ТОЙ, ТОЙ… – ТОЙҒАН ҚАЗАҚ КӨРГЕМ ЖОҚ

  • 21.08.2017
  • 853 рет оқылды
  • 3

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ,
философ

Кәсіпкердің мұңы: кәсіпсіз халық
тойшыл келеді…

Алматыда «Бизнес-бастау» атты кәсіпкерлік ашып, қазақ жастарына кәсіпкерлікті насихаттап, оқытып жүретін, елі мен жерінің патриоты Ахметбек Нұрсила деген азамат тұрады. Осы Ахметбек екеуміз аракідік хат алысып тұрушы едік. Сондай бір әңгіме барысында Ахметбек маған қазақ жастарының «кәсіпкерлікке келуі» өте қиын екендігін айтты: – Біздің жастардың бойында бастаған істі аяғына дейін жеткізбейтін әдет қалыптасқан. Мысалы, кәсіпкерлік адамнан ішкі тәртіпті, мақсаттан айнымауды, жігерді талап етеді. Осы қасиеттерді баулу үшін жастарды, жалпы, кәсіпкер болам деушілерді әр жексенбіде тауға шығуға шақырдым. Мұндағы мақсатым – жексенбі күнгі түске дейінгі ұйқыны қойып, ерте тұруды дағдыға енгізу, қыз-жігіттердің бойында жігер, тия­нақтылық қалыптастыру еді. Оған қоса, тауға серуен денсаулыққа пайдалы екені де түсінікті… Бірақ олар алдымен ынталанып келеді, соңынан сұйылып, ақыр соңында «сиыр құймышақ» болып кетеді. Осыны бақылай келе, мен біздің жастарда мақсаттың жігерге ұласуы кемшін түсіп жатады деген ойда қалдым… Бұл кәсіби бәсекелестікте ең осал тұс саналады.
Кәсібің болса, нәсібің бар деген – қазіргі заман кәсіппен айналысуды талап етеді. Мысалы, Алматыда ең табысты кәсіп көзі ресторандар мен мейрамханалар болып тұр. Бірақ, осылардың көбінің қожайындары өзге ұлт өкілдері – өзбек, ұйғыр, түрік, кәріс, қытай және т.б. Қазақтар бірлі-жарымға мәз. Осыған намыстанбаймысың десең, қанағат деп құтылады. Қазақстанда, әсіресе, халқының саны 80 пайызын қазақтар құрайтын Алматыда керісінше болуы тиіс емес пе? Мәселен, Өзбекстанда ресторан-қонақ үй, туризм бизнесін тек өздері қолына алған. Мемлекетпен әріптестік жағдайында шаруаларын дөңгелетіп жатыр. Халқының саны да көбеюде.
Қазіргі заманда не көп – кәсіптің түрі көп. Меңгерген адам – жерге қарап қалмайды. Барлығы да ынта-жігерге келіп тіреліп тұр. Жолдауда айтылғандай, биылдан бас­тап кәсіптік білім беру училищелерінде оқыту тегін болатын болды. Ал, мен мұны ондаған жыл тегін жасап келдім. Осыны билік енді аңғарған сыңайлы. Себебі, ұрпақты кәсіпке үйрету – экономикаға серпін беретін сала. Сондықтан, бұған дейін оқу қымбат болғандықтан жастардың кәсіпсіз қалуы – мемлекет дамуын үнемі артқа шегеріп келді. Училищелердегі «ақылы оқудың» пайдасынан зияны көп болды. Кәсіптен ажыраған халық тойшыл, сауықшыл, сайраншыл болып кетті. «Біз әлі ұйықтап жатырмыз. «Чип-чиптеп», «аспанға қарап» (ән сөздері – Ә.Б.) – барымызды тойға шашып жүрміз. Кәсіпті басқалар істеп, мүлік пен жерге басқалар ие болып жатыр. Осылай жалғаса берсе, кейінгі ұрпақ бізге лағнат айтып, артымыздан топырақ шашатын болады. Ендеше, қазір білекті сыбанып жұмыс істеп, керек білім алып, жер алып, кәсіпорын ашу керек. Олай болмаса, «болашаққа қандай егеменді елді тапсыра аламыз?» деген терең ой тастады кәсіпкер сөз соңында…

Тойдан тойған қазақ көргем жоқ

Иә, қазақ жұрты да тойдан шаршай бастаған сыңайлы – көл-көсір шашылар тойды ықшамдау әзірге қолдан келмей тұр…
Қазір қазақ тойға барудан емес, той көптігінен қиналуда. Тойламауға намысы жіберер емес! Той көп болған соң, әркім де оған «ары тарт та бері тарт» деп жүрсе де, амалсыздан – отбасылық жеке бюджетті қысқарту есебінен барады. Сөйтіп, бүгінгі күні той беруші қазақ та, тойға барушы қазақ та, өздері кредиттік қарызға белшеден бата отырып, ешқандай кредитке мұқтаж емес ресторан-кафе иелерін инвестициялауда! Олар болса оған рахмет айтудың орнына – бағаны одан әрі екі-үш есе көтере түсуде… Сондықтан, олар той өткізудің аламан бәйгесіне түсіп, әбден қаны қызған тойшыл қазақтан күнделікті қалтасына 100 мыңдап ақша түсіп жатқанда – тойхана үстіне тойхана салып, одан әрмен бағаны көтермей қайтсін? Оларға салса – қалтасынан соңғы тиынын қағып, бала-шағаның аузынан жырып той жасап, барын өзгенің алақанына салатын халық аман болсын!..
Бүгінде дағдарыс қораға еніп тұр. Баға дегеніңіз күнделікті көтеріліп жатыр. Енді не істемек керек? Мұны қалай түзеуге болады? Осы туралы қоғамдасып ойланып көрсек қалай болар екен? Меніңше, ол үшін, қазаққа алдымен «тойды» мағыналық тұрғыдан жіктеп алуы қажет сыңайлы… Мәселен, қоғам болып талқылап, қандай оқиға той деңгейінде аталып өтуі тиіс екендігі белгіленіп, соған сай «той» статусына ие қуанышты жағдайлардың тізімі анықталуы керек сияқты. Содан кейін, келесі кезеңде, «анық­талған статусқа» сәйкес әрбір он­дай тойға қанша адам және кімдер шақырылатыны регламенттелуі тиіс. Яғни, бізге «тойдың да үлкен-кішісі болады» деген ережені жасап, қағида ретінде қабылдап алған дұрыс. Осыны реттеп алып, жадыға түйген абзал! Екіншіден, тойды өткізу форматтарын түрлендіру қажет. Бүгінгі барлық тойға қатысты ортақ формат – көл-көсір дастархан мен рәсуа (байлықты паш ету), жаттанды асаба, бір екі «жылтыңбай» әнші…, ышқырына ақша салуды сұраған жалаңаш биші т.б. өзгеруі тиіс. Тойды асабаның «қатаң бақы­лауымен» және оның «шеберлігіне» (мәдениеттілігіне) біреулердің кепілдік бере салуымен өткізу қате! Себебі, қазіргі тойларда даңғазалықпен бірге, өте сорақы келеңсіз көріністерді келін мен ата-ене қатарласа «тамашалап» отыратын жағдай кездесе бастады. Өйткені, бүгінде мол табыс көзіне айналған асабалық кәсіп пен «асаба мәдениеті» үнемі де ежелден қанымызға сіңген ұлттық тәлім-тәрбиемен, әдет-ғұрып, жөн-жоралармен үйлесе бермейтіндігін көрсетуде. Көптеген қариялар ондай тойлардан кейін үш күнге дейін «иманым қашпады ма?» деп, күйзелісте жүретіні де жасырын емес… Бейнебір, адамның қымбат жан-дүниесін ылайлап тастағандай күйге түседі! Ол – оңайлықпен жазылмайтын жара… Үшіншіден, той өткізерде қайырымдылық ұмыт қалмаса дейміз. Мысалы, біз қазақ қонақжай, мейірімді халықпыз деп көп мақтанышпен айтып жүреміз. Ендеше, қазақтың өзгеге деген жанашырлығы өз ағайынына келгенде неге өзгере қалуы тиіс? Қалыптасқан дәстүр бойынша, ұлын жетім етпеген, жесірін жылатпаған қазаққа бүгін не болды? Яки, қазақ мейірімі қай кезде болмасын ұмытылмауы керек. Оны тойда да көрсету міндет. Мысалы, әркім де өз туыстарының жағдайын өзгеден артық білері анық. Ендеше, той берерде кемінде он пайыз туыстарын жағдайы төмендігін ескеріп, тойға тегін шақыруды әдетке айналдырсақ – бірлігіміз артпаса, кемімейді. Той иесінің «адамды сыйлау ақшамен өлшенбейтін» тұрмысы нашар туыстарына осылай сездіргені қандай ғанибет! Ал, бүгінде, ондай тұрмысы төмен жандарды не атаусыз қалдырады (мүмкін бұл жанырашырлық болар), болмаса, тойға торалғы жасаушы көптің қатарына қоса салады… Осындайда «тойға шақырылу мәртебесіне» ие болған, бала-шағасын әупіріммен асырап отырған ол бейбақтың қиналысын, күйзелісін көз алдарыңызға елестете аласыздар ма, ағайын! «Бір жағынан – намыс, екінші жағынан –қамыс өлтіреді» деп қазакең тегін айтпаса керек… Ал, намыс қаһарына мінсе – адамды апатқа да апара алады. Сондықтан, мейірім шапағаты алдымен ағайынның жағдайын білетін туыста болмағанда – кімде болуы керек? Бізге осындай жазылмаған ереже әдетке айналса ғой, шіркін! Бүгіннен бастап!  Төртіншіден, бізге тойды өткізуде бір кездері қайраткер азамат Марат Тоқашбаев ағамыз ұсынған «швед столы» дастарханы форматында жасауға көшу уақыты келген сыңайлы. Одан еш ұтылмаймыз: біріншіден, ол форматтағы тойды атқару ондаған есе арзанға түсер еді. Екіншіден, мұндай той форматы үнемі кешігіп жүретін қазақ менталитетіне дөп келеді, бейнебір ол қазақ үшін ойлап табылғандай десе болады! Себебі, мұндай тойда қонақтар уақытқа байланып, жүз адам жиылып бір адамды күтіп отырмайды. Одан да маңыздысы – бұл форматтағы тойға жұрт «асабаны тыңдау» үшін емес, ағайын-туыспен еркін қауышу үшін келетін болады. Тойда бір мезгіл «дәмхана залынан» ағайынмен қауышып, одан әрі қызық-думанды «ойын-сауық залында» жалғастырып, жастарды құтықтап және т.т. дегендей… уақытты өте қызықты әрі мағыналы өткізуге болады… Әркім стол басында асабаның бұйрығымен «шегеленіп» отырмай, туыстарымен, дос-жарандармен «кофелетіп» емін еркін шерін тарқатуға мүмкіндік алады. Жастар да кең залда, сірескен дастархан басында ақсақалдармен «ақсақал боп» сықиып отырмай, емін-еркін жүріп¸ гүлін сыйлап, әнін айтып, биін билеп, өнерімен сайысып жатса – нұр үстіне нұр емес пе?! Бір мезгіл дамылдаймын дегендерге де еш кедергі жоқ – оған да жағдай бар… Мұндай тойдан жұрт шаршап емес, өте мол позитив алып қайтары сөзсіз. Алайда, өкінішке қарай, қазіргі мейрамханалардың барлығы дерлік той жасаушыдан неғұрлым көп шығынды талап ететін формада са­лынған. Қазіргі жалықтыратын үрдісте залда қонақтарға арналған 10-15 адамдық үстелдер қойылады да, оны тағамның неше түрімен толтыру міндеттеледі. «Тамақпен толтыру» – тойдың басты көрсеткіші! Келесі кезектегі маңызды шаруа – залды толтыру! Кейде зал толмай қалатын «ұятты» жағдайлар да кездеседі. Ондайда «тамақтан белі қайысқан» столдар жетімсіреп, тойға көрік берудің орнына, той иесінің абыройын төгіп тұратыны рас… Онымен қоса, «тойға барсаң тойып бар» дейтін қазақ зал толы тағамнан аздап дәм татқаны болмаса, оның елу пайызы жуындыға төгіледі. Бірақ «обал-сауапты» білетін жұрт болғандықтан, той соңында үстелдегі «қалдық тамақты» қонақтар жапа-тармағай пакеттеріне сала бастайды. Сырт көзге бұл, әрине, оғаш қылық. Себебі, өркениетті һәм мәдениетті қоғамдарда мұндай нәрсе кез-келген санитарлық нор­маға қайшы саналады. Ал, біздегі жағ­дайда, шындығын айтсақ, бұл әдетті – қазақтың ұлттық намысын, мінезін, өрлігі мен кеңдігін, мәрттігін қиратушы қылық деуге тұрарлық құбылыс болып шығады. Осыған қарап отырып, кейде, ұлтымыз ұсақталып, ақсақалдарымыз «шалданып», жігіттеріміз майдаланып, ұл-қыздарымыз тілемсектеніп бара жатқан жоқ па деп ойға қалатынымыз да рас… Әрине, «тойдан тәбәрік» пен «ауыз тигізу» деген бар. Бірақ, оны қазіргі заман талабына сай өркениеттендіруге неге болмасқа! Мысалы, оны қонақтарға «тойдан ескерткіш» сыйлықтарын тарату арқылы іске асыруға болады. Тіптен, қажет болса, құда-құдағиға әзірленген «табақ тартуды» да мәдениетті үйлестіруге болады. Бірақ ол бүгінгідей «талапай» түрінде болмаса екен дейміз…
Қазақ бизнесі халқына жақсылық ойласа – тойды аз шығынмен, ұлттық менталитетке мейлінше жақын форматта өткізуге көшіруді міндеттеріне алғаны дұрыс деп санаймын. Әрине, ол қазіргі кішігірім футбол залындай сарайларды қайтадан жабдықтауды (реконструкциялауды), яғни, біршама шығынды талап етеді. Бірақ, ел болашағын ойлаған азаматтар ондай «шығынға» өз еркімен баруы тиіс. Бірақ, әзірге, бизнес мәдениеті оған жете алмай жатыр. Солай болса да, болашақта халық осы той форматына көшері анық. Сол себепті, осы «замана талабын» болжай алмаған бизнесменді «бизнесмен» деп емес, «ақшалы мөшек» десек те болатын сияқты…

Қауіп қайдан?

Сөз соңында, автор «тойға қарсы екен» деген атаққа қалмас үшін, аргумент ретінде айтылған жағдайдың бірнеше зиянды жағына тоқтала кетейін:
Үлкен шығынмен, «жұрттан қал­майық» деген бәсекемен өткізген тойдың соңы көбіне жақсы аяқ­талмайды. Жас отауды құрмай жатып, «қарыз қа­мытына» мойындары іліккен жас жұ­байлар арасында көп ұзамай ки­кілжің басталып, соңы ажырасулармен аяқталып жатқандарын көріп жүрміз. Яғни, ондай «дарақы» тойлар түпкілікті нәти­жесінде қуаныш орнына қасіретке әкеліп жатыр. Сөйтіп, іргесі берік от­басының құрылмауы, туылмай қалған, не тірі жетім атанған нәрестелер, депрессиялар, стрестер, денсаулықтың құруы, ішімдікке, жеңіл жүріске салынып кету, не болмаса, діни секталар жетегінде кету және т.с.с. небір жағымсыз құ­былыстардың пайда болуына да осы жағдай өзінің өлшеусіз үлесін қосуда!
Қоғам «кедей мен байлар» деп ал­шақтанып үлгерді. Сол арқылы қа­зақ­тың елдік және ұлттық ерек­ше­ліктері тұтастығына қауіп төнуде. Мысалы, қазір, бай да, кедей де тойды бір қалыпта өткізеді. Бірақ, бәрінің шамасы бірдей болмағандықтан, әр тойда айырмашылық бар, ол – көл-көсір байлығынан, әртістерге берген ақшасынан, небір қымбат автомен «бәйге-шеру» ұйымдастырудан білініп жатады. Бірақ, қазақ «қазақ» болғандықтан – біреуден қалуды намыс көреді де, қалыспауға барын салады. Сөйтіп, осы – «мұрның барда бір сіңбір» дейтін әдетсымақ – ел еңсесін көтерудің орына, езе бастады. Қоғамдағы байлар саусақпен санарлық, көпшілігі «болмасаң да ұқсап бақ» деп, тойдың «аламан бәйгесіне» ілескендер. Осы «бәйге» дағдарыс келгелі басылар ма десек, керісінше үдеп барады. Оны тоқтатпасақ – соңы жақсылыққа апармайды. Жуырдағы бір сөзінде Елбасының шенеуніктерден «елден ерекше той өткізбеңдер!» деген зілді сөзі де осы себептен айтылды деген ойдамыз.
Жуырда, Ақтауда шығатын «Не хабар?!» газетінде маңғыстаулық ақсақалдар өте маңызды мәселе көтеріпті. Қазыналы түбек ақсақалдары «өлім-жітім кезіндегі шектен тыс ысырапқа жол бермеу» туралы бүкіл Қазақстанға өнеге боларлық сөз айтыпты! (Нағыз ақсақалдар осындай болса керек-ті!). Ал, мына – біздің бүгінгі көтеріп отырған мақала соның жалғасы іспетті. Ақсақалдар қазада ысырапқа жол бермеуге шақырса, біз – мемлекеттің болашағы отбасылық институт іргесін қалау – шаңырақ көтеруде ессіз бәсекелестікке жол бермеуге шақырдық. Айналып келгенде, екеуі бір мәселе – ұлттық тұтасу мен бірлікті нығайту! Қолы ісмер, өзі шебер халықта той да қатар жүреді, оны біздің халықтар ежелден «Сабан той» деп атаған. «Еңбегіңе –жемісі» деген осы болса керек…
Иә, ел болып еңсені түзеу осындай қарапайым нәрселерден бастау алады екен… Сіздер не дейсіздер бұған?

Алдыңғы «
Келесі »

3 Пікір бар

  1. Қазақ жастары шынында жігерсіз ғой. Намысымызға тисе де, бұл – ақиқат.

  2. Автор ұсынысы тамаша екен! Көл-көсір той жасаудан шаршадық қой.

  3. Расында да, қымбат мейрамханалардың тізгінін ұстап тұрғандардың көбі – өзге ұлт өкілдері. Біз қашанғы біреуге ақша беріп, аузымызды ашып жүрмекпіз? Ойланайық.

Пікірлерге тыйым салынады.