Бозаңға біткен боз жусан

  • 14.11.2017
  • 298 рет оқылды
  • 0

Ақындардың алпыс, жетпіс жылдығына арналған ме­рейтойлық мақалаларға көз қырымды көп сала бермеймін. Жү­ректің алтын қойнауын жарып шыққан ыстық ықыласпен емес, ағалық немесе інілік ізетін білдіру үшін ғана, қала­мының сиясын сығымдап қағазға түсірген, сыршыл сурет­кердің жұмбақ әлемі ашылмай қалған ондай дү­ниелерді оқығаннан ләззат таппайсың. Соған қарамастан, ақын биік белесті бағындырып, алпыстың асқар шыңына аяқ басқанда, «оның талантына қандай баға беріледі екен?» деген мағынадағы мазасыз сауалдар тыныштық бермей, көңіл құ­сымыздың шартарапты шарлайтыны бар.
Зады, мінезі алақұйын дауылдай, жүрекке жылы тиіп, жаныңды жылататын жырлары Табиғат-Ананың аузынан түсіп қалған сыңарындай, бүкіл болмыс-бітімі ақын болып жаратылғанымен, басы ноқтаға жиі маталып қала беретін асау тұлпарлардың алпысқа аман-есен жетуі – әдебиеттегі сирек кездесетін оқиға. Ендеше, ол туралы сөз, көп­шілік­ке арналатын мадақнамалардан өзгеше болуға тиіс. Тиын сұраған тіленшідей, жұрттың жылы лебізін күткен оқырманның құлағы елеңдеп, олар жөнінде айтылған әр сөйлемге қатты мән беретіні, содан болса керек.
Күні кеше ғана дүние салғанымен, бағзы заманда өмір сүрген аруақтардай болып көзімізге елестейтін. қазақ поэзиясының қырандары Әбділдә, Сырбай, Хамит, Ғафу, Төлеген, Қайнекей, Меңдекеш, Сағи, Тұманбай, Қадыр, Жұмекен, Мұқағали, Кеңшілік, Жұматай, Жарасқандар (қапелімде есіме түскендерін ғана айтып отырмын) жыр тұмасын тұнығынан шайқап жүрген дәуірде, ақынның межелі жасқа жетуі емес, жақсы туындысының жарық көруі, қазақ поэзиясының мерейлі мерекесіне айналатын. Қазір керісінше, шын құрметтеуге лайық таңғажайып туындылар азайып, есесіне, мән-мағынасыз мақтаулар мен той-томалақтар көбейді. Әр апта сайын әлдекімдердің поэзия кештері мен жыр жинақтарының тұсаукесері өтіп, басқосулар мен шәй ішулер ұйымдастырылып, Алматы мен Астана дүрілдеп тұр. Теледидарды ашып қалсаң да, радионы басып қалсаң да, не тындырғанын ешкім білмейтін біреулер жайында тұтас хабарлар түсіріліп, өлеңдері оқылып жатқан өнер құнсызданған өмірдің өліарасында, Жарасқан марқұмның «Футболистер сияқты жанкүйерге, Жыртып-жыртып бермей-ақ жейдемізді, Айналамыз таниды кейде бізді», деп, ақындықты өлермендікпен шатастырып алған даңғойқұмарларды ащы тілімен түйреген уытты сарказмы еріксіз есіме түседі. Ия, несін айтасыз, ақындардан халтурщиктер қатты қаймығатын заман еді ғой, ол.
Әй, бірақ, әдебиет – ардың иман та­разысы саналған ол алтын кезеңнің де, келмеске кеткеніне қай заман. Бүгін – бәрі басқаша. Қоғамдық сана да адам таны­мастай өзгерді. Жабайы нарық ең қа­сиетті киеміз сөз өнеріміздің де қадірін қашырып, кесапатын тигізіп үлгерді. Ар-ұяттың шекарасы жойылып, оның не екенін білмейтін, түсінбейтін, мүлде ұққысы келмейтін ұрпақ өсіп шықты. Кү­ні кеше ғана «малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деп келген намысты ел болсақ, енді бүгін айламызды асырып, мал үшін жанымыз бен арымызды сатып, амалдап күнін көретін дәрменсіз то­бырға айналдық. Ең қорқыныштысы, ұлттық рухымыздың айбыны болып келген әдебиетіміздің тұғыры шатқаяқтап, басынан бағы тайды. Мінезі бар таланттарға тасадан тас лақтырып, арын сатқан алаяқтарды аспанға көтере дәріптейтін, керек десеңіз, тіпті, алдаспанға теңеп табынатын мүшкіл хәлге жеттік. Өлермендік киелі өнеріміздің есігін теуіп кіріп, әдебиет – ардың ісі бо­лудан қалып, сөз патшалығымызды аз­ғын­дық жайлады. Битімізді салып жүріп өлермендікпен атақ аламыз, Абайдың да аруағынан ұялмай, алтынмен аптап, күміспен күптеп көптомдықтарымызды жарқыратып шығарамыз, бір-бірімізді асыра мақтаудан алдымызға жан салмай­мыз. Бүгінгі таңда пысықтығымен көзге түсіп, елге танылған қаламгерлердің омы­рауларында орден тағатын орын да қал­мады. Ақыр соңында бәріміз де «әдебиет – азшылықтың мүлкі» (Тұрсынжан) екенін мүлде ұмытып, әлеуметтік желіге жіпсіз байланып, халтурщиктермен жарысқа түсіп, қол жеткен табысымызбен (егер ол шынымен де бар болса, әңгіме басқа, әрине), жетістігімізбен мақтанатын, ал ,шын мәнісінде барын жоғалтып, қалайша әдебиеттің бір-бір міскініне айналып шыға келгенімізді байқамай да қалғандаймыз. Өнер азып-тозып, нағыз құндылықтар жоғалып, шындықты арзандатып жіберген айғайшыл өлеңдерден жүйкең тозып, жаның шаршаған өмірдің өліарасында әлеуметтік желімен де әуестенбейтін, газет бетінен көрінуге де, теледидарға түсуге де, баспасөзге сұхбат беруге де ұмтылмайтын, жүрегіндегі жалғыздығымен ғана үнсіз сырласып жүрген шын ақындарды іздеп, олардың жарияланбай жатқан, мұңға толы жырларын сағынасың.
Қуан дейдi, тойла дейдi ол маған,
Жоқ сияқты түк қайғым.
Алматыңыз толған думан, толған ән,
Бұл не дырду – ұқпаймын.
Қуан дейдi, тойла дейдi жұртқа ұсап,
Күнә дейдi жырламау.
Менiң жаным қырық жамау, қырық пышақ,
Оны бiлер кiм бар-ау?!
Поэзия адам жүрегінің сәулесі ғана емес, имандылық пен ізгіліктің, азаматтық пен адамгершіліктің – күретамыры, ұлттық болмыс-бітімнің айнадан көрінген – дидары. Өзіміз де сол ұлттың бір тамшы қаны болғандықтан, нағыз ақындардың (ақын болып ауырып жүргендердің емес) өлеңдерін оқығанымызда, жанымыздың шыңырауында жатқан рухымызбен сырласып, адамдық табиғатымызды қайта танып, жүрек қоймасында жасырынған асылдарымызды тауып, мәңгіліктің ауасымен тыныстағандай әсердің тәтті сиқыры бүкіл ерік-жігерімізді билеп алады емес пе. Көп жағдайда ақын­дардың шығармашылық өмірінің ұзаққа созылуы алған атақ-даңқына, артына қал­дырған жақсы атына, кейінгі ұрпаққа мирас етіп кеткен мұрасына ғана емес, ең алдымен, мәңгілік болмыстың құпиясын қаншалықты тани алғандығына байланысты болады. Адамзатқа әйгілі Данте «Құдайлық комедиясының» кіріспесінде жырлағандай, ол үшін ақын «Әке, Бала және Қасиетті Рух» атты үш әлемді үйлестіре алуы тиіс. Әй, бірақ, адамның болмысы күннен-күнге күрделене түскен ғасырда сол үштікті үйлестіру мүмкін бе, өзі? Әлде, жеңілтек сезімнен гөрі, ақылға көбірек жүгінетін Гетенің басын шайқап, «Бұл үштікті үй­лестіру мүмкін емес» (Эккерманға жазған хатында) деп, Дантені мазақтағандай болып, күле қарауының қисыны бар ма екен.? Жо, жо, жоқ. Телегей-теңіздей біліміне мың жерден тәнті болып, дариядай даналығына жүз жерден басымды игеніммен, Гетемен үзілді-кесілді келіспеймін. Үйлеспейтінді – үйлестіріп, жараспайтынды – жарастыра алмаса, оның несі ақын? Ақын – Алланың жұмбақ жаратылысы, уақыт ағымына бағынбай, ақыр соңында оны да жеңіп шығып, өзгеше әлем туғызатын – жасампаз құдірет, екі дүниенің арасын жалғап тұрған – алтын көпір.
Көзі тірі қазақ ақындарының ішінде мәң­гілікпен сырласа отырып, келер ұрпақтың жүрегіне де жол тапқан, Дантенің сөзімен айтқанда ««Әке, Бала және Қасиетті Рухты» үйлестіріп, поэзияны фәни мен бақидың алтын көпіріне айналдыра алған сондай бір ірі суреткер бар болса, сөз жоқ, ол таланттың – Есенғали Раушанов екеніне мен еш күмәнданбаймын.
Көктем кешiктi
Көңiл жабырқау. Көктайғақ
Көше талдары көкке қол жайған көп бейбақ
Көп керек емес Алматыға да, маған да
Сәл ғана мейiрiм, аз ғана шуақ жетпейдi-ақ.
Шаршаңқы көңiл, шашыраған ой тарыдай,
Өтер ме екенбiз жылылыққа бiр жарымай.
Қадекең кеттi, Тұмағаң кеттi өткен жыл,
Түсiм болса екен осының бәрi, а, құдай…
Ақын көңілі – жараланғыш. Шын та­лант қандай қоғамда өмір сүрсе де, қандай формациялық алмасулар заманының ала­сапыранына тап келсе де, тіпті, Құнанбайдың баласы Абайдай не ішіп, не киерін ойламаған байдың ұлы болып туса да, немесе көзі тірі­сінде бүкіл атақтың бәрін иеленіп, даңқ­тың ең биік тұғырына көтерілген неміс Гете мен испан Кальдерондай айдай әлемге танылса да, өз жанын кеміріп, басын тауға да, тасқа да соғып, өмірлеріне риза болмай өтеді. Жұрттың бәрі тобырға қызмет еткенде, на­ғыз шайырлар ағысқа қарсы жүзіп, бұр­шақ­тай жауған әділетсіздіктің оғына жаны жара­ланып, өнердегі арзандыққа қарсы күресіп, жанартаудай атылған өз жүрегінің отына өртеніп өледі.
Қырық күн болды қыс кіргелі,
Ауыр нәубет жетті елге.
Кетіп қалды құстың көбі
Басқа мемлекеттерге.
Ода оқиды қарға таңнан
Мәртебелі кысты ән ғып:
«Мен хан едім арғы атамнан,
Құл еді, – деп, – құс барлық».
Айтсын қарға, десін құзғын,
Сайран етіп кең ішін.
Ерте кеткен есіл күздің
Қырқы бүгін мен үшін.
Қу тіршілікте ақынның дұшпаны көп болғанымен, жалғыз досы – жүрегі ғана. Жалғыз сенері – халық, жалғыз сыйынары – Құдай, жалғыз перзенті – өлең. Қалғанының бәрі де жалған дүниенің – жалқы алданышы.
Ақын болуды да біреулер бақытқа теңеп жүр-ау, адасып. Керісінше, Алланың мына жарық дүниедегі ең бақытсыз бейбағы да ақын емес пе екен, осы? Сыздаған бүкіл жараның аузында жүріп, жалғыздықтан басқа досыңның болмай, жүрегіңді өлеңмен ғана жұбату да бақыт болып па екен, мына фәниде? Жұрттың кейде ашықтан-ашық кінәлағанына қарамастан, осы тұрғыдан алғанда, мен Есенғали ағамның әйелдерге ақындықты қимаған көңілін түсінгендей боламын. Жо, жоқ, әйелдер өлеңдерін жаза берсін, бірақ нағыз ақындық әйелдер түсуге тиіс тозақ емес.
Тасырқағанда тас жауған,
Тау болды ұйықтар айлағым.
Қасқырдан анау,
Қас жаудан
Тартып ап апан жайладым.
Жетіп бір құлан қайырып,
Желкеден алдым жеміт деп.
Тағыдан олжа айырып,
Тарпаңды міндім көлік деп.
Батырша күліп түрегеп,
Отырдым жылап ақынша.
Жанымды тостым «міне» деп,
Жолбарыс-тағдыр атылса.
Өлеңді оқи отырып, бір жағынан, ақын­­ның өжеттігіне ырза боласың, екінші жа­ғынан, садақша атылған жолбарыс-тағдырға жанын тосқан оны аяйсың. Есенғалидың бүкіл ақындық кредосы, өмірлік ұстанымы, еш­кімге ұқсамайтын дара мінезі өте сәтті көрі­ніс тапқан осы туындыны оқып шыққан соң ақындық пен жалғыздықтың бір ұғым екеніне тағы бір мәрте көзің жете түскендей болады.
Суықта суыр асым боп,
Сусыным бастым мұзбенен.
Жатыры мұның асыл деп,
Жандастым қабылан қызбенен.
Қасқайып өстім шыңымда
Қара да беріш қайың боп,
Ендігі қалған ғұмырда.
Езілетұғын жайым жоқ.
Ақыры барып жатам бір,
Сен айтпа маған тамұқты.
Тапқан екенсің, а, тағдыр
Талқыңа көнер ғаріпті.
Кетеді шәһит сорласа,
Несі бар қорқар заты ұлдың,
Ып-ыстық жасы болмаса
Ана бір қабылан қатынның.
«Адамның жалғыздық шынжырымен кісенделіп, өлім жазасына кесілген» пенде екенін, ұмытпасам – Толстой айтты. Дегенмен, осы тұрғыдан бағаласақ, әлемдегі ең бақытты адам да ақын болып шықпай ма, қалай? Себебі, ұлы жаны бар ақын қарапайым адамның басын жиі-жиі мұнарлайтын пенделік жалғыздықты аса қатты сезіне қоймайды. Ол үшін фәни мен бақидың арасында ешқандай шекара жоқ. Артына мәңгі өлмейтін сөзін қалдырып кеткен ұлылардың бәрі де оның – сырластары, еш уақытта сатып кетпейтін, қателігін түсінетін, кемшілігін бетіне баспай, кешіре білетін – адал достары. Нұрлары пейіштен күлімсіреген, рухтары мәңгі жасайтын олардың бәрі де күні кеше ғана дәл осы Есенғалидай қателескен, адасқан, тіршіліктен тірек таба алмай, Жаратушыға мұңын шағып, кешірім сұрап жалбарынып, ақыр соңында туған жерінің топырағын жамылып, тыныштық тапқан – абзал жандар.
Несiн қазбаладың,
Өшкем де жоқ, жоқ және маздағаным,
Қателердi жасауға мен жасаған
Бiр кiсiнiң ғұмыры аз, қарағым.
Ақталам не деп бүгiн,
Бақа уайымым көп болды, бөлек мұңым.
Жаңсағым мен мiнiмдi түзетерге,
Мен бiлмеймiн қанша өмiр керектiгiн.
Сатпаған құстар ғана,
Әсiресе, бозторғай ұшқан дара.
Менiң ессiздiктерiмдi қайталауды
Тiлемеймiн дос түгiл дұшпанға да.
Көлден өтiп, көлденең шөлден өтiп,
Өлмегенмен өзiңдi өлмелi етiп,
Ел жадынан тезiрек ұмытылсаң,
Ешкiм бiлмес, танымас жерге кетiп.
Бiзде нендей алысқа самғар күш бар,
Бәрi өтпелi – арзу, ой, арман құштар.
Қалатыны түк те емес – бiр құлпытас,
Қонып ұшар қанаты талған құстар.
Ақын Алланың жердегі елесі іспетті бол­ғандықтан, өз заманынан озық туып, ол да жаратушысының кебін киіп, жалғыздыққа ұшырап, жалқы жанын азаптың тозағына салады. Талантты ақындардың поэзиясы уақыт өткеннен кейін ғана бағаланып жататыны – өмір заңдылығы. Басқаша сөзбен айтсақ, ақын шығармашылығына – ұлы мәртебелі уақыт қана төреші бола алады. Кезінде «Аэрокондинционный кошмар» деген эсселер жинағы арқылы Америкадағы тобырлық құндылықты әшкерелеп, «тағ­дыры ұрланған ұрпақтың» (Г.Стаин) сана­сына қатты әсер еткен белгілі жазушы Генри Миллер француздың символист ақыны Артюр Рембо туралы этюдінде (Иностранная литература, №10, 1992 жыл) «өркениет адамының поэзиясын тек белгілі адамдар ғана түсіне алады» деп, қамығыпты. Елу, мүмкін, жүз жылдан кейін халықтың мәдениеті көтеріліп, сондай бір заман туа қалса, шынайы поэзия да өнерді жан-тәнімен сүйіп, бойтұмардай қастерлеген белгілі адамдардың жүрегінде жатталып, көңілінде қатталып, өнердің шарықтау кезеңінде қайта жаңғырады. Қазақ топырағына ондай заман келгенге дейін, әлі қаншама талантты ақын тағдырының түсінбестіктің тас қамалына соғылары бір Аллаға ғана аян.
Өз дәуірінде Пушкин де Ресейдегі бі­рін­­­ші ақын болып саналмағаны әдебиет та­ри­хынан белгілі мысал. Қайталанбас талант­тың қа­сіретті қазасынан кейін де «Алек­сандр Сергейұлын асыра мақтап жібер­ген жоқпыз ба?» сынды газет беттерінде күң­кілдер жа­­рияланған. Көптеген сыншылар, тіпті, Пуш­киннің әлемдік әдебиеттегі алатын биік орнын мойындағысы келмей, бұл­тақтаған. Ұлы жазушы Феодор Михайлович Достоевскийдің Пушкин туралы әйгілі сөзінен кейін ғана, мұндай алып-қашпа әңгімелердің аяғы құрдымға кете бастады. Достоевский өз мақаласында Пушкиннің ұлы ақын ғана емес, сонымен қатар, орыс поэзиясындағы пайғамбарлық құбылыс екенін де дәлелдеп берді. Әдебиет зерттеу­шілері Шекспирдің өз уақытында қадірі болмаған деген болжам айтады. Расында да ғажайып суреткердің көзі тірі кезінде бірде-бір портретінің салынбауы, осындай ойға еріксіз жетелейді. Киплинг қайтыс бол­ғанда, оны жерлеуге ағылшынның бірде-бір атақты жазушысы келмепті. Жиыр­­масыншы ғасырдың басында орыстың Д.Заславский атты сыншысымағы Осип Ман­дельштамның поэзиясына «әдебиеттегі ұрлық» деп жала жапты. Ал, 1958 жылы жазған бір мақаласында ол Борис Пастернак сияқты талантты ақынды да «әдебиеттің арам шөбі» деп сынап, жүрегін жаралады. Күні кеше ғана дүниеден құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан ақын, әрі әнші Владимир Высоцкийдің бір ауыз өлеңін басудан тайсақтаған орыс басылымдары, ол өлгеннен кейін өмірі жайлы естеліктерді бұрқыратып беріп жатты. Айта берсек көп. Мұндай мысалдарды қазақ әдебиетінен де көптеп келтіре аламыз.
Бірақ, ия бірақ, талантты ақынды көзі тірісінде бағалай алғанға не жетсін, шір­кін. Ондай мәдениетке қол жеткізу үшін қазақ қоғамына әлі талай уақыт керек-ау, шамасы. Әсіресе, дәл бүгінгідей құлдық сана бүкіл ерік-жігерімізді билеп алып, әркім өз ауылының ақындарын ғана асыра дәріптейтін қоғамда, оны бүгін, ертең жүзе­ге асыру мүмкін еместей болып көрі­неді, маған. Сол себептен де, Есенғали Рау­­шановтай қазақ поэзиясының классигі ал­пыс­қа келіп жатқанда, бір ауыз жылы лебіз біл­діруге де жарамаған, ең құрығанда, Астана төрін­де ақын кешінің қалай өткені туралы ақпаратты да беруге қимаған басылымдарға, өк­пелеудің реті де, жөні де жоқ. Бұл мына біздің, яғни, халық екенін ұмытып, тобырға айналып кеткен, жаман ағаларына телміріп, көзін сатып жүріп, мансапқа қолы жеткен, бүгінгі ұрпақтың – бейшара болмысы. Дәл осындай менсінбеушілік Есенғали твор­чествосына берілген баға болып табыл­майды. Ақынның жеке басын, мінезін жек көруге, ұнатпауға, арқасына шапан жап­пауға толық қақыңыз бар. Бірақ, халыққа танылған, әдеби орта мойындаған классиктің талантын сыйламау – барып тұрған надан­дық, Есенғалиға емес, қазақ өлеңіне жасалған қиянат. Ақиқатында Есенғали әдебиетімізге алпысыншы жылдардан кейін келген соқталы буынның жаңалығын бойына сі­ңіре отырып, қазақ поэзиясын өзгеше түр­лендірген, дүниетанымын кеңейтіп, өле­ңінің рухымен халықтың бойындағы өліп бара жатқан ұлттық сезімдерін қайта тірілткен – қайталанбайтын құбылыс. Біз аспанға қарап, жаңалық ашып отырған жоқпыз. Мұндай пікірді бізге дейін де ұлттық әде­бие­тіміздің классигі Қадыр Мырза-Әлі де шегелеп тұрып айтып кеткен. Бұрын-соңды естімеген болсаңыз, есіңізге салайын: «ХХ ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап, күні бүгінге дейін қазақ өлеңіне толқын-толқын боп жамырай келіп жатқан жас лириктерге толайым қозғау салып, соңынан шәкірт ерткен, өз мектебін ашқан шайырлар бізде көп емес. Қазақ поэ­зиясының классигі Есенғали Раушанов сол аз шоғырдан – санаулылар санатынан.
Бұл орайда оны мәдениеті зор ұлттық ақын деуге болады. Мәселе қара өлеңге «шекпен жабуда» емес. Алдымен ұлттық бояуы, нәр-нақышы, суреткерлік сыр-сипаты дәстүрлі фольклорлық, жыраулық қайнарлардан қайнап шығып, әлем әде­биеті үдерістерімен әдемі қойындаса келіп, әрі қазақтың, әрі адамзаттық асыл сөз сомдау даралығында».

***
Ақын әдебиетке үйрену үшін ғана кел­мейді. Үйрену үшін де, үйрету үшін де келеді. Үйрену үшін ғана келетіндер әдетте өлеңде өз қолтаңбасын таныта алмай өтеді. Шығармашылық шеберліктің жазу мәнері төселе келе шыңдала түсетініне қарамастан, өлең өлкесіндегі балауса үні енді-енді ес­ті­ле бастаған жас ақынның тырнақалды туын­дыларынан-ақ, оның үйренгісі келген жаңалығы мен үйреткісі келген тағылымын жазбай тануға болады. Әрине, әдебиеттегі сан-алуан мектептің соқпағынан өтіп, кейін­нен қалыптасатын ақындар да толып жатыр. Әйткенмен, сеңдей сапырылысқан ондай ақындардың ішінен санада сілкініс туғызып, топты жарып, тыңнан түрен салатындар шыға қоймайды. Шын тұлпардың мінезі алғашқы шабысынан-ақ байқалады. Қа­зақ поэзиясында «ә» дегеннен-ақ өзіне тән қолтаңбасымен танылып, еліктеп-солық­таумен ауырмай, өнердегі ешкімге ұқ­самайтын дара жолын омбылап сала келген сондай сирек таланттардың бірі –Есенғали Раушанов екені дау туғызбайды. Ақынның жаңа түскен келіндей, қазақ әдебиетінің босағасынан аттауға рұқсат алған тырнақалды туындыларының өзінде, көркемдігіне көңілің тойып, көз сүйсінетін тосын суреттер мен жүректі елжіретіп жіберетін жылы ағыс мол еді.

***
Желін қап тартқан інгендер,
Ботасын іздеп боздайтын,
Түтіндік салған түндерде,
Түйекеш бір сыр қозғайтын.

***
Ақ бұлақ ақпаушы еді тулап алмай,
Ақ маңдай жатпаушы еді суға бармай.
Күркіреп бұлттар желер әрлі-берлі,
Жараған жазғытұрым буралардай.

***
Сырласқысы келмейді-ау, сірә тұрып,
Сәйкі бұлақ күледі бұратылып.
Құс жолы анау құдаша есіп берген,
Ақ шылбырдай созылған шұбатылып.

***
Ай нұрына шомылған қарашаш-түн,
Тас үңгірдің қойнына кетті кіріп.

***
Көк мұз қатып сабаудай кірпігінде,
Алысқанын тығардай құртып інге.
Келді ауылға сары бура күндік жерден,
Ақ боранды дәлудің бір түнінде.
(Бастау)

Есенғалидың тұңғыш жыр жинағының кез-келген жерінен, теңіз түбінде жатқан маржандай қылып теріп алған осы өлең жол­дары-ақ, әдебиеттегі жылт ете қалған жаңалық атаулының бәріне де құлақ түріп жүрген мына біздерге, ұлттық поэзиямызға, тіл байлығы мол, көркемдік әлемі бай нағыз жыр жампозының келгенін қапысыз танытты. Сонау сексенінші жылдардың орта шенінде арман қуып, Алматыға келіп, таланымызға университетке оқуға түсу бақыты бұйырған бізді Есенғали жырлары тау суындай таза да, табиғи қасиетімен баурады. Ақынның алғашқы лирикалық өлеңдерінен-ақ, ізгілікке ынтызар жанның жүрек лүпілін сезіп, жырларын құныға оқып, ашыған көже ішкендей шөлімізді қандырып едік; табиғат жырларына сүйсініп, Ф.Бэконның «Ақиқатты тұрақты болып табылмайтын уақыттан емес, мәңгілік болып қалатын табиғаттан іздеген ләзім» деген сөздерінің шындық екеніне иланғанбыз. Тілінің бояуы қырғауылдың қанатындай құлпырып тұрған ақын, табиғаттың сүгіретін салып қана қоймай, оған жан бітірді.
Көбелек қар,
Сенің күнің туды енді, себелеп қал.
Орағытам алды-артын Құбақанмен.
Қыстау жақта шұбырып келеді аттар.
Қарауытқан жалпақ дөң алыс мүлде,
Сары желіске ауысып шабыс бірде,
Шалыс-ұйқас тәрізді шатыр іздер
Қалып жатыр жосылып қар үстінде.
Аттан түсе айырды қолыма алам,
Ұйпалапты-ау түндегі долы боран.
Үрпиеді қыз емшек шөмелелер
Шаштары қобыраған…
Әлбетте, Есенғалидың да ақын болып қалыптасуына, кемелденіп, талантының толысуына игі ықпалын тигізген сурет­керлер аз емес. Жүрек қылын шерте­тін туын­­дыларындағы жаңашылдықты көңі­лі­мізге тоқи отырып, біз одан Ілияс пен Мағ­жан жырларындағы еркіндіктің, Қасым таби­ғатындағы қайсарлықтың, Сырбай ғазалдарындағы жылылықтың, Мұқағалиға тән шынайылықтың, Жұмекендегі тамырын тереңге жіберген ойшылдықтың, Ғафу, Өтежан мен Қадырда жиі ұшырайтын тап­қырлықтың, жыр кестесін сұлу өретін Қуандықтағы шеберліктің, Сағи лири­ка­сындағы биязылықтың, Тұманбай таби­ғатында тұнып тұрған сыршылдықтың оның поэзиясына игі әсерін тигізбей қалмағанын анық көреміз. Әсіресе, ұлттық тіл бояуын түрлендіруде Есенғалидың өзінен бір ит­жей­дені бұрынырақ тоздырған Кеңшілік пен Жұматай поэзиясынан мол тағылым алғаны тайға таңба басқандай көрініп тұр. Дегенмен, Есенғали ұлтымыздың қадау-қадау ақындарынан көп дүниені үйренгенімен, олардың көлеңкесінде қалып қойған жоқ, өлеңдегі өз жолын таба біліп, қазақ поэзиясына көп жаңалық әкелді, Батыс пен Шығыстың ұлы шайырларымен сөз жарыстыра отырып, адамзаттық ойдың кеңістігіне де шығып, өнердегі өз биі­гін жасады. Белгілі әдебиет зерттеушісі Сауытбек Абдрахманов бір сөзінде Есен­ға­лидың лирикалық туындыларының ішкі қуатын күшейтіп, оны өзгелерден дара­ландырып, шоқтығын биік етіп тұра­тын жырларындағы осы бір қасиеттің, ақын­­ның тырнақалды туындыларының бірі «Шық­тың өлуі» өлеңінен-ақ байқалғанын жақсы айтқан болатын. «Әр нәрсені өзінің атымен атаған жөн десек, табиғатпен туыстықтың адам жанын тазартар құдірет-қуатын келісті көрсетіп, Ғалам­ның шетсіз-шексіз кеңістігіндегі кез-кел­ген нәрсенің өзіне тән қасиеті, өзіне тән қасіреті боларын тамылжытып тұрып таны­татын мұндай жырлар Уитменнің «Шөп жапырақтарындағы» ғажайып суреттерден бір де кем түспейтініне дес берер едік».
Есенғали қазақтың қара өлеңі мен халқымыздың ғасырлар бойы тірнектеп жинаған сөз байлығы тұнып тұрған фольклорын да өз туындыларында ұтымды пайдаланды. Жыраулар поэзиясындағы, кесек турайтын көркем жырдың келісті мақамын да, ол емін-еркін игеріп әкетті.
Уа, жалт еткен, жалт еткен!
Жай түссе де жасқанбас
Қарағай – менің қарт әкем
Қарағайға қарсы біткен сан бұтақ
Алағайда сыр бермейтін мәрт екен.
Мен айтайын мәрттігін,
Көне Алматы бойында,
Көркем Медеу ойында,
Көк-даңғыра қақты күн,
Көл-дария ғып шат түбін,
Қарлы нөсер құйғанда,
Қара оранды ақ түнім.
Шөгіп қалған нарбас тау,
Нарбас таудың алдында
Меймілдене толды астау.
Қарағайға қарасам,
Су тигізбей тамырына көп бұтақ,
Көлдеңдеп жазылды.
Бұтақ демей,,
Қанат десем болмас па-ау?
Нөсер өтті,
бұл жерге
не кетпеген, не келіп.
Арысым тұр беткейде,
Тамыры сау –
Қысы-жазы көгеріп.
…Бері таман келелік,
Қарындас жұрт – қара орман,
Қарағайдай қалың өскен ел едік,
Тамырыңды көрелік…
Ақын бір сөзінде «Шал мен кемпірдің баласымын. Жаңашылдыққа аса құмар емеспін. Сүйіп оқитыным – ертегі мен фоль­клор» деген екен. Дей тұрсақ та, Есен­­ғали ұлттық поэзиямыздың тұнығы лайлан­баған қайнарынан қанып ішіп, оған келісті көрік беріп, оны әлем әдебиетінің поэзиясымен әдемі ұштастыра білген – нағыз жаңашыл ақын. Ақын өлеңдеріндегі сана­ның ағысы да асау толқындардың қуатты екпініндей күшті болып келеді. Оқығаны мен көңілге тоқығаны мол, қазақтың тағы бір талантты шайыры Байбота Қошым-Ноғайдың дәл байқағанындай, ежелгі эпос пен жыраулық поэзияның тұмадай тұнық кәусарынан нәр алып, ұлттық үрдіске қайтадан бетімізді бұрған Есенғалидың таңғажайып туындылары көркемдігі және көтерген проблемаларының ауқымдылығы, мәңгілігі, көкейкестілігі жағынан әлем ақындарының алтын қорға лайық жыр жиһаздарымен шоқтық таластырып, бір сапта тұр. Ендеше, Данте әулиелікпен айтқа­нымен, Гете мойындамай қойған «Әке, Бала және Қасиетті Рух» үштігін үйлестіру, яғни, көнені де ұмытпай, бүгінгі күннің де рухын түсініп, келешекпен де сырласып, мәңгіліктің сәулесіне айналу ақындардың пешенесіне жазылған тағдыры болып шықты ғой.
Бозаңға біткен боз жусан,
Боқыраудың күні болғанда
Бозарып барып солар ма,
Мен бозаңды құшып көз жұмсам,
Қара жер қойның толар ма?!
Сөгіле қыстың көбесі
Желкілдеп шығар көк өскін,
Мен неге, тәңірім, неге осы
Боз жусан ғұрлы емеспін.
Жүрегім толы өлеңмен,
Ояна алмаймын ақ таңда,
Бұлттар мен жылдар төбемнен,
Бұрқырай көшіп жатқанда.
Ақын лирикалық туындыларында халық­тық фольклорымызға тән әдіспен табиғаттың жалпы көрінісінен бастап, жұмыр басты пенденің жалқы мұңына қарай ойысып, адам баласының бәріне ортақ жалғыздық тақырыбын жеріне жеткізіп жырлайды.
Көлегейлеп тау жақтан тылсым бұққан,
Қара қыжым пердені кім сырғытқан?
Алабұртып аспан тұр тас төбемде,
Хабар айтып реңі бір сұмдықтан.
Бұлттар ма анау, түтін бе будақталған,
Неден үрікті мына өзен тулап таңнан?
Әкем келді тағы да көз алдыма
Әлдеқашан сүйегі қурап қалған.
Көңілім қайтты қауыстан, қарашадан,
Қайтқан көңіл бұйығы, аласа әмән.
«Мен арманда қалдым ғой, білесің бе,
Не көрсеттім перзент боп, ана саған?
Ауырсынып тау жатыр қарашаны,
Қарашаға не десем жарасады?
Тұрып алды зіл аспан тас төбемде,
Менде қандай бар еді алашағы.
Неге қату қабағы салбыраған,
Мүмкін, айтар арызы бар-ды маған.
Неге мені тым жиі шақырады
Қара қыжым пердеден арғы ғалам?
Бір байқағанымыз, табиғаттың кез-келген көрінісі Есенғалидың ақындық жү­­ре­гін жұбата алмай, қайта керісінше, жаңа маусымның келуі жанын жылатып, жалғыздық дертін жамап беріп, оны қайғының тұңғиығына батыра түседі. Тіпті, қыстың аяқталып, көктемнің келуі де ақын көңі­ліндегі жалғыздықтың мұз-қайғысын еріте алмайды.
Есік алды беткей-ді,
Беткей жатқан көктем әнін тыңдаймын.
Қармен бірге еріп неге кетпейді
Мұң-қайғым.
Артта қалды ақ қыс емес,
қара қыс,
Шыныменен көктем келді, жайнап қыр
Тереземнің дәл алдынд да бала құс
Сайрап тұр.
Қара боран,
Қатыгез жел,
Сірі қар,
Кешіп өттік біз барын.
Шүкір, әлі таусылмаған түрі бар.
Тұз-дәмім….
Асылы, табиғат пен жалғыздық Есенғали поэзиясының – ең басты тақырыбы, жүрегін жарып шыққан жырларының – жанды күретамыры. Соңғы жиырма жылдың ішінде туған ақын өлеңдерінде, бұл та­қы­рып күрделеніп, тамыры тереңдей түседі. Жалғыздық тақырыбын ол жапон ақын­дары Сайге мен Баселардай табиғатпен байланыстыра қарастырады. Әсіресе, күз мезгіліне өлердей ғашық ақын, барлық уақытта онымен ең бір ардақты адамын жоғалтқан мұңлықтай қимай-қимай қош­тасады. Осы тұрғыдан алғанда, Есенғали лирикасы күз мезгілін ерекше сүйген қытай шайыры Ли Боның поэзиясымен қатты үндеседі. Мысалы, Ли Боның өлеңдерінде күз сөзі 312 рет кездеседі, Есенғалида да күз мезгіліне қатысты өлеңдер өте көп. Екі ақынның өлеңдерінде де күз – жал­ғыздықтың символы.
Келіп тұрмын өзім өскен шағылға,
Қоңыр күз бар жанымда.
Бұл ғаламда мені ұғатын – Күз ғана,
Шешем бар-тын, жатыр әне ол қабырда.
Қоңыр күзім, үндемейді қу маңдай,
Өңір дей ме бұл қандай?
Мына жарық дүниеде ол дағы.
Досы жоғын енді біліп тұрғандай.
«Ол дағы дәл мендей болған сорлы екен».
Неге суық кешегі жаз кең-мекен?
Өмір – өте көңілсіз той,
Жоқ, әлде
Осы тойдан кетіп қалған жөн бе екен.
Лирикалық қаһарманның қас-қағым сәттік көңіл-күйі кестеленген осы туынды да, басы артық дәнеңе жоқ. Бар шеберлігін салып күздің көңілсіз көрінісін суреттеуге де ақын аса қатты ұмтыла қоймайды. Бәрі сондай қарапайым – көңілге жақын, көзге таныс сүгіреттер. Сәтті таңдалған бірнеше деталь арқылы аяқталып қалған күз мезгілінің соңғы салқыны денемізді тоңдырғандай күйдің әсеріне бөлейді. Желдің жоқтығы анық байқалып, табиғат тыныштықтың мұңына батып, ақынның осы бір жерге жалғыздықтан жалығып, жүрегін жандырып бара жатқан сағынышын басу үшін келгенін түсінгендейсің.
Қимасам да, қиянатқа залалға еш,
Қоңыр күзім айтсам ба екен, саған қош.
Сосын қашан дос табасың, жазған-ау.
Сатпайтын дос, адал дос.
Дөңайбат бұлт, дөң асқан жол,
Дөкір күз,
Үнсіз ойда отырмыз.
Иығыма басын үнсіз сүйейді,
Жетім күз.
Оқырманның қиялдануыүшін де өлең­де ойлануға мұрша беретін кеңістік қал­дырылған. Лирикалық қаһарманмен бірге ол да күз маусымы алып келген мұңлы сезімнің құшағына құлап, жалғыздыққа жаны бейіл ақын қайғысына ортақтаса алады. Табиғат мезгілінің қас-қағым сәттік құбылысынан үлкен дүниені көріп, мәңгіліктің жұмбағын іздеу – Есенғали поэ­зиясының басты концепциясы. Мұндай өлеңдердің негізінде жапон ақыны Басе өмірге әкелген «саби» эстетикалық қағидаты жатыр. Бұл ұғымның сөзбе-сөз аудармасы жоқ. Оның бастапқы кездегі мағынасы – «жалғыздықтың қайғысы» дегенді білдіреді. «Саби» сұлулықтың ерекше концепциясы ретінде Орта ғасырдағы жапон өнерінің барлық стилін белгілеп берді. Сұлулық бұл қағидатқа сай меңзеуге бейім, күрделі ұғымдарды қарапайым, жарасымды формамен жеткізуге тырысады.
Есенғали поэзиясында күз фон ретінде ғана емес, айналадағы болып жатқан оқиғалардың қатысушысы, лирикалық қаһарманның қайғысына ортақтасып, тіпті, оны жұбатып, әрекет ете алатын жанды бейне ретінде көрініс табады. Шығыс классиктерінің жыр жауһарларымен таныс оқырман ретінде, ақынға мұндай жыр жауһарларды туғызуға қытай классигі Ду Фудың «Күзгі өлеңдерінің» де қатты ықпалы тигенін сезгендей боламын. Содан соң барып, Есенғалидың жаңа жылды неге күзден бастағысы келетінінің себебін түсіне бастаймын.
Бірінші қаңтар – жаңа жыл емес,
Жаңа жыл емес наурыз да.
Жаңа жыл күзден басталуы керек, меніңше.
Несі таң екен аспаннан ақ қар төгілсе.
Несі таң екен қылтиып көк шөп көрінсе?
Жаңа жыл күзден басталуы керек, меніңше.
Күл, мейлің,
Несі таң дерсің бұзылып кенет
нілдей күн,
Еңсені басса зілдей мұң,
Жаңа жыл күзден басталуы керек, алайда,
Ал, неге күзден басталу керек?! Білмеймін.
«Құдайым кешіре гөр. Поэзия ақымақтау болуға тиіс», деген екен орыс әдебиетінің пайғамбары Пушкин, жалғыздықтан жаны қиналғанда, Жаратушыға мұңын шағып. Барлық уақытта да ақын ақылға сыймайтын көбелек сезімдерді жырлап, екі жерде екінің төрт емес екенін дәлелдеумен келеді. Әрине, жаңа жылдың күзден басталмайтыны әмбеге аян ақиқат. Алайда дәл осындай қисынға келмейтін ой ұшқыны Есенғалидың аузынан шыққанда, күзге өлердей ғашық ақынға жақтасқың келіп, жаңа жылдың күзден басталмағанына өкінгендей боласың.
Ақын үшін күз мезгілі табиғатпен үй­ле­сімділік тапқан жалғыздықтың ны­шаны ғана емес, адамның өтіп бара жатқан саналы ғұмырының ең соңғы символдық көрінісі де. Күз мезгілімен бірге адамның өмірін гүлдендіріп, жылу сыйлаған тіршілік аяқталады. Міне, осыдан кейін жанды жерін ұстара тіліп кеткендей қиналған Есен­ғалидың күзбен қоштасқысы келмеген сезі­міне қалайша аяушылықпен қарамайсың.
Қыпша бел өзен жақта анау
Сайрайды бұлбұл тіл безеп.
Қыламықтаған ақ қар-ау,
Кідіре тұршы бір мезет.
Қайтпайтын шақты сағынып,
Қайғысын шегіп арманның,
Қараша қарын жамылып,
Қамығып әнге салған кім?
Жел ме екен жазды еске алып,
Сыңсыған арзу тілекпен?
Мен бе екем әлде кеш қалып,
Кеш қалып сені жыр еткен.
Әйтсе де, жалғыздық тақырыбы ақын­ның лирикалық шығармаларында тек күз мезгілімен байланыста қарастырылады десек, өтірік сөйлеген болар едік, оның бар­лық жырларынан, тіпті, махаббат лири­касы­нан да жаныңды тоңдырып жіберетін жалғыздықтың ызғарлы лебі еседі. Дей тұрсақ та, Есенғали тұрмыс-тіршіліктің боданында жүрген бәріміздің де басымызда бар пендешілік жалғыздығын (үйі жоқ, көлігінің жоқ, атағының жоқ т.с.с.) жырлауға құштар, өмір-өлеңіне арқау етуге бейіл ақындардың сойынан емес. Мәңгіліктің шұғыласына шомылған ақын жырларынан адамзат баласының бәріне ортақ рахман нұрындай, иллахи асыл сезімдердің сәулесі жарқырайды. Ақынның, тіпті, махаббат жырларынан да жалғыздықтың зары естіліп, жүрегіңді ұстарадай тілгілеп, жаныңды ыстық табада шыжғырғандай азапқа салады.
Ол өксіген қарс айырып көкірегін:
«Үйренісіп өзіңе кетіп едім,
Маған қиын болады жалғыз қалу,
Қалшы осында, қала ғой, өтінемін».
Өмірі үшін, о мейлі құмары үшін,
Ол қимады жанының жұбанышын:
«Маған қиын болады жалғыз қалу,
Ей, тас жүрек,
сен соны ұғамысың?».
Ал сен кетіп қалдың…
Құшағында жаз қалды қоңыр түннің,
Көз алдыңда көйлегі оның күлгін.
Сары шаш күз кездесті, бұрын, тегі,
Күз көрмеген секілді сен ұмтылдың.
Жабығып жүр,
қажып жүр демесін деп,
Күлген болып,
сол баққа келесің көп.
Жаз кіреді түсіңе,
шошып тұрып,
Күздің суық ерінін өбесің кеп.
Сары күзге сенбейсің, шүбәлісің.
Сыбырлайсың…
Қан жылап тұрады ішің:
«Маған қиын болады жалғыз қалу,
Ей, тас жүрек!
Сен соны ұғамысың?»
Есенғали – жалғыздықты сүйетін ақын. Жалғыздық жанын қинағанда ғана ол қолына қалам алып, мәңгілік музамен сырласып, шерін тарқатады. Сондықтан да, оның өлеңдеріндегі жалқы мұңды күндізгі азан-қазан тіршіліктің базары аяқталып, түннің өлі тыныштығы орнаған сәтте ғана түсінуге болады.
Өмірге екі қадам аттағаннан-ақ адамның жалғыздығы басталады емес пе. Жалған дүниенің қызығы көңілімізді алдағанымен, «адамның жанынан басқа ештеңесі жоқ», екенін Пифагор Самосский айтқан жоқ па еді. Ендеше, жаныңның неге қиналып жүргенін түсінгің келсе, алды-артыңа қарайламай, жалғыздығыңа қарай қаш. Әрине, жалғыздық жүрегіңді жабырқатып, дертіңді қоздыратын уайымның улы тырнағы, алайда, адамды рухани түлетіп, жанын тазарта түсетін де – жалғыздық құдіреті.
Түнекті қуып санамнан
Шырағым жанып тұр алда.
– Періште неден жаралған?
– Оттан-дүр, – дейтін Құранда.
Мен жаққан осы шыраққа,
( Шырақ ол – үміт керемет)
Періште келмей, бірақ-та,
Келеді жынды көбелек.
Періштең едім кекілді
Қайда алып келдің ал, бүгін
Жынды көбелек секілді,
Тағдырым менің, тағдырым.
«Жалғыздық» деп аталатын лирикалық туындыдағы «жынды көбелек» – дүние жалғаннан орын таба алмай, шарқ ұрған Есенғалидің көңіл-күйі ғана емес, жан-сырын айта алмай, жалғыздыққа ұшыраған ақындық тағдырының да көрінісі.
Көшеді бұлт боп ой легі,
Өтетін шығар жаумай-ақ.
Жынды көбелек дейді оны,
Өмірдің өзі саудай-ақ.
… Не деген суық түн еді,
Көбелек тоңып қалдың ба?
Бізді аңдып бір жел үнемі,
Жүреді есік алдында.
Бізді аңдып сол жел
жебе боп,
Ысқыра төніп келеді,
Өшкен от
Өлген көбелек – осы ма оған керегі.
«Ақын болып тумағандар, барлық күш-қайратын салып, мың жерден тырысса да – ақын бола алмайды», деген екен орыс поэзиясының тағы бір классигі Валерий Брюсов. Ақиқатында ақындық Құдайдың үлкен сыйы емес, қайта керісінше, адамның пешенесіне жазылған – ауыр тағдыры, Алланың – қатал сыны.
Елу жыл бұрын ауылда қой бағып жүріп, көк төріне шығып алған Есенин жұл­дызына тамсанып, оған қызыға қарап, ұлы шайыр болуды армандаған Есенғали алпысқа келген шағында сөз өнерінің дерт, ал, ақын болудың ұлы азап екенін түсінген шығар. Кім біледі, мүмкін, жүз жылдан кейін қазақ әдебиеті әлемді мойындатқанда, халқымыз жалғыздығымен арпалысып, мына жалғанға сия алмай кеткен ақынын есіне алып, аспан төрінде жарқыраған жұлдыздардың біріне Есенғалидың да атын беріп қалар. Дегенмен, ағымыздан жарылып, жүрегімізден шыққан сөз тасқынын тоқтата алмай жатқан біздің әңгімемізге қарап, Есенғали жақсы жырларын халқына беріп үлгерген бақытты ақын деп ойлайтындар қатты қателеседі. Келесі ғасырда қазақ халқы ақынын сағынышпен есіне алғанда оқитын, мүлде жаңа жырларын жазуды ол әлі бастаған да жоқ.
Көк өскін,
Кеше ғана күтті қалай ертеңді,
О, сенбеңдер, мен жыр жазған емеспін,
Оны жазған біреу еді. Ерте өлді.
Таңдарымды таңға ұрам,
Ұзатпақ боп көшті алға.
Сәл қалғысам, тереземнің алдынан
Өтеді бір сықырлаған ескі арба.
Атып тұрып, қара түнге үңілем,
Арба түгіл сайтан жоқ.
Арпалысам түнімен,
Кімге барып, жан сырымды айтам деп….

Амангелді Кеңшілікұлы,
сыншы

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.