«АДАМДЫ СҮЙ, АЛЛАНЫҢ ХИКМЕТІН СЕЗ!..»

  • 20.09.2017
  • 359 рет оқылды
  • 2

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ – жазушы, ҚР мәдениет қайраткері.

«Қазақ газеттері» ЖШС-нің Астана қаласындағы өкілі

«ЖҮРЕКТЕ ҚАЙРАТ БОЛМАСА…»

Өткен тарихқа көз салсақ, сонау заманнан бері адамзат баласы дінсіз өмір сүрмегенін байқаймыз. Қазақстанда ислам діні ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып арқылы сақталды. Адам баласы жеке тұлға ретінде де, қоғамдық тұрғыдан қарасақ та дінге мұқтаж. Өйткені, дінге деген сенім адамның табиғаты мен жаратылысында бар. Дін – оның ақ пен қара алмасқан, қиындығы мен қызығы қатар өрілген мынау фәни жалғанда табан тірейтін тірегі, діттеген арман-мақсатына жету жолындағы жөн сілтер темірқазығы.
Адам баласының өсіп-өркендеу эволюциясы қандай күрделі. Ана құрсағындағы тоғыз ай; шыр етіп дүниеге келген сәбилік кезең, тәй-тәй басқан, былдырлап сөйлеген, бара-бара мынау аппақ әлемге құштарлық, білмек талпыныстар. Мектеп табалдырығын аттап, білім теңізіне шомылу. Одан соң өсіп, ер жету, жан-жағымызға қарап, өмірдің мән-мағынасына үңілу. Қамшының сабындай қысқа ғұмыр осылайша жылжып жүре береді екен-ау!..
Кешегі мызғымас, алып империя 74 жыл өмір сүрді. Ол солай болуы керек еді. Кеңес өкіметінде, өнер өркендемеді, мәдениет дамымады, әдебиет алға баспады, идеология болмады деуге бола ма? Өкініштісі – дінсіз мемлекет еді. ХХ ғасырдың басынан «күн көсем» – Лениннің, одан соң Сталиннің дәуірі басталды. Социализмді желеу етіп, жеке басқа табынушылық белең алды. Сол жылдары Лениннің ескерткіші қойылмаған бірде-бір қала мен ауылды кездестіру қиын болатын. Бұл дегеніңіз, пұтқа табынушылық емей немене?! Демек, дінсіз мемлекетте Алланың жіберілген уақыты бітті, бар мәселе осында.
Аллаға шүкір, тәуелсіздік таңы атты. Асыл дінімізге жол ашылды, мешіттер салынды. Жұртшылық ешкім үгіттемей-ақ, қажылық парызын өтеуге Мекке-Мединаға ағылды. Ораза ұстап, құрбан шалушылар қатары көбейді.
Біздің имани иммунитетіміз неге әлсіз? Қылмыс, масылдық пиғыл, мас­күнемдік, парақорлық, мақтан­шақ­тық, тәкаппарлық, тыраштану, жез­­өк­шелік, қазақ тілінде сөйлемеу, арам ниет т. б. толып жатқан нәпсі қалау­ларын айтпағанның өзінде, сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттік те бар ғой елімізде?
Қылмыстың басым көпшілігін имансыз жандар істейді. Атам қазақта «ұятың жоқ болса, ойыңа келгенді істе» деген сөз бар. «Құдайдан қорықпағаннан қо­рық» деген де бабаларымыз. Алладан қорыққан адам жаман істерге бармайды. Одан басқаның бәрін жолдан тайдыруға болады.
Қылмыскерді жазалап, түрмеге отыр­ғызу қоғамды сауықтыра ма? Әр адамның қасына полиция қою, қадағалау мүмкін емес. Адамның ішкі мәдениеті болуы керек. Бұл жайлы қазақ атамыз, «ұяты бардың иманы бар» деп баяғыда айтқан. Адам баласын құтқаратын, жақсы амалға жетелейтін иман, яғни сенім!
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті, – демей ме хәкім Абай-Ибраһим.
Адам баласы Аллаға құл болу арқылы басқаға құл болудан құтылады. Жаратушыны танып, оның үкімін орындаған пендені Алланың құлы дейміз. Өзіне құлшылық етпеген пендені Алла шайтанға, дүниеге, адамға т.б. жаратылғандарға құл етіп қояды.
Аллаға құл болудың сипаты: ризашы­лықты тек Жаратушысынан күтеді. Адам­дарға құрметпен қарайды, бекзаттық бол­мысқа ие болады, адал еңбек етеді, туған ота­нын сүйеді, өмірдің күйкі тірлігінен биік тұрады, ең бастысы, оның бойында аса күшті рух пен сенім пайда болады. Алладан басқа ешкімнен қорықпайды.
Шайтанға құл болудың сипаты: Қа­сиет­ті Құраннан белгілі, шайтан тәкаппар, кекшіл. Осы сипат кімде болса, сол шайтанға дос. Күншілдік пен қызғаншақтық, өзімшілдік пен мансапқорлық тәкаппарлықтан шығады. Сөйлесе сөзінде жалғандық және ісінде екіжүзділік болады.
Дүниеге құл болудың сипаты: дүние-мүлік, байлықтан басқа мұңы болмайды. Ол үшін бәріне барады, тойымсыз, жемқор, парақор, сатқын һәм мейірімсіз болады. Мұндай пендеде Отан болмайды. Оның қожасы – а қ ш а.
Адамға құл болудың сипаты: өзіндік пікірі жоқ, жағымпаз, адамдарды алалап қатынасады. Қолында билігі бар басшылардың алдында құрдай жорғалайды. Ең бастысы ондай пенде Алладан емес, бастығынан қорқады. Оны жарылқаушысы деп түсінуімен адамға құл болып шыға келеді.
Алла тағала былай дейді: «Қай қауым болсын, өз жағдайын өзі өзгертпесе, олардың жағдайын Алла өзгертпейді» (Құран Кәрім. Рағыд сүресі, 11 аят).
«Алла адамдарға еш зұлымдық қыл­майды. Бірақ адамдар өздеріне-өздері зұ­лым­дық қылады» (Құран Кәрім. Юныс сүресі, 44 аят).
Хәкім Абай Құнанбайұлы бүй дейді: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек: Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық.
Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден еш нәрсені оларсыз біліп болмайды.
Білімсіздік хайуандық болады.
Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұят­сыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.
Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады» (38-ші қара сөз).
«Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек?
Ақылға сәуле қонбаса,
Хайуанша жүріп күнелтпек…».

«ШҰЛЫҚҚА МӘСІХ ТАРТУҒА БОЛАДЫ…»

Өмірде жақсылықпен қоса жамандықтың да қатар жүрері рас. Қазақстан тәуелсіздігін жариялап, арқа-жарқа қуанып жатқан бастапқы жылдары елімізге алыс-жақын шет елден жат пиғылды миссионерлер лек-легімен ағылды. Олардың көптігі сондай, діни сауаты аз жұртшылық абдырап қалды. Адамның іші-бауырына кіріп, қажет жерде көк қағаздарын ұсынып сан түрлі айла-шарғы жасады. Соның нәтижесінде қаншама бауырларымыз басқа дінді қабылдап, теріс жолға түсті. Сондай жас адамның біреуі жайлы айтайын.
Ауылдас азаматтың Ж. есімді баласы былтыр Астанаға сапарлап келгенде келіншегін ертіп біздің үйде болды. Жасы жиырма жеті жастағы, ақсары өңді әдемі жігіттің кеудесін жапқан сақалын көріп тіксініп қалдым. Қиқы-жиқы, селдір сақалы өзіне жарасып тұрған жоқ. Шалбарының балағы қысқа, келіншегінің басында орамал, көзі ғана жылтырайды. Өзі талай жылдан намазхан екен. Дәрет алудың соңында аяғын жуудың орнына шұлығының үстіне мәсіх тартты. (Алты жыл бұрын көргенімде де шұлығына мәсіх тартқанын байқағанмын). Намазын оқып болған соң мен одан шұлыққа мәсіхті неге тартқанын сұрадым.
– Тартуға болады, – деді ол.
– Шұлыққа болмайды ғой?
– Оған дәлеліңіз бар ма?
– «Әй мүміндер! Қашан намазға тұр­саңдар, (тұрарда) жүздеріңді және шын­тақтарға дейін қолдарыңды жуыңдар. Бастарыңа мәсих тартыңдар (сипаңдар). Және екі тобықтарға дейін аяқтарыңды жуыңдар» – деп жазылған Құран Кәрімнің «Мәида» сүресінің 6 аятында.
– Мен жолаушымын.
– Аяқты жуу керек, мәсің жоқ және күн жаз. Қасиетті Құран Кәрімнен өзге қандай дәлел керек?
– Бізге ұстазымыз айтқан. Ол кісі көп білетін, ғұлама кісі.
– Ұстазың кім?
– Оны айтуға болмайды…
– Айтпай-ақ қой… Намаздан соң Құран оқылғанда неге орныңнан тұрып кеттің?
– Құран оқуға болмайды…
– Неге?
– Қайтыс болған адамдар – міскін, өлік, олардан бізге еш пайда жоқ…
– Бұл сөзді ешкім естімесін. Әке-шешең қайтыс болса, ұмытасың ба? Құран ба­ғыш­тамайсың ба?
– Ұмытам, құран оқымаймын, зиратқа бармаймын…
Ж. айтқаныма құлақ аспады. Өз көзқа­расында қалды. Аздан соң жұбайым асқа шақырды. Қонақ жігіт те, келіншегі де қолдарын табаққа апарған жоқ.
– Астан неге алмайсыңдар?
– Жылқының етін жемейміз… Бұл ет халал ма, харам ба?!. Шәй ішсек те жетеді…
– Соғымнан қалған сыбаға ғой. Бісіміллә айтылып, адал сойылған мал.
– Айып етпеңіз… Жеуге рұқсат жоқ…
– Өздерің етті қайдан аласыңдар?
– Халал ет сататын дүкеннен…
– Мамандығың не? Немен айналысасың?
– Жоғары білімім жоқ… Ұсақ-түйек сауда жасаймын…
– Онда түсінікті…

БІР ҚАП АЛТЫН

Исламдағы бес парыз – кәлима, намаз, ораза, зекет, қажылық жайлы көкірегі ояу қазақтың бәрі біледі деп ойлаймын. Солай болғанмен, Қарағанды қаласындағы қазақ-түрік лицейінің ұстазы, Ахрор бейден естіген төмендегі оқиғаның ғибраты мол әңгімесі ойымнан шығар емес.
Кезінде Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафа (с.ғ.с.) Миғражға көтерілгенде ғажап шахар көріпті. Ол – Ыстамбул қаласы екен. Расуль Алла Миғраждан оралған соң: «Ыстамбул күндердің күнінде мұсылмандардың қолына түседі. Сол шаһарды алған қолбасшы да, әскерлер де қандай бақытты!» деп сүйіншілеген көрінеді.
Жасы сексеннен асқан Мехмет Баям Түркияның Мэрсим қаласын мекендепті. Ол өзіне тиесілі үлкен алқапқа күріш, бұршақ, ноқат, жасымық сынды өсімдіктерді өсіріп, оларды Еуропаға апарып өткізеді екен. Филип қаласында тұрған ол сол кездің өзінде жоғарыдағы жеміс-жидектерді Иракқа тасиды. Ол кезде бүгінгідей ұшақ, болмаса КАМАЗ, Триллер сияқты жүк машиналары жоқ. Түркияның оңтүстік-шығысынан Ирак бағытына қарай Эвфрад өзені ағады. Филип қаласы өзенге тақау болғандықтан, кесілген бөрене ағаштарды біріне-бірін шегелеп сал жасайды да, үстіне тонналап күріш, бұршақ, ноқат, жасымықтарды қапқа теңдеп тиейді. Қой терісін сойылған жерінен тігіп, шарға ұқсатып ішіне ауа үрлеп салдың астына жайғастырады. Ауа толтырылған шар үстіндегі сал суға батпайды.
Тиелген жүктер қозғалмайтындай мықты байланған соң жағадан жылжытып ағызады да, бірнеше салт атты кісілер Иракқа жеткенше өзен жағалап еріп отырады. Жеміс-жидектер мен салдан босаған ағаштарды алтын ақшаға айырбастап, қой терілерінің ішіне нығыздап салып, салт атқа артып елге қайтады.
Күн ыстық. Жол ұзақ. Аттар болдыра бастайды. Адамдар да шаршайды. Филип қаласына жақындағанда Эвфрад өзенінің бір тармағынан өте бергенде екі ат оқыстан суға кетіп, біреуі көп ұзамай жағаға шығады. Екіншісі недәуір жерге дейін ағып-ағып барып, ол да жағаға тұяғын зорға іліктіреді. Үстіндегі бір қап алтын түсіп қалады.
Аттың иесі қатты уайымдап, ақшаны іздеймін деп қалып қояды. Жолдастары қалаға жетіп, қожайынға болған оқиғаны баяндайды.
– Жоғалуы тиіс емес, – дейді қожайын. – Себебі бүкіл дүниемнің зекетін төлеймін.
Қасына бір-екі жігіт ерткен қожайын алтын жоғалған жерге келсе, қызметші суға қарап, жағада отыр. Қожайын емен-жарқын амандасты. Өзін кінәлі сезінген қызметшіде үн жоқ.
– Уайымдама, – деді қожайын. – Адал дүнием болса, алтын табылады.
– Мен кінәлімін, – дейді қызметші.
– Біз пенде болған соң көп нәрсенің парқына жете бермейміз. Жаратушы Алла адал құлдарын жақсы көреді. Тапқан пайдамның зекетін жылма-жыл төлеймін. Суға кеткен алтын ақшалар табылмаса, оған харам араласты деген сөз.
Олар әңгімелесіп тұрған кезде, өзен ағып жатқан тұстан бір иірім пайда болады да, қап толы алтын жағаға шығып қалады.
Мехмет қайтыс болған соң оның баласы мата өндірумен айналасады. Мехмет кәрияның құрдастары балаға кеңесші болып, білгендерін үйретті. Зекет төлеу жайлы түсіндірді, әкесіндей адал болуды айтудан жалықпады.
Жігіттің кәсібі ұлғайып, үлкен зауытқа ие болды. Жылма-жыл тапқан пайдасының тиесілі үлесінен зекет беруді дағдыға айналдырды.
Мехметтің баласы Испанияда тұратын ірі кәсіпкермен келісім-шартқа тұрады. Ол кәсіпкер тонналап бұршақ, күріш, ноқат, жасымыққа тапсырыс береді. Жігіт Мэрсим қаласындағы порттан Испанияға тауарларын кемемен жіберіп тұрады.
Бір күні үлкен жүк кемесіне 40 контейнерге жүк тиейді. Кеме Испанияны бетке алады. Испанияға жақындағанда кемеден өрт шығады. Жаңалыққа жаны құмар телеарналар хабар беріп, айта бастайды.
Испаниядағы бизнесмен Түркиядағы жігітке телефон шалады.
– Жүктеріңіз тиелген кеменің өртке оранғанын естіген боларсыз.
– Естідім, – дейді жігіт.
– Жүктерге сақтандыру жасадыңыз ба?
– Жасадым, – дейді түркиялық жігіт.
– Қандай фирмаға?
– «Үлкен қожайын» деген фирмаға.
– Онда жақсы болған екен.
Өрт сөндірілген соң жанбай, аман қалған жүктер түсіреді. Кезек түркиялық жігіттің контейнерлеріне келеді. Ашып қараса көп ештеңе бүлінбеген. Тек бір контейнердің бұрышынан болар-болмас су өтіп, екі-үш қаптағы тауар жарамсызданған екен. Испаниядағы бизнесмен қуанып, барлық тауарды түсіріп алады.
Сол жылы испандық кәсіпкер Түркияға келеді. Жігіттің үйінде қонақ болып отыр­ғанда өрт жайлы әңгіме қозғалады.
– Жүк қалай аман қалды, сырын ай­тыңызшы? «Үлкен қожайын» деген сақ­тандыру компаниясын ғаламтордан іздеп таба алмадым, – дейді.
Сонда түркиялық жігіт:
– Ондай компания жоқ, – дейді күлімсіреп.
– Қалайша?!
– Үлкен қожайын дегенім, он сегіз мың ғаламның иесі – Алла Тағала! Қасиетті Құранда айтылғандай, артық байлықтың қырықтан бірі, яғни екі жарым пайызы зекетке жатады. Кімде-кім зекетін уақытында төлеп тұрса, ондай адамды Алла өзінің қарамағына алады. Ойлаңызшы, Алланың өзі қорғаған кісіге зиян келе ме? Мен зекетімді жылма-жыл төлеп тұрғандықтан, ештеңеден қорықпаймын. Алла өзі сақтайды!
Христиан бизнесмен сол жерде кәлима-шаһадат айтып, ислам дінін қабылдаған екен.

АРАҚ АТАМЫЗДАН ҚАЛҒАН АС ПА?

Қазақ қоғамында суицид, ажырасу, ақша үшін ата-анасын өлтіру, бауырын балталау, педофильдік, қызтекелік, жезөкшелік, маскүнемдік, нашақорлық, лаңкестік, ұйымдасқан қылмыс тәрізді сорақылықтар болды ма? «Жынның суы» – зәһардың атын естігені болмаса, ішкен жоқ. Қайдан келді ендеше? Қазақ қашан ауызданды? Сөйтсек, арақ екінші дүниежүзілік соғыстан соң және тың көтеру жылдары келіпті. Әуелгіде көңіл көтеру үшін ішті қазақтар. Кейіннен дағдыға айналды. Сол жылдары арақ ішпейтін адамдар аз болатын. Үйге қонақ келсе, дастархан жайылар-жайылмастан «қылқа мойынды» мойнынан қылқындыра ұстап үстелдің ортасына қоятынбыз.
«Қазақтың тамаша дәстүрлерінің бірі – той, – деп жазады ғалым Мұхтар Арын «Бес анық» атты діни танымдық мақаласында. – Әдетте той – үлкен қуа­ныш, шын жүректен қуанып, той иелеріне ниетіңді білдіру. Ал, бүгіндері той дегенің көңіл көтеруге айналып кеткен сияқты. Өйткені, оған келгендер «ақаңнан» жұтып алады да, оны көбінесе жеке бастың көңіл көтеруіне айналдырады. «Дегенде бұқа – буға, азбан – дұға. Жұрт мәз болып, түсініп жүр айқай-шуға» деп Абай айтқандай, арақ ішу сияқты кеселді дәстүрдің салдарынан ырду-дырду көбейді.
Тойды тамада басқаратын болды. Сол тамаданың міндеті – жұртқа тосты үлестіріп беру, сол арқылы арақ ішкізу сияқты. Содан да тойдың көпшілігі жұрт­тың делебесін қоздырып, жеңіл-желпі күйінде өте шығады. Бұл енді жақсы дәстүрімізге жаман ғадетті сіңірген­дігі­міздің салдары…» («Асыл дін және ұлт зиялылары», Алматы, 2008 жыл, 131 бет).
Өкінішке орай, арақ ішу ауылды жерде әлі өршіп тұр. Оған тыйым салатын «әй дейтін – ажа, қой дейтін қожа» болмағаны жанға батады. Телеарналардан кейде имансыз іс-әререттерді; ата-анасын ақша үшін балталап өлтірген адамдарды, ұр­лық-қарлықты, тастанды сәбилерді т.б. жүрек ауыратын жағдайды көреміз. Мұндай сорақылық салдары – арақ ішуден!
Қазір Қазақстан арақ ішуден әлемде алдыңғы қатарда. Мұндай қорқынышты қорытындыны Британияның Халықаралық шарап пен спирттік ішімдіктер нарығын зерттеу ұйымы жариялапты. Әлемде ром, джин және текила ең көп ішілетін болса, арақ солардың көшін бастап тұр. Тізімнің басында – Ресей. Беларусьтер екінші сатыда. Үшінші және төртінші орындарда Украина мен Польша, ал, бесінші орында – Қазақстан. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 200 мыңнан астам адам маскүнемдікке шалдыққан. Көбі – жастар. Соңғы бес жылда 330 мың мас жүргізуші ұсталған. Олар 1814 жол-көлік оқиғасын жасап, соның салдарынан 494 адам қаза тапты. 2,5 мың адам әртүрлі жарақат алды. Отбасын ойрандайтын да, сүріндіріп ардан аттататын да осы – қу арақ. Арақ-шарапқа тыйым жоқ, себебі – бағасы арзан.
Үстіміздегі жылдың 1-ші қаңтарында, күн парақ ауысқан жаңа жылды сылтауратып, тойлаған адамдар ащы суды мейлінше сімірді (Қазақтың Жаңа жылы – 22 наурыз емес пе?!.). Қаншама адам мас болып төбелесті, құлап аяғын сындырды, қылмыс жасады.
Былтыр жаз айында, Бурабай ауда­нының орталығы Шучинск қала­сында туысымыздың құдалығында болғанда, бірі 75, екіншісі 81 жастағы екі құдағидың ақ арақты шімірікпей «сілтегенін» көріп жағамызды ұстадық! Сол кәрияларды көрген жастарға не айтуға болады? Арақ ішіп кеуде кере мақтану, бөсу, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеу өнер ме, әлде үлгі ме?! Сол кәриялар арам ас – арақ ішудің күнә екендігін біле ме екен?! Масқара ғой?!.
Ата-бабамыздан қалған қасиетті салт-дәстүр әлі де жетпей жатқан сияқты. Арақ-шарапсыз да тойды өткізуге болады. Әсем ән мен күмбірлеген күй тыңдап, қымыз, шұбат ішіп, неге өткізбейміз тойларымызды?! Тағы бір жаман әдетіміз, тойға қатысқан қонақтардың бәрі сөз сөйлейді. Көпшілігінің айтатыны: «балалар бақытты болсын» боп келеді. Соңында жасы үлкен кәриядан бата сұралады. Арақ-шарап тұрған жерде айтылған тілек, құмға құйған сумен бірдей. Бұл туралы Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафаның (с.ғ.с.): «Арақ ішкен адамға иман қырық күнге дейін жоламайды» деген хадисін айтқанымыз жөн шығар. «Бір аяқ қымыздың екі есе желігі бар» дегендей, арақ ішу барша жамандықтың бастауы екендігін көпшілігіміз түсінбей жүрміз.

ҮМІТ – ЗИЯЛЫ ҚАУЫМДА

«Біздің тегіміз – түрік, дініміз – Ислам, қасиетті кітабымыз Құран Кәрімді насихаттауды естен шығармауымыз керек.
Халық Алласына, Тәңіріне сеніп, ертеңгі күнін, арғы жақтағы дүниеге барар күнін ойлап, мынау дүниедегі бүгінгі күн күйбеңімен жүре бермей, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадисіне сәйкес өмір сүрсе деймін» – деген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзі әсіресе зиялы қауым өкілдерінің есінде жүруі керек деп есептеймін.
Өйткені, бүгінгідей алмағайып, жаһан­да­ну кезеңінде зиялы қауым өкілдеріне артылар жауапкершілік жүгі салмақты. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Әуелі аят, хадис сөз­дің басы» деген хәкім Абайдың өлеңі де, қара сөзі де иманнан басталып, иманмен аяқталады. Ал Ыбырай Алтынсарин: «Бір Аллаға сыйынып, кел балалар оқылық, оқығанды көңілге, ықыласпен тоқылық» деді емес пе? Бұдан өзге ұлт зиялылары Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ғұмар Қараш, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Халифа Алтай, т.б. көптеген қайраткерлеріміздің дін-исламның қанат жаюына сіңірген еңбектері қаншама!
Қазіргі таңда бізге діни білімі терең, интелектуал имамдар керек. Осындай имам-молдалар алыстағы ауылдарға өте-мөте қажет. Ауылдағы имам-молдалардың көпшілігін жергілікті жамағат, «ауылдағының ауызы сасық» деген астамшылық оймен мойындай бермейтіні жасырын емес.
Бүгінгі имам-молдалар дін ғылы­мы­мен қоса елдің тарихын, әдебие­тін, мәдениетін, мақал-мәтелдерді, ұлт көсемдері мен би-шешендерінің даналық ой-тұжырымдарын, өлең-жырларын да жақсы білгені ләзім. Имам-молдалар жамағатқа адамгершілік жағынан үлгі-өнеге болуы тиіс. Қауіп-қатер ашар­шылықтан, жұмыссыздықтан, ке­дей­ліктен емес, рухани құлдыраудан болатыны жадымыздан бір сәтте шықпауы керек.
Ислам дегеніміз – бейбітшілік!
Ислам дегеніміз – береке-бірлік!
Ислам дегеніміз – мөлдір адамгершілік!
Ислам дегеніміз – мейірім-қайырым!
Ислам дегеніміз – ғылымның бастау бұлағы!
Сенім – білім болғанда ғана бекиді. Ғылымсыз, ілімсіз адамда қандай сенім болсын?!
«Шариғатқа шалалық, исламға сел­қостық халқымыздың рухани жағы­нан тоқырауға ұшырауына да белгілі бір дәрежеде себеп болды деп білеміз. Ол олқылық сол кездегі отаршылдық саясатына да байланысты болды, – дейді ғұлама ғалым Ақжан Машанов «әл-Фараби және Абай» деген кітабында.
Осыларды еске ала келгенде Абай жо­лының негізі қалай болуы керек? Абай­дың ең басты қағидасына көз жіберелікші: «Адаспай тура іздеген хакимдер болмаса дүние ойран болар еді… Бұл хакимдерден мұрат – мұсылман хакимдері» (Отыз сегізінші қара сөз).
Абайдың хакимдер деп айрықша айтып отырған себебін дұрыс түсіну қажет. Өйткені адам баласының бәрі досың деген Абай бұл арада мұсылмандықты неге алға қойған? Оның себебі, ислам діні – соңғы дін. Ол адам баласының тарихи, табиғи, ғылыми, рухани, діни өрлеу сатысының шыңына жеткен заманда дүниеге келген. Ол өзінен бұрынғы діндердің адамзатқа ортақ пайдалы жақтарын жинақтаған қорытынды дін, ғылыми дін. Ғылым үйрену исламның зор парызы болып саналады.
Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафаның (с.ғ.с.): «Кімде кім ғылымды және ғұламаны сүйсе, ол менің жәннатта көршім болады» деген хадисі баршаға мәлім. Ғалымдар мен ақын-жазушыларға, зиялы қауым өкілдеріне жүктелер жауапкершілік зор.
«Қазақ қоғамындағы рухани ахуалды, оның діни келбетін айқындайтын бүгін салафиттер емес, («Егемен Қазақстан», «Елдің діни діңгегі – дәстүрлі ислам», 29.12.2017) сан жағынан да, сапа жағы­нан да басым қазақы исламдағы, дәс­түрлі дінімізді қолдайтындар…» – деген философия ғылымдарының докторы, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры Амангелді Айталының сөзі зиялы қауым өкілдеріне үлкен сенім жүктейді.
«Құран Кәрімді меңгермей, қоғам жайлы, жеке адамның жан дүниесі туралы жақсы, жетік білеміз деуге де болмас, – деп жазады ҰҒА-ның академигі Ғарифолла Есім. – Қоғамдық сананы қалыптастыруға қызмет етіп жүрген ғалымдар ілімді тануда, әлемді тануда Құран Кәрімді негізге ала жүргізбесе, адамды да, қоғамды да адастырып алу қаупіміз бар екенін мойындайтын да мезгіл келді. Сондықтан, біз бұдан былай қоғамға қызмет ететін мамандарды Құран Кәрімді меңгерген, зайырлы мемлекет қызметшісін дайындауды қолға алуымыз қажет. Сөздің қысқасы, сауатты, білімді мұсылман интеллигенциясын қалыптастыруымыз қажет» («Егемен Қазақстан», «Дін өркениеті», 21. 10. 2006 ж.).
Дінтанушы-ғалым Мұртаза Бұлұтай бүй дейді: «Халқымыздың бүгінгі ақын-жазушылары, өнер адамдарының көп­шілігі ислам дінін осыдан жүз жыл бұрынғы Абай атамыз түсінген деңгейде түсіне алмай жүргені өкінішті. Біз бұл мәсе­лені де ойлауымыз керек…» («Дін және ұлт», «Арыс» баспасы, Алматы, 2006 ж, 355 бет).
Мақаламызды хәкім Абай Құнанбай­ұлының төмендегі өлең жолдарымен тәмамдайық:
Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы.
Мені мен сен тең бе деп мақтанасың.
Білімсіздік белгісі – ол баяғы.
Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?!.

Алдыңғы «
Келесі »

2 Пікір бар

  1. Бүгінгі күнгі қоғамымызда кең таралған жат ағым жетегінде кету секілді зекті мәселені автор жақсы қозғапты. Сақал өсіріп, балағын қысқартқан адамдар саны артуда.

  2. Имансыздық, Алладан қорықпау адамдарды бұрын-соңды естіп-көрмеген қорқынышты, айтуға ауыз бармайтын сұмдықтарға, қылмыстарға итермелеуде. Жастарды имандалаққа үйретіп, радикалды діни ағымдарға заң жүзінде тосқауыл қоймаса, жағдай ушыға береді.

Пікірлерге тыйым салынады.