Тарих – рухани жаңғырудың іргетасы

  • 15.11.2017
  • 3291 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Еліміз рухани жаңғыру аясында жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. ҚР Президенті Н.На­зарбаев атап өткендей, жаңғыру тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрге сүйенуге тиіс. Тарих ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Талас Омарбековпен сұхбатта рухани жаңғырудың негіздері, латын әліпбиіне көшудің мән-маңызы, ұлттық сана және рухани мұраларымыз туралы сөз болады.

– Бүгінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген бастамаларды жүзеге асыру жұмыстары еліміз бойынша қарқынды жүргізілуде. «Рухани жаңғырудың» ұлттық мүдде тұрғысынан маңызы қандай?
– Бұл бағдарламаның қазақ тарихы үшін маңызы зор. Өйткені, ол мемлекетқұрушы қазақ халқының тәуелсіздіктің жаңа кезеңіндегі рөлін көтеруге арналған. Осыған дейін біз еліміздің көп ұлттық құрамына баса мән беріп келдік. Оның себебі де бар, қазақ ұлты 1990 жылдардың басында елімізде басымдыққа ие бола қойған жоқ. Ал, қазір тәуелсіз Қазақстанның нығаюы, өркендеуі тікелей қазақ халқының рухани ұмтылыстарына байланысты екендігі айқын болып отыр. Сондықтан, қазақ халқының рухани тұрғыда жаңғыруы, әрине, аса қажет. Өйткені, бізде бүгінгі күні Батыс елдеріне шектен тыс еліктеу бар. Жастарымыздың көпшілігі еуропалық мәдениетке бой ұрса, біразы рухани даму жолдарын Ислам мәдениетінен іздестіріп, біржақтылыққа салынуда. Елбасымыз айтқандай, шын мәнінде рухани жаңғырудың басты іргетасы – бұл қазақ халқының өткені, тарихы болуы керек. Бағдарламада айтылғандай, өткен тарихымыз, әдет-ғұрып, дәстүр-салтымыз, туған жерімізде бой көтеріп тұрған ескерткіштер, әулиелердің кесенелері, тарихи тұлғалар туралы әңгімелер, аңыздар, деректер рухани жаңғырудың өзегіне айналуға тиіс. Яғни, біз ұлттық дәстүр-салтымызды жаңа заманға сәйкес жаңғыртуымыз керек. Осы тұрғыдан қарағанда, Елбасының бұл мәселені қоюы өте маңызды және мәнді деп ойлаймын.
Рухани жаңғыру аясында бес ғылыми жобаны жүзеге асыру көзделген. Оның біреуі туған жер туралы. Туған жер – бұл біздің ұлттық болмысымыздың қайнар көзі, бастау бұлағы. Сондықтан, барлық оқу орындарында, тәрбие ошақтарында жастар өзінің туған жеріндегі құндылықтарды бойына сіңіріп өсуі керек. Яғни, азаматты туған жері, туған елі тәрбиелейді. Туған жеріңіз, туған еліңіз қандай болса, сіз де сондай болып қалыптасасыз. Егер, сіз мәңгүрт ортада тәрбиеленсеңіз, қанша қазақ болсаңыз да, сіздің бойыңызда жат мәдениет үлгілері басым болады. Міне, мұндай назар аударатын мәселелер көп.
Рухани жаңғыруға байланысты ұлттық әліпбиді өзгерту жөнінде түрлі пікірлер айтылуда. Біреулер А.Байтұрсыновтың төте жазуы жақсы еді десе, біреулер Орхон-Енисей жазулары дұрыс дейді. Мұнда ескеретін нәрсе, біз өткеннің рухани байлығы мен тәжірибесіне сүйенгенімізбен, бүгінгі күнмен өмір сүріп, болашаққа бағдар жасауымыз керек. Қазақстан жаһандық ортада қалай өмір сүріп жатыр деген мәселе маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Ахаң өз әліпбиін қазақты сауаттандыру ісі жеңіл болсын деген жобамен қазаққа икемдеп жасаған. Өйткені ол кезде бәрі ауыл молдасынан хат таныған. Ал енді ол жазу қазір жарамайды. Орхон-Енисей, Талас жазуларына келетін болсақ, бұл біздің өткен тарихымыз. Шығыс түркілерінде ғана қолданылған, тасқа, ағашқа жазылған жазу. Бірақ, уақыттың сынына шыдамаған олар. Бізде қазір сына жазуымен жазылған жазба мұралар жоқ. Олар тек Күлтегіннің, Білге Қағанның, Тоныкөктің тастарында қашалған. Оны әлемдік мәдениет тарихи ескерткіш ретінде ғана мойындайды. Ол жазуға көшу қазақтың болашағын бекем етеді деу қиын. Сондықтан, біз қазіргі кезде әлемдік дәрежеде қолданылатын латын қаріптерін қабылдағанымыз дұрыс.
– Қазақстанда 1929-1940 жылдары қол­даныста болған латын графикасынан бас тартуға не себеп болды?
– 1929 жылы қабылданған бұл жазуға көшу туралы қаулы «Түркі әліпбиіне көшу туралы» деп аталады. Яғни, түркі әліпбиі деп анық жазылған. Өйткені, бізден бір жыл бұрын Ататүрік Түрік елін осы жазуға көшірген болатын. Ал енді осыған байланысты түрік білімділері сол жазуға көшкеніміз қалай болады деп ойластырған еді. Ахмет Байтұрсынұлы 1926 жылы Ба­куде өткен Бүкілодақтық түркологтар съе­зінде бұл жазуға қарсы болды. Ұлт ті­ліне лайықталып реформаланған  араб гра­фикасын латыншаға ауыстырудың саяси-идеологиялық, экономикалық тиімділігі жоқ, керісінше, жазу таңбасын өзгерту сан ғасырлық жазба мұрадан, жазба дәстүрден қол үздіреді дегенді айтты.
1940 жылға дейін табысты қолданылған латын жазуынан бас тартудың бірнеше себебі бар. Ол кезде Кеңес Одағы Түркиямен жаулық қарым-қатынаста болды. Жаппай пантюркизмді айыптау науқаны жүргізілді. Ол науқан 1920 жылдардың ортасынан бастап, отызыншы жылдардың аяғына дейін созылды. Алаш қайраткерлерін де түрікшіл ретінде айыптады. Тіптен, 1920-1930 жылдары Қазақстанда Кеңес үкіметіне қарсы Созақ, Адай, Абыралы сияқты көп көтерілістер болды ғой. Сол көтерілістің басшыларын айыптаған кезде «Ташкентте түрікшіл, ұлтшыл орталық бар екен. Олардың Ахмет Зә­ки Уалидимен, Мұстафа Шоқаймен байланысы бар» деп, түрікшілдікке қарсы науқан жүргізілген. Біздің түркі халықтарымен байланысымыз мықты екені о бастан белгілі. Тамырымыз түркі екені және белгілі. Көптеген адамдар жазықсыз қудаланып айыпталды. Сондықтан, «түркі әліпбиіне көшу» деп аталған қаріптен 2-ші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Кеңес Одағы қалай да құ­тылғысы келді. Түркі халықтары жазу ар­қылы жақындасып кетеді деп те қауіптенді. Түр­кияның жолы Еуропаға бағытталған жол болғаны белгілі. Ал Кеңес Одағының жолы мүлде бөлек, коммунизмге барар жол.
Сөйтіп, осы латын әліпбиін 1940 жылы Коммунистік партия ешкіммен санаспай, елдің пікірін білмей, жоғарыдан нұсқау беріп құтылды.
– Сол кезде бір әліпбиден келесі әліп­биге ауысқан кезде қиындықтар болды ма?
– Шын мәнінде 1929 жылы латын әліп­биіне көшу өте асығыс жүргізілді. Қазақ шын мәнінде латын қарпін меңгере алған жоқ. Ол кезде ұжымдастыру, отырық­шыландыру қызу жүріп жатқан. Киіз үйлердің маңдайына жазып қойып, сауат ашу үйлерін жасады. Үлкен-кіші демей, сол киіз үйге айдап апа­рып, латын қарпін үйретті. Халық шын мә­­нінде одан бетер мәңгүрттеніп, сауатсыз болып қалды. Бұрын арабша хат танитын адамдар жаңа әріпке көшкенде, не арабша, не латынша жаза алмайтын жағдайға жетті. Оған өзіміз де куә болдық. 1950-60 жылдары біздің әжелеріміз кириллицаны оқи алмайтын. Латынша тек атын жаза алатын. Осындай жағдайда 1929-40 жылдар арасында жүргізілген сауат ашу науқаны үс­тірт, немкетті жүргізілді. Әйтеуір, түрік әліпбиінен құтылсақ деген ұстаным болды. Ал, түркі әліпбиінен құтылғанда қайда барасыз? Әрине, кириллицаға барасыз. Өйткені, ол Мәскеудің қарпі. Біртіндеп соған көштік ақырында. Ал, енді, бұл қазақты мәң­гүрттендіре түсті. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы бүкіл мұра, дәстүрлі әдебиет араб қарпімен жазылған еді ғой. Абайдың өзі арабша жазу білетін. Олардың бәрі оқылмай қалды. Олар кириллицаға аударылған жағдайда ғана оқылатын жағдайға жеттік. Тіпті, осы күнге дейін Қытайдағы қазақтар пайдаланатын төте жазуды да оқи алмаймыз қазір.
Ал, кириллица біздің төл жазуымыз емес. Ол біздің тарихи деректерімізді оқуға да мүмкіндік бермейді. Біздің болашағымыз кириллицамен байланысты емес. Біз әлемдік жаһандану заманында өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан, бір елдің жазуын ұстанып, сол бағытта ғана дамимыз деуге болмайды. Өз жазуымыз болуы керек. Латын әліпбиінің өзі қазақтың тіліне сәйкестендірілуі керек.
Әрине, болашақта әр ұлт, әр халық өзінің тілін, рухани мұраларын жоғары бағалайтын болады. Сонымен бірге, ортақ жазуға, ортақ тілге көшуі ықтимал. Жалпы ортақ тіл жасау идеясы көптен бері көтеріліп келе жатыр ғой. Өйткені, халықтардың, мәдениеттің жақындасуы үшін, диалогқа бару үшін ортақ тіл, ортақ жазу бәрібір керек.
– Ол тілдің рөлін ағылшын тілі ат­қара алмай ма?
– Ағылшын тілі қазіргі кезде әлем қа­был­­даған тіл. Бірақ, ағылшынның үкіметі осы тілде сөйлеңдер, жазыңдар деп қаулы шығарған жоқ. Ғылыми-технологиялық жетістіктің барлығы осы тілде әлемге таралады. Ал, қазақ тілі бай тіл болғанымен, оны біздің Қазақстан ғана пайдалана алады. Сондықтан, әлемдік аренаға шығу үшін, жаһандану заманында ұлттық мүддемізді қорғай отырып, жаңа жетістіктерге қол жеткізу үшін әлем халықтарымен араласу керек. Оқшау қала алмаймыз. Ол бая­ғы заман емес. Шекараны жауып алып, іргеде жау бар деп досты азайтып, жауды көбейтіп отыратын санадан арылу керек. Өйткені, әлем қазір күш көрсету жолынан рухани ынтымақтасу жолына келе жатыр. Адамзат жасаған жаңалықтар, ғылым мен технология дүние жүзіне ортақ. Сондықтан, әлемдік көштен қалмау үшін ағылшын тілін меңгеру қажет. Сонымен бірге, латын қарпі жастарымыздың әлемдік рухани мәдениетке қол жеткізуіне жол ашады.
– Қазір айтылып жүрген «латын әліп­биін енгізу үдерісі түркі халықтарын қайта жақындастырады» деген пікірлерге қалай қарайсыз?
– Бұл қате пікір. Бұл жазу түркі халық­тарын жақындастыра алмайды. Өйткені, Түркменстан, Өзбекстан өзінің латын қар­пін қолданады. Түркияның латын қарпі өзгеше. Оның үстіне, түркі халық­тарының үлкен бөлігі, мына Сібір, Солтүстік Кавказ халықтары, татар, башқұрт сияқты түркітілдес халықтар кириллицада қалайын деп отыр. Олар латын қарпіне көшпейді. Өйткені, мемлекеттік жазу кириллицада. Осындай жағдайда түркі халықтарының жақындасуы туралы қандай әңгіме болуы мүмкін? Ойланбай айтылатын осындай сөздер көп. Мұндай біржақтылыққа жол бермеуіміз керек. Шын мәнінде біз мұны Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, болашаққа бағдар ретінде, әлемдік технологияларға қол жеткізудің жолы ретінде қарастырып отырмыз. Сондықтан, ұшқары пікірлерге негіз жоқ.
Кейбіреулер осы иероглифпен-ақ жапон­дықтар, кәрістер дамып отыр ғой деуі мүмкін. Бұл жерде мынаны түсінуіміз керек. Ол елдердің ғалымдарымен кездесіп жүрміз. Халықаралық симпозиумдарда олар ағылшынша сөйлейді, мақалаларын ағылшынша жариялайды. Ал, өз елінің ішінде ата жазуын пайдаланады. Бірақ, ол халықаралық қатынастарға жарамайды. Меніңше, кириллицаның да болашағы шектеулі. Ол да ел ішілік жазу болып қа­лады. Сондықтан, Ресей де осыған бейім­делуге мәжбүр болып отыр.
Мен өзім тарихшы болғандықтан, жас­тарға өткен өмірді, тарихи тұлғаларды үлгі етемін. Сонау Бумын қаған, Истеми қағаннан бастап солардың рухында тәрбиелегім келеді. Бірақ, айналаға қара­­саңыз, тек өткенді үлгі етумен ғана бо­лашақтың негізін қалауға болмайды. Әрине, әр халық өзінің рухани мұраларын сақтау үшін тарихтан, дәстүр-салтынан айрылмауы керек. Бұл жайында «Рухани жаңғыру» бағдарламасында баса айтылған.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы дер кезінде жарыққа шықты. Қазақстанның ұзақ мер­зімдік даму болашағын жобалаған маңызды бағдарлама бұл.
– Елбасы мақаласында ұлттық сана, жалпы сананың ашықтығы жайында баса айтылды. Ұлттық сана мен ұлттық та­­рих тікелей байланысты ұғымдар. Қазір жергілікті жерлерде бұл бағытта көп­теген іс-шаралар атқарылуда. Осы жайында айтсаңыз.
– Әр елдің ұлттық санасы оның тарихымен, дәстүр-салтымен, мәдениетімен тығыз байланысты. Кезінде қазақтың көптеген атақты тұлғалары туралы деректер негізінен ауызша айтылып келді. Түгенше деген атам батыр болған екен деп айтқанмен, ол батыр туралы дерек шамалы болатын. Осы орайда «Рухани жаңғыру» аясында туған жеріміздегі тарихи мұраны, ескерткіштерді қайтадан қалпына келтіру ісі қолға алынып жатыр. Жаңадан кесенелер тұрғызылып, ас беріліп жатыр. Бұл өте жақсы үрдіс. Өйткені, ұрпақты отаншыл, қазақшыл етіп тәрбиелейді. Тарихи сана қалыптастырады. Бірақ, мұның ескеретін жағы да бар. Мысалы, бір руды бастап шыққан батырды Қаракерей Қабанбайдың, Қанжығалы Бөгенбайдың дәрежесіне кө­теру бар. Батырлар әр кезеңде, әр ғасырда болған. Рулық ұрандардың көпшілігі сол батырлардың есімі. Мысалы, арғындар «Ақжол» деп ұрандайды. Міне, осындай ұранға айналған батырлар барлық руда бар. Жауға шапқанда делебесін қоздыру, рухын көтеру ниетінен туған ғой. Осыларды ескеруіміз қажет. Әркімнің өз орны бар. Рулық деңгейдегі батырды аудан-ауыл көле­мінде насихаттаңыз, мақтаныш етіңіз, күмбез тұрғызыңыз. Жергілікті өлкетану музейіне деректер беріңіз. Жас жеткіншектер содан тәлім-тәрбие алып, санасы көтеріледі. Осы тұрғыдан қарағанда, «Рухани жаңғыру» тарихымызды қастерлеуге жол ашады.
– Соңғы жылдары гуманитарлық ғылымдар оқу үдерісінен біраз шеттетіл­гені белгілі. Осы орайда, еліміздегі гума­нитарлық ғылымдардың серпін алуына «Жүз оқулық» жобасы ықпал ете ала ма?
– Гуманитарлық салада шет елдерде жақсы оқулықтар бар. Айталық, дүние жүзінің тарихын біздің тарихшылар ондай деңгейде жаза алмайды. Себебі, сол елдің архивіне барып отыруы керек, деректерді көтеру керек. Сондықтан, Президент гуманитарлық ғылымдағы үздік оқулықтарды аудару жөнінде тапсырма берді. Дегенмен, мұның екінші жағы да бар. Қазақтың тарихына, мәдениетіне, дәстүр-салтына, этнографиясына, әдебиетіне байланысты, яғни, қазақты тану үшін қазақтар жазған оқулықтарды ағылшын тіліне аудару қажет. Өйткені, оны басқалар жаза алмайды. Бізде мысалы, Қазақ хандығы, Шыңғысхан, «жоңғар-қазақ» соғыстары туралы іргелі еңбектер бар. Олар ағылшыншаға аударылмағандықтан, ешкім білмей жатыр. Осы жағына назар аударылса құба-құп.
– Елбасы бүгінгі заманның жетіс­тік­­терінің тарихына да назар аударуды ұсынды. Бұл идея «Қазақстандағы 100 жаңа есім, жобасы арқылы іске асырылуда. Оған кімдер лайықты деп санайсыз?
– Бұл жобада қазіргі замандастарымыз туралы айтылып отыр. Елге еңбегі сіңген, халықтың құрметіне ие болған қадірлі азаматтар бар. Олар өзінің туған жерінде, республикалық деңгейде Қазақстанды Тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптастыруға үлес қосып жүр. Солар шынында да, ескерусіз қалып келе жатқан сияқты. Олардың еңбегін дәріптеу арқылы біз жас ұрпаққа үлгі көрсетеміз: «Айналаңа қара, сенің замандас ағаларың қандай жұмыс тындырды? Ал, сенің алдыңа қойған мақсатың қандай?» Міне, осы тұрғыдан халқына қызмет істеп жатқан азаматтарды «100 есім» жобасына енгізудің мәні зор. Мысалы, Бауыржан Оспанов, Жақсылық Үшкемпіров сияқты кәсіпкерлердің туған жеріне көп жақсылық жасап жүргенін білеміз. Сондай азаматтарды көтермелеу керек. Алысқа бармай-ақ, туған жерін түлеткен тұлғаларды жастар үлгі тұтатын болады.
– Әңгімеңізге рахмет.

Дина Имамбай,
әлеуметтанушы

Алдыңғы «
Келесі »