Оян, қазақ!

  • 20.09.2017
  • 468 рет оқылды
  • 2

Қуанышбай Орманов – Қостанай мемлекеттік

педагогикалық институтының «Құрметті профессоры»

Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» деген хаты кімді болса да ойлантпай қой­майды. Әр қазақтың жүрегіне жылы тиетін бұл ең­бек, әсіресе, біздің ұрпаққа, әлі де болса Кеңестер идео­логиясының шырмауынан шыға алмай, батылдық көрсете алмай жүрген аға ұрпақ өкілдеріне халқымыздың рухын ояту, жастарға дұрыс жол сілтеуде, оларды елін-жерін сүюге үйрету, шынайы патриоттық тәрбие беруде үлкен міндет жүктеп отыр. Ал, сол міндетті біздер қалай орындаймыз? Осы үлкен жұмысты, құйма құлақ құйып алатындай, өмірлік тағылым алатындай етіп жүргізу үшін неден бастаймыз? Неге сүйеніп жүргіземіз? Жастарға берер тәрбиеміздің арқауы не болуы керек?
Бұл жолы, үкімет алдындағы кезекті есепті былай қойып, кімнің болса да көңіліне қонымды, әр жастың ойында қаларлық, елдің елдігін көрсетерлік жұмыс атқаруымыз ке­рек болар. Президентіміз өз хатында: «Біз жаңғырту жолында бабаларымыздан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді түлетуіміз, күшейтуіміз керек», деп жол сілтеп отыр. Ал, сол қасиеттердің негізі қайда жатыр. Бұл сұраққа жауапты халықтың жанына жақын жағынан ізделік. Ол біздің халықтың тек өзіне ғана тән ерекшеліктерінде, біздің халықтың басқалардан артықшылықтарында жатқан сияқты. Олар неғылған ерекшеліктер мен артықшылықтар? Дәлірек айтқанда, біздің халық басқалардан несімен күшті? Ойланып көрейікші. Менің ойымша біздің халқымыздың күші:
1. Бабаларымыздың рухында;
2. Қанымыздың тазалығында;
3. Ұлттық салт-санамыз бен әдет-ғұрпымызда;
4. Ұлттық мінезімізде;
5. Туған жерге деген сүйіспен­шілі­гімізде;
6. Дінімізде;
7. Еркіндікке құштарлығымызда жа­­тыр.
Осы қасиеттердің барлығын бір-бірлеп тізбектеп, қағаз бетіне жайып салайықшы. Біздің Президентіміз өзінің бір еңбегінде:
– «Сакские племена Казахстана были прямыми потомками андроновского на­­се­ления – ариев, туров, дахов, данов «Авесты». Этот неоспаримый вывод подтверждают археологи, проводящие прямые линии связи между андроновской и сакскими культурами, а так же антропологи, установившие генетическую преемственость населения сакского времени эпохи бронзы (1. 79. Н. Назарбаев. В потоке истории. Алматы. «Атамұра». 1994.- 157). Олай болса, бүгінгі қазақтарды талай ғасырдан бері қарай Ұлы далаға иелік етіп келе жатқан: арии, скиф, сак, ғұн, түрік, қыпшақ тайпаларының тікелей ұрпағы, солар бастаған жасампаз істің заңды жалғастырушысы деуге әбден болады.
Біздің бабаларымыздың ұлылардың рухын қастерлейтіні жайында көптеген дәлелдер бар. «Евразийский народ саки», деген еңбекте «Существовало у скифов культ предков… Как составная часть входил в него культ предков божественных царей, имевших большое политической значение. Тюркская знать тоже преклонялась предкам. И считали, что они могут влиять на дела и жизнь современников. Особо они почитали наиболее известных и обладающих большим полководческим даром каганов прошлого (2. 246. Евразийский народ саки. Алматы. Т.М. Рыскулов. На каком языке говорили саки? Алматы. «Болашақ балапандары». 2006.- 248 бет).
Осы жазбалардың ең басында тарих атасы Геродоттың мына жазбалары тұр. Парсы патшасы скифтер елін жаулауға келгенде, скифтер бір орындарында тұрмай, парсылардан алға қарай озып кетіп отырады. Скифтердің бұл қимылын қашқандай көрген Дарий скифтер патшасына мына мазмұнда хат жазады:
– «Чудак! Зачем ты все время убегаешь, хотя тебе представлен выбор. Если ты считаешь себя в состоянии противиться моей силе, то остановись, прекрати свое скитание и сразись со мною…».
На что Иданфирс ответил:
– «Мое состояние таково, царь! Я и прежде не бежал от тебя. И сейчас я поступаю так же, как обычно в мирное время. А почему я тот час же не вступил в сражение с тобой. Это я так обьясню. У нас ведь нет ни городов, ни обработанной земли. Мы не боимся их разорения и опустошения и поэтому не вступили в бой с вами немедленно. Если же вы желаете вот что бы то ни стало сражаться с нами, то вот у нас есть отеческие могилы. Найдите их и попробуйте разорить и тогда узнаете, станем ли мы сражаться за эти могилы или нет. Но до тех пор, пока нам не благорассудиться, мы не вступим в бой с вами» (3. 91-92 б.б. Геродот. Мельпомене. Страна скифов. Алматы. 2003. -168.).
Міне, бұл скифтердің бабалар рухын ерекше құрметтейтіндіктерінің үлкен бір дәлелі. Бүгінгі қазақтар бабаларға деген құрметті сол заманнан бүгінге дейін жал­ғастырып келеді. Тіпті, кейбір ғалым­дар­дың, бұл не деген халық, өздері лайықты баспанаға жарымай отырып, бабаларына арнап керемет тамдар, ғажайып күмбездер са­лады, деген жазуларын әр жерлерден ақ оқуға болады. Бүгін де солай. Қазақтардың «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөзі содан қалған болар және де осы – бабалар аруағын құрметтеуді қазақтар әрі қарай жалғастыра береді деп сенемін. Себебі, бабалар рухы қашанда қазақтарға күш беріп, оларды алға жетелей берері сөзсіз.
Қазақтардың екінші күші, ол – қанның тазалығы. Сонау заманда қалыптасқан дәстүр бойынша қазақтар жеті атаға дейін қыз алысып, қыз беріспейді. Оның басты мақсаты – тұрақты түрде қанды жаңартып отыру. Оған қосымша, қаны жақын адаммен отау құрып, бір тұқымда бар ауруды одан әрі асқындыруға жол бермеу. Қазақтар бүгінге дейін «Жеті ата» заңын қатаң сақтауда. Бұл заңды ертеректе, қып­шақтармен барынша көп араласқан грузин­дер мен армяндардың ақсүйектері ғана сақтайтын. Қазір қалай екенін білмеймін. «Жеті ата» заңы бойынша:
1. менің бойымдағы қанымды 100 пайыз деп есептесек;
2. менің баламда менің қанымның жартсы сақталады;
3. немеремде қанымның шамамен – 25 пайызы;
4. шөберемде – 12,5 пайызы;
5. шөпшегімде – 6,2 пайызы;
6. неменемде – 3,1 пайызы;
7. туажатымда – бар болғаны қаным­ның 1,5-1,6 пайыз ғана сақталады екен. Аты айтып тұрғандай, «туажатқа» келгенде оның қаны толығымен жаңа­рады. Ал, қаны жаңарған адамның қаны да, өзі де күшті болатынын өмір талай дәлелдеп берген.
«Жеті ата» заңының екінші мақсаты – сырт­пен құдандал болып, айналадағы құ­да- жұрағаттың шеңберін кеңейте түсу. Кімнің жұрағаты көп болса, бұл далада сол күшті. «Қай қазақтың да жөнін тереңдетіп, қазып сұрасаң қарын бөле болып шығады» деген осыдан болса керек.
Біздің бабаларымыздың үшінші күші, ол – ұлттық салт-санамызбен, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрімізде.
Ғылыми тұрғыдан келгенде дәстүр дегеніміз: белгілі бір қоғамда таптар мен әлеуметтік топтарда ұзақ уақыттар бойы сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырылатын әлеуметтік және мәдени мұраның элементтері делінсе, біздің жерлесіміз, белгілі ғалым – ғұн, түрік, қыпшақ, қазақ тарихын терең зерттеген Қойшығара Салға­раның айтуы бойынша қандай бір болмасын халықтың ұлттық дәстүрі дегеніміз:
– «Белгілі бір ұлтты құрайтын ха­лық­­тың ата-бабаларының халық болып қалыптасу жолындағы бүкіл тір­шілік тәжірибесінен сан ғасырлар бойы тірнектеп жинап, сұрыптау тезінен өткі­зіп, бір жүйеге келтіріп, қалыпқа түсірген өмір сүру заңы, яғни, бүгінгі түсінікпен айтсақ, қатал тірліктің қағи­даларынан қорытып, уақыттың өзі бекітіп берген Конс­титуциясы» (4. 38 бет. Қ. Салғара. Елдік негіздері. Астана. 2007.-80).
Өмір сүрудің Конституциясы. Ал, осы Конституцияға нелер кіреді? Ең алдымен ата-анаға, ұлтымызға, ана тілімізге деген сүйіспеншілік, анамыздың ақ сүтін ақтай білу, үлкенге ізет, қазақтың қонағын құдайдай сыйлайтындығы, досқа адалдағы, құшағын ашып келген адамды құшақ жая қарсы алуы, көрші ақысын жақсы білуі, қалыптасқан ұлттық салт-санамыз, т.т. Адам өмірінде не тиімді, иманнан бастап не жақсы, солардың барлығын қазақ жинақтап, өзінің дәстүріне айналдырған.
Халқымыздың басқалардан тағы бір ерекшелігі, ол – біздің халқымыздың мінезінде. Мінез демекші, ғасырлардан жалғасып келе жатқан аңыз әңгімелерге сенетін болсақ, оларда біздің бабаларымыз (түркі халқы), біз көкбөріден тарағанбыз, деп мақтанады. Алып Алтайдағы Ерге­неқонда 500 жылдай өмір сүріп, тарих сах­­насына шыққан (таудан жерге түскен) Ел ханның ұрпақтары, өздерін елге «Біз көкбөрінің ұрпақтарымыз» деп таныстырады. Ондағы айтпақтары: «Біздің баба­ларымыздың сақталып, ұрпағының жал­ғасуына, бүгінгі күнге жетуімізге Көкбөрі себепші болды деумен қатар, біз де Көк бөрідей қайсар, ешкімге бас имейтін, әділетсіздікке төзбейтін, анау-мынаудың айтқанына көнбейтін, тек қана өзі таңдаған жолмен жүретін елдің ұпағымыз, дегені болса керек. Шынында да барлық жан-жануардың, бүкіл аңның ішінде ерекшесі қасқыр екенін біз жақсы білеміз. Дүниежүзінде піл мен арыстаннан бастап барлық аң айтқанға көніп, қолға үйреткенді қабыл алады. Содан болар олар дүниежүзінің цирктерінде өнер көрсетеді. Бірақ, олардың арасынан қасқырды (көкбөріні) көрмейсің. Себебі, көкбөрі өзіне біткен табиғатына, мінезінің қайсарлығына байланысты, өмір бойы бостандықта ғана өмір сүре алатын өрмінез екенін жақсы білеміз. Солай бола тұрып, ол ұрпағы мен ұяласын қорғауда жанпидалыққа барады. Көк бөрінің осы мінезін құрметтеген қазақтар істеген ісі ерлікке тең, намысқой, өрмінез жігіттерді (адамдарды) көкжалға теңей­ді, сонымен мақтанады, мақтайды. Мі­нез­ді халық – намысты халық. Мінезді халық ешкімге есесін жібермейді, кеу­десін басқызбайды. Демек, ұлттық мінез – ұлттық намыстың егізі. Бірінсіз бірі жетім. Бүгінгі аға ұрпақтың басты міндеттерінің бірі – өскелең ұрпақ­тың бойына қазақтың та­рихтан сақ­талған осы мінезін сіңіру. Бүгінгі жасты кешегі аға ұрпақтай, ең болмаса бабаларымызға ұқсас етіп тәрбиелеу. Солардың ерліктерін жастарға үлгі етіп тәрбиелеу. Онсыз біз ел бола алмаймыз. Ел болмаған жағдайда біз тәуелсіздіктен, еркіндіктен, бар байлығымыздан айырыламыз.
Біздің жерлесіміз Қойшығара Салғара «Елдік негіздері» деген еңбегінде қытай оқымыстысының аузына мынандай сөздер салады.
Жүн-шин Иә: Ғұндардың күші еркін­дігінде. Көрге үйренген көрге ұм­тылады. Төрге үйренген төрге ұмтылады. Ғұндар еркіндікке үйренген. Жердің сонысы, судың тұнығын іздеп, еркін көшіп үйренген елдің баласы үнемі ат үстінде, жұтқаны – таза ауа, жегені – ет, ішкені – қымыз. Тәні сау, жаны таза. Аңсары –ерлік. Қапасқа төзбейді. Үйкүшіктікке көнбейді… (4. 57. Елдік негіздері. Астана. 2007. – 80).
Ойлап қарайықшы! Біз қазір қайда ұмтылып барамыз? Жаһандануға сіңіп бара жатқан жоқпыз ба? Не жеп, не ішіп отырмыз? Тәніміз бен жанымыз сау ма? Ерлік қайда? Үйкүшік болып бара жатқан жоқпыз ба? Даламыз анау бос қалғаны! Кешегі мал сыймай жататын мыңдаған, миллиондаған гектер жерлеріміз бос жатыр. Оның иесі кім? Байқамай жүріп біз сол жердің иесін жоғалтып алған жоқпыз ба? Кешегі қырғын соғыстан кейін жаралы еркек пен жесір қатын, жетім балалар бас аяғы төрт-бес жылда сол жерді малға толтырған жоқ па еді? Мен өзім өскен Жітіқара, Қамысты аудан­дарындағы: Тауық соры, Шыбынды, Тырнакөл, Байжасар, Қараадыр, Бір­суат, Жыланды, Дауылбай жайлауларына мал сыймай кеткен жоқ па еді? Ал, біз тәуелсіздік алған 25 жылда не істедік? Сонда бүгінгі дендері сау, қол-аяқтары балғадай, тепсе темір үзетін, қалталарында табақтай – табақтай дипломдары бар, жоғары білімді жастардың кешегі жаралы жауынгер, жесір қатын, жетім баладай бола алмағандары ма?! Таңқалмасқа амал жоқ! Ел алдындағы жауапкершіліктің, қазақы мінездің, ең соңында қазақы намыстың көзден бұлбұл ұшып бара жатқаны емей немене?
Қалаға жиналдық, үйкүшік болдық, екі қолымызды жылы суға салып отыра береміз бе? Сонда, қазақтың мінезін кім көрсетеді, намысын кім қорғайды?
Қазақтың мінезіне келгенде Қазыбек бидің мына сөздері еске түседі.
Біз қазақ деген мал баққан елміз,
Бірақ, ештеңеге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпан басынбаған елміз.
Басымыздан сөзді асырмаған елміз.
Досымызды сақтай білген елміз.
Дәм – тұзын ақтай білген елміз.
Атадан ұл туса, құл боламын деп
тумайды.
Шешеден қыз туса күң боламын деп тумайды.
Ұл мен қызды қаматып отыра
алмайтын елміз…
Қазыбек бидің осы сөздерінің өзі қа­зақ халқының шынайы мінезін көр­се­тіп отырған жоқ па? Қазыбек баба­мыз­дың бұл сөздері сонау заманда қал­мақпен келіссөз кезінде айтқаны болса, бүгінгі қазақ білімі, мәдениеті жағынан ол замандағы қазақтан әлде қайда биік тұр. Соған қарамай, біз көп елден кейін қалдық. Аға ұрпақтың тағы бір бас­ты міндеттерінің бірі – әлі де болса ұйқыда жатқан қазақты, әсіресе, жастарға шын­дық айтып, беттеріне су бүркіп рухтарын ояту. Содан да болар, Прези­ден­тіміз оларға, тарихымызды ұмыт­па деп, болашағымызды белгілеп, рухани қай­та жаңғырудың жолын көрсетіп отыр. Біздер – қостанайлықтар талай жылдарда елдің алдында болсақ, бүгінде көп жағдайда – рухани байлығымызды қалпына келтіру жолында, оны насихаттау жолында, ешкім ренжи қоймас, обалы не керек, көптен қалып қойдық. Руханият мәселесіне келгенде, біз шабан аттай, талайдың шаңын жұтып, артта келеміз.
Президент өз Жолдауында әр облысқа рухани жаңғырудың Жобасын жасауды тапсырып отыр. Ол дұрыс та. Жобасыз, алдын-ала ойланған, көп болып ақылдаса отырып қабылдаған жоспарсыз Президентіміздің тапсырмасын орындай алмасымыз анық.
Бұл мәселемен мен өзім біраздан бері айналысып келемін. Сондықтан да, реті келгенде айтарым – мәдени мұраны сақтау, облыс тарихын қайтадан бір қотарып, ондағы біздің жерлестеріміздің дүниежүзілік өрке­ниетке қосқан үлестерін, ашқан жаңа­лық­тарын, бабаларымыздың ерліктері жөнін­дегі материалдарды жастарға па­триот­тық тәрбие беру мәселесіне пайдалану ісінде атқарар жұмыс ұшан-теңіз. Менің білетінім – біздер қостанайлықтар не олардың атқарған істерімен, не өркениетке қосқан үлестерімен мақтана, бабаларымыздың ерліктерін мақ­тай да алмай келеміз. Кезі келді. Бұл мәсе­лені ел болып қолға алғанымыз дұрыс болар, ағайын!
Талай кездесулерде жастар менен, қа­зақ­­тың жері қандай кең, сол жерді иелік ететін қазақ неге сонша аз деп сұрақ қояды. Мен оларға, көп жерді қорғау үшін көп адам жанын пида етті, деп жауап беремін.
Ат үстінде атой салып, ұлтарақтай жер үшін жанын пида еткен қазақтың батырлығына қалай сүйсінбеске?! Бұл мінез бе? Мінез болғанда қандай! Бірақ мұнда рух басым. Адам бойына жақсы қасиеттерді әбден сіңіріп, оларды әдетке айналдырғанда ол мінез асқақ рухқа айналары сөзсіз. Ал, біз болсақ сол мінезді жоғалтып бара жатқан сияқтымыз. Баба­ларымызды баяғыда іздеп табуы­мыз керек еді. Президентіміздің бұл Жолдауы баяғыда жарық көру керек еді. Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл болды. Талай су ағып, талай өмір өтті. Содан бері, қазақтар басқа бір, ұлтымызға тән емес қасиеттерге ие болып барады. Алдау, арбау. Сай-сайға, бай – байға құйып бара жатқандай. Басты мақсаттары – жарлы байға, бай құдайға жетсем, дегендей. Біреулер күнделікті нанын тауып жеуге жете алмай жүргенде, қолдан жасаған байлар биіктете үй салып, тезірек Құ­дайға жетсем деп жүргендей. Олар әлі күнге дейін сол байлықтарын кәдімгі жер басып жүрген малшы, механизатор, құрылысшы жасап жатқанын ұмытып барады. Мұндай тірлікпен бүгінгі байларымыз қазақтың ұлттық мінезін еш­қашан қалпына келтіре алмасы хақ. Не керек, Президенттің Хаты кештетіп жария­ланса да, біраз қазақтың есін жинауға кө­мектесері сөзсіз. Басты мақсат, бай-кедей болып бөлінбей, бірімізге біріміз қамқор болып, ел үшін, мынау менің жерім, мынау менің елім, деген қағидаға сүйеніп, елдікке бастасақ болғаны. Ең бастысы, бастық болам, демей-ақ мамандық игеріп, еңбек етіп, өз байлығыңды, содан кейін, елдің байлығын арттыра түсу. Осындай еңбектің арқасында, кешегі даму жолының ең артында келе жатқан Монғолияның өзі бүгінде бізден әлде қайда озып кетті. Ол елде бүгінде еңбек етем, ел байлығын арттырам, өз тұрмысымды жақсартам деген адамның барлығына толық жағдай жасалған. Олар тіпті ғарышқа жер серігін ұшырып та үлгерді. Біз ше? Сондай-ақ, оралман ретінде бізге көшіп келген талай қазақ өздері шыққан Монғолияға қайтып көшіп кетті. Осының өзі бізді ойлантса керек еді.
Қазақтың тағы бір күші – оның туған жерге деген сүйіспеншілігінде.
Қазақ үшін туған жерден қымбат ештеңе жоқ. Бұл сенің іңгәлап дүниеге келген жерің. Табаныңмен топырақты басып, ең алғаш тәй басқан жерің. Туған жердің қызуы сенің бойыңа қуат беріп, оның ыстық топырағынан күш алдың. Осы жерде сен талды тай ғып мініп, талай сайран салдың. Талай құладың, талай жарақат алдың, бірақ сен одан ешқайда кеткен жоқсың. Қайта күш жинап, ер жеттің.
Біздің Ұлы дала талай халықтың ота­ны болды. Талай халық осы жерде –Алтайдың батысы мен шығысында өсіп, келе-келе басқа жаққа кетті. Олар Франция, Германия, Венгрия, Болгария, Норвегия, тағы да басқа елдердің оттарын жағып, өз ұрпақтарын сонда өсірді. Осы далада қалғандар – негізінен қазақтар. Түркі халқының қара шаңырағы қа­зақта қалды.
Кешегі Отан соғысына біздің көптеген аталарымыз бен бабаларымыз қатысты. Олар басқалармен бірге ұлы елді қорғады. Олар «СССР» деген елді қорғағанымен, әр қазақтың жүрегінде «Қазақ даласына», «Отанға», «Елге», «Ошақ басына» деген ыстық сезімі аталарымыз бен әкелерімізді әрқашан алға, жеңіске жетеледі. Сол үшін олар – әкелер мен аталар жандарын пида етті. Өздерін отқа тастап, ертеңдерін, өскелең ұрпақтарын ойлады. Солардың жарқын болашақтары үшін жандарын шүберекке түйіп, отқа, өлім деген қараңғылыққа аттады. Аталар мен әкелердің сенімдері ақталды. Біздің жерімізге жаудың аяғы тиген жоқ. Әр қазақтың осы сезімін, туған жерге деген сүйспеншілігін өшірмес үшін Президентіміз өзінің Хатында «Туған жер» деген бағдарламасын ұсы­нып отыр. «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі, – дейді Президентіміз. – Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды»… «Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге –Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады, –дейді Президентіміз.
Қазақтың тағы бір күші, ол – дінінде.
Қазақтардың бабалары Ұлы даланың негізгі иелері болғандықтан, олардың ал­ғаш­қы діндері – Тәңіршілдік діні. Адам мен табиғат арасындағы байланысты ны­ғайтуға, адамға өмір сүруді табиғаттан үйренуге бағытталған бұл дін сан ғасырлар өтсе де қазақтар ғана сол – Тәңіршілдік дінінің негізгі қағидаларын сақтап келеді. Қазақтың толып жатқан тыйымдары сол тәңіршілдік дінінен калған. Тәңіршілідік дінінен қалған екінші бір шарт, ол – баба­ларымыздың басына, олардың рухтарына арнап зәулім күмбездер мен мавзолейлер салу. Мысалы: Алаша хан, Жошы, Домбауыл т.басқалардың бастарына салынған мавзолейлер. Бүгінде қазақтар сол дәс­түрді ұмытқан жоқ. О дүниелік болған жақындарымыздың бастарына шағын болса да күмбездер мен тамдар саламыз. Қанша заман өтсе де біз Тәңіршілдік дінінің кейбір талап­тарын берік сақтап келеміз.
Қазақтардың екінші діні, бұл – ислам діні. Тәңіршілдік діні елді таби­ғатпен бірге дамуға шақырса, ислам діні адалдыққа, білімге, тазалыққа, имандылыққа, ең бастысы құдайға сенуге шақырды. Ислам дінінің сопылық ағымы елді Ақиқатқа (Алланың ақи­қаттығын тануға), Мағрифатқа (айна­ладағы әлемді тануға), Тарихатқа (өзің­ді тануға), Шариһатқа (жоғарыда ай­тыл­ған үш ұстанымға жетудің жолдарын тануға шақырды. Міне, оншақты ғасырдан бері қарай қазақтар ислам дінін ұстанып келеді. Бұл дін Тәңіршілдік дініне қарағанда бірнеше саты жоғары тұрған, айтары да, әр адамға берері де көп дін болып саналады. Бүкіл дүниежүзінде бір жарым миллиардтан астам адам осы Мұхаммед пайғамбардың дінін ұстанады.
Ислам дінінің ең басты шарттарының бірі адамды Құдайға сенумен қатар, өзді-өзіне деген сенімін арттыруында. Сенім деген ұлы күш. Сенім болмаса ештеңе болмайды. Тіпті аяғыңды да баса алмайсың. Сенім бізді әрқашан алға жетелейді.
Қазақтың күші – еркіндігінде.
«Қазақ» деген сөздің арғы жағында «еркіндік» деген ұғым жатыр. Тіпті, Қазақ хындығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандар 15 ғасырдың орта шенінде Әбілхайыр хан бастаған Ұлы Өзбек ұлысынан бөлінгенде осы еркіндік үшін бөлінген болатын. Қазақтың еркіндік жолында басқалармен жан аямай күресіп өткен қазақ хандарының бәрі (Жәнібек хан, Бұрындық хан, Қасым хан, Мамаш хан, Тахир хан, Бүйдаш хан, Ахмет хан, Тоғым хан, Хакназар хан, Шығай хан, Тәуекел хан, Есім хан, Тұрсын хан, Жәнібек хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Абылай хан) қазақтың тәуелсізідігі жолында күресіп келді. Бабалар салған сара жолдан тайған бірі жоқ. Тек 1731 жылы ғана Кіші жүздің ханы Әбілхайыр ғана жан-жағынан қоршаған қыспаққа шыдамай, орысқа бодан болуға келісті. Оның жолын артынан Орта жүз бен Ұлы жүздің хандары қолдап, 1738 жылы бүкіл қазақ орыс еліне бодан болды. Бұның барлығы орыс билеушілерінің қитұрқы саясаты болатын. Қазақ елін жаулап алуға алдымен жоңғарлар талпынса, кейін қалмақтар әрекет жасады. Жоңғар мен қалмақтың қолынан кел­меген істі ақыры орыстар тындырды. Бұл амалға жонғарлар мен қалмақтарды итермелеген орыс билеушілері екеніне де ешкімнің күмәні жоқ. Сол жолда жоңғар халқы қазақтан жеңіліп қана қойған жоқ, толығымен жоғалды. Ал, қалмақтар болса, Еділдің бергі бетіндегі өздерінің туыстарынан айырылды. Олар 1771 жылы Жоңғар еліне ораламыз деген ниетпен шығысқа жетіп, көп қытайдың арасына барып, сіңіп жоқ болды. Одан кейін де қазақтар елу жылдай еркін өмір сүрді. Тек 1808 жылғы Александр бірінші патшаның Жарлығынан кейін қазақтан тыныштық кетті. 200 жылдай орысқа бодан болдық. Ақыры 1990 жылдан бері қарай қазақ тәуелсіз. Бірақ, сол тәуелсіздіктің дәмін татқанымызбен, біздер сол тәуелсіздіктен басымыз айналып қалды ма, бір жағынан саясат, бір жағынан экономика да қысып, әлі де болса кеудемізді еркін керіп, дем ала алмай келеміз.
Мақсатымыз – іргемізді бекітіп, экономикамызды дамытып, басқалармен тереземізді теңестіру. Құдай қаласа оған да жетерміз. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың мына Хаты бүкіл қазақты оятып, рухани жаңғыру жолына түсіріп, сол жақсылыққа жетелейді деп үміттенем.
Біз бұл әңгімемізді халқымыздың күші неде деген сұраққа жауап беруден бас­тап едік. Әңгіме барысында мен ендігі аяқ тірер жеті мәселені таратып бердім. Оларды өзімше дәлелдеген де сияқтымын. Әр мәселе өзінше бір-бір төбе болса, соларды жиынтықтағанда қазақтың, тіпті мемлекетіміздің ұлттық идеологиясы шы­ғатын сияқты. Осы жеті мәселенің биігінен көрінетін болсақ, осы жеті тақырыпты жас­тардың құлағына құятын болсақ елдің елді­гін сақтап қаларымыз анық.
Қазақтың күші: бабалар рухында, қанымыздың тазалығында, ұлт­тық дәстүріміз бен салт-санамызда, ұлттық мінезімізде, туған жерге деген сүйіспеншілігімізде, дінімізде және де қазақтың Көк бөріге тартқан еркін­дігінде. Алдағы уақытта ұлттық құнды­лықтарымызды насихаттағанда, бүгінде әр қазақтың бойында бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді оятып, бетке шығару үшін елдік жөніндегі бар әңгімені осы жеті танымнан бастауымыз керек болар.
Еркін елдің баласы, кеудеңді кере дем ал, маңдай теріңді тамшылатып еңбек ет, ұрпағыңды өсір, не керек, өмірдің бар қы­зығын көр! Президентіміз сені осыған шақырып отыр.

Алдыңғы «
Келесі »

2 Пікір бар

  1. Тамаша мақала. Жастар оқып шықса, жігерлері оянатын еді.

  2. Мінезділіктен арылып барамыз. Жуаспыз, жалтақпыз, жалқаумыз.

Пікірлерге тыйым салынады.