Ән ләззаты

  • 15.11.2017
  • 1083 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Назым САМЕТ,
«Ақиқат» қоғамдық-саяси журналының штаттан
тыс тілшісі

Нұрғали Нүсіпжанов – Кеңестік және қазақстандық әнші. Қазақстанның халық әртісі. Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Өзбекстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филар­мониясының жеке жетекші-солисті.

– Ғаламдық өркениетке құлаш ұрған еліміздің рухани өркендеуіне сүбелі үлесін қосып жүрген өзіңіздей ел аза­матының тілегін, ой-пікірін білу ұлтымыз үшін аса ма­ңызды. Осы орайда, республикалық «Ақиқат» журналы ұжымының атынан алтын уақытыңызды бөліп отырғаныңыз үшін үлкен алғысымды білдіремін!
– Рахмет, айналайын!Әрбір жарыққа шығатын сүбелі бастамалардың бәрімізге ортақ екендігін біз ұмытпаймыз. Ол, тек, Елбасымыз еске салып, немесе біреудің қамшылауымен істелетін нәрсе емес. Отанымыздың әрбір зерделі азаматының (ұл мен қыздарға бірдей ғой) парызы. Жетелеген бұзаудай қылмай, үгіт-насихат жасамай-ақ атқарылатын іс қой. Бұл мәселе өзінің дер кезінде көтеріліп отыр. Кешегі Совет заманы өткелі бір-екі ұрпақ өмірге келіп жатыр.
– Музыка өнері – ерекше дарын иелерінің қуат алатын қайнар көзі. Ғұламалардың айтуынша, оны сезіну, дүниеге әкелу ұлы адамдардың ғана қолынан келеді. Өнерге келуіңіз жайлы сөз қозғасаңыз.
– Бала өзі не нәрсеге икемді болса, соны өсе келе меңгере бастайды. Сондай кезімізде басталған қызығушылық пен құмарлықтың әсерінен болар, мектеп сахнасында ата-аналарымызға концерт қоюшы едік. Ән айтып, өнер көр­сетуге қызығатынбыз. Келе-келе бұл әдетке немесе кәсіби қызығушылыққа айнала бастағанын байқаймыз. Сөйтіп жү­ріп, он жылдықты бітірдік. Ол кезде телевизия жоқ. Қазақ радиосын ғана тыңдаймыз. «Қазақ радиосы ауқымды жұ­мыстар істеді» деп айта аламыз. Әрбір ауылда, әрбір мекеменің алдында күнделікті Қазақ радиосы саңқылдап сөйлеп тұратын. Тіпті, әр үйде радио болатын. Біз Кеңес заманының адамымыз. Совет Үкіметі идео­­логияны өмірдің ең алдыңғы сапына қой­ды. Кеңес заманының идеологиясының күштілігі соншалық, жоғарыда өкімет не белгілеп, қандай қарар қабылдап жатқанын радио арқылы таратып тұратын. Барлық салада империализммен текетірес заманы болды. Есіміз кірді, жетілдік. Сол замандағы идеологияның әрбір қатпар-қатпарындағы дүниелеріне қарсы тұра білу керек. Халық­тың құлағына жету қажет. Соған міндетті адамдар әр жерде жұмыс істейді. Оны айтып жатқаным, біздің ноқта-тізгініміз өзіміз­дің қолымызда. Егемендік алдық. Біз осы күндерді аңсағанбыз. Сондықтан, қолда бар байлығымызға ие болайық. Өзіміз қайда жүреміз, қалай тұрамыз, кім боламыз, сосын қай нысанаға жетуіміз керек? Осы орайда, Рухани жаңғырудың тигізер пайдасы зор.Әлі де болса кешеуілдетіп жатырмыз. Іске аспай жатқан құндылықтарымыз көп. Бірақ, өмір енді басталды ғой. Оған да тәубе дейік. Кейде арқамызды босатып қоямыз. Ширек ғасырда қаншама ұрпақ туып, өсті. Соларға біраз нәрсе беріп үлгермедік.Ұлттық қасиетімізді, ұлттық намыстың адам санасындағы алатын орны туралы ұрпақ санасына құя бермесек болмайды. Көп жағдайда балаларымызды қоғам, көше тәрбиелеп жатыр. Бесіктен бастап, кәмелет жасқа келгенше, яғни, бесінші, алтыншы сыныптарда бала таза ұлттық тәрбиемен өсу керек. Сол кезеңдерде бала өзінің кім екендігін танып білгені дұрыс. Одан ары қарай қоршаған орта тәрбиелейді. Бұрын шаршап келгендей, Егемендік алғаннан кейін арқамызды босатып алдық (күлді). Тәрбиеге мән бермей жүрміз. Әл-Фараби бабамыз: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың хас жауы» деген. Мысалы, белгілі бір мамандық түрін игеріп алып, еңбегіңді өз қазағыңа, өз ұлтыңа жұмсамай, Жапония, басқа да елдерге жұмсауың мүмкін. Ондай болып та жатыр. Өзге елдің байлығын асырғаннан өз Отаныңа ешқандай пайда келмейді. Біздің көзі мөлдіреген ұл-қыздарымыз кез-келген бір идеологиялық ағымдардың материалы болып жатыр. Игерген білімімізге мән бер­мейміз. Біз баламыз аман болсын деп, үлде мен бүлдеге орап, тәрбиелеп жатырмыз. Ал, ол кейін кімге қызмет істейді? Кім болады? Ең үлкен мәселе осы болып тұр. Бұл жоғарғы билік иелерінің, үкіметтің қарастыруға тиіс салалы мәселесі болғаны абзал. Тәрбиеге берік болып, ұрпақты бетімен жібермеу керек.
– Адамның дүниетанымын, ішкі сезімін, жан дүниесін байытатын музыка өнері – ру­хани жаңғырудың бір саласы. Халықты рухани тұрғыдан кемелдендіріп жатқан ән мен әншілердің бүгінгі қоғамдағы рөліне тоқталып өтсеңіз.
– Кеше ғана Тараздан келдім. Елбасының бастамасымен біраз шаруалар іске асып жатыр екен. 40-50 жыл бойы бірге қызмет істеген, талай шығармалардың авторы, композитор, ақын, әншілер бар. Ақын, ком­позитор, әнші үшеуін үштік топ дейді. Ән туғанда үшеуінің басы бірге болып, бір-бірін толықтырып отыруы керек. Сонда, ән де бекер жазылмайды, ешқайсысы да әттеген-ай демейді. Осы мәселелерге байланысты мен өз басымнан өткен дүниелерді айтуға тура келеді. Ел менің орындауымдағы әнді жан-тәнімен қабылдап отыр. Яғни, ком­позиторлар әндерін маған тапсырғанда, маған өмір бойғы аманат ретінде береді. Ән ар­қылы халыққа қызмет етеміз. «Өз елім», «Алатау» немесе «Саржайлауды» айтқанда халық өзінің отырған жайлауын сүйіп, өзінің Алатауын ардақтай түседі. Махаббат адамзатқа керек. Бірақ, «күйдім», «сүйдім» деп бір бұрышта күйіп-жанғаннан, сыртқа шығып, елге қызмет істегенің артық. Ән қан­дай тақырыпты қозғайды? Сол маңызды. Әннің қасиеті шексіз ғой. Қазақтың әндері еш уақытта еріккенің ермегі болмаған. Ұлттық қасиетімізді дәріптейтін тәрбиелік мәні күшті болған. Кезінде ұнатқан қызымызды көшенің ар жағынан көріп, бір бас изеп амандасып қана қоятынбыз. Ал, қазір бетінен сүйіп амандасып жатады. Айырмашылық жер мен көктей. Аяқ асты, бекер жатқан махаббат жоқ. Сондықтан, бір-біріміздің қадіріміз жоғары болу керек. Сезімді ардақтаудың ең тура жолы – сыйластық.
– Кезінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлының бас­та­масымен салынған Қапшағай қаласына арналған «Қапшағай» әні, сосын «Жас тұл­пар» әндері не себепті орындалмай қалды?
– Бұл екі ән де маған жазылған. «Жас тұл­пар» әні қазақ жастарының саясатқа қар­сылығы (геноцид) туралы.Тарихта адам кешірмейтін, ойласаң қаның басыңа шап­шитын дүниелер көп қой. Қазақтың нағыз серкелерін, көсемдерін жаппай атып, қарапайым халықты аштық (голодомор) жасап, миллиондап қыру… Ұлы Отан соғысында қираған үйлер, қайтыс болған адамдар. Тіпті, түске кірмейтін сұмдық дәурендер өтті. Біз мұның барлығы заңды болғандай үндемей қалдық. Эстония, Латвия, Германия құнын төлеттіріп алды. Ал, біздің сансыз кеткен дүниелеріміздің құнын кім төлейді? Есептеу мүмкін емес. Халқымыздың санасы советтік идеологиямен тегістеліп қалған. Әлі өзгенің көңіліне қараймыз. Ренжітіп алмайық деген ой қалған бізде. Олар бар қиянаттықтарын жасап, ұлттық қасиеттерімізді жоюға тырысқанда біздің көңілімізге қарады ма? Қазақ өзінің ар-намысымен, санасымен жүрсе, ол ешкімге бағынбайды. Қазақты тек сіз, біздеп қана бағындыра аласың. Ал, олар сіз, біз деп айтқысы келмейді. Қазақстанда туғанына жүз, екі жүз жыл болған кейбіреу қазақ тілінде бір ауыз сөз сөйлейді ме? Сөйлемейді. Суын ішіп, нанын жеп, күнде араласып жүрсе де, қазақ тілінде сөйлемейді. Міне, мәселе қайда жатыр. Ол халықты сыйламағандығы, халық деп есептемегендігі. 1966-1976 жыл­дары Қазақ телевизиясы мен радио хабарын тарататын мемлекеттік комитетінде музыкалық хабарлар редакторлығында редакция меңгерушісі болып қызмет еттім. Біз ылғи таланттарды іздеп отыратынбыз. Сонда, Жамбыл облысынан қазақ тілінде ән салатын неміс жігітті шақыртып, алдырттым. Сөздері көпке тараған қазақтың жақсы әндерінің бірін домбырамен о, шіркін деп тұрып салғанда айызың қанады. Қазақша жақсы сөйледі, үйреніп алған. Міне, бұл адам­ның өзіне байланысты дүние ғой. Есі бар­лар есін жинап, Отандарына кетіп қалды. Ал , ішінде ызасы кетпеген, «мыналар қалай ғана бостандыққа шығып кетті, неге аяғымды басып кетеді» деп кіжініп жүргендер толып жатыр. Он-жиырма жылда бұл психолгия да кетер. Олар да өз орнын табар. Ең бас­тысы, еліміз, жұртымыз аман болсын. Бірақ, ауа-райы жақсарады деп күтіп жүрмей, өзімізді-өзіміз тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық қасиетімізді, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауды бірінші орынға қоюымыз керек.
– Қазіргі эстрадалық әндер дәстүрлі ән өнерін жұтып қойған жоқ па?
– Әннің ішінде де жақсылары бар. Ұлт­тық тұрғыда айтып жүрген әнші­лер­дің өзіне талғам керек. Ұлттық иірім­деріне, құ­­рылысына, мәтініне, сөзіне қарау керек. Әннің әр нүктесі елдің санасына жұмыс істеу керек. Онсыз болмайды.
– Жас буын әншілердің қай-қайсысын ерекше атап өтер едіңіз?
– Жас буынның арасында да жақсы ұл-қыздар бар. Бір-екеуінің атын айтып, мақтап кетсем, біраздарының тікірейіп тұрған шаштары жығылып қалады ма? (күлді). Ұлттық мәнердегі әндерді шыр­қап, халқының қызметшісі болып жүрген әншілердің барлығын мен ардақ­таймын. Дінмұхамед Ахметұлы соңғы жазған кітаптарының бірінде: «Көп басшылық қызметтерді атқардым. Бірақ, мен елімнен төмен екендігімді еш уақытта ұмытпадым» дейді. Қандай керемет сөздер! Қазір үкіметтің кішкентай бір шенеунігі жүре сөйлеп, сен кімсің дейгендей кекірейе қарап, халықтан алшақтанып, жоғары болып көрінгісі келеді. Бұны келеңсіздік деп есептеймін. Баяғыда бала кезімізде «Мың бір түнді» таласып оқитынбыз. Сол кітаптағы «Ақыл­ды патша-халықтың құлы» деген тіркестер есте қалыпты. Құл болу-хал­қыңа ие болып, оған жақсылық жасап, ел игілігіне қызмет ету. Басшылықта жүрген адамдарға айтарым: – Еліңнен, жұр­тыңнан жоғары бола алмайсың. Сені қаншалықты мықты ана туса да, ха­лықтан жоғары болуға болмайды. Бізді сүйіп, өсіріп, көркейтіп, ардақтайтын да халық. Билік халықтан алыстамауы ке­рек. Себебі, мансап, билік мәңгілік емес.
– Астана арнасы, «Сырласу» бағдар­ламасына берген сұхбатыңызда: «Тәубенің ар-жағында қимыл, еңбек болу керек. Бар нәрсені ысырап қылмай, ел-жұртыңның пайдасына асыру керек. Бұдан он есе, жүз есе жақсы тұруға Қазақстанның хақы бар» деген едіңіз. Қазақстанның дамып, гүлденуі үшін қандай алғышарттар қажет? Не жетіспейді?
– Салыстырмалы түрде айтуға бо­лады. Осыдан он шақты ғасыр бұрын Күл­тегін, Тоныкөктің тасқа ойып жазып кеткен сөздері бар. «Елімнің болашағы, хал­қымның ауыз бірлігі болу үшін күндіз демалмадым, түнде ұйықтамадым» дейді. Осы сөздерде қаншама мағына, сыр жатыр десеңізші. Күндіз демалмағаны хал­қының жағдайын сұрап, біліп жұмыс істегені. Түнде ұйықтамағаны – ой қорыт­қаны. Ата-бабаларымыз «елімнің шетін дұшпандар баспасын» деген қағиданы берік ұстанған. Қағиданы іске асырып, ұлан-ғайыр жерді ешкімге бермей, бізге сақтап келді. Бұдан артық бізге не керек? Елбасымыз: «Бір-бірімізді хан көтеріп жүру керек» дегені өте дұрыс. Бір-бірімізге құрметіміз күшті болуы қажет. Бір өкініштісі, қазіргі қоғамда «нем­­құрайлық» деген белең алуда. Нем­құрайлық жалпылама бойға сіңіп барады. Ұнаса да, ұнамаса да, тіпті, қирап жатса да бәрібір, жаны ашымайды.
«Бұрында бір бай тайын дұрыс жылқы болсын деп, үйретіп кетіп бара жатса, алдынан біраз адамдар шығып: – О, байеке, тайыңыз құтты болсын! – дейді. Мыңдаған жылқысы бар бай тайға зар болып жүрген жоқ қой. Мұнда адамның психологиясын аңғарамыз. Сосын, бір кедей жігіт дұрыстау ат мініп, тойға бара жатса, алдынан шыққандар: – Ой, мына атты қайдан алдың? деп сұрайды. Дү­ниесі жоқ кедейдің жаңа тұлпар мініп бара жатқанын көргеннен, немқұрайлық таныт­пай, мән беріп тұр. Ал, қазір жалпы ұлттық немқұрайлық сананы жайлап ба­рады. Ол тағы да тәрбиеге келіп тіре­леді.
– Еліміз осы күнге дейін біршама тари­хи оқиғаларды бастан кешірді. Биыл, Ел­басы Н.Әбішұлының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы Латын әліпбиіне көшу мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр. Өт­кенге зер салсақ, Алаш арыстарының латын әрпіне көшу идеясы тарих сахнасында бірнеше жыл ғана талқыланып, кейін кириллицаға ауысқан. Тәуелсіздік алған тұста бұл мәселе қайтадан қаузалана бас­тады. Латын әліпбиіне көшу еліміз үшін қаншалықты маңызды?
– Егемендігін алған Қазақстан үшін латын әліпбиіне көшу аса маңызды. Өткен ғасырды қосқанда, бір ғасырдың ішінде қаншама өзгерістер орын алды. Мысалы, кавказдық кейбір елдер мыңдаған жыл­дар өтсе де, өз әліпбиін пайдаланып ке­ле жатыр. Бізге латын әліпбиіне көшу керек. Өйткені, латын іргелі әліпбидің бірі екендігі белгілі. Латын әліпбиі біздің елімізде болған. Байқауымша, орекең­дермен жеке дос болып жүргендер бір шаруасы бұзылғандай қынжылады. Ол халқының болашағын ойламай, біреудің сойылын соғумен бірдей. Әрине, елді ел қылу жолында өнер, мәдениет, ғылым саласында атқаратын басқа да шаруамыз жетерлік. Бірақ, тарихымызды тереңірек танып білу үшін латын әліпбиіне көшу керек. Дүрбелең тудыратындай ештеңе жоқ. Қағаз, құжаттардың барлығын көшіруге болады. Кейінгі жастар «тарихымызды қалай жеткіземіз» деп қиналуы мүмкін. Бірақ, қазақтың негізгі, үлкен тарихы әлі жазылған жоқ. Біз туралы деректер Араб елдерінде, Қытайда жатыр. Ондағы жазбалар кириллицаға жазылмаған ғой. Мұрағаттардағы құндылықтарымызды біріктіріп, үлкен дүние жазып шығаруға болады. Бір жарым миллиард жыл болған Қытайдың іргесін қалаған, 60-70 мемлекетті жаулап алып, отыз жыл атынан түспей жүріп соғысқан, Шыңғысханның ең ұлы батыр­ларының бірі, жалайыр руынан шыққан Мұқали бабамның кітабын шығартып отырмын. Мұқали бабамның кезінде сырттан бірде-бір жау келмеген. Қатаң тәртіп орнатылған. Хандардың ханы атанған Шыңғысханның атағы жер жаруы осы төрт өрлегінің бірі-батыр Мұқалидің арқасы. Қазақстанның шекарасы Еуропа жеріне дейін кеңейген кезін Мұқали есімімен байланыстырамыз. Мұқали батыр туралы ата-анамыздың айтқаны есте еміс-еміс сақталған. Осыдан 7-8 жыл бұрын, Қытайдағы бір бауырым үлкен дәрежеге көтерілген. Соған өтініш жасап, кітап шығартуға тапсырыс бер­дім. Қазір үш тілде (қазақша, орысша, ағылшынша) кітап басылып шығуда. Биыл тұсаукесерін жасау жоспарда бар. Бауырым қытай тілінде әдемілеп жазып шықты. Қытай мемлекеті есіктен кіргеннің барлығын төрге шығарып, мың жылдық тарихымыз сақтаулы мұ­ра­ғаттағы жазбаларды бере бермейді. Ол үшін көп еңбек ету керек. Менің ата-бабаларымның бірі Хұлағу ханның бас­қаруымен қазақ әскері Иран, Араб елде­рінің біраз жерлерін жаулап алған. Тек, Каирге жақындап қалғанда, алдарынан сұлтан Бейбарыстың делегациясы шық­қан. Екеуі де қазақ. Жаға жыртысып жатпайды ғой. Бір мәмілеге келіп, сол жерден қайтқан деседі. XIX ғасырдың екінші жартысында төрт-бес бабам Иран­­ның шахтары болған. Ол кісілердің есімдері жазылған алтын, күмістен бас­ты­рылып шыққан ақша, түбіртектер Лондон, Париж нумизматиктерінде сақтаулы. Бірақ, бұл тарихты әлі ешкім іздеп, зерттеген жоқ. Мен араб-парсы тілдерінде білмеймін. Бірақ, біздің тарихшылар да ол тілдерді меңгермеген. Тек, орыс тілін білгенімізге мәз болып жүрміз. Еуропаның Испания, Франция елдеріне дейін кірген Еділ патшаны т.б. көптеген тарихи тұлғаларымызды ұмыт қылмау үшін оны іздеп, зерттеу керек. Елбасы министрлер, тарихшылармен бірге Қытай еліне барған іссапарында біраз тың дүниелерді алып келді. Нәтижесінде төрт-бес кітап жарыққа шықты. Бірақ, Мұқалидің материалдарындай еш жерде жоқ. Біз де Елбасыға көмектесуіміз қажет. Кейбірі: – Нүсіпжановқа тарихтың не керегі бар? Ол тарихшы емес қой – дейді. Тарихты жаңғырту бәрінің міндеті. Керек болса, өткенімізді түгендеу үшін бәріміз тарихшы болуымыз керек. Өз тарихын білмеген ел – өркендей алмайды. Менің білгенімді бірі білмейді. Сондықтан жас­та­рымызға тәрбие, білім беру керек. Олар­дың еш кінәсі жоқ.
– Латын әліпбиіне көшу еліміздің мүм­кіндіктері мен шама-шарқына сай келе ме?
– Әрине, келеді. Еш қиындығы жоқ. Тек, жүйесін ыңғайлы етіп алу керек. Ешкімнің жағасын жыртпай, ешкімді ренжітпей, айқайлап, шуламай, мәселені жүзеге асыруға болады. Оған қазақтың ақыл-парасаты, дипломатиясы жетеді.
– Жамбыл атындағы филармония аты танымал алты ұжымнан тұрады. Солардың ішінде қай-қайсысын ерекше атап өтер едіңіз?
– Алты ұжым, 600-дей артистеріміз бар. Оның ішінде бұрыннан келе жатқан атақты оркестрлер бар. Мысалы, «Симфония» окестрін атап өтейін. Тұңғыш дирижері болып, Фуат Шәкірұлы Ман­сұров жұмыс істеген. Ол кісі осыдан 10-15 жыл бұрын Мәскеудің «Большой театр» деген опера театрында бас дирижер болып жұмыс істеді. Әлем дирижері деген атақ алды. Күллі әлем Фуат ағамызды гастрольге шақыру үшін бір-екі жыл күтетін. Сондай мықты адамдар шыққан. Нұрғиса Тілендиев ағамыздың дирижер болуына оркестрлердің көп көмегі тиді. 1934 жылдың күзінде, осындай кез болу керек. Қазақстандық өнерпаздардың олимпиадасы өткен. Қазақстанның барлық өнерпаздары қатысқан. Үкімет халықтың ішінен өнерпаздарды іздестіріп, сұрыптау жасаған. Гурьевтен Дина апамызды ал­дырған. Қазақта корифейлердің аттары өте көп. Әнші, бірі күйші, ақын, жырау бәрін жинаған Жамбыл Жабаев атамыз. Қазір филармонияның сол кісінің атын иемденіп жүргені заңды. Үкіметтің жар­лығымен 1935 жылдың 14 қаңтар күні филармония құрылды. Сол тарихи филармонияда ақырындап жұмыс істеп жатырмын. Жасым әлдеқашан келіп қалған, бірақ өнерге керек адамды өздері шақыртып алады екен.
– Толқыннан толқын туады,
Толқынды толқын қуады – деп Мағжан Жұмабаев бабамыз жырлағандай, жаңа толқын, жаңа буын шәкірттеріңізді тәрбиелеп отырсыз ғой?
– Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында арнайы және қосымша факультеттер бар. Мен сол қосымша факультетте жұмыс істеймін.Вокал сабағынан сахнада өнер көрсететін драма актерлері мен кино актерлеріне қосымша сабақ беремін. Театрдан оқып, әнші болып кетіп жатқандар өмірде жиі кездеседі. Нұрлан Өнербаев, Сәбит Оразбаев т.б. Бірақ, ол театрды тастаған жоқ. Әрі жақсы әнші. Театр, кино өнерін бітіріп, әншілік жұмыста жүрген біраз жастар бар. Сахнаның адамы сахнада істелетін қомақты дүниелерді меңгеру керек. Ол академиялық білімнің негізінде де қарастырылған. «Драма» бөлімін бітірген үш шәкіртім қазір ән айтып, әнші болып жүр. Біреуі Қарағандыда. Тағы біреуі Ташкенттің баласы. Ағасы өз елінде әнші екен. Ал, өзі театр өнерін бітірген. Бір балам Астанаға барды. Өздеріне өмірлік сабақ болатын дәрістерін өз кезінде алған. Олар дұрыс жолда, бірақ, әлі де ысылу керек. Болашақта шәкірттерімнен үлкен үміт күтемін.
– Қазақ өнерінің шыңында жүрген өзіңізге амандық тілеймін. Жемісті, жеңіс­ті шәкірттеріңіз көп болғай!

Алдыңғы «
Келесі »