ДУМАН РАМАЗАН ЖӘНЕ ПОСТМОДЕРНИЗМ

  • 19.07.2017
  • 1183 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әбіл-Серік ӘЛІӘКБАР, әдебиеттанушы

Жұрттың бәрі сенген кеңес үкіметі бір күнде ешкім күтпеген жерден құлап тынды. Бұрынғы партия көкке көтерген ақын-жазушылар жаңа қоғамға еш керексіз болып қалды. Одан шығудың жолы көпшілік қаламгерлеріміз үшін әңгіме жанрында қоғам және оқырманмен әдеби ойын, батыл эксперименттер, өткен мен жаңаны пародиялау болып табылғаны жасырын емес. Біріншіден, кезінде партиялық әдебиеттің талабымен әлеуметтік өмір мен тарихты 1917 жылдан бастап келгендігіміздің абсурдтығы, екіншіден, әдеби ойынға, карнавалдыққа т.б. соны әдеби қаламгерлік амал-тәсілдерге иек сүйеп, алаш өркениетін түрлі ракурста еліне таныту мақсаты шығармашылық адамдарының ойы мен еркін биледі. Ұлт тарихы алаштың өткенінен басталғандығы барша қазақтың сөзін ұстағандар үшін адастырмайтын рухани темірқазыққа айналды.
Біздің қаламгерлеріміздің ізденісі екі жақты болғандығы еш дау тудырмайды. Батыс біз енді түскен әдеби соқпақтан баяғыда-ақ өтіп кеткен болатын. Бір жағынан, қазақ постмодернизмі өзінің нағыз азаттығын сезініп, бұрын іштен тынып, айта алмай келген ойларын сыртқа шығаруға мүмкіндік алды. Екінші жақтан, ұлттың жадында қайыра жаңғырған діни негіздегі имандылық пен әлеуметтік-мәдени базаға арқа сүйеді. Осының негізінде қазақ постмодернизмі өзіне тән көркемдік ерекшелікке ие болды. Сыншыларымыздың бұл кезеңді қазақ прозасындағы түйе толғақ үнсіздік деп атауы өте орынды. Осы әдеби дамылдауға ақындар батыл үн қосса, жазушылар әліптің артын бағып, оқырман санасының өз туындыларын эстетикалық тұщына қабылдауының қолайлы сәтін асықпай тосты.
Қазақ постмодернизмі ұлт алдына айна қойып, қазақ келбетін түрлі қырынан алып кескіндеді. Алаштың әлеуметтік, саяси, діни кескіні айқын таныла бермейтін астарлана берілетін шығармалар шоғыры өмірге келе бастады. Авторлар бұрыннан қалыптасқан әдеби конвенция: шындыққа жанасымдық, оқиғаның хронологиялық және логикалық кезектестігі, жанрлық және стильдік біртұтастықтардың тас-талқанын шығарып бұзды немесе келмеске кетірді. Бұл кеңестік ділдегілерге мүлдем ұнамай, әсіресе, ақындарымызға әдеби ауыр да, орынсыз сындар айтылып, күні өтіп, ұлттық әдеби процесте өзінен кейінгі жаңа әдеби бағытқа ығысып жол берген модернизмді аңсау сарыны кең етек жайғаны жасырын емес. «Постмодернистер кім?» деген сауал қазақ әдебиетіндегі проза жанрында басы ашық тұрған күрмеуі қиын мәселе. Ақындарымыз турасында ашық та, батыл сөз етілсе де, прозаны шығармашылық серік еткен қаламгерлеріміз жайында тиіп қашты сөз етуден арыға бара алмай жүрміз. Біз осы жолы қазіргі қазақ прозасындағы әдеби феномен Думан Рамазанның жаңа әдеби бағыттағы ізденістері мен жетістіктері жайында ой толғамақпыз. Өйткені, модернизмнің шекпенінен шыққан ұлттық соны әдеби бағытқа өз аяғынан қаз тұрып кетуі үшін және төл әдебиетіміздегі әдеби процесте жеке бағыт ретінде толыққанды орнығуы үшін өз үлесін қосқан Думан Рамазанның «Көш» жинағына енген барлық әңгімелерін емес, тек ең алдымен жеке оқырман ретінде төрт әңгімесін оның жазушылық ұстанымы мен шығармашылық шеберлігі жағынан қарастырып шығуға бағдар ұстандық. Қаламгердің әдебиетіміздегі постмодерндік (кейігмодерндік) бағыттың көшбасшыларының бірі болып табылатындығын ендігі жерде келте ойлап, ойбайлап жоққа шығаруға болмайды.
Қоғамдық сана мың құбылып, жұрт пікірі сан-саққа өзгеріп жатқан қазақтың рухани өмірінде әдебиетке қатысымыз болғандықтан, аға буынның, өз қатарымыз бен кейінгі толқын прозаиктерінің сиясы кеппеген жаңа туындыларын қалт жібермей оқып отырамыз дегеніміз бір жағы – ағаттық, екінші жағынан мүлдем мүмкін емес дүние. Ал, жылт еткен жаңа туындыларды оқи қалатын болсақ, онда аға буыннан ұлттық санасызданған кеңестік кезеңнің көлеңкесін, жаңа толқыннан батыстық тобырлық мәдениеттің елесін аңғарып, әттеген-ай деп өзек өртеніп отырғанда өз тұстастарыңның алаши-түркілік-исламдық дүниетанымының синтезінен тұратын тұщымды шығармаларына ден қойған уақта көңілің байыз тауып бір тыншып қалады.
Әлемдік, түркілік, алаштық өмір құбылыстарына өзгеше ой жүгірту, қазақ қоғамының көлеңкелі жағының жаһандану дәуіріне сай суреттеле бастауы біздің буын қаламгерлері ішінде өте-мөте Асқар Алтай мен Думан Рамазаннан айқын аңғарылады. Аталған жазушылардан қазақ кейігмодерндік прозасының алты қасиеті аңғарылады: 1) прозаның өзіндік кодқа ие болуы, яғни, мәтінді ұйымдастыру ережесі; 2) әлемнің берекесіздігін өздік ұғынуын саналы түрде хаос арқылы беруге талпыну; 3) кез келген беделге скептикалық қатынаста қарап пародиялауға талпыныс, мәтіннің өзіндік мақсаты «хат беделі»; 4) көркем-бейнелеу әдістерінің шарттылығы «әдістерді жалаңаштау»; 5) бір мәтін бойына түрлі жанр мен түрлі әдеби дәуірді тұтастыру. Бұлардан бөлек Айгүл Кемелбаева мен Роза Мұқановалардың прозасына ой жүгірткен шақта кейіпкер бойындағы екі идеяның бейберекетсіздік пен нигилистік көзқарастар үстемдігі орыс тілді қазақ әдебиетіне тән екендігін сезініп, қазақ пост­модернизмі дегеніміз феникс құстай қайта түлеген модернизм деген әдеби аксиомамен бетпе-бет келеміз. Мәдени-рухани Кеңестік коммунистік идеологияның орнын ұлттық идеология мен орыстанған қазақтардың космополиттік идеологиясы басты. Дінде, ғылымда, саясатта бұрынғы бірауыздылық келмеске кетті. Алаш қоғамын рухани хаос жайлады. Осы хаос инволюционистің арманы. Әр түсініктегі, әр әдеби бағыт пен ағымдағы жазушыларымыз оны өзінше түсіндірді. Реалды өмір, бейреалды өмірге айналды. Осы әдеби хал кешуді шығармашылық іс-әрекет үстіндегі біздің буын жазушылары әр түрлі қабылдап, әр қилы айшықтады.
Д.Рамазанның көркемдік әлемі романтизм мен реализм, натурализм мен сентиментализм, модернизм мен сюреализмнің өте күрделі бірін-бірі жоққа шығарып, әрі толықтырып, әрі өзгеріске ұшыратып отыратын эстетикалық тенденцияларының синтезінен тұратын постмодернизмнің прозадағы ұлттық эталоны. 2000 жылдардан бастап оның прозасы бейреалды бастау көзге бірте-бірте ие бола түсті. Думанның сан тарапты эпигондық еліктеу-солықтаушылықтан ада өзіндік авторлық стилі мен қаламгерлік бағыт-бағдарын танытатын әдеби ізденістерінің қорытындысына баланатын «Көш» әңгімелер жинағы жазушының жаңа ғасырдың 10 жылдығын қалай еңсергенін толыққанды аңғартып, шығармашылық ізденістері турасында өз оқырмандары алдында жазушылық есеп беруі болып табылады. Ол өзі ұнатқан туындыларын авторлық қалауы бойынша өте сәтті және біршама сәтті деп шартты түрде бөліп шығарма мәтінінің тінінен кезектестікпен орын бергені көрініп тұр. Сондықтан да, біз жазушының осы топтастыруымен ықтаяттықпен келісіп, барлық әңгімелерін жіпке тізіп тізбектеп шығудан бойды аулақ ұстай отырып, тек қаламгердің қазақ оқырманына нені айтпақ болғанына, нені емеурінмен сездірмек болғандығын әдебиет назариятшысы ретінде жұрт құптайтын, не жоққа шығарып келіспейтін таптаурындықтан жаңашылдығы басым әдеби теориялық таным-түсінік негізінде ой жүгіртіп, өз пікірімізді білдіреміз. Және Думан Рамазанның шығармашылығы турасында елдің бәрі ден қоятын бірден бір ақиқат, бірден бір дұрысты соңғы сөзді түгесе айтып отырмыз деген ғылыми күмәнді пікірден аулақпыз. Реалдылық пен фантазияның өзіндік айшыққа ие синтезі жазушының жанр, құрылымдық және сюжет түзуші принципіне айналды. Жазушының осы жинаққа енген «Көш», «Жатбауыр», «О дүниедегі кездесу» т.б. әңгімелерінде жоғарыда біз сөз еткен әдеби әдіс кең көрініс тапқан. Осы аталған әңгімелерде реалдылық бір шетке ысырылып, романтикалық қос әлемділік (романтический двоемирие) идеясы «өлілер патшалығынан» еніп, «осында» мен «онда» болмысы бір-біріне қарама-қарсы қойылып, жазушы өз оқырманына не шынайы өмір (пәни), не тылсымды тірлік (бақи) турасында тұтасқан түсініктің ұштығын ұстатуға еш тырыспайды, қайта олардың көршілесе өмір сүруін қабылдауға тиісті екендігімізді ұғындырады. Автор ұғындырмасы бойындағы денеңді мұздатып, жүрегіңді ұшырып, зәреңді зәр түбіне кетіретін мистикалық күш біздің өмірімізге дендеп еніп қана қойған жоқ, сонымен бірге өз заңдылығын адамдар санасында орнатып та үлгергендігін мәтіндемелік емеурінмен сездіреді.
Бәріміз «Абай жолының» қалай аяқталғандығын жақсы білеміз. Абайдың өмірінің соңғы күндеріне М.Әуезов адамзаттың алыбының өмірден өтуі жайлы авторлық концепция тұрғысынан келіп, оның ажалдан кейінгі мәңгілік рухани өмірін қазақ халқының болашағымен байланыстырады, әрі ұлт руханият көш басшыларының бірінің өмірден өтуін ежегейлеп жазуды мақсат тұтпайды, Думан Рамазан «Құса» әңгімесінде Абай өмірінің соңғы күндерін эпикалық ауқымдылықпен береді. Және оны алаш тарихындағы екі бірдей ерек тұлға Бейбарыс және Кетбұғамен кеңістіктік-уақыттық біртұтастықта алады. Жазу­шының милетшілдігі арқылы Абай­дың ақырғы күндерінен сыр шертетін «Құсасы» мен Кетбұғаның соңғы күніне арналған «Ажал келген күн» атты әңгі­месінің арасындағы транстарихи байланысты диптихтық (көне гр. δίπτυχος «қосарланған») композиция арқылы екі өлімнің ұлт өміріндегі тарихи-мәдени рөлін авторлық позициясы тұрғысынан терең мәнділікпен ашып көрсетеді.
Р.Барт мәтіндер өзге мәтінмен мыңдаған жіптер арқылы жалғасқан десе, Б. Гройс постмодерндік мәтін авторының өзінің мәтінде бар екендігін танытатын стра­тегиясының нивелировкасын (әдеби жұтын­дыруын) алға тартады. Думан осыны былайша аңғаратады: «– Сені өз елің, өз ұрпағың қарғайтын болады. Сен қарғысқа қаласың! Қарғыс арқалап өлесің! Мен елімнің ертеңі мен амандығы үшін қартайған шағымда да ат үстінен түспей жүрмін! Ал сен Құтыз, қаның қыпшақ болса да, қарғы баулы төбетсің. Атың айтып тұрғандай қабаған итсің!.. Затың құл болмаса да, атың құл, мәмлүксің, мемлекет құлысың! Бүгін, міне, ата-бабаңның аруағына сыйынып келген өз ұлысыңның ұландарын қырып отырсың. Сонда сенің жоқтағаның кімнің, қай елдің намысы? Сен одан да есің барда еліңді тауып, жалдамалы құлдықтан құтыл! Өлсең мыналар сияқты жоқтайтын ел-жұртың қалсын артыңда…
Құтырған қасқырдай көздері алақ-жұлақ еткен Құтыз сұлтан бұл сөзді құлағына да ілмеді, жүрегі де жіби қоймады. Қайта тағдыры қыл ұшында тұрған жауының тілін тартпағанымен қоймай, өзін кінәлай бастағанына ызасы келіп, қатулана түсті. Безгегі ұстаған жандай, қол-аяғы дірілдеп, аузы-басы жыбырлап кетті.
– Доғар! – деді айғай салып.
Кеудесін кек қысқан Кетбұға қаймығар емес, тосылар түрі жоқ:
– Мен – исі Дешті Қыпшақтың Ұлық биімін. Төрелігім мынау: қарғыс, қарғыс саған. Қарғыс атсын сені! – деп Құтыздың бетіне былш еткізіп түкіріп жіберді.
Ашуға булыққан Құтыз сұлтан бір демде-ақ қылышын қынабынан суырып алды да, көз ілеспес шапшаңдықпен сілтеп кеп жіберді. Ақ сақалын қан жуып кеткен Кетбұға тізерлей беріп, етпеттей құлап түсті…
…Әлдекімнен көмек күткендей жан-жағына жалтақтап, қипақ қаққан Құтыз «бәрін бүлдірген сен екенсің ғой!» дегендей Бұлғақ әмірге ала көзін ата қарады.
– Мен… мен… – деді Құтыздың дауысы дірілдеп. – Мен оған…
Бейбарыс оның сөзін соңына дейін тыңдағысы келмеді. Сол қолымен желке тұсынан бүре ұстады да, оң қолындағы өткір қанжарын жүрек тұсына бойлата сұғып жіберді. Екі көзі алақтаған сұлтан тіл қатуға да шамасы келмей, Бейбарыстың аяғын құша құлап түсті» (26-28 беттер).
Бұл ақ және қара өлім арқылы автор бабаларымыз арасындағы тәңіршілдіктің Кетбұғамен бірге келмеске кеткендігін, әскери құлдықтың мәмлүктер арасында мәңгіге жойылып, жаңа тұрпаттағы қыпшақ-ислам әскери билігінің Бейбарыстан бастау алғандығын танытатын әдеби фон жасайды. Сөзбен сомдалған тарих қаламгердің философиялық концепциясын оқырманға көлденең тартады. Мысалы, қазақ Исламға қанша жерден сенгенімен бақсыларды, абыздарды, ақындарды ерекше жандар деп санауын әлі қойған емес… Осындай екі ерек жан Абай мен Кетбұғаны диптихтық композиция арқылы тарихи-мәдени аспектіде біртұтастықта, бірлікте алынғандығы Думан Рамазанның қаламгерлік шеберлігі. Ақ және Қара Өлім дүниетанымдық философиясы арқылы қазақтың ұлылығын таныту бағытындағы авторлық ұстаным өзін ақтаған әдеби шешім.
«Бетерадамды» (суперменді) бірінші орынға шығарып, соның төңірегінде оқырманға өз ойын таңу жазушының постмодерндік оқырманмен ойынындағы өзін дәлелдеген әдеби тәсіл екендігі турасында Думан Рамазанның «Көш» әпсанасы осындай ой түйгізеді. Өйткені, Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш» романы реалды өмірді тарихи шындықпен қосылта өрілтіп отырса, Думан Рамазанның «Көші» турасында бұлай дей алмаймыз. Онда алаш тарихы түрлі ракурста алынып, мифтендіріліп, сакралданып беріледі. «Ақиқатты тану – өте қиын, ал, оны айта білу – одан да қиын» деген автордың қасиетті хадистен алған эпиграфымен келісе отырып, бұндағы «көш» символы сана мен тілге қатысты екіұдай қабылданады да, нақты мәдени қызметі аясында, яғни, қаламгер мен оқырман арасында мәтінді оқу процесі үстінде туындап өмірге келетін ұлттық қарым-қатынас түрінде өзгеше қырынан өріледі. Қабдештің романы көшті көрген ұрпақ бар кезде жазылса, Думанның әпсанасы көшті көрмеген ұрпақ кезінде жазылып отыр. Бірақ, көшті көрмеген оқырмандар қаламгердің туындысына ұжымдық санасыздық арқылы ой жүгірте алады. Бұл арада «көш» архетипі тек қана форматүзуші регулятивтік принцип емес, өзінің әмбебап семантикасы бар. Осы арқылы Д.Рамазан туындысының ерекшелігін сезінуге мүмкіндік аламыз. Туынды бойындағы архетип бізге жалпыалаштық санасыздықтан ұлттық ұйысуға бастайтын бастау көз болып табылады.
Енді, Думан Рамазандағы архетиптерге тоқтала кетейік.
«Қуарған қу даланы шаңға көміп, ұзыннан-ұзақ шұбатылған көш келеді. Ат мінген, түйеге жүк артқан, жаяу-жалпылаған адамдар көші.
Алдыңғы жақтағы қатарынан сегіз ат парлай жегілген алтын күймеде осы көштің көшбасшысы Малбұқа көсем қалғып-мүлгіп отыр. Қасындағы айдай сұлу жас тоқалы сырттағы түр-тұлғасы келіскен жас уәзірге сүзіле қарап, терезеге телміре түседі. Сезікті секірер дегендей, қайта-қайта күйеуіне көз қиығын салып қояды. Алдарында қасқалдақтың қаны құйылған құмыра мен алтын табаққа салынған құлжаның басы тұр» (30-бет). Автор көш процесіне қатысушылардың арасындағы әлеуметтік теңсіздікті «қасқалдақтың қаны құйылған құмыра мен алтын табаққа салынған құлжаның басы» ұлттық асхананың мәдени коды арқылы береді. Біз қазақ сирек кездесетін нәрсені – қасқалдықтың қанына теңейміз. Осы теңеу қаламгердің метатілі арқылы оқырманға көп нәрсені ұқтырып тұр. Майерс-Бригс типологияларындағы комбинациялану негізіндегі сегіз басты архетипті: Билеуші, Қаһарман, Абыз, Іздеуші, Сәби, Сопы, Дос, Жәдігершіні осы әфсана бойынан түгелге жуық кезіктіреміз.
«Көштің бел ортасында құла биеге мінген дана қарт пен күрең тайға қонжиған он үш жасар бала келеді. Баланың таңдайы тақылдап, ауызы жабылар емес. Ақ шашты ақсақалға сұрақты қарша боратады.
– Ата, біз осы қайдан шықтық? – дейді бала сұраулы жүзбен.
– Менің білуімше, Бағзы жақтан шыққан сияқтымыз! – дейді дана қарт та тартынбай.
– Ол қай жақта?
– Арт жағымызда.
– Қазір қай жерде келеміз?
– Жетер жеріміздің желке тұсында келеміз.
– Сонда біз осы қайда бара жатырмыз?
– Біз қайдан шықсақ, сол жаққа қайтып бара жатқан сияқтымыз!» (30-31 беттер) деген ата мен немере арасындағы сұхбаттастық арқылы автор қазақ әдебиетіндегі Қорқыт пен Асан қайғыдан бастау алған Абыз архетипі мен Сәби архетипін танытады. Қария бұл сапардағы көштің еш опа әпермейтінін «қайдан шықсақ, сол жаққа қайтып бара жатқан сияқтымыз» деген емеуірінімен сездіреді.
Іздеуші архетипі халық және көсем әлеуметтік тобы арқылы суреттеледі. Сонымен бірге ақиқатты іздеуші бейнесінде: «шындықты айтсаң, кім-кімге болсын, ұнамай қалуың мүмкін. Жеккөрінішті боласың! Анаған қарашы! – деді қарт есек мініп, тепеңдеп бара жатқан киімі жұпыны, түрі жүдеу әлдекімді қолымен нұсқай, – Қандай ақылды адам. Білмейтіні жоқ. Құдай талант берген. Өнерлі-ақ. Өзіне, өнеріне нық сенімді. Содан да ешкімді көзіне ілмейді. Керек десең, ханға да сәлем бермейді. Айтқанынан қайтпайды. Тек шырылдап шындықты ғана айтады. Өтірік сөйлей алмайды. Сондықтан да теперіш көріп, тепкінің астында жүр!..» (31-бет) деп өнер адамының мәңгілік бейнесін қазақи қалыпта кестелейді.
Енді, ата мен немере арасында үзілген сұхбатты жалғастырайық: «Жұмақ-Жайдың ауылы алыс, балам. Күнаһарлар бастап келе жатқан көш ешуақытта Жұмақ-Жайға жете алмайды. Алдап-сулаумен айлаларын асырып, қылмыстарын жасырып, өтірікті судай ағызып, жол бойы жалғандықтың ұрығын сеуіп келеді. Сөйте тұрып Жұмақ-Жайға баруды армандайды. Ол мүмкін емес. Біз айдың-күннің аманында жолдан адастық, балам. Адастырған да көш басындағылар. Біз алдыға бара жатқан жоқпыз, артқа қайтып барамыз, – деді дана қарт жүні жығылған кейіп танытып»… (32-бет) абыздың айтқаны тура келеді. Біз бұл жерде Шәкәрім мен Мұхтар Әуезовтің туындыларындағы Нысан абыздың Кебекке айтқан болжауы қалай айна-қатесіз келсе, Думан Рамазан да өз абызының сөзінің қатесіздігін финалдық тұспалдаумен оқырман еркіне былайша қалдырады: «Ал қалың көпшілік дыбыстарын шығармай іштерінен егіліп жылап тұрды. Халықтың көз жасынан қара топырақ ми батпаққа айналып бара жатты…
Қайдан шыққаны, қай жақтан келгені белгісіз, бір алып қара құс көшті маңайлай жарық жартасқа барып қонды. Көздері ойнақшып, жан-жағына тінтіне қарайды. Ешқандай қауіп-қатердің жоқтығын сезінген сияқты. Ұяластарын шақырғандай, бір-екі мәрте шаңқылдап дауыс шығарып еді, құзғындар қара құртша қаптап кетті. Жемтікке үймелегендей, топ-тобымен топырлап ұшып келіп, төңіректі торуылдай бастады. Тап бір той тойлауға жиналғандай, мойын-бастары қылтылдап, шегір көздері жылтылдап, бүйірлері бұлтылдап, бөтегелері бүлкілдеп, секең қағып, секіріп жүр» (38-бет).
Автор өзінің «О дүниедегі кездесу» әңгімесінде: «Енді, міне, тағы да тағдыр-талайлары тоқайласып, аз күн қонақ болған жарық жалғанмен бір мезгілде қош айтысып, мәңгілік сапарға бірге аттанбақ. Дәл қазір екеуінің де хал-күйі бірдей. Бойларынан әл кетіп, жандары кеуделерінен шығып кетуге таяу тұр. Әлсін-әлсін ыңырсып, шүңірек көздерін әрең-пәрең ашып-жұмып, баяу ғана кірпік қағады» (39-бет).
Бір палатада жатқан қос ауылдас, әрі сыныптастың ғұмырын төмендегідей ретпен сөз етеді: «Екеуі де пайғамбар жасынан асқан, қарттыққа иек артқан жандар. Оның бірі – қаланың жоғарғы тау жақ беткейінде орналасқан хан сарайындай үйде тұратын Сәззәт Сұрлашов мырза. Өмір бойы ат үстінде жүрген, ұзақ жыл ауыл, аудан әкімі сияқты лауазымды қызметтер атқарып, жалғанды жалпағынан басып, шалқып-тасып өмір сүрген кісі. Ал екіншісі – қаланың төменгі жағындағы қоңыртөбел үйде тұрып, қоңырқай тірлік кешкен Сүйсен Сабаев ақсақал. Ұзақ жыл орта мектепте тарих пәнінен сабақ беріп, саналы ғұмырын бала оқытуға арнаған, иманы кәміл тақуа адам» (39-бет).
О дүниедегі жауап алу М.Көпейұлының балладаларында сөз болғандығын қазақ әдебиеті тарихынан жақсы білеміз. Осыны Думан Рамазан проза тілімен кестелеп, дәстүр жалғастығын жүзеге асырып отыр. Мәшһүр Жүсіп өзге авторлардың туындыларын, ел әңгімелерін пайдаланса, Думан Рамазан туындыгерлікпен «авторлық мифті» өмірге әкеліп, өзіндік ұстанымын оқырманына ұсынады. М.Көпейұлы жақсы жан мен жаман жанның о дүниеге баруына екі бірдей рауаят (діни баллада) арнаса, Думан Рамазан адамның пәниде жасаған жақсылығы мен жамандығының о дүниеде өз бағасын алуын кейіпкерлері бойында жарыстыра пернелеу арқылы бір әңгіменің бойына сыйдырып береді. ХХ ғасырдағы хақ мұсылман үні, тікелей айтылған автор үні бұ дүниеде емес, о дүниеде орын алған оқиғаны лирикалық негізде бірінші жақтан баяндау арқылы автордың еркі мен діни ағартушылық мақсатына бағындырыла беріліп, өз оқырманын діни аңыздан ғибрат алуға шақырады. Ал, Думан Рамазанда: «Дәл осы кезде жаналғыш Әзірейіл періште келіп, Сүйсен ақсақалдың бас жағына жайғасып алып:
– О, пәк денедегі ақжүрек жан! Алланың кешірімін алып, игілігіне ие болып, мәңгілік рахатқа батқың келсе, тезірек шық! – деді жайдары қалып танытып.
Жан еш қарсылықсыз денені тастап шықты. Түсі әппақ. Көк пен жердің арасындағы жетпіс мың періште бірінен кейін бірі оған разы болып, баталарын берісіп жатты. Көктегі барлық қақпаның есігі айқара ашылып, періштелер сол жанның өз қақпалары арқылы ғарышқа көтерілуін тілеп тұрды. Әзірейіл жанды ала сала жұпар себілген ақ кебінге шымқап орады да, жеті қат көкке көтеріп алып кетті. Олар періштелер тобына жеткен кезде:
– Бұл тамаша жан кімдікі? – деп сұрады бәрі жамырап.
– Бұл – Құдайдың сүйген құлы Сүйсеннің жаны, – деді жаналғыш періштенің өзі де мейірленіп. – Енді жан денесімен қайта қауышқанша ғарышта болады» (40-41-беттер). Өлімнен кейінгі өмір оқиғасын жазушы оқиғаны қоюлата көркемдікпен әңгімелеуге көшеді де, шындық өмірде де, о дүниеде де болуы мүлде мүмкін емес, қарапайым пенденің бастан күй кешуін шынайлықпен оқырманын сендіре суреттейді. Әрі күнделікті болып жатқан әдеттегі оқиғалардың біреуіндей қылып, тартымды баяндай білген.
Фантастикалық емес, фантастиканың сатирамен өрілген көркемдік аңысы – «О дүниедегі кездесуде» қаламгердің өзіндік көркемдік ізденісі болып табылады. Оқиғаға ерек рең беретіні оқиғаның бұ дүниеде емес, о дүниеде өтуі: о дүние туралы жазылған Дантенің туындысының әлемдік әдебиеттегі орны қандай болса, проза тілімен төгілте жазған Думан Рамазанның тарапынан жасалған көркемдік-жанрлық ізденістердің қазақ постмодернизмнің ескі мотивті жаңғырта сомдаушылығының қандай дәрежеде шығармашылықпен игере білгендігінен сыр шертеді.
О дүниедегі тергеуге алыну енді фан­тастикалық шындық ретінде реалданып, проза тілімен өріліп былайша өрнектеледі: «Содан соң ажал періштелері Сәззәт сабаздың жанын алуға жерге қайтып оралды. Екі дүниенің ортасында есі бір кіріп, бір шығып есеңгіреп жатса да, бәрін сезіп-біліп жатыр. Бас жағына келіп жайғасқан Әзірейілге көзін сығырайтып, жалынышты кейіппен қарайды». Қайта оның о дүниедегі тергелуін ирониямен, сатиралық сипатта құлдырата сипаттауы Жеттіңдер ме сөзіне стилистикалық реңк беру арқылы автор өзінің алдына қойған мақсатына жете алған. Шынайы өмірлік ситуацияны о дүниелік ахуалмен шебер ұштастыру Думанның өзіне тән реалистік стилінен Сәззәт Сұрлашов мырзаның тергеуге алынуында былайша хабар береді: «Содан соң ажал періштелері Сәззәт сабаздың жанын алуға жерге қайтып оралды. Екі дүниенің ортасында есі бір кіріп, бір шығып есеңгіреп жатса да, бәрін сезіп-біліп жатыр. Бас жағына келіп жайғасқан Әзірейілге көзін сығырайтып, жалынышты кейіппен қарайды.
– Жеттіңдер ме? – деді күбір етіп.
Әзірейіл дауысын көтере:
– Әй, сұмырай жан. Сен Құдайдың қаһарына ұшырап, наразылығына қалдың. Енді есеп берер сәт туды. Кәне, бермен шық! – деді жекіріп.
Жан шыққысы келмей, еріген қорғасындай денеге жайылып, жабыса түсті. Оған Әзірейіл бастаған жаналғыш періштелер «шық та шықтың» астына алып, дөң-айбат көрсетіп, қоқан-лоққы жасап бақты. Амалы құрып, кеудеден жылжып жұтқыншаққа тірелгенде, Сәззәттың жаны көзіне көрініп, өзімен-өзі арпалысқа түсті.
Әзірейіл оның жанын ерік-ырқына қоймай, шырқыратып көмекейінен суырып алды. Түсі көмірдей қап-қара. Жер мен көктегі періштелердің бәрі оған лағынет жаудырып жатты. Көктегі қақпалар тарс жабылды. Қас қағым сәтте-ақ періштелер Сәззәттың жанын алдын ала дайындалған қара кенеп қапқа салып, мықтап орап тастады. Одан шіріген жұмыртқанікіндей сасық иіс шығып, жер-дүниені алып кетті.
– Бұл сұмпайы жан кімдікі? – деп сұрайды періштелер.
– Бұл – Сәззәт Сұрлашовтың жаны, – дейді Әзірейіл оларға.
Көктегі қақпалардың есігі тегіс жабылып қалғандықтан, ажал періштелері оны жеті қат жердің астына апарып тықты. Жан мәйіттің жамбасы жерге тигенше түпсіз шыңыраудағы суық сызды тар қапаста қамауда болады» (41-бет).
«Постмодернистік ағымның бір мысалы – көптеген шығармаларда кейіпкердің екіге бөлініп кетуі, өзін-өзі басқа қырынан көруі, түс көріп, түсінен бір оқиға туындатып алып, оның өзі аяқталмай жатуы, бір ойға берілуі, түсінде ұмытылып кеткен қарсыласымен кездесіп, арпалысып, қайтадан бүгінгі өмірге келуі немесе басқа жерде оянуы деген сияқты нәрселер жазылады. Бір тақырыпты әр қырынан жазуға болады. «Бүгінгі заманда бәрі жазылып бітті, ескірді. Енді, қайталай береміз бе?» деген сұрақтар туындауы мүмкін. Ол тағы да айналып келгенде, таланттың тапшылығының белгісі. Академик Веселовский: «Эпикалық шығармалардағы сюжеттің 36-ақ түрі бар. Соны әртүрлі етіп құбылтып жаза беруге болады», – деген. Бұл сөздің қаншалықты шын екенін білмеймін, бірақ, белгілі бір дәрежеде өмірдің бір шындығының ұшқыны жатқаны сөзсіз. Шығарманы тым қарабайырлық пен жадағайлық, жадаулықпен шектемеген дұрыс. Туындыгер ізденіп, қызықты оқиғаларды біріктіре білуі керек деп ойлаймын. Қаламгерлердің арасында жақсы шығарма жазып жүргендер аз емес. Менімен қатарлас прозашылар бір-біріне мүлде ұқсамайды. Әрқайсысының деңгей, дәрежесі бар. Көркемдіктің шарттарын жақсы игерген. Өмірдің шындығы көркемдікпен бейнеленген деп айтуға болады», – дейді Нұрдәулет Ақыш.
Батыс еуропа және орыс прозасында «өзге әлем» бір түрлі тылсымданып берілсе, Д.Рамазанда тап біз өмір сүріп отырған дәуірдегі қарапайым тіршілік сияқты періштелердің жауап алуы суреттеледі:
«Осы сәт Сүйсен ақсақал жатқан көр­дің іші кеңейіп, самаладай жарқырап сала берді. Ал, Сәззәт шал жатқан қабір тарылып, төрт жақтан бірдей қусырып қыса бастады. Жаншып-жаныштап, сай сүйегін сырқыратып-ақ барады. Қабір азабының осылай боларын жер басып тірі жүргенде қайдан білсін, әйтпесе күнәға белшесінен батпас еді ғой.
Бір кезде Алла періштелерге:
– Менің екі құлымды жер бетіне әкеліңдер! Мен оларды топырақтан жараттым, енді одан шығарамын! – деді.
Періштелер Жаратушы жаппар иенің айтқанын екі етсін бе, Сәззәт пен Сүйсен ақсақалдың жанын алып келіп, денелеріне қайта қосты. Құдайдың құдіретімен екеуі қайта тіріліп, бәз-баяғы қалыптарына келді. Сол сол-ақ екен, Әңкүр мен Мәңкүр алдымен Сүйсен ақсақалға келіп, жайдары жүзбен сұрақтар қойып, жауап ала бастады.
– Сенің Раббың кім? – деді екеуі қосанжарласып.
– Менің Раббым – Алла, – деді ақсақал.
– Дінің қандай?
– Дінім – ислам… Алланың құлы, Мұхаммедтің үмметімін.
– Қандай қайырымды іс қылдың?
– Алланың кітабын оқыдым, оған иман келтірдім және сендім.
Осы кезде көктен:
– Менің сүйген құлым шынын айтты. Оған жұмақтың мамығынан төсек салыңдар, жәннаттың киімін киіндіріңдер! Жұмақтың қақпасын ашып қойыңдар! – деген ашық-жарқын дауыс естілді» (42-бет).
Міне, қаламгер тәлімгерлікпен, ұлттық ділімізге сай Алланың сүйген құлының бұрын поэзиялық діни қиссаларда сөз болған сюжеттін енді проза тілінде мөлдіретіп, жағымды персонажының «фантастикалық бейнесін» кескіндесе, мына бір мәтін үзігінде ұлтының жек көретін әлеуметтік тобына жататын атқамінерлердің ұсқынсыз келбетін «фантастикалық гратескілейді».
«Сүйсенді жайлы жерге жайғастырған соң, періштелер Сәззәттің қабіріне қайтып оралып, қатулы кейіпте сұрақтар қойып, жауап ала бастады.
– Сенің Раббың кім?
– Аа… Не дейсің?!. Түк ұқсам бұйырмасын!..
– Дінің қандай?
– Діншіл емеспін, десе де, өзімді мұсылманмын деп санаймын.
– Сендерге жіберілген адам туралы не білесің?
– Ештеңе білмеймін… Жұмбақтамай дұрыстап айтсаңдаршы!.. Кімді айтып тұрсыңдар, өзі?..
Сол кезде көктен:
– Ол дұрыс жауап бермеді. Оған оттан төсек салыңдар, алдынан тозақтың қақпаларын ашып қойыңдар! – деген қатқыл дауыс естілді.
Сәззәт сабаздың сұры қашып кетті. Құтырған қасқырдай көздері алақтап, тозақтан қалай құтылудың айла-амалын ойлай бастады. Сол сәт оның алдына алба-жұлба киінген, үстінен сасық иіс мүңкіген, сұрықсыз біреу келіп:
– Мен саған жамандық хабар әкелдім. Ол күн саған уәде етілген, – деді түсін суытып.
– Құдай жолыңды қылмағыр, сен кімсің өзі, неғылған жансың? Түріңнен адам шошиды ғой! – деді Сәззәт шал күйіп-пісіп.
– Мен өзіңнің зұлым істеріңмін. Сені қашанда теріс жолдан, қылмыс әлемінен көрдім. Кінә мен күнә жасағаныңда қасыңда тұрдым. Бәрін де өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естідім. Енді міне, Жаратушы жаппар иеміз сенің сол күнәларың үшін лайықты үкім кесті. Қолыңмен істегеніңді мойныңмен көтеретін, соған сай жазаланатын сәт туды. Құдай істеген жамандықтарыңның бәрін өз басыңа келтіреді, – деді әлгі сұқытсыз сұстиып.
– Сен не көкіп тұрсың, мен ешқандай қылмыс жасағаным жоқ, күнәға да батқан жерім жоқ, – деді бетпақтанып. – Қандай дәлел-дәйегің бар? Неткен пәлеқор жансың?
– Дәлел-дәйек жеткілікті… Сенің қандай күнә жасап, нендей қылмыс істегеніңнің бәрі жіпке тізіліп, шотталып-қатталып қойылған. Құдай бәрін көріп-біліп тұрады. Сен өзің сияқты пенделерді алдауың мүмкін, тіпті болмаса сатып алуың мүмкін, ал, Құдайды алдай алмайсың!.. Кез келген адамның жасаған жақсылығы да, жамандығы да еш уақытта із-түзсіз жоғалып кетпейді. Екі дүниенің бірінде иесін іздеп табады.
– Мен не істеппін, қандай күнә жасаппын?!. – деді Сәззәт бетбақтырмай.
– О… онда оқы мынаны. – Ол оның қолына қара кенеппен қапталған амал дәптерін ұстатты. «Бәрібір қылмы­сым­ның үстінен түскен жоқсың, қалай дәлелдейсің?!» дегендей, Сәззат сабазың сасар емес. Демін ішіне тартып, жаймен парақтай бастады. Орта тұсынан бір бетін ашып, көз жүгіртті.
«Сәззәт 01.08.1995 жылы ауыл әкімі боп тұрған кезде бір күнде үш мәрте жер сатып, үш мәрте күнәға батты. Алғашқысынан он бес мың доллар, екіншісінен жиырма бес мың доллар, үшіншісінен елу мың доллар қалтасына басты.
Ертесінде тағы да үш мәрте жер сатты. Бұл жолы сотықтап емес, гектарлап сатты. Алғашқысынан бес жүз мың, екіншісінен алты жүз мың, үшіншісінен жеті жүз мың долларды шытырлатып санап алды. Ақшаға құныққаны соншалық, бұл күнәһар осылай Құдайдың құтты күні жер сатумен айналысты. Сол түскен пайданы өз қажетінше жаратты. Арам ақшаны аясын ба, облыс әкіміне пара беріп, аудан әкімінің орынтағын бір миллион долларға сатып алды.
Аудан әкімі бола салып, жер саудасын одан әрі қыздырды. Ақша не істетпейді, хан сарайындай үй салдырды, неше түрлі қымбат көліктер мінді. Қарауындағы қыз-қырқынды төсегіне сүйреледі, көнбегендерін есебін тауып, жұмыстан шығарып жіберді. Кәмелетке жасы толмаған өрімдей жас қыздарды зорлауды әдетке айналдырды. Қаракөз есімді он екіде бір гүлі ашылмаған он жеті жасар қыз баланы көмекшілері арқылы саяжайына шақырып алып, жалынып-жалбарынғанына, жылап-сықтағанына қарамай, зорлады. Қыздың әке-шешесі сотқа беріп еді, судьяның аузын майлап, құтылып кетті. Шарасыз қыз зар еңіреп қала берді. Ал Жайна есімді гүлдей жайнаған он сегіз жасар қызды кешке жақын өз кеңсесінде зорлады. Оған да ақша беріп, аузын жаптырды. Ал өзінің туған балдызы Күнсаяны… » (43-44-беттер)
М.Көпейұлындағы надан бидің бүгінгі бейнесі мүлде жаңа қырынан қаламгерге тән стилистикалық өзгешелікпен сипатталады. Осылайша ұлт діни түсінігіндегі «қабір азабы» ескі мен жаңаны жалғай отырып оқырман назарына ұсынылады. Жоғарыда айтылған ойларды бір арнаға тоғыстыра отырып айтарымыз, Д.Рамазанда жұмақ пен тозақтың антиномиясы ұлттық архетиптердің бойына қан жүгірте отырып берілгендігін байқаймыз. Екі түрлі дүние бұ дүниенің қызығын о дүниенің қызығына айырбастау мен айырбастамау мәселесі тіршіліктегі ұлт күн тәртібіндегі мәселе. Автор осыны қалай шешті, өз оқырманымен қандай ойын ойнады? Міне осы жағына назар салатын болсақ, онда қоңыртөбел үйде тұрып, қоңырқай тірлік кешкен Сүйсен Сабаев ақсақал мен хан сарайындай үйде тұратын Сәззәт Сұрлашов мырзаның тағдыр-талайын пернелей беру арқылы «қоңыр» түспен «С» әрпіне акцент түсіріп, өмірдің баянсыздығы туралы алаштың мәңгілік сарынын жаңа қырынан ұғындырады. Әріптік ойын дегенде айтарымыз: автордың кейіпкерлерінің бәрі «С» әрпінен басталатын ат пен текке ие болып келеді.
Қазақ прозасында үш түрлі миф туын­дыгерлігі өмірге келді. Оның біріншісі – С.Сейфуллин, С.Ерубаевтар т.б. өмірге әкелген социалистік мифтуындыгерлігі, екіншісі – Ә.Кекілбаев, М.Мағауин т.б. модерндік мифтуындыгерлігі, ең соңғысы – М.Шаханов, А.Алтай, Д.Рамазан т.б. постмодерндік миф туындыгерлігі. Сонымен, 1980 жылдардың соңынан бастап, қазақ әдебиетінде миф туындыгерлігінің екі бағыты модерндік және постмодерндік ілкі нышан бірінің бойында бірі жарыса өмірге келді. Модерндік миф хаосты кескіндеу формасы мен ұйымдастырудың амал-тәсілі болып табылады. Оны экзистенциалдық кейіпкерлердің: отар елдің зиялысының «ішкі фантазиясы» және коммунистік режимге қызмет еткендердің «ақталмайтын қылмыстарын» әлдебір заңдылық арқылы мәдениеттанушылық мәртебеге көтереді.
Қазақ ілкі прозалық модернінің түп-төркінде «абсурдты әлем» идеясы, құдайсыз әлем идеологиясы жатқанымен, оның мәйегі болған ұлттық миф постмодерндік «антироман» соцреализмге қарама-қарсы алаштық реализмге бастап алып келді. Д.Рамазан осы көштің ту басында тұруымен ерекшеленеді. Біз бұл мақаламызда қаламгердің осы жинаққа енген барлық әңгімелерін емес, өзіміз оның қаламгерлік келбетін ашады-ау деген төрт әңгімесіне ғана тоқталдық. Думан Рамазан бергенінен берері көп, үнемі ұлт әдебиетіндегі соны да, жаңашыл әдеби ізденістердің бел ортасында жүретін санаулы жазушыларымыздың бірі. Біз соның кейбір тұстарына ғана шағын әдеби-теориялық барлау ғана жасай алдық.

Алдыңғы «
Келесі »