Орта білім сапасын көтерудің кешендік бағдарламасын жасау қажет

  • 20.09.2017
  • 68 рет оқылды
  • 0

Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ – Педагогикалық Ғылымдар Академиясының Басқарма төрағасы, педагогика ғылым­дарының докторы, профессор, академик, Қазақстан Респуб­ликасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Қазақстан 2050 жылы дамыған 30 елдің қатарына қосылуы тиіс. Ол үшін, ең алдымен, білім беру сапасы көтерілуі керек. Себебі, білім еліміздің экономикалық дамуының, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартудың және ұлттық қауіпсіздіктің негізі болып табылады. Соның ішінде орта білім беру саласы ерекше орын алады, себебі, білім берудің негізі мектепте қаланатыны белгілі.
Алайда, халықаралық және ішкі зерттеулердің нәтижелері біраз көрсеткіштер бойынша елімізде орта білім сапасы төмендеп отырғанын көрсетеді. 2014 жылғы Астанада өткен тамыз маслихатында Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева мұғалімдерді қайта даярлауға қомақты қаржы бөлінеді, ал, білім беру мекемелерінде өз пәндері бойынша белгісіз деңгейде білім меңгерген және жұмыс сапалары өте төмен мыңдаған мамандар жұмыс істейтінін айтты. Ал, 2017 жылы мамыр айында Батыс-Қазақстан және Актөбе облыстары педагогтарының форумында «Назарбаев интеллектуалдық мектептері» АҚБ Басқарма төрағасы К.Шәмшидинова: «Конкурстық қабылдау негізінде Назарбаев мектептеріне 7 мың мұғалім алынды. Солардың 70%-ы шектік 13 балл ала алмады» деді. Біз бұл мектептердің конкурсына алдыңғы қатарлы мұғалімдердің баратынын ескеруіміз керек. Сондай-ақ, «Өрлеу» мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеру ұлттық орталығына жыл сайын 5 млрд теңгеден аса қаржы беріледі. Қомақты қаржы ЖШС «Педагогтардың шеберлік орталығына» (ПШО) да бөлінеді. Соған қарамастан, орта білім берудің жай-күйі алаңдатарлық деңгейде қалып отыр.
Елімізде, қазіргі уақытта, жаңа білім беру мазмұнына өту жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. 2016-2017 оқу жылында 1-ші сынып оқушылары жаңа бағдарламамен оқыды, ал, алдағы 2017-2018 оқу жылында 2-ші, 5-ші және 7-ші сынып оқушылары жаңа бағдарламамен, жаңа оқулықтармен оқитын болады. Алдымен 1-ші сыныптың білім сапасын көтеруді қамтамасыз ететін, оның барлық құраушыларының сапасын көтеру жұмыстары жүйелі түрде атқарылуы қажет. Келесі оқу жылы басталғанша, осындай жұмыстар, жаңа білім мазмұнымен оқитын 2-ші, 5-ші және 7-ші сыныптарға жүргізілуі керек. Сонда білім сапасы жаңа деңгейге көтерілетін болады. Алдағы оқу жылдарында да осындай жұмыстар атқарылуы керек. Бұл көптеген институттарды, орталықтарды, ұйымдарды, білім басқармаларын, жоғары оқу орындарын, колледждерді, мектептерді, баспалар, ғалымдар мен ұстаздарды ұйымдастыра отырып, жоспарлы түрде жүйелі жұмыс жүргізуді қажет ететінін көрсетеді. Осы негізде орта білім беру сапасын көтерудің ғылыми негізделген тұжырымдамасын қабылдау кезек күттірмейтін міндеттің бірі екені сөзсіз.
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Өз еліне пайдасын тигізу, өз Отанының тағдырына жауапты болу – әрбір жауапты саясаткер үшін, әрбір қазақстандық үшін парыз және абырой» деп атап көрсеткен болатын. Осыған орай, «орта білім беру сапасын көтерудің ғылыми негізін жасау керек» деген ой туды. Ол үшін Отандық білім беру жүйесінің даму тарихы мен дамыған елдердің білім беру жүйелерін салыстырмалы түрде зерттей отырып, оның дамуының заңдылықтарын анықтау керек. Бұл жұмыс әрине, тұтас бір ғылыми институттың жұмысы екені анық. Осылайша, тынымсыз зерттеу нәтижесінде «Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы» атты монография, «Орта білім беру саласындағы дағдарыс: шығу жолдар» атты кітап және осы тұжырымдама дүниеге келді.
Тұжырымдаманың алғашқы жобасы Астана, Алматы қалалары мен барлық облыстық білім беру басқармаларында, көптеген ЖОО-да, колледждерде талқы­ланып, ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Соның нәтижесінде өңделген нұсқасы әзірленді.
Біз бұл Тұжырымдаманы қоғамда, пе­дагогикалық қауымдастықта, кең көлемде талқылау үшін ұсынып отырмыз және оған ҚР Білім және ғылым минстрлігі мен Үкімет тарапынан жеткілікті түрде көңіл бөлінетініне сенім білдіргіміз келеді. Алдағы уақыттарда, осы Тұжырымдама негізінде, ҚР Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын тек Орта білім сапасын көтеру мақсатында толықтыратын, орта білім сапасын көтерудің кешендік бағдарламасын жасауды ұсынамыз. Онда бұл бағдарламаны орындаушылардың жыл сайынғы әрекеті нақты көрсетілетін болады.
Мұндай бағдарлама дайындалып іске асырылатын болса, Орта білім беру сапасы жаңа деңгейге көтерілетініне толық сенімдіміз. Бұл бағдарламаны іске асыру Үкімет тарапынан қосымша қаржы бөлуді қажет етпейді, оның Білім және ғылым министрлігіне бөлінетін қаржы шегінде жүзеге асыруға болады.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.