Мұстафа ШОҚАЙ

  • 20.09.2012
  • 549 рет оқылды
  • Пікір жоқ

ҰЛТТЫҚ ЗИЯЛЫ

Ұлттық зиялы деп кімдерді айтамыз. Бір қарағанда, жеңіл көрінгенімен, шын мәнінде бұл сұрауға дұрыс жауап қайыру оңай емес. Оқыған, тәрбие көрген адамның бәрін зиялы деп атап, оны сол адам өзі тән болған ұлттың «ұлттық зиялысы» қатарына қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсіз қателесеміз. Біздіңше, белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат-мақсаттары төңірегіне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады.
Зиялылардың міндеті ұлы да қасиетті болуы себепті өте ауыр.
Халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни, жері, суы, қазынасы, тілі мен діні бір бол­ған халық бұқарасын бірлестіріп, олардың санасын біртұтас саяси, әлеуметтік, ұлт­тық санаға жеткізуде ұлы тарихи міндеттің маңызды бір бөлігі зиялылардың үстіне жүктеледі.
Атақты алман философтары Кант пен Фихтелер: халық бірін-бірі және өзін-өзі басқара алмайтын, басқалардың басқаруында ғана болатын тобырлар. Ұлт – басқаларға тәуелді болмаған, өзінің мекемелеріне ие және өзінің бірыңғай мүддесі бар халықтар жиынтығы. Философияның тұжырымдауынша, халық – объект (оbjekt), ұлт – субъект (subject).
Біз бұл жолы зиялылар тарихына тоқталып жатпаймыз. Өйткені ол бізді журналымыз талап етіп отырған «бүгінгі күштің іс жүзіндік мәселелерінен» алыстатып жібереді.
Дүние жүзінде зиялыларсыз ұлтқа айналған саяси, әлеуметтік халық бұқарасы бірлігі ешқашан болған емес. Сондай-ақ, халық бұқарасынан қолдау көрмеген жағдайда зиялы қауым ештеңе істей алмайды. Халықты ұлт деңгейіне көтеру, «яғни, оны жат үстемдіктің теп­кісінен құтқарып өз мекемелеріне ие, тәуелсіз бір жеке тұлғаға айналдыру сынды не­гізгі мақсатқа жету үшін, ұлттық зиялы қауым мен ол өзі тән болып отырған халық бұ­қарасы арасында бір ортақ сана болуы тиіс. Міне, осы сананы айқындау, яғни, халық тілегін дұрыс және анық бір формаға келтіру, аталған мақсатқа жету үшін іс пен әрекет бағдарламасын жасау зиялылардың міндеті.
Зиялылар қауымы өздерінің тарихи міндетінің мүддесінен шығуы үшін не істеулері керек? Әлбетте, тек жүктелген міндеттерді атқарумен ғана шұғылдану жеткіліксіз. Зиялылар өз халқына қызмет етудің, халықпен ортақ тіл табыса білудің неғұрлым тиімді жол­дарын таба білулері тиіс.
«Яш Түркістанның» өткен сандарының бірінде (15-санда) орыс (Батыс) мектептерінде тәрбиеленген зиялыларымыздың қасіретке толы тағдыры жөнінде жазған болатынбыз. Мұндай зиялылар халыққа пәлендей бір ұлттық тәрбие беріп жарытпайтыны және халық та олардан пәлендей бір ұлттық тәрбие алып жарымайтыны туралы егжей-тегжейлі айтқанбыз. Бұл жолы біз сол айтқандарымызды онан әрі тереңдете түсеміз.
Батыс тәрбиесін алған зиялыларымыздың аянышты жері – рухани жақтан өз халқына өгей болып қалуы еді. Батыс тәрбиесі көптеген туыстарымызды халқымыздың жан-дү­ниесіне сіңген, ұлттық тарихымыздың өнбойында жатқан «шығыс зердесінен» айырды. Олар, яғни, Батыс тәрбиесін алған туыстарымыз басқа жақтан жинаған білімдерін өз халқының өмірімен (Шығыс зердесімен) бірлестіре алмады.
Біз, әрине, бұл арада «Шығыс рухы» дегеннің ғылыми, философиялық мағынасына тоқталып жатпаймыз. Біздің бүгінгі күресіміз үшін осы «шығыс рухы» «ұлттық рухымыз» болуын және біз қызметін атқарып, тілеуін тілеп жүрген халқымыздың тұлабойын, осы шығыс рухы кернеп тұрғанын білуіміз жеткілікті. Осы орайда, өз тарихымыздың орыс тепкісінде өткен дәуірінен мынадай бір мысал есіме түсіп отыр.
Шоқан Уәлиханның трагедиясын еске алып өткім келеді. Шоқан өткен ғасырдың орталарында, Түркістан орыстар тарапынан жаулап алынғанда өмір сүрген. Аса дарынды, мол білімді көсем боларлық деңгейге көтерілген осы қыр баласы, орыс (Батыс) ықпалында өсті. Ол өз дәуіріндегі орыстың атақтыларыменен, мәселен, Достоевскиймен жақын қатынаста болды.
Шоқан орыс өкіметінің құпия агенті ретінде Шығыс Түркістанға сапар шекті. Түркістан Сібіріне жорық жасап бара жатқан қанішер орыс генералы Черняевтің қол астында біраз уақыт қызмет атқарды. Мұнысы ұзаққа бармады. «Батысшылдығы» оны өте пұшайман жағдайға душар етті. Ол Черняевпен қоштасты. Петербургқа барудан бас тартып, қырға ауылға кетті. Бір қазақ қызымен ауылға кетті. Шоқан қысқа ғана ғұмыр кешіп, 1865 жылы отыз жастар шамасында дүниеден өтті.
Шоқан туралы естелік жазған бір орыс жазушысы: «Осы бір бұратана өкілі көз талдырар биікке көтерілгеннен кейін, кенет өз халқының тағдыры хақында үрейленіп, ір­кі­ліп қалуы, өз халқына жат адамға айналып қалудан қорыққаны оның өзін-өзі қорғау түйсігінің әсерінен болғанын көрсетеді», – деген еді.
Біз Шоқан туралы естелік жазған осы жазушының пікіріне қосыла отырып, оны сәл түзеткіміз келеді. Біздіңше, трагедияның қайнар көзі жат адамға айналып қалам деп қорқуында емес, жат адамға айналып қалуында еді.
Шоқан орыс (Батыс) халқының рухымен өз халқын бақытты ету мүмкіндігін іздеді. Шоқан өзі басынан кешірген ащы сабақтардан, қайғылы оқиғалардан кейін барып, өз хал­қына өгей болып бара жатқандығын сезінді. Осы күнге дейін біздің Батыс тәрбиесін ал­ған адамдарымыздың “батысшылдығы” Шоқанның дәрежесіне жете қоймаса да, оның өмір сабақтары біздің көз алдымызда тұрғаны жөн.
Біздің ғасырымыз Шоқан дәуіріне қарағанда, мүлде басқа. Шоқан ол кезде жалғыз еді. Және оның алдында халқын ұлт деңгейіне көтеру міндеті де тұрған жоқ болатын. Бұл мәселені ойдан шығарып алған жоқпыз. Тарих пен өмір қажеті, оянған халықтың мағыналы түйсінулері осы бір маңызды міндетті біздің алдымыздан шығарып отыр.
Мақаламыздың басында айтқанымыздай, ұлттық зиялылар қатары барған сайын ұлғайып келеді. Бұл процесс үш ортада жүріп жатыр. Түркістанның болашақ иесі бола аларлық жас күштеріміздің көшпелілігі ұлттық бағыттың бастауында бола алмай, мәскеулік диктатураның зұлымдығы астында өсіп жатыр. Атамекеніміздегі осы жастарымыз ұлттық тәрбиеге қас жау болып табылатын «таптық тәрбиемен» қоректенуде. Алайда, осыған қарамастан Түркістан жастарының басым көпшілігі ұлттық рухта өсіп жатқанын біз жақсы білеміз. Кеңес жеріндегі кеңес мектептерінде оқып жатқан жастарымыздың ұлттық рухы, ондағы көне «шығыс рухында тәрбие» көрген «шығыс зерделі» зиялыларымызбен тоғысып жатқаны айрықша көңіл аударуға тұрарлық.
Кез келген чекист қаруларының қарсы алдында тұрсаңыз да, ұлттық рухты өшіріп алмай, жас ұрпақтарымызды сол рухта тәрбиелей білген, ей, менің қаһарман отандастарым! Сендерге мың да бір рахмет! Ей, менің намысты жерлестерім, сендерге өмір бойы қызмет етуден басқа біздің ешқандай да бір ойымыз жоқ екенін білгейсіздер!
Жастарымыздың тағы біраз бөлігі туысымыз Түркияда дайындалып жатыр. Біз бүгін «Шығыс рухы басым болуы себепті мешеу қалған» деп саналатын Түркияда Батыс білімі жергілікті жағдайларға сәйкес сәтті қолданылып жатқанын көріп отырмыз. «Батыс білімін» «шығыс рухымен» ұштастыру үстіндегі Түркия тәжірибесі біз үшін аса құнды. Біздіңше, дүние тарихында бұрынды-соңды көтерілмеген жетістіктердің түпкі себептері – Түркия ұлттық күштерінің Еуропа тәрбиесін алған түрік зиялылары мен шығыс зерделі зиялылары түркі менталитетін (Меntalitet) сәтімен үйлестіре алуында жатыр.
Біз Түркияда дайындалып жатқан зиялыларымыздан көп нәрсе күтуге хақылымыз. Және бұл үмітіміздің біздің күткенімізден де артық орындаларына сенеміз.
Аз да болса бірталай жастарымыз Алманияда білім алуда. Олар да атамекендегі ұлттық рухын кеміткен емес. «Яш Түркістанның» өткен санында басылған Тоқтамышұлының мақаласы бұл жастарымыздың ұлттық мұратқа апарар жолды адаспай тапқанын көрсетеді. Мұның өзі Батыста білім алған жастарымыз ұлттық рухпен сусындап қана қоймай, бұл рухты халқымыздың игілігіне жарату жолдарын да білгенін дәлелдейді.
Қорыта келгенде, осы үш ортада оқып жатқан біздің жастарымыздың бәрі де «ұлттық зиялы» санатына әбден лайық.
Егер, біз жастарымызға осындай үміт артпасақ және бұл үмітіміздің мән-маңызын терең сезініп түсінбесек, онда өміріміз бен қызметіміздің мағынасы қалмаған болар еді.
1931 ж., № 18

Алдыңғы «
Келесі »