• «Ақиқат» журналы
  • >
  • Еске алу
  • >
  • ТАРИХТА ҰМЫТЫЛМАСТАЙ ІЗІ ҚАЛҒАН (Көрнекті инженер-геолог, революционер, жазушы С.Шәріповтің 135 жылдығына)

ТАРИХТА ҰМЫТЫЛМАСТАЙ ІЗІ ҚАЛҒАН (Көрнекті инженер-геолог, революционер, жазушы С.Шәріповтің 135 жылдығына)

  • 21.08.2017
  • 690 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Болат Баймуханов,
академик

Ұлты татар болғанымен, тұр­мыстың азабы, тағ­дырдың айдауымен бала кезінде кеңпейіл қазақ жеріне тұрақтап, қазақты өз жұрты, қазақ тілін өз тілі санаған Сабыр Шәріповті көпшілік «Бекболат», «Алтыбасар», «Ләйлә», «Рузи Иран» және т.б. әдеби шығармалары арқылы таниды, сонымен қатар, оны жасампаз өмір жаршысы, революционер, қоғам қайраткері ретінде біледі.
1882 жылы 7 шілдеде дүниеге келген Сабыр Шәріпов (шын аты – Мұхаммедсабыр Шәріпұлы Дәулетшин) өмі­рінің көпшілік қазақстандыққа беймәлімдеу тұсы – оның Қа­зақстандағы мұнай өндірісінің бастауында тұрғандығы және осы істің 20-шы жылдарда республика көлемінде дұрыс жолға қойылуына айрықша атсалысқан тұлғалардың бірі де бірегейі болғандығы. Ата-анадан ерте айырылып, үйілмелі-сүйелмелі екі кішкентай қарындасымен бірге жоқшылық пен мұқтаждықтың бар қиындығын көрген жасөспірім Сабыр Татарстанның өзі туған Варзи селосынан кеңпейіл қазақ жеріне келеді. Бауырларын аяғынан тұрғызып, тәуелсіз күн көру үшін Семей, Павлодар гу­берниясының бай-бағландарына жалданып жұмысқа тұрады. Өзінің көп адамда кездеспейтін пысықтық, ал­ғыр­­лығымен жаңа ортаның төл баласындай жағдайға қол жеткізеді. Жүсіп Ғұбайдуллин деген бақуатты қазақтың жалғыз қызы Хадишаға үйленеді. Бұл неке бойындағы қабілет-қарымы қашанда қиындықтан жол табатын татар малайын қазақтың дархан даласымен мәңгілікке туыстастырады.
20 жасында Павлодардағы ауыл­ша­руа­шылық мектеп-интернатын аяқта­ған Сабыр Ертіс төңірегіндегі елге біршама танылып қалған тұлғалар Са­парғали Мақышев, Сәкен Сейфуллин, Захар Катченкомен танысып, РСДРП мүшелігіне қабылданады, елді ын­тымаққа шақырған «Бірлік» газетін шығарады. Омбы, Ақмола, Көкшетау қала­ларындағы төңкерісшілдік істерге белсенді түрде араласады. Кейін­нен көрнекті мемлекет қайраткері бол­ған Әбілқайыр Досов, кейін еске ал­ғандай, С.Шәріпов ол сол кездерде сол­түстік облыстарындағы қазақ жаста­рының «революциялық ұстазы» болады. Сібір аймағы, Омбы қаласында ақгвардияшыларға қарсы астыртын іс-әрекеттер ұйымдастырып, Атбасар уе­зінде партизандық қозғалысты бас­қарады. Белсенді күрескер ретінде талай рет сыннан сүрінбей өткен С.Шәріпов ВКП(б) Орталық Комитетінің хатшысы В.Куйбышевтың жарлығымен Ақмола уезінің әуелі ревком төрағасы, кейіннен губерниялық атқару комитетінің пред­седательдігіне тағайындалады. Осы қыз­мет­тері ауқымында ол Сібір мен оң­түстік облыстар арасындағы қарым-қатынасқа делдал бола жүріп, қиыншылық құрсауындағы Түркістан аймағына дер кезінде көмек көрсетеді, өлім тырнағына ілініп, аштыққа ұшыраған қазақ ауылдарын ажалдан құт­қарады, Перовск атқару комитеті мен «Бағаналы хандығы» арасында байланыс орнатып, қызылордалық ағайындарға 150 түйеге тиелген 2000 пұт астық пен 300 қойды аяқтай жеткізетін арнайы керуен ұйым­дастыруы Сабыр «абзидің» (сейфуллин­ше айтсақ) сол кездегі КазЦИК төрағасы Сәкен Сейфуллин айрықша бағалағанса маңызды үлкен бір ісі болса, оның Отан тарихында ерекше із қалдырған екінші бір іргелі қызметі (С.Сейфуллиннің тікелей басшылығымен жүзеге асқан жұ­мысы) – Петропавл уезінің көпұлтты Ба­женовка деревнясында, Көкшетау уезі­нің Еңбекшілдер ауданындағы алтын өн­діріліп жатқан Жөкей көлі жағасында, Ақмола уезінің қазақтар көп шоғырланған Өрнек пен Қорғалжын аймағында және сол төңіректің Ұлытауға жалғасатын елді мекендерінде жедел қарқынмен жаңа типті үлгі-тірек кенттерін салғызып, елден көшіп келген қазақтарды отырықшылық салтымен өмір сүруге үйретуі /С.Шәріповке қатысты осы жағдайлардың бәрін Астана қаласының бүгінгі қоныстанушылары өлке тарихынан оқып білсе артық болмас еді/.
1924 жылы Сабыр Шәріпов Бүкіл­одақтық Халық Шаруашылығы Кеңесінің шешімімен Қазақстандағы қара май өнді­рісін жолға қою және өркендету мақ­сатында Жайық-Жем мұнайлы өңіріне Орталық Комитеттің уәкілі ретінде қыз­метке жіберіледі. Өзі келген Доссор кен­тінде аудандық партия комитетін құрып, мұнайшылар қалашығын тұрғызуға же­тек­­шілік жасайды, мұнай саласы үшін кәсіби жұмысшы мамандар даярлайтын училище ашады. Осы кезеңде «Доссор» мұнай кәсіпшілігінің базасында Мос­квадан басқарылатын «Ембімұнай» мемлекеттік тресі құрылады. С.Шәріпов сол трест бас­тығының орынбасары боп тағайын­да­лады және бұл жұмысымен қоса «Дос­сор» мұнай өндіру басқармасының директоры қызметін атқарады.Қазақстанның өндірістік тарихында ең көп мұнай кенішін ашып (энциклопедиядан алынған деректер бойынша 22 мұнай көзін), елдің әлеуметтік-эконо­микалық потенциалын көтерудің пәрменді шараларын жүзеге асырады және сол кезеңде Отанымыздың Батыс өңіріндегі Жайық-Жем аймағында қарамайдың жедел қарқынмен еселеп өндірілуіне ұйытқы болады. 1929 жылы «Ембімұнай» тресінің басқару аппараты Мәскеуден Атырау қаласына көшіріліп, «Ембімұнай» өндіру кешені құрамында орталығы Темір қаласы боп белгіленген Солтүстік (Темір) ауданын құру туралы шешім қабылданады. С.Шәріпов әкімшілік-шаруашылық құ­ра­мына Шұбарқұдық, Жақсымай, Мор­тық, Жуса, Жаманағаш мұнай өндіру кәсіпшіліктері кіретін Солтүстік (Темір) ауданының директоры қызметіне тағайын­далады. Сабыр басқаратын жаңа құрылым Ақтөбе облысының территориясында мұнай өндіру саласын дамытуға және осы сала бойынша кәсіби кадрлар корпу­сын қалыптастыруға тырысады. Сабыр Шәріповтің ұйымдастырушылық, іскер­лік қабілет-дарыны бұл тұста да жарқ етіп көрініп, ақтөбелік мұнайшыларды оң нәтижелерге бастайды. Сабырдың тікелей басшылығымен Темір қаласының базасында әртүрлі құрылыс-монтаж жұмыс­тары жүйелі түрде жүзеге асырылып, механикалық шеберханалар, тұрғын үйлер салынады, кооперативтік қызмет көрсету мекемелері, мектептер мен қызыл бұрыш, кітапханалар іске қосылады. Мұнай өнді­рісіне қажетті кәсіби жұмысшылар дайындау мақсатында Сабыр Шәріпов Темірде өзі 1925 жылы Доссорда ашқан тау-кен училищесінің үлгісімен оқушыларды диспетчер, бұрғышы, оператор, тас қалаушы, құбыр тартушы т.б. мамандықтарға үйре­тетін, жұмысы қазақ және орыс тілдерінде жүргізілетін екі жылдық кәсіби оқу комбинатын ұйымдастырады. Ақтөбелік жастар, сонымен қатар, Сабырдың арнайы жолдамасымен Гурьев, Уфа, Орынбор қала­ларындағы мұнай саласы бойынша геолог, инженер-техник мамандар дайындайтын техникумдарға да уақытылы жіберіліп отырады. Оған мысал, мұрағат материал­дарының ішінде С.Шәріпов Солтүстік (Темір) ауданын басқарған сол жылдарда екі жүзге жуық ақтөбелік жас кәсіби білім алып, мұнай өндіру ісіне арнайы тех­никалық дайындығы бар маман ретінде араласқаны жөнінде нақты деректердің күні бүгінге дейін сақталуы. 1929-1932 жыл­дары «Ембімұнай» тресінің Ақтөбеде қарқынды еңбек еткен Солтүстік (Темір) ауданы Сабырдың шебер басқаруымен бүкіл Одақ көлемінде мұнай саласы бойынша ең үздік техникалық көрсеткіштерге қол жеткізеді. Ол КСРО-ның әртүрлі айма­ғында сол жылдарда тұрақты жұмыс істеген ең ірі 10 мұнай өндіруші мекеменің ішінен озат шығып, 4 жыл қатарынан Одақ көлемінде бірінші орынды иеленеді. Бұған мемлекеттік Орталық архивте сақ­талған айғақ-құжаттар айқын дәлел. Темір мұнайын табыспен түлеткен Сабыр Шәрі­пов 1932 жылдың аяғында жоғары жақ­тың шешімімен Иран мемлекетіне КСРО Сыртқы сауда министрлігінің мұнай жөніндегі инспекторы қызметіне жіберілді. Іскер басшы өмірінің ақтөбелік кезеңі, міне, осылайша, лауазымы жоғарылап, Тегерандағы «Кевир-Хуриан Лиматед» атты совет-иран Акционерлік Қоғамына рет­теуші-директоры ретінде Кеңес Одағы аты­нан ресми өкілдік қызметке ауысуымен аяқталды.
Сабыр Шәріпов өмірінің негізгі ке­зең­дерін, Ақтөбеде болған жылдарын еске ала отырып, оның бүгінгі ұрпақ жадында сақталуға тиіс іргелі істерін төмен­дегідей мазмұнда тұжырымдауға болады:
Сабыр Шәріпов, біріншіден, Кеңестік өкіметтің Қазақстанда орнауында айрықша күрескерлігімен көзге түскен көрнекті революционер, халыққа бостандық пен теңдік әкелген жаңа дүниенің жаршысы, өзінің асыл мұраларын өзге тілде жазып, әлемдік әдебиет тарихында атын қалдырған Илья Эренбург, Мариэтта Шагинян, Герольд Бельгер, Морис Симашко сияқты әйгілі шығармаларымен еліміздегі халықтар дос­тығын нығайтуға зор үлес қосқан қазақ тілді интернационал жазушы. Екіншіден, С.Шәріпов – Батыс Қазақстан регионының жер асты байлығын ғылыми тұрғыдан зерттеп, өндіріске һәм күнделікті тұрмысқа аса қажет қарамайдың сол кездегі жағдайына баға берген және қайсыбірінің болашағын болжап анықтаған алғашқы мұнайшы-менед­жер, Ақтөбе мұнайының өзіне дейінгі тарихына терең талдау жасап, геологиялық барлау арқылы өлкенің географиялық қабы­ғының картасын түзген маман. «Ембімұнай» мемлекеттік тресі құрамында құрылған Солтүстік (Темір) ауданының Шұбарқұдық, Жақсымай кеніштерінен бастап, сол ауданға қараған барлық мұнай кәсіпшіліктерін бі­рінші боп ашқан тұңғыш геолог-инженер. 1931 жылы Ақтөбе облысында ашылған– Шұбарқұдық-2 өндірістік кәсіпшілігінде салын­ған мұнайшылар кентінің іргетасын қалап, тұрғын халыққа әлеуметтік-экономи­калық жағдай жасаған шаруашылық басшысы. Үшіншіден, Ақтөбе облысында алғаш рет политехникалық оқу жүйесін қалып­тастырған, жастарды мұнайшылық кәсіпке үйретіп, алған мамандығы жөнінде куәлік беретін екіжылдық кәсіби оқу комбинатының жұмысын жолға қойған алғашқы директор-педагог. Батыс өңіріндегі кен орындарының бүгіні мен болашағы туралы және мұнай-газды қалай игеру жөнінде 30-шы жылдарда түсініктеме берген, әрі қазақ мұнайының әліпбиі (Азбу­касына) аталған «Непті» кітабының авторы /«Непті»кітабы Қазақстанның ФЗУ мектептері мен мұнай училищелерінде мамандық бойынша қолданылған бір­ден-бір оқулық/. Төртіншіден, Сабыр Шәріпов – 1932 жылы «Ембімұнай» мемлекеттік тресінің Солтүстік (Темір) ауданындағы мұнай кәсіпшіліктері базасында өз алдына дербес жұмыс істеу құқы бар «Ақтөбемұнай» тресін ашу керектігі жөнінде алғаш рет ұсыныс айтқан және осы мәселенің І облыстық партия кон­ференциясының қаулысы арқылы оң ше­шіліп, өзі айтқан мекеменің көп ұзамай ашы­луына жол ашқан бірден-бір басшы.
/P.S.:Сабыр ұсынысының өміршеңдігін кейін уақыттың өзі көрсетті. 1936 жылы сол кездегі билік С.Шәріповтің ұсынысын ескеріп, «Ембімұнай» тресі өз құрамынан бөлінген Солтүстік (Темір) ауданындағы мұнай кәсіпшіліктері негізінде орталығы тағы да Темір қаласы болып белгіленген «Ақтөбемұнайгаз» мекемесін ашты. Бұл мекеменің мұрагері қазіргі қезде қазақ-қытай келісімі бойынша Ақтөбе облысында мұнай өндіріп жатқан үлкен кәсіпорын – «СНПС – Ақтөбемұнайгаз» Акционерлік Қоғамы/. Бесіншіден, Сабыр Шәріпов – «Бекболат», «Алтыбасар», «Ләйлә», «Рузи Иран» және т.б. әдеби шы­ғармаларын академик Серік Қирабаев, Рымғали Нұрғалиев, Тұрсынбек Кәкішев, про­фессор Бейсембай Кенжебаев, аты алты алаш­қа мәшһүр қоғам қайраткерлері Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров сияқты танымал тұлғалар «Қазақ әдебиетінің ең биік деңгейдегі классикалық туындылары» деп жоғары бағалаған қарымды қалам­гер. Қазақ баспасөзі мен әдебиетінде мұнай және мұнайшылар тақырыбын, шетелдерге саяхат (туризм) тақырыбын ең бірінші боп қозғап, тыңнан жол салған қаламгер. Мысалы, Сабыр қаламынан туған «Непті» кітабы қарамай-газ өндірушілер үшін кезінде пәндік оқулық қызметін атқарса, оның Иран, Тегеран сапары туралы шы­ғар­малары – «Индия очеркін» жазған ұлы жазушы Мұхтар Әуезовке Қытай мен Цейлонға жасаған саяхаты жөнінде әңгі­мелер жазған Сәбит Мұқановқа қазақ әдебие­тінде алғашқы үлгі-нұсқа болған туындылар. Ұлты татар болса да өзінің өлмес мұраларын қазақ тілінде кейінгі ұрпаққа қалдырған Сабыр Шәріпов, сонымен қатар, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің Ақтөбе аймағында, Торғай уезінде қалай өрістегенін тарихи шығармаларына («Тайшым Орысұлы», «Бекболат», «Өлкейек жаға­сында» повестері, «Қарабұтақтағы көтеріліс», «Даладағы соғыс», «Қарсаңда» әңгіме-очерктерін жазу арқылы) арқау етіп, бостандық пен теңдік жолында қазақ халқы жүргізген ұлы күрес панорамасын көркем тілмен жасаған шебер прозаик.
Қорыта айтқанда, Сабыр Шәріповтің өмірі мен қызметі – күллі Қазақстанның, оның ішінде, Ақтөбе тарихының да ажырамас бір бөлігі. Сондықтан, әрбір жас ақтөбеліктің абыройлы міндеті – Сабыр ағаның күреске толы өмір-тірлігін өзіне үлгі-өнеге тұту. Алайда, кезінде аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ах­метұлы Қонаев «социалистік индустрия командирі» деп аса қадірлеген Сабырдың Қазақстан ауыр өнеркәсібін, оның ішінде, мұнай саласын өркендетуге сіңірген еңбегінен бүгінгі ұрпақ бейхабар. Бұл орайда, «Қазақты кәсіби мұнай­шылыққа кім үйретті?» деген сұрақ бойынша сауалнамаға қатысқан 221 ақтөбелік респенденттің 90 пайызы Батыс Қазақстан мұнайының ақтаңгер ар­дагерлері С.Шәріпов, Ә.Ипмағамбетов, С.Зурбаевтардың есімін айтудың орнына Лаврентьев, Авров, Новосильцев деп сол кезде «Ембімұнай»тресінің басшылары болған адамдарды атағанын айтуға болады. ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарында дала қазағын мұнай өндіру алаңына қолынан жетектеп әкеліп, сол кездегі Қазақстанда ең көп (22) қарамай көзін ашқан (салалық мұнай энциклопедиясында көрсетілгендей), Доссорда мұнайшылар училищесін, Темір қала­сында кәсіби оқу комбинатын ұйым­дастырып жергілікті жастардың кә­сіби білім алуына ұйытқы болған, Лениндік және мемлекеттік сыйлықтың иегер­лері Нәрен Имашев, Сафи Өтебаев, Р.Сағындықов, Мұхамбет Исенов сияқ­ты қазақтан шыққан атақты тұңғыш инженер-геологтардың табиғи талантын жасөспірім кезінде бірінші боп таныған және олардың Москва, Баку, Грозный сияқты ірі қалаларда оқып, мұнай ісінің әлемге танымал мамандары болып қалыптасуына тікелей себепші болған, өзінің төл шәкірттеріне қажет кезде өз қалтасынан да қаржы-қаражат беріп көмегін аямаған үлкен жүректі азамат.
Міне, сондай Сабыр Шәріповті студент жастар түгіл бүгінде қарамай-газ саласында қызмет істеп жүрген инженер-техник қызметкерлердің өздері де біле бермейтіні өкінішті-ақ. Ал, мұндай жағдайдың болу себептері, біздің ойымызша, Темір, Мәр­төк, Қарғалы, Мұғалжар аудандық, Ақ­төбе облыстық энциклопедияларына С.Шәрі­повтың аты мүлде енгізілмеуінен, сол сияқты өлке мұнайының тарихы бойынша қорғалған ғылыми диссертациялар мен моно­графияларда да Сабыр Шәріпұлы туралы ешбір мәлімет берілмеуінен, оның кен барлаушылық, ізашарлық қызметіне, менед­жерлік-ұйымдастырушылық іс-әре­кет­теріне ғылыми-практикалық тұрғы­дан сарап­тамалар жасалмауынан, түйін­ді пробле­маларды шешудегі тәжіри­белі өн­діріс басшысының өзіне тән сұңғы­лалығы, шұғылдығы мен біліктілігі ой елегінен өткізіліп, оның жастарға үлгі бола­тын тұлға ретінде ұсынылмауынан, бәрінен бұрын, абзал азаматтың, шын мәнінде, Ақтөбе мұнайын түлеткен тұңғыш басшы екендігін дәлел­дейтін айғақтар мен деректердің мерзімдік баспасөзде және басқа да басылымдарда жарияланбауынан, қысқасы, та­рихи жадымыздың көмескілене бастауынан.
Қазақ мұнайының алыбы – жазушы Сабыр Шәріпов Тегерандағы елшілік сапарынан кейін КСРО сыртқы сауда халық комиссариатының оңтүстік облыстар бойынша ресми өкілі боп қызмет істеді, іске адалдығы мен әділдігі, принципшілдігі үшін Сабыр Шәріпов Қазақстан Жоғары Сотының коллегия мүшесі, Бас тәртіптік Кеңестің мүшесі боп сайланды, Қазақстан КП Орталық Комитетінің жанындағы марк­сизм-ленинизм институтының аға ғылыми қызметкері боп жұмыс жасады. 1937 жылы Гурьев облысындағы Құлсары, Доссор терең бұрғылау конторының басшысы қызметіне қайтадан шақырылып, 1940 жылы «Ембінефть» тресінің геоло­гиялық-барлау Басқармасының директоры қызметін атқарды. Сталиндік нәубеттің соңғы кезеңінде жалған арыз бойынша нақақтан-нақақ тұтқындалып, 1942 жылы 17 шілдеде Атырау қаласындағы НКВД түрмесінде жұмбақ жағдайда қаза болады. 1958 жылы 10 сәуірде қаралған С.Шәріпов ісінде қылмыс құрамы жоқтығы анық­талып, КСРО Жоғары Сотының әскери комитеті оған қатысты істі тоқтатты. Елге еңбегі сіңген ердің абырой-атағы қалпына келтіріліп, ақталғандығы жөнінде шешім қабылданды. Сабыр ағаның сол қарсаңда қызы Фаридаға жазған хатының «Менің Совет үкіметі алдында арым таза…» деген сөздерден басталуы да тағдырдың талай қиындығын бастан өткергенмен ұлы күрес­кердің қайрат-жігері ешуақытта мойы­мағандығын көрсететін штрихтар.
Жазушының 100 жылдығына байла­нысты Алматы қаласында қойыл­ған ескерткіш те, сол қаладағы оның атындағы үлкен көше де, Доссор кен­тіндегі мектеп-интернат та майтал­ман жазушы, шебер іс басқарушы, талант­­ты инженер есімін мәңгілікке қалдыру жөнінде үкімет тарапынан атқарылған игілікті істер. Әйтсе де, Сабыр Шәрі­повтің Ақтөбе мұнайын түлеткен тұңғыш басшы ретінде мүлде атаусыз қалуы – тарихқа қиянат. Сондықтан, С.Шәрі­повтің жарқын бейнесі «Ақтөбе­мұнайгаз» АҚ, Темір аудандық әкімдігі ғимараттарының алдында тұратын асыл мүсінге (ескерткішке) айналса, сол сияқты Шұбарқұдық-2 мұнай кәсіп­шілігіне, Ақтөбе қаласындағы мұнай-газ колледжі мен политехникалық білім беретін лицей, мектептердің біріне, облыс, аудан орталықтарындағы сәулетті көше­лерге Сабыр ағаның есімі берілсе, шығармашылық одақтар мен жекелеген режиссерлар өмірбаяны қиын да қызықты, сирек кездесетін оқиғалардан тұратын күрескер жазушы, талантты геологтың бастан кешкен тағдыр талайы көркем және деректі фильмдерге жаңа тақырып болатындығын ескеріп кино түсірсе, ал, қаламгер қауым аты аңызға айналған тұлғаның ұмытылмас ерлік шежіресін әдеби туындылар арқылы халық жадында жаңғыртса, марқұмның рухы кейінгі ұрпаққа риза болар еді.
Сол сияқты, Қазақстан Білім және ғылым министрлігі Сабыр Шәріпов­тің кәсіптік-техникалық оқу ісінің Қазақ­стандағы алғаш ұйымдастырушысы (пио­нері) болғанына айрықша маңыз беріп, соған орай жыл сайын әр түрлі шара­лар өткізуді дәстүрге айналдырса және қазақстандықтар көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сабыр Шәріповтың биылғы135 жылдығын республика көле­мінде ресми түрде атап өтсе нұр үстіне нұр болар еді.

Алдыңғы «
Келесі »