АРҒЫ ТҮРКТЕКТІ ТҮЗІЛІМ: БОЛМЫСТЫҚ ТАРИХЫ, ӨМІРЛІК КЕҢІСТІГІ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТІ

  • 12.10.2017
  • 486 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Оразбек Нұсқабаев,
профессор

Кешегі тоталитарлық жүйеде қалыптасқан ресми тарих түбі түрктекті халықтардың жаратылысын қазіргі жыл санаудың VІ ғасырынан әрі асырмайтын. Сол кезеңде сірестіріле таспаланып қалған жазбаларға қарағанда, түрктекті халықтар қазіргі ж. с. VІ ғасырында Алтай таулары аумағында пайда болған.
– Оған дейін олар қайда болды?
– Қай тектен өсіп-өніп, өрбіді?
Бұл сұрақтарға, сондай-ақ, түсініп білуге құштар­лықтан туындаған басқалай да сұрақтарға жауап қай­тарылмайтын. Қалай нұсқаланса, солай қабылдау талап етілетін. Басқаша ой түйгендер қуғындалатын. Әрі қарай қазбалауға, тереңдете зерделеуге рұқсат етілмейтін. Содан да болар, шегелене бекітілген бұл нұсқаманың саяси астарлаудан туындаған бір жақтылығы, шикілігі, таяздығы тайға басқан таңбадай болып ап-айқын білініп тұратын. Көңілге күдік ұялататын. Тереңдете қазбалауға, зерделеуге ұмтылдыратын. Өстіп жүргенде, бұрынғы тоталитарлық жүйе құрдымға кетті. Ой еркіндігі туды. Содан, кешегі тоталитарлық жүйе аясында болған барлық ұлттар мен ұлыстардың ғалымдары өз халқының арғы түпкі шығу тектерін іздестіріп, ататек тарихын қазбалай бастады. Ататек тарихын зерделеуде олар тек шежірелік мәліметтерді місі тұтпай, соңғы жылдары анықталып, ғылыми айналымға кіріктірілген, соны антропологиялық, археологиялық, лингвистикалық және ДНК-генеалогиялық сараптау нәтижелеріне арқа сүйеуде. Осындай өзіндік айтар терең мәнді байыпты тұжырымдаулары бар еңбек – белгілі қаламгер, этно­лингвист ғалым, түбі түрктекті жұрттардың шығу тегін, орналасуын, тұрмысы мен мәдениетін көптен бері зерт­теп келе жатқан Жарылқап Бейсенбайұлының Астана қаласындағы «Ғылым» баспасынан 2015 жылы жарық көрген «Орталық Азиядағы арғытүрк сипатты мәдениеттер: этно­тектік аспектілер» атты 468-беттік моно­графиялық зерттеуі.
Зерттеудің басты жаңалығы – ДНК-гене­алогиялық зерттеулер нәтижелері мен археологиялық, этнографиялық, этимо­логиялық аспектілерді өзара салыстыра сараптай келіп, түбі түрктекті халықтардың шығу тегі мен түп-төркіні тым тереңде жатқандығын нақты фактілік, ақиқатты шындықты мәліметтерді негізге ала отырып дәйектеп бере білуі. Кейінгі жылдарда жаңа ғылым саласы ретінде кеңінен таныла бас­таған ДНК-генеалогиялық зерттеулер түрктекті халықтардың түп төркіні тым тереңде жатқандығын ғана анықтап беріп қойған жоқ. Сонымен қатар, осы зерттеу тәсілі арқылы жинақталған мәліметтерге қарағанда, шығу тегі түрктекті деп есептелетін аталық Rlb гаплотобы түзілімдерінің әрі қарайғы үрім-бұтақтануы Қытайдың Ұлы қорғанынан Карпат тауларына дейінгі аумақта ғана емес, сонау есте жоқ ескі замандарда күллі Батыс Еуропаны да тү­гелге жуық қаусырған зәузаттық түзілім екендігін де ап-айқын етіп нақтылап отыр. Айталық, аталмыш еңбектің 104-105-ші беттерінде автор ДНК-генеалогиялық зерттеу тәсілін негіздеуші ғалымдардың бірі ретінде танылатын тегі орыс, америкалық биохимик А. А. Клесовтың зерттеу нәтижелеріне сіл­теме жасай оты­рып, төмендегідей таңдай қақтырарлық мәліметтерді мысалға келтіреді.
Rlb гаплотобының бірер толқыны бұдан 4500 жылдай бұрын Қара теңізді төңіректей Балқан аймағына, бүгінгі Германия мен Польша жеріне аяқ іліктірсе, тағы бір тар­мағы, 6000 жыл шамасы бұрын, ша­масы көне шұңқырлықтардың бірінші үдеріс толқынының соңын ала, Кавказ арқылы Анадолыға қадам басыпты. Олар (араларында бүгінгі шотландықтар мен ирландықтардың түп бабалары болған Rlblb2 гаплотипті кельт тайпалары да бар) 5500 жылдай бұрын Месопотамияда шумер жұрттары тегінің түзілуіне атсалысып (шумер ұрпақтарының 40 пайызы Rlblb2 гаплотипі), 5000 жылдай бұрын Африкаға (әйгілі мысыр перғауыны Тутанхамонның гаплотипі Rlblа2) асыпты. Сол жақтан 4800 жылдай бұрын Гибралтар арқылы Пиренейге өтіп, Франция жерімен Ла-Манш бұғазына дейін жетіп, Еуропаны батыс жағынан шығысқа қарай қаусыра басыпты. Осы жылжыған бағыттарында олар өздерімен бірге алтайлық тілдерге тән агглютинативті (жалғамалы) тілдерді де алып жүріпті. Мыңжылдықтарды жалғаған сол ұзақ көші-қон үдерістерінен қалған ны­шандар қатарында агглютинативті шумер, баск тілдері аталады. Еуропаның қазіргі халықтары арасында тілдері үндіеуропалық болып өзгергенімен, осы Rlb гаплотобынан тараған ұрпақтар да тым мол. Мәселен, Rlblb2 зәузаты: ДНК-генеологиялық сараптан өткен баскілердің – 88, испандардың – 70, бельгиялықтардың – 63, итальяндардың – 62, британдардың – 68 (валлилердің – 89), ирландардың – 81, немістердің – 50, фран­цуздардың – 52, португалдықтардың – 62 пайызына тән. Rlb ұрпақтары ұғынысқан сол түпкі түрктік агглютинативті тіл Еуро­паның кей жерлерінде жыл санаудың 10-шы ғасырларына дейін қолданыста болған. Алайда, арилердің Карпаттан ары қарай батысқа беттеген Rlаl гаплотипті қауымдастықтары тілінің біртіндеп бел алуына байланысты, ақыр соңында үстемдікке сол Rlаl жұрттары сөйлеген тіл жетіпті [1. 670-785, 863-903; 2. 1652-1675; 3. 3-58; 4; 5; 6. 1511-1525б].
Сараптамалық зерттеулермен анықталған бұл генеалогиялық деректер орыс зерттеушісі Ю. Н. Дроздовтың «Еуропа тарихының түрк тілдік кезеңі» атты 2011 жылы шыққан көлемді ғылыми-танымдық еңбегінде [7], латыш зерттеушісі Г. Шукенің «Латыштардың түбі түрк пе?» атты кітабында, сондай-ақ батыстық ондаған түрколог ғалымдардың еңбектерінде қуатталған [8.104-105б]. Сондай-ақ, аталмыш еңбектің авторы өз зерт­теуінде түбі түрктекті жұрттарға тән гаплотоптық топтардың бұдан 35-20 мың жылдай бұрын Азиядан Америка құрлығына толқын-толқын болып өткендігін де назардан тыс қалдырмаған.
Ғылыми ортаны дүрліктіріп, адам бала­сының шығу тегін, әлемнің түпкір-түп­кіріне тарап қазіргі таңда жер бетінде өмір сүріп жатқан 6 мыңдай ұлтты, ұлысты жұрттардың кімдерден тарағанын анықтап берген ДНК-генеалогиялық зерттеу тә­сілі қандай тәсіл, басқалай теориялық-методологиялық әдіс-амалдардан несімен ерекшеленеді, міне осындай, сондай-ақ бас­қалай да оқырман қауым қызығушылық танытатын ондаған сұрақтардың жауабы да автор еңбегінде жан-жақты анықталып, негізделген. Автордың түсіндірмелері бойын­ша, адам баласының шығу тегін, кім­нің кімнен бұтақталғандығын анықтауда жара­тылыстану және гуманитарлық ғылым мен антропологиялық, археологиялық зерттеу тәсілдерін пайдаланумен қатар, ДНК-генеалогиялық дереккөздеріне иек артқан жөн.
Биохимиялық және генетикалық зерттеу тәсілдері ретіндегі ДНК-лық анық­­­­тау – тірі клетка ядросында бол­ған дезоксирибонуклеин қышқылы мо­лекуласы құрамындағы тұқымтектілік ақ­парат қорын сараптайды. Себебі, нуклеин қышқылы қандай да болмасын, тірі организм ұрпағының түзілімі, дамуы және жекелік өзіндік сипаттамалық бел­гілері туралы ақпаратты сақтап, олар­ды жаңадан пайда болған клеткаларға (келесі зәузатқа) бұлжытпай көшіріп беріп оты­ратын көрінеді. Соның арқасында тұқым қуалаушылық қасиеттер ұрпақтан-ұр­паққа өтіп отырады.
Тұқымдық ақпарат негізінен ДНК сақ­талатын ядролық құрылым хромосо­ма­ларында жинақталады. Ал, оның Y-хро­мосома түрі тек ер жыныстыларда ғана болып, ол әкесінен – ұлына тікелей ауысып отырады. Олай болса, әкеден тура тарайтын тұқымның бәрінде Y-хромосоманың бірдей элементтері, белгілері сақталып қалып отырады. Әйел жыныстылардың тектік жүйесін құрайтын «митохондриалды ДНК» (мтДНК) гаплотоптары да осындай күрделі түзілімдерден тұрады. Ол бойынша адамзаттың ілкі африкалық дәуірлерінде L таңбасымен белгіленген әлденеше бас гаплотоптар болыпты. Соның L3 гап­ло­тобы ғана Африкадан Азияға өтіп, 80-70 мың жылдай уақыт бұрын, одан M және N макротоптары таралыпты. Африка құр­лығынан тыс гаплотоптардың бәрі осы екі тармақтың ұрпақтары болатын көрінеді.
ДНК-генеалогиялық зерттеулерде нақты бір адамның хромосомасындағы оның жеке басына тән тектік ДНК түзілімдерінің жиынтығын – гаплотип (гаплоидты генотип) деп атау орныққан. Бұл гаплотиптік түзі­лімдердің әрқайсысының қайталанып көші­ріліп отырылуы белгілі бір маркерлерден құрылымдалады. Сол қайталанған зәузаттық ерек­шеліктер жиынтығы әр адамның жекелей өзіндік нышандық белгісін көрсетеді. Яғни, оның жеке басының «ДНҚ» төлқұжаты болып саналады. Типтік гаплотиптер 6, 12, 17, 25, 37, 67 маркерлі болып келеді. Гаплотиптік маркер көп болған сайын сол адамның өз тегіне /туыс ДНК-алық зәузаттық бұтаққа/ қатыстылығы туралы мәліметтерді табу дәлдігі молая түседі. Ұқсас гаплотиптер тобын – гаплотоп (гаплогруппа) деп атайды. Ер адамдардың Y-хромосома гаплотобын, әдетте, әліпбилік тәртіп бойынша A әрпінен T әрпіне дейін белгілеп жіктеу жүйеленген.
Генетиктер Африкадағы алғашқы есті адам /һомо сапиенс/ жұрағаттарына A гап­лотобы тән деп, ал, оған кіндіктес өр­біген аталық BT гаплотобы Африканың солтүстік-шығыс жағында құрылымдалған деп есептейді. Азия құрлығына қарай өткен адамдар соның алғашқы сыңары B гаплотобынан тараған C, F зәузаттарымен таңбаланады. Кейіндеу F гаплотобынан G, IJK, H гаплотоптары бұтақтанады. Осыдан 55-45 мың жылдай бұрын Алдыңғы Азияда түзілген IJK құрама тобынан алдымен I және J гаплотоптары, кейіндеу келіп K гаплотобы бөлінеді. Осы K гаплотобынан бұдан 40-35 мың жылдай уақыт бұрын тараған NOP құрама гоплотобына жататын қауымдар Арал теңізінен шығысқа қарай жатқан аймақтарды қоныс етеді. Осы құрама зәузаттың әрі қарайғы бөлінуі барысында N гаплотобы (түпкі оралдықтар) дараланып, біртіндеп шығысқа қарай жылжи бастайды. O гаплотобы қайтадан күнгейге қарай беттеп, Үндістан арқылы оңтүстік-шығыс Азияға ойысады. Сол жақтан кейіннен моңғолоид пішінді қытай, филиппин, малай текті халықтардың әуелгі зәузатын құрайды. P гаплотобының біраз бөлігі шығысқа, те­ріскей-шығысқа, Алтай бетке қарай қо­ныс­танып, осы аймақтарда ағайындас Q және R гаплотоптарына тармақталады. Q гаплотобы әсіресе американдық үндістер арасында мол. Оның туыс серігі R гаплотобы бұдан 20 мың жылдай шамасы бұрын Rla, Rlb бұтақтарына ажырайды. АҚШ-тың биохимия профессоры А. А. Клесов осы Rla гаплотобын кейіннен түпкіари тілінде, Rlb гаплотобын түпкі түрк тілінде сөйлеген қауымдардың ілкі бабалары еді деп есептейді [1.202-225, 516-785б]. Ал, бұдан 50-60 мың жыл бұрынғы шамада жоғарыда аталған ежелгі F зәузатының сы­ңары, әуелгі түптегі Араб түбегінің күн­гейін­де түзілген С гаплотобы қауымдарына тән кейін­гі көші-қон сілемдерінің бір бағыты Кәшмір арқылы Қашқар жазығына шығып, Тәңіртауды айналып, Ұлы Дала кеңістігіне беттейді. Екінші бағыт Қытайдың ұлы өзендерінің алабына бұрылады. Үшінші бағыт оңтүстік теңіздерді жағалай барып, Австралия құрлығына өтеді [9. 319-337 б]. Осындағы бірінші бағытпен жылжыған С гаплотобына бөлінген С3 тармағы кейіннен моңғол пішінді түрк, моңғол, тұңғыс-мәнжу, жапон, корей сияқты халықтарға тән негізгі зәузаттық белгілердің біріне айналады [8. 14-16 б].
Мұның бәрін тәптіштеп қағаз бетіне түсірген себебіміз, тек ДНК-генеологиялық зерттеу тәсілінің мән-мағынасын түсін­діруге ғана жасалған талпыныстан емес, сонымен бірге, Ж. Бейсенбайұлы түбі түрктекті халықтардың пайда болу, өсіп-өніп көбеюі, адам баласын осы уақыттарға дейін таңдандыра тамсанып келе жатқан мәдениет ескерткіштерін түзу, әлемдік деңгейдегі ондаған алып державаларды орнықтыру сияқты керемет жетістіктерге қол жеткізуін қалай негіздеген, міне, осыларды да білуге талаптылықтан туын­­даған қызығушылық болатын. Осы тұрғыдан алып қарастырғанда, Ж. Бейсенбайұлының өз еңбегінде түбі түрктекті халықтар жоғарыда аталған гаплотоптардан бұтақтанған арғытүрктік Rlb, автохтан «шы­ғыстық» Rlа, оңтүстік сібірлік Q, арғы­түрктік-арғыүгорлық N, жалпы алтайлық C3, орталық һәм оңтүстік-шығыс азиялық O зәузатты жұрттардың ұрпақтары болып есептеледі, деп дәлелдеуі көңілге қонымды. Автор, бұл тұжырымының растамалығын дәлелдеу үшін тек соңғы 20-жылдай уақыт ішінде жарияланып, әлемдік деңгейде танылған 589 тарихи, антропологиялық, ДНК-генеологиялық, археологиялық, этнографиялық, этнологиялық, линг­вис­тикалық, т. с. с. еңбектерге сілтеме жа­саған. Нәтижелігі де керемет! Оқыған сайын қызықтыра, еліктіре түсетін, сезімді қозғайтын өте тұщымды еңбек туындаған.
Автор, осылайша, Орталық Азияны алды 50 мың, арты 35 мың жылдан бері ата қонысы, құтты мекені санап келе жатқан түбі түрктекті халықтардың шығу тегі анықтап алғаннан кейін, олардың өсіп-өну, бір текті халық болып қалыптасу қалыптарын, мың өліп мың тірілген тар жол тайғақ кешулерге толы өмір жолын, тұрмысы мен тыныс-тіршілігін, жаугершілік жорықтарын, мем­­лекеттік құрылымдарын, тарихтың әр­түрлі кезеңдерінде әртүрлі аталғандарына (мысалы, хұн, сақ, түрк, ұйғыр, үйежы, теле, т. т.) қарамастан түпкі түрктектік болмысын сақтап, бүгінгі күнге жеткенге дейінгі тарихын көне шумерлік, ассириялық, урартулық, парсылық, қытайлық жазбалық деректерді, соңғы жылдары антропология, археология, лингвистика, тағы да басқа бірнеше жаратылыстану және гуманитарлық ғылым салаларында негізделген түйіндеулермен сабақтастыра байланыстырып, сабақтайды. Ой толғата келіп, түрктекті жұрттардың тас дәуіріндегі климаттық жағдаяттарға бай­ланысты әр тарапқа таралулары мен олардың кейінгі ұрпақтарының энеолит заманындағы көнешұңқыр, ботай секілді түздік мәдениеттер аясында кешкен тіршілік сапырылыстарындағы көптеген этнотектік нышандарының өзара сабақтас әрі таза түрктекті жұрттарға тән құбылыс екендігін негіздеп береді. Ал, бұл түйіндеме бұрындары көкейде тұрғанымен, дауыстап айтуға мүмкіндік берілмейтін ақтаңдақтардың бірі ғана емес, бірегейі саналатын. Шынында да, көнешұңқыр мәдениет ошағының да, сондай-ақ осы сияқты басқада ондаған арғы мәдениет ескерткіштер орындарының да арғытүрктекті жұрттардың түз өңірлеріне бейім тіршілік салттарына бейімделуінде айтарлықтай орны болған. Әрі бұл мә­дениет ошақтары, Ж. Бейсенбайұлы айтса айтқандай, кейінгі замандарда өркен жайған орталықазиялық мәдениеттердің қордалануына тигізген өзіндік әсер-ықпалы мол болған маңызды мәйектер бола білген. Тек өкініштісі, Қазақстан тарихшылары арғытүрктік қатпарлары мол көнешұңқыр мәдениеті сияқты қадым замандардан қалған мәдениет ескерткіштеріне әлі бір де бір рет пайымды сараптаулар жасай қоймаған. Сол кешегі тоталитарлық жүйеден мирас болып қалған шовинистік пиғылдағы теориялық-методологиялық әдістеме аясында ой қорытып, түбі түрктекті халықтардың арғы тарихына қатысты кеңестік тарихшылар негіздеген ескі догматтық пайымдарды қай­талаумен келеді.
Көнешұңқыр және сол сияқты қа­зіргі Қазақстан территориясында бағзы замандарда ондаған мәдениет ошақтарын түзген түздік жұрттар уақ мал – қой мен ешкі бағумен айналысқан. Көдесі мен қауы, бозы мен бетегесі желкілдеген бұл аймақ, маңғыртып уақ мал өсіруге нағыз қолайлы өріс болды. Келе-келе мал басының артуы жаңа жайылымдар іздеуге итермеледі. Сөйтіп, мал тұяғына ілесе өріс қуалай, қанатын кере жайған түздік жұрттар көп ұзамай, Ұлы Даланың шығысында – Алтай-Саянға, батысында – Дунай алабына дейін өріс кеңейтті. Олардың бұл көші-қон бағыттарының іздері дала төсіндегі маң төбе-обаларда, ондағы таза түрктік жерлеу ғұрыптарынан да, олардан қалған кейіннен қазып алынған тұрмыстық заттар /ыдыс-аяқ, түбі жұмыр қыш құмыра, әшекейлі сәнді бұйымдар, инелер, түйреуіштер, біздер, қармақтар, көгендер, т. т./ еңбек құралдары мен қару-жарақ түрлерінің ұқсастықтарынан да білінеді. Осы түп бастауынан бері қарайғы дамуында сабақтаса көрініс беретін түпкі түрктік этноәлеуметтік, мәдени, тұрмыстық сипаттар қола ға­сырларда жалпы ортаазиялық Беғазы-Дәндібай мәдениетіне, одан бері түрктік мәдениеттерге ұласқандығы нақтылы өмірлік көріністік әрі айғақтық фактілер арқылы Ж. Бейсенбайұлының зерттеуінде жан-жақты пайымдалған. Ал, Беғазы-Дәндібай мәдениетінің өзі, автордың қазақтың ұлы ғұламасы, академик Ә. Марғұланның еңбектерін негізге ала отырып дәлелдеуіне қарағанда, өзінен кейінгі бүкіл далалық тұр­мыстың, дүниеге көзқарастың, тәңірге сенушіліктің, ұлт болып қауымдасудың, небір таза түрктік мәдениет ошақтарының, өнердің, қол өнерінің, металл өндіру мен оны өңдеу, оны тұрмыста, әскери істерде пайдаланудың, мемлекеттік құрылымдар құрудың, далалық өмірге тән құқықтық реттеулерді негіздеудің, т. с. с. өзегін құрағандығы нақты фактілік мә­ліметтермен айшықтала негізделіп, жан-жақты панорамалық көріністе көрсетілуі еңбектің құндылығын одан әрі асыра түскен десек, артық айтқандық бола қоймас. Себебі, мұндай бұрындары айтылмаған тың түйіндеулер тарихта түрктік дүниеге қатысты бұрындарғы бірқатар ұстанымдарды қайта пайымдауды талап етеді. Ал, Қытайдың Шаң (ж. с д. XYII-XII ғ.), одан кейінгі Жыу (ж. с. д. XII-III ғ.) дәуірлеріне тән жазба ескерткіштерде түрктекті жұрттарға тән өндірістік өндіру құралдары мен жасалған зат түрлерінің атамалануы, сондай-ақ Хуанхэ (Сарыөзен) алабы, Ордос, Шығыс Түркістан өңірлерінен қазіргі уақытта археологиялық қазба жұмыстары арқылы аршып алынған заттық айғақтардың сол замандарда осы аймақта өмір сүрген түздік жұрттардың тұр­мыстарында пайдаланғандығының дәлел­денуі арғытүрктік беғазы-дәндібай мәдениетінің Орталық Азияның күллі өңір­леріне таралғандығының дәлеліне саяды. Сондай-ақ, Ж. Бейсенбайұлының зерт­теуінде осы сабақтастық жібінің үзілмей, бірсыпыра белгілерінің ерте темір дәуірінде Қара теңіздің теріскейі мен Алдыңғы Азияға дейін ат тұяғын дүбірлеткен қамар (киммер) және іш ғұз (сақ-скиф) жорықтары арқылы сол аймақтарға жеткендігі де назардан тыс қалмаған.
Сақ мәдениеті, Ж. Бейсенбайұлының дәлелдеуіне қарағанда, орталық-азияның түздік дәстүрлердің бірін-бірі өзара құнар­ландыруынан пайда болған жарқын құн­дылық. Оның кіндігі – батысы Каспий, теріскейі Алтай-Саян таулары, оңтүстік-шығысы Ордос жонын қамтып жатқан құтты орталықазиялық кеңістікте кесілген. Оған тән үрдістердің өркен жаюына осы өңірлерді мекен ететін беғазы-дәндібайлық аядағы тайпалар қытай деректеріне «тиек», авеста уағыздарына «тұр» нұсқаларында түскен, түп-тектері таза түрктекті жұрттар. Бұл жұрттың әртүрлі тарихи кезеңдегі әртүрлі аталымдары ежелгі қытайдың топы­рағында бірінші құрылған қытайлық мемлекет Шиа (Cя) патшалығы (ж.с.д.XXI-XVII ғ.) заманнан бері қарайғы хаттамалық жылнамаларда куэй, гуэй, құяңыр, (қоңыр), тиек, жұң, жұңди, ху, хұн, т. с. с. этнонимдік атаулармен аталып келген. Жалпы, Ж.Бейсенбайұлының бұл зерттеуінің тағы бір артықшылығы – еңбекте көне қытайлық түпнұсқалық деректерді кеңінен пайдалануы болып қалмақ. Сонымен қатар, Ж. Бейсенбайұлы зерттеулерін оқығаннан кейін, осы уақыттарға дейін сақ мәдениеті тек иран тілді халықтарға ғана тән делініп келген еуроөктемшіл уәждің де күмәнді екендігіне көз жеткізе түсесіз. Өйткені, кейінгі жылдардағы зерттеу нәтижелері негізінде қазіргі ғылыми таным, авесталық жыр-дастандарда «жүрдек атты тұрлар», көне парсылық деректерде «сақтар» немесе «ерендер», «арилер», бұлардан беріректегі грек жазбаларында «скуз», ағылшынша «zcyth» (скиз), орысша «скиф», көне асси­риялық-бабылдық сына жазуларында «iskuz» («іш ғұз») деп атамаланған жұрттың түрктектілігін айқындап беріпті. Айталық, «түрк» этнонимінің шығу төркініне барлау жасаған чуваш ғалымы Н. И. Егоров әйгілі француз шығыстанушысы Э. Блошенің Авестадағы «tura» этнонимін «бүгінгі түрктекті халықтардың арғы бабалары деп танитындығын мысалға келтіреді. Не­міс ғалымы Т. Нельдеке де орыс тарих­шы­ларының тұрларды ирандық тектен тар­қататындықтарына сенімсіздік білдіріпті. Неміс үнді-ирантанушысы В. Гейгер тұр­ларды Каспий теңізінің оңтүстік-шығыс жағалауларынан Әмудария мен Сырдария өзендерінің екі бетін ала Жайық және Еділ өзендерінің төменгі ағыстарына дейінгі ара­лықта жайлаған түпкі түрктекті жұрттар деп анықтапты. И. Маркварт болса авесталық тұрларды маң-массагеттердің нақ өзі деп бағымдаған көрінеді. Осылар сияқты басқа да ондаған пікірлерді салыстыра талдаған Н. И. Егоров тұрларды сақ тайпаларының көне атамалануы деп анықтайды. Тұрлар сөйлеген тіл кейбір зерттеушілер жорамалдап жүргендей, иран тілі емес, керісінше көнетүрк тілі болғандығын негіздейді. Тұрлар кейіндеу келіп тұрандықтар атанған, дейді (8. 294-295 б).
«Түрк» этнонимінің қалыптасу тарихына қатысты шынайылық пен ақи­­қаттылыққа толы жаңа пайымдаулар жасалған келесі бір тұщымды еңбек, Ж. Бейсенбайұлының айтуы бойынша, өзбекстандық ғалым Аблат Ходжаевтың зерттеуі. Өзінің осы еңбегінде А. Ход­жаев қытайдың тарихына қатысты дереккөздерді қайта сараптаудан өткізген жаңа анықтамалық энциклопедиялар мен зерттеулерді молынан пайдалана отырып, арғытүрктік этнонимдерді соны қырынан тыңғылықты түрде тал­даған. Ходжаевтың Қытайдың билеуші әулеттерінің ежелден бергі жинақталған 24 томнан тұратын «Эршисы ши» (24 тарих) басылымынан басқа да кейінгі отыз жыл шамасында ҚХР мен Тайванда жарық көрген іргелі зерттеулерді, 1986-1991 жылдары басылған 8 томдық «Ханьюй дацзыдаянь» (Үлкен иероглифті сөз­дікті), 1986 жылғы «Ханьцзы гуинь шоуцэ» (Қытай иероглифтерінің көне ай­тылым анықтамалығы) секілді құнды дерек­көз­дерді, Сы ма Чианның (Сыма Цян) әйгілі «Тарихи жазбаларына» (Шы-зи) енбеген мәліметтерді кеңінен пайдаланып, оларды түпнұсқалардан оқи алуының арқасында оқырманды көп жайға қанық­тыратынына мән береді. Айталық, А. Ходжаев көнеқытайлық дереккөздерге сілтеме жасай отырып, байырғы түрктекті халықтар мен ежелгі ханзулардың өзара араласып, ауыс-түйістік қатынас жасай бастағандықтарына 5 мың жылдай уақыт өткен, дейді. Оның дәлеліне ол «Ханьюй даңзыдаяньнан» (Қытай тілінің үлкен иероглифтік сөздігінен) мынадай сілтемені мысалға келтіреді. «Тиектер (түрктер) Жуңгомен, яғни, Орталық мемлекетпен Шиа (Ся) патшалығы тұсында ауыс-түйісті қатынас жасай бастаған» (10. 26 б).
Ежелгі қытайлар өз мемлекеттерінің айналасын жартылай болса да қоршай орналасқан түздіктерді төрт құбылаға бөліп: «И» – шығыс жабайылары, «Жұң» батыс жабайылары, «Мән» – оңтүстік жабайылары, «Ди» – солтүстік жабайылары деп атаған көрінеді. Дегенмен деі хуасялықтар өздерімен көрші отырып, батысы мен теріскейін жай­лаған түздіктерді олардың өздерінің атауларына ұқсас етіп көбіне көп «тиек» деп атаған сыңайлы. Ал, олардың «тиек» деп атаулары, түздіктердің өздері өздерін атамалайтын «түрк» этнониміне сәйкес келеді. Себебі, ежелгі де, қазіргі де қытайлар «р» дыбысын дұрыс үндестіре алмайды. Бұ­зып дыбыстайды. Осыған қарағанда, дейді ойын одан әрі сабақтаған Ж. Бейсенбайұлы өз зерттеуінде, ДНК-генеалогиялық төркіндері бір R1b мен «шығыстық, автохтондық» R1а, оңтүстіксібірлік, жалпыалтайлық, орталықазиялық Q, C3, O, N аталықтарынан түрктік нышанды бұтақтанған түздіктерді – арғытүрктекті, сонау замандарда бірде сақ, бірде хұн, бертін келе әртүрлі этнонимдік аталымдарды иеленген түрк­текті жұрттар қатарында санайды. Әйгілі сақ мәдениетін де сол батыстық және шы­­ғыстық түбі түрктекті халықтардың өз­ара ықпалдасуынан, тұрандық және ор­достық үрдістердің бірін-бірі толықтырып құнар­лануынан қалыптасқан үрдіс ретінде бағамдайды. Ал, Ж. Бейсенбайұлының көнеқытайлық түпнұсқалық дереккөздеріне сілтеме жасай келіп, Қытайдың ежелгі Шаң және Жыу (Чжоу) патшалары түп-тегінің түздік жұрттардан екендігін дәйектейтін мысалдарды алға тартуы да оқырман назарын аударары сөзсіз. Бұл орайда автордың еңбегіндегі 167-168-беттерден мынадай жолдарды оқуға болады.
«Шаң» дәуірінде өркен жайған Аньян мәдениетіне тән (ж.с.д. XIII-XI ғ.) ора­сан зор патша қабірлері, әскери арбалар, қол­дан жасалған тамаша ыдыстар мен бұйымдар, қару-жарақтар оларды аршып алған археологтарды қатты таңырқатқан. Өйткені, осы өркениет алдындағы эрлитоу-эрлиган мәдениеті кезеңінде (ж.с.д. XVI-XIVғ.) мұндай сән-салтанатты патша оба­ларын тұрғызу, дөңгелегі жеңіл әрі сапалы әскери арбаларды жылқылармен бірге көму дәстүрі болмапты. Ал, Шаң дәуіріне қатысты зерттеулер барысында жүйеленген дәйектер бойынша, ж. с. д. XIII ғасыр шамасында сол Сарыөзен алабына батыс жақтағы далалық кеңістіктен салт атты, «жүрдек арбалы» еура­зиялық нәсіл нышандары басымдау жұрттар басып кірген көрінеді. Арбалармен соғысу тәсілін жетік меңгерген олар, тез арада-ақ жер емген тұрғылықты халықты тізе бүктіріп, күллі билікті өз қолдарына жинап алыпты.
Ғылыми зерттеулерде Шаң патша­ла­рының шыққан тегі сол «Ордостық шептен» келген әулеттерден болуы мүмкін деген болжам айтылады. Өйткені, ол «жүрдек арбалылар» қалың қытайға көп ұзамай-ақ сіңісіп, солардың тіліне жаппай ауып кетсе де, өздерінің бағзыдан ұстанған, пат­шалары көз жұмғанда, о дүниеге ерекше салтанатпен аттандыратын дәстүрлерін ұмыта қоймапты. Бұл өңірде бұрын ұшы­распаған жерлеу жораларын енгізіп, жой­қын патша обаларын тұрғызу, көсемдері өлгенде, олармен бірге жылқылар мен арба­ларды қоса көму секілді ғұрыптарды орнықтырыпты. Аз уақыт аралығында жүр­дек арбалы жасақтарымен Сарыөзен ай­мағындағы отырықшы тайпаларды бірінен соң бірін бағындырып, қуатты елге айналып үлгерген Шаң билеушілері, басып алған жерлерінде қала-бекіністер салдырып, сол қорғандардан маңайдағы жұрттарға жылма-жыл жорық жасап, мал-мүліктерін сыпыра тонап, мыңдаған тұтқынды айдап әкеліп, құлдыққа салатын, айдарынан жел ескен әлеуетті мемлекет ретінде танылыпты. Же­ңім­паз шаңдықтар көсемдерін – «уаң», өздерінен тарағандарды – «байсын», ал, бағынышты жұртты – «шумың» (қара бұқара) деп атайды екен. Қытайдағы темір еріту, ұңғылы айбалталар жасау дәстүрі де осы аньян мәдениетінің бастапқы кезеңі – ж.с.д. XIII ғасырдан басталған, делінеді. Осындай дәйектерге орай, бүгінгі ғылымда: «қытайлық өркениеттің шарықтап дамуы, Шаң дәуірінде батыстан жеткен үш маңызды инновациялық жаңалық – жүрдек арбалы көлік, жылқы және металлургияның арқасында жүзеге асты» деген тұжырымға көбірек мән беріледі (8. 167-168 б).
Бұрындары ғылыми айналымға енбе­ген түбі түрктекті халық туралы мұн­дай соны мәліметтер Ж. Бейсен­бай­ұлының зерттеуінде көптеп саналады. Ал, автордың арқайымдық түздік мәдениет кешені, Тұран мен Ордос аралығындағы түздік жұрттардың этнотегіне қатысты пайымдары, тарым сембелерінің ав­тохтон жұрттардан қалған қаңқалар екендігін дәлелдеулері, ішғұз (сақ-скиф), hy (ғұз), хұн атауларының этимологиялық мазмұндарына жасаған талдаулары, үйежы (юечжи) жұртының, тохар, дай, теле мен қыпшақтық түзілімдер туралы ой-толғамдары жаңаша мазмұндау мен түйіндемелік жаңа тұжырымдарға толы.
Ж. Бейсенбайұлының бұл еңбегі өте өзекті, түбі түрктекті жұрттарға қатысты бұ­рындары айтылмаған, әрі тың, әрі қы­зықты мәселелерді көтеруімен ғана емес, мазмұнының нәрлігімен, бұрыннан қалып­тасқан догматтық қағидалар аясынан шығатын соны қорытындыларымен де ерекшеленеді. Жалпы, орталықазиялық мәдениеттердің қалыптасуына мұрындық болған Беғазы-Дәндібай мәдениетінен құнар­ланып, далалық кеңістіктің барлық өңірлерінде бой көтерген түбі арғытүрктік өр­кениет көріністері өз оқырманын баурап алып, оқыған сайын жаңаша ой түйсіктерге жетелейді, түрктектілікке мақтаныш сезімін тудырады. Түбі түрктекті халықтардың ұлан-ғайыр тарихы ежелгі, бағзы, қадым, орта ғасыр, жаңа заман, қазіргі кезең дегендей сабақтастығын үздірмей небір тылсым дүниеге шомылдырып, жалғасып кете береді, кете береді…
Лайым түбі түрктекті халықтардың этнотектік түзілімін, тіні мен тілін өшіре көр­­мегей!

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Клесов А. А., Тюняев А. А., Проис­хождение человека (по данным археологии, антропологи и ДНК-генеалогии) – М: Белые Альвы, 2010. – 1024 с.
2. Клесов А. А Миграционный путь гаплогруппы R1b1b2 в Европу и расселение в Европе (критический обзор) // Вестник Российской Академии ДНК-генеалогии. 2010, т.3, №10. С. 1652-1675.
3. Клесов А. А. Основная загадка во взаимоотношение индоевропейской и тюркской языковых семей и попытка ее решение с помощью ДНК-генеалогии // Вестник Российской Академии ДНК- генеалогии, 2010, Т. 3,№1, с. 3-58.
4. Сулейменов О. Язык письма. – Алматы – Рим: San Paolo, 1998. – 502с.
5. Клесов А. А. Древнейшие восточно-азиатские ветви гаплогруппы R1а // Вестник Российский Академии ДНК-генеалогии. 2009: т. 2, №5. С. 879-888.
6. Клесов А. А. Гаплотипы R1а на Алтае: «автохтонны» и «индоевропейцы» // Весник Российской Академии ДНК-генеалогии. 2012, т.5, №12. С.1511-1525.
7. Дроздов Ю. А. Тюркскоязычный период европейской истории. – М.–Ярославль: Литер, 2011. –600 с.
8. Бейсенбайұлы Ж. Орталық Азиядағы арғытүрк сипатты мәдениеттер: этнотектік аспектілер. – Астана: Ғылым, 2015. – 468 б.
9. Оппенгеймер С. Изгнание из Эдема. – М: Эксмо, 2004. – 640 с.
10. Ходжаев А. Извлечение из китаиских источников //Материалы по этнической истории тюрских народов Центральной Азии. Сборник. – Ташкент, 2003. – С. 5-35.

Алдыңғы «
Келесі »