Қалың қалай, ҚАЗАҚ?

  • 21.08.2017
  • 11116 рет оқылды
  • 3

Айнұр Төлеу,
журналист

Біздің еліміздің болмысын үш тұғырлы тіл ұстап тұрған шығар, ал, ұлттың болмысын тілмен діл һәм дін ұстап тұрады. Ауызға орап айтып өткенімізбен, «діл деген не?» деген сұраққа келгенде нақтылық таппай алақтап, айран-асыр болып қалатын кездеріміз аз емес. Мәдениеттанушылар діл дегенді «менталитет», – деп қарастырып жүр екен. Несі бар, қосылуға болады. Егер, діл – менталитет болса, белгілі бір этностың, әлеуметтік топтың ойлау үлгісі, рухани-мінез құлқы дегенге дөп келе қалады. Ендеше ұлттың үш тұғыры тіл, дін, діл.
Алдымен осы тоқтамға келіп алайық. Келіп алайық та, «Қалың қалай, Қазақ?» деген сұрақты ортаға тастайық. Ал, қазақ әлгі жоғары да айтқан үш тұғырын таразылап барып жауап қайтаруға тиіс. Сонда, қазақ қалай жауап қайырмақшы. «Жақсы» деп па? Онда қып қызыл өтірікші болғаны ғой. Дінінің діңгегіне жегі құрт түсіп, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс, не арам, не адал екенін ажыратудан қалған қазақ дін-тұғырым жақсы деп айта алмайды. Ойбай-ау, өз тіліне келгенде тасырқаған аттай, амалдап сөйлейтін, орыс тіліне келгенде жорғалаған атай жайлы жүріске түсіп алатын тіл-тұғырдың да ахуалы анау айтқандай мәз емес қой. Жаһандану деген ақпараттардың жылдам тарауы. Біздің тіл ол жылдамдыққа ілесе алып жатыр ма? Жоқ әрине. Ақпарат алдымен орысша дайындалып, одан кейін қазақшаға аударылады. Яғни, ұлтымыздың аты – қазақ, тіліміздің аты – аударма тілі.
Ал, діл – тұғырға келейік ендеше. Қазақ өзін тойшыл халықпыз деп есептейді. Бірақ, тойында өз діліне қарама-қарсы дүниелер жасайды. Келіні төрде отырады, ал, енесі есік жақта тұрып оған тілек айтады. Келіннің әкесі мен шешесі қызының беташарын көріп тұра береді. Сонда, бұл кереғарлық не үшін керек? Қазақтың келіні тұңғыш рет қай күні төрге озды екен? Раушандар коммунистке айналғанда ма? Бұның өзі бір тақырыпқа арқау. Біз өзіміздің кім болғымыз келетінін білмейміз? Бұрынғы көшпелі ғұрпымыз бен танымымыз біз үшін үлкен мақтаныш. Атамызды айтқанда жон арқамыз үдірейіп, мақтаншақтың тамаша бір кейпіне еніп кетеміз де оңайлықпен шыға қой­маймыз. Бірақ, өзіміз олар секілді ойлау жүйесіне салынғымыз келмейді. Ескіліктің белгісі деген тамаша бір сылтау бар. Жақсы бір ғасырдың өмір салты мен екінші ғасырдың ғұмыр-ғұрпы сәйкеспейді. Оны да түбегейлі жоққа шығара алмаспыз. Бірақ, біз сол ескілікке көненің көзі деп емес, бір жиіркенішпен қараймыз ғой. Келініміз қыз секілді, кемпіріміз келін секілді болғымыз келеді. Ал, кем­пір келіншек болса, шынымен келінге мысы өте ме, тісі бата ма? Әй, дейтін аже, қой дейтін қожа жоқ» қой бізде.
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру бағдарламасы» ұсынылды. Оған сәйкес жұмыстар да басталып кетті. Бірақ осы бағдарлама асясында бізге діни орталық секілді этноорталық құрып алу керек еді. Одан кейін, салт-дәстүрдің өңірлік ерекшеліктері деген түсінік бар. Соны бір іздендіру жұмыстарын жүргізу керек еді. Ол бойынша ғалымдар екшеп, талдап, таразылап отырып, діни қисынмен ұлттық таным төңірегіндегі ортақ дүниелерді ескеріп, қазақтың той жасау һәм өлік жөнелту дәстүрін замандандыруы қажет. Мәдениеттанушылар, енді, 15-20 жылдан кейін кейбір салт-жоралғылар қолданыстан шығып қалады деп есептейді екен. Жөн-жоралғылардың қолданыстан шығып қалуы – табиғи заңдылық шығар. Бірақ, оның орнына келетін батыстық үрдіс біздің болмыс пен тұтастықты жоймайтын жағын ескеру керек.
Біздің генге синофобия әбден дендеп еніп алған. Осы ғадетке салып діл тұрғысынан тағы бір дүниеге тоқталып өткім келеді. Қытайлану саясаты басталып кетті. Біздің елде қос кеңістік бар. Бірі қазақтілді, екіншісі орыстілді. Ғажабы танымды қытайландыру орыстілді кеңістікте қарқынды жүріп жатыр. Ол қалай дейсіз бе? Буддалық таным- түсініктер біздің ортамызға соңғы он жылда кіріп үлгерді. Оны енгізудің жолы да жап-жақсы жүйеге қойылған. Ол танымды санаға телгені үшін олар сізге ақы төлемейді, сіз оларға құн төлейсіз. Қалайша дейсіз бе? Мәселен, йогалық мәдениет. Мен танитын адам­дардың ішінде йогаға баратындар, түрлі мантралық әрекет-амалдарды жасайтындар жетіп артылады. Йога – спорт, Йога мәдениет һәм салауатты өмір салты деп есептеп жүрміз. Анығында йога осы далада қалыптасқан таным-түсінікке жасалған соққы ғана. Одан кейін, батыстан келетін трендтегі психологтардың барлығы буддалық танымды насихаттайды. Сенбесеңіз оқып көріңіз. Бұлардың айтқанының барлығы біздің танымды талқандауға арналған деп үзілді-кесілді айтуға әлі ерте шығар. Бірақ, белгілі мамандар осыны неге зерттемейді. Біз кімдерді оқып жүрміз және олар біздің тұтастығымызға, негізгі мемлекеттік идеологиямызға кері әсерін тигізбей ме? Міне, осыны идеологтар екшеу керек секілді. Әлде, ұлттық бітімінен жұрдай, не Батыс, не Шығыс екенін білмей, даурыққан, сол себепті айтқанға көніп, айдауға жүруге даяр халық жасаудың қамы осы ма? Онда мархабат. Діл – тұғырдағы осы жағдаяттар осыған алып келе жатыр. Айтпақшы, қалың қалай, ҚАЗАҚ?

Алдыңғы «
Келесі »

3 Пікір бар

  1. Мына мақаланы оқып, халымыздың онша еместігін түсінгендей болдым. Көзім ашылды…

  2. Тамаша мақала. Авторға шындық үшін рахмет.

  3. Біз жоғарыда аталған әсерлердің барлығына да еліктеп алғанбыз. Өзге дінге, тілге, ділге мықты еліктейміз. Және бұдан арлыу оңай емес.

Пікірлерге тыйым салынады.