Сыршыл сыншы (Зейнолла Серікқалиұлының рухына)

  • 12.10.2017
  • 678 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мінуар Әкімханов, ақын

Жастайыңнан жақсы көрген бір адамыңнан ойда жоқта көз жазып қалсаң, оның жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, кескін-келбеті есіңнен екі елі шықпайды екен. Мен үшін дәл сондай ардақты адамның бірі – қазақтың белгілі қаламгері, әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиұлы еді.
Осы арада сәл шегініс жасап, әңгімені әріден бастасам деймін.
Әдебиетке әркім әртүрлі жолмен келеді. Таразылап, тануымша ешкім де әдебиеттің қақпасын қара күшпен ашпаса керек. Сол секіллі менің де қазақ әдебиетінің қатардағы солдатынан бастап, мүйізі қарағайдай қаламгерлерімен таныс-біліс болуыма, баспасөз бетінде көрінуіме әкемдей болған Әбекең – Әбу Сәрсенбаев жақсылығын аяған жоқ. Зейнолла ағаны алғаш рет Әбу ақын таныстырды. Ұмытпасам, 1967 жылдың күзі болатын. КазГУ-дің журналисти­ка факультетінде оқитын кезім еді.
Оқу орнының бас ғимараты қазіргі Бөгенбай батыр (бұрынғы Киров) көшесінің бойында болатын. Дәл сол ғимараттың маңына бара жатқанымда Әбу аға кезіге кетті. Жөн сұрасқан соң: – «Жүр балам, үйге барып дәм татып кеткін», – деді. Ағаның алдын қиып көрмеген ауыл баласы емеспін бе, ештеме деместен ілесе жөнелдім. Қазіргі Желтоқсан көшесін бойлай, тау жаққа қарай аяңдап келе жатқанымызда қарсы алдымыздан атжақты, көз шарасы кішірек, бойшаң қараторы жігіт ұшырасты. Сыртқы көркемдігі көзімді бірден баурап алды. Әлгі әдемі жігіт Әбе­кеңмен емен-жарқын амандасып тұрып, маған қарап, бас изеді. Ежелден таныс екеуі әлденелерді айтып сәл тұрды. Ұмытқан бір нәрсесін енді есіне түсіргендей болған Әбу аға маған бұрылып: – Балам, бұл Зейнолла Серікқалиев дейтін мықты сыншымыз, менің жерлесім, – деді де мені оған: «Бұл болашақ журналист» – деп, атымды айтып таныстырды.
Зекең екеуміздің осылай жол үстінде басталған таныс­тығымыз 37 жылға жалғасты. Алыстағы ауылдан Алматыға көшіп келіп, Зейнолла ағаның отбасымен араласқанда, тамаша талант иесін басқа қырынан тани бастадым. Қаламгердің қара шаңырағында отырғанда айтылар әңгіменің арқауы әдебиет жайында болатын.
Асыра мақтаудан аулақпын, Зекең әдебиеттің арғы-бергі тарихын таратып айтқанда, білімдарлығына бас шұлғып, тым-тырыс тындап қалатын едім. Әсерлі әңгіменің қызығына беріліп кеткен кезінде Зекең уақыттың қай шамаға барғанын да бағамдап жатпайтын. Әдебиет, мәдениет жайлы ойларын ірік­пей, іркілмей төгіп тастайтын. Сондай сәттерде ас үйден шыққан Майра жеңгей: – Зейнолла, әңгімеңді доғара тұршы, сендерге әзірлеген тамағым суып қалатын болды, – дейтін зілсіз үнмен. Осы арада ойымда сақталып қалған бір көріністі сабақтағым келіп отыр.
Зекең әдебиет жайлы әңгімесіне кірісерде белгілі бір тақырыпты бастап алып, оны майда қоңыр даусымен асықпай-аптықпай баяндайтын. Сөзін ықыласпен тыңдасаң, ащы тері алынған арғымақтай алысқа сілтейтін. Ал, айтар ойын тұсаулап жөн-жосықсыз сұрақ қойсаң, өңі қарақошқылданып «ол енді, жаңағы», «сосын», «кәдімгі» деген орашолақтау сөздерді жиі қайталап, қабағы түсіп қалатын еді. Осындай қыр-сырын білетін замандастары сөзін бөліп, айтар ойын орта жолдан ажыратып тастамайтын.
Қаламнан қолы босаған сәтте қос шек­ті қоңыр домбырамен күмбірлете күй шертуші еді. Жаны сырлы, жақсы ағаны баспасөз арқылы әңгімеге тартқым келді де, көкірегімде көптен бері жүрген ойларымды сұрақ түрінде жазып бердім. Кешікпей келелі бір әңгіме құрдық. Менің атақты қалам­гермен алғаш жүргізген сол сұхбатым «Жер басып жүргеніңнің өзі – ырыздық» деген тақырыппен 1997 жылдың 19 қыркүйегінде «Заман-Қазақстан» газетінде жарық көрді. Аталған сұхбатта әдебиет жайлы ора­лымды ойлар қозғалған еді. Ол ту­ралы та­лай таны­мал қаламгерлер жақсы пікір­ле­рін білдірді.
1997 жылдың жазында Зекең бізді үйіне қонаққа шақырды. Зайыбым Иісжан екеуміз айтылған күні Зекеңнің құтты мекенінде мейман болып отырдық. Майра жеңгей дастарханды мол дайындапты. Әңгіме-дүкен құрып отырған осы бір сәттерімізде менің балам жайлы сұрады да: – Бүгін Мұратты осында ерте келгендерің жөн болар еді, – деді Зекең. Мен сөзге араласып: – Дәл бүгін оның туған күні еді, соған орай ол жора-жолдас­тары­мен бірге қыдырып кетті, – дедім.
Түнжарымына таман үйге қайтуға жиналып, ауызғы бөлмеге шыққанымызда Зекең: – Мына кітапты Мұратқа сәлемдеме ретінде беріп отыр­мын, өз қолына тапсы­рарсың деп «Тағдыр және біз» атты сын кітабын қолыма ұстатты. Зейнолла аға аталған кітабының алғашқы бетіне «Ай­налайын Мұрат! Сәби кезіңнен өзіңе сырттай сүйсініп жүретін ағаларыңның бірімін. Аза­мат жасың бүкіл әулеттің алдында, Ел аясында дәйім абыройлы болғай. Ұзақ ғұ­мыр тіледім, бауырым! Зей­нолла ағаңнан. 04.08.97» деп қол қойыпты. Бұл кітап балам­ның үйінде әлі сақтаулы тұр. Адам­ның қадірін білген қайран ағаны қайтып естен шығарамыз.
Әлі есімде. 2000 жылдың қоңыр күзінде Зекең Қазақстан Жазушылар одағында кездесе кетті. Сәлемдескеннен кейін: – Сен кетіп қалма, ақылдасатын бір шаруа бар, – деді де Одақ төрағасының бөлмесіне бас сұқты. Көп күттірген жоқ, сәлден соң сыртқа шықтық. Зекең әңгімесін қайта жалғады. «Алдағы жылдың ақпан айында, – деді Зекең қатар жүріп келе жатқан маған қарап. Мұқағалидың туғанына 70 жыл толады. Болмысы бөлек сол ақын жайында ақылдаса отырып, ой толғасақ қайтеді. Сен Мұқағалидың жерлесісің әрі оның өлеңдерін жастайыңнан жаттап өстің, ақынның өмір соқпақтарын жақсы білетінімізді білдіру үшін сұхбатқа дайындал, сұрақтарыңды әзірле», – деді бұйыра сөйлеп. Арада бір­шама уақыт өткенде, тек Мұқағалидың ғұмырын сөз ететін «Айтып өткен ақында ар­ман бар ма?» деген тақырыппен көлемді сұхбат дайындадық. Ол туынды «Қазақ Елі» газетінің (07.04.2001) екі нөмірінде жария­ланды. Аталған сұхбат жөніңде белгілі қалам­герлер Әкім Тарази, Баққожа Мұқай, Мәди Айымбетов және басқалар баспасөз бетінде жылы лебіз білдірді.
Мұқағалидың өзіміз секілді екі аяқты адам, ет пен сүйектен жаралған жан еке­­­нін жасырып жаппай айтқанымыз ақын­ды көзімен көргендердің көңілінен шыққанын сол тұста жақсы білдім. Зей­нолла Серік­қалиұлымен жүргізген жо­ғарыдағы екі сұхбатым қаламгердін 2002 жылы «Өнер» баспасынан жарық көрген «Алтын жамбы» атты кіта­бына енді. Арада бір жыл өткенде Зей­нол­лаға осы кітабы үшін Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік сыйлығы бе­рілді.
Зекең Қазақ ақын-жазушыларының шығар­маларын талдағанда, танымдық өресі өте жоғары, сыршыл сыншы еді. Әсіресе, өлеңді өте биік талғаммен талдайтын. Сыналып отырған авторға орынсыз мін тағудан бойын аулақ ұстайтын. Зекеңнің атақты ақын Мұқағалидың туғанына 50 жыл толғанда «Ұрпақтар игілігі» атты тамаша мақала жазғаны бар. Ол туындысы «Тағдыр және біз» дейтін кітабына енген. Сыншы ағамыздың қай шығармасы болсын, кестелі көркем тілмен жазылғанын оқи отырып, ой түюге болады. Зекең іс-сапармен екі дүркін Нарынқолға барып қайтты. Табиғаты таза, көркемдігіне көз тоятын таулы өлкеге тамсана қарап, жұпар ауасын жұтып, бой сергітті.
Өмірден өтіп кетсе де көзі тірісінде та­лан­тын таныған ақын-жазушылардың соңын­да қалған мұрасын кітап етіп шығаруға Зей­нолла марқұмның көп жігер жұмсағанын көзіміз көрді.
1983 жылы о дүниелік болып кеткен ақын Өмірұзақ Қожамұратовтың мұрасын жинау үшін Зекең Өзбекстанның Бұхара облысына қарасты Тамды ауданына барып, аталған ақынның өлендерін алып қайт­қан еді, оның 1998 жылы «Күн ас­тында – құдірет» деген атпен «Жазушы» баспасынан жарық көруіне мұрындық болды. Атақты ақын Әбу Сәрсенбаевтың туғанына 100 жыл толу тұсында да Зекең ақын жайлы жазылған естеліктердің басын біріктіріп, ол кітапқа «Тоқсан толғау» деген ат қойып, «Раритет» бас­па­сынан жарық көруіне көмек қолын созды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Оны тізбелеп жатпасақ та, көзі қарақты оқырман жақсы біледі деп ойлаймыз.
Алатаудың баурайындағы Алматыға қоныс аударған соң, ежелгі танысымыз Зейнолла ағамен аралас-құраластығымыз жиілей түсті. Бір-бірімізді үйімізге қо­наққа шақырып, дастархандас болып та жүрдік. Сондайда, бір байқағаным – Зекең әдебиеттегі өзі қалап қалам тарт­қан сын жанрымен айналысатын аға-інілерімен қарым-қатынасы жақсы кө­рінді. Сыншылардың арасында мар­құм Сайлаубек Жұмабековтың орны Зекең үшін қымбат еді. Сайлаубек те қаламы қарымды, әдебиеттің арғы-бергі тарихынан мол хабары бар білімді азамат болатын. Талай мәрте Зекеңнің үйінде бас қосып, сырласып әдебиеттің бүгінгі өмірі жайлы көп пікір алысқанбыз. Ол ойындағысын тайсақтамай айтып салатын. Ой-пікірі мол әдебиетші еді.
2003 жылдың көктемінде Астанадағы «Елорда» баспасынан «Айғайтас» атты жыр жинағым жарық көрді. Оның бір-бір данасын аттары аталған екі сыншыға сыйладым. Келесі бір кездесіп қалғанда, Зекеңнің көзінше Сайлаубек: Мәке, су жаңа жыр жинағыңды жуа ма деп дәметіп жүрмін деді. Мен қос қаламгерге қарсы келмедім. Ұмытпасам, Төле би мен Қ. Жұмалиев көшелерінің қиылысындағы бір кафеде бас қосып, әр алуан әңгіме қозғадық. Сонда Зекеңнің: Әлгі де бір Сайлаубектің «Сын әуені» кітабын сұрап едің, өзі сол кітапты саған бермегенге ұқсайды деді. Сөзге араласқан Сайлаубек: «Ол кітап өзімде емге қалмапты», – дей беріп еді, Зекең: «Ендеше, сол кітабыңды Мінуарға беруге әдейі әкеліп отырмын», – деп столдың шетінде тұрған қол сумкасынан көкшіл түсті көлемді кітапты алды да оның бірінші бетіне әлденелерді жазды, сөйтті де кітапты Сайлаубекке ұсынды. Сәкең де бір-екі ауыз сөз жазып, кітабын маған берді. Сонда Зекең әлгі кітапқа: «Мінуар бауырыма! Өз меншігімдегі кітабымды қалай қиып бергенімді білмей қалдым. Асылы, сенің мөп-мөлдір, таза жүрегің мені билеп алған болуы керек. Ақ тілеумен, Зейнолла ағаң. 08.05.2003!» деп қол қойыпты. Ал, Сайлаубек бауырым: «Әдебиеттің Ұлы ревизоры, Ұлы Айнасы-менің ұлы ұстазым Зейнолла Серікқалиұлының керек кезінде інісі, керек кезінде атқосшысы Мінуарға сыйлағаным. 08.05.2003.» деп қолын қойған кітабы әлі күнге сақтаулы тұр. Осы кітапты қолыма ұстаған сайын қос қаламгердің жарқын жүздері, әдемі әзілдері көз алдыма елестеп, кеудеме сағыныш ұялатады.
Зейнолла Серікқалиұлы 1938 жылы Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы «Нұржау» ауылында ақпан айының 10-жұлдызында дүниеге келген. Орта мектепті алтын медальмен аяқтап, ҚазМУ-дың филология факультетін бітірген. «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында М.Әуезов атындағы әдебиет институтында жауапты қызметтер атқарған.
Зейнолла Серікқалиұлы көзі тірісінде көптеген жақсы да, жайсаң жандармен ара­ласты, сыр алысты. Сый-құрметтен де құр алақан қалмады. Халықаралық «Алаш» және Абай атындағы мем­лекеттік сыйлыққа ие болды. Бұрынғы Семей облысына қарасты «Абай ауда­нының құрметті азаматы» атанды. Қы­зыл­ордадағы Қорқыт ата атындағы Мемлекеттік университеттің құрметті про­фессоры болып сайланды. Атақ-даңқы алысқа кеткен ағаның артында онға тарта кітабы қалды. Ол шығармалардың әлі та­лай оқырманды ойға жетелеп, дүниетанымының артуына арқау болары сөзсіз.
2013 жылдың 14 сәуірінде Қазақстан Жазу­шылар одағында Зейнолла Серік­қалиевтың туғанына 75 жыл толуына орай алқалы жиын болып өтті. Оған сыншының кіндік қаны тамған Атырау облысының Құрманғазы ауданынан бір топ азамат ат арытып келіп, Зекеңнің жары Майра жеңгемізге сый-сыяпат тапсырды. Осы жиында зерек сыншының сыйлас сырлас болған қаламдас серіктері де сөз сөйледі. Бүгінде Атырау облысы, Құрманғазы ауданының орталығы Ганюшкино селосындағы бір орта мектеп және Алматыдағы Алатау ауданының аумағындағы бір көше З.Серікқалиұлының есімімен аталады. Бұл “жақсының аты, ғалымның хаты өшпейді” деген тәмсілдің ақиқаттығын аңғартса керек.
Дегенмен, оның көзін көрген, қоныр даусын естіген біздердің көңілімізде өкініш те жоқ емес. Қайран асыл аға! Жұмыр жердін үстінде 66-ақ жыл ғұмыр кешті, 70-ке де жетпей кетті. Әй, тайқы маңдай тағдыр-ай, десенізші!

Алдыңғы «
Келесі »