КІТАП ОҚУДАН ТЫЙЫЛСАҚ, ОЙ ОЙЛАУДАН ДА ТЫЙЫЛАМЫЗ

  • 21.08.2017
  • 10585 рет оқылды
  • 4

Молдағали МАТҚАН,
публицист-жазушы

Кітап оқудан қалған ұлттың, әсіресе оның ұрпақтары орны толмас ауыр рухани жұтқа ұшырамай, азғындыққа құламай қоймайды. Демек, надан, кеще, мәңгүрт… ел, ұлттың болашағы оңбайды. Өйткені, егерде, біз кітап оқудан тыйылсақ, онда ой ойлаудан да, айналамыздағы құбылысты талдау, барлау қабілеттен де, адамгершілік қа­сиеттен де, тіпті, құнды ұтқырлық атаулының бәрінен де айрыламыз. Сонда, төрт аяқты малдан адамның айырмасы қандай дәрежеде болмақ? Азғындық пен жұтаудың сан қилы түрін бір сәтке болса да, көз алдыңызға елестетіп көріңізші, ағайын. Бұл – сөз жоқ, қауіпті және өкінішті.
Кітап – адамзат баласының сан ғасырлық ақыл-ойының оқу арқылы жетілуінің, кемелденуінің арқасында қол жеткен дамылсыз даму үрдісінің жемісі, өткен тарихы мен өмірлік тағылым-танымының алтын сандығы. Ғабит Мүсірепов: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деуі осыдан. Әлбетте, кітапты таңдай білу, оны зейінді зеректікпен мұқият талдап оқи білу, ондағы сөздің, ойдың, түйінді тұжырымның құдіретін түсіну мен түйсіну, алған әсерлерді кейін өмірлік қажетіңе жарата білу, бұл – әрбір адамның білігі мен білім деңгейін, пайымы мен парасатын, көреген кемел кісілігін ұдайы шынықтыра білудің озық та ұтқыр жолдарын айқындай алатын алғы шарттарының бірі. Сонымен бірге, көз жетпейтін жерге ұшқыр ой жетеді. Ал, сол ойдың жүйріктігін жетілдіретін де, ұтқырлығын оздыратын да, сөзге шешендігін шынық­тыратын да – кітап екені ақиқат. Сондай-ақ, оқыған кітабыңдағы айтулы кейіпкерге еліктеудің өзі, тіпті автордың өзі сияқты тұлға болуға құлшыну, бұл – теңдесі жоқ құбылыс. Демек, кітап оқу, бұл – текті кісілікке, кемел адамгершілікке, кемеңгер көрегендік пен мәдениеттілікке қол жеткізу бағытында құрыштай шыңдала түсудің айтулы көрсеткіші екені хақ.
Иә, талдау, болжау, талғам, таңдау дейміз… Расында да бүгінгі жаста­ры­мыздың көпшілігінің кітап оқуға деген ниеті құрдымға құлдыраған тұста талғам, таңдау туралы, адамгершілік туралы сөз қозғаудың өзі артық сияқты. Мұның негізгі себебі неде? Бұл ел ішінде қандай өзгеріс-құбылыстың кесірінен туындап отыр? Сөздің шыны керек, бұл мемлекеттік саясаттағы ең үлкен қателік пен олқылық – осы еді. Яғни, кітап оқымау, журнал ұстамау, газетке қарамау… қысқасы, қазақ елін кещелік пен надандыққа жығудың, яғни, бұндай жүгенсіз азғындау мен рухани жұтаудың құрдымына қарай жеткізудің, мүгедектік шарықтаудың қасіреті – тәуелсіздікті жариялағаннан кейін басталған айтулы қасіреттеріміздің бірі екені бұлтартқысыз ақиқат. Өмірлік шындыққа текті кісілікпен тіке қарайтын уақыттың ту­ғаны қай заман. Қаншама ащы болса шындығы – осы. Көреген кейбірде көзсіз көсемдікпен қасіреттің алдын алу мақсатында, қалыптасқан ұтқыр құнды­лықты ерекше мүдделікпен сақтап қалуды үйлестіре де, оздыра да алмадық. Ұр да жық ұранды жекешелендірудің кесірінен елді мекен, аудан орталығындағы көптеген мәдени ошақ – кітапханалар, оқырман залдары талан-таражға түсіп, түбегейлі жабылып тынды. Ендеше, елдегі болып жатқан құбылыстың барысын жан-жақты терең талдаудан ажыраған ұлт, ұрпақтың қандай таңдауы болуы мүмкін? Олай болса, кітапқа деген кешегі құмарлықты қайтсек қайта қалпына келтіреміз? Қазақ елі ұтқырлықпен жаңаша арттыра аламыз ба? Қашан? Қалай? Бұндай өзекті де өткір сұрақтардың жауа­бын күллі қоғам, мемлекет болып, һәм ұлт, халық болып талқылайтын көкейтесті ең өзекті мәселеге айналғаны қай заман. Бірақ…
Алайда, бүгінгі жүгенсіз кеткен қоғамымыздың кітап орнына пайдаланып жүргендері – ұялы телефон, компьютер және ғаламтор, смартфон… негізгі оқу құралы болып отырғандығы белгілі. Әрине, айналысқа енген жаңа технология мен техникалардың жетістіктері қоғамға қажет те болар. Бірақ…
Бұл жердегі әңгіме олардың еш­қандай сараптаусыз, бақылаусыз, шектеусіз күймен жүгенсіз кетіп, зиянды тұсының тамыры тереңдеп бара жатқандығы жайында болып отыр. Бұл ешкімнен де жасырын емес. Бұл тарихи факт. Осының кесірінен бұлардың адамзат баласына тигізіп отырған пайдасынан гөрі, керісінше, кесапатты зияндары әлдеқайда аса ауыр күйде екені ақиқат. Алды-артын тиянақты талдаусыз, болжаусыз, талғамсыз тек көзсіздікпен, бассыздықпен, ессіздікпен «өркениет» сияқтыға еліктеу, ешіре құлшыну дертінің арты ауыр болатыны да даусыз. Айталық, ұрпақтарымыздың ой-санасын жан-жақты улап, түрліше жағымсыз сәулелері денсаулыққа қатысты иммунитеттерді ұрлап, жүйке (нерв) талшықтарын талқандап, құлақ-көзден айырып, бойдағы табиғи қабі­леттерін жалмап, мәңгүрттік қаулап… ақырында оларды теңдесі жоқ ұтқыр ұлттық дана жолдан қалай болған күнде де тайдыру, адастыру, азғындату, құр­дымға жығудағы қатерлі қасіреттері анағұрлым басым күймен ушығып барады. Соның салдарынан ұлттық тарихымызда бұрын-соңды болып көрмеген қылмыс пен опасыздықтың түрлері көбейіп, күшейіп келеді. Ол ол ма, бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген өзі-өзіне қол жұмсаудың (суициттің) сан алуан түрі де, одан көз жұмған адамдардың саны да шектен тыс артып, рекордтық дәрежені жаңалай түсуде. Мысалы, өзі-өзіне қол жұмсап өлгені 2016 жылы 3962-ге жетті. Бұл тіркелгені. Тіркелмегені қаншама. Міне, бұлардың кесапатты ықпалы қоғамымызда күшеюіне байланысты елдің, қоғамның, һәм ұлттың, ұрпақтың жүгенсіз зардап шегушілігі де жылдан жылға артып келеді. Дана халқымыз «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, қазақ елі күрескерлікке жаппай қаулау үрдісімен тезірек түсуді ыждаһатты түрде қолға алмайтын болсақ, біздің көретін қасірет­теріміздің зоры әлі алда сияқты…
Біз, қазақ қауымы, әсіресе, жастарымыз, тұрақты түрдегі кітап оқудан қалса, онда ойлау, талдау, болжау, таңдау тағылымдық пен танымдық қабілет-қасиеттеріміздің айтулы дәрежеде ақсай­тыны, ой-өсіріміздің қалыптасу дәрежесі мен текті кісілік келбетіміздің ұтқырлығы төмендеуге жететіндігі айдан да анық ақиқат. Көкірегі соқыр, надан, кеще адамға өмірде жақсылықтың таңы атпайды. Жастар көргенін істейді. Айталық, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған қайырымсыздық, қатыгездік, қанішерлік, анайылық, баскесерлік… атаулының бәрі шектен тыс етек жайып кетуі, міне – осыдан болса керек. Бұның сыртында отбасындағы өзекті әлеуметтік, тұрмыстық… мәселенің дер кезінде ұтқыр шешімін таппай және оқыту-ағарту саласындағы озық дәрежеде қалыптасқан ұтқыр жүйені құлатудан кейінгі пайда болған тұралату дертінен әлі күнге арыла алмай жатқандығымыз тағы бар.
Қалай дегенде, солай бола тұрғандығына қарамастан, ендігі жерде, қазіргі таңда компьютерлік техникаларға тәуелділік айрықша артқан тұста қоғамымызды кітап оқуға күштеу арқылы қызығушылығын арттыру, бұл – оңай шаруа емес. Себебі, қоғамдық тізгіннен де, өмірлік ескектен де айырылып қалдық. Уақыттың өзі дәлелдеп отырғандай ұлттық шаңырақты ортасына түсіру оп-оңай, кейін оны қайта қалпына келтіру, керегесін тіктеу, уығын тықтау ең қиын шаруа. Бұның бәрі сайып келгенде адамның өмірлік ізденімпаздыққа, талғампаздыққа, адамгершілікке деген құштар талпынысты, құлшынысты ние­тін, бейнетқор еңбекқорлыққа деген қабілетін жоятын кесапатынан орын болып жатқандығы сөзсіз. Бұған қоса ұлттық рухани жұтау қасіреттерін арттыра түсетіні де даусыз. Сонымен бірге, миллиондаған көрермені бар телеарналар мен жарнамалардың ұлтқа, ұлттық тәлім-тәрбиеге қатысты кереғарлықты жүгенсіздікпен жасап отырған қиянаттары өз алдына бір төбе. Бірақ, қоғамды, ұр­пақты қайткен күнде де жөнге түсіру, оларды сан алуан қаскүнемдіктің тыр­на­­ғынан қорғау ауадай қажет шаруа. Ұлттық қауіпсіздігіміздің табантасы сонда ғана қапысыз қаланады емес пе?! Ендеше, қоғамымызда мемлекет тарапынан бұларға қарсы тұра алатын батыл қадам, ұтқыр да озық шешімнің пәрменді ықпалы қажет. Қалай айтқан күнде де бұндай кезек күттірмейтін мемлекеттік стратегиялық өзекті мәселені қоғам, мемлекет, ұлт болып жұмылып, қолға алатын кезең әлдеқашан туғаны ақиқат.
Жапырақсыз қалса бұтақ – жетім,
Оқылмаса кітап – жетім.
Білімсіз болса ұрпақ – жетім,
Қорғаусыз болса ұлт – жетім.
Кеңестік дәуірде білмеген дүниеңді тезірек білу үшін үйдегі бар кітапты ақтарып, онда болмаса кітапханаға барып іздейтін едік. Тауып алған соң жан-жақты терең зерделеп, санамызға шегелеп сіңіретін едік. Осындай ізденімпаз еңбектің арқасында ғана, өмірлік мүдделі ниет пен ынтаны еселей білудің арқасында ғана, ақырында бұрынғыдан да бетер тың серпінді серпіліспен өзімізді-өзіміз жетілдіруші де едік, қатардан оза да түсуші едік. Өмір болған соң әр қилы жағдайлар кездесіп тұрады ғой. Түрліше себеппен кітап оқи алмай қалсақ, құнды дүниеңді ұрлатып алғандай қуыстанып, әлде аса маңызды мүшеңді жоғалтып алғандай ыңғайсызданып, қоғамдық ортада да, білімді, білікті адамның қасында да өзіңді кем дәрежеде тұрғандай сезіктеніп, күйзеліске түсетінбіз. Сол себептен де, өзіміздің күнделікті өмір­лік күйбелең тіршілігімізде орын алған осынау қателіктеріміз бен олқы­лықтарымыздың орындарын қайт­кенде де тезірек толықтыру мақ­сатында, бәсекелі жарысты жаңаша оздыра түсудің бағытында кітаптарды жанталасты күймен оқуға, қайткен күнде де ізденімпаз білімді, сауатты адамдардан оза түсуге құлшынатынбыз. Өйткені, ол кезеңде тамақ тоқ, уайым жоқ, ел жатса да, тұрса да жаппай кітап оқудың өнегесін оздырды. Әлемдік таңғажайып құбылыстарды игеруге жол ашты. Бұл өз кезегінде ғылымның құпиялы тұстарын айқындауға құлшындырды. Кітап миллионға жуық таралыммен шығып жатса да жетіспейтін. Сол себептен, кітапты тапсырыс (подписка) арқылы қолға түсіру үрдісі де орнықты. Бұл – бір. Ерекше күйде ескеретін келесі екінші жағдай: ол өскелең ұрпақтарымызды ұлттық көрнекті тұлғаларымызбен, сан саладағы қайраткерлерімізбен мүмкіндігін қалай да тауып жиі кездестіріп отырудың ұтқыр үрдісін оздыра түсу, бұл – олардың кітап оқуға деген қызығушылығы мен құмартушылығын арттыра түсумен қоса, озық дәрежеде ұтқыр өмір сүре білуге деген, қоғамдық ортада тұлға бола білуге деген тың серпінді серпілістерін айрықша жандандыра түсетін ең ұтымды ұлттық асыл дәстүрлеріміздің бірі екенін бірі білсе, көпшілік білмейтіні сөзсіз. Кеңестік кезеңде адамдар бір-біріне мейірімді, бауырмал, жанашыр, қамқоршыл болуға ұмтылатын, аңсайтын.
Кітапты құмарту арқылы құлшыныспен сүйсіне көп оқыған адамның көкірек көзі әрқашанда ояу, зейіні зерек келеді. Озық дәрежеде өмір сүре білуге деген құштарлығының ұтымдылығы айнадай айқын әрі күндей жарық, абырой-беделі жоғары, мәртебелі мерейі биік, мінезі көркем, келбеті әсем, зиялы азаматтығы бекзат, талғампаз іскерлігі ұтқыр күйде келеді. Өмірлік таңдауы мен ұлттық мұраты асыл дәрежеде дамылсыз дами түседі. Кез келген ортада сөз сөйлеуге келгенде сөзшеңдігі мен ойшылдығы дара күйде болады. Сөз саптауға келгенде тілі жүйрік және шешендік шеберлігін кез келген ортада мойындата білуге келгенде шуақты нұрлы сәулесін үнемі айналасына шашумен ғана өмір сүреді. Сонымен қатар, олардың өздерінің ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің ой санасына ұтқырлықпен құятын өмірлік өсиеттері мен баталарының тағылымдық құдіретінің ұлағаты орасан зор дәрежеде болады. Көп оқыған текті адамның рухани қоржыны ізденімпаз еңбекқорлықпен жинаған-терген гауһар мен маржан түйіндерге толы болып, әмбебаптық дәрежеге жетеді. Қысқасы, кітапты заман талабына сай лайықты адам өмір сүру үшін оқу қажет. Әлемдік ұтқыр құндылықтар мен асылдықтарды дер кезінде игере отырып, ұлттық болмысымыздың ұтқырлығын жаңаша оздыра түсу үшін оқу қажет. Кітап – сарқылмайтын теңдесі жоқ алтын бұлақ. Оны ешбір техника да, технология да алмастыра алмайды. Қазбалап айта берсек, кітап оқудан адамзат баласының алатын жан-жақты ләззәті мен құдіретті қуатында шектеулік жоқ. Болуы мүмкін де емес.
Біз, бәріміз де – қуат көзіміз. Есті де текті, көреген де кемеңгер басшының өзге мемлекеттер қазақ халқын көргенде таңғаларлық, үлгі-өнеге тұтарлық ұлағаты зор айтулы елі, оның кемел ұрпағы болуға міндетті. Сондықтан, мемлекет, қоғам болып, һәм ұлт, халық болып, бір кісідей бір жұдырыққа жұмыла бірігіп, пәрменді күрескерлікті қаулатудың жобасын жедел түрде қолға алатын ең өзекті де, ең өткір де адамзаттық мәселе екенін айдай айшықтау еді. Сонымен қатар, мақаланың негізгі көздегені осынау көкейтесті өткір мәселеге күллі елдің, ұлттың, мемлекеттің, қоғамның назарын аудару, ой салу, толғандыру, серіппедей серпінді серпіліске түсіру арқылы қоғамды, ұлтты, ұрпақты кемелдендіре білудің ұтқыр да ұтымды жолдарын (жобаларын) бірлесе табудың мақсатында баршаны жанқияр күрескерлікке шақыру болды.
ХХІ ғасырдың сахнасында мәңгілік елге айналу дегеніміз ең алдымен өмірлік күрескерлік белсенділігі орасан зор, жан-жақты сауатты, білімі мен біліктігі мол, мәдениеті мен іскерлігі жоғары, жаһандық бәсекеге қабілетті ұлт бола білу деген сөз. Ендеше, ел, ұлтқа, ұрпаққа деген шын мәніндегі теңдесі жоқ жанашырлыққа толы ақ ниетіміздің өзі сөз жүзінде қалып қоймаса етті.

Алдыңғы «
Келесі »

4 Пікір бар

  1. Қанша айтқанмен, саналы ұрпақ өзі кітап оқуды әдетке айналдыры қажет.

  2. Көп жағдайда қазір кітап оқу төмендеп жатқаны анық. Алайда, ол зиянды екені бесенеден белгілі.

  3. Біздің еліміз ғана емес, күллі дүниежүзінде кітап оқуды бұрынғы қалпына келтіруге атсалысып жатқандар аз емес.Кітап оқу түрлі техника дамыса да,адамзатпен бірге ілесіп жүру керек, өз құндылығын жоймауы тиіс.

  4. Кітап оқудан ешқашан қол үзбеу керек. Мейлі, заман қарыштап дамып кетсе де…

Пікірлерге тыйым салынады.