АРТЕМИД ҚҰДАЙЫНАН АДЕЛЯҒА ДЕЙІН немесе жусан жайлы жыр

  • 22.10.2017
  • 318 рет оқылды
  • 0

Сабырбек ОЛЖАБАЙ – Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты, Ресейдің Халықаралық психология академиясының Құрметті мүшесі

Дана қазақ Атамекенді қызғыштай қорғаумен қатар, оның әр тасы мен шөбіне дейін көзінің қарашығындай сақтаған. Сондай-ақ ұланғайыр даласы мен тау-тасына дейін өніп шыққан өсімдік атаулының емдік қасиетін жақсы білген. Қазақ ауыз әдебиетінде жусан мен жуаның жиі айтылатыны тегіннен тегін болмаса керек. «Жусаны мен жуасы бұрқыраған ауылым» деп келетін ән мәтіні осы айтқандарымыздың дәлелі. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары соғысқа аттанғандардың өздерімен бірге бір уыс жусан ала кетуі де көп жәйттерден хабар береді. Қыстық соғым кезінде үлкендердің «шіркін, жусан жеген мал ғой» деп отыратыны да осы шөпті жеген жылқының еті дәмді де құнарлы болатындығынан айтылса керек.
Жалпы, Қазақстанда жусанның мың түрі өседі. Латындар бұл шөпті артемизия деп атайды. Шөптесін өсімдіктің дәрілік қасиеттерін ашқан олар Артемид құдайдың құрметіне осылай атаған. Бір замандары олимпиада ойындарында жеңіп шыққандарға сыйлық ретінде жусаннан жасалған сусын ішкізетін болған. Римдіктер жусан тұнбасын асқазан ауруларын емдеуге пайдаланған. Ал, қытайлықтар аяқ киімдеріне жусанның жапырағын салып жүрсе, тәбетті арттырады деп тамаққа да қосыпты. Теңізшілер де түрлі ауруға шалдыққанда жусан тұнбасын пайдаланған. Олар теңізге шығар алдында кемеге осы шөпті міндетті түрде бірге тиейді екен. Қазақ емшілері дәрілік жусанды ішек құрты ауруына қарсы қолданған. Бабаларымыз осы өсімдікті шетелдерге сауда керуендері арқылы көп мөлшерде жіберіп отырған. Демек, оған сұраныс көп болған. Қара жусанның тамырын тәбет ашуға, асқазан, бауыр, өт қалтасы ауруларына қарсы пайдаланған. Жусанның – қара жусан, дермене жусан, шымырауық жусан, кесте жусан деген түрлері бар. Қарағанды қаласындағы «Фитохимия» ХҒӨХ» акционерлік қоғамы «Арглабин» деген дәрі шығарды. Ол Ресейдің ғылыми орталығында клиникалық сынақтан өтіп, ТМД аумағында таралу құқығына ие болып отыр. Осыған дейін «Арглабин» 11 елдің патентімен қорғалған. Дәрігерлер аталмыш дәрінің бауыр, өкпе және сүт бездерінде пайда болған ісіктерді емдеуге және алдын алуға мүмкіндік беретінін айтып отыр. Сондықтан осыдан екі жыл бұрын Президент Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Қарағанды қаласында «Арглабин» дәрісін шығаратын зауыт салынды. Негізінен «Арглабин» дәрісі 1997 жылы Қазақстанда жасалған. Алғашқы сынақ кезінде осы дәріні қабылдаған 72 аурудың 44 пайызында ісіктің өсуі тоқтаған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде аталмыш дәрі өмірлік маңызы бар дәрілердің тізіміне енгізілген. Бұл Қазақстанда өсетін 1000 түрлі жусанның біреуінен ғана шығарылған. Ал, қалған түрлерінен қандай дәрі шығаруға болатынын фармацевтика ғылымы әлі де анықтай жатар. Тағы бір білетініміз, «Арглабиннің» әр ампуласы 3 доллар тұрады екен.
Ал, АҚШ-тың Калифорния шта­тындағы университет ғалымдары ғылы­ми тілде «Artemisia Annua» деп аталатын өсімдіктің бар-жоғы 16 сағаттың ішінде өкпе рагі жасушаларының 98 пайызын бірден жойып жіберуге қабілетті екенін анықтаған. Бұл жөнінде «Егемен Қазақстан» газетінің 2016 жылғы 15 наурызындағы нөмірінде «Жусан» деген шағын мақалада айтылды. Әрине, бұл – қазақтың әлімсақтан қастерлеп келген жұпар иісі бұрқырап тұратын кәдуілгі жусаны.
Америка ғалымдары жусанды жан-жақты зерттей келе түрлі тұжырымдар айтып отыр. Олар өсімдіктің жасына қарай шипагерлік қасиетін анықтаған. Мәселен, жусанның бір жылдық өскінін емге қолданғанда ол өкпедегі қатерлі ісіктің 28 пайызын ғана жойып жіберуге қабілетті болып шығыпты. Егер, осы дәріге темір тотығын қосып пайдаланса, өсімдік ракты толық құртып жібереді екен. Зерттеу нәтижелері артемизин препаратының рак жасушаларының қарқынмен өсуін тоқтата алатынын дәлелдеген. Америкалық фармацевтика компаниясы осы өсімдіктің сабағы мен жапырағынан безгекті емдеп келіпті. Енді, олар жылына 50-60 тонна артемизин өндіруді жоспарлап отыр. Бір таң қаларлығы, АҚШ ғалымдары рак ауруларымен күресте сенсациялық жаңалық ашқандығын жариялаған еді. Оның жусан екені кейіннен белгілі болды. Ал, күні кеше «NUR kz» сайтында Шымкент қаласындағы Н.Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінің ХІ сынып оқушысы Аделя Кеутаеваның онкологиялық ауруға қарсы дәрі ойлап тапқаны жазылды. Ол жусанды зерттеп, дәрі сығындысын жасап көреді. Ол жусанды бекер таңдамаған. Бұл өсімдіктің құрамында дәрумендер көп. Сондай-ақ жусанда ауыр металдар кездеспейді. Жас ғалым өз еңбегін дәлелдеу үшін бірнеше ай ізденген. Жетекшісімен бірге, онкологиялық ауруға шалдыққан науқастармен кездесіп, зерттеу жүргізген. Сонымен бірге тәжірибелі дәрігерлермен кездескен. Ағзаға қандай дәрі әсер ете алатынын зерделеген. Аделя өзі ойлап тапқан дәріге химиялық қоспа үстемелемеген. Препараттың 80 пайызын ащы жусанның тамырынан алыпты. Талапкер қыз дәрінің рак жасушаларын жоя алатынына сенімді. А.Кеутаева Шымкент фармацевтика зауытының жүлдесін жеңіп алған. Әлі де аты қойылмаған дәрісімен ол айықпас ауру саналатын қылтамақты ауыздықтауға сенімді.
Біз Аделяның жаңалығына орай облыс­тық онкологиялық ауруханасы бас дәрі­герінің медициналық қызмет көрсету сапасы жөніндегі орынбасары Қарлығаш Омаровамен әңгімелескен едік.
–Негізінен бізге сынақтан өткен, Ден­саулық сақтау министрлігінің фармацевтика саласы рұқсат еткен дәрілер келеді. Жаңағы сіз айтқан «Арглабин» дәрісі бізге қолданысқа әлі түскен жоқ. Ал, Аделяның ойлап тапқан дәрісіне келсек, кез келген препарат клиникалық зерттеуден өтеді. Одан өту төрт кезеңнен тұрады. Бұған кемінде 18-20 жыл кетеді. Сондықтан, біз оның дәрісінің қаншалықты тиімді екенін айта алмаймыз, – деді ол.
«Химфарм» АҚ бас директоры Ужи Урбанец:
–Польша кәсіпкерлерімен бірлесе отырып дәрі-дәрмектің 200-ден аса түрін шығарамыз. Тегін медициналық көмек көрсетуге қажетті дәрілердің үштен бірі бізде өндіріледі. Цефалоспорин антибиотигінің өзінен 14 түрлі дәрі жасалады. Дегенмен, сіз сұраған «Арглабин» дәрісін жасауға біз маманданбағанбыз. Сондықтан, бұл жөнінде ештеңе айта алмаймын. Ал, Қарлығаштың пікіріне мен де қосыламын, – дейді.
Аделя арнайы маман емес, ол – ізденуші ғана. Оның ойлап тапқан дәрісі обыр ауруын жойып жіберуге қаншалықты қабілетті екенін алдағы күндердің еншісіне қалдырайық. Десек те, жас қыздың талпынысы қуантады. Американың аузын айға білеген ғалымдары тектен-текке әлемге жар салмайды. Елбасы да тектен тек қолдап, Қарағанды қаласынан «Арглабин» дәрісін шығаратын зауыт салуға тапсырма бермейді. Ендеше, біз сайын даламыздың сәнін кіргізіп отырған жусанның қадірін білейік. Оның әр өскінін қатаң сақтайық. Бүгінде мия, басқа да өсімдіктерді тамырымен қопарып алып жатқандардың зардабы жусандарға да тиіп жатыр. Бұл жасырын емес. Сондықтан, жусанды бір күні гербарийлер арасынан іздеп жүрмейік. Ал, Аделя сияқты талапты жасқа үлкен қолдау керек. Артемид құдайы мен Аделя қызға дейін жусанды дәрілік өскін ретінде ел бекер қастерлеп келмегені анық. Ендеше, кешегі мен бүгінгілер арасындағы рухани байланыс жалғастық тапсын деп тілейік.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.