«АЛМАТЫ БОРАЛДАЙ САҚ ҚОРҒАНДАРЫ» – ҰЛЫ ДАЛА МӘДЕНИЕТІНІҢ БАСТАУЫ

  • 12.10.2017
  • 665 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Гизатулла Халидуллин – тарих ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық уни­вер­ситеті

Алматы қаласының тарихы бүкіл әлем тарихымен тығыз байланысты болғандықтан, мәдениет және сәулеттік стиль қала бірлестігі қала өмірінің қайталанбас жеке дара бейнесін жасақтауға әсер етуде. Алматы – Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі, қазіргі таңда ол – Орта Азиядағы ірі мегаполистердің бірі, еліміздің қаржы-экономикалық және мәдени орталығы болып саналады. Көшпенділердің мәдениеті мен дәстүрін және отырықшы жер шаруашылығын өнбойына сіңірген қаламыздың мыңжылдық тарихы елшеусіз тереңде жатыр, әрі алуан қырлы.
Қала аумағы, табиғи климаттық жағдайының аса қолайлығына байланысты бұл аймақ ерекше маңызға ие. Мыңдаған жылдар бұрын бұл аймақта көшпелі халықтардың рухани және мәдени орталықтары қалыптасқандығын археолог ғалымдар дәлелдеп отыр. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде алғашқы тарихи-мәдени ескерткіштерді анықтады. Өкінішке орай, олардың көпшілігі уақыт сынынан өтпеді. Бірақ кейбір ескерткіштер бізге дейін сақталған. Олардың ішінде көшпелі элитаның ең үлкен қорығы – Боралдай.
Боралдай сақ қорғандары Алматы қаласының солтүстік батыс аймағында, Үлкен Алматы өзенінің сол жақ жаға­лауында орналасқан. Солтүстігінде қалалық типті Боралдай ауылымен, оңтүстігінде Үлкен Алматы каналымен шектесіп, Боралдай үстіртінің бір бөлігін алып жатыр. Бұл қорымның ұзындығы 3 шақырым болса, ал, ені 800 метрге дейін аумақты алып жатқан тарихи-мәдени аумақ болып табылады. Осы 430 га аумақты алып жатқан «Боралдай сақ қорғандары» – археологиялық паркінің аймағында ерте темір дәуірі кезеңінің 47 үлкен сақ және 200-ден астам үйсін қорғандары орналасқан. Аса үлкен қорғандардың биіктігі 10-14 м. дейін жетеді. Ал, диаметрі 80-150 м. алып жатыр. Сақ обалары Жетісудің, әсіресе, тау бөктері аймақтары бедерінің ерекше белгілері болып табылады [31;1]. Бұл дәуірдің ең белгілі ескерткіштері Алматы, Талғар, Боралдай, Түрген, Кегендегі обалар, ал, Есік пен Бесшатыр обалары әлемдік атаққа ие. Соның ішіндегі Боралдай қорғандарының орны ерекше. Ес­керткіш кешеннің өзіндік мәдени және табиғи ландшафтысы сақталған, қосымша құрылыс салу мен бұзылу жағдайлары орын алмаған. Бұл, Алматы секілді ірі қаланың жанында бұзылмаған түрінде жеткен жалғыз археологиялық ескерткішінің бөлігі саналады. Боралдай кешендік қорғандарында б.з.д. ҮІІІ-ІІІ ғ.ғ. Жетісу жерін мекендеген сақ тайпалары, б.з.б. ІІІ ғ. – б.з. ІІІ ғ. үйсін тайпа­лары мекен еткендігі анық­тал­ды. Аталған тайпалардың екеуі де қазақ халқының этногенезін құрушы болып саналады. Сонымен, Боралдай қорғандары сақтар мен үйсін тайпаларына тән екендігі белгілі болды. Бұл қорымда сақ және үйсін мемлекеттерінің билеуші әулеттерінің өкілдері мен қоғамның бетке ұстар лауазымды адамдары жерленген [105; 2].
Алматы жұртшылығы, тарихшы ғалымдар мен зерттеуші археологтар жылдар бойы кешендік ескерткішке тарихи-мәдени ескерткіштер мәртебесін беруге, оның аумағына археологиялық қорық ашуға, ашық аспан астындағы археологиялық парк ұйымдастыру мәселесін жиі талқылап отырды. 2010 жылы 10 қарашада Алматы қаласы Әкімдігінің жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін бекіту туралы 4/840 қаулысы қабылданған болатын. Осы жергілікті маңызы бар тарихи-мә­дени ескерткіштер тізіміне Алматы қаласы бойынша 118 нысан кірді. Оның 16 археологиялық, 66 сәулеттік, ал, 36 монументтік ескерткіштер болып табылады. Жоғарыда келтірілген жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер тізімінде Боралдай қо­рымы көш бастап тұр. Осының өзі оның тарихи құндылығын – өлкетану ісін жұртшылық кәдесіне асыра отырып, жастарды отандық тарихтың қырларымен таныстыруда онан сайын тереңдете түсетіні анық.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында жүзеге асқан мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы тарихи-мәдени мұраларымыз бен ескерткіш­терімізді зерттеу насихаттау барысында бүкіл қоғамда бетбұрыс туғызып, оларға деген халықтың тың көзқарасын қалыптастырды. Мәдени мұраларымызды жандандыру халықтың өзінің рухани болмысымен тығыз байланысын арттырып, оның өмірлік маңызы мен мәні бар жаңа кырларын ашуға жәрдемдесуде. Бұл бағдарлама халықтың ортағасырлық сәулет ескерткіштеріне, тарихи және археологиялық нысандарға, олардың тарихына, құндылығына деген көзқарасына да үлкен өзгеріс әкелді. Қазақстан халқы, әсіресе, жастар материалдық байлық­тан басқа да рухани, жан-дүниелік құн­дылықтардың да аса маңызы бар екен­дігіне көз жеткізуде. Аталған мемлекеттік бағдарлама аясында, мәдени мұраны кеңінен дәріптеп тарату мақсатында «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркін құру мәселесі жүзеге асты. Боралдай сақ қорғандарын музейфикациялау, сөзсіз, «Мәдени мұра» аймақтық бағдарламалары арасындағы ең ірі нысаны. Көп жылдар бойы Боралдай корғандарына ескерткіш статусын беріп, оның негізінде ашық аспан астында орналасқан мұражай ашу мәселесі Алматы қаласы тарихының музейінің өтінішімен жиі қарастырылып отырған. Соның негізінде 2006 жылы қала әкімінің қаулысымен тұрғын үй қорынан 436 га жер аймағы музей құрылысына заңды түрде «Алматы қаласы тарихының музейі» қарамағына тұрақты жер пайдалану құқығы берілген болатын. Жо­баның іске асуы еліміздегі тарихи туризм ин­фраструктурасын дамыту идеясымен байланысты.
Әлемдік мәдениетте археологиялық қазба жұмыстарының орнында ашық аспан астындағы мұражайлық-мемориалды кешен құруда үлкен тәжірибе бар. Сыртқы сипаты және тұжырымдық мағынасы жағынан Боралдай сақ қорғандарына ұқсас ашық аспан астындағы археологиялық қорық музейлер Венгр Республикасының Будапешт түбінде және Корей Республикасының Кенжу қаласында «Тимулли паркі» орналасқан. Осы «Тимулли» ұлттық археологиялық паркі (ІX) 20 хан обалары орналасқан әлемдік маңызды нысан. Жетісу өңірінің табиғат жағдайының байлығы мен көркемділігі туристердің назарынан тыс қалмаған. Боралдай қорығы қазіргі таңдағы туризмді дамытудағы бірден-бір перспективті жоба болып табылады. Бұл жерде туристік инфраструктураның құрылуы мен дамуы, ауданның мәдени-экономикалық дамуын, тұрғындарды жұмыс орнымен қамтамасыз етуін, қызмет көрсету арқылы шаруашылық деңгейін көтеруге және аймақтың табиғи байлығын, тарихи-мәдениетін ғылыми-зерттеуге үлкен үлес косады. Сондай-ақ, «Археологиялық парк» құру табиғи және тарихи мәдени мұраны сақтап қалудың тиімді жолы. Археологиялық қорық құруға отандық мамандармен бірге Корей Республикасы мен Германиядан келген мамандардың да қатысуы көзделіп отыр.
Археологиялық парктың даму концепциясы үш аймақты ұйымдастыруға байланысты.
– Бірінші аймақ қорықтың өзінен, сонымен қатар, зерттеу және толық қайта қалпына келтіру шараларын қажет ететін үш қорғаннан құралады, яғни, қорғандарға толықтай археологиялық қазба жұмыстары жүргізіледі, содаң соң музейфикацияланып, онда қорғандардың сыртқы бейнесі мен мәдени ландшафтысы жерлеу кешенінің ішкі құрылымы толық қайта қалпына келтіріледі. Қайта қалпына келтірілген археологиялық нысан табиғи ортаға үйлесімді көрініс береді және де келушілермен қала қонақтары археологиялық нысанды тамашалай алады. Болашақ парктың қалған басқа да қорғандары өзіндік табиғи қалпында сақталуы тиіс.
– Екінші аймақта әртүрлі дәуірдің археологиялық нысандарының өзінің таза қалпындағы макетін жасау мүмкін­діктері қарастырылған. Сонымен қатар, аймақта «Көшпелі архитектура ескерт­кіштері және қазақ халқының тұрмысы» – қазақтың дәстүрлі көшпелі мәдениеті бойынша экспозицияларды орналастыру қарастырылып отыр.
– Үшінші аймақта туристік қызмет көрсетудегі негізгі обьектілері орналасқан саябақ аймақтарын салу көзделіп отыр.
Жалпы, мұнда тек табиғи және мәдени ландшафтысы қалпына кел­ті­ріліп, археологиялық қазба орнында жер үсті және қорғанның ішкі бөлік­терін толық қалпына келтірілген археологиялық саябақ құру ғана емес, сонымен қатар, мұражайлық-туристік инфрас­труктураны ұйымдастыру көзделіп отыр.
Бүгінгі таңда археологиялық паркте төмендегідей жұмыстар атқарылды:
– Жер телімдерін тұрақты пайдалану үшін құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жасалынды.
– Әкімшілік ғимаратының құрылысы мен нысандарды қоршау жұмыстары аяқталды;
– «Боралдай сақ қорғандары» паркінің ғылыми концепциясы жасалынды.
– Ескерткішті кешенді археологиялық зерттеу:
а) геодезиялық суреттер түсіру;
б) кешенді геолого-геофизикалық зерттеу;
в) саябақтың шекарасын дәл анық­тау;
г) музейфикацияға нысандарды зерттеу және талдау жұмыстары жүргізілді.
– «Қазақтың дәстүрлі тұрмыс-жай­ларының генезисі» – атты этноаймақ нысандарының концепциясы жасалып отыр.
– Кешенді археологиялық зерттеу, му­зейфикацияны жоспарлауға арналған археологиялық нысандарды консервациялау және қалпына келтіру жұмыстары алдағы уақытта жоспарлануда.
Алматы қаласы әкімшілігі 2012 жылды Алматыдағы «Мәдениет жылы» деп жариялады. Мәдениет жылы аясында қала мәдениеттің дамуына жаңа импульс беруге, қоғамның мәдениеті мен білімінің артуына, сондай-ақ, Алматының еліміздің креативтік орталығы ретінде калыптасуына назар аударуға ниет білдірді. Өзінің мәдени мұрасының сақталуын қамқорлығына ала отырып, өнердің қазіргі жаңа бағыттарын дамыту қажет: инсталляция, бейне-арт, дизайн перформанстар, мұраны интерпретациялаудың қазіргі түрлері, яғни опера, балет, театр қойылымдары, танымал музыка және кино. Алматы қаласының бұрынғы әкімі А.Есімов: «2012 жылы Алматыда «Мәдениет жылы» аясында бірқатар мәдениет мекемелеріне, тарихи мәдениет ескерткіштеріне қай­та жөндеу жұмыстары жүргізіледі және биыл – 430 гектар аумақты алып жат­қан, әрі Алматының туристік қы­зы­ғушылығын танытуда үлкен рөл атқа­ратын бірегей археологиялық-мәдени кешені – Боралдай сақ қорғандарын құру жұмыстарының бас­талуы болады. ТЭН жасау жобаланады – табиғи және мәдени ландшафты қалпына келтіру, этномәдениет орталығын ғылыми жобалау, сонымен қатар мұражай-туристік инфрақұрылым ұйымдастыру бойынша бірқатар жұмыстар басталатынын айтты. Алматы – Қазақстанның мәдени астанасы. Мәдениет жылын өткізу мен жоспарланған мақсаттарды жүзеге асыру Алматының аймақтық және әлемдік деңгейдегі мәдени астанасы мәртебесін нықтай отырып, сонымен қатар жаңа алматылықтың креативті, мәдени буы­нын өсіріп, тәрбиелеу – қаланың өнері мен мәдениетінің жаңа импульсін дамы­тудың негізін құрайды. Қазіргі күнде осы қорғандар кешеніне инфрақұрылым жүйелері тартылуда. Болашақта мұнда келген туристер ата-бабаларымыздың тұрмысымен, салт-дәстүрімен, жалпы тарихымен терең танысатын болады. Келешекте осы «Боралдай сақ қорғандары» – археологиялық паркі оңтүстік астанамыз Алматы қаласының әлеуметтік, мәдени- экономикалық көркеюіне зор үлес қосып, оның халықаралық туризм жүйесіне кіруіне өз септігін тигізетініне еш шек келтірмейміз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Свод памятников истории и культуры города Алматы, «Қазақ энциклопедиясы». Алматы, 2006.
2. Алматы тарихы, 1 том, «Толағай» бас­пасы. Алматы, 2006.
3. К.М. Байпақов «Жетісу мен Алматы аумағындағы сақ пен үйсіндердің қоныстары», Алматы, 2008.
4. З.Самашев, Г.Джумабекова, М.Нур­пейсов, Л.Чотбаев Древности Алматы «Курганы Боралдая» Алматы, 2006.
5. Алматы мыңжылдық тарих, 2 басылым «Орта ғасырлардағы Жетісу өлкесінің астаналары» «СКЛ005» баспасы, Алматы, 2009.

Алдыңғы «
Келесі »