Идеология бастауы – рухани жаңғыру

  • 19.07.2017
  • 1576 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бақтияр Сманов,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының
академигі

Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы – күллі қазақтың рухани әлемін дамытып, сапалық тұрғыдан жаңғыртуға жетелеген, еліне деген нағыз патриоттық сезімін еселеген стратегиялық маңызы зор құжат болғаны айқын. Рухани жаңғырудың басты жолы – қоғамдық сана мен біртұтас идеяны қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, жасампаздыққа ұмтылу. Тегінде, жасампаздық рухы қазақ халқының табиғатына екі бастан тән нәрсе. Бұған тек кең өріс ашып, оның дамуына тың серпін беру ғана қалып отырған болатын. Осы тұрғыдан алғанда, Елбасы мақаласының өзектілігі мен маңыздылығы ешқандай дау тудырмайтыны анық. Бұл – мазмұны тым терең, ауқымы аса кең, қоғамдық сананы шырқау биікке көтеретін, ұлттық құндылықтар дамуының бағыт-бағдарын, жөн-жобасын барынша айқындап берген өте маңызды бағдарлама іспетті болғаны ақиқат. Өйткені, Мемлекет басшысының бойымыздағы рухани құндылықтарды түзетіп, оны жасампаздықпен жаңғырту жолындағы ордалы ойлары санаға рух, жанға жігер беретіні сөзсіз.
Расында да, ата-бабаларымыздан аманат болып келе жатқан ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетіміз, төлтума өнеріміз, сандаған ғасырлар бойғы тарихтың елегінен өтіп қалыптасқан әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәстүрлеріміз, тіліміз, дініміз, діліміз – мұның бәрі, бір сөзбен айтқанда, біздің ұлттық кодымыз. Яғни, ұлттық рухымыз, оны өз бойымызда мәңгі сақтап, осы заманға сай жақсы жағынан қайта жаңғыртып, келесі ұрпаққа жеткізу әрбір қазақ баласының басты міндеті болуы керек. Сонымен бірге, қазіргі таңда жиі кездесетін кейбір жағымсыз нәрселерден, мысалы, рушылдық, жершілдік, тамыр-таныстық, жең ұшымен жалғасу сияқты ұлттың өркендеп дамуына кедергі келтіретін келеңсіз әрекеттерден арылмасақ, әлемдік көштен, өскелең өркениеттен артта қалып қоюымыз әбден мүмкін. Өйткені, салт-дәстүрі мен тағылымды тарихынан сусындап өскен ұрпақтың ғана санасы таза, тұғыры биік, іргесі берік болады. Олар әлдебір радикалды теріс ағымдар мен можантопай мәдениеттің жетегіне ешқашан кетпейді. Мемлекет басшысы өз мақаласында, міне, осы ұстанымды айқын көрсетіп береді. «…Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек». Жаңаша ойлап, қоғам, ел үшін отандастарын игілікті істер жасауға үндеген Елбасы одан әрі былай дейді: «…Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай».
Менің ойымша, бұл – тектен-тек айтылып отырған сөз емес. Бұл – бізге бүгінгі озық технологиялы жаһандық ықпалдасудан, сонымен бірге түрлі қауіп-қатерден қорғанудың да жолы. Бұны былайша түсіндіруге болады: қазіргі кезеңде әлем елдері жаңа тарихи өзгерістер кезеңінің бастауында тұр. Бұл өзгеріске түскелі тұрған дәуір күллі адамзатқа әлі бұлыңғыр. Оның, жалпы, өркениеттің дамуына қандай прогресс әкелетіні жай халық түгілі, мүйізі қарағайдай ғалымдардың өздеріне де жұмбақ. Дегенмен, мұндай беймәлім әлемнен біздің де алатын өз үлесіміз бар екенін естен шығармауымыз керек. Осы ойымызды әрі қарай өрбітетін болсақ, ендігі арада сол ұлттық кодымызды сақтау мен оны өкше басар кейінгі ұрпақтың бойына қалай сіңіреміз деген мәселеде ойласатын жағдайлардың көп екені айтпаса да түсінікті жайт. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ең алдымен халықтың бәсекеге қабілеттілігіне айрықша мән беруді ұсынады. Яғни, әрбір қазақстандық денсаулығы мықты, жоғары мәдениетті, компьютерлік сауатты, терең білімді, оның ішінде шет тілдерін меңгеру, мәдени ашықтық сияқты қазіргі қоғамның берік ұстанымына айналған қасиеттерге ие болуы керек. Ол кез келген елде, кез келген ортада емін-еркін сөйлеп, өз пікірі мен дербес ұстанымын дәлелдеп өткізе білетін, әрі ұстамды, әрі қарапайым, әрі салиқалы да салмақты, салауатты өмір салтын ұстанған адам ретінде қалыптасуды талап етеді. Сол үшін де Ұлт Көшбасшысы «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілді білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалардың қолға алынуы біздің халқымызды ХХІ ғасырдың талаптарына сай даярлаудың алғашқы қадамдары екендігін көрегендікпен болжам жасап, оған өзі мән бере дәлелдеп отыр. Елбасы әдеттегідей бұл бағдарламалық мақаласында да қоғамдық өмірдің аса мәнді саласы – жалпы білім беретін орта мектептер мен жоғары оқу орындарының, тіпті, тұтас білім беру ісінің рөліне ерекше тоқталып өтеді. Мақаласының «Білімнің салтанат құруы» деп аталатын бөлімінде Президент: «…Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіп, өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді. Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз», – деп, озық білім мен жаңа, төл ғылымды игерген елдің келешегі баянды болатынына ерекше назар аударады. Осы тұста баса ескертіп өтетін нәрсе, жастарға, еліміздің болашақ иелеріне дұрыс жол көрсетіп, жөнге салу өте маңызды іс дер едік. Керек десеңіз, бұл сала маңыздыларының ішіндегі маңыздысы. Ал, университеттер мен арнаулы кәсіптік және орта мектептер – жас ұрпақты әлеуметтік ортаға алғашқы болып бейімдейтін, оларды қоғамның толыққанды мүшесіне айналдыратын бірден-бір мемлекеттік құрылымдар. Сондықтан, жастармен жұмыс істеуде ешқандай қателікке жол бермеуге тиіспіз. Бұл жерде біздің мектеп пен жоғары оқу орындарының маңызына тоқталып отырған себебіміз – аталған білім беру мекемелері (мемлекеттік болсын, жеке меншік болсын) тек білім беруші ғана емес, сонымен бірге ұлтты тәрбиелеуші құрылымдар болып есептеледі. Елбасы айтып жүрген бүкілқазақстандық біртектіліктің рухани ұстыны осы тәлім-тәрбие беруші құрылымдардың іс-әрекеттерімен тікелей байланысып жатыр. Демек, білім беру саласына, оның бүкіл құрылымдарына «…Оқыту арқылы тәрбиелеу және мінез-құлықты қалыптастыру» деген бұрынғы басты гуманитарлық ұстанымды қайтарғанымыз абзал. Мұндағы білім беру мен әрбір адамның интеллектуалдық мәдениетін, ұлттың санасын кемелдендіруді көздегендегі басты мақсат – заман талабына лайық жан-жақты білімді, бәсекеге қабілетті болу өз алдына, уақытты үнемді, ұтымды қолдану, яғни, еңбекті ғылыми тұрғыда ұйымдастыра білу, қағазбастылықтан арылу, кәсіби біліктілігі жоғары, талантты адамды қолдап-қорғау, оған даңғыл жол ашу, әділетсіздік, опасыздық, екіжүзділік секілді келеңсіз істерге тойтарыс беру, үйренген білімді ісінде, сөзінде, қимыл-әрекеттерінде қолдану, яғни, бейнелеп айтқанда, тіршілікке қажетті сәулені сырттан алмай, өз жаныңның түкпірінен іздеп табу, соны алу. Сондай-ақ, басқаларға өз жаныңның сәулесін түсіру және Мемлекет басшысы атап өткендей, білім ордаларының аудиторияларында толыққанды сапалы білім беріп, келешектің кемел тұлғасын тәрбиелеп өсіру болмақ. Бұл ретте, біз білім мәдениетінің рөліне ерекше көңіл аударсақ игі. Себебі, білім дегеніміз – мәдениет, мәдениет дегеніміз – білім. Бұлар бірін-бірі толықтырып тұратын, жымдаса байланысқан тамырлас ұғымдар. Егер, білім мен мәдениетті дамудың стратегиялық рухани ресурсы деп қарастыратын болсақ, онда экономикадағы, технологиядағы, тіпті, қоғамдық қарым-қатынастардағы көптеген өзекті мәселелер өзінен-өзі шешімін табатыны сөзсіз. Бұлар – бірбеткейлік пен ашу-ызаға, бей­берекетсіздік пен зорлық-зомбылыққа, яғни біздің өміріміздің барлық саласындағы тәртіпсіздіктерге қарсы тұра алатын асыл қасиеттер.
Елбасының осы мақалада көтерген тағы бір маңызды мәселесі – туған жерге деген махаббат. Шындығында да, туған жерді қорғау, туған елге қызмет ету білімнің көптігінен емес, елдік санаға туған жер мен елге деген сүйіспеншілікпен байланысты болатыны белгілі. Өзінің туған жері мен өскен өлкесінің көркеюіне үлес қоса білген әрбір азамат бүкіл елдің игілігі үшін қызмет ете алады. Бұл – аксиома. Дана халқымыздың: «Отан – отбасынан басталады», – деуі сондықтан. Мақала авторы бұл жайында былай дейді: «Қазақ «туған жерге туың тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, туған жерге оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриоттықтың маңызды көріністерінің бірі». Осы тұста біз кешегі күнге дейін әлем елдерінің, мәселен, Грекияның, Рим империясының, Еуропаның, Ресейдің тарихын, әдебиетін, мәдениетін, тіпті географиясын оқып келгенімізді айта кетуіміз керек. Өзіміздің төл тарихымызды, географиямызды білмесек те, олардың тарихы мен географиясын жақсы білдік. Әрине, оларды да білмей болмайды, білу керек. Білу үшін оқу керек. Бірақ, өкінішке орай, біз өз отанымыздың, туған жеріміздің тарихы мен географиясын, ботаникасы мен зоологиясын, мәдениеті мен дәстүр-салтын терең біле бермейміз. Мәселен, өзіміз туып-өскен жеріміздің атауы қалай қойылғанын, нендей негізге сүйенгенін, оның таулары мен жоталары, сайлары мен шатқалдары, көлдері мен өзендерінің аттарының тарихын, сондай-ақ, осы жерде туып, осы өлкенің көркеюіне өлшеусіз үлес қосқан, еңбек еткен аталарымыз бен әжелерімізді келер ұрпақ біліп, көкірегіне түйіп өсуі тиіс. Міне, шынайы патриотизмнің алғышарттары осы – туған жердің тарихы мен географиясын білуден, оны құрметтеуден, қастерлеуден басталады.
Сондықтан да, ұлттың патриоттық рухын жаңғыртуда «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты бағдарламаларының мәні орасан зор. Түсінген адамға «Туған жер» дегеніміздің өзі – «Киелі мекен» деген мағына береді, ал, ол тұтастай алғанда, «Ұлы дала елі» деген үлкен ұғымға алып келеді. Мұндағы айтайын дегеніміз, әр аймақта өлкетану жұмыстарын жандандырып, туған жерді түлету айрықша бір қасиетті шаруа. Ел қондыру, оған инфрақұрылымдар жүйесін жүргізу, төрт түлік мал өсіру, егін егу, байырғы елді-мекендердің атауларын қалпына келтіру, орман-тоғай, тау-тас, су-ну, аң-құсқа, қажет десеңіз әрбір бұлақ көзіне, әрбір ағашқа бақылау жасау өмір сүрген әрбір адамның қасиетті борышы болуға тиіс. Осындай өлкетану жұмыстарын сәтімен жүргізетін болсақ, мектептер мен университеттердің оқу бағдарламаларына «Өлкетану» пәнін енгізіп, сол өлкенің тарихы мен табиғатын, географиясы мен экологиясын, археологиясы мен демографиясын, руханияты мен ономастикалық ерекшеліктерін түбегейлі зерттеп, қопара жазу қолға алынса құба-құп болар еді.
Осы орайда тағы бір айта кететін нәрсе, туған жерден түлеп ұшып, ұлан-ғайыр еліміздің түкпір-түкпірлерінде, шет елдерде жемісті жұмыс жасап жүрген әйгілі жерлестердің басын қосып, ауыл тұрғындарымен, мектеп оқушыларымен кездесулер өткізіп, туған жерлеріне, мектебіне, ауылына қамқорлық жасағысы келген азаматтарды қолдап, ынталандырып отырса нұр үстіне нұр. Меніңше, жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасына ерекше көңіл бөліп, оның әлеуетін толық пайдалануы керек. Бұл жұмысты терең әрі байыппен ойластырып, туған жерге көмек қолын созған адамдарды қолдап-қуаттап, құрметтеп отырған жөн деп ойлаймын. Аталған бағдарламаны тиімді пайдаланатын болса, елді мекендерді көріктендіру мен көгалдандыру, мектептерді жөндеу мен компьютерлендіру, спорт алаңдарын салу, мәдениет үйлері мен кітапханаларды жөндеуден өткізу сынды тағы басқа да ел мұқтаж болып отырған тірліктерді жұмыла атқаруға болар еді. Мұның өзі Елбасының мақаласында айтылған ұрпақтан-ұрпаққа алмасып отыратын «елдік сана», «ұлттық болмыс» әлемін қайта жаңғыртып, оның асыл құндылықтарымыздың бой көрсетуіне септігі тиер еді. Елдік сана – ұрпақ сабақтастығымен тікелей байланысты. Ал, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз, халық болып, мемлекет ретінде ұйысып өмір сүру мүмкіндігі. Ол жекешілдікке қызмет етпейді. Сондықтан, бұл ұжымдық, елдік үрдіс болғандықтан ұлттық құндылықтарымызды туған жер, өскен өлке, киелі мекен ұғымдарымен сабақтастыра жаңғыртудың маңызы орасан. Қалай дегенде де «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты бағдарламалар еліміздегі жаны жайсаң, көңілі ізгі жандардың өзінің туған еліне шарапатын тигізіп, қайырымдылық іс-шаралар жасауына үлкен үлесін қосады деген сенімдемін. Жалпы, біз төлтума ұлттық болмысымыздан ажырап қалған халықпыз. Яғни, ұлттық дамуымыздың сонау көне замандардан сабақтасып келе жатқан сара жолы мен дара бағытынан адасып қалған жұртпыз. Осыдан барып, ұлттық прагматизм өзгеріске түсіп, аста-төк ысырапшылдыққа ұрындық. Еске түсірейікші, біздің ата-бабаларымыз әлемде теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанды емес пе?! Олар туған жердің ботаникалық, зоологиялық, фауналық-флоралық байлығын келер ұрпақтың игілігі үшін көздің қарашығындай сақтап, орынсыз ысырапшылдыққа ұрынбай, даңғойлық пен бос мақтанға жол бермей бізге жеткізді. Түсінген кісіге бұл шынайы прагматизмнің нағыз үлгісі еді. Өкінішке орай, біз ата-бабаларымыздың салып берген осы даңғыл жолынан адасып қалдық. Біздің дәстүр-салтымызға сай келмейтін батыстық «жалаңаш» тұрпайы мәдениеттің шырмауына түсіп, өзіміздің ғасырлар бойғы қалыптасқан асыл ойларымыз бен ізгі амалдарымызды, кісілік бітім-болмысымызды, әдет-ғұрпымызды тәрк еткен жағдайға дейін жеттік. Ел Президентінің: «…Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес», – деп отырғаны анық осы себептен. Ол мұны жаны ашығандықтан айтып отыр. Осы тұста, «прагматизм» дегеніміз не дегенге келетін болсақ, ол – нақты іс-әрекет дегенді білдіретін сөз. Бұл – субъективтік, идеалистік философиялық ілім. Прагматизмнің негізгі қағидалары – қандай ой-пікір, іс-әрекет болса да оны тиімділік тұрғысынан мойындау, адам белгілі бір мақсат үшін өмір сүреді, осы мақсат жолындағы ақиқатқа жетудің өлшемі практикаға арқа сүйеу; іс-әрекетте жетістікке жету үшін күмәнді еңсеріп, нық сенімге ие болу, яғни ақиқаттан бұрын сенімге ие болуды көздейді. Былайша айтқанда, прагматизм идеологиясы – рухани жаңғырудың жаңа бағыттарын айқындайтын өмір сүру философиясы. Мұндай философиялық іс-әрекеттер өзгерістер кезеңінде дүниеге келетінін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Бұл не деген сөз? Яғни, өмірдің әрбір сәтіне сәйкес келу, өмір сүру үшін өзгере білу және соған сәйкес әрекет ету, оны ұлттың жинаған тәжірибесімен ұштастыру прагматизм философиясының өзегі десе де болғандай. Президент Н.Назарбаев өз мақаласында ұлттың рухани жаңғыруының күретамыры прагматизм ұстанымдарының ұлт санасына сіңуімен тікелей байланысты екенін айта келіп, ол үшін қанымызға сіңген ментальдық болмысымыздың сипатына айналған кейбір тұрпайы дағдылардан арылу қажеттігін бүгінгі өмір шындығы дәлелдеп отырғанын алға тартады. Солардың бірі – аста-төк ысырапшылдық, даңғойлық, даңғазалық, астамшылық, маңдай термен келген байлықты бағаламау болып шығады. Мемлекет басшысы: «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көрегенділікті көрсе­теді. Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, салауатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың праг­матизмі деген осы», – деп жақсы айтты. Ұлт Көшбасшысының осынау терең ойлы сөзін ендігі кезеңде әрқайсымыз әр ісімізде, күнделікті тұрмысымызда, әдет-дағдымызда жаңғыртып, бағдаршам ретінде ұстануға міндеттіміз.
Мақаладағы бүкіл халықтың көңілінен шыққан тағы бір мәселе – латын әліпбиіне көшу. Елбасы қазақ әліпбиінің көне тарихын сонау VI-VII ғасырларға жататын «Орхон-Енисей жазуларынан» бастап талдап, ой са­бақтай келе, латын жазуына көшудің терең логикасын түсіндіріп өтеді. Одан әрі «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын және Ұлттық аударма бюросын құру мәселесін қозғайды. Гарвард, Оксфорд, Кембридж, Сорбонна секілді әлемнің өзге де танымал университеттерінің үздік оқулықтары негізінде таңдаулы, заманауи 100 оқулықты қазақ тілінде сөйлететін боламыз. Ойлап қараңыз, 100 оқулықтың қазақ тілінде сөйлеуі – бұл біз үшін үлкен жетістік. Оның сыртында авторлардың оқулық жазудағы әдіс-тәсілдері, шеберліктері, әдеби-мәдени, тарихи-философиялық айғақ-дәйектемелері де бізге сөзсіз қажет әрі төлтума оқулықтарымызды жазуда үлгі-өнеге болатыны айдан-анық.
Дүние – дөңгелек. Уақыт сол дөңге­лектің бойымен зыр қаққан ұршыққа ұқсайды. Уақыттың ұршығы әрқашан іс-әрекетте, қозғалыс үстінде көрінеді. Яғни, уақыт бір орында тұрмайды, ол алға озған сайын өзгерістерге түсіп отырады. Өзім білім-ғылым саласының өкілі болғандықтан айтатыным – бұл дүниеде өзгермейтін бір ғана нәрсе бар деп есептеймін. Ол – білім. Білім – табысты болудың да ең басты факторы. Өйткені, білім беру ісін бәрінен жоғары қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Соның ғана болашағына сенуге болады. Олай дейтініміз, қазақ атамыз: «Бір жылдығын ойлаған дән егеді, Он жылдығын ойлаған тал егеді, Мың жылдығын ойлаған ұр­пағына білім-нәр егеді», – деп жайдан-жай айтпаса керек.

Алдыңғы «
Келесі »