Дәстүрлі «ҚОЛӨНЕР ЖӘРМЕҢКЕСІ»

  • 23.10.2017
  • 307 рет оқылды
  • 0

Мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында тамыз айының 26-27 күндері Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театры алдындағы алаң­да «АЛМАТЫ ҚОЛӨНЕР ПАЛАТАСЫ» ҚФ басшылығымен «ҚОЛӨНЕР ЖӘРМЕҢКЕСІ» өткізілді.
Тарихқа сүйенсек, түрлі елдердің қолөнер, салт-дәстүр, мәдениетін жақын­дас­тырған, өзара достық қарым-қатынас орнатуға септігін тигізген Ұлы Жібек Жолы қазіргі Алматы қаласының бойымен өткен. Орта Азия елдерінен келген сау­дагерлер еліміздің мәдениетіне, әсіресе, қолөнер бұйымдарына тәнті болған. «Қол­өнер жәрмеңкесі» көршілес елдердің қолөнер шеберлері мен қала тұрғындары тоғысатын айтулы шара. 15 жыл бойы «АЛМАТЫ ҚОЛӨНЕР ПАЛАТАСЫ» ҚФ басшылығымен өткізіліп жатқан «ҚОЛ­ӨНЕР ЖӘРМЕҢКЕСІ» 2013 жылы 17-і ақпан күні ресми түрде тіркелген. «АЛМАТЫ ҚОЛӨНЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ»  негізгі бағыты:
Қазақстан Республикасындағы жәр­мең­келерді жаң­ғырту, таныту және дамыту. Жәрмеңке жыл сайын Алматы «Арбатында» өткізілсе, биылғы жылы жөндеу жұмыстарына байланыс­ты жаңа жерде өткізілді. Жәрмеңкеге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, жә­не Ресейден қолөнершілер қатысты. Жәр­меңкеде қала халқы керамика, түрлі түсті пенжектер мен шапандар, киізден жасалған панно және қолдан тоқылған кілемдер, ұлттық және табиғи тас­тардан жасалған кәдесыйлар, ұлттық ыдыс-аяқтар, қолдан жасалған керемет сөмкелер мен ойыншықтар, қазақ­стандық агаттан, күміс және бисерден жасалған әшекейлер, киізден жасалған бұйымдар мен ыңғайлы тәпішкелер таба алды.
Керемет сөмкелер, көйлектер, ба­ла­­ларға арналған киімдер, былға­ры­дан жасалған суреттер, аяқ киім мен әмияндар, ерекше музыкалық аспаптар мен көптеген қолөнер бұйым­дары жәрмеңкенің көркіне айналды. Шара екі күн бойы өткізілді. 26 та­мыз яғни алғашқы күні сағат 12.00-15.00 аралығында славяндық тұмар қуыршақтарын жасаудан және қазақ­тың ұлттық музыкалық аспабы саз сырнай жасаудан шеберлік сағаттары өткізілді. Ал, жәрмеңкенің екінші күні Болат Сарыбаев атындағы «Сары­арқа» шеберханасының музы­кант­та­рының орындауында қазақ ха­лық му­зыкасының қойылымы көр­се­тілді. «Катунь» отбасылық қыш шебер­ханасының «Ай шебері» шатырында Сергей және Лариса Катунцевтер келушілерді қарсы алды. Олардың шатырында дәстүрлі кіреңке және квасқа арналған ыдыстар, кофеге арналған тарка мен сүт құятын ыдыстар, шәй­нектер, құмыралар, саптаяқ және басқа да қараталдан жасалған бұйымдар қойылды. Ересектер мен балалар үшін 6 қанатты киіз үй тігілді. Жәрмеңкеге келушілер киіз үймен танысып, өзін қызықтырған сұрақтарды  қазақ киіз үйі мен халықтық бұйымдарды әзірлейтін «Yurtart» қауымдастығының өкілдеріне қоя алды.
Динара Базарбайқызы: (Шара­ның менеджер ұйымдастырушысы): Ша­­ра­­ның ұйымдастырушысы қызметін атқарып жатқаныма 4 жыл болды. Бірақ, бұл жәрмеңке Кеңес Одағы өмір сүруін тоқтатқаннан бастап, еліміз егемендігін алғаннан бері өткізіліп келеді. 1990-шы жылдардың басында, елімізде орын алған дағдарыс кезеңінде халық бұйымдар, аяқ-киімдер мен түрлі жабдықтарды қол­дан тіге бастады. Ал, қолөнер саласына қызығушылық танытқан азаматтардың басын қосып, жәрмеңке ұйымдастыруды қолға алған «Алматы қолөнер жәрмеңкесін дамыту, жаңғырту, таныту» саласының басшысы Рима Нұртаева. Рима Қуанышқызы өзі де қолөнерден құр алақан емес. Орамал тоқиды. Ресейдегі «Московская палата ремесел» жәрмеңкесіне барып, кей әдіс-тәсілдерді, өткізілу барысын, қолөнер шеберлерін бізге алып келген.
Туынды авторлары жәрмеңкеге тікелей қатысып, сатып алушыға өз өнімі жайлы толықтай мәлімет береді. Тауар бағасы қол жетімді. Ал, егер, қаражатыңызға сай туынды сатып алғыңыз келсе, шебермен көзбе-көз сөйлесіп, өз талғамыңызға қарай тапсырыс беруге болады. Әрине, жәрмеңке Алматы әкімдігінің рұқсатымен өткізіледі. Шара тұрақты түрде өткізілетіндіктен, қолөнер шеберлеріне лайықталған тұ­рақ­ты жер (орын) болса екен деймін. Халық бізді орныққан, арнайы бір ғана жерден таба алатындай болса нұр үстіне нұр болар еді. Жәрмеңкеге өзге мемлекеттерден (Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей т.б.) шеберлер келіп, өз туындыларын халық назарына ұсынады. Сол арқылы көршілес мемлекеттер арасындағы дос­тық қарым-қатынастар нығая түседі. Мәдениетті жақындастыратын, адамзатты рухани жаңғыртып, қалаға көрік беретін шара – біздің «Алматы қолөнер жәрмеңкесі». Ал, «Алматы қолөнер жәр­меңкесі» жайлы толық мәліметтерді біз­дің «Instagram», «ВКонтакте», «Face­book» әлеуметтік желілерінен, ресми парақшаларымыздан оқи аласыздар, – деді.
Қазақстан және Орта Азияның қолөнері туралы, «Алматы қолөнер палатасының» рес­ми парақшасында 5 бөлім бойынша мәліметтер берілген. Бірінші бөлім, «Алматы қолөнер палатасы», екіншісі «Қа­тысушыларға арналған бөлім», үшіншісі «Ай шебері аталымы», төртіншісі «Алматы қолөнер палатасы шаралары», бесіншісі «БАҚ біз туралы». Әр ай сайын жәрмеңкеде үздік танылған шеберге «Ай шебері» номинациясы беріледі. Мәселен, соңғы үш айда тоқу ісінің шебері Ольга Ларионова, Бішкектің қолөнер суретшісі Әсел Есеналиева, Сергей және Лариса Катунцевтердің «Катунь» отбасылық шеберханасы айдың үздік шеберлері атағын иеленді.
«Жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді» демекші, «Арлан Жете» дәстүрлі ұлттық театрының жетекшісі, Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА доценті Мүслім Жұмағалиевтің қолынан шыққан ұлттық киімдерді өнер жұлдыздары мен театр майталмандары мақтанышпен киеді. Ұлттық дәстүрлерімізді насихаттайтын «Арлан Жете» театры алғаш рет 1995 жылы құрылған. Ал, 1998 жылы театр ұжымы Қазақстанның жаңа астанасы – Астана қаласының көрсетілімдеріне қатысады. Бүгінгі күні театр ұжымында 200-ге жуық әртістер болса, қойылымға арналған ұлттық костюмдер саны 300-ге жеткен.
Ұлттық аспаптарымызды дүйім жұртқа танытып жүрген Ержан Мұқышевтың (Болат Сарыбаев атындағы «Сарыарқа» шеберханасының музыканты) айтуынша:
– Мен Қазақ ұлттық консервоториясында «Саз сырнай аспабын жасау» мамандығы бойынша 4-ші курста оқимын. Сыбызғы, саз сырнай ұмыт болуға аз қалған ұлттық аспап түрі. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде 1971 жылы Болат Шамғалиұлы Сарыбаев тауып, қайта жаңғыртқан. Жетімсіреп қалмауы үшін, өзге аспаптар секілді дамысын, көпке танылсын деген мақсатпен аспаптың түр-түрін жасаймыз. Мысалы, сыбызғы, шанқобыз, жетіген т.б. Біз шет елдерге де шықтық. Мәселен, Үндістанға барып шеберлік сағаттарын жүргіздік. Болашақта жоспарларымыз көп. «Алматы қолөнер палатасына» қатысып жатқанымызға бір жарым жылдың көлемі болды. Жәрмеңкеде халықпен араласып, қызығушылықтарына куә боламыз. Әсіресе, туристер саз сырнай аспабының қандай әуен шығаратындығына, қалай ойнау керектігіне қатты қызығады. Сатып алады, – деді.
«Қазақ халқының бай құндылығы-оның дәстүрлі музыкасы». Ал, ұлттық му­зы­­камызды әуелеткен ұлттық аспап­тарымыз тек аға буынның ғана емес, жас­тар­дың да қызығушылығын тудырады. Кеу ананың құшағындай кеңге жайылған дарқан даламыздың төсінде шырқалған әуендеріміз қандай керемет десеңізші… Тарихымызбен бірге біте қайнасып жатқан дәстүрлі аспап түрлерін түрлентіп жүрген бір топ жастар Болат Сарыбаев ағамыздың ізін жалғастыруда.
Бір жылдан астам уақыт бұрын жәрмеңкеде ерекшелігімен баурап алатын керамикалық ыдыстар пайда болды. Ғажайып туынды иелері Сергей және Лариса Катунцевтер жұбы. Отбасылық кәсіпке айналған өнер түрін Катунцевтер шамамен бір жыл бұрын бастаған. Қатты керамикадан жасалған ыдыс түрлері IV-XIX ғ.ғ. аралығында Ресей, Украина, Грузия елдерінде кеңінен қол­данылған. Ал, XVIII ғ.-да күнделікті қолданыстағы ыдыстардың орнын басса, кейінгі жылдары мүлде жойылып, ұмыт болған. Міне, Сергей және Лариса Катунцевтер «Катунь» отбасылық шеберханасын құрып, тарихи жәдігерді қайта жаңғыртқан. Ең қызығы, кезіндегі IT маманы Сергейдің өз кәсібі (бизнес) болған. Алматыдағы пәтерінен, Талғар қаласындағы шағын жер үйге көшкен. Дәл дағдарыс кезеңінде Сергей өз кәсібін өзгертіп, қолөнермен айналыса бастайды. Осынау игі бастаманы Сергейдің жары Лариса да қолдайды. Алғашқыда, Сергей керамикалық ыдыстарды жасауды кітаптан, интернеттегі видео сабақтардан үйренген. Әке кәсібін жалғастырушы Данил және Милана есімді балалары да қолөнерге ерекше ықыластарын білдірген.
Нұржамал Айдос (он бес жыл бойы қолөнермен айналысып келеді): – Алматы қаласының тұрғынымын. Қолөнермен 2002 жылдан бастап айналысып келемін. Қолөнер ата заманнан адамзаттың қажеттілігіне орай пайда болған өнер түрі. Мен өз басым тоқыма өнерінен бастадым. 2005 жылы Иранда осы тоқыма өнері бойынша Ислам мемлекеттеріндегі әйел қолөнершілерінің семинары (ИСЕСКО) өтті. Мен Қазақстанның атынан қатыстым. Олжалы қайттым.
Тарихтан белгілі, Пазырық қорғанынан «Пазырық» кілемі табылған. Ол кілемнің тарихы 2,5 мың жылды құрайды. Өкінішке орай, оны Кеңес Үкіметі кезеңінде Санкт-Петербургке алып кетті. Кілемді қазба жұмыстарымен айналысатын Руденко деген кісі тапқан. Сол кілем біздің Қазақстанның жерінен, Пазырық қорғанынан табылған. Семинарда үш күн бойы Иран мемлекеті кілемді біздікі деген. Төртінші күні мен лекция оқитын болдым. Ортаға Қазақстанның атынан шықтым да: – Сіздер, кілемнің жан-жағындағы өрнектерге зер салыңыздар. Арқардың суреттері салынған. Арқар осы күнге дейін біздің елімізде болған және бар. Сіздер неше күн бойы Пазырық қорғаны туралы айттыңыздар. Бірақ, біреулеріңіз қорғаннан табылған кілемді Питерге барып көрдіңіз бе? Қай жерде тұр? Кім тапты? Қай жерден шықты? Оны да білмейсіздер. Кілемнің тек 2,5 мың жыл тарихы бар екендігін алға тартасыздар, – дедім. Біреулер сөзімді мойындаған болды. Бірақ, Иран мемлекеті сондай мықты екен. Оларда қолөнер жағы бір бөлек, «Кілем тоқу жөнінде» министрлік бар. Семинарда министрдің орынбасары отырды. Қазақтар оңайлықпен беріле қоймайтын халық деген ойда болуы керек, маған жүлделі орындардың бірін берді (күлді). Ұлттық дәстүрімізді жаңғырту, оны дамыту біздің шеберлердің қолынан келеді. Келешекте біздің бас қосып, пікір алмасатын ортақ ұйымымыз болса деймін. Сонымен қатар, туындыларымызды ғалам­тор арқылы шет елге шығару мәселесін қолға алу қажет. Болашақта жоспарларымыз өте көп. Қолөнермен шұғылданған сайын, сіздің қияли әлеміңіз дамиды.
Қазақ халқының қолөнер тарихы сонау ерте заманнан бастау алады. Осындағы шеберлердің құрақ, тоқыма, зергерлік бұйымдарының барлығы адамзаттың тұтынуына қажетті дүниелер. Кей шеберлер XVIII-XIX ғасырдағы қолөнер бұйымдарын, зергерлік туындыларды қаз қалпында сақтап, болашаққа мұра ретінде ұсынып отыр. Ал, кейбірі рухани құндылықтарды жаңартып, ескінің көзін бүгінгіге лайықты етіп жасаған. Ата-бабамыздың дәстүрін жаңғыртып, оны ары қарай жалғастыру үлкен дәреже, әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Алматы қаласының ғана емес бүкіл Қазақстандағы шеберлердің еңбегі зор. Мен Түркия, Иран, Қырғызстан, Өзбекстан, Батыс мемлекеттерінің барлығында болдым. Байқауымша, барлық елде қолөнерге үкімет тарапынан аса жоғары дәрежеде қолдау көрсетіліп жатыр. Ал, бізде өкінішке орай осы тұсы ақсап тұрған сияқты. Біз Егемендік алғаннан бері туристер қазақ халқының салт-дәстүрін, қолөнерін көруге келіп жатыр. Біз дәстүр-салтымыздың ең негізгілерінің бірі – қолөнерді шет елдік қонақтарға, өскелең ұрпаққа танытатын адамдармыз. Осыған орай, шеберлік сағаттарын өткізетін, шет елдік азаматтарды тікелей бір жерге ғана шақыра алатындай, бізге, қолөнер немесе шеберлер ауылын жасап берсе деген өтініш білдіремін. Біздің өтінішімізді Бауыржан Байбек мырза қабыл алса тамаша болар еді. Мысалы, «ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі» аясында Астанада қолөнер алаңы ашылды. Біз Астана қаласындағы Алматының мәдени күндерінде болдық. Қолөнер орталығында өз бұйымдарымызды халыққа ұсындық. Өте жақсы, тамаша өтті. Ол жақта қол­өнершілерге барлық мүмкіндіктер жа­салған. Бізге де қала әкімдігі, мәдениет бас­қармасы сондай мүмкіндіктер жасап берсе екен дейміз. Себебі, қолөнер, ең бірін­шіден біздің тарихымыз. Екіншіден, дәстүріміз. Үшіншіден, біз бұл дәстүрді жалғастыруымыз керек.
«Алматы қолөнер жәрмеңкесі» ай сайын жоғарыда көрсетілген күнтізбедегі даталарға сәйкес қолөнер жәрмеңкесін өткізбекші. Ата дәстүріміздің, ұлттық мәдениетіміздің ең байырғы әрі ең құнды салаларының бірі қолөнеріміз қанатын кеңге жайып, көпке танылсын. Сапалы туындының саналы тұтынушылары көп болғай. Олай болса, көп үлгіден кенде, көп өнерден кенже қалмайық!

Н.  САМЕТ

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.