ЕР ҚАЗЫБЕК ЕЛІНДЕ

  • 15.11.2017
  • 2112 рет оқылды
  • Пікір жоқ

(жолжазба)

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
жазушы

Жайсаңнан Үшқараға дейін

Көңіл күмбезінде көгершіндей қалықтап, әдемі бір күмбір-күйдің құлағыңнан кетпей қоятыны бар емес пе? Сол көңіл көк­жиегіндегі көкейтесті мақсатыңа бір-ақ сәтте қол жеткенде, сан тарау ойдың тұңғиығына терең батады екенсің. Ес жиғаннан санаңа сіңіскен әдемі әпсана көкіректе қайта жаңғырып, жаңа бір әлемнің бетін ашқандай ерекше сезім құшағына бөленесіз.
Сонымен, біз Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылында өтетін қазақ халқының қабырғалы билерінің бірі Қаз дауысты Қазыбек бабамыздың 350 жылдығына арналған мерекелік іс-шараға баратын болдық. Атадан асып туған бидің қазақ елінің азат­тық, тәуелсіздік жолындағы ұлы күрескерлік ерліктері еске түскен. Осындайда қайран қалатын бір тәмсіл бар. Тә­ңірдің халық тағдырындағы таңғажайып тартуларына кейде қалай таңдай қағып, таңырқамассың. Қазақ елін, жерін жан-жағынан үш аждаһа ауыздарын арандай ашып жұтып жібергелі тұрғанда, Жаратқан Иеміз үш абызды құтқару үшін көктен түсірген тәрізді. Бұл аралықта тұп-тура 19 жыл өтті. 1644-1663 жылдар аралығында қазақ жерінде үш перзент келіп, олар үш жүздің көсеміне, жол бастаушысына айналды. Бұл Ұлы Жаратушымыздың қазақ халқын жарылқауы емес пе еді?! Қазақтың ұлан-ғайыр жерінде халық үш бірлікке топтасып өмір сүргенімен, шын мәнінде күллі қазақ біртұтас ел болатын. Еліміздің сол тұстағы қоғамдық- саяси және рухани кеңістігінде тарихи тұлғалар халық бірлігі жолында жанқиярлықпен тер төкті. Ұлт тұтастығы жолындағы олардың қажырлы еңбектері өз жемісін берді.
Қарағанды сапарында осы жайттер еске түскен. Сапар мұраты асыл, жауапкершілігі ауыр еді. Осыны жан-жүрегімен терең түсінген облыстық мәслихаттың депутаты, ОҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі Дулат Әбіш ә дегеннен Қарағанды облысын бетке алып тартып кетпей, киелі, тәберікті Түркістанды таңдады. Неге? Өйткені, мұнда Қаз дауысты Қазыбектің әзиз денесі жатыр. Сол күні Арыстанбаб кесенесі жанындағы қонақүйде түнеген арнайы делегация мүшелері Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі басына таңалакеуімде жетті. Осы жерде құрбандық шалынып, Қожа Ахмет кесенесі ішіндегі баба рухына арналып Құран бағышталды. Қазыбек биге арналып сомдалған құлпытас жанында да Құран оқылып, бет сипасқан делегация мүшелерін Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев сапарға шығарып салды.
Қазақстан Республикасының Пре­­зи­­денті Нұрсұлтан Назарбаев: «Бо­лашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағ­дар­ламалық мақаласында: «Біз жаңғыру жо­лында бабалардан мирас болып, қаны­мызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүл­кілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түле­туіміз керек» деп атап көрсетті. Осы сөзден қанаттанған делегация мүшелері Жам­был облысы Шу ауданындағы Жайсаң жазығына бет түзеді.
Қарақыстақ шатқалы арқылы Әулие­шоқыға көтерілер жолдағы шағын жазықта қорғандар мен қамалдар орыны кезігеді екен. Ал, Жайсаң жазығына жетпей, бір шоқының басында үш бірдей балбал тасқа кезіктік. Олар мемлекет қорғауына алыныпты. Балбал тастардың соншалықты көркем әрі дәлдікпен салынғанына қайран қалмасқа шараң да жоқ. Мына бір балбал тастың кемер белбеуі мен оған қыстырған қанжары да айқын бе­дерленіпті. Ортада тұрған балбалтаста бала бейнесі. Ал, тағы бір шетіндегісіне әйел таңбаланыпты. Былай қарасаңыз – «Әке.Шеше.Бала» образы. Баланың әке мен ана ортасында орнығуы да заңдылық. Бағзы бабаларымыздың ой тереңдігіне қайран қаласыз. Иә, шаңырақ бірлігі-мемлекет бірлігі. Тәуелсіздік үшін жандарын пида еткен ұлы бабалар айтарларын тасқа осылай таңбалап кеткен-ау.
Жазиралы Жайсаң жазығының жолбарыс жонды жотасында Төлеби бабамыздың кіндігі кесілген. Міне, осы жерге жамбылдықтар ескерткіш-белгі орнатыпты. Тағдыр-ай десеңізші, Жайсаң жазығында өмірге келген Төле бабамыздың денесі Ташкентте жатыр. Ал, 1763 жылы ақпан айында Семізбұғы тауынан әрі Далба тауының етегінде, Қарабас шоқысы, Теректібұлақта дүниеден өткен Қазыбек бидің сүйегі Түркістанда жерленген. Қаз дауысты Қазыбек Үшқара тауын да жай­лаған. Бүгінде Үшқара тауының баурайында белгітас бар. Оған: «Бұл жерде Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз қоныстанған» деген жазу таңбаланыпты. Ал, Далба тауында сөретас тұрған жерде де ескерткіш-белгі орнатылған.
Бабаның Теректібұлақта қайтыс бол­ғанын айтып қалдық. Осында естіген бір әңгімені айта кеткенді жөн санап отырмын. Қазыбек би дүниеден өтер алдында «Сүйегімді Әзіреті сұлтанға апарып қойыңдар» деп аманат етеді. Мезгіл қыс болғандықтан соң, баба сүйегін былғарымен орап, сөре үстінде сақтайды. Үстіне алты қанат киіз үй тігеді. Ерте көктемде Бекболат бастаған 40 жігіт сүйекті Түркістан қаласына қарай алып жүреді. Бетпақ даласына кіре берісте олар бір жерге түнейді. Осы түнде олардың Түркістанға барғанда, ел-жұртты жинап ас береміз деп айдап шыққан бір үйір жылқысы мен мініс аттарын ұрылар үптеп кетеді. Бірақ, сол түні тұман түсіп, ертесіне ұрылар сүйекшілерге қайта келіпті. Осы жағдай үш рет қайталанады. Сонда ұрылардың басшысы: «Түкке түсінбедік, қанша тырыссақ та, сіздерден қара үзіп кете алмадық. Сіздер кімсіздер? Әкетіп бара жатқандарыңыз не?» деп сұрапты. Көш иелері: «Бұл Қазыбек бабамыздың сүйегі. Түркістанға әкетіп барамыз» деп жөнін айтыпты. Сонда, ұрылардың басшысы жата қалып жылап, ат-шапан айыптарын тартып, кешірім сұрапты. Баба әулие болмаса осы оқиға болар ма еді?
Даланың даңғайыр данышпаны Қазыбек бидің қалмақ ханына үш рет елші болып баруы оның дипломатиялық қарым-қабілетін байқатады. Мына бір оқиғаға арнайы тоқтала кеткіміз келеді. Қазыбек би қалмақ билеушісі Қалдан Серенмен келіссөз жүргізеді. Сонда, Қалдан Серен: «Біз сенімен үшінші рет келісім жасасып отырмыз. Біздің достығымыз бен татулығымыз тұрақты болуы үшін қыз алысып, бір-бірімізге қыз берісейік» депті. Осы келісіммен Қазыбек биге қалмақтың бір қызы беріледі. Оның аты Кішік еді. Осы Кішікті би өзінің ұлы Бекболатқа қосады. Бекболат пен Кішіктен атақты би әрі батыр Тіленші туған.
Қаз дауысты Қазыбек Анна Иоаан­қызы патшалық құрған кезде Қазақ елінің Ресейдің қоластына кіруіне Арғын руының атынан сенім білдірген. Қазыбек би сыртқы саяси дипломатиялық бітімгершіл ерек қасиетінің арқасында екі ірі мемлекет Ресей мен Қытай қарым-қатынасында үлкен роль атқарған араағайын болды. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, Этно-мәдени ғылыми-зерттеу институтының директоры Зарқын Тойшыбайдың айтуынша, Қытай мұрағатында Қазыбектің суреті сақталған. Онда би бабамыздың бейнесі бүгінгі үш данышпанның ескерткішіндегіге мүлде ұқсамайтын көрінеді. Көне сарғайған суретте Қазыбек би шүңірек көзді, терең ойлы, келбетті, батырлығы жүзінен көрініп тұратын жан ретінде бедерленген. Қытайлықтар суретті қолға бермеген. Алайда, ізденушілер ебін тауып суреттің көшірмесін алса керек. Осы сурет ізімен Қазыбек бидің жаңа ескерткіші жасалынған. Аталған ескерткіш еңсе тіктегенде, бәлкім бабамыздың әзіз жүзінің шынайы бейнесін көре алармыз.

Ұлы дала ұлағаттары

Қарқаралы топырағының құнарлы­ғымен, табиғатының әсемдігімен ғана емес, тарихының тереңдігімен де талайларды тәнті етіп келе жатқан киелі өңір. Қарқаралы дегенде, кезінде алты алаш баласына билік айтқан кемеңгер баба Қаз дауысты Қазыбек, қыр даланың құлагер күйшісі Тәттімбет, қазақ рухының көшбасшылары Әлихан Бөкейханов пен Ақбайдың Жақыбын, өз заманының өршіл өрендері Мәди, Қасым, Әміре, Бибігүл, Әсет, Жүсіпбек, Кемпірбай, Шөже, Жанақ, Нарманбет, Қаллеки, Қалибек, Ақжан Машани, Нүркен, Тоқтар есімдері тізбектеліп көз алдымызға келеді. Қасиетті Қарқаралы, Балқантау өңірі туралы сөз қозғалса, осында толысып өскен ұлы Абай, Қарқаралы табиғатын көркем шығармаларында келістіре сомдаған ұлы жазушы Мұхтар Әуезов, осы өңірдің топырағын басып, ғибрат таратып, шежіреден сыр шерткен Шоқан, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов пен Жүсіпбек Аймауытов тұлғалары еске түседі.
Абайдың анасы Ұлжан Балқантау етегінде дүниеге келген. Сондықтан да, Ақылбай Абайұлы «Нағашым Ер Қазыбек әулие өткен, Пәниден уақыт жетіп ол да кеткен» деп өлеңіне арқау етті.
«Қарқаралы» дегенде тұңғыш құрылған Совдеп мүшесі Нығмет Нұрмақовты айтпай кету мүмкін емес. Ол кейіннен Мәскеуде Бүкілодақтық атқару комитетінің ұлттар бөлімінің меңгерушісі болды. Ал, осы өңірдің тумасы Мұхаметқали Тәтімов республиканың еңбек және денсаулық сақтау министрлігіне дейін көтерілді. Мұқатай (Угар Жәнібеков) Лена қырғынына қатысқан жұмысшы-большевик еді.
Қарапайым халықтың құқығын қорғап, әлеуметтік әділетсіздік және теңсіздікті сынағаны үшін биліктің қудалауына ұшырап, Атбасар, Семей, Омбы, Қарқаралы түрмелерінде отырған Мәди Бәпиұлының өмірі тым аянышты. Ол1919 жылы Колчакқа карсы шайқастарға қатысады. Ақ гвардияшыларды Қарқаралыдан қуып шығысымен жаңа өмірді нығайтуға көмектеседі. Бірақ, Кеңес үкіметіне кіріп алған жаулары оны ебін тауып өлтіруді ойластырады. 1921 жылдың ақпанында Мәди қаза табады.Едірей тауында Шатырлы үңгір деген үңгір бар. Мұны жергілікті тұрғындар «Мәдидің қараүңгірі» деп те атайды. Мәди осы үңгірде жатыпты. Ал, Қарқаралыдағы Мәліксайда оның бейіті тұр.
Қарқаралы қаласындағы Мәди Бәпи­ұлы­ның ескерткіші алыстан менмұн­далайды. Қо­лында домбырасы бар Мәди ақын: «Үшқара басың биік мұнар шалған, Сымпиып өте шықты мына жалған. Тар есік, тар босаға жаман екен, Ер едім ел ішінде сайран салған» деп жырлап тұрғандай. Үшқараның баурайынан аса алмай, жапырағын жайқалтып баса алмай арманда кеткен әнші-композитордың сом тұлғасын мүсінші сәтті сомдапты.
Күй өнерінде Арқа дәстүрін дамытқан Тәттімбет Қазанқапұлы Егіндібұлақ ауылында 1815 жылы туылып, 1862 жылы қайтыс болады. Біржан, Жанақ, Жаяу Мұса, Кемпірбай, Тоқа, Ықылас, Шөже, Алшынбай, Ерден, Құнанбай, Шыңғыс сияқты ел басшыларымен пікірлес болған Тәттімбеттің «Сарыжайлау» күйіне жетер дүние бар ма екен, шіркін?! Екінші Александрдың тойына барған Тәттімбеттің сазды күйіне патша сарайындағылар билей жөнелген деген сөз қалған. Бұл 1863 жылдың 24 наурызында өткен. Тәттімбет Ресей патшасы Александрдың таққа отыру тойына Сарыарқа қазақтарымен бірге Санкт-Петербург қаласына барады. Сол сапарда күйлері арқылы Ресей астанасы шенеуніктерінің ықылас, назарына ілініп, күміс медальмен марапатталған. Осы медальді шөбересі Өзек Кәбішұлы сақтап келген. Ал, күйлері інісі Жақсымбет, балалары Мұсатай мен Исатай арқылы кең тараған.
Қарқаралыға келіп тұрып Құнанбай салдырған мешітке, Абай қонып өткен үйге аялдамау мүмкін емес. Құнанбай қажы мешітінің бас имамы Әміржан Әшімұлының айтуынша, 1924 жылы шолақ белсенділер Алланың үйін өртеп жіберуге бұйрық береді. Мешіттің сыртына қураған ағашты мол етіп үйіп, от қояды. Алайда, отын тұтанбай, бықсып барып өшіп қалады. Сосын, мешіттің екінші жағына отын үйеді. Бұдан да түк шықпайды. Сол жылы Имаш деген кісі мешітті өртемек болғанымен қоймай, балталап шабады. Мұнараны жыққан бетте қолынан балтасы ұшып кетіп, өзі жан тәсілім етеді. Сол кісінің бейіті ауыл шетінде екен. Екінші бір кісі мешітті өртемек болғанда, көзіне шоқ түсіп, жанарынан айырылады.
1941-1945 жылдары, одан кейінгі тың игеру тұсында әр елден келгендер осы мешітті жатақхана ретінде пайдаланыпты. Сонда олар: «Мұнда түнеу мүмкін емес. Түнде беймәлім сөздер айтылады. Үй ішінде біреу жүргендей сезіледі» деп мешіттен қашып шығыпты. Бір жылдары ескі мешіт кітапхана ретінде пайдаланылған. Сол кезде күндіз жинап қойған кітаптар түнде шашылып қалатынын Әміржан бізге айтып берді. Мешітті Құнанбай аға сұлтан кезінде 1851 жылы салдыртыпты. Бүгінде мешіт қайта қалпына келтірілген.
Құнанбай Қарқаралыға келгенде, Абай да онымен бірге талай рет болғаны М.Әуезовтің «Абай жолы» романында айтылады. Құнанбай қажы Халиолла Бекметов деген көпестің үйіне тоқтайтын болған. Осында Абай екеуіне арнайы бөлме жабдықталған. Осы бөлмеде отырып, Қарқаралы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Дана Төлегенқызынан талай әңгіме естідік. Халиолланың байлығы соншалық, бір көпеспен ерегісіп, самаурынды ақшамен қайнатқан дегенді де Дана қарындастың әңгімесінен білдік.
1913 жылы Григорий Потанин Қарқаралыда болып, халықтың мәдени мұраларын, ертегі-аңыздарын, жырларын зерттеген, жазып алған. Географ әрі ғалым, даңқты жазушы М. Пришвин 1909 жылы тамыз-қыркүйек айларында « Русские ведомости» газетінің тілшісі ретінде Қарқаралы уезіне келеді. Ол осы сапарында Кент тауларындағы қызыл кенішті аралап көреді.
1942 жылғы 19 желтоқсанда қарқаралық ұшқыш Нүркен Әбдіров жанып бара жатқан әскери ұшағын немістің шоғырланған техникасының үстіне құлатқаны белгілі. Міне, осы ерлігі үшін ол Кеңестер Одағының Батыры атанды.
Исі түркі жұртынан шыққан тұңғыш ғарышкер, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров осы топырақтың тумасы. Тоқтар ағаның Қазыбек би бабасы туралы «Дала данагөйі» атты толғауы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде де жарияланды. Дара туған ер бұл жиында көсіліп әрі шешіліп сөйледі.
Торқалы тойдың өтуіне белсене атсалысып жүрген республикалық «Қарқаралы» тарихи-танымдық, әдеби журналының және аудандық газеттің бас редакторы, мәслихат депутаты Рымбек Смағұлов осы өңірден шыққан айтулы азаматтар жөнінде бізге көптеген мәліметтер берді. Ақжарқын азамат екен. Қасиетті Қар­қаралы топырағынан Қазақстанның Халық жазушысы Әлжаппар Әбішев, ақиық ақын Қасым Аманжолов, драматург Қапан Сатыбалдин, тағы басқа да әдебиет алыптарының шыққанын оқырман қауымның қаперіне сала кетуді хош көріп отырмыз.

Табиғат – тал бесігің

Қарқаралы өңірінде құймақұлақ қария­лардан, зерделі жыраулардан 154 ән жазып алған Александр Затаевич француздың атақты жазушысы Ромен Ролланға хат жолдап, өзі болған жерлердің тамаша табиғатын сүйсіне суреттеген екен. Әлемде елді көркімен тамсандырар ғажайып мекендер аз емес.Қарқаралы өнертанушының қаламына неге ілікті?
Қойнауы қазынаға толы Қарқаралы өңіріне келіп тұрып, Шайтанкөл, Бас­сейнкөл, Үлкен көлге, Ұлттық паркке бұрыл­май кету мүмкін емес. Айтпақшы, осы Қарқаралы атауы ұзатылып бара жатқан қыздың қарқарасы жол-жөнекей түсіп қалып, содан тұтас тау осы атпен аталып кеткенін бүгінде біреу білер, біреу біл­мес. Балқантаудың да ежелгі атауы Қу екен. Тау етегінде кезінде Қу ауданы болған. Кейін Егін­дібұлақ атанып, кешегі тоқырау ке­зінде Қар­қаралы ауданына сіңісіп кетті. Үш жүз мыңдай түтіні бар Егіндібұлақтың сыртқы сәулетіне көңілі онша қанағаттана қоймады. Аудан орталығы статусынан ажырап қал­ған­дықтан да, күйі кеткені көрініп тұр. Мұн­дағы Қазыбек би ескерткіші, бабаның 350 жылдығына орай осы ауылдан шыққан кәсіпкер Ғани Омаровтың демеушілігімен бой көтерген «Бәйтерек» монументі болмаса, басқа ғимараттар көнелігімен көңіл құлазытады. Есесіне Балқан тауына көте­рілгендегі әсерді сөзбен айтып жеткізу қиын. Мұндағылар композитор Ілия Жақа­нов­тың «Балқантауда» әнін ауыл әнұраны ретінде шырқайды екен.
Балқантаудың баурайына біз де барып қайттық. Екі таудың арасынан өте «Үш піл» атты табиғи мүсін бірден көзге түседі.Менің есіме Қазығұрт баурайындағы Ғайып Ерен Қырық Шілтен кешеніндегі Піл түсті. Бізде – біреу, оларда – үшеу.Ту сыртынан қарасаңыз Балқантаудағы көрініс іркес-тіркес кетіп бара жатқан үш пілден аумайды. Одан әріде мұржалы тау көрінеді. Таудың ұшар басына біреу әдейілеп мұржа орнатып қойғандай.
Бір таңырқатары, тау баурайы мұнтаз­дай таза. Бұлақтың басында арнайы де­малыс орыны бар. Тіптен, кәуеп жасайтын тұғырына дейін дайын. Жергілікті тұрғындардың тазалыққа баса мән беретіні бірден байқалады. Осындай демалыс орындарын Шайтанкөлге көтеріліп бара жатқанда да көрдік. Әр-әр жерлерге қоқыс жәшіктері қойылған. Шашау жатқан бір бөтен зат көрмейсіз. Осындайда біздің кейбір таулы жерлердегі демалыс орындары еске түседі. Демалған жерлеріне күл-қоқысты ашық-шашық тастап кете беретін жерлестерімізді Қарқаралыға бір жіберіп алсақ-ау деп ой түйесіз.
Шайтанкөл–Қарқаралы қаласынан 7 шақырым жерде Бұғылы тауының теңіз деңгейінен 1200 метр биіктігінде жатыр. Таудың ұшар басындағы көл асығыс аттанған хас батырдың көсесі сияқты. Жол-жөнекей тіп-тік аспанға шаңшылған қайың, терек, қараған, бірінің үстіне бірі қабат-қабат жиналған гранит тастар сұлулығымен тамсандырады. Хас мүсіншінің қолынан шыққандай небір ғажайып көріністер көз суарады. Шайтанкөл шыңына дейін осындай түрлі бейнедегі тылсым тастардың құпиясы неде екен деп ойланумен барасыз. Менің есіме сол кезде Өгем тауындағы Мақпалкөл түскен. Жетелеп барар жолбасшысы табылса, Мақпал көл де талайларды тамсандырар еді-ау. Ал, Қарқаралыдан шыға Шайтанкөлге дейін жол бойы көрсеткіш тақтайларға толы.
Шайтанкөл туралы аңыз әңгімелер көп. Ертеде Жиренсақал деген әулие түн ішінде көлге түсейін деп келсе, су бетінде адам тәріздес мақұлықтар толып жүр екен. Олар «әплет», «жәплет» деп бір-бірімен тіл қатысады дейді. Жиренсақал олардың шайтандар екенін біліп қойыпты. Дұға оқығанда, олар жоқ болып кетсе керек.
Бірде көлдің жағасында қожа-молдалар тамақ жеп отырады. Олар орталарындағы Торсықбай деген жарлы жігітке тамақ бермеуімен қоймай, оны мазақ етеді. Осыған ызаланған Торсықбай ешкі терісін жамылып келіп, жартастар арасынан секіріп шыға келеді. Екі көзі қып-қызыл, басында мүйізі бар, үстіндегі жүні жалба-жұлба құбыжықты көріп қожа-молдалар «ойбай, шайтан!» деп тұра қашады. Осыдан кейін айдын Шайтанкөл атанып кетіпті дейтіндер де бар.
«Шайтанкөлге» жол бастап барған Ғазиз деген жігіт бізге мынадай екі әңгіме айтып берді. Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров ғарыштан оралған соң, Шайтанкөлге шомылыпты. Арада көп уақыт өтпей, ғарышкердің үстіне жара қаптапты. Мәскеудің, басқа да шетелдердің мен деген мықты дәрігерлері жараның шипасын таппай шаршайды. Сонда бір күні Тоқтардың түсіне ақ киімді, ақ сақалды бір кісі кіріп: «Балам, менімен неге амандаспадың?» депті. Тоқтар дереу елге оралып, Шайтанкөлдің басында бір қой сойдыртып, ас береді. Ол Шайтанкөлге көтеріле бере «Ассалаумағелейкум, ата!» деп сәлем береді. Осыдан соң батырдың үстіндегі жарасы төгіліп түсіпті. Осы әңгімені естіген біз Шайтанкөлге сәлем беруді ұмытқанымыз жоқ.
Екінші әңгіме. Қаланың бір топ өзге ұлт өкіл­дері Жаңа Жылды Шайтанкөл маңында қарсы алмақ болыпты. Палат­калар тігіп, ас-суларын әзірлеп, олар ойын-сауыққа кірісіп кетсе керек. Ен­ді дастарханға отыра береміз дегенде, ғайып­тан бір құйын пайда бола кетіп, демалушылардың палаткаларын, асүй­лерін көтеріп алып, тау етегіне апарып бір-ақ ұрыпты. Жаңа Жылды қарсы алушылар құйын арасында өздерінің қайда қал­ғандарын білмей естен адасып, үйлерін зорға тауып келгенге ұқсайды. Содан бері олар Шайтанкөлдің құдіретін мойындапты және бұл маңайда ішімдік атаулыны мүлдем татып алмайды екен.Шіркін-ай, біздің Мақпал көлден қайтқандарға да осындай бір құдірет кезігер ме еді?
Бассейн аталып кеткен көлдің де көрінісі ғажап. Қаланың солтүстік-батысына қарай 6 шақырым жерде таудың ұшар басындағы бұл көл де әдемілігімен, керемет көркімен таңырқатады. Көлдің ұзындығы 60, ені 40 метр, тереңдігі 2 метр. Суы мөлдір, тұщы. Жан-жағын қызыл гранит тастар қоршап тұрған көл расында да шынайы бассейннен аумайды.
Қарқаралы ұлттық паркі 1998 жылы құрылыпты. Аумағы 112120 гектарды құрайды. Қарқаралы мен Кент тау­ларындағы дала өсімдіктері мен қарағайлы орман алқабындағы ұлттық паркте небір кереметтерге кезігесіз. Осы алқапта жаратылыс пайда болғандағы алғашқы адамдар қоныстанған деген үш үңгір бар. Менің есіме Қазығұрт тауы түсті. Мұнда да Кемеқалған шыңында адамдар мекендеген үңгір бар. Нұқ пайғамбарымыздың саусағының ізі қалған тас тұр. Жол бойындағы көкке қарай шаншылған шынарларды көргенде есіме Қаратастағы, Тұрбат ауылының солтүстік-шығысындағы сарқырама маңындағы Қырық қыз түсті. Мұндағы тас мүсіндер де көкке шаншылып, міз бақпай тұр. «Қырыққыз қорғаны» мен «Қырыққыз әулиені» туристерге көрсетер ме еді? Қазығұрт тауының баурайындағы Ақбура әулиені, Арыс қаласы маңындағы Мұңлық-Зарлық өмір сүрген аралды неге дәріптей алмай жүрміз? Қазығұрттың баурайында Көктүріктің Истеми ханы, одан беріде Тәуке хан жаз айларында ордаларын тіккенін неге ұмытып кете береміз? Арқадан арнайы келген Қазыбек би осы жерде Төле бидің төрінде ала жаздай мейман болып жатыпты. Мұны неге ескермейміз?
Жә, оқырман, қызғаныш деп келте жорымаңыз. Елбасымыз Н.Назарбаев атап көрсеткендей: «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті орындары болады,оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рол атқарған. Бірақ, осынау рухани, географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы үзілмеген». Ендеше, сонау Қарқаралыдағы ғажайыптарды Қазығұрттағымен үндестіруге не кедергі екен деген тағы бір ой қылаң береді. Ұлттық паркте сібір елігі, бұлан, арқар, қасқыр, түлкі, борсық, қоян, марал, дала шақылдағы келушілерді қызықтырады. Құстардан қыран, жапалақ, үкі, байқұс, тұрымтай, күйкентай, ақшыл қанат сайрауық кездеседі. Ну жынысты орманда қайың, терек, шілік, қараған, тобылғы, ырғай, долана, қарағай, аққурай, итмұрын, мойыл, бөріқарақат, тасжарған өседі. Қорықта 40 түрлі аң, 114 құс түрі, 66 түрлі өсімдік, 8 түр­лі балық қорғауға алынған.
– Біздің Ақсу-Жабағылы ұлттық қорығында да осындай аң-құс, өсімдік түрлері бар.Таби­ғат байлығы мен сұлулығы жөнінен екі облыс жарысқандай екен-ау, – деді Қазыбек баба­ның тойына қатысушы ардагер Сейдахмет Байдәулетов аға төңірекке тамсана қарап.
Тұма табиғат тамашаларына тамсана қарап келе жатқан менің есіме Қазыбек бабамыздың бата-тілегі түскен.
Өркенім өссін десең,
Кекшіл болма –
Кесапаты тиер еліңе.
Елім өссін десең,
Өршіл болма –
Өскеніңді өшірерсің.
Басына іс түскен пақырға
Қастық қылма –
Қайғысы көшер басыңа.
Жанашыры жоқ жарлыға,
Жәрдемші бол асыға.
Қиын-қыстау күндерде –
Өзі келер қасыңа.
Бүгін сағы сынды деп,
Жақыныңды басынба!
Сөз қуаты! Иә, қыран жетпес қияға қызыл тіл жетеді! Қасиет қонған, кие қонған Қазығұрт, Қарқаралы, Қаратау, Балқантау, Кент, Қопа, Аюшат, Қаракеңгір, Келіншектау, Қостұра Алланың шапағаты түскен жерлер ғана емес, ұлылар өткен, сол ұлылардың ұрпақтары Мәңгілік Ел іргетасын бірге қаласып жатқан ортақ мүдделі жандар мекені емес пе?
«Атыңнан айналайын, Қарқаралы» деп Мәди ақын жырлаған қасиетті мекеннен қайтарда осындай ойлар жетегінде келе жаттым. Иә, Қазақстанның қай түкпірі де – Атамекен. Ендеше, туған жердің қадірін бағалай білейік.Туған Жер деген Құдірет бізді осыған міндеттейді.

Шымкент – Қарағанды – Қарқаралы – Егіндібұлақ – Шымкент

Алдыңғы «
Келесі »