Әдебиет хақындағы һашиялар

  • 19.07.2017
  • 391 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Абай ҚАЛШАБЕК,
ақын

Қаламды жүрекке, жүректі ақиқатқа малып ап жазу керек.
***
Шындықтан асқан көркемдік жоқ.
***
Тілдің ұшы мен жүректің ішін шатастырмайық.
***
«Әңгіме жазуға шамам келмей, амалсыз роман жазудамын» деген сөзде шындық жатыр. Қысқа-нұсқалап жазу – шын таланттың ісі. Ойдан құралған том-том өтіріктердің дәуірі өтті. Енді, шындықты алтын арқау қылған әдебиеттің кезі келді.
***
Бықсып өмір сүрген адамнан жанып тұрған өлең шықпайды.
***
Сөз майын тамызып жазудың бір шарты – көз майын тауыса іздену.
***
Шындықты білетіндер көп, мойындайтындар аз, онымен өмір сүретіндер санаулы.
***
Жүректің ішінен шыққанды қолдың ұшымен жөндеуге болмайтынын неге ұқпайды осылар?!
***
Оқырманның жетегінде кетсе, ақынның өлгені. Тың­даушының жетегіне ерсе, әншінің өлгені. Өнер жетекке ермеу керек, керісінше жетелеу керек. Қайда? Ақиқатқа.
***
«Сөйлемдегі өмір мен сөйлемнің өмірі бірікпегесін – тірі тіркес тумайды. Өмірдің тамыр солқылы мен сөйлемнің тамыр солқылын лингвистикалық проза ғана қоса алады» (Асқар Сүлейменұлы).
Мақалда осы екі өмір де (сөйлемдегі өмір мен сөйлемнің өмірі) қапысыз беріледі. Алғашқысы – қылыш, соңғысы – қын сияқты. Қылышы алтын, қыны күміс болса кәні.
***
Жүректің тоқтап қалуынан да қауіпті нəрсе – жүрек ішіндегі өмірдің тоқтап қалуы дүр.
***
Ақын мақтау естігенде жараланады, мақтанға сенгенде, өледі.
***
Мақтау, көпірту бар, даттау, қаралау да бар. Тәкенше талдау, Жүсіпбекше жіліктеу қайда?
Егер, оқыған кітабы түсініксіз, тілі ауыр боп келсе, оны терең, мықты деп жататындар бар. Толстойдың айтуы бойынша: «Таза бұлақтың түбіне дейін айдан анық, күннен жарық болатыны сияқты нағыз терең нәрсе анық әм түсінікті болмақ дүр.»
***
Толстойдың «Соңғы тұрақ» деген әңгімесінің түйіні мынау: Жүректің тыныштығы – ең үлкен нығметтердің бірі. Пахомның бұрын малы жоқ еді, дегенмен жүрегі тыныш болатұғын. Қазір оның малы көбейді, бірақ жүрек тыныштығынан айрылып қалды.
***
Толстой шығармаларында алтын арқау боп өріліп отыратын мына екі ерекшелікті байқауға болады: «Кейіпкердің ішкі «тілі» (внутренняя речь) һәм ішкі әлемдегі арпалыс әрекеттерді сол әрекеттердің сыртқа шыққан белгілері негізінде талдау». Адамның жүзінде болған кез-келген өзгерісті тамыршыдай тап басып, оны ішкі әлеммен байланыстыруда Толстойға тең келетін шебер табу қиын. Толстойдың қай шығармасында болмасын, адамның ішкі жан-дүниесіндегі толғаныстар, адамның өз-өзімен болған күресі сыртқы оқиға желісінен гөрі басым мәнге ие екенін аңдаймыз. Бірақ, бұл басымдық сюжет желісінің тартымдылығына ешқандай көлеңке түсіретін басымдық емес. Қайта Толстой әңгімелерінің оқиға желісі адамды өзіне ғана тән қарапайым қайырлы өрнегімен баурайды. Ішкі «тіл» – негізінен Толстойдың өз тілі, өз тұжырымдары. Солай екеніне Толстой күнделіктерін мұқият зерделеу арқылы көз жеткізуге болады. Мысалы, «Исповедьтегі» тұжырымдары «Воскресениедегі» кейіпкерлер тілінде жүр.
***
Мұхтар Əуезов Абайдың қара сөздерін сыртқы сипаты жағынан Л. Толстойдың «Круг чтениясына» ұқсатқан. «Круг чтения» – Кеңестік дəуірде 80 дана ғана болып басылып, тек таңдаулы адамдарға ғана берілген кітап (Толстойдың осы кітабын студент кезімде маған қазақтың береке тапқыр бір қызы сыйға берген еді). Толстойдың «Байлық деген тезек сияқты: үйілген сайын сасиды, шашылса- жерді тыңайтады» деген сөзін осы кітаптан алған ем.
Əуе­зов 38-қара сөздің Абай қолжаз­бала­рындағы атауы «Ғақлиат тасдиқат» (Мүрсейітте «Китаби тасдиқ») еке­нін айтады. Бұл – өз алдына бөлек дү­ние. 1933 жылғы жинаққа «38-қара сөз» деген атпен енгізілген.
Шы­ғар­ма түгіл тарихта өз атымен қал­маған адам қаншама. Бізге керегі – заты!
***
Бір-екі ай бұрын «Кеңес дәуіріндегі көркем қиялға малынған шығармалардың көпшілігі қазір қадірінен айрылды. Көркем қиял. Орыстар оны «художественная фантазия» дейді. Өтірікке жабылған жыртық шапанды осылай атаған. Əдебиетке көркем қиял керек. Мысалы, адамзаттың бəрінде болатын сезімді, қылықты т.б. типтік образды ашу үшін қолдану. Бірақ, қиялды тарихи тұлғаға апарып таңуға болмайды. Қолына қалам ұстаған адам осыны ажырата білу керек. Əйтпесе, қиялдаймын деп жүріп қиянатқа барады» деп жазған едім. Дәл осы ойымды құптайтын сөзді К.Н.Ломуновтың «Лев Толстой» атты кітабынан тауып алдым: Осы кітаптың 98-бетінде Толстойдың мынадай сөзі берілген: «Когда я пишу историческое, я люблю быть до малейших подробностей верным действительности». Осындағы «историческое» дегені жалпылау мәнінде қолданылып тұр, ол тарихи уақиға болуы мүмкін, адам я жер-су аты т.с.с. болуы да мүмкін. «Быть верным до малейших подробностей» оңай шаруа емес. Ол ізденісті талап етеді. Мұқағали бұл ұстанымды өз күнделігінде «В жизни не знаю, в поэзии не врать» деп өрнектеген. «В поэзии не врать» – Мұқағалидың ақындық кредосы болған. Поэзияны тек қиял қуу, өтірік шаптығу деп ұғынатындар да аз емес. Бауыржан Момышұлының: «Шығармаларымда ойдан құралған бірде-бір кейіпкер, бірде-бір эпизод жоқ» дегені де осы. Бердібек те осыны ұстаған. Ол былай дейді: «Ақиқатты айтқызбайды, өтірікті жазғым келмейді». Оралхан: «Жазушылық – шындықтың соңына шырақ алып түсудің бірден-бір жолы».
***
Сәбит Мұқанов соғыс кезінде елге келген Бауыржанды Жамбылға ертіп барады. Бауыржан өзіне сығырая қараған Жамбылдың сынап отырғанын байқап қарт жырауға қабағын түйіп ежірейе қарағанда Жамбыл: «Мына қызыңды… түсі тым суық екен, батыр болса болар» дейді. Жамбыл өзінің сынаған сауалына Бауыржанның берген жауабына риза боп: «Әй, балуан, мынауыңның түрінде ғана емес, тілінде де бірдеңе бар екен, қо­ның­дар» дегені аңдап қарасам Бауыржан Момышұлының тұлғасына тұтас берілген баға екен. Баукеңнің негізгі қырлары батырлық пен жазушылықтан тұрады. Жамбыл бұны сонау жылдарда-ақ тап басып танып, бағалап қойған екен. Біздің том-том кітаптарын оқып зорға пайымдағанымызды «дүния сырын көп жұтқан кәрі кеуде» бір сығырая қарап, бір сауал беріп-ақ түйіндей салған.
***
«Алма ағаштың гүліндей-ау,
Теке­меттің түріндей-ау.
Өтіп дәурен бара жатыр
Сіз бен бізге білінбей-ау».
Алғашқы екі жол жай ұйқас үшін ғана алынған құсап көрінгенмен, олай емес. Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиеттанытқышта» дүниені екіге бөледі:
1. Жаратылған дүние;
2. Жасалған дүние. «Алма ағаштың гүлі» жаратылған дүниеге жатса, «текеметтің түрі» адам қолынан шыққан өнер дүниесіне жатады. Өлеңнің «Алма ағаштың гүлімен» басталуы да әділетті. Әділет – әр нәрсенің өз орнында тұруы болса, бұл – әрі сұлу, әрі әділетті өлең. Осылай, жүйелеп келіп, адамзат баласына дәуреннің «білінбей өтіп бара жатқанын» ескертіп қоюы һәм шын һәм сұлу шыққан. Қаншалықты әдемі болғанмен алма ағаштың гүлі бір күні солады, текеметтің түрі оңады, білінбей өтіп бара жатқан дәурен де сол. «Тас бұлақтың суындай сылдырап тұр». «Іші – алтын, сырты – күміс» деген осындай-ақ болар.
***
Мен: Сіз бір сұхбатыңызда Сұл­тан­махмұт классик емес деген мазмұнда пікір айттыңыз. Себебі не екен? Мекем­тас: Мен Махамбетті айттым. Мен: «Аңыз адам» журналының Сұл­танмахмұтқа арналған нөмірінде Сұлтанмахмұт туралы да осындай пікір айтқансыз. Мекемтас: Мен бір нәрсе жайлы айтсам, оны бір негізге сүйеніп айтам. Классик болу үшін 2 талап бар: 1. Ол ақын бұрын-соңды ешкім айтпаған идеяны айту керек. 2. Сол идеясын бұрын ешкімде болмаған өзіндік формамен беруі керек.
Егер, мен бір ақынды классик емес десем, осы екі талап толық болмағасын айтам. Себебі осы.
***
Шындық – Мұхит. Өтірік – шалшық су (Өзімнің Толстойдан өңдеп алғам). Аз күн көз алдағанмен, жерге су боп сіңіп, көкке бу боп ұшып жоқ болады.
***
Тарих əркімді өз орнына қояды. Оған бір ғана дəлел – Мұқағали Мақатаев. Мұқағалидай ойшыл, суреткер ақын сирек кездеседі. Оны біз кезінде ең болмаса қатардағы ақын ретінде құрметтей алмадық. Ол мені құрметтемедіңдер деп ешкіммен айтысқан, тартысқан жоқ. Өзінің пəктігімен, нəзіктігімен, өзінің мақсатына деген сенімділігімен қазір тірі жүргендерден мың есе биік тұр. Бауыржан Момышұлы.
***
Адамның нағыз өмірі жүрек ішінде жүріп жатады. Жүрегі былғанған адамнан таза өмір үлгісін іздеу бос əурешілік болмақ.
***
Лев Аннинскийдің «Асқар» деген Сүлейменұлы хақындағы естелігін оқып шықтым. Жанарым жасқа шыланды. Екеуі жолыққанда Асқар 24 жастағы жігіт екен. Лев айтады: «Асқармен бар болғаны екі-ақ рет жолықтым. Онда ол 24 жаста еді. Содан бері мыңдаған адамдармен жүздестім, пікірлестім, бірақ сол жүздесулердің ізі, əсері қалған жоқ. Ал, Асқармен болған бір ғана сұхбаттың əсері жадымнан өшкен жоқ» деп. Тағы Лев: «Ол кез келген проблеманы өзінің жеке проблемасы деп қабылдайтын немесе мүлде қабылдамайтын еді» депті. Өмір нұрын ғұмырының соңында сезіне бастаған асқақ тұлға туралы тамаша естелік екен.
***
Бауыржан Момышұлының Асқар Сүлей­менұлы туралы айтқаны: «Бұл жігіт­тің өзі жіңішке болғанымен, пікірлері жуан». Ас­қардың Бауыржан туралы айтқаны: «Наивный человек».
***
Интернетте «Баукең жасы үлғайған кісілерді шал, қария, ақсақал, абыз деп төртке бөліпті» деген жазба жүр. Бауыржан Момышұлының жарыққа шыққан дүниелерін бір кісідей оқыдым. Ешбір еңбе­гінде бұндай жолдар кездестірген емес­пін. Осыны қаншалықты рас екенін Мекемтас ақсақалдан сұрадым. Сөзбе- сөз жауабы мынау болды: «Бірде ауылдан Баукеңді іздеп бір топ шал келді. Мен Баукеңе: «Сізді іздеп бір шалдар келіп тұр» деп ем, Баукең: «Ей, сен дұрыстап айтсайшы. Шал деген болады, ол – өз үй ішінен аса алмайтын адам. Үй ішінен асып, ағайын-туысқа қамқор болса, оны қария дейді. Бүкіл ауылдың қамын жегенді Ақсақал дейді. Бұны шатастырмағын» деді. Абыз дегенді айтқан жоқ. Ол сауатсыз журналистердің айтып жүргені ғой».
***
Интернетте Бауыржан Момышұлы туралы бірнеше дерек берілген жазба жүр. Қатесі баршылық. Факт деген уысыңа ізденіспен түсетін нәрсе. Ол асық­қанның уысына түспейді. Мен де біраз деректерді дереккөздерін көрсете жазайын деп шештім: 1. Бауыржан Момышұлы 1924-28 жылдары Шымкентте жеті­жылдық мектепте оқыған. Осы кезде бұл кісі Жүсіпбек Аймауытовты көрген, тек көріп қана қойған жоқ, дәрісін тыңдаған­ (Әзілхан Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз» 24-25-беттер. «Бауыржан батыр» 147-306-беттер). 2. Бауыржан Момышұлы Ораз Жандосовтың хатшысы боп 6 ай қызмет істеген. (Бауыржан Момышұлы «Айтылмаған ақиқат» 192-бет). 3. 1941 жылы 26 қазанда Момышұлы батальон командирі кезінде қоршаудан шығып 690 адамды, 18 артиллерия жегінін, 30 пәуескені аман-есен алып келді (Ә. Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз» 263-бет). 4. 1941 жылы 5 желтоқсанда Момышұлы ұрыс үстінде жаралы болды. Соған қарамастан ұрыс даласынан кетуден бас тартып полкты жаралы күйінде озі басқарды. (Ә. Нұр­шайықов «Ақиқат пен аңыз» 265-бет). 5. 1943 жылы Момышұлы соғыстан Алматыға емделуге келді. Осы сапарында (1944 жыл) ол ғылым академиясында 36 сағаттық лекция оқыды (Психология войны» 285-бет). 6. Түнде диктовка жасайды. Осы диктовкаларының бірінде маған Баукең 1948 жылы Мағжанды өз көзімен көргенін айтты (Мекемтас Мырзахметұлының өз аузынан жазып алдым. Бұл диктовка әлі сақтаулы тұр). 7. Баукең «За нами Москва» шыққанда 18 000 рубль гонорар алды. Ол кезде Волга машинасы 6200 сом тұратын (Мекемтас Мырзахметұлынан жазып алдым). 8. Баукең 207 рет тікелей бетпе-бет ұрысқа қатысқан. Соның әрбірінің картасы бар. Ол екі чемодан болып үйде тұр (Мекемтас ақсақалдың өз аузынан жазып алынды). 9. Е. Бекмаханов Мәскеуде докторлықты қорғағанда Баукең Москвада той жасап берді
(Мекемтас ақсақалдан жазып алдым).
***
Сұрақ: «Қазақ қалай орыстандырылды?» деген еңбегіңіз қай кезден басталды?
Мекемтас Мырзахметұлы: – Əуезовтің жұрт білмейтін көмбелері бар. Мен соны көрдім, оқыдым. Мен қарастырған мұраларын үш топқа бөлуге болады: 1. Қолжазбалары.  2. «Ақын аға». 3. «Абай жолы».
Орыс­тандыру саясаты туралы қол­жаз­баларында ашық айтылады. «Ақын ағада» əлсіздеу көрінеді. Ал, «Абай жолында» одан да азайтқан. Бірақ Мұқаң кейінгілер ізденсе тауып алуға болатын жолды көрсетіп кетті. Еңбегім осы мұраларды зерттеуден басталды. «Абай жолының» өзінде сендер түсіне алмайтын, сендер көре алмайтын талай жұмбақ жатыр.
***
Мың тал егу жайындағы өсиеттен бір шыбық отырғызған артық.
***
Қанмен дарығанды қасиеттемесең, қадірің болмайды. Өнер де тəрбиені сүйеді. Оқи жүрмесең, тоқығаныңды ұмытасың.
***
Қазір не жетпейді дегенде, бізге осы бір жан-тəнімен берілгендік, ынта-ықылас, ыждаһаттылық жетіспейді. Ең бастысы, ертеңге деген сенім жоқ.
***
«Бес ғасыр жырлайдыдағы» Бұқар жыраудың өлеңдерін оқып тамсанып отырмын. Тек ақын ғана емес, білімді һəм данышпан екен деп түйдім. Абайдың:
«Шортанбай, Дулатпенен Бұқар жырау,
Өлеңі бірі жамау, бірі құрау», – деген сынын Əуезов: «Бұл өлеңде Абай бұлардың ақындығын сынап отырған жоқ», – дей­ді. Сонда нені сынады? Оны өздеріңіз Əуезовтен оқып алыңыздар. Мен Бұқардың өлең­дерінен əр қатары мақал болардай інжу-маржан мысалдар берумен шектелейін:
«Хандар киген қамқа тон,
Шүбе­рек болар тозған соң».

Алдыңғы «
Келесі »