырына арбалып, не дәл өзі арман еткендегідей болғандығын қалап, «Ақ көңіл, таза пейіл, уыз жүрек, Сырты қандай болса, дәл іші сондай. Кеңпейіл, білімді, ойы зерек, Инабатты боп келсін, арсызданбай» демейтін бе еді?! Қасымның Оралдағы өмірі әңгіме тиегіне айналдырылған кезде, әр жолы Оралдағы қазақ драма театрының аты аталатындығы да тегін емес. Оралдағы қазақ драма театрының қалыптасу, жетілу кезеңімен бірге, өзіндік бір қырларымен жарқырай көрінген шақтарына дейін сол әлгі 30-шы жылдарға тұспа-тұс келіп жатқан жоқ па?! Оның үстіне, Қа­сым театрдың қарапайым көрермені, не қа­тар­дағы сыншысы, көп ақылшыларының бірі ғана болып қоймай, өзі де қастерлі қара ша­ңырақтағы сахна өміріне білек сыбана ара­­ласып, көрермендерге өзінің шуағын сыйлаған талайғы рөлдерде де ойнапты. Дей тұр­ған­мен, кейде осы бір арқалы ақын өзінің бай шы­ғармашылығындағы тусылмайтын кәу­сар-бұлақтың тұнық бастауын ару Жайық­тан, өзі күнделікті шығармашылық ор­­тасымен бітісе қайнасып жүрген «Екпінді құрылыс»-тың редакциясындағы ыстық орта­дан алды ма екен деп ойлаймын. Өйткені, ақын ел басына күн туып, майданға аттанып бар жатқанда және майданның отты жылдарында жазған жырларында өзінің сүйікті Оралын, Жайық пен Шағанның жағалауын кезек-кезек шарлап, жыр дестелерін сан құбылтып, түрлендіре түскен шақтарын есінен бір сәтке де шығармайды. Оның ал­ғаш Батыстағы от пен оттың арасына атта­нып бара жатқанында, эшелонның есігін айқара ашып қойып, «Сонау бір шетте сонау үй» деген атақты жырындағы «сонау үй» де дәл сол өзінің бір тыныш бөлмесінде төгілдіртіп, жыр жазып, отты публицистикасымен оралдықтардың есінде мәңгіге жатталып қалған редакциясы, әлде сонау ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында татар журналистикасының бетке шығар басылымдары жарық көріп, бертінде жергілікті патшалық биліктің тыйым салуымен жабылып қалған кезде, 1911 жылы жергілікті қазақ зиялылары Бақытжан Қаратаев, Елеусін Бұйрин, Шәңгерей Бөкеев, Сейітқали Меңдешев, Ғұмар Қараштар өмірге әкелген қазақтың тұңғыш демократиялық бағыттағы «Қазақстан» газеті шығып, солардың артынша облыстың ұзақ жылдардан бергі айнымас үнжариясы «Орал өңірі» мен «Приуралье» газетінің алтын бесігі болған Ғабдолла Тоқай атындағы облыстық баспахана үйі-ау десек те еш қателеспейтін шығармыз?!
Қазақ үшін қадірлі Қасым Аманжо­лов­тың есімі аталған жерде, сен, әрине, қа­зақтың тағы бір дүлдүл ақыны Абдолла Жұ­мағалиевтің есімі қатар атала қала­тын­дығын қалайша естен шығарарсың?! Ре­дакцияның мұражайындағы көне жәді­гер­ліктердің ішінде өмірден қыршын кеткен Абдолла ақын, оның атақты Қасым сынды, «Екпінді құрылыс»-тың редакциясындағы қызу шығармашылық ортада қалыптасқан шығармашылығы мен майдандағы өршіл рухтағы өміріне қатысты деректер де баршылық. Біздің білуімізше, Қасым мен Абдолла ағаларымыз облыстық газет «Екпінді құрылыс» аталған жылдарда бір редакцияда бірге қызмет жасап, үнемі екеуі иық түйістіріп, қатар жүріпті. Үнемі бір-бірін қайрап, бірінің талантына бірі дем беріп, нағыз бір шығармашылық ортаның көрігін қыздырып жүргенге ұқсайды! Бұл екі алып та кезінде ел басына күн туғанда, өздерінің қаламдарын бірден қаруға айырбастап, «елім, жұртым» деген жүректерін жалаулатып, Батыстағы майдан даласына аттанып кете барды. Абдолла ақын сол бір жылдарда батырлықтың тамаша үлгісін көрсетіп, ұрыс даласындағы ең бір сынға түскен шақта ерлікпен қаза тапса, Қасым ақын баяғыдағы өршіл рухты Махамбет бабамыз сынды, сол соғыстың арасында жүріп те, отты жылдардағы қазақ поэзиясының негізін қалаушылардың біріне айналды. Досқа деген адалдықтың бір тамаша үлгісіндей, Қасым бертінде Абдолланың жорықтағы өмірін арқау етіп, кезінде сөз зергері Ғабит Мүсірепов «қазақ поэзиясындағы жаңа бағыт» деп жоғары бағалаған «Ақынның өлімі туралы аңыз» деген поэмасын өмірге әкелді. Ерлік пен патриотизмді жыр еткен бұл үлкен дүниенің өзінде Қасымның Абдолла досымен бірге Оралдағы «Екпінді құрылыс»-тың редакциясында бірге өткізген небір қызықты жылдарына деген ерекше бір сағыныш пен аңсау сезімі де қатар көрініс беріп жатыр емес пе?! Осыдан аз ғана жылдар бұрын, бұл қос алыптың Оралдағы шығармашылық өрлеу жылдарында тұрып, өмір сүрген тарихи үйлерінің қабырғасына Жайықтағы зиялы қауым арнайы ескерткіш тақта орнатып, үлкен бір өнегелік іс тындырды. Ал, 1996 жылдың күзінде Алматыда Қазақстанның Халық жазушысы Хамит Ерғалиевтің кезекті мерейтойы аталып өтілгендігі белгілі. Үлкен мерейтойдың дәстүрлі қызық-шыжығынан кейін, «Жұлдыз» журналының ұжымындағы бас редактордың орынбасары Рамазан Тоқтаров, Тұрысбек Сәукетаев, Қорғанбек Аманжол сынды аға буын өкілдері бастап, біз Хамит ағаның қуанышын ортақтасып, үйіне арнайы кіріп шыққанбыз. «Жұлдыз» Хамит ағамыздың өзінің сүйікті журналы, оның барлық іргелі шығармалары кезінде дәл осы журналдың беттерінде жарыққа шыққан. Төрге кең етіліп дастархан жайылып, реті келгенде, біздің бәріміз де бас-басымызға сөз сөйлеп, арқалы ақынға өздеріміздің жүрекжарды тілектерімізді арнадық. Әңгіме барысында Рамазан аға: «Хама, мына Серікқали өзіңіздің іңіңіз ғой. Оралдан», – деп қалды. Хамаң: «А-а?!» – деп қойып, әрі қарайғы әңгімені өзінің кеше ғана өткен мерейтойының қызықтарымен бөлісе бастағанмен, артынан іргедегі төргі қабырғаны тұтастай алып тұрған қызылкүрең шкавтағы кітап сөресінен өзінің тойдың аз-ақ алдында Алматыдағы «Өлке» баспасынан жарық көрген «Ғұмырдария» деген ғұмырбаяндық кітабын алып, әрқайсысының ішіне өзінің қолтаңбасын қалдырып, бізге ескерткіш ретінде ұсынды. Өзімнің үлесіме тиген кітаптың ішіне үңіліп қарасам, абыз ата мұқабаның ішкі бетіне әдемілеп «Қарағым Серікқалиға! Орал топырағынан басталған өнер өнімі осының ішінде, оқып көр. Ағалық ақ пейілден – Хамит Ерғалиев. 05.10.96.» деп жаза келіп, енді кітабын өзіме ұсынарда «ал, осы кітап туралы сөйлеп көрші» дегенді де қосып қойған. Мен сол отырыста Хамит ағаның атағы Ақ Жайық өңірінде ұдайы дүрілдеп тұрғандығын, өйткені, оның күй атасы Құрманғазы Сағырбаев туралы өлеңмен жазылған романы күй атасының атакүлдігі Жаңарған өңірде әлі күнге дейін өнердің гимніндей-ақ болып ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болып келе жатқандығы мен Хамит Ерғалиев есімінің өзім түлеп ұшқан облыстық «Орал өңірі» газетінің бай тарихи шежіресіне алтын әріптермен жазылып қалғандығын, редакциямыздың мұражайында ақын атамыздың «Орал өңірінде» өткен шығармашылық өмірінен сыр шертетін жұрағаттардың мол екендігін тілге тиек еткенмін. Алайда, Хамаңның сондағы «осы кітап туралы сөйлеп көрші» деген сөздері үнемі өзімнің құлағымның түбінде жүретін. Сол кітапты мен бертінде жата-жастанып қаншама рет оқымадым екен десейші?! Хамит аға осында өзінің өлең өлкесіндегі алғашқы сапары, ақын ретіндегі алғашқы қалыптасу кезеңдері ғана емес, азамат, нағыз туған жердің жанашыр патриоты ретіндегі ұмытылмас күндерін сағына еске алғанда, Оралды да өзінің аузынан бір тастамапты. Ол аз десең, Хамит аға «Орал өңірінде» қызмет жасаған жылдарында өзін талантты ақын ғана емес, талантты публицист ретінде де таныта алған. «Орал өңірі» қанаттандырған ақын бертінде ұлттық әдебиетіміздің шырқау биігіне дейін көтеріліп, өзінің Ақ Жайықтағы шығармашылық мектебі болған облыстық газет редакциясы үшін де үлкен мақтанышқа айналғандығын не айтпасқа?!

Ғабдолғазиз Мұсағалиев

Ғабдолғазиз Мұсағалиев

«Орал өңірі» газетінің редакциясы қаншама замандардан бері өңір орталығының жүрегі, рухы, жан толқынысындай болып, Оралдың нақ орталығында, сондағы нағыз бір көрікті орында, нағыз бір қалалықтар, не осында өңірден келгендері бар, өлкеге ат арытып келген меймандары бар, дәл бір солардың әрқайысысының көздеріне түсіп, көңілдерінде бұл алып өңірдің рухани айнасы бір өзі ғана екендігін жеткізіп тұрғандай әсер беретін. Оны біз редакцияда қызмет жасаған жылдарымызда, әрі күнделікті түскі үзілістердің кездерінде іргедегі мекемелердің бірінің асханасынан тамақтанып келіп, редакция жанындағы бертінде өз поэзиясымен-ақ қазақтың «менін» танытып кеткен атақты ақын Жұбан Молдағалиевтің ескерткіш мүсіні орнатылған, оның үстіне, бүгінде бүтіндей қалалықтардың мақтан етер саялы бағында азды-кем серуен-саят құрып, кейде сондағы гүлзар бақтардың жанында оңаша отырып, сәлден кейін, редакцияға қайта кіріп, жазу столына қадалып отырып, әлдебір өзіміздің көптен бергі көңілде жүрсе де, бір оңтайы келмей-ақ қойған материалдарымызды көсілтіп жазудың қамын кешкен сәттерімізде де анық байқайтынбыз. Ал, өңірдің әр қиырына іссапар жасаған кездеріміз ше?! Үлкен-кіші, жас кәрі дейтініміз жоқ, жылма-жылғы газетке жаздыртудың кездерінде біздің әрқайсымыздың да өңірдің ең шалғай, ең шеткі деген ауыл-селоларына дейін барып, сондағы жергілікті тұрғындармен бетпе-бет жүздесіп, ауыл мұғалімдері, жергілікті зиялылар, ауыл жастары және ата-аналарға: «Орал өңірі» газеті тұтастай өлкеннің рухани өмірі, рухани жанашыры, жан-жүрегі. Бұл газеттің өңірдегі әрбір тұрғынның жүрегі болып соғып, әрбір тұрғынның көл-көсір қуанышы мен сүйенішіне айналғысы келетіндігін сіздер де біліп жүргейсіздер», – деп, жүректен шыққан ең бір ыстық тілектерімізді айтқан кездеріміз қаншама?! Соның бәрі тек жәй сөз, біздің бір сәттік толғанысымыз ғана ма, жо-жоқ, келер жылы дәл сондай мақсатпен, не әлдебір редакциялық тапсырмалармен дәл сол осыдан бір-ер жыл бұрын өзіміз болған ауылдарда, дәл сол әлгі көзге ыстық кең залда оқырман-жұртшылықпен қайта кездескенімізде, қаншама рет жергілікті тұрғындардың беткешығарлары жұрт алдында көсіле сөйлеп, «Орал өңірі» көтерген мәселелер, газет бетінде жазылған қаншама естен кетпес материалдарға деген ыстық ықыластарын білдірумен бірге, «Орал өңірі» әман да жергілікті тұрғындардың рухын көтеріп, жігерлеріне жігір қосып келе жатқандығы және бүгінде ауылда әр таңда есігін қағып, үйіне «Орал өңірі» газеті келмейтін шаңырақ иесі жоқ екендігін айтқандықтарына дейін де көз алдымда тұрғандығын қайтерсің?! Одан бері арада қаншама жылдар өтіп, бүгінде өзім Оралдан мыңдаған шақырым жердегі әсем қала Алматыда тұрып жатқанмен, «Ару Жайықтай алып аймақтың рухани айнасы, үні, көзі мен құлағы болу бүтіндей бір аймақтың «Орал өңірі» газеті үшін зор бақыт» дегенді мен қазір де үлкен әріптермен жазар едім. Ал, мен өз басым облыстық «Орал өңірі» газетінің редакциясына әдеби қызметкер болып, 1980 жылдың күзінде келген едім. Мен алғаш редакцияға жұмысқа қабылданған шақта, газет редакциясы облыс орталығының қазіргі Достық көшесіндегі байырғы оралдықтардың арасында «Киров үйі» атанып кеткен үш қабатты тарихи-архитектуралық сән-салтанаты келіскен ғимаратта болатын. Редак­ция­мыздағы көнекөздердің айтуларына қарағанда, бөлмелері кең, төбесі биік, іші жарық, тыныштығы мол бұл үй баяғыда «Карев үйі» деп аталыныпты. Тарихи шежірелерде осынау үш қабатты, ал, дұрыстап бажайлап қарасаң, қазіргі дәуірдің бес-алты қабатты үйлерінің биіктігінен бір де кем емес еңселі ғимаратты сонау ХІХ ғасыр­дың соңы, әлде ХХ ғасырдың басында ресей­лік және еуропалық архитектуралық мәдениетті жетік білетін, әрі кезінде солардың көпшілігін көзбен көріп, аралап, сүйсініп, тамсанумен болған оралдық ауқатты көпес А.Т.Карев салдыртқандығы айтылатын. Былайғы жұрт және қала қонақтары қашан да сүйсіне қарап өтетін зәулім үйдің тұтастай үшінші қабатында (ғимараттың төменгі қабаттарында сол кезде де, әлі күнге дейін де облыстық ғылыми әмбебап кітапхана мен облыстық филармония жұмыс жасап келе жатыр – С.Х.) облыстың рухани үні, көзі мен құлағы болып табылатын қос бірдей газет – «Орал өңірі» мен биыл журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында Елбасымыздың журналистика саласы бойынша берілетін сыйлығына ие болған «Приуралье»-нің редакциясы бір қабатта және біз, екі редак­цияның қызметкерлері үнемі ішке бір есіктен кіріп, бір есіктен ғана шығатын едік. Мен газет редакциясына қызметке қабылданғанда, жиырмаға енді ғана толған едім. Оған дейін Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір» газетінің редакциясында тілші болып, газет өмірінің ыстық-суығын аз да болса, сезініп, бірқатар тірліктерді көзбен көріп, сонда­ғы­лардың күнделікті журналистік тірлік­тері­мен біте қайнасқанмын. Сол «Жаңарған өңірде» істеп жүргенде-ақ «Орал өңіріне» Жаңарған өңірдің мәдени-рухани өміріне қатысты біраз мақалаларым шыққан, тіпті, бірде өз туған өлкемнің мәдени өмірінен сыр шерткен, өңірімізден түлеп ұшқан күй дүлдүлдері Құрманғазы мен Динаны мақтаныш еткен бір шағын публицистикалық мақалам Алматыдан шығатын «Мәдениет және тұрмыс» журналының ең алғашқы бетінде жарқ ете қалғанда, өзім де қатты таң қалғанмын. Сірә, соның бәрін ескерсе керек, мені «Орал өңірі»-нің басшылығы бірден мәдениет, әдебиет және өнер бөліміне әдеби қызметкер етіп қабылдады. Бірақ, мен «Орал өңірін» ауылда жүргенде-ақ көп зерттеп, ондағы талайғы талантты жазылған дүниелер мен газеттің мықты деген «арнаулы тілшілерін» де танып үлгергенмін. Бақтыбай Далабаев (бас редактор), Ғарифолла Көшенов, Мәжит Қайыр­ғалиев, Тихон Әліпқалиев, Жанғали Набиуллин, Базарғали Қуатов, Жүсен Нұртасов, Алғали Мерғалиев, Ғилаж Наурзин, Дайыр Досаев, Қуаныш Исаға­лиевтердің өнер, өмір, қоғам, Жайықтың жайсаңдары хақындағы талайғы толғанысқа толы очерк, мақала, суреттеме, репортаждарын сүйсіне оқып, шіркін, соңыра солардай «Орал өңірінің» редакциясында қызмет жасап, қаламымды кең сермеп, ару Жайықтың оқырмандарын да сүйсіндіргендей тәуір дүниелер жазсам ғой деп армандаушы едім. Арман адамды алдамайды екен, асыл арманым ақыры жүзеге ас­ты. Бірақ, мен газет редакциясына жұ­мысқа тұрғанда, бұндағы шығармашылық ортада жастардан гөрі, өңір журналис­ти­касының әбден сөтіліп, кәсіби жұмыста бір­шама шы­ныққан аға буын өкілдері көп еді. Со­лардың қазақ журна­листикасының ше­жіресінде есімдері аңыздай қылып айтылатын талайғы ағаларымыз құсап, ертеңгілік шықиып киініп, дәл уағында жұмысқа келіп, азды-кемді аман-саулықтан соң, артық-ауыс әңгіме, қимыл-қозғалыс жасамай, бірден білек сыбанып, қызу жазуға кіріс­кендіктері мен кейде көптен бергі бір оңтайына келмей жүрген әлдебір дүниелері хақында бір-біріне ашық айтып, сыр бөліскендіктерінің өзі де біз үшін үлкен өнеге, мол тағлым – нағыз жур­налистік орта, нағыз бір өнегелі журна­листік мектеп еді! Бұндайда Жүсен Нұртасов, Болат Қалиев, Ғалиасқар, Қажиахмет Жанғазиев, Алғали Мерғалиев, Ғилаж Наурзин, Идаят Мұратов, Жүсіп Өтеғалиев ағаларымыз нағыз бір көкіректері сайраған шежірелер еді. Кейде кезінде ұзақ жылдар бойына газетімізді басқарып, сан рет шалғайдағы Мәскеуге барып, газет шежіресін түгендеуге көп еңбек сіңірген, сол кезде құрметті еңбек демалысында жүрген, әрі екі сөзінің бірінде атақты батыр Бауыржан Момышұлының рухани жәдігерліктерін ауызға алып отыратын Хабир Нұрмұхамедов ағамыз келіп, аға буын жур­налистерімізбен өткен-кеткенді айтып, сыр шертісіп отырып, құлашты кеңге салатын. Сонда бір сәт біреулері жазуды, бір­қа­тары секретарияттағы жұмыстарын қоя салып, бәріміз де солардың өзімізден бұрын­ғылар хақындағы тың деректері мен сыры тау­сылмайтын журналистік шежірелеріне зор ынтамен құлақ түретінбіз. Қыдырбай Ерғалиев, Жүсібәлі Өтебәлиев, Есенжол Қыстаубаев, Мұрат Мәмбетов, Санызбай, Сағын Қапақов, Тамара Еслямғалиев, Мәдина, осы жолдардың авторы және редакциядағы шығармашылық ортаға кейін келіп қосылған Амангелді Шахин, Ғайсағали Сейтақов, Тәрбие Смағұлова, Мақсот Ізімов, Темір Құсайын, Александр Тасболатов, Таңатар Тілеуғалиев, Ғабит Молдамұратов, Сырымбек Тұяқов сынды жастарға бәрі қызық. Жоқ, тек сол жүрген біз ғана ма екенбіз, газет шежіресіне қатысты бұндай әңгімелерді тыңдаудан Мәжит, Ораз, Жанғали, Құбаш Қажымов, Азамат, Қуаныш, Айтқали Нәріков, Алпысбай Мұсаев аға­ларымыз да қалыспайтын. Жастай облыс­тық газеттің бас редакторы атанып, бұл қызметті ұзақ жылдар бойына атқарған Бақтыбай Далабаевтың бір кездері дәл біздер сынды, шалғайдағы ауылдарға, сондағы шаруа­шылық, өндіріс орындарына дейін сапарлап барып, оқырмандары сүйсініп оқитындай, әрі кейінгі дүниелерін асыға тосып жүретіндей материалдар жазған шақтары көп болыпты. Оның 80-ші жылдарға дейін-ақ атақты Сталинград шайқасына қатысқан қазақстандық майдангерлер өмірінен жазған ғалыми-танымдық еңбегі соның артынша-ақ өз алдына бір кітап болып басылып, тарихшы-мамандардың назарларына ілігіпті. Ал, өл­кенің арғы-бергі өткенін мұрағат деректері не­гізінде әріден қазып жазатын Болат Қалиев, Ғиляж Наурзин ағаларымыз ше?! Олар туралы өз замандас-тұстастарының арасында да көп айтылатын. Ал, Жүсен аға журналистік сапарға шыққанда, ұдайы өзінің мойнына «ФЭД» фотоаппаратын асынып жүретін. Әрі десе, ол арнайы тақырыптық беттерді ұйымдастырып берудің де шебері еді. Бір қызы­ғы, Жүсен ағамыз барған жерлерінде газетіміздің жанашыр-достарын тауып, алда әлі тереңдетіп жазатын, өңірге жаңа бір өріс әкелетін тақырыптарға қазық қағып қайтатын. Сырттай қаталдау жан болып көрінгенмен, іші жұмсақ, кісімен жұғысқыш Идаят Мұратов ағамен біраз жыл бір бөлімде бірге отырдым. Газет бетінде проблемалық мақа­лалар ұйымдастырып беруде ол кісіге тең келер ешкім жоқ. Үстіне су жаңа кәстөмін киіп, қолына сәл жұқалау былғары папкісін ұстап, тақырыбына сәйкес, облыстың тиісті мекемелері мен ғылыми орталықтарын аралап, тиісті мамандармен әңгімелесіп, қашан сол көлемді мақаласы газет бетіне жарқ етіп шыға қалғанға дейін бір тыным таппайтын. Өзі сымбатты Мәжит Қайырғалиев ағамыз­дың жазғандары да шетінен сымбатты-ақ. Газеттің ағымдағы шаруаларымен бірге, ағамыз шағын новелла, өлеңдер жазып, суреттерін салып, әлсін-әлсін сол дүниелері газет бетінде жарқырап шығып жататын. Мәжит ағамыз бертінде газеттің бас редакторы болып, ұзақ жылдар бойына жемісті еңбек етіп, газеттің абыройын асырды. Өз тұсында «өндірістік тақырыптың білгірі» атанған Құбаш Қажымов, өнімді де, білікті жұмыс­тарымен үнемі назарда жүретін Серікқали Сәрсенов, редакция тарапынан берілген тапсырмаларды қашан да тап-тұйнақтай етіп орындауға машықтанған Қуаныш Исағалиев, газет материалдарын ойнатып, жарқыратып беруден жалықпайтын жауапты хатшы Дайыр Досаевтың да өнегелі істер көп. Газеттегі талайлардың тәлімгер-ұстазы атанған Жанғали Набиуллиннің тәлімін ол басқаратын мәдениет бөлімінде қызмет жасаған жылдарымда мен де көрдім. Бірде Ақ Жайық өңіріндегі ақындардың облыстық деңгейдегі айтысы өтетін болды. Жюридің төрағасы танымал ақын Жанғали ағамыздың өзі еді. Күркіреп өткен айтысты газетіміздің бетінде жарқыратып беру қажет емес пе?! Жәкең бұл іске мені де араластырды. Және қалай десеңізші?! Тәмам құлшынып жазуға кірісер кезде, Жәкең маған: «Сен айтысты көзбен көрдің ғой. Ендеше, сен айтыстың бас жағын және соңғы жағын жаз. Ал, мен ақын ретінде айтысушылардың бағасын бере отырып жазайын», – деді. Кейін шынында да солай болды.

Бүгінде өзім Алматыда тұрып, қазақ жур­на­листикасының қара шаңырағы атанған білдей бір редакцияда қызмет жа­сап жатсам да, әлі күнге дейін ұмыта ал­майтын бір жағдайым, «Орал өңірі» өзінің біздей жас буын өкілдерін бейнебір ала­қанға салғандай етіп, әпелеп-мәпелеп өсірді. Жұмыс жағдайында да редакцияның ыстығы мен суығына қатар салды. Облыс иелігінің бір шеті мен бір шетінің арасы мыңдаған шақырымға дейін созылатын. Соның бәрінде де жергілікті тұрғындар негізінен мал және егін шаруашылығымен шұғылданатын. Редакциялық іс-сапарлар үнемі сол өңірлерге қарай бағытталатын. Жылдың қай мезгілінде де, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, редакциялық тапсырма алып, сол өңірлерге бірде пойыз, бірде «АН-2» ұшағы, не жолаушылар автобусымен-ақ жортып ала жөнелетінбіз. Ал, өңір тұрғындарының еңбек өмірі, олардың тұрмыс-тіршілігі, тұрмыстағы, қатынастағы қиындықтары, олардың арғы-бергі өткені мен өз өмірлерінен жазылған үлкенді-кішілі дүниелер ше?! Өңірді, өңірдің тұрғындарын танып-білген сайын, сен де өзіңді, өз өткеніңді танып-білгендей болып, әр жолғы материалыңды да жан сала жазып, оқырмандардың көңілдеріне қуаныш ұялатуға тырысатынсың! Сөз саптау, сөзді орнымен қолдану, сөзді, сөйлемді ойнату, оқиға, деректі беру әдісі, тақырып қою, тәп-тәуір жазылған дүниеңнің өзін «киіндіріп, жасандыру» дегеннің өзі «Орал өңірі»-нің баяғыдан бергі келе жатқан кәсіби дәстүрі еді. Сол кездегі іс-сапарлардағы көрген-білген, көңілге түйгендерім бертінде өзімнің талайғы материалдарыма арқау болып, дер кезінде газетте жарық көрсе де, солардың ішінде әлі күнге дейін өзімді толғандыратындары да аз емес! Журналистикадағы ең бастысы адамның тағдыры екен! «Орал өңірі» бізге соны үйретті! Бәлкім, мені газет ре­дак­циясының мәдениет бөліміндегі қара­пайым әдеби қызметкерлігінен тағы төрт-бес бөлімде тілші, екі бірдей іргелі бөлімнің меңгерушісі болып, соңында облыс журналистері ұйымы басқармасының жауапты хатшылығына дейін көтерген жағдай да кәсіби қызметімнің тілін, рухын, жанын сезіне білуге тырысқандығымның арқасы шығар?! Менен басқа да газет редакциясының шығармашылық ортасында шынығып, бүгінде журналистиканың «мылтықсыз майданындағы» үлкен жорықтардың үстінде жүргендері жетерлік! Әйтеуір, қалай болғанда да, 80-ші жылдары «Орал өңірінің» редакциясында алғаш осы газеттің негізін қалап, іргесін нықтаған қаламгер тұлғалардың есімдері үнемі зор құрметпен еске алынып, әрі мақтаныш, әрі үлгі-өнеге ретінде айтылатын.
«Орал өңірінің» редакциясына бізден кейін келген қыз-жігіттер де редакцияның байырғы ұрпақ сабақтастығы дәстүрін жалғастырып, Жайықтан түлеп ұшқан атақты тұлғаларды олар да үнемі мақтаныш етіп келе жатыр. Өйткені, кезінде ұлттық әдебиетіміздің алып тұлғаларына айналған Қасым, Абдолла және Хамит ағалар бәрі облыстық газет редакциясында бірге қызмет жасап, әдебиет пен журналистиканың тайқазанын бұрқ-сарқ еткізіп, бірге қайнатысып жатқанда, облыстағы Пушкин (қазіргі Махамбет Өтемісов ) атындағы Педагогикалық институтта оқытушы болып, болашақ жас мамандарға дәріс оқып жүрген тағы бір айтулы тұлға, ұлттық әдебиетіміздің арғы-бергі өткені мен әдебиет теориясының тамаша білгірі, бертінде академиктік дәрежеге дейін жеткен Қажым Жұмалиевпен өте тығыз шығармашылық байланыс жасап, аталмыш жоғары оқу орны жанындағы ол ұйымдастырған әдеби үйірменің жұмыстарына белсене қатысып, өз шығармашылықтарымен өңірдегі әдеби үрдістің өрістеуіне өздерінің өлшеусіз үлестерін қосыпты. Осындай жарасымды шығармашылық байланыстың арқасында, әдебиеттанушы-ғалым Қажым аға да Оралдағы ана тіліндегі аға редакцияның қадірменді қонағы болып, бірде өзінің әдеби-мәдени өмірге қатысты танымдық-тағлымдық мәні ерекше әңгімелерін айтса, бірде газет жұмысына өзінің қаламымен атсалысыпты. Бұндай өрісті өмір мүлдем із-түзсіз қалсын ба?! «Орал өңіріндегі» әдеби шығармашылық өмірдің маңдайын жарқыратқан келесі бір лек Хамза Есенжанов, Жұбан Молдағалиев, Жәрдем Тілеков, Сағынғали Сейітов, Қадыр Мырзалиев, Ақұштап Бақтыгереева, Рақымжан Отарбаев болып, заңды бір жалғасын тауыпты. Олардың бірі өздерінің тырнақалды туындысын газет бетінде жариялатып, Қасым, Абдолла, Хамиттің ақ батасын алса, ендігі бірі солардың жөн сілтеп, не мыңдаған газет оқырмандарының аманат, тілектері арқасында әдебиеттегі өрісті жолдарын тауып, әрі қарайғы сапарларын сәтімен жалғастырып әкетіпті. Ал, шын мәнінде, бүгінгі «Орал өңірі» кезінде өз шығармашылық мектебінің тәлімін көп көрген, бертінде КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болған Жұбан Молдағалиев пен әдебиетіміздің аузы дуалы ақсақал ақыны атанған Сағынғали Сейітовтей авторларының кешегі Ұлы Отан соғысы жылдары майдан журналистикасын қалыптастырып, сондағы өз ана тілімізде шығып, жауға қарсы оқ боратып жатқан қаншама жүздеген, мыңдаған қазақ жауынгерлеріне дем беріп, олардың жігерлеріне жігер қосқан майдан газеттерінің жалынды журналистері болғандығы үшін де мақтана алар еді. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі «Орал өңірінің» тәуелсіздік дәуіріндегі және одан кейінгі өсу, өну, еліміз алға қойған әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің қатарына қосылу бағытындағы өңірлік қызу өмірдің қан тамырларын дөп басып, жерлестерінің жігеріне жігер қосу бағытындағы жұмыстары да көңіл қуантқандай еді. Оның үстіне, бүгінде «Орал өңірі» біз қызмет жасаған жылдардағыдай облыстық партия комитетінің бөліміне емес, өз шаруашылықтарын өздері дөңгелете алатындай, әрі журналистік шығармашылықты кәсіби тұрғыда жақсы түсінетін «Жайық-пресс» ЖШС-не қарайды. Бұл серіктестікті басқаратын қаламгер-інілерімнің өңір журналистикасының арғы-бергісін түгендеу бағытындағы іргелі ізденістер мен маңдай терлерін өлшеусіз төккен шаруаларымен де таныспын. Серіктестік басшысы Жантас Сафуллин мен серіктестіктің жауапты қызметкері, бертінде «Егемен Қазақстан» газетінің Батыс Қазақстан өңіріндегі меншікті тілшісі болған Қазбек Құттымұратұлы осыдан бес жыл бұрын «Орал өңірінің» кезекті мерейтойын атап өтудің кезінде, алғаш 1911 жылы Ордада басталып, бертінде өз ғұмырын Оралда жалғастырған қазақтың тұңғыш демократиялық бағыттағы «Қазақстан» газеті мен ХХ ғасырдың басындағы Ордада жарық көрген «Ұран» атты ресми газеттің бай өмір-шежіресін түгендеп, елдің ішіндегі мұрағаттарды былай қойғанда, Мәскеудің тарихи мұрағаттарында сақталған көне басылымдарға дейін тауып, осынау қос газетте жарияланған материалдарды қазіргі қарпімізге қотартып, өз алдына жеке-жеке кітап етіп шығартты.
Орал өңірі алып еліміздің айбыны болып отырған аймақтарының бірі екендігі анық. Бұл өңір сонау патшалық отарлық дәуірдің кезінде суық тізенің ызғары мен тепкісін шамадан тыс көп көрді. Бұл өңірге кешегі кеңестік дәуірде де аса бір кереметтей жыл қабақ танытыла қоймады. Ең бір қиыны, кезінде тыл майданы арқылы неміс-фашистерінің қаһарына төтеп берген облыстың кеңестік биліктің өктемдігінен өлшеусіз зардап шегіп, тоталитарлық жүйенің әскери-сынақ аймағына айналдырылғандығы еді. Сен бұндайда өз бармағыңды өзің қалай ғана тістерсің, осылайша «шықпа, жаным, шықпамен» өңір тұрғындары бақандай 45 жыл бойына жаппай қырып-жоятын қару-жарақтардың сынағынан адам айтқысыз дәрежеде зардап шекті. Ал, облыс облыс болғалы бері өңір өмірінің рухани айнасы, «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» (А.Байтұрсынов) болып келген облыстық «Орал өңірі» газеті елімізде жаппай қырып-жоятын қару-жарақтары бар әскери-сынақ аймақтарына қарсы наразылық шеруі басталған тұста (1980-1990 жылдар) біршама белсенділік танытып, Нарын, Тайсойған, Капустин Яр, Азғыр әскери полигондарындағы бассыздықтарды тоқтатып, әскери-сынақ кешендерінің жұмыстарын біржолата тоқтату бағытында көптеген құнды материалдар жариялады. Бұл тұрғыда газет редакциясы өзінің мыңдаған оқырмандарын ортақ іске жұмылдырып, тұтастай өңір тұрғындарының нағыз рухани айнасы, шынайы бір жанашыры мен қамқоры екендігін де таныта алды. Шынында да, өңірдің бас газеті үшін ең бақытты шақ енді туды! «Орал өңірі» бүгінде еліміздің стратегиялық бағыттағы атқарылып жатқан игілікті істерінің ұйытқысына айналып, өңірдегі қызу өмірдің рухани жанашыры, әрі рухани жаңғыруға жол бастап, өмірдегі жарық сәулесі мен шапағатты нұры болуда. Жарқын істері мол өңірдің маңдайы әрқашан ашық, жүзі жарқын болмақ емес пе?! Өңір өмірі, өңір тұрғындары ғұмырбаяндарының ХХІ ғасырдағы шежіресін өмірдің өзіндей-ақ сырлы шежіре, нұрлы шуаққа толы материалдармен жазып, ұлттың рухани жады, рухы, жаңғырған кодымен бірге қайнасып, ару Жайықтың айбынын әлі де аспандата бергейсің, «Өңір өңірі!»

Алдыңғы «
Келесі »