Өркениеттер бесігі елінде

  • 15.11.2017
  • 1410 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Кенжеболат Жолдыбай,
саясаттанушы

Сапарға жиі шығу адамға бақыт сыйлайды деген сөз бар. Гарвард университетінің (АҚШ) ғалымдары Британияның «CancerResearch» зерттеу орталығымен жеті жыл бойы бірлесіп жасаған зерттеу қорытындыларына сүйенсек, адамның бақытты болуы үшін айына 1-2 рет сапарға шығу жеткілікті деген тұжырым жасалған. Мен үшін Ұлы Ніл мен Мәңгілік пирамидалар еліне бет бұрған бұл жолғы сапар 12 жылдан кейін болып отыр. Мұнда алғашқы келуім Египет техникалық ынтымақтастық Қорының арқасында мүмкін болған еді. Сол тұста Каир университетінде ақпараттық-коммуникациялар бағытындағы екі апталық жетілдіру курсынан өткенмін. Сонда ғой, «Нілдің суының дәмін татқан адам, мұнда міндетті түрде қайтып келеді», деген тұжырымды естігенім. Қалай болғанда да, мінеки, тағы бір жол түсті. Жолдасым Төкен Әмзеқызы екеуміз осындағы, араб тілінен аударғанда «Күн көзі» дегенді білдіретін, Айн-Шамс зайырлы университетінде оқып жатқан қызымыз Айгерім мен күйеу баламыз Сержанды көріп қайтуға келген едік.
Ніл өзенінен сусындап жатқан жерге бразилиялық жазушы Пауло Коэлоның романдарының бір кейіпкері – қой бағушының пирамидалардың бірінде жасырылған қазынаны табуды армандап осы жаққа қарай жол шеккені кенет есіме түсті. Бұл жөнінде Мысыр еліндегі Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Арман Исағалиевпен кездескенде айттым да. Тек қана бір түзету енгіздім: біз өз қазынамыз – тең­десі жоқ сүйікті жиен немереміз Ханифаны құшуға келдік. Бір ай шамасында Ханифамен бірге болып, оның табиғи болмысына тамсанып, пәк күлкісіне мәз болып, шынайы көңіліне марқайып, сәбимен бірге әр күннің шыққанына қуанып, бір сөзбен айтқанда, өзімізді сондай бақытты сезіндік. Мұның сыртында, балаларымыздың арқасында Мысыр елінің біраз жерлерін аралап, небір қызықтарға кенелдік. Түптеп келгенде, өзімнің сол көрген – білгендеріммен бөлісуді жөн санадым.

Мысыр, пирамидалар және  Сфинкс туралы

Мысырда кемінде бір рет болған адам­бәдеуидің түйесіне мінуге, Каир қала­сы­ның орталық базарында сату­шы­лар­мен саудаласуға, «қоқысшылар қаласын» көруге, 600 жыл бұрын салынған моншаға түсуге ықыласты болады. Бұл, тіпті, кез­дейсоқ емес, Мысыр өзге елдердің бірде-бірі­не ұқсамайтынымен ерекшеленеді және сонысымен «өте құнды». «Ұлы пира­мидалар» елі туралы бірер деректер бере кет­кенім орынды болар.
Бүгінгі Мысыр – Африканың солтүстік-шығысында орналасқан ірі араб елі. Оның аумағының бір бөлігі – Синай тү­бегі – Азияда жатыр. Екі құрлық­тың ара­сын­дағы шекара Суэц кана­лы­ның бойымен өтеді. Мысырдың миллион тек­ше кило­метрден асатын аумағының 96 пайызы сирек кездесетін шұрайлы жерлерден тұра­тын шөлді дала, ал, шөлді даланың аумақты бөлігі – құмды емес, таулы болып келеді. Қалған бөлігінде 92-миллиондық тұрғыны бар елдің 9 пайызы әлі күнге дейін өмір сүріп жатқан Нілдің алқабы мен атырауы. Тіпті, ежелгі грек тарихшысы Геродот «Мысыр – Нілдің сыйы» деп айтқан болатын. Ұлы өзеннің арнасы мың жарым километрге созылып, оңтүстіктен, Суданмен жалғасып жатқан шекарасынан солтүстікке, Жерорта теңізінің жағалауына дейін, шығыс Аравия шөлейтін Батыс Ливия шөлейтінен бөліп жатыр. Нілдің бойындағы «тіршілік жолағының» арнауы оңтүстігінде бір километрден Каир ауданына дейін 20-25 километрге дейін жетеді. Құнарлы алқапты жан-жағынан шөл дала қоршаған. Бұл шөл да­лада су жоқ болғандықтан, адам өте сирек ұшырасады. Әдетте ондай бірен-саран кездесетіндер-көшпелі бәдәуилер.Негізгі малы-түйе, қой, ешкі. Шөлейт жерлерінің өзі: құм, құм төбелер, көшпенділердің тілдерінде ғана атауы түсінікті – сарыдан, қою сары секілді күлгін түске дейінгі небір түстердің түрлері аса бір әсерде қалдырады.
Соңғы алты жылда Мысыр елі екі революцияны басынан кешті. 2011 жылғы 11 ақпанда бұл мемлекетті 30 жыл бойы басқарған Хосни Мүбарак билікті Жоғарғы әскери кеңеске өткізді. 2012 жылы Мұхаммед Мурси Президент болып сайланып, бірақ, көп ұзамай ол да халықтың қолдауына ие болған әскерилер мен полицияның күшімен тақтан тайдырылды. 2014 жылы соңғы президенттік сайлаудың нәтижесінде Абдул-Фаттах Ас-Сиси Президент болып сайланды. Бүгінгі күні елде қалыпты жағ­дай орныққан, әркім өзінің шаруасын айналдыруда. Мысыр экономикасы қазір біртіндеп оңалу үстінде. Мемлекет қа­зынасына негізгі табысты Суэц каналы арқылы өту үшін түсетін төлемдер құрайды. Екінші табыс көзі – соңғы жылдары елде ерекше статусқа ие болған туризм саласы болып табылады. Ал, үшінші орында – мұнай мен газ өндірісінен және ауыл шаруашылығы өнімдерінен түскен қаражаттар. Елге шетелдік инвестициялардың көптеп құйы­луына мүдделілік басым. Сондықтан да кез-келген валютаның шектеусіз осында ағылуына рұқсат берілген. Ұлттық валюта египет фунты болып есептелінеді және оны басқа валютаға елдегі кез-келген банкте айырбастауға толық мүмкіндік бар.
Мысыр Республикасының діні – Ислам. Олардың 90 пайызы – Сүннит мұсылмандар, 5-6 пайызы суфи және 3-4 пайызы шиға. Басқа ең үлкен діні – мәсіхшілік, олардың көпшілігі Александрияның Копттік Православ Шіркеу мүшелері. «Копт» сөзі арабтың «купт» сөзінен, ал, оның өзі гректің «эгиптос» сөзінен шыққан. Бірақ, түп тамыры одан да те­реңірек, ежелгіегипеттік «Ха-Ка-Птах» сөзінен таралуы да мүмкін. Коптар Ніл алқабын мекендеген алғашқы египеттік хрис­­тиандардың ұрпақтарымыз деп санайды. Мы­сырдың заңдары Шариғатқа негізделеді және мысырлықтар үшін дін өте маңызды орын алады, олардың басым көпшілігі күніне бес рет намазын оқып, Аллаға құлшылық етеді. Мұндағы демалыс күніжұма болып табылады. Бұл күні курорттардағы ойын-сауық орындарынан басқа барлық мем­лекеттік мекемелер, жекеменшік ком­паниялар, оқу орындары жұмыс іс­темейді. Жұмада мысырлықтар негізінен өз отбасыларымен болып, демалыстарын бірге өткізеді. Мысыр – қонақжай ел. Қонақтарын қашан да ашық көңілмен қарсы алады. Біз кіммен кездеспесек те, олар бірден: «Сіздер келіп, Мысырды нұрландырдыңыздар, Алла Сіздерге разы болсын!» – деп, бәйек болып жатады. Өз кезегінде, бұл адамға керемет жақсы әсер береді екен, бір түрлі көңілің көтеріліп қалады.
Жалпы, Мысырдың мемлекет болып қалыптасуының алты мың жылдық тарихы бұл елдің, тіптен де, жерұйық емес екендігін, керісінше, күндер, айлар, жылдар, ғасырлар бойы адамдардың тынбастан еңбек етулерінің нәтижесінде пайда болған ғажайып бір көркем туынды ретінде қабылдайсыз. Әрине, бұл тұста ең алдымен ұлы пирамидаларға соқпай кете алмайсыз. Пирамидалардың әлемнің жеті кереметінің біріне кіретіндігінен ғана емес. Оларға жақындаған сайын, бұл алып құрылыстар қалайша адам баласының қолынан келді, мұның қисынын қалай түсіндіруге болады деген сіздің бойыңызды ерекше бір көңіл күй билейді. Мінеки, 100 жылдан астам уақыт бойы адамзат баласы «пирамида жұмбағын» шешуге ұмтылып келеді, мүмкін емес нәрсенің қалай шындыққа айналғанын жазу үшін көлдей сия төгілді де. Әрқайсысының салмағы екі және одан да ауыр тонна болатын үш миллионға жуық куб пішіндес тастарды ешбір техникалық қондырғыларсыз бірінің үстіне бірін сымдай орналастыра отырып 150 метрдей биіктікке көтерілгенін түсіндіру, әрине, оңай шаруа емес. Қалай болғанда да бүгін Мысырда жалпы саны 85 пирамида солтүстіктен оңтүстікке қарай тізбектеліп тұр. Олардың ішінен Каир қаласының бір бөлшегі саналатын Ніл өзенінің жағасындағы Гиза пирамидалары Хеопс, Хефрен (Хеопстың баласы), Микерин (Хеопстың немересі) ерекше болып саналады. Күн сайын осы үш монументалды пирамидаларға әрі олардың күзетшісі іспетті басы адам, арт­қы жағы жануар Сфинкс («үрейдің әкесі»)ескерткішіне келушілер өте көп.


Хеопстың алып құрылысы қазіргі кездегі 40 қабатты үйдің биіктігіндей. Шамамен бес мыңдай жыл бұрын Хеопсперғауынның әмірімен тұрғызылған. Ежелгі грек тарих­шысы Геродоттың жазбасында пира­миданы 100 мың адам 20 жыл бойы салғандығы айтылады. Хефрен – Гиза үстіртіндегі ауқы­мы бойынша екінші пирамида. Оның ау­даны 215,8 шаршы метрді, биіктігі – 136,5 метрді құрайды. 4,5 мың жыл ішінде ол 7 метрге шөккен, оның еңкею бұрышы 53 градусқа жетеді. Осыдан бес жыл бұрын бұл пирамида күрделі жөндеуден өтіп, жаңғыртылды. Енді, туристер осынау көне археологиялық құрылыстың тылсымын, бар әлуетін сезінуі үшін жерасты камералары орнатылған бірнеше метр тереңдікке түсе алады. «Әділетті және адал» аталған перғауын Микерин кешеніне сәттілік серік бола қоймаған тәрізді, асығыстықпен оның кейбір тұстары саман кірпішпен өріліп, кейін әр жерлері бүліне бастағаны көзге білінеді.Хефрен пирамидасының тұсына таман салынған адам басты, арыстан денелі 20 метрлік әйгілі алып Сфинкс тұтас жартастан қашалып жасалынған. Қарапайым құрал-саймандармен мұншама сұсты дүниелерді қалай салғаны туралы дәлелді болжамдар ғана айтылады.
Пирамидаларды салмас бұрын, оның тұратын орны тегістелген. Мінсіз тегістеу үшін құрылыс алаңына су жіберілген. Құрылыс алаңы дымқылданып, жібіген соң торкөз жыралар қазылған. Су тартылған кезде жыраларда су қалдырылған, сөйтіп сумен жібітілген тасты қыртыстарды түгел тегістеген.
Бір сөзбен айтқанда, бұл көргендеріміз адамды таң-тамаша қалдырады. Арабтардың: «Адам уақыттан қорқады, ал, уақыт пирамидадан қорқады» деген мақалының негізсіз емес екендігін еріксіз мойындайсыз.

Каир және музейлер, сарайлар, мешіттер, сұлтан Бейбарыс туралы

Адамзат өркениетінің дамуында ерекше орын алатын, 1048 жылдық тарихы бар, түрлі мәдениеттердің тоғысқан жері, бабамыз Сұлтан Бейбарыс 17 жыл билік еткен Мысыр елінің астанасы Каир қаласы тарих пен аңызға толы. «Миср», «Мың минарет қаласы», «Жеңімпаз», «Контраст қаласы» – бұлардың бәрі Мысыр астанасы Каирге телінген атаулар. Тарихи деректерге қарағанда, біздің заманымыздың 969 жылы ливиялық басқыншылар мысырлық Фустат қаласына басып кіріп, Каир қаласының негізін қалаған. Аңызға сенсек, дәл осы тұста аспанда Марс (Аль-Кахира) жарқырап тұрған дейді. Кезінде Каир әсем бау-бақ­шалары мол, көпқабатты ғимараттарға толы қала болған. Сену қиын, дегенмен, 1050 жылы қаланың архитектурасы араларын скверлер бөліп тұрған бесқабатты тұрғын үйлерден құралғаны мәлім болып отыр. 1300 жылы қала тұрғындарының саны миллионнан асып, Каир бүкіл Шығыста нағыз ең үлкен сауда алаңына айналған. Батыс пен Шығыс мәдениеттерінің біте қай­насуы Наполеонның Мысыр жорығынан бастау алады. Француздардың оккупациясы, түптеп келгенде, қала үшін тағдыр шешті жағдай болды. Нәтижесінде Каирдің ор­талық бөлігі жаңа «еуропалық» үлгіде қай­та салынды. Осылайша, «Париж Нілде» орын алды. Бүгіндері Каирдің орталық көше­лерімен жүріп келе жатып, кейде өзіңді Еуропада жүргендей сезінесің. Өз кезегінде, Мысыр да әлемдік өркениеттің дамуына зор үлесін қосты: ауыл шаруашылығы, кеме жасау істері осы жерден бастау алды, математика, астрономия, география және медицина ғылымдарының негізі қаланды.
Қазіргі Мысырдың астанасы әлем­дегі көптеген мегаполистерден аса бір айыр­ма­шылығы жоқ. Мұнда жаңа архитек­туралық ғимараттар, үкімет үйлері, биз­нес-орталықтар, осы заманғы тұрғын ау­дандар баршылық. Атап айтқанда, UptownCairo қалашығы өзінің ауқымымен, тың архитектуралық шешімімен, дамыған инфрақұрылымдарымен, мәдени-спорт ошақтарымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, Каирдің солтүстік-шығысында Гелиополис атты жаңа қала пайда болды. Аты айтып тұрғандай, қала мұнтаздай таза, жан-жақтың бәрі шұғыла тартып, көркем де сәнді ғимараттарымен көздің жауын алады. Бір ғана Cairofestivalcitymall сау­да ойын-сауық орталығы мы­сырлықтардың және шетелдік қонақтардың ең сүйікті орнына айналып отыр, мұнда олар күн ұзақ өздерінің бос уақыттарын мейлінше ұтымды пайдалануға толық мүмкіндік бар. Жалпы, қазіргі кезде 20 миллион тұрғыны бар Каир қаласында халықтың тығыздығы жыл сайын күшейіп келеді. Сарапшылардың болжауынша, алдағы 40 жылда Каир тұрғындарының саны екі есеге өспек. Сондықтан, бүгін Мысыр үкіметі Каирден шығысқа қарай мемлекеттің жаңа астанасын салуда. Жаңа астанада үкімет кеңселері орналасып, қаланың жеті миллион тұрғыны болмақ. Сонымен қатар, Каирде көріксіз көпқабатты үйлер, жолақтар, көшелер де жетерлік. Мұнда «қоқысшылар қаласы» бар, ол Каирдің маңындағы христиан кварталдарында орналасқан. Бұл аудан 1969 жылы қала әкімшілігінің қоқыс жинаушыларды бір жерге орналастыру идеясынан пайда болған. Бұл жерде 40 мың адам тұрады. Қолқаны кептіретін иістен бұл жерге маңайлай алмайсың, бірақ, адамдар осы тіршіліктерінен едәуір ақша тауып, күндерін көріп отыр. Бәрінен де таң қалдыратыны – Каирдің «Өлі қаласы». Бұл әлемдегі ең үлкен некрополь. Онда 15 ғасырда жерленген бейіттер бар. Үй алуға ақшасы жоқтар талай заманнан бері мазарларды мекен етіп келеді. Кәдімгі мазардың төбесін жабады да, ішін бөліп үй жасап алады. Мұнда миллионнан астам адам тұрады.
Мына бір дерекке қараңыз. 2008 жылы Каир тұрғындарының саны 18 миллионды құрағанда, қалада небәрі 9 бағдаршам болған деседі, әрі оларды ешкім керек қылмайтыны айтылады. Бүгінде сол бәз-баяғы қалпы. Халық саны нөпір қалада басым көпшілігі шетелдік 5 миллиондай көлік тіркелген болса, олардың қозғалысын реттейтін бағдаршамдар санаулы ғана. Сондықтан, Каир көшесінде жүру, оны кесіп өту –адамдарға аса шеберлікті қажет етеді.
Каирді музей қала деп те айтады. Бұл тек қала аумағындағы музейлердің көптігінен емес, Каир өзінің терең дәстүрімен, қайталанбас архитектурасымен аспан астындағы музейді көзге елестетеді. Өнер сүйер қауым Мысыр ұлттық музейін, Ислам өнері музейін, Пошта музейін, Бейнелеу өнері музейін, Эфир майы және папирус музейін, Король Абдин музейін, Ханзада Мухаммед Али музейін бірінші кезекте көруге асығары анық. Жалпы, бір ғана Каирде мыңнан астам музей бар, олардың кейбірі 200 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Осы музейлерде әлемнің бірде-бір музейінде кездеспейтін бірегей жәдігерлер бар. Мәселен, біз Мысыр ұлттық музейінде Көне, Орта және Жаңа Мысырдың төл өнерінің бай коллекциясына куә болдық: кварциттен жасалған Нефертитидің басы, Тутанхамонның қазыналары, алтын жала­тылған тақ, оның арқа жағының фраг­менттері, дін қызметкерлерінің статуялары тәрізді өте құнды экспонаттар бұл жерде жүз мыңдап саналады.
Тек, Мысырда ғана емес, бүкіл әлемде ғажайып сарай саналатын Абдин сарайын да араладық. Сарайдың құрылысы 1863 жылы Мысырдың билеушісі Хедив Исмаилдың бастамасымен қолға алынып, салынған. Монархия күшін жойған 1952 жылға дейін Сарай корольдің резиденциясы болып келген. Бүгін мұнда Күміс музейі, Қару-жарақ музейі, Корольдің отбасы музейі, Президент музейі, жаңа Тарихи Құжаттар музейі орналастырылған. Бұлардың әрқайсысы сирек кездесетін түрлі экспонаттарға бай. Сарайдың екінші жақ бөлігі қазіргі пре­зи­денттердің резиденциясы есебінде пай­даланылады.
Мысырдың соңғы королінің ағайыны ханзада Мухаммед Алиге тиесілі Маниал музей-сарайын да үлкен қызығушылықпен тамашаладық. Сарай 1903 жылы салынған, оның архитектурасында осман, мавритания, парсы стилдері, тіпті, еуропалық рококо стилі де кездеседі. Ортағасырлық араб-мұсылман халықтарының тарихында ерекше орын алған атақты мұсылман қол­басшысы, Мысыр мен Шамның сұлтаны Салахад-Дин бекінісінде де (Цитадель) болдық. Ол Мұхамед Әлидің ұясы деп те аталады. Ірге тасы 1176 жылы қаланған. Мамлюк сұлтандарының үш ғасыр бойғы резиденциясы осы. Бейбарыс бабамыздың Мысыр елін 17 жыл билеген тұсындағы сарайы да осы Цитадель. Мұның сыртында, «Орман» ботаника бағын аралап көрудің сәті түсті. Ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту, іс-тәжірибелік оқыту мақсатында құрылған ботаника бағында құлпырып жайнаған неше алуан гүлді өсімдіктер мен көне дәуір ағаштарын тамашаладық. Сонымен қатар, бұл бақтан Қызыл кітапқа енгізілген сирек құстардың қатарына жататын һудһуд (удод) құсын кездестіру біз үшін тосын болды. Бұл құс Еуропа, Африка, Мадакаскар және Жапония өлкелерінде мекендейді. Дене тұрқы 28-30 см, жіңішке сүйір тұмсықты келеді. Жұптасқан кезінде шығарған дауыстарынан «һудһуд» деп аталып кеткен. Бұған қоса «тарақты құс» және «айдарлы құс» деп те айтылады. Құран Кәрімде «һудһуд»-тың Сүлеймен пайғамбардың әскерлеріне су табу қызметін атқарғаны, Сәба мемлекетінің патшасы Балқыздың сарайынан хабар алып келгені және хат тасып, одан да хабар әкелгені туралы біл­дірілген. Арабтар оған «хабарлардың атасы» мағынасындағы «Әбул-аһбар» деп лақаб ат қойған.
Каир қаласы, ең жас ислам дінінің орта­лығы. Мінәжат етуге шақырылған дауыс радиодан естілгенде, осынау тыным тап­пастай көрінетін қаланың өмірі аз уақытқа тоқ­тап қалады. Жүргізушілер, шаштараздар, даяшылар, сатушылар бәрі де жұмысын жиып қойып, жайнамазын төсейдіде на­мазға осылай күніге бес рет жығылады. Бір Каирдің өзінде 500-ден астам мешіт бар. Амр ибн аль – Ас мешіті, мәселен, 642 жылы африка континентінде тұңғыш тұрғызылған мешіт. Осында Мысыр жамағатымен жұ­ма намазына қатыстым. Бұл мешіттің тұр­ғызылуымен жер шарының осынау ай­ма­ғында Ислам діні кең тарала бастаған.Ең мықты саналатын Ибн-Тулун мен Султан Хасанның мешіттерінің ұзындығы 140 метр, ені 75 метр, мұнараларының биіктігі 86 метрге жетеді. Түбі күрд халқынан шыққан бірінші сұлтан Салах Әд-Диннің мешітінің зәулім күмбездері мен мұнаралары Каирдің нағыз мақтанышына айналған. Мешіттің атшаптырым алаңында атақты Жүсіп құды­ғы қазылған. Оның тереңдігі – 88 метр. Шыңырауға қанша қарасаң да, түбіндегі суды көре алмайсың. Сондықтан да, бұл ЮНЕСКО-ның мәдени мұраларының тізіміне алынған.
Әл-Азхар (гүлге оранған ) мешіті Каир­мен құрдас. Кезінде құлап қалған бұл ме­шіт Бейбарыс сұлтан кезінде қыпшақ мәдениетінің белгілерімен қайта күрделі жөндеуден өткізіліп, мұнда намаз оқыла бастаған. Сұлтан Бейбарыс, сондай-ақ, мамлюк стилінде аль-Хаким мешітінің минаретін де тұрғызғанын, бірнеше ғасыр бұрын Әл-Азхар мұсылман университеті ұйымдастырылғанын, бүгінде бұл дәріс сақталып, профессорлар, белгілі ұстаздар Х ғасырдағыдай дін сабағын беретінін және мұсылман әлемінің барлық түкпірінен студенттер келіп, дәріс алатынын атап өткен жөн.
Көлемі жағынан екінші мешіт – Бей­барыс бабамыздың 1267 жылы өзі сал­дырған мешіті. 2007 жылы Қазақстан мен Мысыр елі бұл мешітті қайтадан толық жөндеуден өткізуге келіскен бола­тын. Қазақстан тарапы осы мақсатта 4,5 миллион доллар бөлуді міндетіне алды. Алайда, бұл қаражат бөлінгенімен жұмыс әлі аяқталып біткен жоқ. Тіпті, бүгіндері мұнда жұмыстың тоқтатылып тұрғанын да көрдік. Осындағы жүрген адамдардың айтуынша, жұмыс қаражат жоқтықтан жүрмей жатқан көрінеді. Дегенмен, бұл мешітте бес уақыт намаз оқылып келеді. Біздің Қазақстаннан келгенімізді білген осындағы имам қазақ халқына, әл-Захир Бейбарыстың рухына бағыштап құран оқып, дұға жасады. Әл-Фурук (Ерекше) есімімен аталып, 17 жыл Мысыр еліне басшылық жасаған, «Минареттерден оның аты айқай­лап айтылып, қолы тиген жердің бәрі қа­сиетті саналған» деп құрмет көрсетілген сұл­тан Бейбарыс мешітінің жөнделіп бітпеуі бәрімізге сын. Сонымен қатар, екі ел біріге отырып, осынау түйткілді мәселені түбегейлі шешеді деген үміт те жоқ емес.

Александрия, маяк, кітапхана және Қайтбай бекінісі туралы

Мысырда ерекше бір қала бар. Ол – Каирден 256 шақырым жерде, елдің қиыр сол­түстігіндегі Жерорта теңізінің маңайына орналасқан Александрия. Біздің дәуірімізге дейінгі 331- 332 жылдары Македонияның ұлы қолбасшысы – Александр салдырған бұл қала – түбінде Мысырдың орталығы болады деген мақсатты көздеген деседі. Шығыс пен Батысты тоқайластыратын үлкен порт салып, сауда-саттық шоғырланған орталыққа айналдыруды қиялдаса, тағдыр оған оның алғашқы құрылысын көруді де жазбапты. Болашақ қаланың жоба-жоспарларын, мақсат-мүдделерін қоластындағы орын­даушыларына мұқият табыстап, Александр Азия елдерін жаулауға аттанады. Бірақ, ұлы қолбасшы 33 жасында қаза табады. Оның мүрдесі – өзінің атындағы қаладағы қорымға бальзамдалып, перғауындардың салт-дәстүрімен жерленеді. Дүниежүзіндегі Римнен кейінгі космополитті ірі мегаполиске айналдыру арманына жетпеген жоспарларын жүзеге асыруды сол жер­дегі генералдарының бірі қолына алып, әрі қарай жалғастырады. Александр Маке­донскийдің мұра­гері ретінде өзін сол мемлекеттің ендігі би­леушісі екен­дігін жария­лайды. Осылайша, грек­­­тердің Мысырды би­леп-төстеуі 300 жыл­ға жалғасады. Грек өкіл­дерінің мұрагерлік билігі Клеопатра патшайымының 36 жасында қайтыс бо­луымен аяқталады. Олар кеткенімен, қаланың бет-бейнесінде еуро­палық­тардың ізі қалып, бүгінде Алек­сандрия Гре­цияның немесе Италияның көне қаласы секілді көрінеді.
Александрия таң­ғаларлық дүниелерге бай. «Әлемнің жеті кере­метінің» бірі сана­латын, біздің заманымыздан бұрын 280 жылы са­лынған Александр мая­­гын Ніл аңғарына таяу, Фарос аралының шы­ғыс бөлігіне Птоломей әулеті өкілі Мысыр пат­шасының бұйрығымен архитектор Сострат тұрғызған. Кейінгі ұрпаққа өз атын қалдырғысы келген сәулетші маяктың мәрмәр қабырғасына «Книдтен шыққан Декстифонұлы Сострат, теңізшілердің амандығы үшін құтқарушы-құдайларға бағыштайды» деп жазған. Бірақ, патшаның қаһарынан қорқып, жазудың үстін сылап, бетіне әміршінің атын келтірген. Уақыт өте келе сылақ түсіп қалып, ел сәулет­шінің нақты атын білді.
Маяк өз заманындағы өнер мен ғы­лым­ның ғажайып үлгісі, әрі 1700 жыл бойы тұрған ол, осы кезге дейін салынған маяктардың ішіндегі ең биігі болып табылады. Бізге жеткен деректерден биік­тігі 120 м. шамасындағы үш қабатты мұнараның бірінші қабаты орасан зор шаршы көлемде әктастан тұрғызылған. 2-ші қабат 8 қырлы мұнарадан тұрып, оның 8 қыры белгілі 8 желдің бағытына қарай орналастырылған. Осы 2-ші қабатта желдің бағыты мен жылдамдығын анықтайтын құрал міндетін атқарған ескерткіш-мүсіндер болған. Мәрмәрмен қапталған мұнара зәулім маякпен аяқталады. Ал, 3-ші қабат гранит колонналар тіреп тұрған күмбезбен жабылған. Күмбез басына өте алыстан анық көрініп тұрған теңіз құдайы Посейдонның 7 метрлік қола мүсіні орналастырылған. Александрия маягы өзінің негізгі міндеті – теңізшілерге жол көрсетуден басқа, бекініс қызметін де атқарған. Құрылыстың ішінде ауыз су құйылған күбі сақталған. Ішкі бұрама баспалдақ арқылы алауға жанармай беріліп тұрған. Темір айналарды шебер қолдану нәтижесінде алау оты бірнеше еселеніп, өте алыстан көрінетін болған. Арабтар Александрияны басып алғаннан кейін, қала құлдырап, төмендеп кетеді, кеме тоқтайтын жерді батпақ басып, Фаростың қажеті болмай қалады. XIV ғасырда жер сілкіністерінің тербеліс салдарынан ақырында ғимарат қирап, біртіндеп теңізге құлаған.
Александрия біздің заманымызға дейінгі ІІІ ғасырдағы ғылым мен білім ордасына айналған кітапханасымен де әлемге әйгілі. Мұнда 700 мыңға жуық том кітап болған, қолжазбалар кітапхана ғалымдарының сынынан өткізіліп, өңделіп отырылған, әлем туралы ілімдерді жүйелеп, жаңа үлгі­дегі манускрипт дайындалған, Архимед пен Евклид тәрізді небір оқымыстылар тәлімгерліктен өткен, көне гректің ғы­лыми, әдеби шығармаларынан басқа шығыс әдебиетінің шығармалары да сақталған. Кітапхана қорын жинау, сақтау шеберлігі жоғары дәрежеде болғандығын Каллимахтың библиография каталогы дәлелдейді. Кітап­ханаға үнемі не белгілі ғалым, не ақын басшы болған. Көп жылдар бойы оны гео­графиялық картографияның авторы, мате­матик, ең алғашқы болып жер шеңберінің ұзындығын 50 км айырмашылықпен есеп­теп шығарған Эратосфен басқарған. Бұл жаңалық – дүниежүзілік сапарларға шығуға тікелей жол ашты. Александрияда қызмет жасаған астроном Аристарх Са­мосский жердің өз осінің айналасында, әрі күнді айналатынын дәлелдеді, ал, мұны әлем ғалымдары тек 1500 жылдан кейін ғана тегіс мойындады. Медицинада жүйкелiк және қан айналымының жүйелілігі жөнінде жаңалық ашқан Эрофилдiң, геометриялық ілімнің классикалық үлгісін жасаған Ев­клидтiң тарихи Отанына айналған Шығыс мемлекетінің жұлдызы барған сайын осылайша жарқырай түсті.
Александрия кітапханасы осындағы атақты маяк тәрізді әлем кереметі ретінде қабылданып, көп адамдар оны көруге ынтықты. Бақытыма орай менің де арманым орындалды. Рас, көзіме әлемнің атақты көне кітапханасы түспеді, заманында аңызға айналған білім ордасын 341 жылы Серапион махалласына шабуыл жасаған фанатик христиандар өртеп жіберген болатын. Сондықтан, 2002 жылы Александрина атауымен және еш қайталанбайтын архи­тектуралық стильде жаңа кітапхана пайдалануға берілді. Мені кітапхананың ауқымы таң қалдырды: ол 8 миллионнан астам кітапты сақтауға мүмкіндік береді, ал, оның 11 деңгейде орналасқан орасан зор оқу залы 70 мың шаршы метрді құрайды, мұнда мүмкіндіктері шектеулі жандар үшін және балаларға арналған залдар қарастырылған, көне қолжазбалармен жұмыс істейтін зертхана бар, қажетті ақпараттарды жедел, әрі толық көлемде алу мақсатында үш мөлшерлі форматта электронды кітапхана іске қосылған.
ЮНЕСКО, Мысыр үкіметі, Еуропа және араб әлемінің кейбір елдері мен Жапония бірегей кітап сақтау орынын қайта жаңғырту үшін күш біріктіруде. Әлемнің көптеген елдері, оның ішінде, Қазақстан да, өз тараптарынан кітаптар беріп, кітапхана қорын жасауға мол үлестерін қосып келеді. Кітапханадағы каталогтарды қарай отыра, біз Абайдың, Махамбеттің, Мағжан Жұмабаевтың, Мұхтар Әуезовтің, Жұбан Молдағалиевтің, Әбіш Кекілбаевтың, Тұманбай Молдағалиевтің, Олжас Сүлейменовтың, Дмитрий Снегиннің, тағы басқа да отандастарымыздың төл шы­ғармаларының бар екендігін көрдік, оларды әлем қауымдастығы оқып жатқан­дарына риза болып, көңілімізді бір мар­қайттық. Александрия кітапханасы ұлы даладан шыққан мамлюктер сұлтандары жайлы деректерге де бай, ал, бұл біздің тарихшылар үшін өте құнды дүние екені анық.
Кітапхана күн дискісіне ұқсас оңтүс­тіктен солтүстікке қарай дөңестеліп са­лынған. Солтүстікке таманғы шыны әй­нектер кітапхананың төменгі тұсына күн сәулелерін жіберіп, ішке жылу беріп тұрады. Қабырғалар асуан гранитімен қапталып, олардың беттері 120 түрлі адамзат баласының жазу жүйесінің ең кіші белгісі саналатын графемалармен бедерленген. Кітап қоймасы жер астына орналастырылып, кітапқа теңіз тұзының зиянды әсерін болдырмау үшін теңіз жақтан соғатын желден қорғайтын қосымша қа­бырғамен жабылған.
Александриядағы көне ескерткіштермен танысу барысында Мысыр елінде мамлюк Қайтбай сұлтанның билігі кезінде (1468-1496) салынған «Қайтбай қамалы» біздің назарымызды ерекше аударды. Оның себебі де жоқ емес. Қайтбай сұлтан мам­люк сұлтандарының ішіндегі ең ұзақ ел билеген тұлға. 1416 жылы Дешті Қыпшақ топырағында дүниеге келіп, 20 жасында Мысыр еліне құлдыққа сатылған Қайтбай, өзінің етінің тірлігінің арқасында 1468 жылы сұлтан тағына отырады. Билікке келген күннен бастап Мысыр елінің саяси, экономикалық, сауда-саттық, әскери салаларының қарқынды дамуына септігін тигізеді. Сонымен қатар, Қайтбай Мысырдың сәулет өнеріне мамлюктерге тән нышандарды енгізе отырып, Мекке, Мәдина, Каир, Құдыс, Дамаск, Алеппо, Александрия секілді қалалардың құрылыс нысандарына өз қолтаңбасын қалдырған бірден-бір ел басшысы.
Әсіресе, Александриядағы «Қайтбай қамалы» сұлтанның атын әлемге паш етті. Қамалдың құрылысы Александрияның теңізге жақын тұсы Фарос аралының шығысындағы бұрынғы әлемнің жеті кереметінің бірі атақты Александр маягы орналасқан жерінде 1477 жылы басталып, екі жыл ішінде салынып бітеді. Осылайша, ХIV ғасырлардағы жер сілкінісі салдарынан жермен-жексен болған маяктың үстіне қамал салу арқылы Қайтбай сұлтан көне тарихты тірілткісі келгенге ұқсайды. Жал­пы, қамалдың тұрғызылуы мемлекетті Жерорта теңізінің кез-келген жағынан төнетін қауіп-қатерлерден қорғауға үлкен септігін тигізді. Мұны қамалды аралап жүрген сәтте толықтай аңғаруға болады. Сонымен бірге, қамалдың бірінші қабатында Александрия қаласындағы ең көне екінші мешіт орналасқан. Мамлюк стилінде салын­ған бұл мешіт орталық алаңмен ұш­тасқан исламның төрт мазхабының әрқайсысына арналған бөлмелерден тұрады. Сөйтіп, бір мешіттің ішінде мұсылмандар бір кісідей парызын атқарып отырған. Қамалдың екінші қабатында әскери казармалар мен қару-жарақты сақтайтын бөлмелер, ал, үшінші қабатында сұлтанның жеке бөлмесі қарастырылған.
Бір сөзбен айтқанда, қаншама жылдар бойы басынан кешірген қиын-қыстау кезеңдерге қарамастан, «Қайтбай қамалы» бізге дейін аман жетіп отыр. 1952 жылы бұл қамал қайта жөндеуден өткізіліп, қазір ол «Теңіз мұражайы» ретінде әлемнің түкпір-түкпірінен келіп жатқан туристердің көзайымына айналуда. Осы жайт, шын мәнінде, Кіші жүздің шеркеш руынан шық­қан Қайтбай бабамыздың мәртебесі қан­шалықты жоғары екендігін көрсетеді. Өз кезегінде бұл менің мақтаныш сезімімді оятты. Ендігі жерде қазақ қауымының алдында Қайтбай сынды Ұлы Даланың даңқты ұлын жан-жақты зерттеп, оған тарихтағы өзінің лайықты бағасын беру міндеті тұр деп санаймын.

Мысыр курорттары және туризм туралы

Мысыр өркениетінің мыңдаған жылдар ішінде көптеген құндылықтары елдің меншігіне айналды, әрі олармен туристердің танысуларына кеңінен жол ашылды. Ғасырлар бойы Мысыр дүниенің жер-жерінен келген монархтар мен ерекше тұлғалар үшін нағыз туристік Меккеге айналғаны бекер емес. Бүгін де туризм саласы Мысыр елі үшін ерекше мәнге ие. Жоғарыда атап өткенімдей, туризм Мысыр экономикасының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады: 4 миллионнан астам мысырлықтар туристік салада жұмыс жасайды, жалпы ішкі өнімнің қомақты мөлшері туризмнен түсетін табыс. Рас, өткен 2016 жылы бұл сала бойынша көрсеткіштер күрт төмендеп кетті. Оған Синай аспанында Ресей ұшағының апатқа ұшырауы кері әсер етті. Бұл оқиғадан соң, бірқатар елдерден ұшақтардың келуі тоқтатылды, әсіресе, туристердің 60 пайыздайын құрайтын Ресей мен Ұлыбританиядан сап тыйылды. Мысырдың туризм министрлігінің мәліметі бойынша 2016 жылы елге саяхаттап келген туристердің саны 5,3 млн. болып, 2015 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі еседей азайып кеткен. Бүгіндері біршама оң өзгерістер байқалады. 2017 жылдың 29-шы наурызында Берлинде өткен Туризм бойынша биржаның мәліметі бойынша Мысырдың туристік деңгейі 24 позицияға көтерілген, ал, бұл өте жоғары көрсеткіш. 2017 жылдың алғашқы он күндігінде Мысыр туристер саны бойынша 1-ші орыннан көрініп, туристер ағымы 80 пайызға артқан. Мысалы, Германия туристерінің төрттен бірі Мысырға барған. Сондай-ақ, мұндағы туризмді ұйымдастырудың қауіпсіздік дең­гейі де өте жоғары дәрежеде, халықаралық аэропорттарында ол әлемдік нормаға толық сәйкес келеді, тіпті, қатаңдығы жағынан көптеген ірі аэропорттардан асып түсіп түсуде. Біз оны Каир аэропортында өз басы­мыздан кештік те. Мұндай жағдай Мысыр курорттарына барар жолда да орын алды. Сол себептен де қауіпсіздігіңіз әс­керилер тарапынан жан-жақты қамтамасыз етілген. Мұны біз Каирден Шармэш Шейхке автобуспен келер жолда толық байқадық. Суэц каналынан бастап курортқа дейін алты кордоннан тексеріліп өтесіз. Сондықтан, осында саяхатқа шыққан үлкен-кішінің ұтыл­масы анық. Өзіміз мұны Шармэш Шейх, Хургада, Марса-Матрух, Александрия ку­рорт­ты аймақтарында болғанда бір кісідей сезіндік.
Мысыр елінің әйгілі курорттарының бірі – Шармэш-Шейх, президент Хосни Мүбарактың құмды жерден тұрғызған курортты қаласы. Қазір ол ВBC класси­фикациясы бойынша әлемдегі төрт ең әдемі қалалардың тізіміне кіреді. Бұл кездейсоқ емес. Курорт ең мөлдір, су асты фаунасы мен флорасы бай, тұздылығы жағынан әлемде екінші орын алатын Қызыл теңіздің жағасында орналасқан. Мұнда туристерге барлық жағдайлар жасалған, қызмет көрсету деңгейі мейлінше жоғары. Бұл жерде туристік бизнестің дамуына негізінен Еуропа мемлекеттерінің ірі туристік компанияларының үлесі мол екендігі байқалады. Мәселен, біз итальяндық EdenVillage компаниясының Tamrabeachresort отелінде демалдық. Мұнда өзімізді құтты Италияда жүргендей сезіндік. Өйткені, барлық іс-шаралар тек итальян тілінде жүріп жатады. Оларға қарап, маған іштей алдағы уақытта біздің де қалталы азаматтарымыз өз қаржыларын осындай жобаларға бағыт­таса керемет болар еді деген ой келді.
Теңізінің суы емге шипа, ауасы тыны­сыңды тыңайтатын, күн сәулесі тәніңе қуат беретін бұл ерекше мекен-жайда аз уақыт болсақ та, біздер үлгі тұтарлық жайттардың бар екендігін аңғардық. Қызмет көрсетіп жүрген араб азаматтарының кімге болса да жоғары көңіл-күймен риясыз пейілдерін білдіріп жатулары, айналаңды жасыл-желекке көмкеріп қана қоймай, түрлі-түсті гүлдер мен ағаштарды күтушілердің орасан зор еңбекқорлығы, олардың әрқай­сысының өздерінің міндеттеріне үлкен жауапкершілікпен қараулары, ұқыптылығы ерекше тәнті етті. Үнемшілдік жағынан да тәлім аларлық тұстар баршылық. Мәселен, мұндағы тұтынылатын энергияның дені күн сәулесі қуатымен қамтылған. Бұл жақында Астанада өткен EXPO-2017 халықаралық ма­мандандырылған көрмесінің басты тақырыбы болғанын білеміз. Бір сөзбен айт­қанда, бұл жерде тәнге қуат алумен қатар көретін, көңілге мықтап түйетін, үйренетін жағдайлар баршылық.
Жыл он екі ай күн шуағына бөлене­тін Шармэш Шейх курортындағы дема­лыстан соң, көп ұзамай ақшағыл құмы табаныңды қыздыратын, теңізінің суы тәніңді балбыратып, самал желі жаның­ды жадырататын Жерорта теңізінің жаға­лауындағы Марса Матрухта болудың сәті түсті. Араб тілінен аударғанда Марса Матрух «қалдырылған якорь» дегенді білдіреді және ол Каир халқының, сондай-ақ, елдің орталық бөлігі тұрғындарының баратын ең танымал жазғы курорты екенін, мұнда Клеопатраның арнайы демалуға келіп, екіжартастың ортасындағы бухтадағы ван­насына шомылатыны туралы аңыздың барын атап өткен жөн. Қалай болғанда да, осындай тарихи жерге бірер уақыт табан тіреп, көп ұзамай, Марса Матрухтан 240 шақырым қашықтықта жатқан тарихы терең де тағылымды Александрияның Жерорта теңізінің жағалауындағы курортына келіп жеттік. Марса Матрух-Александрия автобанымен жүре отырып, трасса бойында бірінен соң бірі орналасқан қалаларды тамашалауға да мүмкіндік туды. Солардың арасында сыртқы көркем келбетімен қатар бізді өзінің ерекше атауымен қызықтырған ElAlamein (Екі әлем) қаласы болды.
Бұл қаланың Екі әлем аталуы жөнінде түрліше пайымдаулардың барын да білдік. Бір деректерге қарағанда, ертеректе мұнда үнемі өзара жаушылықта болған екі тайпа өмір сүріп, екі әлем құрған деседі. Ендігі бір уәж, екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіне қатысты айтылады. 1942 жылы Германия-Италия әскерлері Солтүстік Африкадағы ірі мұнай өндіріс орыны болып табылатын бұл қаланы басып алса, 1943 жылы ағылшын армиясы олардан азат етеді.Сөйтіп, қала екі әлемде өмір сүргендей күй кешеді. Ал, біздер болсақ, Сахара мен Жерорта теңізімен ұштасып жатқан бұл қаланы шөл мен көл секілді екі әлемнің тоғысқан жері деп қа­былдадық.
Келесі аялдаған жеріміз Каирдің оң­­түстік-шығысындағы 500 шақырым қа­­шықтықта орналасқан Қызыл теңіз жа­ғасындағы белгілі Хургада курорты болды.Хургада «шөл да­ла­дағы оазис» дегенді біл­діреді. Расында, курортқа жеткенге дейінгі аралықта өзіңмен жарысып отыратын шөл дала бір мезетте алдыңнан әдемі көрі­ністе жарқырап шыға келгенде, көңілің ерекше сезімге бөленеді. Иә, ХХ ғасырдың басындағы британдық мұнайшылардың шағын кентінен Хургада бүгінде туристер үшін жыл он екі ай бойы үздіксіз қызмет ететін гүлденген демалыс орнына айналып отыр.

Қазақстан – Мысыр
қарым-қатынасы туралы

Ширек ғасыр бұрын Қазақстан мен Мысыр арасында дипломатиялық қаты­нас орнығып, осы жылдардың ішінде біршама табыстарға қол жеткізілді. Мысыр елі еліміздің тәуелсіздігін ең бірінші мойын­даған мемлекеттердің қатарынан табылып, Қазақстанда өз өкілдігін ашқан араб елде­рінің алғашқысы болды. Біздің еліміз де араб әлеміндегі алғашқы елшілігін Каирде ашқан еді. Қазақстан – Мысыр қатынастары өз бастауларын 1992 жылдың 6 наурызынан алады. Арадағы қатынастардың құқықтық негізі Президент Н.Назарбаевтың 1993 жылғы Египет Араб Республикасына барған сапарының кезінде бірқатар келісімдерге қол қою арқылы қаланып, күрт дамығанын айтқан жөн. Екі елдің арасындағы дип­ло­матиялық қатынасты нығайтуға 2006 жылы қараша айында Египет Араб Рес­публикасының сол кездегі Президенті Хосни Мүбарактың Астанаға алғашқы және соңғы ресми сапары өзінің оң септігін ти­гізді. Сапар барысында Қазақстан мен Мысыр арасында дипломатиялық төлқұжат иелерін визадан босату туралы үкіметаралық келісіміне қол қойылды. Сондай-ақ, екі тарап Қазақстан мен Египет арасындағы тауар нарығының қол жетімділігіне қатысты және Қазақстанның Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіруі шеңберінде қызмет ету туралы келіссөздердің аяқталғаны туралы Хаттамаға, мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы екі елдің үкіметтері арасындағы өзара түсіністік меморандумына қол қойылды.
Біздің өзара рухани байланысымызды нығайтуға бұл игі әсерін тигізуде. Астана және Каир, сондай-ақ, Алматы мен Александрия бауырлас қалалар болып табылады. Мәдени-гуманитарлық қатынастарды айтқанда екі халықтың тарихын байланыстыратын Сұлтан аз-ЗаҺир Бейбарысты еске түсіреміз. 1998 жылы Каирдегі көрнекті көшелердің біріне әлемдік деңгейдегі классик, хакім Абайдың есімі берілсе, өткен жылы Нил өзені бойындағы әлемге әйгілі Батыс пен Шығыс шайырларының ескерткіштері ор­наласқан «Хуррия» (Бостандық) саяба­ғын­да қазақтың ұлы ақынына ескерткіш ашылды. Абай бабамыздың осы саябақтағы айтулы тұлғалардың көшін бастап тұрғанын көргенде бойымызды мақтаныш сезімі биледі.
Қазақстан студенттері Мысырдағы түрлі жоғары оқу орындарында білім алуда. Мұның да негізін Қазақстан Президенті қалады. Ол кісі 1993 жылы әл-Азһар университетіне Қазақстаннан 25 студент қабылдауын өтінген болатын. Сондай-ақ, Алматыда ислам орта­лығын ашу мәселесі қарастырылды. Мысыр елі ислам орталығын салу құрылысын қаржыландыратынын мәлімдегеннен кейін, бұл орталықтың алғашқы тасы 1993 жылы 16 маусымда қаланған еді. Сөйтіп, Алматыда  2001 жылы «Нұр-Мүбарак»  уни­верситеті ашылды. Айта кететін бір жайт, Каир қаласында мен осы университетте 10 жыл сабақ беріп, елімізге зайырлы біліммен сусындаған дәстүрлі ислам саласының білікті де білімді мамандарын дайындауға зор үлес қосқан, ал, бүгінгі күні әл-Азхар университетінің кафедра меңгерушісі, исламтану ғылымдарының докторы, профессор Ато Абдул-Атыйас-Синбати мырзамен жолығысып, әңгімелесудің реті келді. Терең білімді, кәсіби міндетіне адал, адами болмысы тартымды, әрі зиялы азамат, доктор Ато маған өте жақсы әсер қалдырды. Өз кезегінде ол да қазақ халқы жөнінде ағынан жарылып, ақ тілектерін жолдады, Қазақстанда өткізген жылдарын аса бір жылылықпен есіне алып отырды.
Екі ел арасындағы ұзақ та тиімді қа­тынастар орнықтыруда дипломаттар кор­пусының атқарар міндеттері орасан зор. Сон­дықтан, мен үшін Мысырдағы еліміздің Төтенше және Өкілетті Елшісі Арман Исағалиевпен Каир қаласының көрнекті ауданында орналасқан Қазақстан елшілігінде болған кездесуіміз өте маңызды және Мәңгілік пирамидалар еліне жасаған сапарымның әдемі түйіні болды. Арманның әкесі Қайрат Исағалиев дипломатиялық қызметінде өмірлік тәжірибесі мол, ел мүддесі жолында мейлінше еңбек сіңірген, кемел ойлап, кең пішетін, жақсылық жасаудан аянбайтын, сыйлы да ардақты азамат. Алматы халық шаруашылығы институты мен КСРО Дипломатиялық ака­демиясының түлегі. Әр жылдары әлемнің көптеген елдерінде қызмет атқара жүріп, Тәуелсіз Қазақстанның Сыртқы істер минис­трлігінің негізін қалауға белсене ара­ласқан азамат. Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қайраткері. Тәлімгер ретінде бірнеше шәкірттер дайындаған. Қазір «Сорбонна – Қазақстан» университетінің және Қазақ ұлттық педагогика университетінің профессоры. Болашақ дипломаттарға мейлінше қажет қазақ тілінде жазылған «Жарқырау» атты кітаптың авторы.
«Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» деген қазақтың ғибратты сөзі Арман Қайратұлына тікелей қатысты. Ол бүгін дипломатия ісінде әке жолын лайықты жалғастыруда. Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факуль­тетін бітірген. Мароккодағы Фес қаласының университеті мен Каирдегі дипломатиялық академияда оқыған. Өзінің еңбек жолын Мысыр еліндегі Қазақстанның елшілігінде бастап, кейін Сауд Аравиясы елшілігінде қызмет жасаған, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің сыртқы саясат Орталығының сектор меңгерушісі болған. 2014 жылы Дубайда және Солтүстік Эмиратта Қазақстан Республикасының бас консулы қызметіне тағайындалған.
Өте жылы кездесу барысында Арман Исағалиевтің терең білімді, кәсіби міндетіне адал, адами бейнесі тартымды, жоғары мәдениетті, көне мысырлық өркениетті жан-жақты білетін азамат екенін аңғардым. Сонымен бірге, қызмет барысында ұлттық намысын қамшылап, халық мүддесі жолында еңбек етіп жатқанынан да хабардар болдым. Елші міндетін мойнына алған азғантай ғана уақыт аралығында Арман Қайратұлы екі ел арасындағы қатынастың түйінді мәселелерін шешуге белсенді араласқаны байқалады. Атап айтқанда, Мысыр елінің инвестиция және халықаралық ынтымақтастық ми­нистрі С. Насермен кез­десуі нәтижесінде сұл­тан Бейбарыс ме­шітін қалпына келтіру жұмыстарын жеті айда бітіру жөнінде келісім жасалды, қа­зақстандық инвесторлар үшін өте тиімді Мысыр нарығы ашылды. Мысалы үшін, «KAZAKH INVEST»Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Мысыр индустрия және сауда министрлігі жанындағы индустрияны жаңғырту Орталығымен Келісімге қол қойып, соның нәтижесінде екі ел арасында өзара инвестиция тартуға және сауда айналымын өсіруге ыңғайлы жағдайлар туғызуға мүмкіндік берілді.
Қайрат Исағалиев тарапынан EXPO-2017 көрмесіне қатысты ауқымды жұмыстар ат­қарылды: біздің іскерлік байланыстарымыз барынша өсті, Мысыр елінің 100-ден астам компаниясы Астанаға сапар шегіп, қа­зақстандық және мысырлық компаниялар 156 миллион доллар құрайтын автоматизация және қашықтан бақылау жүйесінің бірлескен өндірісі туралы өзара Келісім жасады. Бұл жүйелер Қазақстанның және көрші Орталық Азия мемлекеттерінің ішкі қажеттілігін өтеу үшін өндірілетін болады. Біздің әріптестігіміз өте маңызды жаңартылатын энергетика саласында да кеңейтіледі. Қазір Мысырдың барлық электростанцияларының жартысына жуығы күн энергиясымен жұмыс істейді. Ал 30 пайыз энергия желдің күшімен өндіріледі. 2020 жылға қарай бұл цифрді 70 пайызға дейін көтеру жоспарланып отыр.
Мысыр елінің азаматтық авиация министрі Шериф Фатхимен кездесу бары­сында Қайрат Исағалиев мысырлық авиа­компаниялар тарапынан Қазақ еліне тікелей тұрақты авиарейстер ашу туралы мәселе көтерді және министр бұған түсіністікпен қарап, оны түпкілікті шешуге келісімін берді. Сондай-ақ, Арман Қайратұлы тіл оқу курсына келген алты қазақстандық студентті Мысыр құқық қорғау орындарымен келісе отырып Қазақстанға қайтаруға көп тер төкті.
Бір сөзбен айтқанда, Арман Исаға­лиевтің жанкешті еңбегінің арқасында мемлекетіміздің кез келген мәселесін оңтайлы шешуге қол жеткізетінімізге еш­бір күмәнім жоқ. Еліміздің осындай адал перзентіне халық пен ел мүддесі жолын­да табаныңыз таймасын, тағдыр бақыт бай­ласын дегім келеді.

Астана – Каир – Шармэш – Шейх-Хургада – Марса – Матрух–Александрия– Каир – Астана

Алдыңғы «
Келесі »