БЕЛГІСІЗ МҰҢ, ҚОҢЫР МҰҢ (ХХІ ғасыр: Нұрлан ОРАЗАЛИН поэзиясы)

  • 19.07.2017
  • 1740 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бақытжан МАЙТАНОВ,
профессор

Қазіргі қазақ поэзиясы мен драматургиясының жетістіктерін Нұрлан Оразалин есімінсіз елестету қиын. Абай, Мағжан, Мұқағали шыққан жыр аспанының биігіне көтеріліп, өткен ғасырдың басында ұлы Мұхтар Әуезов қызыл жезге шекігендей қызуқанды диалогтарға құрылатын сөз өнерін жаңа жанрлық бітіммен көріктендіру арқылы, ол тәуелсіздік дәуірдегі әдебиетті қалыптастырып келе жатқан қаламгер қауымның көшбасшылар қатарына қосылды. Оның шығармашылығы туралы арнайы зерттеулер жарық көрмесе де, бірқыдыру парықты толғамдар әдебиеттану бағында жапырағын жайған. Жас таланттың алғашқы қадамын жоғары бағалай келіп, Қазақстанның халық жазушысы Тұманбай Молдағалиев: «Нұрлан алдаған жоқ. Мен де алданғам жоқ. Тек бір өкініштісі, ақын ініміз жырға келгенде тым талғампаз болып шықты. Ақындық деген ақ қағаз бетінде күнде майдан ашу екеніне ол сенбеген секілді. Содан соң бел шешіп белсенбеген секілді. «Беймаза көңіл», «Көктем кеші», «Жетінші құрлық» деп аталатын жыр кітаптарының арасы тым қашық. Тым ұзақ. Әрине, бұл тұстарда ініміз драматургияға барды» (1,7-8), – дейді. Әрине, әр ақын, жазушының өз шығармашылық тарихына лайық ерекшеліктері бар екені түсінікті. Н.Оразалин «Шырақ жанған түн», «Тас киіктер», «Аққұс туралы аңыз», «Қарымта», «Қилы заман», «Бастықтың бір күні», «Қарақазан ғасыр», «Көктемнің соңғы кеші» сияқты сахнаға арналған туындылар жазып, олар Қазақстан театрларының репертуарын байытты. Біраз драмалары өлең мәтінімен көмкерілді. Ақындық өнер басқа жанр ауқымында да өзіне қолданыс таба білді. Ол толастап қалған жоқ. Жоғарыда аталғандардан бөлек «Адамзатқа аманат», «Құралайдың салқыны», «Ғасырмен қоштасу», «Сырнайлы шақ», «Жүрекжарды», «Қоздағы шоқ», «Жанның дауысы» атты жаңа кітаптарындағы дүниелер ой мен сезім орманындағы сыңсыған сиқырлы үндердің терең жарасымын танытады.
Н.Оразалин публицистика, әдеби сын салаларында да толымды толғамдар ұсынды. Қазақстан Театр қайраткерлері одағының бірінші хатшысы (1986), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі ХІІ шақырылымының депутаты, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы (1993-1996) болды. 1996 жылдан бері Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы міндетін атқарып келе жатыр. Осындай, зіл батпан жауапкершілігі бар жұмыстарды абыроймен алып жүріп, заманалар, мемлекеттік құндылықтар алмасқан өліара дәуірдің алып көрігінде шыңдалған Н.Оразалин қазір қазақ ұлтының сөзін әлем алдында жайып салып, ақтарыла сөйлейтін көрнекті қайраткерге айналды. Оған қаламгердің «Диалог Евразия» Халықаралық ұйымының төрағасы, «ДА» («Диалог Евразия») журналының редакциялық алқа мүшесі, Мәскеудегі Жазушылар ұйымдары Халықаралық қауымдастығы төрағасының орынбасары іспетті, т.б. атаулы қоғамдық қызметтер басындағы қарымды іс-әрекеттері дәлел.
Н.Оразалин тәуелсіздік алған қазақ елінің саналы, саңлақ азаматтарының бірі, шығармашылық тұлға ретінде «Ғасырмен қоштасу» заматтарын жан-тәнімен сезініп, күллі ғалам мен құдіретті уақыт алдындағы парыз бен қарызын саралап, күрделі зияткерлік үдерісті бастан кешті. Оның туған халқына қатысты азаттық жайлы қиялы бұрнағы туындыларында да қолына қару ұстай алмай, булығып жүретін. «Оның бір жырдан екінші бір жырға көшіп отыратын ли­рикалық кейіпкерінің жан-дүниесіндегі толқыныстар ауыл-аймақ, керек десеңіз, кейде ұлт пен ұлыс шекарасынан шығып, жалпы адамзаттық толғаныстар кеңістігіне көтеріледі», «Нұрлан үшін «қараңғы түн де», «аруақтарға мекен болған көк аспан да», «кеудесін қысқан Дәуірдің қасиетті толғағы да», бәрі-бәрі «жүрегін жұлқыған тәңір сөзіндей» елестейді. Ақын үшін ескі обалар кешегі «ғұндар мен сақтардан қалып қойған оқылмаған кітаптай» көрінеді», – деп Шыңғыс Айтматов бекерге таңырқамаса керек. «Құралайдың салқыны» атты кітап төңірегінде өрістеген өркешті ойлар тізбегі ақын поэзиясының құрлықаралық мәні мен оның өлеңдеріндегі басты көркемдік концептілер, поэтикалық назар нысандары, диахронды әрі метафоралық ойлау ауқымы хақында нақты пайымдаулар түзген.
Н.Оразалин, осындай, тегеурінді тебіре­ністермен алысып, жұлыса жүріп ХХІ ғасыр табалдырығын да аттады. Абай қырық жасында, түбірімен өзгере жаздаса, ХХ ғасырдағы соғыстан кейінгі ұрпақ өкілі де елуден аса беріп, үлкен жан күйзелісіне түскені көрінеді. Оны, әрі-сәрі күйге түсірген жеке өміріне қатысты мекеншақ (уақыт пен кеңістік (хронотоп). – Б.М.) қана емес, телегей тарих дауылында теңселген кемедей Заман атты жұмбақтың құпия сыр-сипаттары.
Ғасырлармен жалғастырып араны,
Алтын Адам Алатауға қарады.
Үнсіздікті бұзып үні жалғанның,
алты әлемге тарады.
Аспан мен жер, өр менен төр жиды есін,
Жүрегімді жаулап алды үйлесім.
Азат елдің айдыны да айбарлы,
Бебеулетті күй көшін (3, 253. – «Түн. Азаттық алаңы»).
Тәуелсіздік күндерінің алғашқы кермек түтінін жұтуға Н.Оразалин ХХІ ғасырда да оралып отырады. Ақын қазақ елінің бостандық жалауын қолына қысқанын қуаныш көреді. Ол үшін символдық бейне – Алтын адамның қимыл-қозғалысын суреттейді. Алатау – туған жер. Алаң – кеше ғана талай боздақ бүгінгі еркіндік үшін басын бәйгеге тіккен жанкешті күрестің мағыналық таңбасы. Дауыс феномені («үн», «күй») әртүрлі коннотациялық (көп қырлылық) қасиетпен сабақтас. Ол бірде көңіл хошын білдірсе, «жалған» концептімен ұштасқанда екіұдайлық сезім жаңғырығын жасыра алмайды. Өйткені, әлемдегі шындықтың өткіншілігі адал тілектерді мұздай қарып біткен. Салыстырмалы пікір ақиқаттың айылын мықтап тартудан сақтанатындай. Дегенмен, еркіндік архетипі лирикалық қаһарман психологиясына кең өріс ашады. Оның көрінісі – метафоралық ораммен көмкерілген «үйлесім». Субъектілік ықылас объективті растылықпен (реальность. – Б.М.) тіл табысады. Сана астарындағы күмән реңкі белгілі бір дәрежеде жылдам ту тіккен салтанатқа байланысты сенер, сенбес ахуалды бедерлейді, алаңсыздықтан аулақ разылық сезімнің таңбалаушы нысан реті орайындағы салмағы ауыр және ол жан-жақты семантикалық қабаттарымен ерекшеленеді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін он жылдан соңғы толғаныстың өзінде сенім ғана кеудесін соғып тұрмайды. Ықылым заманнан бері қолданыстан түспеген «жалған» сөзінде драматизм тепсініп тұрады. Тек қана даурықпа айқайдан гөрі оң-солын алыстан барлайтын парасатты көңілдің табиғатында тазалық басым көрініс алады.
Н.Оразалиннің есею жылдарына сәйкес шығармаларында да сыншылдық сарын ежелден бар лиризм қойнауынан бас көтереді. Оның бұрынғы туындыларында белгісіз мұң теориясына негіз болатындай эмоционалдық пернелер бірінші скрипкада ойнаса, ендігі жағдайда айналасын талдап, таразылайтын неғұрлым, нысаналы (предметті. – Б.М.) ой нақыштары жұмырланып шығардай.
Ауыр не бар өзіңді-өзің шектеуден?
Бәрі даудың басталады жетпеуден.
Жоқшылықтан басталады жабырқау,
Қайыршылық басталады көктеуден.
Бақпады ма? Ұл безеді атадан,
Жақпады ма? Құл безеді батадан.
Тақпағыңа алданар ма аш бала?!
Көріспесе – бір-біріне жат адам…
Мен дәуірдің мінезінен қаймығам,
Қас-қағымда құбылған да айныған.
Адамдардан…
Надандардан қорқамын,
ар мен сөзден, мұңнан жұрдай, қайғыдан
(3, 255. – «Ауыр не бар өзіңді-өзің шектеуден?»).
Егер, автор таршылық кешіп жүрген жан болса, өз жанының айқайына ғана санар едік. Абай қоғамдағы мәртебесінің жоғарылығына қарамастан, жарлы-жабырқаудың қайғы-зарына ортақтасты. Сонысымен ұлы мейірімгердің биігіне табан тіреді. Тәрізі, нағыз ақынның болмысы өмірдегі әділетсіздікпен келісе алмайды. Әрине, жұртшылықтың бәрі бірдей бақуатты тұрмысқа лайық еңбек ете алмайды. Алайда, нарық заманы бастапқы кезеңде, әсіресе, жабайы сауда-саттық, жылмағай пысықтықпен тасы өрге домалағандарды әлпештегені өтірік емес. Малшы, егінші, мұғалім, дәрігер, зияткер қауым өз қабілет, қарым, біліміне тиісті үлеске жете алмады. Осындай қарынның қамы озып шыққан, тарихи қалыптасқан құндылықтар өлшемін аттан түсіріп тастаған безер уақыттағы қиындықты мәңгілік көріп, адамгершілікті пайдакүнемдіктің қанжығасына бөктеріп берген пенделер ақынның табиғи наразылығын оятады. «Құл», «надан» сияқты ащы сөздер де адам бойында тығылып жатқан жағымсыз архетиптердің қайта бүге­жек қағуын жақтырмаумен сабақтас. Интертекстік нышан ыңғайында олар зар заман ақындарымен үндесу заматын аңғартпақ. Бірақ түңілу жоқ, секем алу, сақтану («Сезіп соны ой мен сана дір етті») әсері аяғын тарта қоймайды. Себебі, таңғалу эстетикасы («Ауыр не бар танымаудан өзіңді») күйінуге жетелейтін ұнамсыздық, яғни келеңсіздік категориясымен тамырлас мағынаны айналымға әкеліп, қосады.
Уақыт пен кеңістік Н.Оразалин дүние­танымында пайымдалатын тұрақтылық пен өзгерістер тартысын шынайы өрнектеу қызметіне жегіледі. Белгісіз мұң концепциясы («Қыс па? Жаз ба? Көктем бе?!») жекелік аңсардан асып, әлеуметтік меридиандағы тәртіп параметрлерімен соқтығысады. Біршама айқындыққа қарай ұмтылады. Риторикалық сұрауларға ұқсас бітім мазмұны үмітшілдік интонациясын өшіріп тастамаған. Азамат ақын үшін мұңсыздық үлкен қасірет қамытын кимек. Дәл Абайдай тау қопара сөйлеу оқығаны, шала оқығаны көп дәуірде ерсілікке ұрын­дырар еді әрі тікелей қайталау тақі­леттес ахуал тудырмақ. Н.Оразалин қазақ поэзиясындағы ұлағатты дәстүрді жіңішке жолмен кең өріске апаруға бекінген. Ол ырғақтық-интонациялық құрылымдағы ескі мен жаңаны ұштастыру арқылы сонылығы мол, көркемдік-стилистикалық құйылым сомдайды. Ал, соңғы ұйқастарға қосымша жол басындағы дыбыстық үйлесімдер пішін­дік тұрғыдағы еркіндікке дәлел.
Бір заманда…
Уақыт зырлап алға,
басқа таңда, басқа құс жырлағанда…
Болармысың сен аман, тілім менің,
тағдырымды, Тәңірім ұрлағанда?!
Бұйырғанда…
Жүректер жиі ұрғанда,
Алып-қашып ойларды қиырларға…
Тұрармысың, Алатау – мұнарлы шың,
Телім-телім жем болмай бұйырғанға?!
(4, 390. – «Бір заманда»).
Әрине, Тәңір барша адамға қатысты «тағдырды» да, осы өлеңде айтылатын «жанды» да «ұрламайды», алады. Құран-Кәрім мәтінін тыңдасақ, Жаратушы пендесіне өмір береді, қайта тірілтеді. Алайда, автордың негізгі ұғымы түсінікті. Лирикалық қаһарман басты-басты мекеншақ («жаным – ғарыш, тәнім – жер, алдым – ағын») аяларын адам ғұмырына байланысты алып, ажырамас бірлікте қарастырады. Мәселе ұлт және оның тіліне қатысты уақыт пен кеңістіктің мөлшерлік ауқымына тірелген. Осы ретте болашақ ұрпаққа артылатын («Ағармысың сен аман, асау-қаным өмі­рімді жалғайтын бал-бұлағым?!») сенім мен үміт жүгі ауыр. Адам, дәл осы сәтте қазақ жұртының іргелі өкілі, өмір бәйтерегінің ортаңғы деңгейінде жүріп жатқаны кәміл. Күллі сезім, ақыл, жігер сәулелері бізге таныс кеңістік пен уақыт алаңынан қанат қағады. Сондықтан, Тіл туралы уайым жаһандану үдерісіне ашық қарсылық тудырғанмен, қазіргі галактикалық өлшемдер орайында шартты мекеншағымыздың биігінен қарағанда, мейлінше нанымды. Өйткені, Тілді жоғалту – тарихи бастаудан ажырау. Ғасырлар падишаһы тартқан ғаламат сый – ұлы игіліктен айырылу. Өздік мазмұн, бітімді жоғалту қаупімен тайталасу жыр өзегіндегі терең драматизм құнарын арттырады.
Н.Оразалин «жан ағысы» немесе «ағын» концептін жиі пайдаланады. Ол да тұлға мекеншағының үнемі қозғалыста болатын табиғатын ашады. Көбінесе өмірдің символдық маңызын тұспалдайды. Автор барша қазақ қауымына ортақ мемлекеттік мәселені қозғаған. Туған жердің таңбалық белгісі – Алатау, Алматы («Ару қала – Алматым»). Мұндай кеңістік бедерлері өзгермес қалпына түсуі мүмкін қатер, ұлттық мүдде тұрғысынан қайырымы жоқ қателік тәрізді рухани аядағы қысым кернеуін әліптемек. Айналып келгенде белгісіз мұң Уақыт тақсырдың райын бағып тұруға мәжбүр.
Бірге күліп, қырды асып, ой кешіп ем,
Бірге жүріп, сырласып, сөйлесіп ем…
Қалай?
Қайтіп?
«Ала арқан» аттадыңдар,
түсінбеймін, жігіттер, кейде осы мен?!
Қалай?
Қайтіп?
Оп-оңай бара салып,
жүректерге кеттіңдер жара салып?
Ел сенімін көтерер тұста биік,
ел көзінде қалдыңдар аласарып?!
Айналғандай көңілдің қараспаны,
ұят болды «достардың» таласқаны.
Ел үмітін арқалар кезеңде, әттең,
сыр байқаттық, апыр-ай, жараспады
(4, 399. – «Бірге күліп…»).
Өмір ағынындағы хал-ахуалда қайшылықты мезеттердің молдығын Н.Оразалин сатиралық ыңғайда емес, лирикалық оралыммен жырға қосады. Абай айтатын «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбаттың» дәурені емес. Ұлы шайырға қарсы топ немесе бейтарап, бірақ, қамсыз топ ғылым, білімнен хабарсыз, сауатсыз далалықтар болатын. Н.Оразалин кейіпкерлерінің мекені – үлкен шаһар. Уақыт – тәуелсіздік заманы. Абай сынап, өзіндей көріп, күйініп жазса, Н.Оразалин өзіндей көргендерінен күтпеген іс танып, жатырқай, налып жазады. Бүгінгі ақынды жабықтырушылар әлдеқайда айлалы, табанды, ісіне білікті болуы ғажап емес. Бұл тұста өлең семантикасының прагматикалық алқабында көп мәнділік бар. Олар өздерін дұрыс санауға ерікті әрі оларды құптаушылар қатары кездесуі ғажап емес. Олардың ішінде таланттылары да жүр. Оқырман мәтін сыртындағы мағына қабаттарына баға беруге міндеттенбесі хақ. Мәселе лирикалық қаһарманның дара мекеншағындағы шындықтың поэтикалық шешім табуында. Тіршіліктегі тартыс аяқталмаса да, өлең ауқымындағы драматизмнің нанымдылығы анық. Автор табиғат, белгісіз мұңды суреттеумен шектелмейді, тіршіліктің жанды оқиғаларына араласып, болмыс кескінін психологиялық сенімді жағдайда, нақтылыққа жуық стильде таратып бейнелейді. Өлеңнің нысаналық қуаты артады.
Драматизм лирикалық кейіпкердің дос санаған әріптестеріне адалдығына кенеттен дақ түсуімен төркіндес. Ақын жеке тілектерден гөрі халықтық мұраттың маңыздылығын алға тартумен ар-ұждан биігіне көтеріледі. Шығармада үлкен мақсат жолындағы ынтымақ пен бірліктің аса қажеттілігі пайымдалады. Бұл – мұсылмандық әрі ұлттық этномәдени құндылықтар үдесіне лайықты көркемдік-эстетикалық тұжырым.
Ал ар жағы – желтоқсан…
Ақпаны бар…
Аяз ұлып, сықырлар бақтағы қар.
Қою түнде тіл қатар жұлдыз болып,
Ғарыш атты түу алыс жақтағылар (4, 399).
Өлеңдегі мазмұндық ырғақ жыл маусым­дарының алмасу кезеңдеріне назар аудару арқылы көрініс алады. Көктемде жаны жараланған ақын үшін – «не берері белгісіз алдағы күз?!». Жыл басындағы жайсыз климаттан артық. Адамның ру­хани әлеміндегі қозғалыстардың био­сферадағы ауысымдарға ұқсас кейпі психологиялық сыңарластықтың кез­дейсоқ еместігін дәйектейтіндей. Бұ­рынғы достар арасындағы араздық маусым мекеншақтарындағыдай үзілмес ұзақтыққа айналмауын қалайтын лирикалық тұлғаның тілек, ниеті аруақтар мекен қылған ғарыштағы көзге көрінбейтін ақиқатты іздеуінің өзімен де ұлағат пен парасат кеңістігінен ауытқымайды. Жоғары деңгейдегі уәж қазақ ұлтының ардагер арыстары аманат еткен игіліктің қадірін ұмытпауды тиянақтаған. Сезім аясындағы әрекеттік межелерге құрылған шығарма тарихи-зияткерлік өрістегі зерде феноменін адамгершілік өлшем таразысына айналдыратын логикалық тұжырым шынайылығымен қымбат.
Н.Оразалин дүниетанымы мен жан әлемінде ғарыш бейнесі ерекше орын алады. Ол бастапқы жырларында (мыс., «Сырнайлы шақ» кітабы) аспан әлемінің жерге қатысты суреті болса, кейінгі туындыларында мәңгілік уақыт пен кеңістіктің адам өмірімен сабақтас ықшам да шексіз моделін құрайды. «Өтті деме күндерді алға құштар», «Ой-санада сұрақ, сауал көп, білем», «Осы мен…» тақілеттес, т.б. біршама өлеңдерінде осы орайдағы философиялық топшылау лирикалық пайымдауларға ұласып жатады.
Өтті деме күндерді Айға құштар,
Кетті деме түндерді… (Қайда ағыстар?)
Ой мен Сезім – кепілі мәңгіліктің,
Ғалам менен даламда байланыс бар.
Байланыс бар теңіз бен қара шыңда,
Байланыс бар көк пен жер арасында.
Тереңдік пен кеңдікте байланыс бар,
Мекен болған қашанда бар асылға…
Тірлік үшін ой – қанат, өріс – кеме,
(ұқпай тұрып сөзімді теріс деме);
Фәни менен бақида байланыс бар,
Байланыс бар пері мен періштеде
(4, 395. – «Өтті деме күндерді…»).
Г.Гачев атты көрнекті ғалым қыр­ғыз­дарға негіздеп көшпенділердің дүние­танымы туралы пікір сабақтайтын. Оның қазақтар болмысымен тамырластығы даусыз. Алдаркөсенің бай баласын алдап, малын жайылымға айдап әкетіп, өзін киіз үйсіз, шаңырақсыз айдалада қалдырғанынан бұлар үшін кеңістік немесе баспана қосымша ғана түсінік дегенге саймақ тұжырым түйіледі (5, 271). Сөйте келіп мынадай кесім айтылады: «Отсюда уже априори можно сделать важное предположение о мировоззрении кочевых народов: пониятие пространства у них должно превалировать над понятием времени (у земледельцев, очевидно, – наоборот). И наибольшее разнообразие и расчленения имеют, вероятно, пространственные отношения в их космосе» (5, 272). Біз қарастырып отырған мәтінде осы ойдың тарихи аяда растылығы және шындықта біршама өзгерістердің пайда болғанына айғақ мысал бар. Далада туып, қалада тұрып жатқан зиялы қазақ ақынына кеңістік қана емес, уақыттың маңызы тіптен зор. Шаһар тұрмысы кеңістік парадигмасына әлдеқайда нақты мән үстесе де, көшпенділер үшін де, олардың бүгінгі ұрпағы үшін де уақыттың трагизмге жетеғабыл айнымалы семиотикасы өзінің сан қырлы терең әрі поэтикалық табиғатынан арылмайды.
Ақынның бар назары мен ішкі дүниесі биіктегі мекендік нысандарға қадалған. Алғашқы жолдағы Ай күнтізбелік мағынада емес, астрологиялық әйтпесе, мифопоэтикалық концепт есебінде қабылдануға лайықты. Ол жер бетіндегі тіршілікпен қарама-қарсылық түзеді. Айға ұмтылып, мерт болған арыстан немесе Пушкин мен Абайдың «Жас жүрек жайып саусағын, Ұмтылған шығар айға алыс» дейтін әйгілі сөз оралымдары интертекстік қабаттың ұлттық бейнелі тарихынан хабар береді. Н.Оразалин өзі тыныстап жүрген мекеншақты бүкіл әлемдік уақыт пен кеңістіктің бір үзілмес бөлшегіне жатқызады. Мәңгілік пен Ой, Сезімді қабыстыру адамзаттық өлшем тұрғысынан заңды. Осыны қалау сезімі айқын. Әйтпесе мәңгілік феноменін ажыратып түсіну қиын. Өмір көшкінін таңбалайтын «күндер» мен «түндер» – «белгісіз мұң» теориясының материалдық тағандары. «Ағыстар» – тоқтаусыз қозғалыстың эмблематикасы. Ол қайтарусыз сипатымен рух пен тән иесіне амалсыздық әрі қимастық психологиясын тұтастырып көрсетеді. Өзара үйлесімнен алшақ архетиптер әдіптемек қайшылық диллеммасы – шығармадағы басты идеяның арқауын тартар түпқазық.
Өлеңдегі «теңіз» бен «шың», «көк» пен «жер», «тереңдік» пен «кеңдік», «жаман» мен «жақсылық», «дәулет» пен «тапшылық», «көлеңке» мен «күнгей», «ілім» мен «бақсылық», «өмір» мен «өлім», «жан» мен «тән» іспетті кейде келісімді, кейде антиномиялық құбылыстар жоғарыдағы қайшылықтардың диалектикалық бітіміне меңзейді. Ландшафтық және рухани түсініктер адамға тиесілі ғұмырдың ара-тұра болмаса, мүлде шешілмейтін қасарысқан драматизм жұдырығында қысылуымен күй кешетінін пернелеген. Ащы татығанмен, ақиқат солай. Талай данышпандардың жанын толғатып, миын кемірген әккі мәселе Н.Оразалин туындысында ұқсас атрибуттарды салыстыра дамыту ақылы мелодикасы бай көркемдік-эстетикалық көрініс табады.
Ой, санада сұрақ, сауал, көп білем,
жүрегімде лаулайды бір от кілең.
Көкіректі қалың тұяқ ұрғылап,
дүбірлетіп көшетіндей көк түмен.
Ғасырларым сан қуарып, көктеген,
Жасындарым ағатындай көкпенен.
Көк түменнің көп тұяғы сілкілеп,
Ғарышқа алыс заулайтындай от-кемем.
Маған қарсы жөңкілердей бар ағын,
Күллі ғалам қозғалардай, қарағым.
Өткенімді…
Көктемімді түгендеп,
Ырғайтындай ойдың асқақ дарағын
(4, 396. – «Ой, санада сұрақ, сауал…»).
Бүкіләлемдік өркениетті жүрегіне сыйдырған мазасыз шайыр жаны өзін-өзі талдап-ақтарғыш қуатпен қарқын алады. Сұрау, арнау интонациясы ішкі микрокосмостың сыр бермес күрделі болмысына айғақ. Ақынның көтеріңкі леппен алып ұғымдарды қапсыра құшақтап сөйлеуі романтикалық эстетиканың мазмұн сипатымен жарасымды стильдік нақыш түзуін аңғартады.
Ақынның ойлау жүйесінде «кө­кіректі» «ұрғылайтын» «қалың тұяққа» қатысты метафораның ұлттық бояуы әрі предикативтілік қасиеті басым. Көне дәуірдегі ата-бабалар тіршілігінен, сұрапыл майдан суретінен елес тастайтын көріністің тарихи, психологиялық мәні зор. Сол майданның шайыр жаны тәрізді микрокосмосқа ауысуы онейрикалық (ой, түс түріндегі. – Б.М.) мекеншақтың алапат мүмкіндігін танытуға тиіс. Поэтикалық өнердің ең негізгі ерекшелігі де уақыт пен кеңістік параметрлеріне мейлінше еркіндік бере алуында. Сонымен қатар, жер мен зеңгір көктің арасын жалғастырушы буын да – «тұяқ» концептіне қатысты әрекеттік семемалар. Екі алыс нүктелердің ортасында кідіріс жоқтай. Жер және аспан («Аспанымды қалың тұяқ жаңғыртып, // Кеңістікпен көшетіндей көк түмен»). «Көк» эпитеті (бұл жерде анықтауыш қана емес. – Б.М.) сан категориясын бейнелеу арқылы құбылысқа эмоционалдық энергетика қосады. Ат үстінде найза ұстап шабатын жауынгерлер қашықтаған сайын зеңгір аспан құшағына сіңіп бара жататынын, сондықтан да көкшіл реңк қабылдайтынын тұспалдайтын түр-түстік таңбада ересен жылдамдық әсері қамтылған. Қиялдың жүйріктігі тіптен күшті. Қалай болғанда да, ақын жаны жер мен аспанды бірдей көкірегіне сыйдыру нәтижесінде макрокос-мостық тірі нысанға айналады. Жүрек – әрі жер, әрі аспан. Кеңістіктің алшақ нүктелері бірлікке құрылған уақыт тізбектерін мансұқ етпейді. Жасырын теңеу тек жүрек пен тұяқ дүбірін жақындастырумен шектелмейді. Олардың ар жағында жер бетінде өткен алыс-жұлысқа толы өмірдің ғарышқа көтерілу арқылы мекеншақ ауыстырғанын, шектеулі ғұмырдың сөніп, мәңгілік қозғалыстың басталғанын тұспалдау бар. Осы символдық тұжырымдама Н.Оразалин поэзиясындағы басты поэтикалық идеологемаға айналған.
Ғарыш – ауқымы жағынан да, ішкі мәні тұрғысынан да алып. Ол бәрін көріп, білетіндей. Күллі жаһан ғарышты пана тұтатындай. Соңғы ақиқаттың кілті де ғарыштың алтын қолында. Ғарыш семантикасының ең негізгі философиясы – ғарыштың Алла-Тағала мекеншағы болу мүмкіндігінде. Адам санасына тән мифопоэтикалық тәмсіл дәл осы ғаламат сырлы ұғымнан айрылғысы келмейді. Н.Оразалин поэзиясы аталмыш психологиялық шындықты түсінуге мейлінше сенімді кілт (код. – Б.М.) ұсынады.
Ақынның кейінгі жылдардағы жыр­ларының архетипикасы осындай космогониялық, теогониялық, антропогониялық, мифтерден туындайтын терең философиямен тамырлас.
Дәурен бастан көшер ме?
Кеш кірер ме?
Сөз де, ойда бір күні ескірер ме?
Жаны көкке ұшарын ақылға ап,
Пенделерге, шіркін-ай, ес кірер ме?!
Жүз жасаған емендер жығылар ма?
Жылдар озып, ғасырлар бұғынар ма?
Топыраққа айналып, тәні суып,
Көз жұмарын адамдар ұғынар ма?! (6, 6).
Бұл дүниенің өткіншілігі туралы ұлы Абайдың «Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ… // Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ» (7, 237) деп келетін теңдесі жоқ сөздерін ұмыту мүмкін емес. Осы сарын сана астарындағы тынымсыз үдерістер арқылы Н.Оразалин туындысында қайта қорытылған. Мәтіннің интертекстік табиғаты Абай поэзиясымен терең ұштасып жатуында. Сөз бен ойдың «ескіру» қаупі хақындағы топшылау дәл осы шығармашылық тұлға үшін дәстүр мен жаңашылдықтың мән-маңызына байланысты. Иә, құнарын жоғалтатын байламдар да бар. Ешқашан өң-ажарын қашырмайтын қуатты күннің жарығындай сөз де бар. Осы сөз басқа, тұқымдас сөздердің өмір сүру құқына балта шаппайды. Әрине, бұл сөз де сөз дәрежесіне көтеріле алса. М.Әуезов айтқандай, су жаңа пікір жоққа тән. Мәселе қалай жаңғыртып, жасартып жеткізе білуде.
Екі шығармада да арнау стилистикасы мен интонациясы сақталған. Абай жеке біреуге сөйлегендей болғанмен, оның адресаттары шексіз. Адресаттардың ішінде бүгінгі қауым да бар. Абай адам тәніне мекен болатын жерді кеңістік межесіне алса, Н.Оразалин осымен бірге адам жаны кезіп жүретін ғарыш әлеміне көз жүгіртеді. Екі мәтінде де өздік субъектіге тән ахуалдың өзгелер үшін де ақиқат мәртебесін орнықтыру талабы өнердің тек қана ойындық емес, әлеуметтік, қоғамды өзгертушілік қажыр-қайратын бедерлемек. Ең негізгі идея құрық сап ұстай алмайтын, қақпа сап бөгей алмайтын мейлінше объективті құбылыс – уақыт атты феноменге таңырқау һәм оның алдында тізе бүгумен сабақтас.
Абай жеке адамның ғұмырын егін мен дән, масаққа теңеп, табиғаттағы биоциркуляция үдерісін астарлап бейнелейді. Н.Оразалин социум төңірегіндегі кейбір келеңсіз іс-әрекет пен ой, түсініктерге назырқай толғанады. Абай осы мезетте өзімен-өзі мұң төгетіндей. Н.Оразалин өз сөзінің әсер ету (суггестивті) күшіне мол үміт артқысы келеді. Бұл мінез Абай өлеңінде жеке тұлғаға арналған сияқты тәсіл бойынша біршама жасырынып сыр ашады. Бірақ ол да Сөзінің естілеріне сенеді. Н.Оразалин адресаттарының ішінде ол ұсынған идеяның адептілері көп болуға тиіс. «Мыңмен жалғыз алысқан» Абай заманы келмеске кетті. Бірақ соңында асыл сөз қалды. Ол жалғасын тапты, дамыды, жаңа дәуірге бейімделді. Адамзат қоғамын апат, қатерден сақтап тұратын Тәңірден жеткен ақыл-ой құнары ортаймағаны ұлттық геноқордың үзілмес сабақтастығы мен өміршеңдігін әйгілемек.
Ойы неде?
Ғаламның көзі неде?
(Бала әкеден бекер, бос безіне ме?)
Шырылдайды жүректе бір болашақ…
Соны…
Соны…
Адамдар сезіне ме?! (6, 6).
Н.Оразалиннің жерқорақ тартпайтын космостық дүниетанымы бәріне биіктен қарап, баға береді. Бұған дейінгі шумақта мекеншақ есебінде ғасыр, заман, дәуір атаулары алынып, екіаяқтылардың құндылығы сол ұғымдардың алмасуын қалай таразылауына қатысты бағаланады. Заманының зынданында отырған Абай дәл осы шығармасында («Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен») ертеңгі күнге арнайы сәлем жолдамайды. Ал, тәуелсіздік алған Қазақстанның ақыны үмітшіл көңілін сызып тастамаған. Нәресте кейпінде таңбаланатын «Болашақтың» бейнелілік қуаты зор. Өмір бір күнмен таусылмайды. Оны биік деңгейде өткізу үшін орасан кісілік, жанашырлық, интеллект, мәдениет қажет. Соған халық түгелдей лайық па? ХХІ ғасырдағы қазақ шайырының парасат, пайымын билеген жаһаншыл рухпен көмкерілген мейірімгерлік сезімнің шынайылығы анық, азаматтық ауқымы кең.
Жауабы жоқ көп ойым күрсінеді,
ақ көйлекті көңілге кір сіңеді.
Алатаудың қойнында аяз ұлып,
аққайыңның бұтағы түршігеді.
Сықыр-сықыр етеді басқан ізің,
кетер емес құлақтан бастағы «ызың».
Тірлік қатал…
Арман көп…
Қаңтар суық…
Жеткізбейді жолдарым қашқан ұзын.
Жеткізбейді дүние құр аттайын,
бүріседі ойымда:
Қыр…
Аққайың…
Қара аязы қаңтардың ысқырынып,
аш бөрідей қамайды сұрақ дәйім.
Қалтырайды кеудемде қыр, аққайың
(6, 7. – «Қаңтар түні»).
Нұрлан Оразалин поэзиясы табиғат мекеншағымен табысқанда өзінің етене, еркін болмысын мейлінше бояуы қанық түрде танытады. Жыл мерзімі («доңыз») дәл аталады (үзіндіге дейін). «Күпті қылған жүректі қырдағы мұң» «қағазға жармасады». Әйтпесе, ақынның басқаны қайталауға құлқы жоқ. Адам өмірінің ажырамас эквиваленті – белгісіз мұң тағы да жұмбақ елестей боп сананы арбайды. Метафоралық оралымдар өлеңнің поэтикалық қамбасына астық құяды. Ал «аш бөріге» негізделген теңеуде дала мекеншағына хас дәстүрлі көрініс біраз өзгеріспен жеңін түрініп шығады. Кеңістік пен уақыт бірліктері ретінде «қыр, аққайың» және қыс мерзімі ақын жанының нәзіктігі мен қоршаған ортаның қатыгездігі арасында маздайтын кереғарлық философиясын пернелеуге ықыласты. Қоңыр мұң да аппақ қардай көңіл мен қара дауылдай шындықтың ара-кідік тіл табыса алмауынан тебіндейді.
Белгісіз мұң, қоңыр мұң – Н.Оразалин поэзиясындағы адамгершілік ар мен сана аясындағы толассыз тартыстың таңбалық өрнегі. Ол өзіне, өз маңайы, туған еліне қарай отырып, жаһандық ақиқатқа тән тарихи тағлымы мол құбылыстар жайлы толғанады. Осы мұң – ұят пен азаматтық жауапкершіліктің сақшысы. Бұл мұң қазақ халқының ұлттық қасиет, қадірін ұлықтаумен көгеріп, жасарады. Оның арғы тамыры ақыл мен парасат, мейірім кәусарынан шырын тартады.

Алдыңғы «
Келесі »