…Ғашық болып ғайыпқа…

  • 14.11.2017
  • 67 рет оқылды
  • 0

Аманғазы Кәріпжанәулеті,
ақын

Ақын  Роза  Қараеваның  «Назқоңыр»  жыр  кітабымен  тілдескенде

Бірде белгілі ақын, марқұм Қайрат Әлімбек маған бір әңгімесінде:
– Өзі де, өлеңі де салмақты, бойында ерекше биязылық, ұстамдылық қасиет бар, – деп еді. Оның мезгеп отырғаны – суреткерлігімен таныла бастаған жас ақын Роза Қараева болатын. Мен әскер, Желтоқсан көтерілісі және басқа да жағдайлармен ҚазМУ-дың журфагінде он жыл оқып, төртінші рет оралғандағы курстастарым сол Розалардың қатары болды. Менің «Жаралы Желтоқсан» (1995 ж.) жыр кітабымнан соң, араға жыл салып, сол «Жалын» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен курсымның тағы бір жыр жинағы жарық көрді. Менікінен де көлемдірек бұл кітаптың аты – «Назқоңыр». Дереу қолға түсіріп, оқып, ұтымды тұстарын қарындашпен түртіп қойған едім.
…Күліп қалсын көп керең,
Қасқыр үшін қой ынжық.
Сені қалай жек көрем,
Дәл өзімдей – ойыншық?
Көңіліме күз ықтап,
Алып едім шаққа дем,
Қимылымды қызықтап,
Қарық болды әккі әлем. (Тағдырласым – жер тектес…). Алғашқы шумағы біреуден гөрі, өзіне бағытталып тұрған сияқты. Олай болатынын:
…Келісе алмай бір «менім» бір «менім» –
Ұзатып сап қиыр шетке тұр бегін… (Қылыш емес қалып қояр қынапта әр) – деген жыр жолдары да толық­тырып тұрғандай. Бұл ойыншықты қызықтап, қа­рық болатын әккі әлемдегі жалпы пәнидің сә­билік санасын да аңғартады.
Қайраттың сөзімен Розаның өзінің, өлең жолы мен сөзінің талғамға сай келбетін байқадық. Енді, жан дүние­сіндегі құбылыс жайлы өзі:
……Нені іздеді бұл көңіл, нені күтті?»
Талықсыған төзімнің демі бітті.
Сіңіріне ілінген саңырау күн
Сансыратып жіберді мені, тіпті….
…Әттен бізден жігердің күші алыс-ақ
Арылмай-ақ қойды осы құсалы шақ.
Үзік-үзік түс еніп түніменен,
Ой билейтін боп алды ұсақ-ұсақ.
Жетелейді жол біткен құса-мұңға,
Қиял атын тым ерте тұсадым ба?
Сөнді қанша сенімім, семді үміт,
Күрең күннің тұншығып құша­ғында… (Нені іздеді бұл көңіл, нені күтті?), – дейді. Мұнда әр шумақтың екінші жартысы ой түйіндейтін ұтымды образдарға құрылған десе болады. Бұл жандүниесіндегі бір ғана белестің көрінісі. Белестен әрі тарам-тарам жолдар.
…Алдыда – жолдың айырығы,
Өзіңнен енші сұрайын:
Есімді қайтып бер менің, ертегілердің әлемі…
…Ертегілердің әлемі…
Кезім бе тұрақ тұзақтар?… (Есімді қай­­тып бер менің…).
Көңіліндегі өзге түгілі, өзі адасатын белестер мен қиялындағы жаймашуақ жап-жасыл елестердің астарында өзара қабыса алмай жатқан шөл де, көл де жоқ емес. Шөл – сағыныштың қуаңшылығы. Көл – жанардан ағытылмай қалған тамшылардың арнасына сыймаған кемері.
…Дәрменсіздіктен жыладым,
Тереңге құлаш жайдым да…
(Жүр­генде жастық сыр айтып)…
…Жылауық қыз, жылауық күз:
қыр­күйек –
Жыламсырай шыққан қызға сыр тиек… Бұл жыр жолында теңіздей толқып, жандүниесін толғаққа айналдырған шерді буландырып, сыртқа шығару үшін:
…Құшағыңды аш күннен ұшқан сәу­леге… (Жылауық қыз, қамықпа!), – дей­ді, өзді-өзіне. Көңілін күзбен сырласуға мәжбүрлеген жанды қыркүйек айындағы күннен ұшқан сәуленің де жылыта қоюы шамалы.
…(Елікке)
«Қорығын еске түсіріп,
Қоңырау қаққан күз бе екен?!» (Күз бе екен).
…Өтер-ау, өтер тойсыз күн,
Біздікі – күйі ғой күздің.
Тамыры шірік томарды
Ойлантпақ болған ойсызбын… (Жапырып жасыл көгалды).
…Өрнектеген бе күрең күз,
Бұл неткен «сурет» сүреңсіз?!…
…Қайда егем сені, қызыл гүл,
Саңылауы жоқ сызға ма? (Сүреңсіз «сурет»)…
…Жаралы ой бетін енді тұздама,
Сенен кетем сары күздей сыздана.
Кері қайтар жолды ұмыту сөз емес,
Сенделтеді-ау санадағы із ғана… (Баянсыз бір түс қана)…
Бұл жолардың бәрінде де күз суретіне көзіміз сүріне берсе, күздегі:
…Жапырақтың жыры көп айтатұғын,
Тұғырынан тайғаны тынғаны емес…(Бір тіршілік иесі), – деп, өзін өзі жұбатады. Өзінен кейінгі оны жұбататын құбылыс – адам емес:
«…Сен күмілжіп қалғанда –
Көңіл айтты көк маған…. (Үміт алға бір баспай…)», – дейтін табиғат.
Немесе,
…Жанарыма жарты әлемді
сыйдырып,
Жарты жасқа жетпей жатып қар­тайғам… – десе де, бұл көңілдің қартай­ған­дығын емес, керісінше сезім тәлкегіне жүй­кесін шынықтырып, қуаттана түскен­дігін аңғартады. Оны:
…Шыны көңіл шытынады десем де
Өлемін деп жүгіргем жоқ молаға…(Бал күндердің буыменен марқайған), деген жолдары да дәлелдейді. «Өлемін деп жүгіргем жоқ молаға» дегізіп, пәнилік дү­ниеге тартқылап тұрған жалпы әйел затына тән бір күштің бары да кітаптың өн бойында ұшырасады.
…Санамда сансыз төбелес,
Көңілде жүрген күй сындым,
Көлденеңдеумен көп елес,
Кермектеу сырды түйсіндім…. (Бей­мәлім күймен).
…Аңсата да алмадың, тамсанта да,
Жантық елес, сен енді сүйрелеме. (Жантық елес).
…Жаңғырды жазира белестер,
Ұзаттым қоңырқай көп күзді,
Жүректен жол тартқан елестер
Тұтқын ғып тартады тек сізді… (Тағы да сол бейне).
Үш өлеңнен алынған бұл шумақтарда да ақын ұзатқан «қоңырқай көп күзде» «көп елестің де көлденеңдей беретіндігін» аңғардық. Ақынды жырмен ғана емес, әл­де­­немен немесе әлдекіммен сырлас­тыр­ған оптимистік қуаттың да махаббаттың құдіретінде жататындығы төмендегі жыр жолдарына да арқау болған.
… Күйе жақтым күнделікті күйбеңге,
Сенің мұңсыз бір сәт күлкің үшін тек… (Бақыт деген бұрыш екен доғал тым…). Эрнест Хемингуэйдің «Бақыт – мықты денсаулық пен нашар ес» дейтін тұ­жы­рымына да осы бақыт туралы өлеңі қа­зық болып өз дәрменсіздігін әжуалап тұр­ғандай.
… Көкке сүйреп, Жерге қайта түсірген-
Бағы жанбас, баянсыз бір түс қана…(Сезім-сынап)…
… Басқасына бас имейді бұл тұтқын,
Сен көл-көсір сезіміңмен тұншық­тыр!.. (Сыбызғы наз еткізгенде тасты елең).
Өртемес отты өрнек те,
Айналам түгел – ақ түтек.
Тірліктің дәмі кермек те,
Сен жайлы ойлар…
тәтті тек!.. (Сен жоқсың)… Әр шумақта әйел жүрегімен бейнеленген махаббат кес­кіні «мен мұндалап» тұр. Бұрынғы Естай мен кейінгі Фариза шығармашылығының ғұмырлық қаңқасына айналған махаббат Роза өлеңдерін де аямай жаулапты.
…Басқа үйіп ойдың небір қорымын,
Еркімізді матар тірлік торы мың.
Өлшемі жоқ сіздегі кең жүректе-
Бар ма менің титтей болсын орыным? … (Сырғиды күн білінбестен бүлкілі).
…Көзін ашсам… көкейдегім көп еді,-
Бірақ саған жетпейді ғой ешқашан…
(Боп-боз күндер бедері жоқ бұйым­дық).
Құрышқа малып қайралған біздегі төзім,
Бірақ сіз… мұн-шер салмағын көтересіз бе?!…
(Келгенде мәрт ай кенелтіп кедейін де асқа).
Нәтижесіз үзілген үміттер, өзегін жұлған өкініш, өкініш дертінен ісініп, кеудені жарып шыққан ыза, нәзік жанның тұғырын қозғайтын қызбалық, бәрі де төмендегідей және басқа да жыр жолдарында көрініс тапқан.
…Құдайын да қарсы алатын қалжыңдап,
Сізге рахат, сізге күнде жиын, той!..(Сырғиды күн білінбестен бүлкілі!
…Ең ақырғы сәтте қимай жыласам,
Сіз сақылдап күліп тұрар ма екенсіз…(Сырғиды күн білінбестен бүлкілі).
…Әзілі әрсіз ақ әлем
Алыса берді жағамен.
Қадірін сөздің кетірген
Ақымақ екем, аға, мен. (Жапырып жасыл көгалды).
… Ал, бұл менмен біреудің
Мысы басып мүлгиді!… (Табылмастай емге ебі).
…Өртеп-ақ жібермес пе екен
Ойымның ұшқыны сені?! …(Түсін­бейсің ғой).
…Жұрт күзді жақсы көреді – сыйына бола,
Біз Сізді жақсы көреміз бекерден-бекер… (Келгенде мәрт ай кенелтіп кедейін асқа). Бұл айтылғанның бәрі де шындық. Назалану да таңғаларлық жай емес. Махаббат жолында Қыз Жібек пен Баянның тағ­­дырын кешсек, сезімнің құдіретімен пә­ни­ді де төңкеріп тастай жаздар едік. Ал, біз Розадан оны күтпейміз. Әйтсе де,
…Білінбейді бір демің,
Түнге сіңіп кеткендей…(Жанға жағар­балдай шын),
…Жанымда бәрі деп тұрып,
Көзімді жұмып жүр екем…. (Белгісіз қайда ұшары),
…Менің мұңым саған сіңіп барады.
Ей, Батысқа бағыт алған қоңыр жел…. (Қылыш емес, қалып қояр қы­напта әр…).
…Сен кеткеннен…
шылқымады шекем еш,
Ой иектеп алғандығы болмаса!…(Боп-боз күндер бедері жоқ бұйымдық)Немесе,
…Жым-жырт-ақ болсын бар әлем, сен жүрші, аға,
Жүрекке дауа жылы жел самалы
болып…
(Қиялым соққан қамалға түкірді мекен), – деген жолдарда өзін шамалы са­бырға шақырып, өзі жайлы о баста айтқан биязылықты дәлелдейді. Сондай-ақ,
«Түсіне алмай түкті де түршігеміз
Ол сырттағы…
Мен ішкі салқындықтан!
(Қыс қиылып түссе де сағағынан)
Немесе,
– …Күн де көзін ала алмас тұнығынан,
Жараланды бір сезім (ұлы күнәм!), – деп, өзін де кінәлайды.
…Селт еткізіп адымы адамдардың,
Әлі талай абыржып, алаңдармын.
Алда талай сарытап соқпағы тұр
Асығыстау басылған қадамдардың…(Назқоңыр). Бұл өлеңінде пәниде алаңсыз тірлік жоқтығын айтып, тағы бірде «Тірі жан жоқ тырысар жасқамасқа», өйткені,
…Жұрдай болған сезімнен, қансыз, сөлсіз
Роботтардың жүрексіз дәуірі бұл (Қажеті жоқ өкпелеп), сондықтан, бұл қыс­пақтан құтылатын «…Кеудеңде шіркін бір емес,
Бірнеше жаның болса ғой!… (Сезімді сүй­реп сағым мың…)» дейді. Бірнеше жаның болмаса ше, Розаның сөзімен айтқанда:
«…Құмырсқа тірлік, кекесін…
Көрінер ме екен көзге емі?
Аяп-ақ бір сәт кетесің
Өзіңді…
Және өзгені…» немесе
…Ойлар көп әркез қинаған,
Айтпауға ішке сыймаған.
Кінәсіз жанның көз жасын
Көргенім үшін қиналам… (Көңілдің қайда көл-селі…). Бұл шарасыздықтан құ­тылу үшін:
«…Тыңдаумен топтың нақылын
Көбейіп кетті ақылым. (Жорыққа шыққан кезекті…), десе де:
Азсынып ақылдың нәрін
…Мен сені сағындым, өлең…
(Мен сені сағындым, өлең…),
«Жүрек қылын шертетін сырлы сезім,
Қара өлеңге қалайша сыйып тұрған?!
(Жүрек сыры жұмбақтау, көңіл-тың­шы)» – деп, жабыққанда, жанына демеу болатын өлеңге қайтып оралады.
Кітабымен аттас «Назқоңыр» өлеңінің шумағындағы пәлсапалық түйіндерге ұқсас дүниелерді төмендегі жыр жолдарынан да байқаймыз.
…Ғашық болып ғайыпқа,
Кеттім талай тайып та.
Теңселеді ағыспен,
Ескегі жоқ қайықта… (Табылмастай емге ебі),
…Жеңілісім бүгінгі
– Біреулердің жеңісі. (Өз тағдырым – өз мұңым),
…Бұл неткен тұмса дүние, толғағы ұзақ,
Қарасы, ағы, аласы…
Ішінде бәрі!., т.б.
Материалистік дүниенің қарсылықтар заңы да, Гегелді терістеген Фейербахтың сезім арқылы жұптастыру әлемі де ұлттық поэзиядан алыстаған емес.Пәлсапалық көрі­нісі бар дүниені қоғамдық заң шең­берінде сараламай, жаратқанның табиғи сыйы деп қабылдап, керегін алған дұрыс. Мұны дұрыс түсінбеген кейбір білімсіз жастарымыздың өлеңдерін жүйе­сіздік билеп жататыны да шындық. Ал, өз ойын, сауатты саралап, ұтымды жүйелей білген Розаның суретке толы өлең жолдары мұнымен шектелмейді. Айта берсек:
…Жалаңаш ойға жаппай-ақ ешкім шапанын,
Жанымен ұғып жұбата салса бол­ғаны..,
…Салтанат құрып санамда сыңсиды сағым… ,
…Қара шайға көзімнің жасын қатып..,
…Әжуалап күледі көбелектің көк­темін..,
…Сезім толы сөгілмеген сыр қыны,
Бойлатқанда жүрекке ой бұрғыны.., – деп, әр өлеңнен алынған осы бір жолдар сынды тізбектеліп кете береді.
Жалпы айтқанда, Р.Қараева жырдағы тың жетістіктеріне немесе басқа да ерек­ше­­ліктеріне жарылып шығып, мақ­танып көрмеген, өзін табиғатына сай бір­қалыпты ұстайтын, азаматтық үні бар лирик ақын.Кейбір жыр жолдарынан өзіме жа­қын­дықты да байқадым. Біз мән берген бұл топ­таманың, ширек ғасыр жасаса да, келбеті – қашан да заманауи.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.