Қолжетімді баспана кімдер үшін қолжетімді?

  • 20.09.2012
  • 584 рет оқылды
  • 1

Шолпан ҚАРАЕВА,
журналист

«Қолжетімді баспана» бағдар­лама­сының елде жұмыс істей бастағанына біраз уақыт болса да, оның игілігін кө­ріп жатқандар аз. Тоқсан түрлі толғауы көп бюрократияға негізделген бұл жүйе­де баспаналы болуға ниеттенген қарапайым азамат қырық түрлі қағаз жинаумен, ірілі ұсақты шенеуніктердің есігін тоздырумен, таң бозынан барып, қас қарайғанға дейін кезек күтумен уақытын өткізіп жүр. Және бұл жолда сол сандалысының жемісін жеп жүргендер сирек. Жыл сайын қаржылық қоры Үкімет шешімі арқылы қомақты көрсеткішпен толықтырылып отыратын қазақстандықтарға арналған «қолжетімді баспана» бағдарламасы қанша жерден қалай түрленсе де, қазақ үшін «қолжетімсіз баспана» биігінен түсер емес. Бізде бұдан өзгеде саны бар, сапасы жоқ, «баққаның бес ешкі, ысқырығың жер жарадының» кебіндегі жобалар жетіп артылады. Сіз бен біздің салымшы есебіндегі қаражатымыздың қомақты бөлігін қарпитын баяны жоқ бағдарламалар бізге керек пе?

Элитаның рейтингісімен шығарылатын есеп
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Николай Тихонюк «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы кіріс көлемі 200-220 мың теңгеден аспайтын адамдар төменгі табыс көрсеткіші 60-65 мың теңгені құрайтын азаматтардың осы бағдарлама негізінде баспана сатып алуға болатынын мәлімдеді. Ресми билік Қазақстандағы орташа айлық жалақының көрсеткіші 95 мыңды құрайтынын айтса, шын мәніндегі жалпыхалықтық орташа көрсеткіштің 40-50 мыңнан аспайтынын да айтып жүрген мамандар бар. Қарапайым қазақстандықтардың бүгінгі тыныс-тіршілігі соңғы көрсеткіштің жоғарылығымен ақиқатқа жақындатады. Ендеше, жаһанға жария етілген жаңа бағдарламаны естіген кез келген қарапайым азаматтың ойына: «Айлық табысы 220 мыңнан асатын азаматқа «Қолжетімді баспана» арқылы үйлі болу қажеттілігі бар ма?» немесе «мен ай сайынғы алатын 65 мың теңгелік айлығымды үйдегі үш төрт баламды келесі айлыққа дейін асырап сақтауға жұмсаймын ба, әлде бағдарлама бойынша алған (ғайыптан тайып ала қалған жағдайда) баспанамның несиесіне жұмсаймын ба» деген сауал көлденеңдейтіні заңды. «Біз енді елдегі банктік жүйелерге бәсекелес болдық, халыққа енді бұған дейін шаршы метрін 2-3 мың доллардан үлестіріп келген банктік талап жүрмейді, біз енді оны үкіметтік арнайы комиссия белгілеген арзандатылған бағамен үлестіреміз» деген Тихонюк мырза қазақстандықтардың шынайы өмір салтының сол үкімет ұсынады деп жоспарланып отырған шаршы метрі 800-1000 доллардың да несиесін өтеуге қабілетсіз екендігін естен шығарған сияқты. Бұдан бірнеше жыл бұрын басталған несиелік тұрғын үймен қамту жүйесі «Қолжетімді баспана-2020» деген атаумен 5 маусым күні Үкімет тарапынан қолдау тауып, бекітілді. Бірақ, содан бері міне, біраз уақыт өтсе де бұл бағдарламаның тиімділігін, пайдасы мен зиянын көпке түсіндіруге талаптанып жүрген ресми билік жоқ. Өрмекшінің торындай шырмалып кете беретін бағдарлама баспалдақтарының оңтайлы жолдарын қарапайым халық түгілі, орталықтарда отырған зиялы саналатын интеллигенцияның өзінің де түсінуі қиын.
«Енді жас отау иелері осы несиеге алған үйлерінде тұра береді. Ай сайын осы үйлері үшін төленетін аренда ақшасы олардың несиелерін он-он бес жылда жабатын болады» деген Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Николай Тихонюк сол жас отау иелерінің он-он бес жылда шаршы метрі 1000 доллар тұратын несиені қалай төлейді, оған сол отау иесінің қабілеті үнемі келе бере ме? (адамның үнемі жоғары табыс тауып тұруына сенімі бар ма, ауырады, сырқайды, түрлі сәтсіздіктерге ұшырауы мүмкін, өзге шығындары көбейеді дегендей) немесе осы жас отбасына пәтер ұсынып отырған мемлекет сол отбасының несиесінің жабылып біткеніне дейін оның табысының сол көрсеткіште тұратынына, оның медициналық сақтандырылатынына, айналадағы бөлшек саудадағы тұрғын үйлердің сатылым бағаларының бір деңгейде тұрақтап тұратынына кепіл бола ала ма? Қазіргі кез келген жас отау иесімен сөйлесе қалсаңыз, өзінің ондай «нұрлы» болашағына сенбейтінін айтады. Оған он-он бес жыл бойы бір-екі бөлмелі үйді ақылға қонымсыз аспандағы ақшаға сатып алып, соның қарызын өтеумен сандалып күн кешкенше өз бетінше қарекет етіп шалғайлау жерден болса да жер алып, жер кепенің басын қусырып, арқасын кеңге салған тиімді.

Шаруасы бар жұрттың базар жағалап несі бар?
Астанада өтіп жатқан Индустриялық форум барысында «Бүгін еңбек істеймін деген адамға Қазақстанда кез келген жұмыс табуға болады. Ол үшін еңбектену керек. Мына зауыттар тұрғанда қажетті мамандықтардың бәрін игеріп жұмыс істемейтін болсақ, біз Қазақстанды дамыта алмаймыз, жағдайымызды түзей алмаймыз. Балаларымыздың болашағын жасай алмаймыз. Бүгін еңбек істеймін деген адамға Қазақстанда кез келген жұмысты іздеп табуға болады. Оңай жолмен жүріп неше түрлі қилы-қилы мәселелерді жасауға болады, жігіттерге де, қыздарға да. Бірақ екі қолың бар, басыңда миың бар, аман-есенсің. Неге жұмыс істемейсің? Жұмыс беріп отырмыз ғой. Ауылда да беріп отырмыз, қалада да беріп отырмыз. Жұмыс орны, айтып отырмыз, бар. Жоқ, бар жұмысты істемей, базарда жүру керек масқара болып. Ұяты жоқ ер заматтардың. Жұмыс істемеудің амалымен анда-мында жүргендері құр бос сенделіп… Олай болатын болса, еліміз болып өркендемейміз, өспейміз», – деген Мемлекет басшысының нұсқауын қай жергілікті басшы құлшына кірісіп іске асырып жүр? Қай зауыт пен фабриканың өндірісі дөңгелеп тұр, оған жылына мынша қазақстандық жұмысқа тартылып отыр, оның жемісі мынадай дей аласыз ба? Жергілікті жерлердегі еңбекпен қамту мекемесінің қай қызметкерінің ауылда сеңдей соғылысып жүрген жастарды білімге тартып, шағын оқу курстарына шақырып жүргенін көрдіңіз? Сіз қазіргі атқарушы орындар тарапынан істелініп жатқан мұндай игілікті шаруалардан гөрі ата анасының зейнетақысына отбасын асырап отырған жасты, екі қолға бір күрек таба алмай есік тоздырып жүрген жүдеу, жұпыны жұмысшыны ғана көресіз. Жергілікті атқарушы билік ауылды жерлердегі жұмыссыз жүрген жастар түгілі бүгінгі таңда жоғары оқу орнын бітіріп, «Дипломмен ауылға» арнайы бағдарламасымен келген жастардың өзіне жұмыс тауып бере алмай отыр. Солардың өздерін күн сайынғы жарнамадан айтатын «бір реттік жәрдемақы, баспана, жақсы жұмыс орнымен» қамтамасыз етуге дәрменсіз. Осындай келеңсіздіктерден кейін қазақ базарда арба сүйреп, еден жумай, көйлек-көншек сатып, көше сыпырмай қайда барсын? Сол қаракөздерді қамқорлығына алып, бауырына тартып жатқан қай шенеунікті атай аласыз? Тұрмыс-тіршіліктің қамымен жүрген осындай «массаның» «Қолжетімді баспана» бағдарламасын арман етуге негізі бар ма?

Сапалы бағдарлама саналы ұлтты қалыптастырады
Жоғарғы билік аузынан «Кәрістер күніне он сағат, аптасына алты күн жұмыс істейді. Бір түйір көмір тұрмақ, темір тұрмақ, еш нәрсесі жоқ ел бүгінгі күні дүниенің он озық елінің ортасында тұр. Себебі, еңбекқор» екендігі айтылды. Бірақ, олардың Президенті Ли Мен Бактың білім саласындағы, халықтың тұрмыс-тіршілігі жолындағы жанқиярлық еңбегі айтылмады. Ли Мен Бак демократияға ұмтылған басшы. Ол өз елін озық, білімді, өнертапқыш жасампаз елдердің алдыңғы шебіне қосу жолында өзінің жиған жеке капиталын да білім жүйесіне салғаны үлгі етілген жоқ. Ли Мен Бактың өз ұлтына деген шексіз махаббаты, өз ұлтына, өз ұрпағына деген ерекше көзқарасы көпке үлгі болуға тиіс ұстаным. Олардың жетістігі де осында. Жасампаз ұлтты ұлықтайтын да осы ұстаным.
Біздің жоғарғы эшолонның тиісті міндетін атқарудағы қарекетсіздігін өздерін-өздері әшкерелеп жататын қайшылықтардан-ақ аңғарасыз. Парламент мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының басшысы Азат Перуашев бір сұхбатында: «Бізде бір үрдіс қалыптасты. Мемлекеттік органдар айлық алғысы келеді, бірақ ештеңеге жауап бергісі келмейді. Олар өздеріне қымбат көлік алғысы, сән салтанаты келіскен кеңсе-сарай салдырғысы келеді және өздерінің атқаруға тиісті міндетті шаруасын қарапайым азаматтарға арта салғысы келеді» (BNews.kz) – деді. Осы «мойындау-ақ» біздің биліктің өздеріне тиесілі міндеттерді атқарудағы құлықсыз екендігін көрсетіп берді. Ендеше, өзі үлгі бола алмай отырған басшылық өзгеден қалай өнімді еңбекті талап етеді?
Баспана мәселесі таусылмас тақырып. Саны көп сапасыз құрылыстардың жауабын да Перуашевтың сөзінен табамыз. Үй құрылысына бөлінген қаржының талан-таражға түсіп кетіп, нәтижесінде сапасыз үйге ұрынып, бүгін де жауапкерін жазаға тарта алмай жүрген көпшілік жетерлік. Бұны қалыпты жағдайдай қабылдайтын шенеуніктер «бұл не деген сұмдық?» дегеннен әріге аса алмайды. «Тұрғын үй салуға бүгінгі таңда 44 мың кәсіпкерге лицензия беріліпті. Бұл не масқара! 16,5 млн.адам үшін – 44 мың мекемеге лицензия беріледі! Сонда бізде кез келген үй салғысы келетін адам бара салып лицензия ала беретін болып тұр ғой» – дейді баспасөз мәслихатында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Николай Тихонюк. «Сонда лицензияны беруші кім? Олар қандай талаптарға сүйенеді? Ол лицензия иелері неге саны бар, сапасыз нәтиже көрсетеді?» деген сауалдарға осы іске жауаптылардың қатарындағы жоғары шендінің ақылы жетпей отырғанда, қарапайым, үйден үміткер көптен не ақыл сұрарсыз?

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Зауытта кімдер істейді?

Пікірлерге тыйым салынады.