А Л Ы П Академик Сауық Тәкежановтың туғанына 85 жыл толуына орай

  • 21.08.2017
  • 566 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
жазушы

Сауық Темірбайұлы Тәкежанов Он екінші шақы­рылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі (еліміздің мем­лекеттік тәу­елсіздігін жариялаған Жоғарғы Кеңес, егемен Қа­зақстанның алғашқы парламенті) Экономикалық реформа, қаржы-қаражат және бюджет комитетінің төрағасы болатын. Осы лауазымында ол егемендіктің іргетасын бекіте түсуге бағытталған барша заң шығарушылық жұмыстардың от-жалынды көрігін қыздырып отырған нағыз мемлекетшіл қайраткер ретінде танылды. Тәке­жановтың ел-жұртты айрықша елеңдеткен көзқарасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, буырқанған 1993 жылғы «жаңа тұрпатты рубль аймағына» ену мәселесі алға тартылғанда көрінген еді.
Қазақстан үкіметі Ресеймен ақша жүйесін біріктіру жайында келісім жасады. Ал, халық депутаты Тәкежанов мұндай шараны жүзеге асыру – еліміздің мемлекеттік егемендігін өз еркімізбен толығымен жоғалтқанға барабар болады деп санады. Сондықтан да, парламентте Келісімді ратификациялау мәселесі қаралғанда, ол үкімет қол қойып отырған осынау құжаттың жаңаша тәуелділікке апаратын сипатын халық қалаулылары алдында айқара ашып, шешімді жан-жақты ойластырып қабылдауға шақырды.
Бұл қайраткердің ел мүддесін көздейтін түйінді тұстарға бар күш-жігерін бекем мемлекетшілдік сезіммен жұмылдырып араласуы бір бұл емес-тін, мұндай жәйттер оның ғұмырында соған дейін де, одан кейін де болып жатты.
Әріптестері мен билік тұтқасын ұстағандар оған әрдайым құлақ асатын еді, өйткені, ол іс жүзіндегі аса ірі маман, араласқан саласының бәрінде біліктілігімен әбден танылған профессионал, отаншыл азамат, патриот, өте беделді қайраткер болатын. Ал, оның ірі мемлекетшіл тұлға ретінде танылуының тамыры тереңде жатқан еді.

Инженер

Сауық Тәкежанов ең алдымен өз ісінің білікті маманы, бас әріппен жазылатын Инженер болып қалыптасты. Осынау басты атаққа шендестірер үлкен жолға беттеуі мектептегі дәл ғылым негіздерін құмарта оқығанынан және әрине, соғыс пен онан кейінгі жылдардағы балалардың көпшілігінің бойын билеген арман – әскери мамандық алу мақсатын алға қойғандығынан басталғаны сөзсіз.
Ақмолада (қазіргі Астана) 1931 жыл­ғы 18 қарашада дүниеге келген Сауық Тәкежанов сондағы № 3 ер балалар орта мектебін бітірген соң, 1950 жылы Но­во­сібір Көлік әскери инженерлері инс­титутына құжатын өткізіп, қабылдау емтиханын тапсырды. Алайда, бұл оқу орнына негізінен майдан даласынан оралған талапкерлерді қабылдау мұрат тұтылатын. Бәлкім, сондықтан шығар, әлде бұл абитуриенттің ғұмырнамасында сол шақта кім-кімді де шошындыратын бір кілтипан болғандықтан ба екен (оның әкесі Орталық Комитеттің теміржолдағы партия жұмысын ұйымдастырушы (парторгі) қызметінде жүргенінде репрессияға ұшырап, 1937 жылы атылған, ал, анасы әйгілі АЛЖИР-ге – «Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагеріне» айдалған-ды), ол онда түсе алмайды. Қалаған оқуына қабылданбағанмен, оның үздік бағалар жазылған емтихан парақшасы Новосібірге арнайы Том қаласынан келіп, Томның политехникалық институтына (ТПИ-ге) болашақ шәкірттер тартуды көздеп жүрген өкілдің көзіне түседі. Том өкілінің шақыруына қуана келіскен Сауық тағы бірер қосымша емтихан тапсырады да, ТПИ-дің енді ғана ашылған физика-техника факультетінің студенті болып шыға келеді.
Бертінде Сауық Темірбайұлы өзінің естелігінде жазғанындай, бұл факультетте оқу оған әрі қызық, әрі қиын болған еді. Физикалық химияның дамуындағы жаңа бағыттармен таныстырып, олардың уран және басқа да сирек металдар өндіру технологиясына қандай қатысы болатынын білгізген алғашқы ұстаздарын – профессорлар Воробьев, Тронов, Кулев, Куринді, институт кафедраларындағы физика-химия мамандарының үлкен тобын ТПИ шәкірті ешқашан ұмытқан емес. «Олар физикалық химияға деген аса зор қызығушылықты менің бойыма өшпестей етіп дарытты, – деп еске алды ол институт пен ондағы оқытушыларды. – Қазақстанның түрлі металлургия кәсіпорындарында, басқа да жауапты қызметтерде жұмыс істей жүріп, маған өз кафедрам берген арнайы және жалпыадамзаттық білімдер деңгейі үшін физикалық-техникалық факультетті алғысты сезіммен әрдайым еске алып жүрдім». Иә, Сібірде естен кетпес металлург-ғалымдар көп еді. Әйгілі уран өңдейтін «Томск-7» кәсіпорнының бас инженері профессор Громов сол қатардан-тын. Тәкежанов ТПИ-ді бітірер шақта ол диплом жобасының сынаушысы болды. Одан араға бір мүшел салып, өзінің сирек металдар өндіру технологиясын ұсынған кандидаттық диссертациясын қорғауына, тағы үш-төрт жыл өткенде зайыбы Клара Зейнулақызы Қуанышеваның висмут серіктесіп жүрген қорғасынды қышқыл-экстракция технологиясымен өңдеу тәсілін дәйектеген кандидаттық диссертациясын қорғауына ресми оппонент ретінде қатысты.
Клара Сауықтың тек сүйікті жан-жары ғана емес, шын мәніндегі досы, өндірістегі, ғылымдағы үзеңгілесі, әріп­тесі, сырласы болып кеткен жан. Екеуі­нің тағдыры ұқсас-тын. Клараның да әкесі аудандық атқару комитетінің төр­ағасы қызметінде жүргенінде «халық жауына» айналдырылған, Қызыл Отауға жетекші боп жүрген анасы «қырағылықты жоғалтқаны үшін – жұмысқа орналасу құқынан айырылып»,қызметінен босатылған еді. Соғыс жылдары анасы Ақмолаға көшіп келіп, Клараны орыс мектебіне берді. Ол да, Сауық секілді, математикаға негізделген пәндерді ұнатты. Мектепті үздік бітіріп, Алматыдағы Қазақ тау-кен-металлургия институтына түсті. Сосын көп ұзамай, Томда оқып жүрген ақмолалық таныс-бейтаныс жерлес баламен хат алыса бастады да, Сауық диплом алысымен,екеуі үйленді.
1956 жылдың көктемінде Том политехника институтының түлегі Сауық Тәке­жанов жолдамамен Өскемен қорғасын-мырыш комбинатына (ӨҚМК) келді. Бұл кәсіпорын КСРО Түсті металлургия ми­нис­трлігінің бұйрығымен 1951 жылдың басында құрылған-ды. Екінші жаһандық соғыс басталып, соғыс өрті орай бастаған Кавказ жақтан «Электроцинк» зауыты барша қызметкер, жұмысшыларымен, күллі техникалық жабдығымен қоса тылға қарай көшірілген де, ақыры, 1943 жылы Өскеменге тоқтаған. Содан, ізін суытпай, көшпелі қалыпта-ақ, майдан үшін бірден металл өнімдерін бере бастаған. Ал, со­ғыстан кейін сол жерге шындап орнығып, іргелі кәсіпорын ретінде салынған еді. Сол зауыт үлкен комбинаттың негізін құрады. Оның құрамына, сондай-ақ, Ертіс пен Үлбі құйылысындағы жұмыс істеп тұрған да, құрылысы біте қоймаған да нысандардың бәрі кірді. Бір жарым жыл өткенде комбинат қорғасынның алғашқы түрін берді. Содан, өндірісте біртіндеп технологиялық схема қалыптастырылып, ырғақты жұмыс істеуге кірісті. Бұл тізбек мырыш өнді­рісін, қорғасын шығаратын қуаттарды, күкіртқышқыл кешенін біріктіретін. Комбинат мамандары және әрине, жоғарғы бас­шылықтың баршасы қорғасын-мырыш комбинатының осынау технологиялық схемасы біржолата қалыптасты деген ұғымға келген. Кәсіпорынның ендігі міндеті – негізгі өнімдері болып табылатын мырыш пен қорғасын өндірудің көлемін арттыра беру ғана сияқты болып көрінетін. Сауық комбинат есігін түңғыш ашқанда, өндіріс осындай дәстүрлі, стандартты, металлургтер тілімен айтқанда – «монометалды» қалыпта жұмыс істеп жатқан. Ол күкіртқышқыл цехына қабылданып, қарапайым аппаратшы болып істей бастады.
Институтта оқып алған мамандығын тек табыс табу құралы ғана емес, сонымен бірге, өз қабілетін ашу, жасампаз еңбек жеңісіне өзіндік үлесін қосу мүмкіндігі ретінде де қарайтын жас инженер әріптестерін тез елең еткізді. Өскемендегі өнер­кәсіп өндірісінде өткізген он бес жыл бойы ол зайыбы Клара Зейнулақызымен қатар еңбек етті. Сол жылдары оның аузына жиі алатын «металлург оқуы жетіңкіремеген химик» деген сүйікті қанатты сөзі болғанын Клара апай осы жолдар авторы алдында сүйсіне еске алған еді. Осылай дей жүріп, Сауық Тәкежанов өзінің тамаша химик екенін танытқан көрінеді. Жас маманның зерттеушілік қабілетін басшылық тез аңғарған да, оны шұғыл комбинаттың орталық лабораториясына ауыстырған екен. Сөйтіп, Сауыққа зертханада қордаланып қалған проблемаларды шешетін химиялық талдаулар жасау тапсырылады. Ол өзіне берілген жаңа тапсырманы орындауға құлшына кіріседі, алайда мұнда көп тұрақтамайды.
Мәселе мынада болатын: комбинатта қолданыста тұрған технологиялық тізбек – металлургиядағы «монометалдық» бағдар – өмір талабынан көш кейін қа­лып келе жатқан еді. Әкелінген шикі­затты қалыптасқан технология бойынша өңдегенде, одан өндірілуі көзделген металдардың өзі толық ажыратып алынбайтын. Әрі олармен «қосақтасқан» сирек металдар мүлдем ұстатпайтын. Сөйтіп, технологиялық схема қондырғыларынан өткеннен соң, өндірістік қоқысқа айналған кентастың көп бөлігі ішіндегі алынуға тиіс мақсатты металдардың едәуір мөлшерімен және оларға «қосарлана» жүретін сирек элементтермен бірге отвалға, яғни, керектісі алынды деп есептелетін, одан әрі өңдеуге жарамсыз да пайдасыз қоқыс санатына жатқызылатын тау-кен жынысы ретінде үйіндіге төгіліп, бағалы металдар жасырын қалған қалпы жыныс ішінде кетіп жататын.
Осы орайда, ӨҚМК директоры Артем Вартанян комбинаттың уақыт талабына сай өркендеп дамуы – кентасты, күллі шикізатты кешенді түрде пайдаланғанда ғана мүмкін болмағын ұққандықтан, соның тәсілдерін іздестіру мақсатында, жаңадан эксперимент жасау цехын ашқан. Сөйтіп, сонда, озық ойлы, ізденістері мол, қиялдары жүйрік, білімді инженерлерді жинап, оларды шолғыншы тәжірибелер жасап отыруға жұмылдыруды қолға алған еді. Солардың қатарында Сауық та болды. Көпті жаңашылдығымен еліткен жаңа цехқа ұзамай Клара да орналасты.
Қолданыстағы технологияға әр жақтан шикізат іздеп сабылудың күні өтіп бара жатқанын түйсінуден туған эксперименттік цех комбинатта негізінен өндірістегі түйінді буындар мұқтажын шешу жолдарын іздестірді. Яғни, болашақ үшін жұмыс істей бастады. Осындай ахуалда Сауықтың инженерлік ойға кең өріс берген кезеңі ашылды. Ол зерттеуші-инженер Гарбузов сынды тәжірибелі әріптесінің зерттеулеріне қатысып, қорғасыннан оған серіктесіп жүрген сурьманы, өзге де қосалқы құрамдас бөлшектерді ажыратып алу нұсқаларын іздестірді. Өзінің алғашқы инженерлік рефераттарын жазып, өнертапқыштық қадамдарын бастады. Көп ұзамай рационализаторлық, өнертапқыштық ұсыныстар Сауық Тәкежанов пен оның Ахат Күленов, Болат Әлібаев сынды әріптестері тарапынан бірінен соң бірі туып жатты.
Комбинатта Тәкежанов метал­лур­гиялық үдерістердің физикалық-хи­мия­лық негіздері мен технологиясы саласындағы білікті маман, болашақ ірі ғалым ретінде қалыптасты. Ол экспресс-зертхана жетекшісі, зерттеуші-инженер, аға зерттеуші-инженер, сирек металдар цехының технологы, сирек металдар цехының бастығы, өнеркәсіп өнімдерін қайта өңдеу цехының технологы-бастықтың орынбасары, № 3 бірлескен цех бастығы қызметтерін атқарды. Мұның баршасы оның инженерлік ой-өрісін кеңейте түскен баспалдақтар еді.
Сауық Темірбайұлы тек қана сирек металдар алуға арналған қондырғылардың өзінен ірі химиялық-технологиялық цех жасады. Мұнда қорғасын-мырыш комбинатының базалық өндірістерінен айдалудан өзгеріп шыққан қалдықтар, шаң-тозаң ғана негіз етіліп өңдеуге қойылып, құрамы күрделі ерітінділерден әлемдік іс-дағдыда тұңғыш жасалған технология арқылы қорғасын мен мырыштың серіктері – Менделеевтің периодтық кестесіндегі бірқатар элементтер (таллий, кадмий, индий, теллур, селен) бөлініп алынатын. Талдама жасаудың спектрлік тәсілі оңайшылықпен оң нәтиже бере қоймайтынын көргендіктен, ол барлық негізгі талдауларды приборлық тәсілмен жүргізуді бірінші болып жүзеге асырды. Мәселен, алынып отырған өндіріс қалдығында индийдің бар-жоғын анықтау үшін аналитикалық әдіспен үш тәулік шұқшию керек болса, сол мақсатқа Сауық қолданған прибормен бес-ақ минут шығындалатын. Осы цехта бұрқыраған қалың шаңнан тұңғыш рет жартылай өткізгіш тазалығына сай теллур алынды.
Кентастан негізгі металдармен қатар, оларға қосарлана, серіктесіп, оларды қуалай жүретін өзге де сирек металдарды жолай өндіріп алу тәсілін табуда көрсеткен Сауық Тәкежановпен оның үзеңгілестерінің табандылығы тек аса ірі табыс пен тиімділік жолын нұсқап қана қоймай, саланы дамытудағы қасаңдықты батыл бұзып келе жатқан еді.
Көп сөйлемейтін, ұстамды, тіпті, тұйықтау көрінетін Сауық Темірбайұлы өн­дірісте ұжымдық-инженерлік еңбектің болашағына сенетін. Ол қарамағына жұмысқа келген жас мамандарды міндетті түрде зерттеушілікке баулитын. Мәселен, маңына пікірлес серіктер топтастыра білу қасиетінің арқасында, бірлескен цехты басқарып жүргенінде, педагогика институты физика-математика факультетінің түлегі Геннадий Пашковты қилы ізденістерге тұнған металлургиялық өмірмен біте қайнастырып жіберді: ол сирек металдар алуға арналған технологиялық қондырғылар орналастырылған бөлімнің аппаратшысы болып бастап, біртіндеп үлкен ғалым-металлург дәрежесіне көтерілген. Кейіннен Красноярск қала­сына ауысқан ғалым өзінің Тәкежанов жайындағы естелігінде: «Мен …ғылыми бақыттың кілтін қырық жыл бұрын Сауық Тәкежановтың қолынан алған едім, – деп жазды. – Сауық Темірбайұлын алғаш көргенде, неткен айбынды адам деп ойладым. Шынында, Тәкежановтың бойында осы сөздің өте кең мағынасындағы елеулі тұлға екенін көрсететін қасиеттер көзге ұрып тұратын. Оның менің тағдырыма ірі адам, жарқын маман ретінде тигізген әсері зор болды».
Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында Тәкежановтың зерттеліп бола қоймаған экстракциялық үдерістерді қолдану арқылы, сирек металдардың мол мөлшерін қысқа мерзімде өндіруі – адам сенгісіз ғаламат табыс болғанын еске алып, оның сол кезде үлкен ғылымдағы жолын енді ғана бастап келе жатқанын, басқа да ірі жетістіктерінің бәрі әлі алда екенін ескерте келе, Пашков естелігінде Тәкежановтың адамдық бейнесіне былай тоқталады: «Ол өте тыңғылықты және өте таза, асыл адам болатын. Уақыт өте келе ірі маманға, үлкен ғалымға айнала отырып, ол өзінің күллі жаратылысында, басты бітім-болмысында ұдайы тек осындай қалыпта болды. Оны тіршіліктің барша оң көріністері қуантатын, ол өмірді соншалықты жақсы көрді және сонымен бірге жәдігөйлікті, өтірікті, немқұрайдылықты өте жек көрді. Ол біздің бәрімізден жоғары еді, бірақ, ол менмен емес-тін. Өте қарапайым, мейлінше тура сөзді де әділ болатын. Егер, ашу шақырса, тек жөнімен ренжитін. Қатты сөгіп алатын да, артынша-ақ ашуы қайтып, тез сабасына түсетін».
Еліміздегі өнеркәсіп алыптарының бірі болып табылатын түсті металлургия флагманы ӨҚМК-дағы алты зауытта бес жүздей инженер істейтін еді. Бірақ, инженерлік-техникалық жұртшылық солардың бәрін емес, аздаған шоғырын ғана инженер деп атайтын. Сол таңдаулы топқа Сауық Тәкежанов та кірді. Оларға комбинат басшылығы мен республика үкіметі де көз тігіп, болашағынан үміт күттіретін мамандар ретінде, өсу жолдарын назарда ұстап отырды.
Сауық Темірбайұлы 1963 жылы, отыз екі жасында, ӨҚМК-ның бас инженері лауазымына өсірілді. Оны Алматыға шақырмай-ақ, қалыптасқан әдетті бұ­зып, ҚКП Орталық Комитетінің Бюросы қызметіне сырттай бекітті. Ұзамай комбинатқа КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Алексей Николаевич Косыгин мен Казақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев келді. Саладағы ұлттық кадр тапшылығы көзге ұрып тұрғандықтан да (Сауық қызметке келген 1956 жылға дейін осы комбинатта дипломды қазақ-мамандарға тиген ең жоғарғы қызмет мастердің көмекшісі лауазымы ғана болғантын), азғантай ғана ұлттық инженер-металлургтердің өсу жолын ол үнемі қадағалап жүрген еді. Сол жолы Димекең оны биік лауазымымен құттықтап, қазақ тілінде: «Бас қамшыны, жігітім, бас қамшыны!» – деген сөздермен оған жылы тілек білдірді.
Жігіт сенімді ақтады. Оның белсенді де білікті түрде қатысуымен комбинатта жасалып жатқан «ресурс үнемдейтін технологиялар» (бұл жаңа ұғымды металлургияға осы жігіт енгізген-ді) ғылыми-техникалық прогресс жолындағы мүлдем жаңа қадам ретінде мойындалды.
Сауық Тәкежанов оттегін металлургия­да қолдану мәселелерімен шұғылданды, түсті металдар үшін элекротермиямен қабыстырылған оттегілі-өлшемді және оттегілі-шырақты балқыту үдерістерін қарастырды. Осы орайдағы бірінші эксперимент пен соның негізінде кентастың негізгі бөлінулері бір агрегатта жүзеге асатын, бір агрегатта концентраттарды бірнеше түрлі сапаға ауыстырарлық қайта балқытулар жасалатын тиімді технология пысықталып өндіріске енгізілгенге дейін жеті жыл сарп етілді. Бұл түсті металлургиядағы қалыпты ахуалды бұзып-жарып ілгері шыққан әйгілі КИВЦЕТ болатын, ол агломерациялық балқыманың ауыр еңбек талап ететін үдерістерін қыс­қартуға, мыс өндіруді арттыруға, ал та­зартылуға тиіс газ мөлшерін жиырма есе азайтуға мүмкіндік беретін еді. Сол үшін ма­­мандардың бір тобы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Жер шарының бірқатар елі әлемде теңдесі жоқ осы әдіс­ті өздерінде қолдану үшін Мәскеуден КИВЦЕТ-ке лицензия сатып алды.
Сауық Темірбайұлының тікелей қатысуымен және сенімді басшылығы арқасында одан да күрделі технологиялық мәселелер шешімін тауып жатты. Шикізаттағы басты металдардың (қор­ғасын, мырыш) метал-серіктерін шо­ғырландырып, одан индий, кадмий, селен, таллийді шығарып алу, висмут пен теллур сынды аса таза металдарды бөліп алу, мырыш өндірісінің көптонналық ерітінділерін хлор, мышьяк, фтор тәрізді залалды қоспалардан тазарту жұмыстарының заңдылықтарын теориялық тұрғыдан негіздеуді көздейтін зерттеулер жүргізілді. Дүниежүзілік іс-дағдыда тұңғыш рет қорғасын мен мырыштың серік-металдарын экстракциялау үдерісін Өскемен комбинатында өндіріске енгізгені үшін Тәкежанов бастаған авторлар ұжымының еңбегі Ғылым мен техника саласындағы КСРО Мемлекеттік сыйлығымен атап өтілді.
Тәкежановтың жүздеген ғылыми мақа­ласы күллі әлемге тарап кеткен. Ол 48 өнертабыстың авторы. Біреу емес, екеу емес – елуге тарта өнертабыс ойлап шығарып, тиісті патент алған майталман. Осынау тынымсыз инженер-металлург сирек металдар алудың қилы әдіс-тәсілдерін тек ойлап тауып қана қоймай, күллі еңбек жолы бойында Менделеевтің периодтық жүйесіндегі элементтердің бірінен соң бірін әуелі Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында, одан – еліміздің түсті металлургиясының өзге де кәсіпорындарында өндіруді ұйымдастырды. Ол өзінің қажырлы еңбегі үшін қырыққа толмай жатып Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген метал­лургі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнертапқышы атақтарына ие болды, бірнеше орденмен марапатталды.

Реформатор

Сауық Темірбайұлының инженерлік ізденістері мен жаңашылдық сипатта ойлау қабілеті оның табиғатындағы реформаторлық қасиетін оята өріліп, қызметінің ауқымын кеңейтетін іргетас боп қаланған-ды. Ал, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев оның реформатор ретінде ашыла түсуіне жол ашты. Талай жыл тікелей өндірісте істеген тау-кен инженері, республика, өлке, аймақ проблемалары мен мүмкіндіктерін жақсы білетін Димекең Мәскеудегі басшылық алдында ұзақ дәлелдеп жүріп, ақыры, өз елімізде түсті металлургия министрлігін ашуға рұқсат алған. Тәкежанов осы министрлікке әуелі 1971 жылы министрдің орынбасары лауазымына шақырылып, бір жылдан кейін түсті металлургия министрі болып тағайындалды.
Министрлікке қарасты елу шақты кәсіпорынның жай-күйіне қатысты ағымдағы шаруалармен танысып отырған күндердің бірінде оған Бірінші хатшының қабылханасынан телефон соғылып, бір сағаттан кейін Димекең оны өз кабинетінде көргісі келеді деп хабарланды. Тәкежанов сала мәселелері бойынша кез келген сауалға жауап беруге әзір-тін, алайда, алдына кіргенде, Бірінші хатшы одан ойламаған жерден Норильск комбинатында соңғы кезде ғана орын алған ірі авария жайын сұрады. Әңгіме, сөйтіп, өз кәсіпорындары емес, өзге республикадағы өндіріс орны туралы қозғалды. Сауық Темірбайұлы іркілген жоқ, терістіктегі әріптестері игере алмай жатқан «сұйық ваннада балқыту» схемасын алдындағы қағазды сызғылай отырып түсіндіре бастады. Сонда, Димекең оған сол схеманы өзіміздің Балқаш пен Жезқазғанға ендірумен тікелей шұғылдануды тапсырды.
Тәкежанов қажетті өзгерістерді Жез­қазған мыс зауытынан бастауды жөн көрді. Осында сұйық ваннада балқытылуға тиіс концентраттар, яғни, болашақ дәуір металлургиясының арсеналы дайындалады деген ұйғарым болды. Алайда, Жезқазған мыс зауытының жаңа өнімін пайдалануға Балқаш кен-байыту комбинатында (БКБК) қолданылатын түсті металды балқытудың дәстүрлі әдістері жарамайтын-ды. Оның дәйектерімен келіскен Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Алматыға Ресейден аса ірі ке­­ңес ғалымы Ванюковты ақылдасу үшін шақырды. Содан, Кеңес Одағының түсті металлургиясын өзгертіп жіберуге қа­білетті жаңа жобалар Тәкежановтың кабинетінде ірі ғалымдарымен бірлесіп талқыланып, ақыры, БКБК-да сұйық ваннада балқытудың тәжірибелік-өндірістік қондырғысы құрылысын салу жайында шешім қабылданады.
Бар болғаны төрт шаршы метр алаңға орнатылған сол кішкентай пеште күкірті көп, мысы тапшы шихтамен жұмыс істеуді металлургтер жандарын шүберекке түйіп, әлі зерттеліп бітпегендіктен де алдын алу қиын қауіп-қатерге бастарын тіге тұрып үйрене бастады. Ақыры, 1973 жылғы қарашада, қондырғы алғашқы тәжірибелік сынақтан ойдағыдай өтті. Оқиға аса маңызды болғандықтан да, Сауық Темірбайұлы бейуақ мезгілге қарамастан Алматыға Димекеңе телефон шалып, табысты баян етті де, Біріншінің аузынан күллі ұжымға арналған марапатты құттықтау сөз естіді.
Кеңес Одағының министрлері, ғалым­дары, аса ірі комбинаттардың директорлары Балқашқа ағылып, түсті металлургияда басымдық алатын жаңа бағыттың өмірге келгеніне көздерін жеткізді. Содан кейін Тәкежанов осы табысты баянды етуді ұйымдастырды: сәтті сынақ артынша комбинатта күкірті көп, мысы аз күрделі шикізатты сұйық ванна пешінде балқытуға арналған алғашқы ірі өнеркәсіп агрегаты салынды. Сұйық ваннада балқыма алуды жүзеге асыратын сол алғашқы пеш отыз жылдан астам, күні бүгінге дейін тиімді жұмыс істеп тұр. Кезінде талай маман қатерлі жағдайда, асқан тәуекелдікке барып жасаған технологиялық әдіс осынша уақыт бойы металға кедей кентастан толық мәніндегі нағыз мысты ептілікпен балқытып бөліп алуды мүмкін етуде.
Күрделі шикізатты өңдеу мәселелерін шешу жолы табылды. Осы жол ғана салаға экономистер мен экологтар күннен күнге табанды түрде қойып келе жатқан елеулі сұрақтарға оң жауап бере алады. Тәкежановтың тікелей қатысуымен жасалған еліміздің түсті металлургиясы құрамы күрделі полиметал кентастарынан пайдалы құрамдас бөліктерді мүмкін болғанынша көбірек алып, қалдыққа мейлінше азырақ жіберуге тырысуымен ерекшеленетін. «Табиғатта бос жыныс жоқ!» – міне, оның ұраны. Сауатты инженер, ғалым, білікті реформатор, бар білімі мен күш-жігерін мемлекет мүддесіне қызметке қоя білген азамат ұстанған ереже осындай еді. Ол түсті металлургия министрі, жоспарлау комитетінің төрағасы лауазымдарында істеген кездерінде тау-кен ісі мен металлургияға заманынан озық технология енгізуге күш салды. Жаратылыс қойнауының байлығын кешенді түрде пайдалану, туған жерді жаралай бермей, мүмкіндігінше жақсарта түсуге бағытталған технологияны қолдану көзқарасын ұстанды.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен соң Горбачев-Колбин жүргізген «қазақ ұлтшылдығын» жою мақсатындағы ұлттық кадрлерге қатысты жасалған шектеулер кезінде (сол кезде түсті және қара металлургиядағы шешуші тұтқалардың бәрінде Димекеңнің қамқорлығы нәтижесінде өскен қазақ инженерлері істейтін еді) Сауық Темірбайұлы басқарып отырған түсті металлургия министрлігі таратылды. Бұл әрекетке Тәкежанов тек сала мүддесін ойлағандықтан ғана емес, мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарсылық білдірді. Сонда, оған орталық эмиссары, ұлттылықты жаңаша күй­ретуші Колбин: «Сен креслоңа жармасып тұрсың», – деген мысқылды жауап берген еді.
1987 жылғы желтоқсанда Тәкежанов «Қазқорғасын» өндірістік бірлестігін басқаруға жіберілді. Бірлестіктің негі­зінде Өскемендегі өзінің он бес жыл өмірін арнаған комбинат жатқан-ды. (Ол осы өңірден тұңғыш рет 1967 жылы, ӨҚМК бас инженері кезінде, жетінші шақырылған республика Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған-тын, содан бері бес шақырылым қатарынан шығысқазақстандық сайлаушыларының сеніміне ие болып жүрді). Қайта құру үдерісі шарықтаған шақта, 1990 жылы, Тәкежанов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің халық депутаты болып сайланды. Парламентарий шағында, егемендікке орай туындаған мемлекеттік шаруалар бастан асып жатқанына қарамастан, ол ғылыммен, өндіріспен байланысын үзген жоқ.
Саукеңнің адал жары, айнымас досы және әріптесі, Инженерлік академияның корреспондент мүшесі, Қазақ политехника институтында металлургтердің әл­де­неше буынын тәрбиелеген ұстаз Клара Зейнулақызы (олардың балалары да әке-шеше жолын қуып, инженер-металлург болды) былай деп сеніммен айтады: Сауық республикада нағыз сирек металдық өндіріс құрды, еліміздің металлургиясын кентастан кешенді түрде оның барлық пайдалы құрамдас бөліктерін бөліп алуды көздейтін деңгейде дамытты, тау-кен шикізатымен қалдықсыз жұмыс істейтін технология жасады.
Онысы рас, Сауық Тәкежанов қолда­ныс­тағы технологиялар үшін шикізат іздеуді – заманы өткен, залалды әрекет деп білді. Біздің еліміздегі тау-кен-металлургиялық кешеннің кәсіпорындарына келген жаңа қожайындардың экономиканы жаһандандыру жайындағы әңгімелерді сылтаулатып, сырт­тан тасылатын ши­кізатқа ден қоюына және кен орындарын өз қалауларымен талғап өңдеуіне наразылық білдірді. Ол мұны не ресурсті үнемдеумен, сақтаумен, не қоршаған орта мен жер қойнауындағы байлықты қорғаумен, не халықтың әлеуметтік-экономикалық оң жағдайымен, не мемлекеттің эконо­микалық дамуымен үйлеспейтін зиянды әрекет ретінде сынайтын. Мұндайға жол бермей, жоғары білікті инженерлер корпусы мен жұмыс күшін өндіріске жаңа технологиялар енгізу мәселесіне жұмылдыруды ол болашағы зор іс деп білді. Сондықтан да, толассыз істейтін ірі көлемдегі өндіріс жағдайында концентраттарды өңдегенде пайдаланылуға тиіс қалдықсыз технологияның кез келген нұсқасын тексеруді және енгізуді қамтамасыз ететін біртұтас технология жасау үшін қажет ұйымдық-техникалық және өндірістік ахуал туғызатын Степногорск технопаркін құрудың басы-қасында болды. Мұндай көзқарас, сөз жоқ, оны инженер және реформатор ғана емес, мемлекетшілдік сезімі өте күшті дамыған қайраткер дәрежесіне көтерді.

Мемлекетшіл

Мемлекет мүддесіне елдің негізгі халқының мүддесі тұрғысынан қараудың, тарихи, рухани, мәдени құндылықтарды қорғай отырып қараудың үлгісін күллі қызметімен Қонаев ақсақал көрсеткен еді. Бірақ ол өзіне тікелей тапсырма беріп, ақыл айтқанынша Тәкежанов бұған соншалықты назар аудармаған екен, Қазақстан өндіріс орындары ұстап тұрған қалаларды, аймақтарды қызмет бабымен жиі аралай жүріп, ол еш жерде тарихи мәні бар нысандарға бас сұқпаған-тын. Бірде, жетпісінші жылдардың ортасында, оған Димекең: «Сен Кентауға барып жүрсің, ал, соның жанында қасиетті Түркістан тұрғанын білемісің? Ондағы Қожа Ахмет Йассауи мавзолейінің жағдайынан, оған не істеу қажеттігінен хабарың бар ма?» – деп сұрады. Әрине, білмейтін, әрине көрмеген, әрине, хабарсыз… Бірақ, барды, көрді, оны жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мақсатында тиісті мекеме көмегімен ғылыми зерттеу жасап, Әзірет Сұлтанның қазақ хандары пантеонына айналған, жер асты және жер үсті құрылыстары мол тұтас бір кешен екеніне көз жеткізді.
Сол шақта мавзолейді жаңғыртып, түзе­гендері – бертінде сонау көне астананы толығымен ретке келтіру жұмыстарының бастамасы болды. Сауық Темірбайұлының жеке өз басына Димекеңнің бұл тап­сырмасының тигізген әсері ерен еді: кешенді бірге аралаған қасындағы бір се­рігі сондағы кітапханадан парсы тілінен тәржімаланған кітап мұқабасындағы аудармашының аты-жөніне назарын аударды. Жүрегі тулап қоя берді, өйткені, аудармашының аты-жөні Құсайын Тәкежанов еді. Құсайын – Сауықтың әкесінің ағасы. Ол жасауылдардың қырағы күзетіне қарамай, өзін, бес жасар сәбиді, АЛЖИР-ге айдалған анасының қолынан алып қала алған, сөйтіп өз ошағында тәрбиелеп өсірген, жетімдік көрсетпеген, іс жүзіндегі әкесі еді (Ақын Құсайын Тәкежановтың «Таңдамалы шығармалары» Сауық қайтыс болғаннан кейін жарық көрді. Кітапқа берген алғысөзінде ақынның келіні Клара апай: «…жолдасым Сауық Тәкежановты жастайынан асырап, өз ортасынан кем қалдырмай оқытып-тоқытып, кә­мелетке жеткізген әкесі Құсайын Тә­ке­жанов. Сонау зұлмат заманда Сауықтың туған әкесі Темірбай Тәке­жанов итжеккенге айдалып кет­кенде, қараусыз қалған оны бауырына басып, әкесін жоқтатпай өсірген немере ағасы осы Құсайын ақсақал болатын», – деп көрсеткен). Осы жәйт Сауықты шығыс даналықтарымен жақынырақ танысуға жетелеп қана қоймай, оның отаншыл азамат ретіндегі ұстанымының мазмұнын тереңдетіп, ұлттық тамырмен жалғасқан, шын мәніндегі ұлттық-мемлекеттік мүддені көздейтін көзқарасын байыта түсті деп батыл айтуға болады.
Өзінің ғұмырын арнаған кәсібі бола­шақтың экономикасымен қалай үндесе алатынын Сауық Темірбайұлы алғаш рет қорғасын-мырыш комбинатында ұққан еді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында КСРО Үкіметінің басшысы Косыгин ұсынған, жоспарлау мен экономикалық ынталандырудың жаңа жүйесіне Кеңес Одағы бойынша қырық үш кәсіпорын көшірілгенде, солардың қатарына Қазақ­станнан жалғыз ӨҚМК енгізілген болатын. Сондағы азын-аулақ уақыт қана жүр­гізілген,бірақ, партияның ең жоғарыдағы жетекшілерінің қасаңдығы салдарынан аяғына жеткізілмеген тәжі­рибе нәтижесінде комбинатта еркін эконо­миканың қарапайым элементтерін игерудегі ебедейсіздеу алғашқы қадам жасалған еді.
Жаңа жүйеде ең алдымен, әр жұмыс орнының ақшаға шаққандағы тиімділігі есептелді. Сол есеп-қисап барысында Тәкежанов металлургиялық шикізатты кешенді түрде пайдаланудың қандай тиімділік әкелуі ықтимал екенін мүлдем айқын түсінді. Сапалық көрсеткіштер өнім көлемінен гөрі таза табысқа жақсы қызмет етеді, – ол өзіне осындай жаңалық ашты. Сол кезде комбинаттың таза кірісіндегі сапалық көрсеткіштер мен шикізатқа кеткен шығынды үнемдеу есебінен алынған таза пайда үлесі ҚМК-ның бар­лық таза пайдасының жартысынан асатын. Кәсіпорынды әуелі Кеңес Одағы көр­месіне, одан халықаралық көрмелер мен әлемдегі көптеген елдерінің өнеркәсіп жәрмеңкелеріне шығаруды мүмкін еткен – жаңа технологиялар екеніне ешкім күмәнданбайтын. Комбинат шығарған мырыш, қорғасын, кадмий Лондондағы металдар биржасында «тазалық эталоны» ретінде мойындалды. Экспорттық мүмкіндіктер ұлғайды. Комбинатта кентас­тан Менделеевтің периодтық жүйесіндегі елу элементті алу игерілді. Ал, ӨҚМК-ның технологиялық жасалымдарын қолдана отырып, республика тау-кен кәсіп­орын­дарындағы тауарлық өнім 74 элемент­ке жеткізілген болатын. СОКП Орталық Комитетінің арнайы шешімімен ӨҚМК тәжірибесі күллі одақтағы сала кәсіпорындарына қолданыла бастады. Осының бәрі оны инженердің еңбегіне экономикалық тиімділік тұрғысынан ой жүгіртуге итермелейтін.
Республика түсті металлургиясының ірі де танымал басшысы 1974 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары-Мемлекеттік жоспарлау коми­тетінің төрағасы лауазымына бекітілді. Жаңа жұмысқа кіріскенінде Тәкежановтың не нәрсеге аң-таң қалғаны жайында айтқандарын бізге журналист Олег Квятковский жеткізді: «Республикада «ұлттық табыс», «ішкі жалпы өнім» деген терминдердің болмағаны мен үшін күтпеген жаңалық еді, – деп еске алды академик. – Дәлірек айтқанда, бұл терминдердің бізге арналғаны бар болатын, бірақ, оларды біз үшін тек Мәскеу толықтыратын. «Бізге мұны тек қана Мәскеу береді», – мен онда іс-қағаздарды қабылдаған кезімде осындайды естідім. Сонда, мен, өз-өзінен түсінікті, бірден «төменнен» есеп-қисап жасадым да, өздеріміздің ұлттық табысымыз жайындағы жолды өзімнің бірінші есебіме салып, өзім қол қойдым. О, соның артынша не басталды десейші! Мені «идеолог» – Орталық Комитет хатшысы шақырады. Сөйтіп, тура табалдырықтан бас салады: Сауық Темірбайұлы, сен, немене, – шынымен де ұлтшылмысың? Егер, біздің бәрімізде бары – бір ғана Ленин партиясы болса, біздің республикамызда қандай ұлттық табыс болуы мүмкін? Сонда, мен «идеологты» осындай «ұлттық табыс» деген ұғымды қабыл алмайынша, нағыз экономиканың болмайтынына, әрі оның біздің біртұтас партиялылығымызға титімдей де кедергі келтірмейтініне соншалықты қиындықпен иландыра алдым-ау әйтеуір! Сол кезден бастап ұлттық табыс госпландық есептердегі өте маңызды көрсеткішке айналды. Ал, бұл оқиға Мәскеуге де жетіпті: мені Байбаков өзіне КСРО Жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары болып ауысып келуге шақырғанда, осы жәйтті жымия отырып еске алды…» (О.Квятковский. «Тәкежанов», Алматы, 2004 ж., 142-143-бб.).
Оның жастайғы инженерлік, рефор­маторлық қасиеттерінің қорытпасы кеңестік республика үкіметінде істе­ген кезеңінде мемлекет мүддесін терең­нен ойлайтын отаншыл азамат ретінде қалыптасуына ұласты. Ол бірден экономикалық жұмысты және жоспарлауды жетілдіру мәселелерін қолға алды. Әрі тек қана салалық жоспарлардың өзара үйлесімділігіне ғана мән беріп қоя салмай, аумақтық жоспарлар жасауды көтерді, ғылыми институтты қатыстыра отырып, оның салалар мен әлеуметтік аумақ көрсеткіштерінен құралған моделін ойластырды. Сондай жоспар тұңғыш рет 1976 жылға және сол жылдан басталатын он бірінші бесжылдыққа құрылды. Оның басшылығымен аумақтық-өндірістік кешендерді дамытуға байланысты үлкен жұмыс жүргізілді. Ол халық шаруашылығы құрылымын жетілдіруге, осы орайда өзі «төртінші балқыту» деп атап кеткен саланы – Қазақстанның дайын металын пайдалана отырып ақырғы өнім шығаруды дамытуға көп көңіл бөлді. Оның талабы бойынша Алматыда тау-кен құрал-жабдығын шығаратын зауыт, Көкшетауда фарфор зауыты, Бақыршыда тау-кен өңдеу комбинаты, пайдалы қазындыларды игеру негізінде пайда болған үлкенді-кішілі қалаларда «Б» тобының көптеген кәсіпорындары салынды.
Тоғыз жыл түсті металлургияны, алты жыл госпланды (мемлекеттік жоспарлау комитетін) басқару кезіндегі ұтымды еңбек тәжірибелері әкелген беделіне тәнті халық депутаттары 1990 жылы оны бір ауыздан Жоғарғы Кеңестің Экономикалық реформа, қаржы-қаражат және бюджет мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы етіп сайлады. Қайта құру жылдары мемлекет дербестігін әзірлеген және тәуелсіздікті жария еткен осы парламент қабырғасында еңбек еткенінде, ол шын мәніндегі ірі мемлекетшіл қайраткер дәрежесіне көтерілді.
Оған мына жәйт баяғыдан айқын-ды – Кеңес одағының экономикасы тек орталықты жағдайластырып, байыту үшін құрылған болатын. Шикізаттың, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы әдейілеп арзан деңгейде сақтатылатын.Мақсат – ақырғы өнімді өндіретін жерде тиімді кіріс болуын қамтамасыз ету еді. Мәселен, титан өндіруді одақта үш алып комбинат – Өскеменде (Қазақстан), Запорожьеде (Украина) және Березникиде (Ресейдің Пермь облысында) жүзеге асырды. Өскемен мен Запорожье кентасты байыту, яғни, бос тасты кенді құрамнан ажырату бағытындағы тек алғашқы өңдеуден ғана өткен дүмбілез шикізат – жартылай фабрикат шығаратын. Ал, соның негізінде шығарылатын нақты материал – титан прокаты тек Березники комбинатында жасалатын. Біздің түсті металдар түгелге жуық шикізат күйінде тасып әкетілетін. Қазақстан империяның шикізаттық қосымшасы ғана еді. Қаржының бәрі одақтық бюджетте шоғырландырылатын да, елімізге дотация содан берілетін.
Большевиктер жиырмасыншы жылдары «тұйық экономика» құрғысы келген «жергілікті ұлтшылдарды» әшкерелей отырып, бар күштерін орталықты нығайтуға жұмсаған еді, бұл сол әрекеттердің жемісін берген шағы-тын. Енді, республикада қандайда-бір өңдеуші зауыт салудың қажеті жоқ-ты. Ондайға ұмтылыс білдіруден Мәскеу ұлтшылдық көрініс сияқты пәле-жаланы оп-оңай тауып, еркінсігендерге жапсыра қоятын. Нақты шындық құпия сақталатын. Өйткені, орталық одақтас республикалардың дербестігі артуынан өлердей қорқушы еді.
Осындай көзқарастың салдарынан Қазақстан негізінен шикізат базасы ретінде ғана дамытылған да, тәуелсіздік алған кезде ол күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды өзінде шығармайтын, ең арғысы шегенің өзін сырттан әке­летін жағдайда еді. Сондықтан да, Тәке­жанов басқарған комитет барлық басты проблемалардың қайнаған ортасында тұрды, жоспарлы шаруашылық қожыраған елімізде базарлық экономиканы қалыптастырудың заңдық негізін қалаумен шұғылданды. Комитетте меншік, жекешелендіру, валюталық реттеу, шетелдік инвестиция, еркін экономикалық аймақ, акционерлік қоғамдар, биржалар мен бағалы қағаздар, банктер, бюджет жүйесі, төл ақша жасау мен оны айналымға енгізу секілді толып жатқан аса қажет мәселелерді шешуге бағытталған алғашқы заңдар жасалып, парламенттің қарауына ұсынылды.
Әңгімеміздің басында еске алып өткен «жаңа тұрпатты рубль аймағына» ену мәселесін қарау кезіндегі Тәкежанов ұстанымына азын-аулақ тоқтала кетейік.
Ресей 1993 жылғы 26 шілдеде өз ішінде жаңа ақша кіргізіп, біздің елді ескі қағаз ақша топан судай басып кеткен. Инфляция күн санап өсіп жатқан, білетіндер оны гиперинфляция деп атайтын. Міне, сол шақта, Ресей екі жарым ай бойы өзінің жаңа ақшасымен дербес экономикалық саясатын жүргізіп жатқан кезде – 1993 жылғы 12 қазандағы парламент мәжілісі Қазақстанның ақша жүйесін Ресей Федерациясының ақша жүйесімен біріктіру жөніндегі Келісімді ратификациялау туралы мәселе қарады. Келісімнің мән-жайын үкімет басшыларының бірі баяндайды. Парламентшілер қойған сұрақтарына жауап алғаннан соң, құ­жатты бекітпек болады. Сол кезде Тәке­жанов табанды түрде өзіне сөз беруді сұрайды. Сондағы сөзінің мына қысқа үзінділеріне көз жүгіртелік: «…қол қойылған келісімді ратификацияласақ болды, төлемдердің барлық сауалдары жеңіл және жақсы шешіле кететіндей ұғым бар біздің бәрімізде. Мен сіздерге өзімнің жеке пікірімді айтуға тиіспін. Төлем мәселесін Ресейдің Орталық банкі жалпы жасанды түрде дабырайтып алға тартып отыр. …Келісім дегеніміз – екі тараптың міндеттемелері болуға керек. …Принципті түрде мәлімдеймін: мұнда тек қана бір тараптың – Қазақстанның ғана міндеттемелері бар!»
Одан әрі: «Біз экономикалық одақты қолдаймыз. Бірақ, әңгіме ақ­ша жүйелерін біріктіру жөнінде боп тұрғанда, біз Ресей Орталық бан­кінің ойын ережесін мойындауға келісетінімізді ескеруіміз керек. Мұнда ешқандай да ойын болмауға тиіс! Мен сіздерге көбірек айтпайын. Біз КСРО Мемлекеттік банкі жүйесінде тұрмыс кешіп көрдік, ол әлі жадымызда. Міне, енді, тыңдаңыздар, мұнда ешқандай да жаңа рубль жүйесі жоқ, бұл – бұрынғы КСРО Мемлекеттік банкі жүйесінің дәл өзі. Тек енді КСРО Мемлекеттік банкінің рөлінде Ресей Орталық банкі сөйлейді».
Тағы да: «Мен қазір ашық айтып тұрмын: Ресейдің Орталық банкі, Үкіметі Қазақстанды рубль аймағынан итеріп шығарып жіберуге бейіл. Бұл менің бекем иланымым».
Рас, өз ақшамызды толық әзірлеп үлгерген жоқпыз, шынында, оны сүйе­мелдеп нығайтуға – валюталық қор, алтын қоры, өтімді материалдар, т.с.с. едәуір мәселе шешімін табуы тиіс деп мойындай келе: «Бірақ, неге біз өз кеденімізді тым болмаса өз ақшамызды қосарлана қатар енгізу жолымен қорғай алмаймыз? – дейді. – Біз бұл жайында күллі Комитетіміз боп баяғыдан айтып келеміз. Бостан босқа уақыт өткіздік! Маған, бәлкім, осы істер үшін таяқ та тиер, бірақ, біз екі жыл бұрын өз ұлттық валютамызды қатар енгізуді ұсынған болатынбыз. Тауарлық рынокты қорғаудың бұдан басқа әдісін мен білмеймін, себебі 11034 шақырымға созылған шекараны біз ешқашан күзетіп қорғай алмаймыз, бұл бос әңгіме. Бірақ, өз тауарлық базарымызды қорғаудың басқа әдістері бар. Бүгін осы 1962-1992 жылдарғы ақшамен біздің республикада бәрі тып-типыл босап қалғанын біз білеміз. Қайран қалам, көптеген депутаттар бұл іске қалайша сондайлық беймарал қарауда…».
Нағыз мемлекетшіл тұлғаның жа­н­айқайы. Оны парламент төрағасы ұғып, келісімнің қол қойғанға дейін төралқада талқыланғанын еске салды, сол кезде «ең басты оппонент Сауық Темірбайұлы болған еді, ол қазір де өз ойын айтты. Оның ұсыныстарында ақиқат мол», – деді ол. Жағдай жарты айдан кейін, 28 қазанда парламентте тағы қаралды. Тәкежанов: «Тағы да қайталаймын: біз ратификациялаған құжат бір жақты болатын, – деді. – …Бізде рынокты ойрандау жүріп жатыр. …Біз, ескі үлгідегі құнсыз рубль топаны елімізді басып тұрғанда, аса жақын уақытта-ақ мүлдем тауар ресурстарынсыз бос қаламыз». Нақты ұсыныс жасады: «Президенттің қолында біздің келісімімізбен іске қоса алатын нұсқа болуға тиіс». Қабылданды. Ақыры, 1993 жылғы 15 қарашада төл ақша айналымға енгізілді. Осы күнді Тәкежанов «экономикалық тәуелсіздік күні» деп атады.
Егемен елдің алғашқы парламенті таратылғаннан соң ол, Халықаралық инженерлік академияның және Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының академигі – шикізатты кешенді пайдалану жөнінде «Қазақстан алтыны», «Конверсия алтыны» секілді бірқатар байыпты бағдарламалар жасап, олардың орындалуына басшылық жасады. «Қазметалл» компаниясы мен «Қазалмазалтын» консорциумының негізін қалап, президенті болды.
Ол артына елеулі жазба мұра қал­дырды. Көп жылғы пайымдаулар негізінде жазылған «Қазақстанның түсті металлургиясы. Тарих фрагменттері, нәтижелер мен тенденциялар» деген кітабында еліміздің түсті металлургиясының даму кезеңдеріне тоқталып, оның базар экономикасы кезіндегі өркендеу ерекшеліктерін талдады. Ал, «Кешенді шикізатқа – жаңа технологиялар» атты кітабында түсті және қара металдар өндіру технологиясын қайта жарақтандыру болашағы жайлы әңгімелейді. Автор ойының өзегі – «Металды тек сыртқа шығарып сату үшін өндіруде – болашақ жоқ».
Дегенмен, ол мұндай өндірісті мүлдем жоққа шығармайды – ондай ахуал «тек экономикамыздың құрылымын өзгертудің алғашқы сатысында ғана, нақты қаржы-қаражат ресурстарының аздаған көздерінің бірі ретінде қолдау таба алады». Осылай қарай тұрып еш естен шығаруға болмайтын нәрсе мынау: «Біздің мемлекетіміздің халқы өзінің тарихында тұңғыш рет өз жер қойнауы байлықтарының меншік иесі, ерекше меншік иесі болып отыр». Ал, одан туындайтын қорытынды: «Бастапқы шикізаттың кез-келген түрін кешенді түрде пайдалану – өзінің және өз халқының қазіргісі және келешегіне мүдделілікпен қарайтын кез келген мемлекеттің табиғи экономикалық және экологиялық саясаты», демек біздің тізгін ұстаушылар жадынан осы ереже бекем орын алуға тиіс.
Осы орайда, атап айту ләзім, Сауық Темірбайұлы минералдық шикізатты кешенді түрде өңдеу жайында ұсынған концепция, шынтуайтқа келгенде, ғалымдар мен мамандарды, сондай-ақ билік тұтқасын ұстағандарды алда тұрған маңызды да күрделі мәселелерді шешудің нақты әдістемесімен жарақтандыратын философия, әріптестері мен шәкірттерінің бағасы бойынша – техникалық философия болып табылады. Одан автордың инженерлік қана емес, реформаторлық, мемлекетшілдік көзқарастарының жиынтығын айқын көресіз. Өкінішке қарай, оның аз ғана таралыммен автордың өз қаражатына шығарылған іргелі еңбектері әлі күнге дейін ғылыми-зерттеу орталықтарына, өндіріс және оқу орындарына жете қойған жоқ.
Ол мемлекеттік қызметтен кеткенмен, жаңа экономиканы жаңаша басқару туралы, минерал-шикізат ресурстарын пайдалану мәселесі жөнінде, кәсіпорынды жекешелендірудің ерекшеліктері жайында, басқа да көптеген өзекті проблемалар хақында үкімет пен парламент басшыларына нақты ұсыныстар айтылған хаттар мен түсіндірме-жазбаларды тоқсаныншы жылдардың ортасынан бастап үздіксіз жолдап отырды. Бөтен менеджмент пен сыртқы несиеге бағдар ұстаған басшылыққа оның ұсыныстары ұнай қоймаса керек, әйтсе де академик мемлекетшіл көзқарасынан еш айныған жоқ. Қазақстанның өз потенциалына – жан-жақты білімі бар кадрлеріне, өндірістік, ғылыми және рухани күштеріне сену және арқа сүйеу ғана халық мүддесіне қызмет ететін ашық, бәсекеге қабілетті, еркін экономика құруға мүмкіндік береді – Тәкежанов өмірінің соңына дейін (ол 2003 жылғы 20 тамызда, экономикалық дербестік пен тәуелсіздік мәселесінің қатаң кеңестік жоспарлау дәуірінде қалай сананы жаулай бастағаны туралы мақаласын айтып жазғызып тұрғанында, жұмыс үстінде үзілді) осы ойда болды.
Осынау алып тұлғаның – инженер, реформатор, мемлекетшіл азаматтың туғанына биыл 85 жыл толып отыр. Оның еңбектерін бүгінгі іс басындағы тұлғаларға, баршамызға тым болмаса осы мерейжыл орайымен байыптап назарлау жөн болар еді, өйткені ғалым және қайраткер Сауық Темірбайұлы Тәкежановтың мазмұнды ғұмырында бүгінгі тәуелсіздік туын көтерушілер үшін үлгі етерлік сәт мол. Біз оқырманға ұсынып отырған бұл шағын шолуымызда тек соның шет жағасын ғана айта алдық.

Алдыңғы «
Келесі »