Көркем шығармаға кейіпкер болған қос тұлғаның шындығы

  • 15.11.2017
  • 1513 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Тынышбек ДАЙРАБАЙ, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

1916 жыл қазақ баласы үшін қасіретті жыл болды десе артық болмас. ІІ Николай патшаның «Июнь жарлығы» қазақ даласына дүрбелең алып келді. Би-болыстар мен жарлы-жа­қыбайлар арасына іріткі салды. Кедей мен байды бір-біріне қарсы қойды. Бұл әрине 300 жылдан бергі патша саясатының бір көрінісі болды. Өйткені, әрбір ұлт арасында алауыздық туындаса, оларды басқару оңай деген қағиданы басшылыққа алған патша-император, генерал-губернаторлар мен ояз бастығы, қазақтардан сайланған болыс басқарушыларына дейінгі аралықта ойын ойналды. Сол бір патшаның 25июньдегі жарлығы қазақ даласын дүр сілкіндіріп, жұртшылықтың ашу-ызасын туғызды.
Патша әскерінің тыл жұмыстарына бұратана атанған халықтан солдат алуға қарсылық жер-жерде орын алды. Ырғыз, Торғай, Ташкент, Жетісу өңірлерінде қарсылық үлкен іске айналса, Сыр өңірінде бірнеше жерде қарулы қарсылық қақтығыс болды. Біз бүгін сол қақтығыстан кісі өлімі болған қазіргі Қызылорда (бұрынғы Сырдария облысы, Перовскі уезі, Маслов болысында) облысы Жалағаш, теміржол стансасы маңындағы көтерілістің мән-жайына қысқаша тоқталып өтпекпіз.
Жалағашта 1916 жылғы көтеріліс болыс басқарушысының шабармандары, ауылнайлары және кейбір кісілердің отқа май құя түсуінен ауылы аралас, малы қоралас бір рудың адамдарының арасына жік түсіреді. Болыс басқарушысының міндетін атқарушыға дұрыс кеңес берудің орнына сол болыстағы кедей-кепшіктердің балаларын тізімге алып жатады. Біреу сенің төрт балаң да ілініпті, би-байлардың бала­лары тізімге ілінбей жатыр деген қауесет бүкіл болыстыққа тарап кетеді.
Өзіне жүктелген тапсырманы жедел орын­дауға үйреніп қалған болыс басқару­шысы «Алаш орда» қайраткерлерінің «Қазақ» газеті ар­қылы қарсылық көрсетпеу керек деп жазған мақалаларын дұрыс деп есептеп,тізім жасай бастайды. Осы тұста тылдағы солдаттық жұмысқа баратындар тізімін сұраушыларға көрсетпеуінен барып ұрыс-керіс басталып, арты қарулы қақтығысқа ұласады.
Сол тұстағы Маслов болысының уақытша басқарушысы Құлшық Бекбауов (архив жазбаларында Бекбаев) пен Құлжан ұста Шақаев (Жақаев) сөзге келуінен басталады. Әртүрлі ел арасында тарап жатқан сөздерге еріп Құлжан ұста Шақайұлы бастаған қару­лы топ 1916 жылдың 25 шілдеге қараған күні болыс басқарушысының үйіне басып кіріп, болыс пен писарді өлтірген.
Осы оқиғаны 11 жасында ауылдастарынан естіген Асқар Тоқмағамбетов 1926 жылы Қызылорда қаласында шығатын рес­пуб­ликалық «Еңбекші қазақ» газетіне «Құл­шық» атты өлеңін бастырады. Аталған өлеңде оқиғаның өріс алуы, кедейлердің жан ашуы, болыс басқарушының жай-күйін өлеңмен берген Асекең мұнан кейін 1916 жылғы тақырыпқа қайта оралып, ХХ ға­сырдың 60-жылдарында жазған «Әке мен бала» романында болыс Құлшықты Сейдехан, Құлжан ұстаны Құрбан ұста деп, оларды ке­ңестік әдебиеттегі кең тараған тәсіл – кейіп­керлерді жағымды, жағымсыз образ ретінде бір-біріне қарсы етіп көрсеткен.
А.Тоқмағамбетовтың өлеңі мен проза­сындағы 1916 жылғы оқиғадан сол кезеңнің ащы шындығын патша шенеуніктерінің арандатушылық қызметін ауылнайлар мен шабармандардың жекелеген билер мен болыстардың бет-бейнесі ашыла түскен.
Архивтегі сарғайған жазбаларды оқыма­ғанымен, 1916 жылғы қайғылы оқиғаға бізден гөрі А.Тоқмағамбетов жақындау өмір сүрді. Оқиғаның көзімен көргендермен кездесіп, сөйлескен. Дегенмен, көркем шығарма – көркем туынды, онда жазушының ой-өрісі, қарым-қаламы, оқиғаны дамыту, бейнелеу орын алады. Кеңестік кезеңнің саясаты ықпалымен жазылған бұл шығарма нақты деректер баяндамаса да, орын алған оқиғаны көз алдымызға келтіреді. Ол – біздер сияқты дәйек пен дерек арқылы жазатындарға үлкен көмек. Анығырақ айтсақ, шығарма бізге Құлжан ұста және оның әулеттерінің туған жері мен Құлшық болыстың отырған жай­лауын анықтауға септігі тиіп отыр.
А.Тоқмағамбетов шығармаларынан кедейлердің үйлерінің Сырдария өңіріне жақын орналасқанын және Шеңгелді арық бойында екенін, Құлшықтың «Мұңшұқыр», «Арқашта» отырғаны аңғарылады. Кеңес­тік кезеңде Құндызды, «Шолақарық» ауылдық кеңестері болып аталып, кедейлер жазаланған жер «Бостандық жол» колхоз атауын алғаны белгілі. Бұл атаулар 1950-1953 жылдарға дейін аталып келді. №22 ауыл Құндызды, 1 май колхозы қазіргі С.Сейфуллин ауылы, №24 ауыл Шолақарық ауылдық кеңсесі болып оған Качанович, Еңбек, Чапаев, Аман­гелді колхоздары енген. Бұл колхоздар бұрынғы «Тереңөзек» ауданына қараған.
Көркем туындыда Құлшық пен Құлжан ұста жайлы сөз қағысуында:
– Асықпа, Сейдехан, сен қанаңа сыймай, жарылуға айналған екенсің… Тасудың да бір тосуы бар.
Осыны айтты да, Құрбан ашулана үйден тіресе-міресе сыртқа шықты.
– Сен кедейді әулетіңмен айдамасам, Сейдехан атым құрысын! – деп, оң жақтағы жастықты алып, сол жағына қояды.
Бұл диалог – әңгімеден екеуінің де мінез­дері тік болғаны сезіліп-ақ тұр.
Ал ауызекі әңгімелерде қыпшақ датқасы Тұрсынбайдың қол астында қызмет етіп, оның тәрбиесін көрген Бекбау­ бала­­ла­рын бастап Масбай, Құлшық, Бидас­тар­дың Табындарға келіп, ағайын-туыстарымен табысқаны және билікке араласа бастағаны айтылады. Құл­шықтың алғыр әрі қайсарлығы мен қатар аңқылдаған кісі болғаны, елге сыйлы екені де сөз етіледі. Оны құрдасы Рысымбеттің Құлшық өлді дегенде «Өлімге қиятын адам ба еді?» – деп қайғырыпты деседі.
Зерттеуші ғалым Гүлзат Смағұлова: «Ро­манның ішінде Аманжол бейнесін то­лықтыра түсетін образ – Құрбан ұстаның образы. Ол өткір, айтқанынан қайтпайтын, бірбеткей адам». Ал Сейдехан болыс хақында: «…Сей­дехан сияқты болыстардың шаш ал десе бас алуы, осы ызадан келіп халық арасынан шыққан Құрбан ұстаның түнделетіп келіп Сейдехан болысты өлтіруі – ескі ызаның кегі», – деп жазады «А.Тоқмағамбетовтың ақындық творчествосы» атты кітабында (1965 жылы 87-бет).
Үшіншіден, көркем шығармадан Құр­бан ұстаның ел алдындағы беделі «еті тірі» есті болғаны. Оның қолынан кетпен, пышақ, қанжар, шанышқы, тіпті, қылыш та соққанын айта отырып: «…Әкенің өнері балаға ауысып, балаларының темір соқпайтын бірі жоқ.Қайсысының қолы босаса көрікке сонысы жармасады. Балғаны алып, темірді қамырдай илейді. Жалпы жұртшылық аузында «…Құрбан тегін ұста емес, бұған дарыған»,– деп жазады. Асқар Тоқмағамбетов «Әке мен бала» кітабының 36 бетінде: «Құрбанның ұсталығы Сыр еліне тегіс мәлім. «Құрбанның қолынан келмейтін іс жоқ,тек адам соғу келмесе кел­мейтін шығар, онан басқаны…» – деп жұрт дәріп қылады. Осынау сөздерден-ақ Құлжан ұстаның өнерлі адам болғаны айқындала түседі.
Қазақ ССР тарихының 1957 жылы шыққан І томы және 1982 жылғы ІІІ то­мын­дағы бірінші дүниежүзілік соғыс және 1916 жылғы көтеріліс жайында (470 бетінде): «…Енді бір хабарламада былай деп атап көрсетіледі: 24 июньде (июль) елең-алаңда құрамында 50-ге тарта адамы бар қазақтар тобы болыстың үйіне (Перовскі уезі) шабуыл жасап, болыстың өзін және оның писарін өлтірген де, жер-жерге тарап кеткен. (Өзбекстан архиві). Сондай-ақ осы томда әскери далалық сот кө­те­ріліске қатысушыларды өлім жазасына кес­кен, бұл жаза каторгалық жұмыстармен ауыстырылған, – деп жазған. Ал Өзбекстан республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатының 1-қоры, 31 тізбесінің 1143 ісінде былайша жазылған: «25 шілдеде Пе­ровскі уезіндегі Маслов болысында 50-ге жуық қаруланған қазақ қасақана болыс Құл­шық Бекбаев (ата-тек шежіреде Бекбауов) пен оның іс-қағазын жүргізушісі Жүсіпназар Айымбетовты өлтірген. Қарсылық көрсет­кендер: Әбдікәрім Құлжанов(Құлжан ұс­таның баласы) Шеген Төлепов,Сүлеймен Сартаев, Кенжеғұл Жақаев, Құлжан Жақаев (Жақай емес Шақай Т.Д.) Остап Сүлейменов, Сыздық Остапов және т.б. болды. Негізгі қарсылық көрсеткен 7 адам Түркістан әс­кери округі сотының шешімімен әскери уа­қыттағыдай жазаға тартылып, айдауға жіберілді». Сондай-ақ, шілде айында Жа­ла­ғаш теміржол стансасынан 15 шақырым жерде қазақтар болыс басқарушысы мен болыс іс-қағазын жүргізушісі өлтірілген (бұл қорда сақталынған -Т.Д.). Мылтық, қанжар қолданғаны және олардың бірнеше жерден жараланғаны жазылған.
Қылмысты деп табылған адамдарға берілген жаза «Приговор: По указу его им­­пе­­раторского величества 1916 года сен­тября 6-го дня особый временный воен­ный суд городе Перовске, под пред­седательством полковника Закамель­ского в закрытом судебном заседания и кото­ром при­сутствовали временные члены: полковник Залесский, подполковник Меринов и Бек – слушали дело о киргизах Масловского волости Перовского уезда. Кульджане Джа­­­каева, Кинджагуле Джакаева и друг.в числе 7 человекапреданных Туркестанскому Военно-окруживых суду командующим войскамиТуркестанского военного округа.
Обсудив в совокупности все обс­тоя­тельства деле суд признал виновными подсудимых»,– деп олардың есімдерін жаз­ған.
Құлшық Бекбауовтың есімін 1868 жылы түтін пұл жинау тізімінде бірінші рет кез­дестірсем, екінші деректе (1905-1906ж) оның жасының 58-де екенін және Маслов болысында тұратынын, арабша сауатты екенін жаза отырып, отбасында 8 баласы барын, оның үшеуінің қыз бала екенін нақты көрсеткен. Егін, мал шаруашылығымен айна­лысқанын, 10 түйе, 12 жылқысы мен 150 қой, 10 сиыр болғаны айтылған. Осы жылдарда Құлшық Бекбауов халық соты қызметін атқарған. Үшінші дерек 1916 жылы оқиға тұсы. Осы жылдары Маслов болысының уа­қытша басқарушысы қызметінде болғаны архив құжаттарында расталады.
Ауызша әңгімелерде Қыпшақ Тұрсын­бай датқаның қарауында болып, тәрбиесін алғандығы, Датқадан алған тәрбиесі мен Жалағаштағы туыстар арасына келгені, ел азаматтары мен аралас-құралас болған­дығы жиі айтылады. Тұрсынбай датқа Бекбауды «Бегім», Құлшықты «Құлшығым, Қыпшақбайым» деп еркелетеді екен. Сондықтан, Бекбау ұрпақтары күні бүгінге дейін ел аузында «Датқаның балалары» деп аталып жүр. Құлшықтың інісі Бидас – Табын биі Мысықтың қолдауымен Байзақ болысының басқарушысы болған. Ал Құлшықтан туған Баймаханды тілді адам деп атайды. Бүгінде Құлшық болыстың шөберелері қазақ еліне танымал азаматтар. Ел тәуелсіздігінің берік болуына адал еңбек етуде.
Бидас көз тиіп, қайтыс болып, Жезқазған аумағындағы «Азат» (Жылқыбақ) төбесінде жерленген. Ол жер бүгінде «Бидас төбесі» деп аталатын көрінеді. Ол төбеде Бидастың ағайындары Қасымбай, Шоқпарбай, Айтуған, Тоқтарбайдың да жамбасы тиіпті.
1868 жылғы архив дерегінде Құлшық пен Наспайдың тегі жазылған. Демек 1868 жылы Бидастың жасы 18-ге толмаған, болмаса үйленіп жеке шаңырақ құрмаған Табынның Бозымынан бастау алатын Бар­лыбай табыннан Есембет, одан Құр­ман, Құрманнан Жаңабай, Елкей туған. Жаңа­байдың Прен атты баласынан Байторы, одан Бекбау, Байсары. Бекбаудан – Масбай, Құлшық, Бидас. Бидастан – Сырлыбай та­райды. Ауызша шежіреде Құлшықтың әкесі Бекбау делінсе, архив жазбаларында Бекбаев болып жазылған. Кедей болса да жұртшылық алдында беделді Жалағаш,Тереңөзек өңірінде Құлжанұста атанған азамат туымдылық жасап патша жарлығына қарсы жігіттерді бастап шыққан. Сөйтіп ағайыны, болыс бас­қарушысы Қ.Бекбауовтың өліміне әкел­­ген ұрысқа қатысушы ғана емес, бас­қа­рушы да. Бұл тұста оны ашындырған ашу мен ыза жете ойлауына мұрсат бермей, ашуын алға шығарғандықтан адам өліміне ұласқан көтеріліс орын алады. Оның үс­тіне әскердің тылдағы жұмысына әскер алу тізімін көздерімен көрмей, арадағы сөз тасушылардың, ағайынның арасына жік түсірудің құрбаны болғанын ұстада біл­мей қалған сияқты. Бұл оқиға қазіргі Жа­лағаш ауданына қарасты Бостай, Ақсу бұ­рынғы Тереңөзек ауданындағы Құндызды, «Бос­тандық жол», «Шолақарық» маңында өрбіген сияқты.
Ауызекі әңгімелер мен көркем туындыдан Құлжан ұста Шақайұлының (архив жаз­баларында Жақаев болып жазылған. – Т.Д.) ерен ісі мен қайтпас қайсарлығымен қатар, адамдарға сенгендігі де байқалып қалады.
Құлшық пен Құлжан ұста жақын ағайын­дар болып келеді. Сол Барлыбай Табын­ның Еспембетінен Құдайберген туады.Құдайбергеннен – Үсен – одан Шақай. Шақайдан – Құлжан (ұста), Кенжеғұл.
Патша шеңгелінен әзер құтылған Шақай әулеттерінің бүгінгі ұрпақтары да еліміздің тәуел­сіздігін сақтау жолында ел игілігіне қыз­мет жасауда.
Архивтегі жазбаларда Қ.Бекбауовтың арабша сауатты екенін жазған. Олай болса сол тұстағы қазақ билері мен зиялы қауым өкіл­дерінің басым көпшілігі мобилизацияны қолдап, мақұлдаған және «Қазақ» газеті бұл науқанды жақтап, үгіт жүргізіп, мақалалар жариялаған. Сауаты бар Құлшық болыс та газетті оқып, патша жарлығына мойынсыну дұрыс деп тапқан сияқты. Ал Құлжан ұста ашу мен ызаға бой алдырып, оқыс қадам жасаған. Қоғам қайраткері Сейіткерей Усабаев бір әңгімесінде: …«Құлшық пен Бидасты бірнеше рет көріп, сөйлескенмін. Бірде Құлшық болыстың газет оқып отырып біздерге «мына газетте былай жазыпты деп айтатын», – деген С.Усабаевтың дерегі шындық. Ол 1898 жылы туған әрі Байзақ болысында 1921-1922 жылдары қызмет атқарған.
Кейінгі ұрпақтар білсін деген мақсатпен мына деректерді келтіре кеткенді жөн көріп отырмын: Бекбау, Құлшық, Дәуренбектер «Ақсу» мен Қалжан ахун ауылының маңын­дағы «Арқашта», Баймахан, Құлмахан, Жалағаштағы орталық қорымға, Сырлыбай «Шалбас» мұнарасы төңірегіндегі қорымға жерленген. Масбай 1841-1843, Құлшық 1846-1847, Бидас 1855-1856 жылдар шамасында, Баймахан 1898-1900 жылдары өмір сүрсе, Мәдібай – 1921, Бименді 1923 жылы өмірге келген. Ал, Шақайұлы Құлжан ұста 1916-1917 жылдары Ташкенттегі Көкелташ ма­ңында дарға асылса, Кенжеғұл айдаудан аман келіп, 1945-1946 жылдары қайтыс болып, Қал­­жан ахун қорымына қойылған. Құл­жа­нов Әбдікәрім сол айдаудан оралмапты. Құл­жанның Баймахан атты баласы 1967-1969 жылдар шамасында өмірден өткен, Қы­­зылордадағы ескі орталық қорымға жер­ле­ніпті. Ағайынды Құлжан мен Кенжеғұл 1843-1850 жылдарда туса керек.
Құлшық пен Құлжан ұстаның бүгінгі ұрпақтары бір-бірімен тату-тәтті өмір сүруде.
…Жалпы бұл іске бұйрық берген әскери қолбасшы, генерал-адьютант Куропаткин қол қойған. 1916 жылдың 29 қарашасындағы айыптау актісінде бұл көтеріліс жайлы егжей-тегжейлі баяндалған. Құлшықтың әйелі Исагүл, баласы Баймұхаммед (Баймахан) т.б. адамдардан жауап алу түсініктері, айыптау қорытындысы көрсетіліп, Ташкент әскери прокурорының көмекшісі қол қойып, бекіткен.
Ал, Асқар Тоқмағамбетовтың «Құлшық» және Құрбан ұста жайлы өлеңдері мен әңгімелерінен және ел аузындағы әңгімелерде екі тұлғаның да өз заманында ел сөзін ұстаған азаматтар болғанын нақтылай түседі.
Көркем шығармаға кейіпкер болған қос кейіпкердің өмірі жайындағы шындық осы. Олар патшалық Ресейдің қазаққа жүргізген кесір саясатының құрбандары.

Алдыңғы «
Келесі »