Алаш руханияты және Абдолла Байтасұлы

  • 12.10.2017
  • 146 рет оқылды
  • 0

Гүлсезім Теміртас,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ

ХХ ғасыр қазақтың тарихында ең күрделі, қайшылығы да, тағылымы да мол кезең. Бұл кезеңде қазақ халқы жаппай сауаттылыққа жетті, ғылым-білім саласында табыстарға ие болып, дүниежүзілік мәдениеттің биік деңгейіне қол жеткізді, ұлт зиялылары қалыптасты. Бұны ғасыр жемісі деп баға­лаған дұрыс. Сонымен бірге, қазақ халқы кеңес үкіметінің отаршылдық саясатының ық­палында болып, ашаршылық, репрессия, қуғын-сүргін сияқты зобалаңдарды басынан өткерді. Ұлтсыздандыру науқаны белең алып, алаш жұртына рухани қазынасынан айырылып қалу қаупі төнді. Міне, дәл осы кезде зиялылар ұлт мүддесі үшін бірігіп, «Алаш» идеясын ұсынды. Тәуелсіздікті көксеген ол ұстаным ұлт-азаттық күрестің мазмұнын айқындады.
Ұлт көсемі Ә.Бөкейхан бастаған алаш зиялыларының басты мақсаты – саяси әрі рухани тәуелсіздікті көксеген «Алаш» идеясын қазақтың игілігі үшін тиімді жүзеге асыру болды. Бұған байланысты зиялы қауым өкілдері ұлттық идеяны жан-жақты насихаттауға, оның ішінде ұлттың жаны болып табылатын руханият саласында іске асыруға ерекше көңіл бөлді. Ұлттық мұратқа жету үшін алаш ардақтылары ауыр да азапты жолдан өтті. Олардың әрқайсысының ұлт үшін жасаған қызметі мен сіңірген еңбегі елеулі. Әрбір зиялы қоғамның қажеттілігін, заманның талабын біле отырып, түрлі салада ұлт мұраты үшін адал қызмет атқарды. Алаш қайраткерлерінің рухани мұрасы ұлттың баға жетпес байлығы. Сол себепті, оны зерттеу жұмыстары қазіргі таңда белсенді түрде атқарылуда. Бұл ретте алаштанушы ғалымдар ұлт қайраткерлерінің өнегелі еңбектерін жинақтап, ғылыми зерттеулер жазып, елге танытып жатыр.
Биыл Алаш автономиясының құрыл­ғанына 100 жыл толып отыруына орай, есімі саяси-идеологиялық тұрғыдан ман­сұқталған қалам қайраткерлерін ақтап, шығармашылық мұраларын тәуелсіздік идеясымен байланыстыра талдау, пайымдау жасау міндеті алда тұр. Осы бағытта көпшілік қауымға есімі бей­мәлім Алаш қалам қайраткері Абдолла Байтасұлының шығармашылығын зерттеуді, оны тәуелсіздік мұраты тұрғы­сынан зерделеуді мақсат еттік.
Абдолла Байтасұлы – ХХ ғасырда ғұ­мыр кешкен, Алаштың рухани, мәдени, әдеби өміріне белсенді атсалысқан зерделі әдебиетші, қарымды журналист, шебер аудармашы, парасатты сыншы, ұлағатты ұстаз, зерттеуші. Ол – Халел Досмұхамедұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Қошке Кемең­герұлы сынды алаш арыстарымен бірге ұлт мүддесін көксеген алаш қалам қай­раткері. Оның өміріне, өнегелі қызметіне қатысты деректер жазушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!..» атты зерттеу әфсанасында бар: «1900 жылы Ақмола губерниясы Көкшетау уезінің Айыртау болысында (екінші бір анкетада – Қостанай округінің Бақбаққара ауданы) туған. Мұға­лімдер семинариясын бітірген. 1921 жыл­дан кәсіподақ мүшесі. 1920 жылдан мамандығы бойынша қызмет істейді. Шет елде, әскерде, қызыл армия қатарында болмаған, бұрын сотталмаған. Қоғамдық қызмет атқармайды, дені сау, өзін істеп жүрген қызметіне лайық деп санайды, қазір мұғалім. Сын-ескертпесі жоқ. «Жас алаш», «Жас қайрат» газеттерінің белсенді авторы. Ағарту, сауат ашу, әр ғылымның саласындағы кітаптар жөнінде мақалалар жазған. Саяси экономия қақында пікір қозғаған» [1, 341]. Аталған деректерден басқа Абдолла Байтасұлының өмірдегі болмысы, мінезі, үлгілі ғұмыры жайлы Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатованың «Шындық шырағы» атты естелік-эссесінде жазылған. Абдолла Байтасұлы алаш зиялыларымен бірігіп, руханияттың әр саласында қызмет атқарып, мол мұра қалдырды. Ұлттық баспасөзді қалыптастырудағы Абдолла Бай­тасұлының атқарған еңбегі, қосқан үлесі айтарлықтай елеулі. Ол көрнекті ғалым, тәжірибелі ұстаз болуымен бірге, білікті журналист және аудармашы еді. 1917-1930 жылдар аралығында қайраткер «Сана», «Шолпан», «Әйел теңдігі», «Жаңа мектеп», «Жаңа әдебиет, «Лениншіл жас», «Жас қай­рат», «Қызыл Қазақстан» журналдарында, «Бостандық туы», «Ақ жол», «Еңбекші қазақ» газеттерінде көптеген публицистикалық, педагогикалық, әдістемелік, танымдық және сыни мақалаларымен бірге рецензиялары мен аудармаларын жариялады. А.Байтасұлы 1921-1923 жылдары Петропавлдағы «Бостандық туы» газеті редакциясында Мағжан Жұма­баевпен қызмет атқарады.
«Шолпан» журналының 1923 жылғы 30 июньдегі № 6-7-8 санында «Еңбек мектебі туралы» мақаласында А.Байтасұлы мәдениет, тәрбие мен мінез, эстетика туралы ой өрбітеді. Автор мәдениет хақында: «Адам баласының табиғатында, тұрмыс жүзінде пайдалануы үшін өзіне іс арқылы икемдеп өзгеріс жасап, өң кіргізіп бағындыруын һәм іс істеп, іскер тәжірибелі болу арқасында естің ер жетіп жетілуін ғылым тілінде мәдениет дей­ді» [2, 464], – деп пікірін білдіреді. Бұдан соң мәдениеттің екі түрін айқындайды: бірі – ес мәдениеті, екіншісі – іс мәдениеті. А.Байтасұлы ес мәдениетіне былайша анықтама береді: «Ес мәдениеті деп – адам баласының ой, пікір, санау саңлауының ұлғаюын айтады» [2, 464]. Ес мәдениеті деп айтып отырғанын рухани мәдениет деп алмастырсақ болады. Себебі, рухани мәдениет дегеніміз – адам санасының ой еңбегі арқылы жетілуі, өсуі. Ал, мәдениеттің екінші түрі – іс мәдениеті деп көрсетеді Абдолла Байтасұлы. «Іс мәдениеті деп – адам баласының тән тіршілігіне азық беретін заттардың жетілуін, яғни шаруа жайының өркендеуін айтады» [2, 464]. Іс мәдениеті деп А.Байтасұлы материалдық мәдениетті көздеп тұрғаны айқын. Аталған мәдениеттің екеуі де қоғамды өркениет пен дамуға бастайтынын алаш қалам қайраткері түсінген. Сол себептен, мынадай тұжырымға келеді: «Адам баласының шын адамшылық сатысына аяқ басуы, осы айтылған екі түрлі мәдениеттің екеуін де қанағаттанарлық болып азықтанған уақытта болады. Шын мәдениетті болу үшін, мәдениет тарауларын қатар өсіруге қам қылу керек» [2, 465].
Осы тұста Абдолла Байтасұлы мен Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның мақа­лаларындағы ой сабақтастығы мен бірлігін көре аламыз. Себебі, Әлихан Бөкейхан да 1915 жылы Батыс руханияты жөнінде «Рухани мәдениет қарауылынан», «Неміс мәдениеті» атты танымдық мақалалар жазып, мәдениет деген ұғымға дәлелді тұжырымдар келтіреді. «Рухани мәдениеттің бір белгісі – жұрт баласына оқу; газета, кітап оқып, ғылым жолын тану; қол жеткен ғылым жолында ізденіп, адам баласына жақсылық жол ашу», – деп тұжырымдаса, екіншісінде: «Мәдениет ғылымда екіге бөлінеді. Бір мәдениет рухани – газета, журнал, кітап шығарған, бұларды жазған, ғылым жолында ізденіп іс қылып, данышпандық жол ашқан. Екінші мәдениет – нәрсе затына жалынған адам ісі… Адамның көп шеберлік өнері, ісі екінші түрлі мәдениет болады» деп түйіндейді» [3, 62]. Айтылған пайымдаулар ХХ ғасыр басындағы мәдениет деген ұғымға берілген алғашқы анықтамалар. Екі анықтаманың да мән-мағынасы мен түйіні бір.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлымен бір пікірде болып, ұлттық тіл білімін қалып­тастырушы тұлғалардың бірі – Абдолла Байтасұлы. Оның «Мектеп тілі туралы», «Тәжірибе сабақтары», «Байтасұлы Абдолланың сөзі» деген тіл білімі туралы жазған мақалалары А. Байтұрсынұлының ұс­танымымен үндес, сарындас. Бұл мақалалар ғалым Орынай Жұбаева құрастырған «ХХ ғасыр басындағы қазақ тілі жөніндегі зерт­­теулер» еңбегіне енген. А.Байтасұлы «Мектеп тілі» мақаласында қазақ тілінің мәртебесі мен келешек тағдыры жайлы ой толғайды. Келешек ұрпақтың білімді ана тілінде алуын қолдайды. Ана тілінде білім алған ұрпақ қана ұлтының нағыз жанашыры болады деген идеяны алға тартады. Мақаладан үзінді келтірейік: «Қазақша оқып білім алғандардың бір қасиеті – елмен қатынасады. Олар со­қырдың көзін сылиды. Елмен өрісі бірге болады. Елдің өмірден тартқан тау­қыметін бірге тартады. Ел көркейсе, бір­ге көркейеді. Олар манағы айтқан қат тани­тын 96 адамның мәдениетке араласатын тіл қатшысы. Олар орыс тілін білмегенмен, әлеумет қызметкері болудан ешбір кемшілігі болмайды» [4, 627]. Мақалада мұсылманша оқығандардың білімін жоғары бағалап, олардың халыққа ана тілінде берген білімнің артықшылығын атап өтеді. Мұсылманша оқыған Ахмет Байтұрсынұлын ұрпаққа үлгі етеді.
Тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақ елінде тіл мәселесі әлі де өзекті. Қазіргі қоғамда ана тілімізге қатысты өткір проблемаларды ше­шуге А.Байтасұлының тұшымды пайымдауларын пайдалану, ғылыми айналымға енгізу міндеті алда тұр.
ХХ ғасырдың басында қазақ жерінде ағартушылықтың дамуы көптеген оқу орындардың, мектептердің ашылуына негіз болды. Ұлт зиялылары түрлі салада маманданып, өз білімдерімен бөлісуге құлшына кірісті. Халел Досмұхамедұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Иса Тоқтыбаев, Санжар Асфендияров, Қошке Кемеңгерұлы, Мұхтар Әуезұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Абдолла Байтасұлы сынды зиялы азаматтар Ташкентте шоғырланып, баспасөз, оқу-ағартушылық жұмыстармен белсене айналысты. Алғашқы оқулықтар жарыққа шықты, аударма саласына назар аударыла бастады, баспасөз беттерінде ғылыми сипаттағы мақалалар жазылды. Бұл кездегі ірі оқиға – Ташкенттегі педагогикалық институттың ашылуы.
ХХ ғасырдың 20-шы жылдары Қазақтың тұңғыш институты Ташкент қаласында құрылды. Нақты деректерге сүйенсек, «1919 ТүрАКСР-ның Халық Ағарту комис­сариатының шешімімен Ташкенттегі орыс педагогикалық училищесінде қазақ бөлімі ретінде ашылады. Сол жылы 1 мау­сымда Қазақ бөлімі жеке-дара училище болып құрылады. 1920 жылы аталған оқу орны Өлкелік Ағарту институты (КАЗИНПРОС) болып, қайтадан ашылады» [5, 192]. «Қазақтың тұңғыш жоғары оқу орны Ағарту институтын Казинпростың 1922-1923 ж.ж оқытушылар құрамының тізімі қатарында қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ берген Абдолла Байтасов та аталады» [6, 57]. Қазақ педагогикалық институтының оқытушылар құрамының тізімінде Абдолла Байтасұлы 16 болып орналасқан. Қазақ руха­ниятындағы тұңғыш әдістемелік-ғылыми еңбектердің авторы – Ахмет Байтұрсынұлы. Ол білім беру түрлі әдістер арқылы жүзеге асатынын ескеріп, қазақ талапкерлеріне арнап алғашқы әдістемелік еңбектер жазған. Осы мақсатта жазылған Абдолла Байтасұлының әдістемелік мұралары А.Байтұрсынұлының «Баяншы», «Әліппе астары», «Нұсқаушы» еңбектерінің жалғасы іспеттес. Абдолла Байтасұлы – «Тәжірибе сабақтары», «Мектеп тілі» атты бірнеше мақалалардың авторы. Бұл мақалалардың құндылығы –шәкірттерді тәртіпке, тәрбиелікке баулиды, әрі білімді, ұлтжанды азамат болып қалыптасуға шақырады.
Абдолла Байтасұлы – сан қырлы шығар­машылық тұлға. Аудармашылық қабілеті оның тағы бір ерекше дарындылығын танытады. Қазақ тілі мен орыс тілін еркін мең­­гергендіктен, сонымен қатар, білікті тілші болғандықтан, А.Байтасұлы аудармамен кәсіби түрде айналысқан. Ол Вагнерден «Жануарлар туралы әңгімелер» (Таш­кент, 1924, 126 бет), профессор Гейкіден «Физи­калық география» (Ташкент, 1924, 204 бет), Г.И.Ивановтың «Бастауыш жағрафия», В.Семейкиннің «Күн қуатының құрылысы» туралы еңбектерін қазақшаға тәржімалады. Осы кітаптарға сын жазып, бағасын берген алаш көсемі Әлихан Бөкейхан еді. Әлихан Бөкейханның өзі де көркем мәтін, ғылыми мәтін мен ғылыми-көпшілік мәтіндерді аударып, аударма бойынша мол мұра қалдырған.
Өзі де білікті қаламгер Әлихан Бөкейхан орыс тілінен аударылған кітаптарға сын айтқан. Мәселен, Абдолла Байтасұлының аудармасына айтқан сыны: «Абдолла жолдас орыс кітабын қазақшалауға шебер, кітаптың қазақшасы хат білетін қазаққа түсінікті. Бұл кітап мектепте, мұғалімде болған оң. Мұны оқып алған мұғалім балаларға сабақ берсе, құрал болады. Орыс тілін білмейтін жастар бұл кітапты оқымаса болмайды», – [7, 189-190] деп жоғары дәрежеде бағасын бере кетеді.
Абдолла Байтасұлының аударма сала­сындағы мұрасын ұлт көсемі Әлихан Бөкей­ханнан кейін бірде-бір зерттеуші қарас­тырмаған. Сондықтан, алдағы уақытта А.Байтасұлының аудармаларынан тілімізге қажетті көптеген терминдерді, ғылыми атау­ларды жүйелеп сөздік қорымызға қосу жұ­мысы тілші-ғалымдардың алдына қойылған міндет. Бұл қазақ тілінде қаптап кеткен шетел сөздерінен арылуға, сөздік қорды байытуға мүмкіндік береді. ХХ ғасырдың 20-жылдары қазақ әдебиеті сынын дамытуға, жаңа деңгейге көтеруге атсалысқан білімпаз әдебиетші, дарынды тұлға – Абдолла Байтасұлы. Оның әдебиет сыншысы ретінде қалыптасуына жур­налистік шеберлігі мен ұстаздық қыры әсер еткені анық. «Кекесін болмасын», «Еңбек мектебі», сонымен қатар, Д.Ысқақұлымен бірігіп жазған «Көркем әдебиет туралы» мақаласы Абдолла Байтасұлының әдеби-сын көзқарасын, эстетикалық танымын көрсететін кесек туындылар. Әдебиетші ретінде қалыптасу барысында ол әдеби мұраны жинау, мақала жазу, аударма жасау сияқты дүниелермен айналысқан. Мәселен, Ж.Аймауытұлының көп томдық шығармалар жинағында А.Байтасұлының Сұлтанмахмұт Торайғыров өлеңдерін жинауға атсалысқаны жайлы дерек бар. «Әзірше Махмұт сөздерін жинасуға атсалысқан азаматтар: Семейден: Рақымжан Жаманқұлұлы, Қанапия Баязитұлы, Қостанайдан: Абдрахман Мұстанұлы, Қызылордадан: Балқай мен Бейімбет, Ташкенттен: Ғабдолла Бай­тасұлы» [8, 259]. Алаш қалам қайраткері Абдолла Байтасұлының терең білімі, жүйелі пікірі, ұтқыр ойымен жазылған әдеби-сын мұрасы ешқашан құндылығын жоғалтпайтын іргелі еңбек. Белгілі әдебиет зерттеушісі Т.Жұртбай А.Байтасұлы шы­ғармашылығы хақында былай деген: «Аудармашылығымен, шағын мақа­лаларымен, сыни пікірмен сол тұста жұртқа танымал, жолдастарының арасында үлкен беделге ие, ұлттық мүдденің туын ұстаған азамат» [1, 340].
Көптеген ұлтжанды қайраткерлер сияқты, А.Байтасұлы да тоталитарлық жүйенің қуғын-сүргініне ұшырады. Оған Мір­жақып Дулатов басқарған жасырын ұйымға байланыста болды, Мағжан Жұма­баевпен бірге жасырын ұлттық «Алқа» үйірмесін құруға қатысты деген айыптар тағылды. Негізгі айыбы «Көркем әдебиет туралы» мақала жазуына байланысты болды.
1988 жылы Абдолла Байтасұлы көптеген алаш арыстарымен бірге ақталып, аяулы есімі халқына оралады. «1988 қаңтарда Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменовтің сұрау салуы бойынша Қазақ ССР-нің Бас прокуроры Ғ.Б. Елемесов «Алашорда» қайраткерлерінің үстінен жүргізілген тергеудің заңсыз жүргізілгеніне наразылық білдіріп, Қазақ ССР Жоғарғы сотына ұсыныс жасады. Соның нәтижесінде Қазақ КСР-нің Қылмыстық және праволық Кодексінің 375-бабын басшылыққа ала отырып, Жоғарғы сот: «СССР Халық комиссарлар Советінің жанындағы ОГПУ-дің (Біріккен Мемлекеттік Саяси басқарманың… Т.Ж.) ІV коллегиясының 1930 жылғы 4 сәуірдегі және 1931 жылғы 13 қаңтардағы Байтұрсынов Ахмет, Дулатов Міржақып, Аймауытов Жүсіпбек, Есполов Мырза-Ғазы, Ғаббасов Халел, Әділов Дінмұхамед, Бірімжанов Ға­зым­бек, Юсупов Ахмед-Сафа, Жұмабаев Мағжан, Омаров Елдес, Битілеуов Дамолла, Болғанбаев Хайретдин, Байтасов Абдолла, Жәленов Кәрім, т.б жөніндегі Қаулысының күші жойылсын, олардың іс-қимылдарынан қылмыстық әрекеттер табылмағандықтан да тергеу барысы тоқтатылсын» – деген шешім қа­былдады» [9, 3].
Қорытындылай келгенде, Алаш қай­­раткерлерінің рухани мұрасы ұлт­тың баға жетпес байлығы. Сол себеп­ті ұлт қайраткерлерінің өнегелі еңбек­терін жинақтап, ғылыми-зерттеулер жазып, елге таныту алдымызда тұр­ған ма­ңызды міндеттердің бірі. ХХ ғасыр тарихымыздағы ең ұлы идея – тәуел­сіздікті аңсаған Алаш идеясы болса, қа­зіргі Тәуелсіз Қазақстанның рухани ір­ге­тасының бірі сол Алаш идеясынан бастау алады. Алаш идеясы – ұлтымызды ұйыс­тырған, тәуелсіздік пен дербестікті көксеген, елдік пен бірлікті көздеген ұлы рухани күш. Оның ақтаңдақ беттерін архив қойнауынан аршып алып, тағылымы мен тәлімін заман шындығына сай, бүгінгі күн мұратына орай зерделегеніміз ләзім.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Жұртбай Т. Ұраным–Алаш. Тез. 2 том. – Алматы: Ел-шежіре, 2011. – 464 б.
2. «Шолпан». Құраст., Х. Есенқарақызы. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2015. – 475 б.
3. Бөкейхан Ә. Шығармаларының 9 томдық толық жинағы. Т.6. Құраст., Жүсіп Сұлтан Хан Аққұлұлы. – Астана: Сарыарқа, 2013. – 520 б.
4. Жұбаева О. ХХ ғасыр басындағы қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы: Қазығұрт, 2013. – 664 б.
5. «Алаш мұраты және Тәуелсіз Қа­зақстан». Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Астана, 2011. – 311 б.
6. Тилеукулов Г., Тилеукулова Г. Из истории казахского педагогического института в Ташкенте. – Алматы, 2005. – 121 с.
7. Омашев Н. Жиырмасыншы жылдар журналистикасы.Т.2. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2014. – 320 б.
8. Аймауытов Ж. Алты томдық шы­ғармалар жинағы. Т.6. – Алматы: Ел-шежіре, 2013. – 384 б.
9. Жұртбай Т. Ұраным–Алаш. 1 том. – Алматы: Ел-шежіре, 2008. – 472 б.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.