Ыбырай және ислам діні

  • 15.11.2017
  • 2501 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қуанышбай ОРМАНОВ,
профессор

Ұлы ұстазды еске алғанда, кімнің болса да ойына, бала кезімізде бәріміздің жаттап өскен:
Бір құдайға сиынып,
Кел, балалар, оқылық.
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық.
Істің болар қайыры,
Бастасаңыз алдалап…
Оқу білген таниды,
Бір жаратқан құдайды.
Танымаған құдайды,
Неғылғанда ұнайды… деп, қазақ баласын оқуға, білімге шақырған жолдары келеді. Ыбырай бар қазақ баласын оқуға, білімге шақырып қана қойған жоқ, ол балалар оқысын деп мектеп ашты. Ол мектепті өз қолымен, өзінің жобасымен салды. Қазақ арасында бірінші болып мектеп оқушыларына арнап оқулық кітап та жазды. Ол ол ма, ақын Ғафу Қайырбековтың сөзімен айтқанда, Ыбырай Ал­тынсарин ұстаз ғана емес, қазақ даласындағы ең алғашқы өлеңдерін қағаз бетіне түсірген ақын, аудармашы және публицист. Алтынсарин жорналшы, экономист-финансист, құрылысшы, ол, тіпті, діндар. Ислам дінінің негіздерін терең түсінген, қалың қазаққа оны түсіндірген, ислам дінінің адам тәрбиесіне берерін әбден зерттеп білген діндар да, сол дінді насихаттаушы да.
Ал, ислам дініне келгенде, ол дін неден (қашан), басталды деген кезде, кімнің болса да ойына Жәбірейл періштенің Мұхаммедке «оқы», «оқы» деп айтқан сөздері келеді. «Мұхаммед пайғамбардың өмірі» деген кітапта бұл оқиға қарапайым тілмен, әбден түсінікті етіп берілген.
– Мұхаммед Хира тауының бір үңгірінде ұйықтап жатыр еді. Адамша киінген, кәдімгі адам кейіпінде бір бейтаныс кісі келді. Осы бір кездесу жайлы Мұхаммед пайғамбар өз аузынан былайша баяндайды:
– Қолында жазуы бар, шиыршықталған қағаз ұстаған кісі мен ұйықтап жатқанда келді. Келді де, қағазды ұсынып:
– «Оқы!» деп бұйырды.
– Мен оқи білмеймін, – дейді Мұхаммед.
Әлгі кісі қағазды мұның кеудесіне қойған. Мұхаммед үстіне тау құлап, тас басқандай зіл батпан салмақтың астында жаншылып, тынысы тарылып, жаны көзіне көрінді. Бейтаныс қағазды көтеріп:
– Оқы! – деп және бұйырды.
– Мен оқи білмеймін ғой, – деген Мұ­хаммед ентігіп. Сол-ақ екен, әлдене оның үстінен басып, жерге сіңіріп жібере жаз­дады. Мұхаммед өлдім деп ойлады. Әлгі кісі:
– Оқы! – деп үшінші рет бұйырды… (1. 112.). Яғни, сол Мұхаммед пайғамбар заманынан бізге дейін жетіп отырған «Оқы, оқы және оқы» деген сөздер ғой бұлар. Кеңес дәуірінде оқып, білім алған біздерге бұл сөздер әбден таныс. Ол кездегі мектеп оқушылары үшін бұл сөздер ұран болатын. Бірақ, біздер ол сөздердің Құраннан алын­ғанын білген де жоқпыз. Ал, Кеңестер дәуірінен біраз бұрын, қазақ даласында бұл сөздерді қазақ балаларына алғашқы ұстаз Ыбырай Алтынсарин айтқанынан біліп отырмыз. Осы сөздермен ол қазақ балаларын оқуға, білімге шақырғаны да шындық. Бұл сөздерді Ыбырай бабамыз да, сөз жоқ, Құраннан алып отыр. Ыбырай Ал­тын­сариннің Ислам дінімен тығыз байланысы, оны жай ғана білу емес, талдау, терең зерттеу, игеру жұмыстары да сол жылдардан басталса керек.
«Оқу» дегеніміз, оқымаған, қараңғы адамға, тіпті, ауыр, зіл батпан жүк кө­терумен тең. Оқу үшін оны Мұхаммед пайғамбар айтқандай, жүрегіңе жазып алу керек, ұмытылмастай етіп жүрекке байлам жасап алу керек екен. Сонда ғана оқудың қаншалықты қиын болғанымен, оның бұл тірлікте қаншалықты пайдалы екенін түсінесің. Жалпы, Ыбырай бала күнінен діндар болған жоқ. Ол, тіпті, басқа ауыл балалары сияқты, тілін сындыру үшін ауыл молдасының алдына да барған жоқ. (2. 37. Ә. Дербісәлин. Үш томдық шығармалар жинағы. 1-том. Алматы. «Дәуір-кітап». 2015.-635). Себебі, Ресеймен қосылуға, орыстың тілі мен өнеріне қашан да түзу ықласымен қарап, одан өзіне тиісті пайда таба білген Ыбырайдың атасы Балғожа да, алдағы уақытта орыстың тілі мен білімін меңгерген адамның қолынан билік пен байлық кетпесіне толық сенімді болды. Содан да, ол ағасы Қанқожа мен басқа да туыстарының қарсы болғанына қарамай, немересі Ыбырайдың орысша оқып білім алғанын қалады (2. 36.).
Шынын айту керек, «дін» дегенде біздің елдегі, әлі де болса дүмше молдалардың күнделікті тірліктерін көріп жүрген біздер, әсіресе, көздері ашық, көкіректері ояу ұстаздар қауымы, теріс айналғандай бол­амыз. Ол ол ма? Біздер өздерімізді қан­шалықты мұсылманбыз, сүндетке отыр­ғызылғанбыз, Құдайдың құлы, Мұ­хам­мед пайғамбардың үмбеттеріміз деп есеп­тегенімізге қарамай, көпшілігіміз бүгінге дейін сол ислам дінінің не екенін әлі де болса терең түсіне алмай келеміз. Көбіміз «Құдай» бар ма, деген сұраққа бүгінге дейін жауап бере алмаймыз. Біз дін дегенде: түрлі мистика, ана жақтағы өмір, жұмақ пен тозақ, мұсылманның бес парызы: намаз, ораза, пітір-садақа, қажылық, харам мен халал, одан әріге бара алмаймыз. Себебі, біздер Кеңестер Одағының мектептерінде кеңестік идеологияны оқыдық. Ол кезде біз діннің де өзіндік идеология, әр мұ­сыл­ман баласын білімге, мәдениетке, адамгершілікке шақыратын, түсінген адамға дұрыс жол сілтейтін ілім екенін білмедік. Дін негіздерін бізге ешкім оқытпады, тіпті, оқытуды керек деп те есептеген емес. Қайта одан алшақ ұстауды жөн көрді. Ал, Ыбырай Алтынсарин заманында қазақ даласындағы діни ахуал бүгінгіден де әлдеқайда төмен деңгейде болғаны сөзсіз.
19 ғасырдың орта шенінде – Ыбырай заманында қазақтар арасында арабша оқыған адам бірең-сараң ғана болғаны рас. Ол кезде ел арасында оқу, жалпы діннің, соның ішінде, ислам дінінің қажеттілігін жаппай түсіндіру кем де, кем еді. Тек, 1874 жылы біздің елден, құрамында Нұрпеке хазрет, Құнанбай (ұлы Абайдың әкесі), Мырқы (қазақтан шыққан алғащқы миллионер, меценат) бастаған, құрамында 120 адам бар үлкен топ Меккеге барып келгеннен кейін ғана, солардың әсерімен солтүстік облыстарда жатқан қазақтың беті ислам дініне қарай біртіндеп бұрылып, ел арасында дінге деген сенім арта түсті деуге болады (4.9 10.). Оның, әсіресе, имандылық, тәрбие, білім деген салаларын насихаттау, ислам дінінің жөн – жосығын көрсету тіпті қиын еді ол заманда. Осы жайларды ескере отырып, қалың қазақ арасында имандылықты, ислам мәдениетін насихаттау үшін ғой Ыбырай Алтынсарин бабамыз алғашқылардың бірі болып, «Мұ­сылманшылықтың тұтқасы» (Шариат-ул-ислам) (1991 жылы бұл кітапты баспаға қайта дайындаған профессор Ақселеу Сей­дімбеков болатын) деген еңбегін жазып жүргені. (5.). Ыбырай қазақ қауымына бұл еңбектің аса қажеттілігін терең түсінді. Ұлы ұстаз әр қазақтың баласы өзінің мұсылман екенін білгенін, жүрегімен терең сезінгенін міндет деп санады. Ең бастысы, ол діннің қажеттілігін, оның тәрбиелік жағын терең түсінді дей аламыз.
Бұған дейін қазақтар арасында – «Ыбырай мұсылман емес», «Ол балаларды орысша оқытады», «Ол шоқынды», «Ол орыстарға берілген», деген өсек сөздердің тарап кеткеніне қарамай, Ыбырай Алтын­сарин «Мұсылманшылықтың тұт­қасы» деген еңбекті жазуға бел байлады. Мұндағы мақсатым дейді Ыбырай: «…Кәләм шариф (қасиетті сөз) һәм үлкен ғылыми кітаптар араб тілінде жа­зылуы. Араб тілін әркімге білмек һәм қиын, һәм көп қара халыққа мүмкін де емес. Мұнан ғайри (басқа, бөтен) және сөздері де не араб, не парсы тілінде болып, әр жұрттың лұғаты (тілі) бөлек болуынан көп оқымаған адамдар аят-хадисте бұйырылған, һәм әр мұсылманға керекті қысқа ғылымдарды да білуге қадыр бола алады.
Әрі қарай біз «Құдай» дегенді – Алла тағала, Жаратушы, Жасаған деп түсінгеніміз дұрыс болар. Себебі Құдай мен Алла тағала екеуі екі мағынаны біл­діреді. Шындығында, біздің «Құдай» деге­німіз – жыл он екі ай қайталанатын – «Құт­ты ай» (Қ. Салғара) дегенді білдіред екені. Тек, халқымыздың тілінде ғасырлар бойы қалыптасып қал­ғандықтан ғана біз – «Құдай» деп отырмыз.
Арабтың тілі сөзге байырақ, һәм қо­шырақ болуынан һәм пайғамбарымыз араб жұртынан болуы себепті Қәләм шариф араб тілінде еніп, ол тілді білмек мұ­сылмандарға парыз кифайа (жалпы парыз) болса да, бір халықтың ішінде араб тілін бір адам білуменен де ол халықтың мойнынан парыз түседі… Парыз түсу түгіл, бұл мұқтаж шарттарды білмеген кісі мұсылман да болмайды… Мұны көріп біз, фақыр Қыпшақ руының Ибраһим Балғожа биұғлы, қарындас халқымыз қазақ жұртына пайда келтірмек ниетпен өзінің дінін түсіндіру үшін бұл кітапты жазуға кірістік. Құдай тәбәрәк уа тағала қайырлы еткей еді, әмин!… Бұл кітап ішіндегі бұйрықтар қайсысы аят-хадистерден, қайсысы шаһар Петербургте имам жамиғ (мешіт иамамы) мулла Атаалла Баязид есімді молданың әр кітаптардан жинап шығарған «Ислам» деген кітәбінан, һәм мұнан ғайри зор ихтибарлары (құрметті, маңызды) кітаптардан қаралып, неше – неше рет саналып, теңдестіріліп жазылды, – дейді Ыбырай бабамыз (5. 9-10).
Бұл еңбекті жазу Ыбырай үшін қанша­лықты қажет болса, соншалықты қиын да болды. Ал, оны баспадан шығарып, ел арасына таратудың, тіпті де, қиынға соға­тынын білген Ыбырай өзінің досы Николай Иванович Ильминскийге 1882 жылдың 12 қыркүйегінде арнайы хат жазып, қазақтар үшін бұл еңбектің мәні мен мағынасын, толық мазмұнын түсіндіреді. Хаттың соңында ол:
– …Представляя теперь настоящий учебник к Вам, добрейшии Николай Ива­нович, по совету между прочим и г. Попечителя Оренбургского учебного округа, осмеливаюсь почтительнейше про­сить не отказать своим посредничеством в напечатании его, так как мне не известны пути, по которым печатаются подобные татарские книги (кажется, цензор некто- Готвальд) и не знаю так же, сколько может требоваться денегь на напечатание одной или двух тысяч экземпляров подобной книги, что я и намерен принять на свой счет.
Корректорами я прошу вместе сими быть моих собратьев – студентов Алдиярова и Карабаева.
О последующем оставте уведомление через В.В. Катаринского, если можно, в непродолжительном времени.
С глубоким уважением и искреннею преданностью имею честь быть Вашего Превосходительства покорный слуга И. Алтынсарин.
12 сентября 1882 года. (6. 253).
Ыбырайдың бұл хатына жауап көпке дейін келмеді. Кітаптың баспадан шығуы да кешеуілдеді. Мәселенің қиындағанын Ыбырай әбден түсінді. Себебі, біріншіден – ол заманда Торғай өңірінде (Торғай облы­сында) мұсылмандық мәселесімен тек қана татар молдалары айналысатын. Солар қазақ пен орыстың арасын жалғаушы болған. Қа­зақтың арасында орыстың саясатын жүр­гізген. Ал, Ыбырайдың мына еңбегі болса, «қазақ жастарының дін жөніндегі түсі­ніктері теріс бағытқа түсіп кетпес үшін және де тілдері татаршамен шұбарланбас үшін» жазылып отыр. Яғни, татарларға қарсы кітап болмақшы. Сондықтан да, татар молдаларының бұл еңбектің жарық көруіне қарсы болары заңды құбылыс. Жеп отырған нандарынан кімнің айрылғысы келсін? Екіншіден, бұған дейін оның барлық бастамаларын негізінен қолдап келген Торғай облысының басшылары, «Мұсыл­маншылықтың тұт­қасы» деп аталған бұл еңбекті жарыққа шығаруға бай­ланысты көпке дейін бір байламға келе алмады. Ал, Ыбы­рай жазып, баспаға ұсынып отырған «Мұсыл­маншылықтың тұтқасы» олардың, Ыбырай­дың көмегімен қазақтарды орысша оқытып, қазақ мек­тептеріне кирилицаны енгізіп, қазақ балаларын біртіндеп өз діндеріне өткіземіз деген ойларына қарама-қайшы келетіні белгілі. Тіпті, Ыбырайдың жанашыры, ең жақын досы Н.И. Ильмин­скийдің өзі бір-екі жылға дейін бұл еңбекті жарыққа шығаруға көмек көрсете алмай, амалсыздан үнсіз жатты. Орыс Православие шіркеуінің тапсырмасын жұмыс істеп, бұратана ұлттар халқыны арарсында Православие дінін насихаттап жүрген Н. И. Ильминскийдің өзі де қарсы болғаны анық. Себебі, ол Ыбырайдың бұл кітабы ертең қазақ халқына қалай әсер етерін білмеді. Сондықтан да, жауапты кешеуілдеткені белгілі. Оған Ыбы­рай Алтынсариннің 1882 жылдың 2 жел­тоқ­санында В.В. Катаринскийге жазған мына хаты толық дәлел бола алады. Онда Ыбырай былайша жазады:
– …От Николая Ивановича я до сих пор не получаю ни ответа, ни привета на счет моего учебника по закону Бо­жьему. Теряюсь в догадках, что бы могло задерживать его. Быть может некогда и рассматривать его. Не получаю ответа и от студентов Алдиярова и Карабаева, которых я просил держать по учебнику корректуру. Не знаете ли Вы что-либо, добрейший Василий Владимирович? И какой Ваш мне совет отно­сительно того, как поступить далье? Хоть бы написал, что учебник мой по­лучен, а то я и этого не знаю… (6. 305 б.).
Өзінің дін туралы бұл оқулығы жайында еш хабар болмағандықтан, Ыбырай Алтынсарин ол жайында 1883 жылдың бірінші апрелінде В.В. Катаринскийге екінші рет жазған хатында тағы да есіне салады:
– … Николай Иванович до сих пор ничего не отвечает на счет учебника моего по Закону Божьему. Просто удивительно и досадно наконец. В последнем письме я просил возвратить учебника и на это ответа нет. Что мне далее делать – и не при­думаю… (6. 309 бет).
Жан-жақты талқылаулардан өтіп, «біл­гіш» татар молдаларының тезіне түсіп, әбден сілекпесі шыққан еңбек ақы­ры 1884 жылы жарық көрді-ау. Бірақ, «Мұ­сыл­маншылықтың тұтқасы» кіта­бы­ның ғұмыры ұзаққа бармады. Ресейдің бұл өңі­рінде мұсылманшылықтың тұтқасын өз қолдарында ұстап отырған татар мол­дала­­рының қысымымен «…балаларға ис­лам дінінің «ақиқаттығын» дәлелдейтін негізгі түсініктер бере алмайды» (5.5 бет) деген желеумен, оған бұл кітапқа орыс билеушілерінің де қарсылықтары қо­сылып, Ыбырай бабамыздың бұл еңбегі мектептерден алынып, мұрағаттардың «қа­раң­­­ғы қапасына» қамалды. Содан кейін ол еңбек табаны күректей жүз жылдай жарық көрмей, Ислам дініне деген сенімдері мол өз оқушыларына жетпей жатып қалды. Кім біледі, Ыбырай бабамыздың бұл еңбегі ертерек жарық көргенде, тіпті, сол кездегі мектептердің оқу бағдарламасынан алынып тасталмай, оқытылғанда, көптеген қазақтардың Ислам діні туралы түсініктері бүгінгіден сәл де болса басқаша болар ма еді? Ең бір өкініштісі, Ыбырай бабамыздың бұл еңбегі мектептерде бүгін де оқытылмайды.
Кітапты оқып отырып біздің түсінгеніміз – Ыбырайдың міндеті өзіне дейін ислам діні жайлы жазылған кітаптарды пайдалана отырып, оларды өзінің мұсылман діні жайлы ойға түйгендерімен толықтырып, қарапайым тілмен ислам діні жайлы арнайы кітап жазып, өзінің осы кітабының көмегімен қазақ халқына Ислам дінін насихаттау ғана емес, ислам дінінің негіздері мен оның тілек-талаптарын жеткізу ғана екен. Яғни, мұсылман деген кім, ол қандай болуы керек, Құдай жолында ол күнделікті қандай шарттар мен парыздарды орындауға міндетті – Ыбырай бабамыз өз кітабында осылардың бәріне жауап береді. Жауап беріп қана қоймай, айтылған ойдың әр оқушысына түсінікті болуы үшін Ыбырай ол шарттарды қазақ тіліне аударып, олардың барлығын халыққа қарапайым қазақ тілінде түсіндіріп, шамасы келгенше жеткізіп те берген.
Ыбырай Алтынсарин әрі қарай: «Енді, ей, дін – қарындастарымыз, бізге ең әуелі ке­ре­гірек іс – сол, әуелі білмек керек немен мұсылман болатынымыз. Мүмин (дінге сенуші) мұсылманның мұсылман аталуы құр мұсылман киімін киіп, мұсылман ара­сында жүргені емес. Әуелі иманды болып, ол «иман» деген не екеніне түсініп, түсін­ген соң, сол иман ішіндегі сөздерді шексіз шын көңілімен дұрыс деп білген кісіні мұсылман деп атайды. Соның үшін Құдай тағаланың пенделеріне парыз еткен парыздарының ең әуелі иман болса керек (5. 10 бет).
Жоғарыда айтып өткендей, Ыбырай бабамыздың бұл еңбегі қазақ жерінде дін – ислам жөнінде жазылған бірінші кітап емес. Бұған дейін де талай еңбектер жарық көрген болатын. Ол жайында белгілі әде­биеттанушы, әдебиетші-профессор Шәм­шиябану Қанышқызы Сәтбаева былай деп жазған болатын. «Қазақ арасында Мекке, Мединеге сапар шегу, хажы аталу дәстүрі қай кезде басталғаны белгісіз болса да, ел өмірінен едәуір орын алған деуге болады. Олар туралы жазылып қалған дерек­тер, әрине, аз. Қазақ арасынан ертеде бірі – 1751 жылы Индия арқылы, бірі 1783 жылы Кіші Азия арқылы Меккеге барған екі жолаушының көрген білгені туралы баяндаушылары құрастырып, «Екі хажының рахат-намалары» деген атпен 1862 жылы кітап болып басылған.
Қазақ еліне ислам дінінің қалай тарал­ғаны туралы біраз деректер, діни уағыздар мен ақпарлар өлеңмен, қара сөзбен де жа­зылған «Макулат қырғыз» жинағы 1879 жылы жарық көрген. Діни уағыздар жайлы әңгімеленген «Хисса жұм-жұма», «Сал-сал» тағы басқа дастандар 1881-1883 жылдары шыққан».
Бір кезде Меккеге бару, онда із қалдыру, шамасы, едәуір дағдыға айналған сияқты. Мысалы, тағдыр соқпағымен сан елден өтіп, талай бұралаңға түсіп, Түркияға қоныстанған, кейін бірсыпыра елдерді ара­лаған қадірлі қария Халифа Алтайдың хабар­лауынша, Меккедегі бұрынғы мешіт қақпаларының бірінде «баба Қайпбай» деген қазақ аты жазылыпты. Мысырда Қайып­бай мешіті сақталыпты. Сондағы елдің айтуынша, мешіт 14 ғасырдан қалған. (147 бет.) Ш. Сәтбаева. Бес томдық шы­ғармалар жинағы. 5 том. «Елорда» Асатан. – 2013.).
Ыбырай Алтынсариннің «Шариат-ул ислам» (Мұсылманшылықтың тұтқасы) еңбегін оқып, онда жазылғандарды ой еле­гінен өткізген кезде, біздің түсінгеніміз – ислам дінінің бес парызынан да бұрын, ең басты көңіл бөлетіні, жүрекке байлайтыны – «иман» екен. Ал, осы «иман» деген не? Оның мәні мен мағынасы не? Ол нені білдіреді. Ыбырай бабамыз былай жазады:
«… әрбір жақсы амалдардың да асыл түбі иманнан, яғни, инанудан келеді. Имансыз еткен жақсылықтың пайдасы жоқ. Мәселен, біреу намаз оқыса да, ол намаздың керектігін көңілі дұрыстамаса, әлбетте, ол намаз болып табылмайды… Иманның екі мағынасы бар: бірі – тіл мағынасы. Тіл мағынасы дегеніміз – әркім тілмен айтып растамақ. Мәселен, мұсылманшылдығымызға бас куәлік – сөзі­міз немесе араб тілінше шәһәда (куәлік беру). Яғни, «куәлік беремін: жоқты бір Құдайдан бөтен Құдай (жоқтығына) және куәлік беремін, Мұхаммед, оның құлы һәм елшісі екендігіне деп, шариғат мағынасын растағанда, ол иманды көңілмен растамақ. Бұл растамақ дегеніміз, жалғыз Құдай тағала бар… (5. 12 б.).
Мұның арғы жағында нені болса да көңіл­мен, жүрегімен сеніп істеу керек. Себебі, әр адамға діннің ең басты берері де сенім. Адамның ең алдымен Құдайға, содан кейін өзіне деген сенімі жатыр.
Енді, бір сәт, «иман» мәселесіне келгенде, ұлы Абай не дейді екен?
Абай: «Иман деген – Алла табарака уа Тағаланың, шәриксіз (көмекшісіз, серіксіз, бір өзі деген мағына береді) ғайыпсыз бірлігіне, барлығына, уа әртүрлі бізге пайғамбарымыз саллаулаһу ғалайлаһи уәс­сәләм арқылы жіберген жарлығына, білдір­геніне мойын ұсынып, инамақ… Енді бұл иман дерлік инануға екі түрлі нәрсе керек. Әу­елі – не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақыл бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақыл дәлел – испат (нақтылау, дәлелдеу) қыларға жараса, мұны якини иман десе керек. Енді мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек екен» (8. 19. Абайдың қара сөздері. Он үшінші сөз).
«Инамақ» – илану, яғни, сену. Байқаға­нымыздай, Абай да «иманды» сенім, Құ­дайға сену, деп түсіндіреді. Яғни, мұсыл­ман болу үшін, ең алдымен сену керек екен. Құдайдың барлығына, бірлігіне, Мұхаммед пайғамбардың оның елшілігіне сену. Бұдан барып, нені болса де сеніп істеу, сол сенімнен күш алып істеу болғаны ғой.
Бұл жайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бұрынғы төрағасы Әбсаттар қажы Дербісәлі кезінде былай деп жазған болатын:
– «Адамның Алланың алдындағы алғаш­қы міндеті – оған сену, содан соң, оның ғибадаттарын атқару. Ислам ғибадат­тары­ның ең маңыздысы, ең үлкені – төртеу. Олар: намаз, зекет, ораза, қажылық. Ғибадаттардың бұл төрт түрі иманмен бірге ислам дінінің негізін құрайды. Ислам тұжырымы бойынша, иманнан ғиба­дат­тарды, ғибадаттардан иманды бөліп қа­рауға болмайды. Ислам бұл бесеуімен мұсыманның бойында кемелдік табады. Ал, кәміл мұсылман болу үшін діни тақырыптардағы жан-жақты мәліметтерді дұрыс игеріп, үйрену қажет». (9. 3-4 беттер).
Ыбырай бабамыз айтқандай, Ислам дінінің де жастарға беріп отырған тәрбиесі осы – имандылық. Имандылықты діни уағыз деп түсінсек, оның мән-мағынасын тереңдете түскен орыстың ұлы педагогы К.Д. Ушинский: «Діннің қажеттілігін, яғни, адамның ішкі дүниесіне үңіле алмайтын, имансыз адамға бала тәрбиесін сеніп тапсыруға болмайды» деген екен (11. 118. Стр. 614.). Олай болса, имандылық дегеніміз адамның бойындағы ең бір қажетті, ең бір құнды қасиеттердің жиынтығы болса керек. Бұл ғалымдардың жазулары бойынша «имандылық» дегеніміз адам (жас бала) тәрбиесінің алтын арқауы, негізгі діңгегі. Адам бойындағы барлық жақсы қасиет сол имандылықтан тарайды, яғни, адам баласының бойындағы ең жақсы деген қасиеттер сол имандылықты құрайды.
Ыбырай Алтынсарин айтады: «Құдай таға­ланың пенделеріне парыз еткен парыз­дарының ең әуелгісі иман болса керек» (5. 10 бет). Бұл сөздерімен Ыбырай бабамыз, ең алдымен, Құдайға сен, содан кейін өзіңе сен, мұсылман болсаң сенімді бол, нені болса да сеніммен істе дегені емес пе? Яғни, ұлы ұстаз өзінің бұл сөздерімен қазаққа сенімнің күшін түсіндіріп отыр. Ыбырай айтып отырған «имандылықтың» арғы жағында Құдай тағала рұқсат еткен, солай жүр деп жол сілтеген небір керемет ұғымдар жатыр. Олар: сенімділік, көргендік, білімділік, ибалық, тәрбиелік, адалдық, кішпейілділік пен мәдениеттілік, т.т. Бұлардың барлығы адам тәрбиесінің басты ұғымдары. Бұларсыз адам өмір сүре алмайды. Адамдар бірімен бірі қарым-қатынас жасай алмайды. Тіпті, қауымдаса да алмайды. Осылайша «иман» деген ұғымды түсініп алдық.
Имандылықты әбден түсіндіріп бол­ғаннан кейін Ыбырай бабамыз өз еңбегінде көңілді Исламның парыздарына бөледі. Олар: намаз, ораза, зекет, қажылық, не адал, не харам деген жәйттер. Осы айтылған әр парыздың астарында да тәрбиелік мәні бар небір керемет ойлар жатыр. Қысқаша айтқанда:
Намаз, бұл – күніне бес рет намаз оқу, яғи күніне Құдайға бес рет құлшылық жасау. Құдаймен өмір сүріп, оның адамзат алдына қойған шарттары мен талаптарын мүлтіксіз орындау. Намаздың адамның денсаулығына тигізер пайдасынан басқа, алдымен Құдай алдында, содан кейін өзіңнің алдында есеп беруінде көп нәрсе жатыр. Не жақсылық, не жамандық жасадым, солардың барлығын ой елегінен өткізіп, жаныңдағыларға жасаған жамандығына Құдайдан кешірім сұрап, жасаған жақсылықтарыңан күш алу, өзіне деген сенімін бекіте түсу. Сен де күн сайын өзіңе-өзің есеп бер, жас дос. Не істедім, не істей алмадым, дегендей. Одан зиян көрмейсің.
Ораза ұстау – бұл кім де болса, өзін өзі неден болса да – тамақтан, жаман пиғылдан, ойдан, жаман сөзден, жаман істен шектеу. Ораза кезінде, ораза ұстағандар тіпті біреумен ұрсысуға, не балағат сөз айтуына болмайды. Болып жатқан жағдайда, әрі бармай, мен ораза едім, деп кетіп қалған жөн. Олай болса ораза тек тамақ ішуге ғана емес, барлық жамандық атына шек қою. Жаман ойға, жаман сөзге, ең аяғында жаман іске шек қою деп түсінген дұрыс. Бұл да сын. Бұл сыннан адал өткен, шыдаған адам ғана, мен ораза ұстадым деп толық сеніммен айта алады. Құдай алдындағы, адам ретінде өзімнің парызымды орындадым, – дей алады.
Үшінші парыз – зекет. Зекет дегеніміз – жаныңдағыларға барынша көмектесу. Кемтарларды көре білу. Қолдан келгенше соларға қол ұшын беру, барыңмен бөлісу. Ислам дініндегілер мұны да адамгершіліктің бір белгісі деп санайды.
Қажылық. Көп ел қажылықты – Меккеге барып тәу ету, қасиетті Қара тасты айналып жүру, Мұхаммед пайғамбардың өз мешітінде Құдайға құлшылық жасау, деп түсінеді. Ол солай. Бірақ, Меккеге қажылыққа барудың арғы жағында – жол жүру, жол азабына шыдай білу, қажылыққа өзге елдерден келгендермен танысу, тілдесу, пікір алысу, олардан естіген небір жаңалық пен жақсылықты елге жеткізу, олардың озық тәжірибелерін іске асыру сияқты толып жатқан міндеттер бар. Бүгінгі тілмен айтқанда – бар ақпаратпен бөлісу. Жақсысын алып, өз өміріңе жарату. Ол кезде бүгінгідей ақпарат құралдары (интернет, телефон, теледидар, газет) болмайтын. Ең болмаса қажылыққа барып, басқа елдерде не болып жатқанын (саясат, экономика, шаруа­шылықты жүргізу жолдары) білу. Қай жағынан болса да, өзіңді-өзің байыта түсу. Өз білгеніңді елге тарату.
Мұсылманшылықтың әр парызының астарында елге, адамдарға пайдалы талай дүние жатыр. Мұсылман болсаң, сорларды игеру, үйрену, елдіктің шаруасына пайда­лану деген міндеттер жатыр.
Ал, бесінші парыз, ол – харам мен халәл. Харам мен халәл тек күнделікті ішер ас, дастарханымызғы жайылар тағамға ғана жатпайды. Олар сөйлер сөзге, атқарар іске, жасар қимылға да байланысты. Әр мұсылман оларды білуге міндетті. Мұсыл­ман болсаң, тыйым салынған асты ішпе, тыйым салынған сөзді сөйлеме, тыйым салынған істі істеме.
Қарап отырсақ, исламның бес пары­зының барлығының да тәрбиелік мәні зор екен. Ыбырай бабамыз солардың барлығын білді, білді де, шынайы адамды, өз елінің азаматтарын, болашағын тәрбиелеуге ислам дінінің барлық мүмкіндіктері мен күшін пайдалануға тырысып бақты. Діннің ол талаптары мен парыздарына бүгінгі күннің биігінен қарасақ та, жастарды тәрбиелеуге, әр адамды тура жолдан тай­дырмауға тигізер әсері мол екен. Соның бәрін түсінгеннен кейін ғой, Ыбырай бабамыз ел арасында тараған ислам дінінің абыройы мен күш-қуатын жастарды тәрбиелеуге, ел болашағын тәрбиелеуге пайдаланды. Ол өз еңбегінде ислам дінінің түрлі мистикасы- жұмақ пен тозақ жайлы ойларын атап өткені бол­маса, ешқайсы таратып айтпайды, олар­ға онша көңіл де бөлмейді.
Бұл еңбектің адамзат өміріне қанша­лықты пайдалы, қаншалықты қажет екен­дігін айта келіп, Ыбырайтанушылардың бірі, профессор Шамшиябану Қанышқызы Сәтбаева былай дейді: – «Алтынсарин өзі ірі педагог болғандықтан, осы кітаптың құрылымы мен мазмұнында да белгілі бір философиялық, логикалық, методикалық, тәрбиелік мән, сәйкестіктерді ұштастырған. Кітап басталуы бүкіл әлем жаратылысы, ғажаб құбылыстар адам арқылы танылғанда адамға пайда келтіреді. Демек, бұл адам­заттык дәстүр жалғаспақ керек. Осындай өмірлік, жалпы адамзаттық мақ­сатты іске асыру қай заман­ның адам­­да­рына болса да парыз, борыш… (7. 153 бет.)
Христиан дінінде де, Ислам дінінде де адамның Құдай алдында күнаһарлығына көп көңіл бөлінеді. Христиан дінінің негізгі кітабы «Библияда», адам өзінің Құдай алдындағы күнаһарлығын Құдайға сыйынып, жалбарынып, оған бас июмен, кешірім сұраумен жуатын болса, Ислам дінінде күнәны жуу мәселесіне сәл басқашалау жағынан келеді. Ыбырай Ал­тын­сарин айтады: «Хаж ету дегеніміз өмірде бір рет араб улайатындағы (елі, жер) Мекке шаһарында болғушы қағбату – л – лаһи, яғни, Аллаға құлшылық ететін үй деп аталған орынға барып зиярат ету (бару, аралау). Қағбату-л-лаһиды Құдай табарак уа тағала Ибраһим пайғамбарға өзі бұйырып салдырымшы-дүр. Жәбірейіл періштені жіберіп, Құдай тағала Ибраһимге бұйырды: «сал Қағбаны» – деп. Ибраһим алайһи – с – салам: «Құдая. Мен білмеймін Қағбаның орнының қайсы екендігін». Сол уа­қытында Жәбірейіл келіп, бір жерден бөтен тасты көтерді, сол тастың жатқан орнына салмақ Құдай тағаланың әзәли (мәңгі құдыреті) құдыреті еді. Мұнан соң, Құдай тағала бұйырды. Меккеге жа­қын жердегі: Тур сина, Төр Зина, Хура, Лубнан, Жуди деген бес таудан тас келтіріп, Қағ­баны сол тастармен бина (салу, орнату) қыл деп. Меккенің онан жақын жерінде де тас көп болса да, Құдай табарак уа тағала әлгі бес таудан тас келтіріп, Қағбаны сал­маққа бұйырмақ. Себебі, Қағбаға соңғы уақыттарда жүзін бұрып, тауаф (Қағбаны айналып жүру), һәм бес намаз оқыған адам­ның, сол бес таудың ауыртпалығындай күнә­сы болса да, күнәсын кешіремін дегенге ишарат үшін еді», – деп айтылады (5. 41 – 42. б.б.). Яғни, бес рет намаз оқу, құдайға жалбарынып, бес рет кешірім сұрау, сол арқылы өзінің күнәсін жуу, деп түсінген дұрыс болар.
Одан әрі қарай, Ыбырай баба­мыз былай дейді: «…иманнан соң дін ғылы­мы дүр. Дін ғылымы дегеніміз, Құдай тағала пенделеріне екі жол көрсетті: бір жолы – осылай бар деп бұйырған жолы, екіншісі – бұл жолға түспе деп тыйған жолы… Әуелгі жолдың баратын ұшы – ұжмақ, соңғы жолдың ұшы – тамұқ». Әр екі жолды көрсетіп қойып, қайсысына түсудің ықтиярын бұл дүниеде Құдай тағала адамның өзіне берді. Осы екі жолдың мәнісін түсініп, үйренуді дін ғылымы деп атаймыз» (2. 10 б.). Яғни, қай жолға түссе де, адамның өз еркі. Жақсылық пен жамандықты таңдау да адамның өз еркі (нағыз демократияның басы осында жатқан жоқ па?) Бірақ, діннің міндеті адамның көзін ашып, үйретіп, оны дұрыс жолға, кімге болса да пайдалы, игілік жолына салу. Дін білімінің керегі міне осы жерде болса керек.
Дін білімі – бұл не деген құдырет? Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері дін туралы талай оқулық құралдары жазылды. Бірақ, олардың бәрінде діннің оқуға, білімге, имандылыққа бағытталған жолдарын былай қалдырып, оның адамның түсінігінен тыс күштер наси­хатталады. Мысалы, ғалымдарымыз Ғ.Еси­мов, А. Артемьев, С.Қанаев пен Г. Бі­ләловалар жазған «Дін тану негіздері» деген оқулықта (12. 5 бет. Алматы. Білім. 2003. 156 б) «Дін – әлемдік өркениеттегі бар­лық қоғамдық құбылыстарға тән тари­хи, саяси-әлеуметтік, дүниетанымдық және психологиялық құбылыс. Ол ықлым заман­нан бері адамзатпен бірге жасасып келеді. Оны ең тұжырымды түрде Құдай мен адамның арақатынасы, адамның танымынан тыс күштердің барлығын мойындау және соған илану деп анықтауға болады». Ол қандай күш?
Ұлы Ыбырай заманында болсын, бүгінгі заманда болсын, дін саласын зерттеп жүрген ғалымдардың басты міндеттері жастарға дін­нің мақсаты мен міндетін түсіндіру, олар­ды дін жолында дұрыс жолға салу, деп ой­лаймын. Осыдан 130 жыл бұрын жазған еңбе­гінде ұлы Ыбырай дін жайлы осылай жазады емес пе?
Діннің құдіретін түсіну үшін біз ең алдымен, «дін» деген не? Оның міндеті мен мақсаттары деген сұраққа жауап беріп алуымыз керек болар. Сонымен, «дін» деген не, оның міндеттері мен мақсаттары қандай?
«Дін» – деген тәрбие. Мыңдаған жыл­дар бойы дін адамды дұрыс жолға, ақиқат жолына, адалдық жолына жетелеп келеді. Діннің осы міндетін әбден зерттеген дү­ниежүзі ғалымдарының еңбектерін қоры­тындылай келіп, діннің негізгі үш міндетін бөліп алып, дін:
1. жоқтың орынын толтыру үшін адамға өзіне деген сенім мен қосымша күш беру үшін;
2. күн көру үшін өз беттерінше жеке-жеке, шашырап жүрген адамдарды біріктіру үшін, бір ортаға бағындыру үшін;
3. сол алғашқы қоғам мүшелерінің бар­лық іс-қимылдарын бір жүйеге келтіріп, басқару, бақылау үшін қажет болды, де­лінеді. (13. А.С. Васильев. История рели­гии Востока. С-Петербург. 1997).
Осылардың барлығының басын қосып келгенде – діннің негізгі мақсаты мен мін­деті адамды тәрбиелеу, оған дұрыс жол – құдайдың жолын көрсету, оған сенім мен күш беру – деп білген дұрыс. Кешегі аңнан адамға айналғаннан бері қарай дін адамды тәрбиеледі, оның көзін ашты, жаман­дық пен жақсылықтың, ақ пен қара­ның аражігін ашып берді. Адамның таби­ғатпен тіл табысып, күн көруіне, одан көп дүниені үйренуіне, әсіресе, табиғаттың заңдылықтарын, құбылмалылығын, небір жағдайларды дұрыс қабылдап, оған төзе білуге, кездескен қиыншылықтарды бірлесе жеңе білуге үйретті. Ойын қалыптастыруға, барынша кеңейтуге, жадын нығайтуға, нені болса да ойлап істеуге үйретті. Адамның мінезін бір жүйеге келтірді. Оған дүниедегі өзінің орнын көрсетті. Дін адамдардың ойларын биледі, адам сияқты өмір сүруге үйретті, оның рухын оятты.
Дін – адамды оқытушы, оған күш беру­ші ғана емес, дін – адам мен Құдайдың (Алла тағала, Жасаған, Жаратқан) өзара бай­ланысы арқылы, адамды жақсылыққа қарай бастаушы, тіпті, қажет болған жағдайда адамды Құдайдың атымен қорқытып, оны дұрыс жолға салушы да.
Діннің міндеті мен мақсатын осылай анықтап алғаннан кейін, енді, Ыбырай баба­­мыз айтып отырған «дін біліміне» келе­лік. Біздіңше, «дін білімі» дегеніміз, ол – Құдай мен Адамның арасындағы бізге белгісіз бір құдірет күші, олардың өзара байланысын анықтайтын білім, кімге болса да, нақты жол сілтейтін, ешқашан бұзылмас, бұлтармайтын Ережелердің жиынтығы. Осылардың бәрін терең түсіну үшін, ең алдымен, Құдай деген кім, болмаса ол қандай күш иесі? Адам деген кім, оған құдырет (жасаған) қандай күш сыйлады? деген сұрақтарға жауап беріп алайық.
Құдай. Турасына келсек, Құдай (Жарат­қан, Жасаған) туралы әңгіме айтуға адам баласына әлі де болса ертерек. Адам­зат ес білгеннен бері қарай небір кемең­герлер, данышпандар, білімнің ең бір биі­гіне жеткендер «Құдай бар ма?» деген сұраққа жауап іздеп келе жатқандары бел­гілі. Олардың өздері де: Құдай бар, Құдай болмаса мына аспан мен жерді, жұл­дыздарды, теңіздер мен мұхиттарды, адам­дар мен аң-жануарларды кім жаратты? – десе, философия ғылымы заңдарының негіз­деріне сенген ғалымдар: «Еңбектің нәтижесі болса, оның иесі де, яғни, Құдай­дың (Жасағанның, Жаратқанның) болғаны, деп қысқа қайырады. Одан әріге әлі де еш ғалым бара қойған жоқ. Осылайша, олар Құдайдың барлығын дәлелдегенмен, біздің­ше Құдай адамзаттың бойы да, ойы да жетпейтін биіктікте. Себебі, нағыз Жа­ратқан жайлы сөз қозғауға адамзаттың әлі де болса ой-өрісі (ақыл-ойы) жете қойған жоқ сияқты. Әй, жете де қоймас. Сондықтан да біз Жаратқан жайлы әңгімені қоя тұрып, Құдай жайлы ұлылар не деген екен. Соған көңіл бөлелік. Сол ұлылардың айтқандарын ой елегінен өткізелік.
Құдай бар ма? деп басын қатырған­дардың алғашқыларының бірі, бұл – дү­ние­ні алғашқы ұстазы деп танылған Аристотель болатын.
Аристотель:
– Құдай – бұл біздің рухымыз, аспандағы күн десе, одан кейін Платон:
– Құдай – бұл бүкіл әлем, аспан мен жұл­дыздар, жер мен біздің жандарымыз, деп тұжырымдады. Одан кейін, олардың ойларын әрі қарай жалғастырған Демокрит:
– Құдай біздің ақыл-ойымыз, – деп тұжырымдағаны белгілі.
Ең аяғында біреулер ұлылардың жаз­ғандары мен айтқандарына күмән келтіріп, онда бізге Құдайды көрсетіңдер дегенде, Еуропаның Раймунд Сабундский деген ғұламасы шығып: «Егер, сенің Құдайдан артық біреуің болса, бізге алып келші, көрсетші, болмаса Құдайды мойынсұн (Если есть у тебя нечто лучще, предложи, если нет – покоряйся. Либо признайте силу наших доказательств, либо покажите нам какие-нибудь более обоснованные и более несокрушимые доводы), – деп (14. 214), бұл әңгіменің үлкен бір нүктесін қойған болатын. Бірақ, дүние жүзінде Құдай жайлы әңгіме мұнымен аяқталған жоқ. Бүгінге дейін бұл сұрақ талайларды толғандырып келеді. Әлі де толғандыра бермек. Осыдан кейін ғой дүниежүзі ғалымдарының арасында «Пантеизм» деген ұғымның пайда болғаны. «Пантеизм» – «Құдай табиғат», болмаса «Әлем – бұл Құдай» («Мир – есть Бог», «Бог – есть мир») деген ұғымды білдіреді. Құдайдың бар, не жоғы жайлы Еуропаның: Кант, Гегель, Фром, Шпенглер, Швейцер, Фейрбах сияқты ғалымдары, тіпті Карл Маркс, қазақтың ұлылары Абай мен Шәкәрім де Құдай жайлы өз ойларын ортаға салып, түрлі дәлелдер де келтірген болатын. Атақты философ Спиноза: «Бог причина всех явлений и событий, есть лишь свидетельство незнания дела» деген де болатын. Қазақшалағанда: «Айна­лада­ғы құбылыстардың барлығы Құдай­дан деуіміздің өзі істің мән-жайын білмеген­дігімізден» деген. Оның бұл ойына, немесе дәлеліне кейін талай ғалымдар қарсы шық­қандықтары да белгілі.
Байқайсыздар ма? Аристотель: Құдай біздің рухымыз десе, Платон: Құдай бұл бүкіл әлем, аспан мен жұлдыздар, жер мен біздің жандарымыз, – дейді. Ал, Демокрит болса: «Құдай біздің – ақыл ойымыз», – деп тұжырымдайды. Бұл ұлылардың барлығы Құдайды аспаннан емес, жерден іздеп отырған сияқты. Сондықтан, біз де Құдайды аспаннан іздемей, жерге түселік. Біздің де Құдайды жерден іздегеніміз дұрыс болар.
Адамзаттың Құдайға, ең бастысы, Құ­дайға сену арқылы өзіне деген сенімін арттыруда, қандай болмасын, қоғамның бір қалыпты өсуіне, өркендеуіне, асып-таспай, астамшылыққа жол бермеуіне, шеттен шық­пай, ардан аттамай, бір қалыпты өмір сүруіне Құдайдың қаншалықты қажет екендігін әбден түсінген ұлы Вольтер: «Құдай болмаса, оны баяғыда-ақ ойлап табу керек еді» десе, осы ойды әрі қарай дамытқан Ф.Ницше: «Егер, Құдай өлсе, онда адамзаттың шеттен шыққаны ғой» деп үлкен бір өкініш сезімін білдірген екен. Ал, орыстың ғұламасы, жазушы Лев Николаевич Толстой болса: «Бог не в храме, не в изображениях, не в словах, не в тайнствах, не в делах человеческих, а в человеке, в самом человеке… Тело мое болеет и умирает; душа не болеет и не умирает. Душа – это Бог, живущии в моем теле», деп жазған болатын.
Заманымыздың ұлы ғалымдарының айтқандарын қорытындылай келе, біз Құ­дай бар, ол Жаратушы, деп тұжырымдай аламыз. Ол жайлы бірдеме деп айту біздің деңгейімізден жоғары жатыр. Орыстың ғұла­масы Л. Н. Толстойдың айтып отырғаны рас. Л.Н.Толстойдың айтқанындай, Ол менің жүрегімде, менің рухыма, бар тірлігімен күш беріп жүрген жаным, дей аламыз.
Л.Н. Толстойдың бұл жазғандарынан Ыбырай бабамыз сөзсіз хабардар болды. Ол Л.Н. Толстойдың шығармаларымен таныс қана емес, оның біраз еңбектерін қазақшаға аударды. Ол Л.Н. Толстойдың «Воскресенье» деген романы жарық көр­геннен кейін Орыс Православие шіркеуінің басшылары, Толстой Құдайға тіл тигізді, деп діннен аластатқаны да белгілі. Сол кезде бүкіл Ресейді шулатқан бұл уақиғаны Ыбырай Алтынсариннің білмеуі мүмкін емес. Әрине, білді.
Құдай жайлы, ұлылардың мен оқып білген еңбектерінің ішінде ерекше ой салғаны Э. Канттың мына сөздері:
– «В природе происходить движение. Ничто не может начать двигаться само по себе. Для этого требуется внешний источник действия. Следовательно, должно существовать нечто являющиеся первоначальным источником всякого движения. Это и есть Бог» … Ойды ой тудырады демекші, бұл енді терең үңіліп, кең талқылайтын тақырып. Сондықтан да, ол ойды келесі жолға қалдыралық.
Жоғарыда Л.Н. Толстой айтқандай, әр адамның Құдайы, оның өзінде. Дін жайлы жазылған ең көлемді кітап – «Библияда»: «Бог создал человека себе подобным», делінеді. «Құранда» да солай жазылған. Яғни, Құдай өзіне ұқсас етіп жаратқан Адам – жердегі екінші Құдай болғаны емес пе? Ол жердегі Құдай болмаса, ол Құдай бастаған істі әрі қарай абыроймен жалғастырып келе жатқан жоқ па?! Соның бірі – адам. Құранда, Құдай адамды то­пырақтан жаратты, делінсе, сол алғашқы адам пайда болғаннан бері адамнан адам туып, жер бетін көркейтіп келе жатқан жоқ па!? Ананың құрсағында тоғыз ай, тоғыз күн жатып, бұл дүниеге келген адам тұп-тура ата анасының өзіндей, былайша айтқанда, құдай сияқты, оған ұқсас болып тумай ма?! Олай болса, жердегі Құдай – адам, – деп толық сеніммен айта аламыз. Яғни, әр адамның Құдайы өзінде болғаны. Тек, сол Құдайға құлақ түріп, түсіне, сезіне, ұғына білу керек. Қазақтардың: адамның бір иығында періштесі, екінші иығында шайтаны отырады, деген де осыған келеді. Ыбырай бабамыз айтып отырған, дұрыс жолды таңдай білу үшін бар тірлігімізде шайтанды емес, періштеңді тыңдай білуіміз керек.
Тап осы «Құдай бар ма?» деген мәселеге келгенде Ыбырай бабамыз өзінше, жай ғана, түсінікті тілмен бұлтартпайтын дәлелдер келтіреді. Ол былай дейді:
«Мәселен, адамның дүниеге келмегіне ата-анадан тумақ керек, ал, ата-анасының дүниеге келмегіне бұлардың өздерінің және ата-аналарынан тумақтары керек… Не болмаса, адам топырақтан кірпіштей, табақтай нәрселер істесе, мұны да түп жаратушы кім екендігін тергеп, кісі сұраса керек: «топырақты кім жаратты деп», «То­пырақ жерден алдынды» десе, «жерді кім жаратты?» демек керек болар. Әлбетте – жерді, көкті, отты, желді, суды біреудің жәр­деміне мұқтаж жандықтарды еш бір жаратудың мүмкін еместігі әркімнің көзіне көрініп тұр» (5. 14 бет).
Иығыңда отырған шайтан емес, кімге болса да, дұрыс жол сілтейтін періштені тыңдай білу үшін – өмірлік тәжірибе керек, оқу керек, білім керек, түсінік керек. Өмірде біреудің (шайтанның) айтқанымен жүрмей, шайтанға ілесіп, шайтан болмай, адам болу үшін, өз басыңмен жұмыс істеп, өз ойыңды жүзеге асыруға тырысу керек. Ең бастысы жүректі тыңдай білу керек. Ол үшін міндетті түрде біліміңді, ой-өрісіңді дамытуың керек. Жоғарыда атап өткендей, оқу керек. Міне, жастарды, қазақ жастарын осы жолға түсіру үшін ұлы Ыбырай бабамыз даланың алып қоңырауын соғып, қазақ балаларына – «оқы, оқы және оқы» деп, оларды оқуға, білімділікке, имандылыққа шақырды. Олар үшін кітап жазды. Сол кітаптардың бірі – «Мұсылманшылықтың тұтқасы» бола­тын. Ыбырай бабамыз қазақ балаларын – мәдениетке, адалдыққа, достыққа, елін – жерін сүюге, үлкенді сыйлауға тәрбиеледі.
Сонымен, дүниені, ондағы орман, да­ланы, теңізді, тауды, өзенді кім жаратты? Әри­­не, жаратушы. Біз оған басқа жауап бере алмаймыз. Себебі, жауап беру мүм­кін де емес. Сайып келгенде, Құдай бар ма деген сұраққа жоғарыдағы ұлы ғалым­дар мен Ыбырай бабамыздың берген жауап­тары бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі қостап тұрғандай. Ол – жаратушы. Бүгінде бұл тұ­жырымның көптің көңілінен орын тап­қаны, орныққаны белгілі.
Жаратқан (Құдай) – көптің сенімі мен қиналғанда аяқ тірері, сүйенер, сүйсінері. Кім болса да Соған сенеді. Кімнің болса да бір тоқтар, сенім артары ол – Құдай. Бұл өмірде Құдайдан аттап кетуге болмайды. Аттап кетсе, адамның Құдайды ұмытқаны, бұзылғаны. Яғни, өзінің негіздерін, сенімі мен сезімдерін ұмытқаны. Адамгершілік қасиеттерден жұрдай болғаны. Егер, адам­зат ондай жағдайға жетсе, онда оның адам болмағаны. Өз кезінде ұлы философ Фридрих Ницше: «Егер адамның Құдайы жоқ болса, онда ол – «жоғарғы жануар, ауру жануар болғаны» деп жазған болатын. Адам болу үшін міндетті түрде оның Құдайы, бір сенері, сүйінері болуы керек. Ол өзінің өмірін Сонымен – Құдаймен өлшейді. Біз барлығымыз солай етеміз. Құдайды көрме­сек те, Соған сыйынамыз, Содан көмек сұраймыз, бар жақсылықты Содан тілейміз.
Енді осы Жаратушы жерде, өзіне ұқсас етіп жаратқан адамға келелік.
Адам Дүниенің өзегі адам. Адам – бұл дүниенің ғажайыбы. Бұл жерде бір ескерте кететін жай, ғылымда Дарвин айтқандай, адам маймылдан жаралып, эволюциялық жол­мен жетілді делінеді. Бірақ Адам ата­дан бері қарай мыңдаған жылдар өтсе де, май­мылдан жара­тылған екінші адамды адамзат көрген емес. Әй, көре де алмас. Сондықтан да, әзірше Құран каримде қалай жазылды, сол жолмен жүрелік. Мен бір еңбегімде: «Адам тарих үрдісінің (үдерісінің) ең басты субъектісі. Ол жер бетіндегі тірі организмдер дамуының ең жоғарғы сатысына көтерілген, ойлай, ой қорыта алатын, еңбек құралдарын жасап, оларды өз қажеттеріне жарата алатын, түсінікті сөз сөйлеп, өзі сияқты басқа­лармен қауымдаса алатын, пайдалы еңбекпен шұғылданып, өз қорегін өзі таба алатын, маңайындағылармен әлеуметтік қатынастарға түсіп, өзін де, өзгелерді де сырт күштен қорғауға толық қабілеті бар, ғасырлар бойы дамудың даңғыл жолына түскен субъект», деген болатын (15. 13 бет). Бұл бұл ма, адам ғасырлар бойы өз бойында адамзаттың бар ізгі қасиеттерін жинақтап, сақтап, сол қасиеттерді келер ұрпаққа түгелдей жеткізіп келе жатқан, жеткізіп қана қоймай, жылдар, ғасырлар өткен сайын ол жетістіктерді шамасы келгенше арттырып, байытып келе жатқан құдірет иесі. Ол солай!
Бұларға қосымша Адам – тән мен жан­ның, рухтың мызғымас бірлігінен тұ­рады. Француздың ұлы философі Жан Жак Руссо адам жайлы былай деп жазған болатын: «Прекрасное и величественное зрелище является собой человек, выходящий, если так можно выразиться, из небытья собст­­венными усилиями, светом разума рассеи­­вающий мрак, которым окутала его природа, возвыщающийся над самим собою, устремляющийся духом в небеса, с быстротой солнечного луча, пробегающии мыслю огромные пространства вселенной… Все эти чудеса повторялись с недавними поколениями… (16. 44 б.) Жан-Жак Руссо. Избранные сочинения Т.1. М. 1961 всего 851 стр. 44 бет). Ұлы философтың. бұл сөздерін біз шамамен былайша қазақшаладық: «Болмыстан жаралып, табиғат сыйлаған ақыл-ойдың сәулесімен айналасын тұмша­лаған қараңғылықты сейілтіп, нұрлан­дырған, өзінің күш-қуатының арқасында өз бетінше жарыққа шығып, өзінің рухымен, ойымен күн сәулесінің шапшаңдығындай жылдамдықпен аспанды шарлап кететін адам­ның жарық дүниеге келуін көру бір ғанибет… Адамның осылайша өмірге келуі қанша заманнан бері қайталанып келеді…
Ия, адамның ғажайыбылығын сөз­бен айтып жеткізу тіпті де мүмкін емес. Оның бұл өмірге келуі, шынымен де, құпия. Адамның құдіретін әбден түсінген парсының, дү­ние жүзін өзінің философиялық ойға толы рубаяттарымен таңқалдырған ақыны Омар Һәйям адамның бұл дүниедегі орнын былайша жырлайды:
Дүниенің саф асылы, сарасы біз,
Мақсаты, майса гүлі, санасы – біз.
Бұл жаһан дөп- дөңгелек жүзік болса,
Жауһардай жанған соның сарасы – біз… (17. 118 бет. Омар Һәйям. Иран-Тәжік поэзиясы. Аударма. Аударған Қуандық Шаң­ғытбаев. Астана. 2005. 728б.).
Сонда, бұл дүниеде осынша биік бағаға ие болған адамның кім болғаны?! Адамға бұдан жоғары қандай баға беруге болады? Ақын адамның қасиетін әсіре мақтап отыр­ған жоқ, оның шын бағасын беріп отыр. Мүмкін, сондықтан да болар, табиғаттың ең құпиясы осы – Адам болар. Жасаған, Жаратқан сыйлаған бар қасиетті толық пай­даланып, бұл өмірде жауһардай болып жарқырай алмай жүрген өзіміз болармыз. Себебі, адам көп жағдайда манағы Құдай көрсеткен жолдан тайып, өз періштесі емес, шайтанын тыңдап, жолдан тайып жүргені рас.
Ал, «Адам» дегеніміз – ол кәдімгі Сіз бен Біз. Ең бастысы Сіз бен Бізді, ең болмаса әркім өзін-өзі терең білу, терең ұғыну, түсіну, бүл бүгінгі күні адамзаттың алдында тұрған басты проблемалардың бірі. Адам тізеден көтеріліп, бойын жазып, ес жиғаннан бері қаншама ғасыр, қаншама уақыт өтсе де, адам өзін-өзі әлі де толық білмей келе жатыр. Әй, біліп те болмас… Содан болар, гректің ұлы философы Сократ әр адам өзін-өзі білуі, түсінуі үшін өзі ұйымдастырған мектебінің маңдайшасына: «Ей, Адам, Өзіңді таны!» – деп жазып жүргені. Со­крат­тан бері қаншама уақыт өтті? Содан бері қарай адам өзін өзі танып білді ме?! Толық білді, деп айта алмаймыз. Бұл адамның жаратылысының құпиялылығын көрсетсе керек. Адам өз құпиясының те­рең­дігіне жете алмағандықтан, жете тани білмегендіктен ғой, амалсыздан: «Адам­ның өмірі күреспен келеді», деп жүр­геніміз. Адамның өмірінің күрес екені рас. Ол ең алдымен адамның екі иығында отырған періштесі мен шайтанының (әлде шай­танның) күресі. Осы күресте өзін-өзі жеңе білген, өзіне-өзі сене білген, білімді, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білген, ең бастысы, шешуші кезеңде шайтанды емес, өзінің періштесін, жүрегінің қалауын ғана дұрыс түсінген, ақылды, білімді, мәдениетті адам ғана жақсылықтың, арманының биігіне жете алады. Жеткендерді де көріп жүрміз.
Адам – адам болғаннан бері қарай сү­рініп, қабынып, бір жығылып, бір тұрып, талмай сол ізгіліктің соңында жетсем, деп келеді. Жеткендер де бар! Сол жолда ол ең алдымен Құдайға, сосын өзіне ғана сенуі керек. Сенімнің күші ғаламат! Осы­дан барып қой, соңғы жылдары біздің мектептерде «Өзін-өзі тану» пәнін оқы­тып жүргендері (Самопознание). Бі­рақ, одан ештеңе шығып жатқан жоқ сияқты. Себебі, ұстаздар ол сабақтың ке­рек­тігін білгендерімен, оны қалай оқытудың жол­дарын білмей келеді. Оның басты көзі – адамның құпиялылығы, ең алдымен Құ­дайға, содан кейін өзіне деген сенімі. Адам өзін, өзінің жан дүниесін терең, жан-жақты түсіне алмай, ешқандай «самопознание» сабағын да түсіне ал­майды. Ол сабақты түсінікті етіп оқыту үшін, оны дінмен, адамның жан дүниесімен, бар болмысымен, сенімі және сезімімен ұштастырып оқыту керек болар. Шынында да, адамды түсіну өте қиын. Жаз шықса болда, адам жаңбыр тілейді. Ал, жаңбыр жауса болды, одан тығылып, жаңбырсыз жер іздейді, немесе қолына қолшатыр алып, жаңбырдан тығылады.
Адам күнді, оның қызуын тілейді. Күн жарқырап шықса болды, ол көлеңкеге ты­ғылады. Сонда, адамға не керек? Күн суыса жылылықты, күн ысыса болды, кө­лең­кені іздейді. Қарыны ашса болды, тамақ ішкісі келеді. Сол кезде алдына көп етіп тамақ қойсаң, бір-екі шұқиды да қоя­ды. Сонда, адамға не керек? Адам өзі де білмейді.
Ыбырай бабамыз «Мұсылманшы­лық­тың тұтқасы» еңбегінде жалпы діндер­дің бәрінің мақсаттары мен міндеттері бір екендігіне тоқталады. Ғалымдар соңғы жылдары, «дін болу үшін міндетті түрде оның пайғамбары, сол діннен қалған кітабы болуы керек», дейді. Соған дәлел ретінде Ыбырай бабамыз: «Таурат – Мұса алаһйис – саламға, берілген Құдай тағаланың кітабы-ды. Неше замандардан соң Тауратпен іс қылудың муддаты (мезгілі, мерзімі) толып, Алла тағала өз құдіретімен Тауратпен құлшылық етуді тоқтатып, оның орнына Забурды ендірді. Забур Хазрет Даутқа алайһи -с- саламға енген. Неше замандар сол Забурмен іс істеудің мудаты (мерзімі) толып, оның орнына Құдай тағала Інжілді жіберді. Хазрет Иса алаиһйс-салламға. Неше замандардан соң Інжіл шарифпен іс істеудің мудаты толды деп, Құдай та­ғала құдіретімен Құран каримді ендірді деп иланамыз. Бұл Құран ақыр заман пайғамбары Мұхаммед мустафа сала аллаһу аллаһи уа салламға ендіріліп, мұнан соң кітап ендіруді һәм Мұхаммед пайғамбардан соң дүниеге пайғамбар жіберуді тоқтатты. Сол үшін дін исламды ақырғы дін деп һәм пайғамбарымызды пайғамбарларымыздың ахыры деп білеміз…» (5. 16 б.). Осы сөз­дерімен Ыбырай бабамыз жалпы діннің сатылап өсу жолын, өркендеу жолын көр­сетіп отыр. Діннің өсуі мен өркендеуі, адамзаттың өсуі мен өркендеуін де көрсетсе керек. Шынында да, Құдай тағаладан түсіп отырған кітаптар бірінен бірі, қай жағынан болса да асып түсіп отырады. Ол шындық. Осылардың өзі Құдайдың барлығын, бірлігін дәлелдейді. Ия, Құдай біреу, бірақ әр халық Оны өзінше атап, Оған өзінше сыйынады.
Жылдар өткен сайын Ыбырай Алтынса­риннің Құдайға сенімі арта түсіп, ол өзінің әр ісін Құдайдың атымен бастап, оқушыларына да соны үйретеді. Өзінің «Кел балалар, оқылық» деген өлеңін де Ыбырай «Бір Құдайға сыйынып, кел балалар, оқылық…», деп бастайды. Оның талай өле­ңін­де Құдайдың аты жүреді. Ол әркезде де Құдайдың атын атаудан тынбайды. Бір өлеңін ол:
«Құдайға шүкір етер жас пен кәрі,
Бердің деп жанға рахат мұндай дәрі…» (1.б.), – деп бастаса, келесі бір өлеңдерінде ол: «Жаратты неше алуан жұрт бір Құ­дайым…» (18 б.), болмаса «Иманды ер бір Құдайынан ұялады, ұялып иесін сый алады…», «Ұшпақтың бір сәулесі жерге түсіп, Жақындар Құдайының көктен күні», «Оқу білген таниды, бір жаратқан Құдайды…», – деп жалғасып кете береді. Құдайдың атымен ол ислам дінін насихаттайды (Ы. Алтынсарин. Өнер білім бар жұртта. Алматы. «Жалын». 1991.- 240).
Ыбырай бабамыздың Ислам дінін насихаттағанда, оның адамзатқа сыйлаған сенімімен қатар, өзі ұстаз болғандықтан, ислам дінінің тәрбиелік мәніне ерекше көңіл бөлген болатын. Осы діни насихатпен бірге ол адамгершілікті де насихаттай білді. Дінді насихаттағандағы оның басты міндеттерінің бірі – тәрбие, адам тәрбиесі болатын. Ол халқымыздың, «не ексең соны орарсың!», – деген мысалын былайша түсіндіреді.
Ыбырай: «Тікен еккен жерден бидай орып алып, ұн ішермін деп үміт ету, әлбетте, ақымақтық болса керек. Әркім не ексе, соны орып алса керек. Адамның да дүниедегі амалы осы қалыпта. Дүниедегі амал – егінің жақсылық болса һәм ол жақсылық егіннің шашқан тұқымы рия, хасад, кубрадан болмаса, үміт бар ол егініңнен жамандық орып алмассың деген. Егер, істегенің жамандық болса, жақсылық тауып алу да күмән болса керек… Құдай тағала шын жалбарынып, ихлас пен тәуба қылса, кешіремін дейді. Ләкин риясыз істеген жақсылық бір мысқалдай болса да мизан таразы күнінде (мизан сарат күні адамның жақсылығы мен жамандығы өлшенеді) есепке кірмей қалмайды. Мұнан көрінеді, өзіміз түзелмейтін бұзық болмасақ, Құдай тағала әрқашан бізге рахым ету үшін екендігі һәм түзелерге тырысуға еш уақыт кеш еместігі. Ләкин әрбір іс бастан түзу болып келмесе, түбінде түзелуі де қиын болады. Ағашты жас күнінде қисығын түзей келсең, түзу болып өседі, һәм түзу болып өскен соң, жаңадан қисаймайды. Ағаш ұлғайып, қатып кеткен соң, түзетуге де көнбейді, сынып кетеді. Сол рәуішті жақсы, көркем мінезді жасыңнан әдет етсең, ол әдет тура жолдан соңғы уақыттарда қандай қиыншылық көрсеңіз де жаздырмас… Не жасқылық – жамандық етсек те, ақырында пайда – залалын өзіміз көреміз. Мәселен, ұрлық, залымдық, парақорлық, өтірік, айбаттан кім залал көреді? Әрине, адам баласы өзді-өзі залал көреді» (5. 57.). Жақсылық қылсаң – өзіңе, жамандық қылсаң да – өзіңе деген осы емес пе? Сондықтан да, жақсылық қыл, әр істеген ісің, әр қимылың өзіңе ол жақсылық болып қайтсын.
Міне, осылайша дінді насихаттаған, ислам дінінің тереңіне сүңгіп, оның бар жақсы қасиеттерін алдымызға жайып салған, ислам дінін қазақ халқына жа­қын­­датып, оның негізгі шарттары мен талаптарын әр мұсылманның Құдай ал­дын­­дағы парыздарын түсінікті тілмен бізге жеткізген, ислам дінінің бар күш-қуатын адам тәрбиесіне, әсіресе, жастар тәр­биесіне жүйелі түрде пайдаланып отыр­ған, «Мұсылманшылықтың тұтқасы» де­ген еңбекті жазып қалдырған Ыбырай Ал­тын­саринді – ұлы ағартушы ғана емес, ұлы педагог, Қазақ жерінде ислам дінінің шынайы да, алғашқы насихаттаушысы, демей, кім дей аламыз?! Бұл – бұл ма, Ыбырай Алтынсарин қазақ балаларына басқа дінді, соның ішінде, Православие дінін оқытуға бірден бір қарсы болды.
Сөз басында біз қазақтардың – «Ыбырай дінсіз», «Ол орысқа берілген», «Ыбырай Ислам дініне қарсы» болды деген сөздерін келтірген болатынбыз. Бұл, істің мән-жайын түсінбегендердің сөздері екені анық. Іс жүзінде Ыбырай ислам дінінің жақ­тау­шысы, насихатшысы ғана емес, оның тазалығын сақтаушы, оны басқалардан қор­ғаушы да болғанын көреміз. Ыбырай өзі ашқан мектептердің бірінде қазақ бала­ла­рына Православие дінінің негіздерін оқыта бастағанда, ол орыстардың өзіне қарсы шығып, бұл жөніндегі өз ойын ашық білдіргені белгілі. Оған мысал ретінде, Ыбырайдың өзінің тікелей басшысы Ва­силий Владимирович Катаринскийге 1889 жыл­­дың 20 ақпанында жазған хатынан үзінді келтірейік:

Аса қадірлі Василий Владимирович!

Сізге өте бір қайғылы хабар білдіруіме тура келіп отыр. Біздің Бессонов Александр Григорьевич, сірә, есінен айырылған болар деймін. Әйтпесе, оның өз оқушыларына істеген сорақылықтарын басқаша түсіне алатын емеспін. Бақсам, ол оқытушылар мектебінің үшінші және төртінші клас­тарында, оқытушылардың қарсы болуына қарамастан, бір ай бойы Інжіл мен оның парыздарын уағыздай бастапты. Осының нәтижесінде, бір жағынан, ол оқушыларға өшігіп, қатал қарай бастайды да, екінші жағынан, оқушылар оқудан бас тарта бастапты. Тіпті, ол өз шәкірттерін «залым» деу сияқты сөздерге дейін және оларды кластан желкелеп шығаруға дейін барған… (Бессонов А.Г. сол жылдардағы Орск мұға­лімдер мектебінің мұғалімі).
(Осы хаттың орысша түпнұсқасы)Много уважаемый Василий Владимирович!
Прискорбную весть приходится Вам сообщить. Наш Бессонов Александр Григорьевич спятил с ума. Иначе не могу никак обьяснить себе его решительно бес­тактные отношения к своим учащимся. Дело, оказывается, в том, что он начал в 3-ем и в 4-ом классах учительской школы преподавать Евангелие и Заповеди и, несмотря на нежелание учеников этих классов, продолжал эту затею в продолжение целого месяца, результатом чего вышло с одной стороны злобное, дерзкое отношение к учащимся, а с другой стороны отказ от учения. Дерзости первого, к прискорбию, дошли до обзывания своих питомцев мошенниками и проч, а так же случаями выталкивания в шею и т.п. … (6. Н.И. Ильминский. Воспоминания об И Алтынсарине. Книга вторая. Казань. 1891). Әрі қарай Ыбырай қазақ балаларына Православие дінін оқытудың қаншалықты зиян екендігін, бұл уақиға жайлы қазақ қауымы біліп қалса, не болатынын түсін­діріп жазады. Бұдан біз Ыбырай Алтын­сариннің алғашқылардың бірі болып қазақ сахарасында Ислам дінінің туын көтеріп, тұғырын нағайтушы, діндар ұстаз екені айдан анық екенін көріп отырмыз. Ыбырай бабамыздың бұл еңбекте (Мұсылманшылықтың тұтқасы) ерекше көңіл бөлгені – Құран мен Хадистердің сөздерін қазақшаға аударып, қарапайым қазақ баласына Құранды жақындата түскені. Онымен қосымша ол Құранның арабша жазылған сөздерін қазақ тіліне аударып, келешек ұрпаққа, «Құдай тағала өзі сақтасын, соның үшін бізбен қатар татар, түрік уа ғайри (және басқа) халықтар аят-хадистің мұқтаж, керекті бұйрықтарын өз тілінше көшіріп, түсінетін кітаптар шы­ғарып, дін ғылымын жұрттарына жайды. Бірақ біздің қазақ тілінде әркім түсініп оқып, немесе біреу оқыса, тыңдаған қара халық түсініп отыратын бір де кітап жоқ…» (2. 9 б.), деп келер ұрпаққа өзінің аманатын артып отырған сияқты. Қазір ғой, Хадистер мен Құран каримнің қазақша шығып, исламның негіздері қазақша насихатталып жүргені. Ыбырай бабамыздың кезінде бұлар жоқ болатын. Арабша білетіндер болса, Ыбырай бабамыздың аманатын бір­лесе орындайық! Келіңіздер, ислам діні­нің негіздерін қазақша, түсінікті, білсем деген адамның жүрегіне жетерлік етіп наси­хатталық!
Осыдан оншақты жыл бұрын «Пара­сат» жорналында Қ. Мәдібай деген автор­дың «Ыбырай Алтынсариннің «Шариат-ул ислам» еңбегі туралы бірер сөз» деген көлемді материалы жарық көрді. Өз ма­те­риалында Қ. Мәдібай ислам дінін терең түсіну, оқыту және насихаттаудағы Ыбы­райдың роліне терең баға бере келіп: «Ыбы­рай Алтынсарин 19 ғасырдың соңына таман қазақ қоғамында мақсаткерлік жандана түсіп, дамыған діни ағартушылық ағымның негізгі ұстанымдарын да қалыптастыруға зор ықпалын тигізген, аса ауқымды ағар­тушылығының бір парасын қазақ арасына исламның негіздерін орнықтыру жөніне арналған жаратылысы сирек заманалық тұлға. Оның қазақ тарихындағы орны ұрпақ зердесімен уақыт озған сайын ой таразысына түсіп, олқы түспейтін құнды­лығымен әр жөнінен ашыла береді. Айтыла береді, – деген болатын (15.).
Бұл шындық. Соңғы жылдары қазақ ғалым­дарының еңбектерінің арқасында, жыл­дар өткен сайын Ыбырайдың еңбектері жар­қырай ашылып, айқындалып келеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Ыбырай Алтынсарин. Өнер білім бар жұрттар. Алматы. «жалын. 1991.- 240.
2. Мұхаммед пайғамбардың өмірі. В.Па­нова, Ю. Бахтин. Аударғандар: Ә. Сараев, Т.Дәулетов,Т.Жанаев. Ал­маты. «Жазушы» 1994, – 464.
3.Ә. Дербисалин. Үш томдық шығар­малар жинағы. Т.1. Алматы. «Дәуір-кітап. 2015,-635.
4. Мәшһр Жүсіп Көпеев. Қазақ шежіресі. Алматы. «Жалын» 1993.76.
5. И. Алтынсарин. Мұсылманшылықтың тұтқасы. (Шарият-ул-ислам. 1884. Қазан). Қазақшалаған А. Сейдімбеков. Алматы. «Қазақстан» 1991, – 80.
6. Н.И.Ильминский. Воспоминания об И.А.Алтынсарине. Казань. Лито-Типография В.М. Ключникова. -1891.
7. Шамшиябану Қанышқызы Сәтбаева. Алматы.
8. Абай Құнанбаев. Қара сөздері.
9. Мухаммад Ашик Иләһи әл-Бәрнә. Шариғат мәселелері. Кіріспесі. Әбсаттар Дербисалин. Алматы.. 2005.- 224.
10. Көшербаева А.Н., Ахметов Т.Ә., Арзиев М. Молдасан Қ.Ш., Әліпхан М. Баласағұнтану. Алматы. «Ұлағат». 2016, – 232.
11. Ушинский Д.К. О религиозно – философском воспитании. Т. 11. М. 1950, -614.
12. Ғ.Есимов., А.Артемьев, С.Қанаев, Г. Біләлова. Дін тану негіздері. Алматы. «Білім». 2003, -156.
13..А.С. Васильев. История религии Востока. С. Петербург. 1997, – 512.
14. Қ. Орманов. Жадыңда болсын, жас ұлан. Алматы. «Білім». 2012, – 272.
15. Мишель Монтень. Опыты. Апология Раймунда Сабундского. Книга вторая. Ч-12.Москва. «Фолио». 2002,- 432.
16. Жан Жак Руссо. Избранные сочинения. Т.1. М. 1961, -851.
17. Омар Һәям. Иран-Тәжік поэзиясы. Аударған Қ. Шаңғытбаев. Астана. 2005, – 228.
18. Ф. Гулен. Руханият көктемі. Алматы. «Көкжиек». 2010.- 184.
19. Джилл Кэррол. Диалог цивилизации. Алматы. «Көкжиек». 2009, – 184.
20. Қанипаш Мәдібай. Ыбырай Алтын­сариннің «Шарият-ул ислам» еңбегі туралы бірер сөз. «Қостанай таңы». 2005. 4 тамыздағы номері.
Ескерту: Мақалада келтірілген дүние жүзінің асқан ғұламалары: Сократттың (б.д.д. 469-399), Платон­ның (б.д.д. 428-348), Аристотельдің (б.д.д. 469-399), Демокриттің ( б.д.д. 460-360), Ницшенің (1844-1900), Л.Н. Толстойдың (1828 – 1910), Вольтердің (1694-1778) «Интернеттегі» «Аристотель о Боге», «Платон о Боге», «Демокрит о Боге», «Ницше о Боге», «Вольтер о Боге», «Толстой о Боге», «Школа Сократа» деген файл­дарынан алдым. Осы файлдарды ашып көрсеңіздер, «Құдай бар ма?» деген сұраққа толық жауап ала аласыздар.

Алдыңғы «
Келесі »