Ауызашар

  • 19.07.2017
  • 583 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Оралхан ДӘУІТ,
журналист

Қайбір жылы… Досым әрі бауырым Бейсенбай Тәжібаев облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактор кезі болса керек, ауылында ауызашар беруге ниеттеніпті. Малын сойып, дастарханын жайып, кешке ауыл адамдарын күтеді. Мезгіл – қоңыр күз болса керек, Бейсеннің ауылдағы ағасы қырда «К-700» тракторымен жер айдап жүр екен. Оған Бейсен: «Әке орнына әке боп жүрген үйдің үлкені боласыз, кешке ақсақалдар келгенде алдынан шығып амандасыңыз, ауызашар уақыттан бұрын кеп қалыңыз» деп ескертеді. Шынында ағасы жер дүниені тарылдатып, үлкен тракторымен ауызашар уақыттан әлдеқайда ертерек келеді.
Қас қарая шалдар да келе бастайды. Бұлар құрақ ұшып қарсы алған. «Ауыз ашылып», ел ет жейді, нарын жейді. Тәребе намазын оқиды. Осы кезде Бейсеннің шаруақор ағасы «Менің миссиям осымен аяқталды» дегендей өзі бата қылып, «Мен түнімен біраз жер аударып, жұмысты өндіріп тастайын» деп, тракторымен қырға кетіп қалады. Шалдар шай ішіп, әжептеуір әңгіме-дүкен құрып, түннің бір уағында тарасады. Осы кезде қараңғы көше жақтан шу шығыпты. Бейсен жүгіріп барса, көрші ауылдан келген бір шал есегін таппай тұр екен. «Ата, есегіңізді қайда байлап едіңіз?» деп сұраған ғой. Сөйтсе шал «Соған өзім де аң-таң болып тұрмын ғой, қарағым… Осы жерде тұрған бір трактордың соқасына байлаған сияқты едім» дейтін көрінеді шал. Шынында шал есегін ұп-ұзын соқаның ең ұшына байлаған екен. Бейсеннің ағасы қараңғыда «К-700» тракторына асығыс мінген де, соқасын тік көтерген күйі қыр асып кетіп қалған ғой. Есек байғұс, сөйтіп, Ораза айында қылғынып, шейіт болып кетіпті. Тағы жаны жаннатқа барғыр көк есекті шал көршісінен сұрап, мініп келген екен. «Қап, көршіден ұят болды-ау» деп, шал шапанының сыртынан санын соға берген көрінеді.

ГАЗОН

Менің жан достарым – бүгінде белгілі журналист-қаламгерлер Ғалымжан Елшібай мен Шадияр Молдабек мектеп бітіргеннен кейін ҚазГУ-дің сырттай бөліміне оқуға түсіп, Төлеби аудандық «Төлеби туы» газетіне жұмысқа тұрады. Ақ бас Алатаудың етегінде жатқан, бірі – Қасқасу, бірі – Екпінді ауы­лында өсіп, таудан төменге көп түспеген екі жас жігітке алғашында қаланың тіршілігі тым қызық, көп дүниесі таңсық көрінгені анық.
Бірде сенбі күні екеуі жұмыста отырғанда кабинетке газеттің бас редакторы Әбдімәлік Рахманқұлов бас сұғып: «Так, жігіттер, демалыс күні де жұмысқа шыққандарың дұрыс. Мен кеңшар аралап бара жатырмын. Тапсырмаларыңды орындап, жұмыстарыңа мұқият болыңдар… Айтпақшы, мынау есіктің алдындағы газонға абай болыңдар, мал тимесін» деп тапсырманы нығыздап, шығып кетеді.
Бас редактор кеткен соң алғаш болып Шәкең тіл қатыпты:
– Ғалеке, «газон» деген не ол?..
– Соны мен де білмей отырмын ғой… Жүрші, есіктің алдын көрейік…
Екеуі есіктің алдына шығып, былай-былай қарайды. Пәлендей көзге оғаш көрінетін ештеңе жоқ. Аулада ескі бір «Газик» көлігі тұр екен. Соны ары-бері айналып, бас-аяғын қараған жігіттер ақырында «Құдай біледі, бастықтың «газон» дегені осы болар» деп топшылайды.
Сөйтіп, екі сабаз кабинетте отырып, кешке дейін кезек-кезек далаға жүгіріп шығып, «Газикті» күзеткен ғой. Сәт сайын алып темірді бір айналып шығып, ешкімнің тимегеніне көздері жеткен соң қайтадан жұмыстарына кіріседі. Бұл кезде газонда сиырлар беймарал жайылып жүрген. Қарасан келгірдің бір-екеуі «Газикке» келіп сүйкеніп жатса, екі жігіт таспен атып, қайтадан газонға қуып тастайтын көрінеді.

ҚАҒЫС ЕСТУ

Ол жылдары орыстың белгілі теле­журналисті Влад Листьевті жұрт көбінесе «Час пик» деп атайтын. Өзі де осы аттас хабар жүргізіп, елге кеңінен танылды емес пе? Бірақ, өткен ғасырдың 90-жылдарының басында байғұсты біреулер атып, өлтіріп кетті. Әлі есімде, әріптестерінің В. Листь­евке деген құрметі болар, ресейлік барлық телеарналардың хабары тоқтатылып, марқұмның суреті күні бойы эфирде көр­сетіліп, қаралы музыка ойнап тұрды. Және Влад Листьевті бес күн аза тұтып, содан кейін ғана жер қойнына берді.
Шәуілдірлік Төпен Әмірбеков ағамыз екі кештің ортасында үйінде кітап оқып отырса, анасы Жұлқын кішкене көз іліп алайын деп демалып жатқан екен. Кешке Төпекеңнің төртінші сыныпта оқитын қызы Тазагүл сабақтан асығыс келеді.
Үйге кіре сөмкесін лақтырып тастап:
– Апа, естідіңіз бе? «Час пик» өліп қалыпты, – дейді ғой.
Күндізгі күйбелең тіршіліктен шаршап жатқан Жұлқын апа жастықтан басын жұлып алып:
– Алда байғұс… Қашан өліп қалыпты?.. – дейді салған жерден.
Сөйтсе, немересінің «Час пик» өліп қапты» дегенін апамыз «Тасбике өліп қапты» деп қағыс естіпті. Ол кісінің Тасбике деген жеңгесі болған екен.
– Қашан өліпті? – деп, қайталап сұрайды.
– Кеше түнде…
– Ойпырмай-ә… Кеше ғана шауып-шапқылап жүр еді… Не болып қалды екен? – деп, апамыз аяқ астынан әбіржіп қалады.
– Неден қайтыс болыпты бейшара?
– Білмеймін, әйтеуір үйінде атып өлтіріп кетіпті! – дейді немересі.
Апамыз одан бетер аң-таң.
– Атып кетіпті дейд… Ойбай, онда ол мал ұрлап жүргендерге кездесіп қалды ма екен? Әлде, біреулердің жасырын тірлігін көріп қалды ма? – деп, апамыз аяқ астынан сан түрлі жорамалдарды жасап тастайды.
– Білмедім, апа… Кім өлтіргенін ешкім білмейді.
– Қашан жерлейтін болыпты?
– Бес күннен соң.
– Әй, олардың дені сау емес шығар! Бес күнің не? Өлген адам сасып кетпей ме екен? Бес күн бойы кімді күтпекші… Ұл-қыздарының бәрі осы төңіректе тұрады ғой…
– Білмеймін, апа… Қазір өзін теледидардан көрсетейін деп жатыр, – дейді немересі асықпай.
– Ұрылар атып өлтірген қатынды неменеге теледидардан көрсетеді? – деп Жұлқын апа ашуға беріледі. – Әруақпен ойнағандары несі? Ол не, әкім бе еді, әлде бастық па еді? Адам дегенде ойына келгенін істейді екен-ау, ә…
– Енді, ол кісі танымал адам ғой… Орыстардың барлығы жылап жатыр…
Апам ойланып қалады.
– Енді ағайын, құда-жекжаттардың арасында сыйлы екені рас… Бірақ, ел таниды екен деп ойына келгенін істей бере ме? Шәуілдірде қалған үш-төрт орыс неменеге жылайды?.. Әлде кезінде жақсылығын көрді ме екен?.. Көп болса кезінде арағын ішкен шығар …
Шешесі мен немересінің арасындағы әңгімені естіп отырған Төпекең күлкіден бас көтере алмайды. «Қызым барып теледидарды қосып еді, марқұм Влад Листьевтің қара лентамен байланған суретін көрсете бастады. Денені шымырлатар қаралы әуен ойнап тұр. «Міне, өлген осы «Час пик» деді қызым. Сол кезде барып шешем өлген Тасбике емес екенін көріп, көңілі орнына түскендей болды.
Мұздай судан бір-екі ұрттап алған соң «Ей, қағынғыр… Тасбике өліп қалды деп зәремді ұшырғаны несі?.. Жөндеп айтпайсың ба?» деп, қызыма ұрса бастады…» деп сол күндерді еске алады Төпекең.

Ақ самаурын

Бала кезімде кіші інім Досболдың мінезі қызық еді. Әжеме қатты «табынатын». Былайша айтқанда, ол кісіден қатты қорқатын. Әрине, өзіміз де әжеміздің алдында батыр болдық деп айта алмаймын. Келін жұмсап, қолын жылы суға малып отыратын шағында шиеттей жас баланың ортасында жалғыз қалдырып, солардың түпсіз тірлігіне амалсыз көндіріп қойған тағдырына ренжи ме, әлде, сол кездегі жоқшылық заманға нали ма, әйтеуір, бізге тым қатал еді. Түрі де сұстылау, бізді қабағымен-ақ зыр жүгіртіп жіберетін. Әлі күнге жақын ағайындар оны сыртынан «сот, прокурор әже» деп айтып отырады. Сол Досбол әжемді ашуландырмаудың бар амалын жасайтын. Мұны енді қулық десе де болады. Таңертең әжем: «Тұрасыңдар ма, жоқ па?» деп бір айқайлағанда-ақ орнымыздан атып-атып тұрамыз. Әрине, әжем әскердегідей сіріңке жағып, неше секөнтте киінетініңді есептеп тұрмайды. Бірақ, әжем айқайламай тұрып, есіктің сарт етіп ашылғанынан-ақ орнынан атып тұрып, асығыс киінген Досболдың қимылына бір сіріңке шиінің жанып бітуі тым ұзақ болатын. Шай үстінде әжем көңілсіз көрінсе, Досбол сол күні құмшекерге қол созбай-ақ қоя салатын. Өйткені, «неғып көп саласың?» деп, әжемнің аяқ астынан ашуланып қалуы мүмкін. Ал, ол кісі көңілденсе, одан өткен мейірімді жан жоқ.Әрине, Досболдың «еңбегі» де жеміссіз емес еді. Әжем көбінесе соны мақтайды. Соның істеген тірлігіне ғана көңілі толады. Біз қораны бір күнде екі мәрте сыпырсақ та, әйтеуір, кемшілік табатын.
Жаздың күні тура түстің кезінде теледидардан жақсы кинолар басталады. Жаңа ғана бақшадан оралып, қолымыздағы кетпен-күректі ошақ тамның жанына лақтырып тастап, теледидардың алдына жайғасқанбыз. Сырттан әжемнің айқайы естілді. «Біреулерің самаурын қойыңдар, біреулерің бұзауды суғарып, жылжытып келіңдер» деген. Алғашында киноның қызығымен мән бере қоймаппыз. Орнынан лып етіп тұрып кеткен Досбол сол екі ортада самаурынды «ұштандырып» үлгеріпті. «Әже, мен самаурын қойып жатырмын», деп мұрнын бір тартып қояды. Мұнысы енді таза қулық. Самаурын қою оп-оңай. Отын бар. Самаурын есіктің алдында тұр. Шығасың да отын саласың, қайтып кіресің. Тірлігің де жүріп жатыр, әрі көріп отырған киноңды да үзбейсің. Ал, бұзауға бару үшін сонау қырға салпақтайсың. Екі ортада өзен бар. Балағыңды түріп оны кешіп өтуің керек… Досболдың қулығына біз көнеміз бе? Жүгіріп далаға шықтым да, мен де самаурынға отын салдым. Тамның көлеңкесінде жүн түтіп отырған әжем көрсін деп әдейі отынды асықпай, баппен салдым. Артынша: «Бұзауға өздерің барыңдар, мен шаршап тұрмын», – деп інім Бақыт кетті самаурынға.
Содан үшеуміз кезек-кезек далаға жүгіріп шығамыз да, самаурынның оттығына ағашты үйіп саламыз ғой. Тағы, Досбол астын шұқылап, үрлеп қоятынын қайтерсіз… Неге екенін қайдам, сол күні ақ самаурын отынды күндегіден көп «жеді». Салып жатырмыз, салып жатырмыз, қақпағындағы тесіктен бу бұрқ етіп, еш қайнамайды. Бір жүгіріп шыққанымда «осының суы ысыды ма екен өзі?» деп шүмегін бұрап қалмаймын ба! «Күйіп қала ма?» деп ыстықтан ала қашып тұрған қолыма тамшы су тамбады. Жүрегім тас төбеме шықты. Жалт қарап едім, абырой болғанда әжем орнында жоқ екен.
Дереу екеуін шақырдым. Ақ самаурынның қақпағын ашып қалғанда алдымен бетімізге ұрғаны ыстық леп болды. Қолымызды тез-тез желпіп, ішіне үңіліп ек, көзімізге су емес, сақырлап құлап жатқан аппақ қақ көрінді. Самаурынға су құюды тарс ұмытып кетіппіз. Дереу су құйдық. Тесіліп қалыпты, астынан жерге сыздықтап аққан су бірте-бірте жыланбастанып созылып, аяғымыздың астына келді. Үшеуміз де состиып-состиып тұрмыз. Осы кезде Досбол «Қой, мен бұзауға кеттім» деп қолын сілтеді де, тоғай жаққа жүгіре жөнелді. Аздан кейін үшеуміз үш жолмен бұзау жаққа қарай зытып бара жаттық…

БИТБАЙ ҚУ

Алатаудың етегіндегі Қасқасу ауылында баяғыда Битбай қу деген өткен екен. Қу тілді, сөзді тауып айтатын, аздап әпенділігі бар, жұртты күлкіге қарық қылып жүретін жан болғаннан кейін шығар, елдің оны «Битбай қу» деп атап кеткені. Сол Битбай қудың заманында Қасқасу ауылының тұсынан өтіп бара жатқан керуеннің бір адамы кенеттен қайтыс болыпты. Мезгіл – жаздың кезі болса керек. Ыстық күнде марқұмның денесін алып жүру мүмкін емес. Содан, керуенбасы ауылдың ақсақалдарына келіп: «Ағайын, осындай қайғылы жағдай болды, өлікті молаларыңызға жерлесек бола ма?» деген өтініш айтқан ғой.
Ауыл ақсақалдары мұндай жағдайда не десін, тек «Мұсылман ба еді?» деген жалғыз сұрақ қойыпты.
– Иә, мұсылман…
– Ә, онда жерлей беріңдер…
Сөйтіп, керуеннің жігіттері молаға барып, көр қаза бастайды. Бұл кезде Битбай қу ауылда жоқ, алыс жаққа сапарлап кетіп, енді ғана оралып келе жатқан беті екен. Айдалада атының үстінде ысқырып, әндетіп келе жатса моланың басында қараң-құраң еткен адамдарды көреді. «Ойпырмай, ауылда біреу қайтыс болған-ау шамасы, кім болды екен?» деп, дереу атының басын солай қарай бұрады. Барса, өңкей бөтен жігіттер жер қазып жатыр.
«Ей, кімсіңдер, не істеп жатырсыңдар?» дейді бұл аттың үстінде тұрып. Керуеннің жігіттері жөнін айтады. «Пәлен деген елге кетіп бара жатқан керуен едік, бір кісіміз аяқ астынан қайтыс болды, ауыл ақсақалдарынан рұқсат сұрап, соны осы молаға жерлейін деп жатырмыз».
Сонда Битбай қу:
– Қызықсыңдар ма, өзіміз сыймай жатқанда бұларың не? – деп дау шығарыпты. Жігіттер жүгіріп керуенбасыға барады. Керуенбасы адамдардан сұрастырып, Битбай қудың ауылға айтқаны жүретін, әжептеуір беделі, абыройы, салмағы бар жан екенін біледі.
«Ауылдың ақсақалдарын айнытып қойып жүре ме тағы?» деген күдікпен Битбай қуды «әкелеп-көкелеп» оңаша алып шығып, алақанына әжептеуір ақша қыстырған ғой.
Сонда, алақанындағы ақшаға қарап тұрып Би-екең:
– Мейлі енді, бірнәрсе ғып қысылысып-қымтырылысып жатармыз, – деген екен.

АНЕКДОТ

Астананың ауа-райы ғана емес, адамдары да, әңгімелері де басқаша ма деп қалдым… Қайбір күні Астанаға барғанда біраз жігіттерді бильярдқа шақырдым. Көптен бері бір-бірімізді көрмеп едік, әңгіме айтып, шер тарқатып, түннің бір уағында қимай-қимай зорға қоштастық. Сол отырыста жігіттер бір анекдот айтып, елдің бәрі қыран-топан күлді. Әлде мен дұрыс естімей қалдым ба, әлде орысша аралас айтылған әзілді дұрыс түсінбедім бе, әйтеуір әлгі анекдотқа күле алмадым. Бірақ, бәрінен кеш естіп, кейіннен күлетін керік сияқты болмайын деп жігіттерге қосылып мен де ішімді ұстап шиқылдап жатырмын.
Сол анекдот жол бойы пойызда да есімнен шықпады. Үйге келсем, қонақ бар екен. Жақын інім келіпті. Әпкем де бар. Келін отыр сызылып… Содан олар шай ішті. Аузым берік болғандықтан мен Астананың әңгімелерін айтып жатырмын. Асығып-аптығып айттым-ау деймін, әйтеуір, Елорданың жаңалықтарын демде тауысып тастадым. Бәрі ананы сұрады, мынаны сұрады, қысқасы, әңгіменің аяғы сұйыла бастады. Сол кезде әлгі анекдот есіме түсті…
– Астананың әңгімесі де, анекдоты да басқаша екен, – дедім дастархан басындағыларға бір көз тастап…
«Неге?» дегендей бәрі ентелеп қарап қалды.
– Жігіттерден бір анекдот естіп едім, түк түсінбедім, бірақ ұят болмасын деп күле салдым…
– Қандай анекдот?
– Общым былай… Екі бай қатар тұрады екен. Бір күні таңертең біреуі ұйқысынан тұрса екінші бай есігінің алдынан үлкен теннис алаңын соғып қойыпты. «Ойпырмай, бір түнде үлкен теннис алаңын қалай соғып қойған?» деп әлгі бай таң қалып, көршісіне барып, мән-жайды сұрапты. Сөйтсе көршісінің адамдардың тілегін орындайтын алтын балығы бар екен. Мынау «Алтын балығыңды бір түнге бере тұр» деп жата кеп жабысыпты. «Мейлі» деп анау беріпті. Алтын балықты үйіне алып келген соң оған «Маған үй тола бакс керек, бакс керек, бакс керек, бакс, бакс, бакс…» деген тілегін айтыпты да жатып қалыпты. Таңертең тұрса үйі де, ауласы да факс аппаратына толып қалыпты. Мынау аң-таң. Балықты алып көршісіне барыпты да «Ей, көрші, мына балығыңның құлағы жақсы естімейді-ау, мен бакс сұрап едім, факс берді…» депті. Сөйтсе көршісі: – А, то… Ты думаешь что я ей заказал большой теннис?.. – деп, айтыпты. Осыған жігіттердің бәрі жатып күлді. Мұның несі күлкілі?.. – деп, жан-жағыма қарадым.
Сөйтіп едім, бөлмеден бетін басып күлген күйі алдымен келін шығып кетті. Әпкем қызарақтап төмен қарап ол да безді. Келіншегім бетін шымшып, «жындысың ба?» дегендей саусағының ұшымен миын шұқылайды.
– Ой, мұның қай жері қызық? – деп, мен де қоймаймын…
– Бері жүр… Көрсетейін саған теннисті… – деп, келіншегім басқа бөлмеге шақырып алды.
Сөйтіп түсіндірді. Сөйтсем шынында мойны ұзын керік болған екенмін ғой. Бәленің бәрі «большой теннис» деген сөзде жатыр екен. Келіншегімнің әңгімесінен кейін қайтадан асханаға кіруге ұялып, өз бөлмемде қамалып қалдым. Әсіресе, келіннен ұялғаным-ай… Астананың анекдоттары астарлы екен. Абайламасаң қиын…

ҰН

Ауылда құдалық щақыратын болып, бір апамыз қалаға базарға барған ғой.
Сөйтіп ұн сатушыдан әлгі апамыз:
– Әй, айналайын, ұның жақсы ма? – деп сұрапты.
– Әрине, жақсы, апа! Жоғарғы сорт. Қандайы керек сізге?
– Білмеймін, қарағым! Құда шақыратын едік, ет асамыз, нан жабамыз, тоқаш пісіреміз дегендей…
– Міне, елдің бәрі мына ұнды алады. Қанша келілігін аласыз?
– Ең жоғарғы сорт па?
– Иә, ең жоғарғы сорт…
– Онда мынау кішкентай қапшықтағысын бер…
Қаптағы ұнды жанына қойған апа:
– Енді, айналайын ең арзан, ең төменгі сортты ұның бар ма? – деп сұрапты.
– Бар, апа…
– Содан бір килодай бер?
– Бір-ақ кило ма? Оны не істейсіз?
Сөйтсе кемпір:
– Келген құдалардың бетіне жақпаймыз ба? – деп айтатын көрінеді.

ҚҰДАЛЫҚ

Былтыр ма, әлде жылдың басында ма еді, Шымкентке құдалыққа барғам ғой. Құданың үйінен кейін ағайындары жиналып, кафеде күтті. Қаланың қақ ортасындағы кафеге түс қайта келдік. Келген жеріміз үлкен тойхана екен. Бір бұрышынан осындай құдалық сияқты кішігірім той істейтіндерге арнайы зал ашып қойыпты.
Төрге жайғасып, «алың-келің» бастала бергенде даяшы жігітті шақырып: «Жақын жерде мешіт бар ма?» деп сұрадым. Ол ойланып қалды. Есіне түсіре алмады-ау деймін: «Намаз оқиын деп пе едіңіз?» деп өзіме сұрақ қойды.
– Иә…
– Қазір осы залдан шықсаңыз сол жаққа қарай дәліз бар. Соның төріндегі есікке кірсеңіз, той залына кіресіз. Едені кілем. Бүгін той жоқ. Сол залда оқып алсаңыз болады…
Барсам, шынында үлкен зал бос тұр. Ішінде жан баласы жоқ. Кіре берістің сол жағына орындықтарды төрт бұрыштап жинап қойған екен. Екі орындықты жылжытып, паластың үстіне аср намазын оқып алдым. Жан-жағымды орындықтар қоршап тұрғандықтан намазда тік тұрғанда, есіктен кірген адамға бірден көрінемін. Ал, тізерлеп отырғанда орындықтардың қалқасынан көрінбеймін.
Кешке қарай құдалық қызды. Сөз сөйлеушілер де, билеушілер де көбейді. Екі жақ бір-бірін қимағандай қайта-қайта музыка қойғызып, ортаға секіріп шығады. Қайта-қайта тост көтеру. Стаканын ұстап, стол аралау… Бидің арасында қаншама арақ ішілді. Әйтеуір, бәрі көңілді, бәрі қызу…
Бір үлкен ағамыз шақырып алып: «Құдаларға ескертші, біз жақ енді қайта берсе… Әлі арамызда сонау ауылға қайтатын адамдар бар. Жол ұзақ, күн суық дегендей… Бәріне ризамыз. Енді, бата берсін бізге…» деп, жұмсап жіберді.
Өзім де шам намазын оқуға асығып, сыртқа шыға алмай отырғанмын. Лып етіп, сыртқа шықтым. Басқа-басқа шам намазын дәл уақытында оқу керек. Сондықтан, алдымен намаз оқып алмаққа әлгі залға бет алдым. Кірсем, далада қас қарайып қалғандықтан бөлме іші ептеп қараңғылау екен. Бірақ, үлкен-үлкен терезелерден көмескі жарық түсіп тұр. Әлгі орындықтардың арасындағы орныма тұра қалдым. Екі ракатты оқып, енді сәждеге бас қоймаққа еденге еңкейе бергенімде үлкен залдың есігі сарт етіп ашылып, ішке біреулер апыл-ғұпыл кіріп келді. Ар жақта музыка ұрып тұр. Кірген бойда біреуі айқайға басты.
Алла өзі кешірсін, намаз оқып жатқанда құлағыңды жауып отырмайсың ғой. Оның үстіне тура жанымда тұр. Айқайлап жатқан әйел адам. Және даусын танитын да сияқтымын.
– Ей, сен тамада балаға айтсаңшы… Болды, құдалықты аяқтасын… «Тағы бір, бір би…» деп, адамның әбден зықысын шығардыңдар ғой… Мұндай да құдалар болады екен-ау… Өзіміз құдалыққа барсақ қайтуға асығып отырамыз. Бұлар болса былқ етпей әлі отыр. Еш асығар емес қой тегі…
Сәждеден басымды көтеріп, тізерлеп отырып, қайтадан сәждеге бас қойдым. Бірақ, даусым әлсіз шықты ма, әлде ар жақтағы музыканың даусы басып кетті ме, есіктен кіргендер мені естімеді де, бұрылып та қарамады.
Еркек байғұс ақталып жатыр. Әйел тыңдар емес.
– Білмеймін. Қазір кір де, тамада балаға бірден ескерт. Музыканы өшірсін… Енді, қайтып қоймасын. Құдаларды қайтармай, сендер ұстап отырсыңдар… Арақ құйсаң, ләкілдетіп іше береді дә… Болды, аяқтаңдар құдалықты… Арақ та қалмай барады. Білесің бе, екі-ақ бөтелке арақ қалды складта… Неменеңе жетісіп ләкілдеп жүрсің… Мен мына жақта жаным шығып өліп барамын… Сен жүрсің ана жақта «Құдаша, бір би, бір би…» деп, адамның жынын келтіріп…
Мұндай қысылмаспын. Сәждеден тұрайын ба, жоқ па деген ой келді. Әлде өстіп жата берейін бе? Тұрсам, бүлдіремін-ау. Бірақ амал жоқ қой. Мен Аллаға құлшылық жасап жатыр емеспін бе? «Аллаһу Акбар» деп, бұл жолы даусымды қаттырақ шығарып, тура құдағидың құлағының түбінен орнымнан тұра бердім. Айқайлап жатқан апайдың «Астапыралла» деген даусы естілді де артынша есік сарт етіп ашылып, екеуі ұмар-жұмар далаға атып шықты. Көзім көрген жоқ, бірақ есі шыққан әйел еркекті баса-көктеп, үстінен аттап өтіп кетті-ау деймін. Еркектің де «Ойбай» деген даусы естіліп қалды. Артынша есік сарт етіп жабылды.
Намазымды оқып болып, ішке кірсем, ел жаппай батаға қол жайып жатыр екен.

ӨТІРІК

Жасыратыны жоқ, кей кездері айтпайын десең де өтірікті «ысқыртуға» тура келеді. Өткенде бір кісі аяқ астынан үлкен жиынға шақырды. Қатыспай-ақ, басқа тілшілерден ақпарат алып, мақала етіп жаза салуға болатын-ақ жиын. Оның үстіне өзім шаршап, үйге қайтуға жиналып жатқанмын. Өтірік айтуға тура келді.
– Аға, «Шақырған жерден қалма» деген қазақпыз ғой. Жиыныңызға қатысар едім. Бірақ, қазір ғана басшылық бір тапсырма беріп, сонымен шұқшиып отырмын. Мүлдем мойын бұруға уақыт жоқ. Басқа газеттерден алып, іс-шараларыңызды газетте мақала етіп шығарып берейін, – дедім аяқ астынан қиыннан қиыстырып…
Түсінген сияқты болды. «Жақсы, өзіңе сендік» деп, рахметін айтты. Содан, үйге кетіп бара жатсам, жолда бастығым телефон шалып: «Тез арада жасөспірімдер қылмысы туралы көлемді мақала керек. Екі сағат уақыт беремін… Тезірек дайындап бер» дейді. Бастықтың аты бастық. «Жақсы, дайындап берейін» дегеннен басқа ештеңе айта алмадым. Бірақ іштей «Ойпырмай, ә» деп қалғаныммен, айтқан өтірігімнің артынша-ақ расқа айналып кеткеніне шіли мән бермедім. Редакциядан күн сайын тапсырма түсіп жатады. «Сондай тапсырманың бірі, бұл жай ғана сәйкестік» дедім де қойдым.
Қайбір күні облыстағы жердің бастығына телефон шалдым. Бір шаруаларды шешу керек болды. Бірақ, ол кісі телефонын көтермеді. Амал жоқ, шаруаны басқа кісілер арқылы шештік. Кешке жақын әлгі облыстық жердің бастығы телефон шалды. «Мен сіздің телефон шалғаныңызды енді көрдім. Күні бойы жиналыста болып едім, жайша «звандадыңыз» ба?» деп… Шаруам шешіліп қойған соң, тағы қайталап айтып жүрем бе?
– Аға, Байзақ ауданынан жер дауымен бір кісілер кеп еді. Соның кейбір тұстарын анықтайын, өзіңізден ақыл-кеңес сұрайын деп телефон шалып едім, – деп, өтірік айта салдым.
«Е, онда хабарласарсыз…» деп, аз-маз ақыл-кеңесін айтты да «Жақсы!» деп қоштасты.
Екі күн өтті ме, жоқ па, бір кісі келді. Амандық-саулықтан кейінгі әңгімесі мынау болды: «Айналайын, мен мынау Байзақ ауданынан едім. Жер дауы деген тегі бәле болды… Қаншама жылдан бері ауылда жерге таласып, бармаған жерім қалмады…» деп, алдыма бір бума қағаздарын жая берді. Бұл жолы іштей «Астапыралла, астапыралла!..» деп, тіксініп қалдым.
Бірақ, бәрібір «Тағы да сәйкестік» деген ой келді. Газет болған соң арызданушылар көп. Күнара кеп тұрады. «Солардың бірі ғой» дедім де қоя салдым.
Бүгін таңертең құдай бере салған келіншегім:
– Орал, коммуналдық қызметтердің ақшасын төледің бе? Әлде ақшаны құртып қойдың ба? – деп, көзіме күдікпен қарады.
– Бүгін төлеймін ғой…
— Неге? Үйден ақша алып кетіп едің ғой.
Табан астында не өтірік айтарымды білмей, ұялғанымнан тоңқаңдап туфлиімнің бауын ұзағырақ байлай бердім.
Тығырықтан келіншегімнің өзі құтқарды.
– Әлде ақшаны тағы біреуге қарызға беріп қойдың ба?
– Иә, бір жігіт бір-екі күнде қайтарамын деп қоймаған соң қарызға беріп едім. Бүгін әкеп береді. Аламын да бірден төлеп тастаймын…
Келіншегім «Қайдам, қайдам… Тезірек квитанцияларды алып келмесең, мына тексерушілер қайта-қайта кеп, миды ашытты. Мүмкін болса, түскі асқа келгенде «Төленді» деген қағаздарды ала келші» деп, жұмысқа шығарып салды. Шынымды айтсам, ол коммуналдық қызметтердің ақшасын басқа жаққа құртып жібергелі қашан? Бүгін емес, осы аптаның ішінде төленсе де жақсы. Амал жоқ, басымды қаси-қаси мен кеттім.
Содан, жұмысқа жақындағанда бір әріптес інім телефон шалды. «Кабинетіңізге барсам, жоқ екенсіз, жолығайын деп едім» деп…
– Иә, мен қазір жақындап қалдым, бес-он минөттен кейін кабинетте боламын…
Жолықтық. Амандық-саулық сұрастық. «Неге келді екен? Не мәселе айтпақшы» деп екі ойлы боп отырғанда әріптесім: «Аға, өткенде өзіңізден біраз ақша қарыз алып едім, соны қайтара алмай ұят боп жүр еді… Соның реті бүгін келді… Кешіктірді деп айып етпеңіз» деп, қолыма ақша ұстатып жатыр.
Шынымды айтсам, «Біссіміллә, біссіміллә, Астапыралла, астапыралла…» деп отырып қалдым. Расында, осыдан біраз уақыт бұрын бұл жігітке қарыз ақша бергенмін. Бірақ мүлдем-мүлдем ұмытып кетіппін. Ойпырмай, мұндайда болады екен-ау… Мұны да жай ғана сәйкестік дейміз бе, қайтеміз енді? Өтірік айтуға да қорқып қалдық қой осыдан кейін… Содан, келіншегіме квитанцияларды жеткізіп беріп, «Енді қандай өтірік айтсам екен?» деп, кабинетте ойланы-ы-е-еп отырмын. Әншейінде өтірік айту оп-оңай сияқты көрінетін еді. Бірақ аузымды былғап, анау-мынау, жеңіл-желпі өтірік айтқым келмей отыр да… Орысша айтқанда «достойный», лайықты өтірік айту керек қой…

Алдыңғы «
Келесі »