Түпнұсқадан төте аударудың жөні бөлек

  • 19.10.2017
  • 379 рет оқылды
  • 0

«100 оқулық» жобасын жүзеге асыру міндеті жүктелген Ұлттық аударма бюросының отырысына орай белгілі тілші, аударматанушы ғалым, филология ғылымының докторы Шерубай Құрманбайұлымен тілдескен едік. Әңгіме өзегі оқулықтарды аудару сапасы, аудармашылардың құзіреттілігі және аударма ісіндегі бүгінгі өзекті мәселелер жайында өрбіді.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаңа гума­нитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы аясында атқары­лып жатқан аударма жұмысының алғашқы отырысына өзіңіз де қатысып, пікір білдірдіңіз. Филолог ғалым, аударма мәселелерін зерттеуші ретінде жобаның алғашқы нәтижелеріне көңіліңіз тола ма?
– Жоба жұмысымен толық таныса қойған жоқпыз. Өткен жиында аудармашылар аударма барысы мен жекелеген терминдер қолданысы жөнінде ғана мәлімет берді. Сондықтан, олар жасаған аударма сапасы туралы айтуға әлі ертерек. Ондай пікірді аударма мәтінімен толық танысып шыққаннан кейін айтқан жөн болар. Аударма жасаушылардың бірқатары қысқа мерзімде көлемді еңбектерді аударып болғанын айтты. Содан, біз аудармалардың шұғыл жасалып жатқанын ұқтық. Басталған жұмыстың мерзімінде аяқталғаны жақсы. Алайда, бұл істе асығыстық жасауға да болмайды. Оқулық әдебиеттерінің әр сөйлеміне мұқият болуға тура келеді.
Ал, жалпы, алғанда өз басым түрлі мемлекеттерде үздік деп танылған оқулықтардың түпнұсқа тілден ті­келей қазақшаға аударылып жатқанын мейлінше қол­даймын. Біз осы уақытқа дейін әлем тілдерінде жарық көрген көркем шығармаларды да, ғылыми еңбектер мен оқулық әдебиеттерді де орыс тіліне аударылғаннан кейін ғана, орысшадан қазақшаға аударып келдік. Делдал тілге жүгініп, аудармадан аударма жасағаннан гөрі түпнұсқадан төте аударудың жөні бөлек. Бізге кешегі кеңестік тіл сая­саты орнықтырған әлем мәдениеті мен әдебиетіне орыс тілі арқылы ғана шығу дәстүрінен арылмасақ болмайды. Сөз болып отырған оқулықтардың ағылшын, неміс тілдерінен тікелей аударылып жатуы осы бағыттағы игі бастама деп білеміз. Енді, осы істі жалғастырып, дәстүрге айналдыру қажет. Бұл істің басына АҚШ-тың алдыңғы қатарлы университетінде білім алып келген, ана тілімен қатар ағылшын тілін де жақсы меңгерген Рауан Кенжеханұлы ініміздің келуін де құптаймыз. Мұны айтып отырғанымыз орыс тіліне байланып қалған ұрпақ өкілдерінің аударма жайын қанша жақсы білгенімен, сол орыс тілін төңіректеп, мың түрлі сылтаумен одан қол үзгісі келмейтінін көріп жүрміз. Орыс тілінен басқа да шет тілдерін меңгерген қазіргі жастар біздегі аудармаға деген кеңестік кезеңде қалыптасқан көзқарасты өзгертіп, шығыс пен батыстың тілдерінен тікелей тәржімелеуге қарай бетбұрыс жасар деп үміттенеміз.
– Аударма сапалы болуы үшін аудар­машыға қойылатын талаптар қандай?
– Әрине, ең алдымен аудармашы түпнұсқа тілін де, қазақ тілін де жетік білуі шарт. Тек тіл біліп қою да аз. Тіл білгеннің бәрі аудармашы бола алмайды. Ол аударма жасауға машықтанған, тәжірибелі маман болуы тиіс. Сонымен бірге, оқулыққа қойылатын талаптарды, оқулық әдебиеттердің стилін де, кімге, қай жастағы оқушыға немесе студентке арналғанын да білетін педагогикалық білімі болса, тіпті, жақсы. Осыған дейін аударылған көптеген ғылыми еңбектер мен оқулықтармен танысқанымызда, олардың көпшілігінің аударма екендігі көзге ұрып тұратынын анық байқадық. Тіпті, сөйлем құрылысы қазақша емес, тілі ауыр еңбектерді де кездестіріп жүрміз. Арасында қазақша жатық аударылғандары да бар. Бірақ, ондай оқулықтар көп дей алмаймыз. Сондықтан, бұл жолы мәселенің осы қырына да көп көңіл бөлген жөн. Білікті, кәсіби аудармашылар аударғаннан кейін оқулықтарды рецензент, редакторлардың мұқият қарап, жариялауға дейін жақсылап сараптан өткізгені еш артықтық етпейді.
– Терминдерді аударудағы кемшіліктер бұған дейін де талай рет айтылып жүргені белгілі. Жиында сөйлеген аудармашы редакторлар шет тіліндегі терминдердің көпшілігін сол қалпында қалдырғандарын айтты. Яғни олар аудар­ма­ның түпнұсқасы мен сол тілдің стилін сақтауға баса назар аударатынын көрсетті. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
– Оқулықтар мен ғылыми еңбектерді аудару кезінде қиындық туғызатын ең басты мәселенің бірі – терминдер. Аудармашыға мәтінді аударумен қатар сөз шығармашылығымен, термин жасаумен де айналысуға тура келеді. Бұл үлкен ізденісті, көп ойланып-толғануды, шеберлікті қажет ететін шығармашылық үдеріс. Ғылыми ұғымның мазмұнын дөп басатын, негізгі белгілерін түгел қамтып, дәл бейнелейтін атау жасау өте қиын. Тоғыз толғанып, он ойланып термин жасауға бас қатырудан гөрі оны түпнұсқа тілден ала салу ең оңайы. Сондықтан, көптеген аудармашылар түпнұсқа тілдегі терминді аудармай ала салғанды қолай көреді. Әрине, баламасыз лексика, аударуға келмейтін термин түрлері де бар. Олар жөнінде әңгіме басқа. Алайда, аударуға болатын терминдерді де өзге тілдерден сол қалпында лек-легі­мен қабылдай беруден ұлт тілі, ғылым тілі ұтпайды. Олай ету терминжасам үде­рісін дамыту орнына шектеп, ұлттық тер­минжүйенің жасалуына жол ашпайды. Ғылымның барлық саласында жасалған шет тілі терминдерін түгел қазақша жасау мақсатын қою мүмкін емес. Бірақ, «терминдерді аударып әуре болудың қажеті жоқ, оларды дайын қалпында қабылдай берейік» дейтін біржақты ұстанымға жол беруге де болмайды. Мүмкіндігінше, білім алушыларға ұғым атауының өзі-ақ ана тілін­де оны дәл бейнелеп, нақты мәлімет беріп тұратындай терминдер жасауға ұмтылған жөн. Салалық терминжүйені, ұлт тіліндегі терминдер қорын мамандардың (аудармашылардың) осындай мақсатты, саналы харекеті арқылы ғана қалыптастыруға болады.
– Аударма бюросының басшылығы аударма ісіне қатысты қиындықтар бар екенін, әсіресе көмекші әдістемелік құрал­дарға, нұсқаулықтарға зәру екендерін жеткізді. Жалпы, бұл сала бізде қаншалықты дамыған? Аудармашылардың іс-тәжіри­бесін қамтитын, дұрыс бағыт-бағдар сіл­тейтін әдістемелік материалдар неге жеткі­ліксіз?
– Аударма мәселесі мүлде зерттелмеген деуге болмас. Бірқатар тілші, әдебиетші мамандар аударма жайын өз зерттеулеріне арқау етті. Жекелеген зерттеулер де, оқу құралдары да бар. Соған қарамастан, салыстырмалы түрде алар болсақ отандық аударматануды жан-жақты дамыған, терең зерттелген сала деуге әлі ертелеу. Әсіресе, аударманың қыр-сырын меңгертуге арналған практикалық, әдістемелік құралдар мен жақсы оқулықтар жеткіліксіз деген сөзіңіздің жаны бар. Қоғамда аудармаға сұраныс артып, аударма мәтіндер көлемі көбейген сайын мұндай құралдарға деген қажеттілік туындауы да заңдылық. Сондықтан, аударматанушы мамандар мұны ескерусіз қалдырмауға тиіс. Бізде кейінгі ширек ғасырда ғылыми, көркем, оқулық әдебиеттерді аударудан гөрі заңдар мен қаулы, қарарларды, ресми құжаттар мен іс қағаздарды орысшадан қазақшаға аудару үрдісі орнықты. Негізінен бәрі керісінше болуы керек еді. Әлемдік ғылымның жетістіктері мен әлем әдебиетінің үздік дүниелерін қазақша сөйлетсек, аударманы ұлтымыздың ғылыми санасы мен көркемдік танымын көтеруге пайдаланған болар едік. Осы мерзімде орыс тіліндегі заң шығармашылығы мен құжаттардың басым бөлігін алдымен орыс тілінде дайындауға жол берілгендіктен мәртебелі қазақ тілі іс жүзінде екінші қатарға ығысып, түпнұсқаның аудармасы дәрежесінде қалып отыр. Мұны біз орыс-қазақ қостілділігінің салдары деп білеміз.
– Қазақ тілі – әлемдегі бай тілдердің бірі. Алайда, осы байлығымыз қазіргі уақытта барлық салада дерлік толыққанды пайдаланылмай келеді. Бұл аударма ісіне де қатысты. Шет тілдерінен аударуда қазақ тілінің ерекшелігі, сөзжасамдық уәждері сақталмай отыр. Осы орайда Абай бастаған, Шәкәрім, Алаш зиялылары жалғастырған қазақ аударма мектебінің қайта қалыптасуы үшін қандай шаралар қажет?
– Аударма жасау кезінде тіл байлығын ұтымды пайдалану аудармамен айналысып отырған маманның сол байлықтан қаншалықты сусындағанына, тілді қалай меңгергеніне тікелей байланысты. Сөздік қоры мол, ұлттық әдеби тілді жақсы меңгерген маман ол байлықты орнымен пайдалана алады. Шет тілін жетік меңгерген бірқатар екітілді аудармашыларымыз ана тілі айдынының бетінде ғана қалқып жүреді. Шет тіліне жетіктеу болғанмен өз тілін терең меңгермеген. Өкінішке қарай, бұл үрдіс одан да асқынып бара жатыр. Қазіргі екі-үш немесе үш-төрт шет тілін меңгерген мамандардың көбінің қазақ тіліндегі сөз қорының жұтаңдығы анық байқалып тұрады. Мұндай көптілді мамандардың аудармасында қазақ тілінің бар байлығы жарқырап көрінеді деп ешкім айта алмаса керек. Ал, сіз айтып отырған Абай, Шәкәрімдер мен Әлихан, Ахмет, Жүсіпбек, Мұхтарлар қаймағы бұзылмаған қазақтілді ортада өсіп, жастайынан ана тілінің уызына қанған ұрпақ еді ғой. Сондықтан, қазіргі кейбір мамандарымыз айтып жүргеніндей, «олардың аудармаларында тең түпнұсқалылық, дәлдік жетіспегенімен» қазақ тілінің бар байлығы, қазақтың өзіндік сөз өрнегі жарқырап көрінеді. Бізге бүгін осы жетіспей отыр. Өзге тілдерден еш өзгеріссіз қабылданған немесе сөзбе-сөз сәтсіз калькаланған тер­миндер мен қасаң, сірескен аударма мә­тіндер көбейіп барады. Алаш зиялылары сөзжасам, терминжасам мәселесінде де өз ұстанымдарымен ерекшеленді. Қазақша сөз жасауға, тіліміздің өз әлеуетін ұтымды жұмсауға, ана тіліміздің сөзжасам тәсілдерін іске қосуға көп көңіл бөлді. Соның арқасында лексикалық, терминдік қорымызды байытып, еселеп кетті. Жалпы, ұлт үшін, қазақ тілі үшін жастайынан көп тілді үйретеміз деп ана тілінің уызына жарымаған ұрпақ тәрбиелеу өте қатерлі бағыт. Бізде осы мәселеде біржақтылық, сыңаржақтық бар. Осыны түзетпесек, бар байлығымызды тиімді пайдаланып, оны еселей түсу орнына жұтаңдандырып, тілімізді күзеп, өзгеден көшіруден әріге бара алмайтын ұрпақ қа­лып­тастыруымыз мүмкін.
Тіл жұтаңдығы – ой таяздығы. Терең ойлап, кең пішетін тұлғалар алдымен өзінің ана тілін жетік меңгеріп алып, содан кейін шет тілдерін меңгергендерден шығатынын сіз айтып отырған қазақтың даналары мен даралары анық көрсетіп тұр емес пе? Шетінен білімді, қос-қос дип­ломы бар, бірнеше тілді меңгерген қазіргі қазақтың көбі осыны жетік түсінбей, әлде жете мән бермей жүр ме деп қауіптенеміз. Түйіндей айтқанда ана тілін жетік меңгерген, сол арқылы ұлтының бар болмысы мен жан дүниесін ұға алатын тәрбиелі ұрпақ қана қазақ тілінің, соның ішінде, аударманың көсегесін көгерте аларына күмән келтірмейміз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Дина Имамбай – 1973 жылы Алматы облысында туған. Қазақтың мемлекеттік Қыздар педагогикалық уни­верситетін бітірген. Әлеуметтік ғылымдар магистрі. Қазіргі уақытта «Ана тілі» газетінің бөлім редакторы болып қызмет атқарады

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.