ИМПРЕССИОНИЗМ ИІРІМІ немесе С.Бексейіт поэзиясындағы тұнжырау категориясы

  • 21.08.2017
  • 637 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ерғанат Кеңесбекұлы,
әдебиеттанушы

Аңдату

Сәбит Бексейіт есімі қазақ әдебиетіне әлі күнге дейін табанды түрде үлес қосып жүр. Жиырма шақты кітап иесі. Жазушылар одағының төрінде, ҚЖО Басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Талаптан Ахметжанның қолынан билет алу бақыты бұйырған санаулылардың бірі. Аудиториясын әлі жоғалтпай, берерін сарқымай жүрген дегдар поэзия өкілі. Ағамыз тұрғысында жазылып сызылған дүниелер жетерлік. Тіпті, монография жазылды деген ақпарды да құлағымыз шалып қалды. Болмысы да кесек. Оның шығармашылығы жөнінде қазақтың қабырғалы қаламгерлері Қ.Бекхожин, Т.Бердияров, М.Хамзин, Р.Ниязбек, Ұ.Есдәулет, С.Ақсұңқарұлы, Е.Дүйсенбай, А.Смайыл пікір білдірді. Қарағандыдағы әдебиетке ықыласты біз секілді қалаға енді келген жас буынның көзіне алдымен Тұрсын Жұмаш, Қара Дәулет, Базар Мамыр, Сәбит Бексейіт, Сайлаухан Нәкенов секілді сеңгірлер көрінді. Сондығынан да, осы есімдер бізге ыстық.
Сәбеңмен небәрі екі-үш рет қана ұшырасып едік. Басындағы тосырқаныс пен ептеген аңдаудан соң емен-жарқын сөйлесіп кеттік. Арқасы бар кісі екен. Әңгіме айтысында шамырқаныс пен өзіне жарасымды әртістігі де бар екен. Әлбетте, ой орамдары біздік буыннан әлдеқайда алыс. Не дегенімізбен, кеңестік алып мектептің қабырғасынан шыққандығы көп жайтты аңғартады. Сонау 1975 жылы қазақтың академик ақыны Қалижан Бекхожин Сәбит ағамызға батасын берген болса, Ұлықбек Есдәулет «Өркениет заманының сөзгері» деген еңселі пікір білдіреді. Ол бүгінгі таңда 21 кітаптың авторы. Бір қызықтысы, автор орыс тілін де жетік меңгерген. Мәселен, Елбасымыздың «Елім менің» атты даңқты жырын 1997 жылы орыс тіліне тәржімелеген. Ақсамал ақын Ғалым Жайлыбайдың бертіндегі «Қара орамалын» орыс тілінде сөйлетті. Біздің мұндағы күндерімізде шетел әдебиетінің қыр-сырын білетін машықты сөз тарландары некен-саяқ. Сәбит Бексейіт осы санаулылардың бірі.

Желі

Біздің көңіл-күйімізге С.Бексейіт поэзия­сындағы тұнжырау категориясы жақындау келді. Қайталап жазайық: тұнжырау ұғымы. Әлбетте, әлімсақтан қазақ шайыриятында көгенделген қозыдай бір мұң деген нәрсе қоса тізделіп жүретіні аян нәрсе. Біздің айтпақшы болып отырған тұнжырауымыз «бұрынғы әннен өзгерек». Қазақтың түсіндірмелі сөздігі бұл категорияны «түнеру, түксию» деп «түсіндіре» салғанға ұқсайды. Біздіңше, «қалың ойға бату» деген мағынасын ескермеген сыңайлы. Біз айтқан тұнжырауға сыршылдық қосылады. Еңкейе бастаған шақтың ептеген сараңдығы қосылады. Көркемдік тұрғысында келетін болсақ, бұл тақырып бізді адастырмайтын секілді. Енді, мәтінге бір қаралық.
Тумайды көптен тың саздар,
Өйткені,
жүдеу гүлзарлар,
сая жол күңгірт,
тұнжыр бақ,
айтпайды назын қыздар да.., – дейді, шіркін. Автордың өзі нұсқағандай өлеңнің алғашқы шумағы күңгірт түске боялып тұр. Бақ пен саяжолдың бұрынғыдай кісі көңіл-күйінің көңілді райын шақырмайды. Бірақ, бір кілтипан бар… Ол гәпті шешуге талпынып көрелік.
Туар ед өлең бір наздан,
Жоламай маған жүр жазған.
Торлап-ақ отыр әсем ой…
Сезімсіз, жаным, жыр жазбан, – деп бекіпті Сәбит ағамыз. Осы шумақтан сууға тырыспаған жылылық барын аңғарасыз. Қатал ғұмырдың қағидасына бағынғысы келмеген ақын жүректің аласұрғанын танисыз. Бірақ, өлең қартаймай тұр. Парадокс. Өлең өлең қалпында және нәші кеп тұрған кәдімгі сүйкімді формада сызылған. Енді, бастабына оралсақ. Сонымен, ақын көңіл күй лирикасының хас шебері деп мойындап жатырмыз. Әсіресе, импрессивтік реңктерді сәтті тереді. Біздегі әдебиетте импрессионистік ағым қалыптаспағанымен ішінара өкілдері жоқ емес. Бұл тақырыпта Сәбит ақынның суреткерлігін айта кету өте-мөте қажетті. Келесі шумаққа келелік.
Жаз – джаз айы…
Аз жазсам да жаз айын саз жазайын.
Маужыр маусым, тамылжыр тамыз қандай,
Шілде қандай – шіліңгір маздақ айым, – деп тамсанады суреткер («Жаз» идиллиясы). «Жаз – джаз айы…». Құлаққа тосын естілгенімен недәуір өзге леп сыйлайды. Қазақы дүниетанымы қалыптасқан көзі қарақты оқырманға жайсыз көрінген бұл тіркес бізге дәстүрлі жолдан сара өріс тапқан тың машық деп бағалауға лайық. Ақынның поэтикалық лексикасында шетелдік терминдер мен ұғымдар көптеп кездеседі. Бұл үрдіс оқырманға қалыпты әсерден бөлек «бейуақыттың сілкілеп шаңын қаққан» рухани ділазық екендігі анық.
Ақын «Бір түңіл» атты өлеңінде бүй дейді:
Үш жүз және алпыс алты күн-түнің.
Вахтасындай күрсініс пен күлкінің.
Тірлік болса, соның көбі уайымсыз,
Өміріңнен адам болып бір түңіл.
Осы өлең шумағын оқығанымызда біздің есімізге бірден С.Керімбайдың «Логотерапиясы» орала кетті. Яғни, адам дейтін саналы затқа редукционистік көзқараспен қараған қоғамның зиялылары осындай тосырқанысты молырақ суреттейді. Түсіндіре кетелік, редукционизм дегеніміз саналы адамға зат секілді салғырт қарау. Адам есебінде есептемеуді білдіреді. Қаза түсетін болсақ, өркениетті қоғамдардың осындай нәзік өнермен айналысатын дара тұлғалармен бірігіп атқарар шаруасы азайған. Ол қоғамдарға МЕГА жобалар мен ГАЛА концерттік форматтар әлдеқайда тиімді. Яғни, олардың қазірлігі мен бүгіндігі тұрғысынан алсақ,бәлкім орынды да шығар. Ғалым М.Хамзин біздік ізденісімізді постмодерн терминімен түсіндіргісі келгендей. «Постмодернизм – қазіргі таңдағы көз ілеспес жылдамдықпен зымырап бара жатқан біздің нақты уақытымыздың, заманымыздың көркем жүйесі. Онда өз қоғамына көңілі толмаушылық элементтері жиі кездеседі. Ақын поэзиясындағы терең мазмұнға лайықты пішін категориясының асқан шеберлікпен үйлесуі оның қоғамдағы келеңсіздіктерге терең үңіліп, адамзаттың қас жауы – азғындау, рухани экспансия екеніне назар аударуына алғышарттар жасаған». Бұл турасында келісуге де болады. Не дегенмен автордың соны сапарға шыққаны жасырын емес. Шетел әдебиетінің нәрін қазақ өлеңіне әкелу ниеті аңғарылады. Сәтті дүниелері де аз емес. Бірақ, кейде сол дүниелердің кейбірі поэзиядағы көңіл-күй, ырғақ, көркемдік, идея квадригасынан айырылып қалып жататын кездер де жоқ емес. Себебі, әрбір жаңа дүние құрбандықты қажет ететіні сөзсіз.
Сәбит Бексейіттің өлеңдерін оқи отырып ұлтымыздың уақыт кезеңінде нендей ауыртпалық кешкенін, қалай өзгергенін аңғаруға болатындай. Сондығынан болар, кейінгі шығармаларында тұнжырау ұғымы қылаңытатыны сөзсіз. Себебі. Себебі, бұл ақын қасіретін айта алмайтын қазақтың әрбір азаматының атынан сөйледі. Өмір сүру машық пен әдетке айналғанда ұлттық сананың атынан бебеуледі. Ендігі кезекте ымыраға өмірі келмеген ақын мен қоғам қайшылығы да үдей түсті. Сөйтіп, халық санасын екі тізгін бір шылбырда ұстағысы келген қоғам иелері өнер иелерінің санасын да жемдеп ымыраға келтіруге ыңғайланды. Міне осы тұсты ақын жырлары әшкерелейді.

Тұжыру

Біздің өнержайымыз мектеп, кейінірек университет қабырғасына ауысты. Қазір де түрлі түрлі поэзия клубтары жұмыс жасайды. Бірақ, олардың қылған қызметтері желдеп кеткен қосмүйіздіге көбірек келіңкірейді. Себебі, онда отырған азаматтар мен азаматшалар әдебиет деген атауды желеу қылып өмірін айлықпен ұзартып отырғандар. Бүй деп қаталдау сын айтуымыз 21 ғасыр тұрғысынан алғанда орынды.
Қазір құндылықтар инфляциясы басталған уақыт. Оның ішінде сөз өнері де күрделі құнсыздану үстінде. Әсіресе, авторитарлы «салт-дәстүрге» еті үйреніп қалған оқырмандар бұқарасы қаптаған қаламгерлерді тізімнен қарай салуға әуестеніп, әуестеніп дейміз-ау әдістеніп алғанға ұқсайды. Сондығынан, әр уәлаятта тек бірді-екілі негізгі авангард ақынның немесе жазушының сұлбасы көз мұнартады. Қалғаны тізімдегілер. Демек, жеке шығармашылық лабораториясы тұрғысын әзірге сөз етпей қоя тұрсақ та болады екен.
Енді, ақындық темперамент тұрғысынан қарар болсақ, біздің кейіпкеріміздің шығармашылық потенциалы жеке дара сөз етуге тұрарлық болғанымен осы манағы жазылып кеткен қасаң қағидалар тастаған тақиямызды жерге түсірмей тұр.
Хош. Әр заманның бір қисынсыз дүниесі бас шығарып тұратыны табиғаттың бұлжымас заңдылығы болмақ. Бастысы, ақын жаны сұлулық пен сұрқайлықты қаламымен қақ жарып, құбылғыдай құбылған заман келбетінің құбылыстарының әрқайсына өзіне лайықты ат береді. Сондығынан, біз ақынның деніне саулық, қаламына иманды еліне қызмет ете берер қарымдылық тілейміз.

Алдыңғы «
Келесі »