Жаңғыру жаршылары ел арасында

  • 20.09.2017
  • 87 рет оқылды
  • 0
Сабырбек ОЛЖАБАЙ – Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты, Ресейдің Халықаралық психология академиясының Құрметті мүшесі

Сабырбек ОЛЖАБАЙ – Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты, Ресейдің Халықаралық психология академиясының Құрметті мүшесі

Президент ұсынған жаңғыртулар қазақстандықтарды сан ғасырлық тарих пен мәдениеттегі, ұлттық сана мен білім саласындағы рухани сілкіністерге жетелейді. Міне, осы сілкініс аузы дуалы, сөзі уәлі, көргені мен көңілге тоқығаны көп ел арасындағы айтулы адамдар арқылы да қанатын кеңге жая түспек. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жер-жерлерде кеңінен насихаттау үшін арнайы жұмыс тобы Шымкентке келді. «Отырар» әмбебап-ғылыми кітапханасында өткен жұртшылықпен кездесуге халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Жазушы» баспасының директоры Есенғали Раушанов, М.Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты, «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлімұлы, «Тарлан-Үміт» сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Жас өркен» ЖШС-нің директоры Жүсіпбек Қорғасбек, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, «Таң-Шолпан» журналының бас редакторы Мереке Құлкенов қатысты.
Кездесуді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Шойбек Орынбай жүргізіп отырды.

Әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі болуы тиіс

Алғашқы болып сөзді танымал ақын Аманхан Әлімұлы алды. – Елбасы мақаласындағы «ұлттық сана», «ұлттық біре­гейлік», «ұлттық код», «бәсекелік қабілеттілік», «ұлттық прагматизм», «білім», «эволюциялық жолмен даму», «жаңа ұлттық әліпби», «жаңа гуманитарлық оқулық», «туған жеріңді таны», «Қазақстанның рухани құндылықтары» деген көңілге жақын сөздер бізді серпілтті. Бұл біз көптен күткен үлкен жаңалық болды. Біз мұны әр қазақтың, қазақстандықтардың даму болашағы деп қабылдадық.
Иә, бұрын ең әуелі экономика деп келдік. Соған көп көңіл бөлдік. Экономика дегеніміз – өңеш. Өңештен өткеннің барлығы – экономика. Міне, енді біз қарнымыз тоқ, жағамыз көк жағдайға жеттік. Ендігі кезекте рухани жаңғыруға, яғни, сананы жаңғыруға біржола бет бұрғанымыз дұрыс.
Президент атап көрсеткендей, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Білім қайда? Ол – кітапта. Бір кездері оңтайландыру деген одағай себеппен елімізде кітапханалар түгелдей жабылып жатты. Міне, сол кезде мен «Правда» газетіне «Кітапханаларға шабуыл жалғасып жатыр» деп хат жаздым. Кітапхананы кім ұнатпайды? Білімсіздер, жауыздар ұнатпайды. Кезінде Гитлер өзі басып алған мемлекеттердің кітапханаларын жаппай өртеткен. Ал, күн көсем В.И.Лениннің жұбайы Н.Крупская батыс философтарының еңбектеріне қырғидай тиген. Қазір де осындай тенденция байқалады. Бұл шетел әдебиетін оқып-үйрену тұрғысында айтылған сөз. Жауыңның құпиясын білу үшін оның әдебиетін оқы. Жатта. Біз үлкен кеңістікте ойлана білуіміз керек. Қалайық, қаламайық, ғаламдастыру дәуірі келе жатыр. Салт-дәстүрлерімізді, ұлттық болмысымызды сақтай отырып, өркениет жетістіктерін жатсынбай қабылдай білуіміз керек. Бірақ, сыртқы дүниеге бағынбауымыз қажет. «Кел, төрлет, бірақ, біз өз жөнімізбен, ұлттық ерекшеліктерімізбен қаламыз» деуіміз керек кім-кімге де.
Кезінде Қалтай Мұхамеджанов ағамен бірге жүрдік. Сол кісі «Анау менен неге озып кетті деп емес, мен неге одан қалып қойдым?» деп өзіңе өзің есеп бер деуші еді. Міне, осыдан барып өзара бәсекелестік пайда болады. Ал, бәсекелестік адамды биікке шығарады, шыңдайды. Жаңа дүние осыдан шығады.

Соққы жарасы әлі де жазылған жоқ

Екінші болып Мереке Құлкенов сөз алды. Ол былай еді:
–Мақалада көрсетілгендей, өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң, зұлмат кезең болды. Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз жиналды. Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді. Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады.
Патша өкіметі кезінде де қазақ же­рінде ұлт санағы болып тұрды. Міне, сол кезде қазақ 6 миллион 480 мың екен. Содан отарлау, революция, колхоздас­тыру, кәмпескелеу, «халық жауларын» іздеу, тың игеру, оның бергі жағында фашистер салған ойран қазақ халқын қынадай қырды. 6 миллионнан 2 миллион ғана қазақ қалды. Тарихтан өшіп кете жаздадық. Ендігі кезекте қазақ демографиялық жағынан күрт өсуі тиіс.
Әмір Темір өзі жаулап алған мемлекет­терінің кітапханаларын түгелдей астанасы Самарқанға көшіре беріпті. Қ.А.Яссауи, Арыстанбаб, Исмайл ата кесенелерін салдырған ол өзіне арнап та күмбез тұрғызған. Қазір сол кесене астында мәңгі тыныстап жатыр. Дүниені дүр сілкіндірген баһадүр өлер шағында билігінің, байлығының кімге қалатынына емес, кітапханасының кімнің қолында қалатынына қатты алаңдапты. Сонда, уәзірлерінің бірі тұрып: «Тақсыр, кітаптарыңызды өзіңізден басқа ешкім білмейтін жерге көміңіз. Ертең еліңізге ізгілік орнаған шақта оны ізгі ниетті адамдар ашып алады» депті. Әмір Темір уәзірінің айтқанын орындайды. Содан бері, сол кітапхана әлі табылған жоқ. Аңыз бойынша Әмір Темір оқта-текте басын көтеріп «кітапхана қайда?» деп сұрайтын көрінеді. Адамдар «әлі тапқан жоқпыз» деп жауап береді екен. Ашуланған Әмір аяғымен жер тепкілейтін көрінеді. Ташкент маңайында жиі-жиі жер сілкінісі болатыны осыдан деседі.
Әмір Темір аңсаған ізгілік елімізде тамырын бірте-бірте кең жайып келеді. «Туған жер», алфавитіміздегі қазіргі кириллицадан латын әрпіне көшу және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» туралы бағдарламалар да елімізде кеңінен талқыланып жатыр. Ал, халықтың қалың тобы осы бағыттағы ойларын ортаға салудан тыс қалып отыр. Бұл – мемлекет, оның әр мүшесі көптен күткен үлкен рухани дүние. Оны рет-ретімен, кезең-кезеңімен жүзеге асыруымыз керек.

… Сабырын сары алтыннан  тәуір көрген

Кезек арқалы ақын Есенғали Рауша­нов­қа келді. Ол жүрекжарды сөзін былай өр­нектеді:
– Президент Н.Назарбаев астананы Алматыдан Арқа төсіне көшіруі халық арасында қандай резонанс тудырса, «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы да сондай серпіліс әкелді. Көңіл көзімен зерделеп оқыған адам мақаланың стратегиялық мақсатын терең түсіне алады. «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауы тиіс. Кері­сінше, заман сырынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың алғы­шарттарына айналдыра білуі қажет. Егер, жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» деді мақаласында Елбасы.
Ұлттық-рухани тамырды сақтап қа­­ла­­тын – ұлттық салт-дәстүрлеріміз, жөн-жоралғыларымыз, тіліміз және музы­ка­мыз. Мұны ұмытпағанымыз жөн.
Әлемде жеті түрлі бояу түрі бар. Адамдар соның ашық-жарқын түрін ұнатады. Күңгірт, қара бояуға ешкім жолай бермейді. Сол сияқты бұрыннан қалыптасқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз бар. Оның да түрлі бояуы бар. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дейді халық. Біз сол озығына ұмтылуымыз керек. Етектен тартқан ескі дәстүрлерден арылу үшін республикалық деңгейде конференцияны тап осы Оңтүстіктен бастаған дұрыс. Өйткені, Оңтүстік – ұлтымыздың, ұлысымыздың ұйтқысы. Біз барлық игі бастамаларды ауа-райы да, адамдарының да жүрегі ыстық Оңтүстіктен күтеміз. Сонымен бірге, сіздердің әкімдеріңіз Жансейіт Түймебаев та рухани әлемге жақын адам. Ойласайықшы, республикалық деңгейдегі конференция немесе семинар-кеңестің тақырыбын «Қазақ ұлтының бойындағы ескі көзқарастармен күрес» деп қойсақ, дұрыс емес пе?

Тілеулес елдің түтіні түзу шығады

«Жансебіл» атты повесть жазып, осы кітабының негізінде киносценарий жазған Жү­сіпбек Қорғасбектің де айтары көп болды.
– Қай кезде де қазақтың, ұлтымыздың ұйтқысы – Оңтүстік. Біз бұл өлкеге кел­генде ұлттық реңкті, ұлттық бояуды із­дей­міз. Әлде де құнары кетпеген бай ауыз әдебиетін осы өңірден ұшыратасыз.
Елбасы мақаласындағы «Ұлттық біре­гейлікті сақтау» атты бөлімінде ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы керектігі атап көрсетілген.
КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, химик Мұрат Айтхожиннің әйелінің естелігін оқығаным бар. «Отбасымызбен рестораннан тамақ ішеміз. Күйеуім, бала-шағам түгел тамақтанып болғанша соларға қарап отырамын» деп жазыпты жұбайы. «Япыр-ау, күйеуі, бала-шағасы түгел тамақтанып болғанша аузына қарап отыратыны несі?» деп ойлаймын ғой. Сөйтсем, Мұраттың әйелінің ұлты қарашай екен. Ал, оларда осындай салт бар болып шықты. Өз салт-дәстүрлерімізді бәріміз осылай көздің қарашығындай сақтағанда ғана ел болып еңсе тіктейміз.
Елбасы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» идеясын ұсынды. Президент Н.Назарбаев Қытай елінен олжалы оралған Димаш Құдайбергеновті қабылдағанда «100 жаңа есімнің басы – Тоқтар, соңы Димаш болады-ау» деп ойладым. Біз бір-бірімізге үнемі тілекші болып жүргеніміз жөн. Тілеулес елдің түтіні түзу шығады. Сондықтан, қашан да бірімізге-біріміз тілектес болып жүрейік.
Бірде Санкт-Петербургке Александр Блок келіп, мәдениет сарайында өлең оқыпты. Көрермендер залында жалғыз адам отырыпты. Мәдениет сарайының меңгерушісі ақынға «бір адамға бола өлең оқисыз ба?» деп сауал тастапты. Сонда, Александр Блок: «бүкіл Ресейден әр кездесуіме бір адамнан жиналса, менің поэзиямның өлмегені» деп жауап беріпті. Иә, бүгін бір оқырман үшін ғана күресетін күн келді. Бұдан оқырмандар азайып кетті деген ой тумауы керек. Біз ұлттық кодты сақтағанда ғана ұлтты сақтап қала аламыз. Айтпағым осы еді.
Кездесуді Оңтүстік Қазақстан облысы халықтары ассамблеясы төрағасының орынбасары, ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов қорыт­ты. «Ассамблея тек ұлт мүддесін ғана емес, қоғамдық келісімді де қамтамасыз ете­тін үлкен ұжым. Сонымен бірге, Президент тапсырмасы бойынша қоғамдық бірлестіктермен, түрлі кеңестермен жұмыс істейміз. Ассамблея жұмысына облыс әкімі Ж.Түймебаев көп көңіл бөліп келеді. Сол үшін өңір басшысына алғыс айтамыз. Америкалық жазушы Марк Твен «кез келген қаламгер өз дәуірінің айнасы» деген екен. Олай болса, дәуір айналары Елбасы Жолдауы мен мақаласын талқылауда жетекші рөл атқаратынына сенемін» деп қорытты сөзін М.Қалмұратов.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.