ТҮРКІ ЕЛДЕРІНІҢ ГАРМОНИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКА ОДАҒЫ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

  • 14.11.2017
  • 244 рет оқылды
  • 0

Ораз Баймұратов,
Қазақстан Республикасы
Ұлттық Ғылым академиясының
академигі, Әлеуметтік экономика және қаржы институтының директоры

Түркі әлемі елдері – Азия мен Еуро­паның ұлан-ғайыр аумағын қам­титын, халқы жер бетінің түрлі құрлықтарында қо­ныс­танған этностар жиынтығы. Да­му та­рихы шырмауықтай өрілген бұл халықтар бірде замананың талайлы ағыс-ағынында құшақтары айқасып жа­насып жатса, бірде атылған оқтың жылдамдығындай тездікпен бір-бірінен алшақтап кетіп, уақыт алаңында жол-жөнекей түйісіп отырды. Олар бізге бүгінгі күннің айнымас сәулеттік келбетін жасап қалдырып, Шығыс пен Батыстың дамуына орасан зор ықпал етті.
Түркі этносының әлемдік мәдени мұраға қосқан үлесіне баға берудің өзі оңай емес. Шығыстың «алтын шумақтары» саналатын Хайям рубаяттары болсын, көз қарықтырар сарайлардың мәрмәр күмбездері болсын, отбасылық тәрбиенің даналық қазынасы болсын, үлкендердің жас ұрпаққа өсиет еткен ғақлия сөздері болсын – мұның бәрі әлемдік мәдени мұраның жауһар жәдігерлері. Сонымен қатар, түркі әлемінің тұтастығына арқау болатын аса маңызды, әрі құнды нәрсе – оның руханилықтың «шатыры», иман­дылықтың күмбезі, бейбітшілік пен бауырластықтың шаңырағы болған Ислам жолын ұстануы. Туыстық қан, тарих пен ұлы дін байланыстыратын дәнекерден мықты дүние жоқ!
Прогрессивті даму, экономикалық өр­кендеу, саяси тұрақтылық пен ру­хани сауығу жолында түркі елдерінің алдында сан алуан түрлі әрі аса күрделі міндеттер тұр. Мақала авторы бұл міндеттерді шешудің бір жолы түркі елдерінің экономикалық одағын құру деп біледі. Кіші Азия елінің бірі, осы одаққа басты қатысушының бірегейі саналатын, көпбағдарлы саясатты шебер ұштастырушы Түркия интеграциялық өзара қарым-қатынастардың дамуына оң әсер ете алатын, Еуропа мен Азия ара­сындағы көпір іспетті.
Халықаралық қаржы орталығын және Азиялық ислам қаржыландыру орталығын құруға талпынған Орта Азия елі – Қазақстан үшін Түрік Республикасының тәжірибесін пайдаланып, онымен әріптестікте болу аса пайдалы. Осы мақала авторы өзінің бір жарияланымында Кеден одағының (КО) Түрік Республикасының енуі арқылы кеңеюі туралы жазғанын айта кету керек: «Түркия + ТО = Гармония» (2012 жылғы 26 қараша).
Кеден одағының (КО) қазіргі қызметі жайлы тақырып – бұл одақты жақтау­шылар мен оған қарсылардың ең сүйікті «тартыс» алаңына айналды. Соңғы тарап, өз кезегінде, жаңа сұрақтарды үсті-үстіне қоя отырып, тарсылдай жауған бұршақ сияқты «қарсы» аргументтермен атқылауын тоқтатар емес. Алайда, автор бұл мақалада аталған тақырыпқа қайта оралуды мақсат етпейді, өйткені, ол мәселе тәптіштеліп жазылған, ал, оны жаңаша бағытта баяндау уақыттың еншісінде. Авторға қолына қалам алдырған мақсат – бүгінгі күнге жеткен ілімді жан-жақты қайта толғанып, тоқи отырып, әлемдік тарихтың жаңа тарауына атау беруге, дүние жүзіне қоғамдық дамудың жаңа көрінісін, атап айтқанда, қоғамның шынайы руханилық пен имандылық арқылы гармониялық дамуын көрсетуге тырысу. Әңгіме дәстүрлі ислам дінінің гармониялық дамуға тигізетін әсері жайлы болмақ.
Гармония бір-бірімен үйлеспейтіндей (дисгармония) көрінетін Тәуелсіздік пен интеграцияны бір-біріне залал келтір­мей­тіндей шеберлікпен қию­ластырады. Гармония болуы үшін қоғам іргетасының берік қалануы, атап айтқанда, шынайы руханилық пен имандылықтың мықтылығы аса маңызды. Ал, үнемі қайталанып отыратын және соның салдарынан тереңдей түсіп, түптің түбінде халықтар мен олардың өркениеттерінің жойылып кетуіне алып келуі мүмкін дағдарыстар, қақтығыстар, зілзалалар дисгармонияның көрінісі болып табылады. Мұндай жағдайларға ықылым заманнан бүгінгі күнге жеткен адамзат тарихының іштен тынған парақтары куәгерлік етеді. Жаратушыға сенбеуден, моральдық азғындаушылықтан Жер бетінен жойылып кеткен Ад, Самуд, Гоморр және Содом және көптеген тағы басқа халықтарды, Фараондарды еске түсіріңіз. Біздің қа­зір­гі дінге сенбейтін замандастарымыз шынайы өмір мәнін жоғалтып алған сияқты, олардың тек материалдық игіліктерді иеленуге, күйтшілдік, құмарлық, кір­пияздық сезімдерін қанағаттандыруға ғана ұмтылатындықтарын аңғаратындаймыз. Мұның салдары моральдық азғындауға алып келетіні түсінікті. Адамдар мұндай жағдайға, біздің ойымызша, адасудың, білімсіздіктің, бейқамдықтың, зиянды дағдылар мен басқа да себептердің салдарынан душар болуда.
Қазіргі адамзаттың сөздік қоры жаңа сөздермен – адамзаттың күнәһарлығы мен бәлеқорлығы туралы түсініктердің синонимдерімен толығуда. Зинақорлық пен айуандық, парақорлық пен жемқорлық, ашкөздік пен әдепсіздік ұғымдары жойылмай отыр. Міне, осы «дерттер», аяқтағы кісен сияқты, дамуға жасалған кез-келген ұмтылысты тежейді. Арбаны қапталымен сүйреуге болмайды ғой! Алар сабақ айқын – жеке адамнан бастап барша қоғамның дамуы жолын бүкіл нәрсенің түпқазығы болып табылатын шынайы руханилық пен имандылықтың негізінде гармонияға түсіру қажет. Бұл – ауқымды өзгерістер табалдырылығында тұрғандардың қолындағы таптырмас құрал, оларға қойылатын жаңа талап. Негізгі тірегі мәдени ортақтық қана емес, шынайы руханилық пен моральдық кел­бетті қалыптастыруға бейімділік болып табылатын интеграция күллі әлемдік қоғамдастықтың дамуына қуатты түрткі бола алады. Мысалы, біздің заманымыздың өзекті мәселелерінің бірі сыбайлас жемқорлықпен – қоғамның әлеуметтік «кеселімен» күрес болып отыр. Мұндай күресті тұтас интеграциялық бірлестік болып жүргізген оңайырақ. Өйткені, интеграцияға енген бір елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту бір­ың­ғай экономикалық кеңістікке қаты­сушы екінші елдің ынта-жігерін ту­дырады. Өйт­кені сыбайлас жемқорлық қоғамға, оның экономикасына жасалған соққы деуге болады. Сыбайлас жемқорлық капиталдың жылыстауын күшейтеді, бизнес сыбайлас жемқорлардың қысымына ұшырауға тәуекел ете алмай, бір елден екінші елге көшеді. Егер бір елде сыбайлас жем­қорлықпен күрес жемісті жүргізілсе, ин­вес­тиция мен бизнес өздеріне қолайлы, салықтары төмен, әкімшілік тосқауылдар жоқ сол елге қарай ұмтылады. Осындай жолмен интеграциялық бірлестік ішіндегі бір елдің демократиялық дамуы екінші елге оң әсер етеді.
Кеден одағы туралы сөз болғанда, бұл одақтың әлемдегі жалғыз интеграциялық бірлестік емес екендігін атап өту керек. Дүние жүзінде мұндай бірлестіктер баршылық. Кеден одағына мүшелік Қазақстанның басқа өңірлік құрылымдарға енуіне кедергі бола алмайды. Бұл одақпен қатар, Түркиямен, мысалы, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен, Түркіменстанмен және Тәжікстанмен (Ассоциациялық мүше ретінде) Экономикалық одақ неге құрмасқа?! Оны «Түркі елдерінің экономикалық одағы» деп атауға болады. Оларды біріктірудің ортақ негізі бар – генетикалық ортақтық, біртұтас ислам діні, тілдік туыстық, салт-дәстүрдің ұқсастығы (қонақжайлылық, жасы үлкенді сыйлау, өзгенің құндылықтарына деген толеранттылық және т.б.). Қазақ­стан Республикасының Президенті Н.Ә.На­зарбаевтың жуырда жариялаған латын қарпіне көшу туралы бастамасы – туыстас халықтардың интеграциялануын дамытуға серпін беретін тағы бір фактор.
Интеграцияланудың ортақ негізі – аса құнды рухани құндылық. Ру­хани құдылықсыз интеграциялық бірлестіктердің өмірі қысқа болып, тез ыдырауға бейім тұрады. Дәстүрлі ислам дінінің шоғыр­ландырушы, топтастырушы мәні аса зор. Мұны елемеу – кешірілмес қателік. Мы­салы, бірыңғай рухани негізі болмаған, оның үстіне, діннен ашықтан-ашық бас тартқан бұрынғы Кеңес одағын алайық. Жалаң атеизм ресми идеология болған бұл Одақтың ерте ме, кеш пе, жойылуы тиіс еді. Рухани негізі әлсіз, діни сенімнен ада бұл Одақ бар-жоғы 70 жылдан астам ғана «өмір сүрді».
Қазіргі кезде біз перспективаларының айқындығы тұманды албион бұлыңғыр, неғайбыл күмән тудыратын Еуроодақтың да тұрақсыздығын көріп отырмыз. Көптеген халықтар мен өркениеттердің жер бетінен шынайы руханилықтың, Бір Жара­тушыға деген сенімнің болмауынан жойылып кеткеніне тарих куә. Тарих пен қазіргі заманнан алар сабағымыз ақиқат – халықтар мен өркениеттер Гармонияның негізі саналатын шынайы руханилық пен имандылық болғанда ғана тұрақты дами алады. Керісінше, дисгармония халықтардың толыққанды бақытты өмір сүруін қамтамасыз ете алмайды. Оның алдағы өмірі қауіпті екендігі қасиетті Құран Кәрімнен белгілі. Шынайы руханилық қана елдер мен халықтардың оң әлеуметтік эволюциясының берік негізі қызметін атқарады, онсыз материалдық игіліктердің соңынан қуу тұйыққа апарып тірері хақ. Шығыс даналығы бойынша, әрбір өзеннің пайда болатын көзі болады. Сол сияқты көп экономикалық одақтардың көзі – материалдық құндылықтар, ал біз ұсынып отырған одақтың көзі – рухани құндылықтар.
Елдердің экономикалық, демо­графия­лық, демократиялық дамуы шынайы ру­ханилық пен имандылық қағидаттарына негізделуі қажет. Мұндай дамуда гар­мония тұрақты болып, ұзақ уақытқа созылады. Әлеуметтік өсімді құрайтын бұл ұғымдардың біреуінің болмауынан даму жартыкеш, уақытша, дисгармония болады. Ал, шынайы руханилық пен имандылық қағидаттарынсыз, тарих көрсеткеніндей, тұңғиыққа батудан, кез-келген жүйенің ыдырауынан қашып құтылу мүмкін емес. Шынайы руханилық, имандылық болған жерде кез-келген мемлекеттің даму негіздерін үйлестіруге, тұрақты, ұзақ уа­қытқа созылған даму жолына түсіруге болады. Шынайы руханилық пен имандылық қа­ғи­даттары негізіндегі толық әлеуметтік гармония дегеніміз – Жаратушының ра­қымымен адамдар мен халықтардың екі дүниеде бақытты ғұмыр сүруі. Сондықтан да, гармония құтқарушы күш деп атаймыз! Бақытымызға орай, ислам әлемінің оңтайлы дамуға мүмкіндігі мол. Мұндай дамуға дәстүрлі ислам діні тірек болып отыр, қазіргі заманғы ради­кализм мен террордың оған қатысы жоқ. Шынайы руханилық пен имандылық қағидаттарына негізделген құтқарушы гармония тұжырымдамасының халқының басым көпшілігі (80%-ға дейін) ислам дінін ұстанатын Қазақстанда пайда болуы кездейсоқ жағдай емес екендігін баса айтуымыз керек.Бұл тұжырымдаманы ең алдымен басқа да барлық ислам елдерінің қолдануына болады. Оның әлемнің басқа мемлекеттерінде де болашағы зор. Бұл ойымызды ислам экономикалық моделі мен қаржысының әлемге таралуы айғақтайды.
Қазақстанның Кеден одағына, басқа да интеграциялық құрылымдарға кіруімен байланысты барлық мүмкіндіктері, егер, олар толықтай пайдаланылмайтын болса, «пайдасыз зат» түрінде жүзеге асырылмаған күйде қалуы мүмкін. Бұл еліміздің дамуы үшін тұйыққа тірелумен бірдей болар еді. Бұлар жүзеге міндетті түрде асырылатын мүмкіндіктер болмағанымен, оларды пайдалану – әбден нақты іс. Бұл – еліміздің билік және басқару органдарының ерекше маңыз­ды міндеті. Әсіресе, руханилықтың, оның интеграциялық процестердегі, атап айт­қанда, экономиканы дамытудағы рөлін баса айтуымыз керек. Бұл ретте Қа­зақстанның орасан бәсекелестік ар­тықшылығы дау­сыз. Гармониялық дамудың зор әлеуеті ис­лам экономикасы мен қаржысының қағи­даттарынан тұрады.
Нақты экономика саласының қар­жылық көздері мен инвестициялау тетік­терінің ішінен, біздің зерттеулеріміз көрсеткеніндей, ислам инвестициясы және пайызсыз кредиттер айтарлықтай тиімді болып отыр. Ислам банктері коммерциялық қызметтермен қатар ақшаға мұқтаж клиенттерін өтемсіз қолдау қызметін атқаратындықтан, олар­дың кәсіпкерлердің серіктестері саналуы заңды. Жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген ислам қар­жысы конфессиясы мен ұлтына қара­мастан барлық тұрғындарға қолайлы. Бұл сөзімізді мұсылман тұрғындары 60%-ды құрайтын, ал, ислам банктерінің клиенттері мұсылман еместер де болатын Малайзияның тәжі­рибесі дәйектейді. Бұл банктердің басты өлшем-шарттары адалдық, өзара көмек қолын созуға даяр тұру, бизнестің әділеттілігі мен ашықтығы болып табылады.
Ислам экономикасының мәні инвес­торлар, банктер мен басқа да қаржылық институттар мен компаниялардың ара­сындағы өзара сенімділік деңгейінің жоғары болуында. Нақты сектор ком­паниялары үшін ол барынша гар­монияда, тиімді және дәстүрлі банк­термен бәсекелестік қатынаста бол­майды. Исламдық қаржы­ландырудың түр­лендірілген «инвестициялар + пайызсыз кредиттер» моделі дәстүрлі қаржылық құралдармен салыстырғанда, исламдық қысқамерзімді немесе ұзақмерзімді инвестициялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Олардан экономиканың нақты секторын және әлеуметтік саланы қаржыландырудың бірыңғай банктік кешенін қалыптастыруға болады.
Ислам инвестициялары мен банкингті отандық инновациялармен біріктіру – халықты жұмыспен қамту, оның әл-ауқатын арттыру жолында білім беруді, ғылым мен бизнесті дамытуда ынта-жігер алу деген сөз. Инновациялық-инвестициялық жобалардың негізгі «генераторы» бизнес болып табылады, сондықтан, кәсіп­керлер жаңа экономикалық одақ ішінде ынтымақтасып, үшінші елдердің осыған ұқсас бизнес-қауымдастықтарымен сұх­батты жолға қоюы қажет. Жаңа одақтың қызметі таза экономикалық өлшемдермен ғана анықталады десек, бұл мәселені тым тар мағынада түсіну болар еді. Түр­кия Қазақстанмен және басқа да туыстас елдермен бірге бизнесті рухани сауық­тырудың және сол арқылы біздің бүкіл өміріміз үшін үйлесімді экономика мен жалпы гар­мо­ниялық қоғам құрудың бастамашысы бола алады, өйткені, бұл елдер – бизнесті жаңа сапаға транс­фор­мациялаудың алғышарттары бар елдер саналады. Біздің елдерімізде тарихи кон­фессиялық толеранттылық, сонымен қатар, адамдардың бір-біріне деген достық ықы­ласы, құрметтеу қасиеттері жоғары қойы­лады. Көптеген мемлекеттер әліге дейін дисгармониядан арыла алмай отырса, түркі елдерінің жаңа экономикалық одағында бизнес, алкоголь, темекі және есірткі өнімдерін өндіру сияқты бірқатар салаларды қоспағанда, экономикалық алыпсатарлықсыз, ойын бизнесінсіз, сыбайлас жемқорлықсыз, басқыншылық мақсатта қолданылатын әскери қару-жарақ және адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды өнімдер өндірісінсіз, таза, адал, әділетті қызметке айнала алады. Бұл жаңа Одаққа табиғи, материалдық және ақша ресурстарын барынша үнемдеуге, адам өмірінің салауатты салтын нығайтуға мүмкіндік береді. Ислам экономикасы мен қаржысының қағидаттарын қолдану бизнес пен бүкіл қоғамды рухани сауықтыруға алып келетін тәсілдің өзі саналады. Мұндай прогрессивті құбылыстың шегі болмайды, ол интеграциялық бірлестіктің бүкіл аумағына біртіндеп таралатын болады.
Гармония салтанат құрған жерде кем­сітушілік қатынастар, «кіші мен үлкен» деген ұғым болмайды, онда тең­дей әріптестік үстемдік құрады. Гар­мо­­нияға қаншалықты тез ұмтылған сайын, біздің елдеріміздің өз егемен­дік­терін қор­ғауы жақсара түседі, оның үстіне, бүкіл еуро­палық кеңістікте рухани-адамгершілік өсу миссиясын таратушыға айналады. Менің әріптестерім баспасөзде атап көрсеткеніндей, 2014 жыл қазақстандық ғылымның көрнекті жетістіктерімен әйгілі болды: бұрын белгісіз болған «Әлеу­меттік-экономикалық гармония заңы» ашылды. Ресей жаратылыстану ғы­лым­дары академиясы мен Халықаралық ғылыми жаңалықтар мен өнер табыстары авторлары академиясы (Мәскеу қаласы) бұл Жаңалықты мойындап, осы мақала авторына Диплом тапсырды. Әлемнің дуальдылығы – Гармония әлемі мен дисгармония әлемінің болатындығы дәлелденді. Бұл әлемдердің әрқайсысының өзіне тән экономикалық заңдылықтары, құндылықтық бағдарлары болады. Мысалы, гармонияның негізгі заңы «ру­хани қажеттіліктер ақылға қонымды ма­териалдық мұқтаждықтар мен жеке адам­дардың ниеттерінен жоғары тұрады» дегенді білдіреді.
Менің әріптестерімнің пікірі бойын­ша, бұл тамаша Заң Ислам доктринасы негізінде Қазақстанда ашылғанымен, оның жалпыәлемдік мәні орасан зор. Ол Жер ғаламшарының миллиардтаған тұрғындарының өмір сүру салтын реттейді, мемлекеттердің гармония дамуына алып келеді, өркениетімізді құлдыраудан сақтауға жәрдемдеседі. Гармония мәсе­лелері қазақ, орыс және ағылшын тіл­дерінде (АҚШ) жарық көрген «Harmony of Economy and Society: the Paradigm ofD + 3D, laws, and problems» атты кітапта егжей-тегжейлі баяндалды.
Гармония формуласы қара­пайым: «D+3D», бұл үйлесімді демоэко­номикалық (яғни, әлеуметтік-экономикалық) даму үшін әлеуметтік эволюцияның 3 құрау­шысы да – демократия, демография және демоэтика (руханилық пен иман­дылық) осылай дамуы қажет дегенді білдіреді. Мұндағы демоэтика әлеуметтік Гармонияның міндетті түрдегі негізі болып табылады. Гармонияның басқа әр түрлі ұғымдары әдебиетте кездеседі. Солардан ажырату үшін біз Гармония деген сөзді үлкен әріппен жазамыз және оны басқа тілдерге аудармаймыз. Гармония барлық нәрседе әлеуметтік әділеттілік пен ынсаптылық, адалдық, ашықтық, серіктестік сияқты қағидаттар негізінде құрылады. Гармония қасиетті Құран Кәрімнің халал (рұқсат етілген әрекет немесе зат) және харам(тыйым салынған әрекет немесе зат) туралы қағидаларын ба­рынша бұлжытпай ұстанады. Бұл, сайып келгенде, экономиканы халықтардың шынайы руханилық пен имандылық дең­гейін есепке ала отырып бағалағандағы жо­ғары бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді. Оның өмірді гүлдендіретін ғаламат күші де, гауһар тас сияқты жарқырап тұратын әдемілігі де осында!
Рухани негіздегі әлеуметтік гармония идеясын әлем барған сайын ұғына түсіп, қолдау көрсетуде. Осы жолдар авторын қоса есептегенде, 57 елден 500 жеке мүшені және Қазақстанды қоса алғанда, 80-нен астам елден 1 000 000-нан аса ұжымдық мүшені біріктіретін халықаралық үкіметтік емес ұйым – «Жаһандық Гармония одағы» (ЖГО) құрылды. Біздің елімізде де «ЖГО – Қазақстан» деп аталатын үкіметтік емес ұйым тіркелді. Түркі әлемінің қалған басқа да елдерінде осындай ұйым құру өте-мөте қажет-ақ. ЖГО миссиясы – әлем­­ді гармониямен қамтамасыз ету және гар­мониялық білім беру арқылы ғылыми негізде гармониялық өркениетке жол салу.
ЖГО – XXI ғасырдағы халықаралық бейбіт қозғалыс – ядролық қару қол­дана отырып, үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласу қаупін тудыратын түрлі қақты­ғыстардың туындау қатеріне қарсы жаһан­дық оң балама. Қазіргі кезде әлемге төніп тұрған қауіп аз емес. Біздің жаңа одағымыз осы қатерлерге жауап бере алады және әлеуметтік гармонияға бағытталған қоз­ғалыс кезінде халықтардың бірігуінің, ел­діктің және туыстықтың шамшырағына айналуға қауқарлы.
Осы жолдардың авторы бұқаралық ақпарат құралдарында«Манифест гар­мо­ничного сознания. Кризисы, ката­клизмы и конфликты:  как преодолеть разрушительную синергию трех «К»» деген мақаласын жариялаудың сәті түсті. Бұл жарияланым елімізде де, шет елдерде де қызығушылық тудырып, «Перед лицом угрозы третьей мировой войны. Мир и разоружение из Гармонии»атты халықаралық жобаның мазмұнына енді. Біздің ЖГО мақұлдаған ұранымыз әрі үмітіміз – «Гармония әлемді сақтайды!»
Алла тағала бәріміздің игілікті істе­рімізді қабыл етсін!

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.