М. ШҮЙІНШӘЛИЕВАНЫҢ «ӨКІНІШ» ПОВЕСІ ЖӨНІНДЕ

  • 19.07.2017
  • 390 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Гүлжаһан ОРДА,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері

Қазіргі қазақ әдебиеті туралы сөз еткенде ақын-жазушылардың дені тарихи тақырыпты қаузап жүргенін байқауға болады. Ал, енді, бірпарасы бүгінгі қоғам өміріне жан бітіріп, үлкенді-кішілі туындыларымен ұлттық әдебиетті замандас бейнесімен толықтырып жатқан жайы бар. Мира Шүйіншәлиеваның әңгімелері мен хикаяттары – екінші қатарды толықтыратын туындылар. Оның шығармалары жөнінде Қазақстан Халық жазушысы Ә.Нұрпейісов: «Біздің әдебиет қандай күйде, кім келді, не бітірді? Соны білгіміз келеді. «Таңшолпан» журналының кезекті нөміріне осы Орал өңірі қызының бір-екі әңгімесі жарияланған. Әдебиетте ілгерілеушілік бар деп білеміз», – десе, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Д.Исабеков: «Нарық заманында өмір сүріп жатқан адамдардың өмірін білеміз деп жүргеніміз әлі тым жұпыны екен. Оны бізден кейінгі жастар – сол өмірдің бүкіл ауыртпалығын арқалап жүрген, қайнаған тіршіліктің қақ ортасында жүрген Миралардың ұрпағы біледі екен», – деген болатын. «Жұлдыз», «Таңшолпан» журналдарымен бірге «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» тәрізді бас басылымдарда шығармалары жарияланып жүрген жазушының бұған дейін бірнеше жинағы жарық көрді.Жазушы соңғы кітабын «Өкініш» деп атаған екен, хикаят атымен аталған жинаққа және бірнеше әңгімелері топтастырылыпты.
М.Шүйіншәлиеваның «Өкініш» хикаятына мәңгілік тақырыптардың бірі – махаббат негіз болған. Бұл тақырып ұлттық әдебиеттің әр дәуірінде бірсыпыра қаузалғаны белгілі. Біздің ұғымымыздағы махаббат Еңлік пен Кебек, Қалқаман мен Мамыр, Төлеген мен Жібек тәрізді бір-біріне қосыла алмай арманда кеткен ғашықтардың өшпейтін ыстық сезімдерімен, мәңгілік мұраттарымен өрбитін. Алайда, жазушы бұл туындысында өмірдегі махаббаттың жырлардағыдан өзгеше болатындығына көңіл аударған. Біз өмір сүріп отырған қоғамда құндылықтардың орын ауысқаны, замандастарымыздың махаббат мәселесіне тұрақсыздық танытып жатқаны белгілі. Жазушы қазіргі таңда рухани құндылықтардың екінші кезекке шығып, бірінші кезекті материалдық байлықтың иемденгендігін өмірден алынған шынайы кейіпкерлердің өмірі арқылы нанымды суреттеген. Сонымен бірге, бұл хикаятта қазіргі қоғамдағы әйел-аналар бейнесі және бір қырынан толыққан. Тіршілікке нәр беруші аналардың болашақ ұлт тағдырына тікелей жауапты екендігін әр дәуірде өмір сүрген аналар мен бүгінгі таңдағы замандастарымыз өмірінен көріп жүрген жайымыз бар. Бұл туындыда әйел-аналар бейнесі арқылы тәуелсіздік тұсындағы қазақ қоғамының өзекті мәселелеріне көңіл аударылған. Бір отбасы төңірегінде өрбитін оқиғаға қатысушылар әртүрлі жастағы, түрлі кәсіп иелері болғандықтан, өзімізбен қатар өмір сүріп жатқан замандастарымыздың тағдыр тәлейін ұғынуға негіз бар.
Хикаяттың мазмұнын негізгі үш бөлім қамтиды. «Тоғысқан тағдырлар», «Махаббат машақаты», «Екіге айырылған жол» деп аттары айтып тұрғандай мұндағы оқиғалар да осы төңіректен табылып жатады. Негізгі оқиға институтты жаңа бітіріп мектепке қызметке келген психолог Ақкүн мен физик Саматтың Аман Байқонақұлының өндіріс орнынан мектеп жанындағы интернатқа үтік пен самауыр сұрай келуінен басталады. Нарық келгелі етек-жеңін жия бастаған кәсіпорынның қазір бұл шаруамен айналыспағанымен әккі басшының өткір көзі талшыбықтай майысқан қыздың аш белінен ұстай алып атын сұраумен-ақ оның жүрегіне жол салғандығы мына үзіндіден байқалады.
«– Қарындас, – деді көз жанары ұясынан шыға жаздап. – Атыңды да сұрамаппын ғой. Есімің кім?
Ақкүн.
Күйеуің бар ма?
?
Бірден бұлай сұрауым орынсыз болса, кешірім өтінемін. Бірақ, жауабыңды білгім кеп тұр. Бұл мен үшін аса маңызды» (4-б.), – деп, сауалдың астына ала жөнелетін ағасын Ақкүн осы пысықайлығы үшін де жақсы көріп қалған тәрізді. Оны Ақкүннің «Мейлі, неде болса жылы жерге оралып ұя салған құс секілді, жүрегіме ұя салды ғой. Енді, сол ұяны қалай да бұзбауға тырысайын. Осы қаланың ішінен бұл ағамды қалайда іздеп табайын. Өзімен бір ауыз болса да сөзге келіп тілдесейін», – деген монологы растайды. Осылайша, кіршіксіз сезім жетегіндегі бойжеткен әккі де айлакер, көзіне іліккен сұлуды тырнағымен бүрмей тынбайтын Аманға тап болады.
Бас кейіпкер – алпысқа аяқ басқан жігіт ағасы Аман. Жазушы кәсібі дөңгеленген кәсіпкер Аманның өткен өміріне лирикалық шегініс жасау арқылы оқырманға ол туралы толыққанды мағлұмат беруге тырысқан. Жоғары оқу орнын бітіріп келген жігіттің жас сұлу Асылханға құлай ғашық болуы, оның ата-анасының ризалығынсыз үйленіп алуы – махаббат атты тылсым күшке ешкімнің, ешнәрсенің, ешқашан тосқауыл бола алмайтындығын байқатады. Алайда, осындай ыстық сезімнің араға көп уақыт салмай суый түсуі түсініксіз. Жазушы оны «Қазақ байыса қатын алады» деген мақалдың аясында суреттейді. Бар ғұмырын мал соңында өткізген Аманның ата-анасы дүниеден өткенде олардың жиған-терген ірілі-ұсақты төрт түлігі түгелімен баласына мирас болып қалуы табиғи заңдылық. Үйленгелі үй бетін көрмей, сүйген жары мен үш ботасын ертіп ата-анасына сәлем беруге жарамаған Аманның әке-шеше мұрасына ие болып шыға келуі – тірісінде немерелерін бауырына баса алмай еңбегі еш, соры тұз болған ата-ананың мүшкіл хәлінін шынайы бейнеленуі. Меншігіне тиген бар малды сатып, аяқ астынан жеке кәсіпкер болып шыға келген Аман кәсібінің дөңгелене кетуі бір қарағанда ешқандай күмән туғызбайды.
Көзінің қыры түскен арумен көріскенше асығатын Аман Ақкүнді де қала сыртындағы, орманның қасындағы қарағай мен еменнің тап ортасында ағаштан керемет етіп салынған саяжайға алып барғанша асықты. Ертегідегі жан-жануарлардың ұядай үйшігінен аумайтын үйді көріп таңданысын жасыра алмаған қыз сол ертегілер еліне қалайша кіріп кеткенін өзі де білмей қалды. Ертегі болмағанда не? Не ішем, не кием деген әңгіме жоқ. Бұрынғыдай еңбекақысын да сарғая күтіп отырмайды. Сенбі, жексенбі күндері қала сыртына шығып табиғат аясында демалама, алыс-жақын қалалардағы шипажайға барама, жоқ әлде шетел асып кетем дей ме қалаған жағына ұшақпен топ ете қалатын Ақкүн хор қызындай сайран салған бақытты күндерінің тым қысқа болатынын ол кезде білмеген еді.
Мектепте жүргенде күнде хат жазатын Есбол, институтта жүргенде үйіне шақырып алып қалуды көздеген Қанат тәрізді жігіттердің үлкен сезіміне илікпеген Ақкүннің Аманға құлай ғашық болуы – өмір заңдылығы. «Көрсеқызар адамдардан қорқамын» деп жүретін қыз жүрегіне жылы сөзбен жол салған Аманның әйел дегенде «тәжірибесі мықты» екендігі нанымды бейнеленген. Кластасы Кенжебекпен көңіл қосып, араларына дәнекер болсын деп бойына біткен шаранасын қолына ұстамақ болғанда үйлі-жайлы жігіттің басы ашық қарсы болғаны, одан тездетіп құтылу керектігін қатаң ескертуі – Ақкүннің оған деген кіршіксіз сезімінің күлін көкке ұшырды. Осыдан кейін жігіт атаулыға көз қырын салмай, бәрінен күдер үзіп жүрген қыздың әкесіндей кісіні құлай сүюінің басты себебі де Аманның иненің көзінен өткен пысықайлығында, қыз-қырқынға деген ептілігінде еді. Кенжебектен жылы сөз естіп көрмеген қыздың «Жаным!», «Ақ көгершінім!», «Періштем!», «Бақытым!», «Алтын балығым!», «Ақ мамық құсым!», т.б. тәрізді жылы сөздерге құлай кетуі – жалғыз Ақкүннің емес, жалпы әйел затының көзіне емес, құлағына сенетіндігінің мысалы. Өлімнен басқа ештеңе ажыратпастай болып жүрген ғашықтардың арасынан ала мысықтың өтуі – Атырауда шипажайда демалып жатқанда Ақкүннің бір өзі Сарайшық қаласына экскурсия жасаушылармен кетуі. Өзі рұқсат бергенмен ішіне бәле кіріп кеткен Аманның массажист әйелдің арбауына түсіп, көзін шел басқандай күйге түсуінің басты себебі де оның қызғаншақ деген қызыл итке бой алдыруынан басталып еді. Сол үшін Ақкүнге ренжимін деп жүріп, апалы-сіңлілі Зухра мен Зияның арбауына түскен сылқым серінің кейінгі өмірі адам аяғандай. Хикаяттың екінші бөліміне махаббат машақаты негіз болған. Шығармада көзге түсетін жайттың бірі – наным-сенімдердің көптеп қолданылуы болса, соның бірі – қара магия, яғни, дуа жасауға қатысты оқиғалар осы апалы-сіңлілі қыздарға қатысты оқиғалар төңірегінде өрбиді. Кез келген менмін деген азаматтарыңның басын айналдырып, мәңгүрт күйге түсіретін қара магияның күшіне көңіл бөлген жазушы оны жасаған, жасатқан жандардың болашағы да адам шошырлық болатынын кейіпкерлердің қилы тағдыры арқылы бейнелеген. Бақсы-балгерлерді жағалаған Ақкүннің қала сыртындағы Валя кемпірге жем болып қолындағы барынан, қолы мен мойнындағы алтыны мен күмісінен жұрдай болғанынан екі нәрсені аңғаруға негіз бар. Оның біріншісі – қыз-келіншектердің тығырықтан шығар жол таппай қиналғанда Ақкүннің кей­пін киіп тентіреп кететіндіктері болса, екіншісі – арам жолмен келген дүиенің қолдан оп-оңай сусып кете баруы, сүйікті ағасының мол тартуы қалай келсе, кетуі де сондай жылдам болуы. Хикаят соңында бес жыл күткен Аман ағасы келіп, бар жылы сөзін айтса да міз бақпаған Ақкүннің құлай түспей, кесімді шешімге келіп, Кенжебекпен той күнін белгілеп жатуы – басын тасқа да, тауға да ұрған қыздың ұзақтан іздеген бақыты қасында екендігіне көзінің жеткендігі. Иә, қаншама қыздар осы замандасымыз тәрізді бақыттың не екенін түсінбей шатылып жүргені жасырын емес.
Келесі кейіпкер – Аманның кезінде сүйіп алған жары Асылхан. Алғашында жас балалардың түнгі мазасыздығынан қашқақтайтын Аман үш бала дүниеге келген соң, жеке бөлмеге шығып, тіпті, басқалар мазаламасын деп ішінен кілттеп алатынды шығарған. Алдынан өткен қыз-қырқынды құр жібермейтін Аманның пайғамбар жасынан асқанда балаларындай жас қызға ғашық болып, оның суретін қалтасына салып алғаны Асылханның неше жылдан бері әбден жіңішкерген шыдамының үзілуіне алып келді. Отағасының тапқаны кім көрінгенге кетіп жатқанын білген ол жыл сайын Қытай асып Хайнаннан шықпайтынды шығарды. «Жүзім» сұлулық салонының бастығы Чын Чайон ханымның айтқанын мүлтіксіз орындауының арқасында отыз жасқа жасарып, жарты салмағын тастап, «Аманым енді маған Мәжнүндей ғашық болады» деген сенімінің күл-талқан болуы оқиғаны ширықтыра түседі. Отбасының ынтымағы үшін ел асып, жер асып қолынан келгеннің бәрін жасаған Асылханның бұл әрекеті шаңырақты шайқалтпауды көздегенін байқатса, күйеуінің «Алжуың жақын шығар сен қатынның! Қартайғанда ерігіп! Қытайға осы үшін бара жатқаныңды білгенде, қолыңа көк тиынды да татырмайтын едім» деуі еңбегінің еш, тұзының сор болғандығын көрсетеді. Оны жазушы кейіпкер сөзі арқылы былай жеткізген: «– Жарайды, сонда маған ерегісіп бетіңді тарттырдың ба? Бетіңді не істесең де өзің біл. Ал, сонша, неге арықтадың? Бұдан бұрынғы семіздігің әлдеқайда тәуір еді ғой. Ас-суға жарымаған адамдай қап-қара болып қатып қалыпсың. Тым арық адамның сырт көзге кәрі болып көрінетінін білмеуші ме ең, – деді Аман бәлен күннен бері тым құрыса агент арқылы балаларымен де хабарласпай, із-түзсіз жоғалған әйелін жақтырмай» (67-б.).
Беті жылтырағанды өз құрығына әп-сәтте түсіре қоятын Аманның Бас бухгалтер Люса, мұғалім қыз Ақкүн, кадр бөлімінің меңгерушісі Зухра тәрізді сылқымдармен ұзаққа созылған хикаясынан шаршаған Асылханның бір кездері асылып қалмауы – боталары үшін әйел-аналардың көп жағдайда өздерін құрбандыққа шалатындығы. Алайда, оның пайғамдар жасынан асқанда астаналық Көкебайқа тұрмысқа шығып кетуі – шыдамның да шегі бар екендігіне мысал болса, өзі басқа қалада жүргенде бала-шағасынан хабар алып, ұйқысы тыныш болмай жүрген ананың балалары қасына көшіп барған соң жаны жай табуы – ана мен бала арасындағы махаббаттың беріктігі.
«Семіздікті қой ғана көтереді» дегендей дүниенің өзі көтере білген адамға бітетінін Аман өмірі растайды. Ата-анаға жасағаның бала-шағаңнан қайтатыны Аманның ше­телдегі үлкен баласының тіршілігімен суреттелген. Әке-шешеден бір хабар алмай, туған жерден жырақта жүріп жат болып кеткен бала Аманның жастық шағын еріксіз еске түсірсе, ХХІ ғасыр жастарының шетел асып білім қуып, қызмет бабымен кіндік қаны кескен жерінен суысып бара жатқаны да өмір шындығы. Хикаятқа араласатын бір топ қыз-келіншектердің қилы тағдыры оқырманға ой салады. Балалардың «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетіні» оқиғаға араласатын қыздардың тіршілігімен суреттелген. Ақкүн – қазіргі таңдағы оқыған қыздарымыздың жиынтық бейнесі. «Көн етікті кездеспей, көне етікті менсінбей» уақытын өткізіп, кәрі қыздардың санын көбейтетіндер де оқу-білім соңында жүрген жоғары білімді қыздарымыз. Шалғайда жатқан шағын ауылдардан жыраққа шығып, үлкен қалалардан білім алған олар қолына дипломы тиген соң, елге қайтқысы келмей, шаһардың қым-қуыт тірлігімен, қым-қиғаш жұмыс бабымен жүріп уақытын оздырып алатын замандастарымыздың тыныс-тіршілігі оқырманға бесенеден белгілі.
Жазушы жекелеген кейіпкерлердің тағдыры арқылы біздің қоғамның шешімін таппаған көкейкесті мәселелерін көтерген. Соның бірі – оқу-білім саласында қызмет ететін ұстаздар қауымының әлеуметтік жағдайы. Ақкүннің алғашында жұмыс бабымен танысып қалған кәсіпкер ағасын мектепке демеуші болса деп іздеп келуі айлықтан айлыққа өлместің күнін көріп жететін ұстаздардың өзіне емес, шәкірттері үшін неге де даяр екендігін растайды. Жиырма мың теңгемен күнелтіп жүрген Ақкүн мен күнде бір шетелдік машинасын ауыстырып мінетін, он бес пәтерлі бес қабатты үйде жалғыз тұратын Аманның қызы Дәрияның тыныс-тіршілігі салыстыруға келмейді. Бір үйдің бір подъезін түгелдей сатып алып, еврожөндеуден өткізген бикештің жекеменшік үйінде өзінен басқа тірі жан жоқ. Мемлекеттік бюджетте жұмыс істейтіндердің бір айлық еңбекақысының пысықайлардың мейрамханадан бір рет ішетін ас мәзіріне жетпейтіні де өмірден алынған шындық. «Тоқ бала аш баламен ойнамайды» деген тәмсіл осындайда айтылса керек. Жасы отызға жаңа толған, ұшақтан ұшаққа ауысып алыс-жақын шетелдерді үздіксіз аралайтын Дәрияның әкесінің тапқанын желге шашып жүргені белгілі. Оның тұрмысын жазушы былай сипаттайды: «Жекеменшік тікұшағы болмаса да, әуежайдағы ұшқыштар мен стюардессаларға дейін азиаттық пішіндес қыр мұрынды, атжақты келген сүйкімді аруды жазбай танып алған. Қанаты құстай талмайтын Дәрия қыз емге жалғыз жүрген емес. Қыдырып қайда барса да шетелдің төсі жүн-жүн, бет-аузын қылшық қаптаған еркектерімен шүйіркелесе кетеді. Бір жаман әдеті емге еркек талғамайды».
Шығармадан адам жанының екіге жарылуына да мысалдарды көптеп келтіруге болады. «Көңілімнің ақ құсы алдамайды. Қиялым қиылып түспеу үшін баянды бақытыма жолығуым керек. Менің бақытым – сол кісі! Осы қалада тіс емдейтін дәрігер құрып қалғандай, бағасы аспанға секірген қымбат емханаға ешкім мені зорлап әкелмеген шығар. Бір Алланың ұйғарымы бәрі де», – деп іштей жанұшырған Ақкүнге ішкі түйсігі: «Шырағым, үйі-күйі, бала-шағасы бар, қабырғасы қаланбақ түгіл, баяғыда қатқан, төбесі көк күмбез жамылған, кірпіші мәрмәр таспен қапталып, өрілген дәу еркектің жанұясын таудан тас әкеліп құлатсаң да бұза алмайсың. Алып қамалды қарғадай басыңмен қайтіп бұзбақсың?! Әбден ойлан. Асарын асап, жасарын жасаған еркектің соңынан босқа шауып, шашылып қалма! Оның сенен отыз жасқа жуық үлкендігі бар. Тіпті, ұл-қызы да сенен бұрын ержеткен» (8-б.), – деп тежеу салады. Міне, осы тәрізді кейіпкер жанының екіге жарылуына әрбір кейіпкерге қатысты мысалдар жеткілікті.
Хикаятта көзге түсетін көркемдік тәсілдің бірі – монолог. Монолог арқылы әрбір кейіпкердің болмыс-бітімі, өмірлік ұстанымы, өмір туралы көзқарстары айшықталған. Сондай монологтың Асылхан мен Ақкүннің бейнесін толықтыруға көп септігі тиген. Аманның: «Әжемнің соңғы сапарға аттанар сәтінде қолыма ұстатқан орамалын көзімнің қарашығындай сақтамағаным үшін айрандай ұйыған отбасымның құстың ұясындай быт-шыты шығып, тоз-тоз болуы дұрыс та шығар деп өзін кінәлап, жерден алып, жерге салды. Бұл қылған қателігім аздай, талай әйелдің де, тіпті жазықсыз Ақкүннің де көз жасы жібермеген шығар» деп және іштей тон пішті» (312-б.) деген монологы оның өзіне сын көзбен қарауын білдірсе, Ақкүннің: «Қайран ғана, ағатайым-ай! Біз екеуміз бір кездері қандай тату-тәтті едік. Бір-бірімізбен өліп-өшіп табысқанда, дәл осылай құтылғанша асығып, тез арада қоштасамыз деп ойлап па ек. Сол бір іңкәр сезіміміз, арадағы қимас кездеріміз, достығымыз бәрі-бәрі бір сәттік сәуледей жарқ етіп жоқ боларын кім білген. Осы кезге дейін сізге деген махаббатым үшін жанымды салып күресіп едім. Арпалысып, айқасып едім. Бірақ өкінішке орай, соңы осылай бітті! Сіз де аяғына дейін менімен бірге күрескенде мұндай халге түспеген болар едіңіз. Екеуміз де сезімнің ауыр сынағынан өте алмадық. Қайтейін, ағатайым, бұл да пешенемізге жазылған тағдырымыз шығар. Екеуміздің де жүрегімізде өмірлік өкініштің ізі қалды. Тоғыспаған тағдырымызға сіз де өкінесіз, мен де өкінемін. Бірақ, бірақ құр өкініштен енді не шара» деген монологы бақыт үшін бір адам ғана емес, екеуі бірге қол ұстасып күрессе ғана жететіндігіне мегзейді.
Кейіпкер бейнесін сомдауда диалогтың да өзіндік қызметі жетерлік. Кейіпкер сөзі арқылы жекелеген кейіпкерлердің тұлғасы толығып отырады. Ақкүнді студент кезінде үйіне қонаққа шақыратын курстасы Қанаттың әжесі мен екеуінің диалогына үңіліп көрелік: «Қызым, жүрсеңші бері, анау кең жаққа барып сөйлесейік. Бір нәрсе сұрайын деп едім, – дейді әжей басында сусылдап тұрған жібек орамалын әлсін-әлсін жүзікке толы саусағымен сипап. – Өзің иненің көзінен өткен сүйкімді бала екенсің. Тіфә, тіфә тіл-көзім тасқа. Манадан бері бәріміздің назарымыз сенде. Айтпақшы, қай жақтың тумасы едің?
– Оралдың.
– Е, Орал деген мына тұрған жер ғой. Пойыз болса жүріп тұр. Әке-шешең бар ма еді?
– Иә бар. Ауылда тұрады.
– Кіндіктен өрбігені қанша?
– Менімен үшеу. Мектепте оқитын екі інім бар.
– Құдайға шүкір екенсің, шырағым. Мына мен шешемнен қарғадай кезімде қалыппын. Жоқшылық заманда бізді қалай асырарын білмей қиналған әкем егістен бір уыс бидай ұрлаймын деп сотталып кетіпті жасы отызға толмай. Содан жер аударылыпты. Оны түрмеден осы жақта туған Шыман деген қарт көріпті. Екеуі абақтыдан шығып, поезға мініп, одан бәлен күн жерді шарлап адасыпты дейтін білетіндер. Біз ол кезде жалаңбұт баламыз ғой. Есімізде түк жоқ. Шешем байғұс өгіз арбамен көрші ауылдан колхозға тамақ әкеле жатқанда жолда үсіп қалыпты. Ол кездің бет қаритын сақылдаған сары аязына шыдамаса керек. Оның үстіне аш, жалаңаш уақыты. Мына біздің тесік тамағымызды ойлап колхозбен екі ортада митіңдеп жүрген білем. Қарғадайымнан бәрін ерте жалмап, кіндіктен жалғыз өстім. Мана дастарқан басында аузы-аузына жұқпай «төсті айтқан» соқыр қарт менің шалым болады. Бір кеште көзі ашылмай қалды. Не болғанын доғдыр да білмейді, өзі де білмейді. Қой десең болды ызаланып, қолына іліккен нәрсені лақтырып қалатын жаман ғадеті бар. Сол отырғанда бірбеткей, шапшаң адам. Соқыр боп қалған соң ашуы шапшаң» (9-10 б.). Осы үзіндідегі әңгімеден бір кейіпкердің өткен өмірі арқылы қазақ елінің қилы кезеңдеріне көңіл аудару байқалады.
Жазушы бата, қарғыс, алғыс тәрізді ұғымдарға ерекше көңіл аударған. Мәселен, Аман мен Асылханның шаңырағы шайқалуының бір себебін кезінде әжесі мен әке-шешесінің ақ батасын бермеуінен іздеуге болады. Әжесі Сақыпжамал мен шешесі Тотияның Аман мен Асылханның бас құрауына басы бүтін қарсы болғанын жазушы былай суреттейді: «Екеуінің жайлауға да келгіштеп, уәде байласып жүргенін сезіп қалған Сақыпжамал кемпір аттай тулады бір күні.
– Бәленшенің қызын неге алмайсың? Тұл жетімді осы үйге біржолата ертіп әкелмекпісің? Әкесінің сықпыты анау. Ол да өзінің туғаны емес көрінеді. Шешесі баяғыда құрт ауруынан қайтыпты. Өзің байдың тұқымысың! Сөйте тұра сіңірі шыққан кедейдің қызын аламын деп. Оқып-тоқымаған клубтың күзетшісіне қай бетіңмен үйленесің?! Шешең екеуміз қаладан қыз алушы болма деп қақсағанмен, ауылдың қу кедейін алсын деген жоқ едік қой! Сенің күректей қызыл дипломың бар. Ал, оның бүкір үштікке толы көк қағазы да жоқ қалтасында. Ол қыз біздің теңіміз емес. Бізге иық тірестіріп жұрт қатарлы жүретін, ұятқа қалдырмай, жөн білетін дұрыс құда мен құдағи керек, балам! Мынауың дым көрмеген. Бүгіннен қалмай көзін құрт! Екінші әрі әкелме үйге жаман үйретіп. Ас көрмегендей ашқарақ. Қыз басымен нанға тоймайды. Қымызды күбісімен төңкеріп ішеді, – деп, шешесі екеуі құлағының етін жеп, миының суын ағызды» (87-б.).
Олардың бақыттары баянсыз болуының екінші себебін әжесінің соңғы сапарға аттанарда басындағы ақ жаулығын: «Келінге осы орамалды апарып бер. Сақтап қойсын. Осы орамалды адам аяғы баспайтын жерге қойсаңдар, атаң Қамыс екеуміздің аруағымыз сендерді желеп-жебеп, үрім-бұтақтарыңмен аман жүрерсіңдер. Бастарыңда бақ та, байлық та болар. Ең бастысы, бала-шағаң­ның қызығын көріп, Асылханмен қоса қар­таяр­сың, балам» – деп екі алақанын жайып, бата» (311-б.), – бергенімен, сол аманаттың аяқ асты болып кетуінен де іздеуге болады. «Жолың осы орамалдай аппақ» болсын деп ырымдап берген кейуана жаулығының аяқ асты болуын ит пен мысықтай ырылдасып жүрген ерлі зайыптылардың тіршілігіне сыйғызған жазушы аманатқа қиянат жасауға болмайтындығын пенделердің есіне салады. Құс жастығыңның ішіне салып қой деген жаулықтың қайда қалғанын білмейтін Аманның бар ырысы сол орамалмен бірге жоғалып кеткендей еді. Оны автор кейіпкер монологы арқылы былай берген: «Екеуі де Асылханға ерегісіп, немерелерін көрмей-ақ дүние салды. Дұрысында Асылханды ауылға ертіп апарып, үлкен кісілерден кешірім сұрауым керек еді ғой. Болар іс болған соң, баяғыда өткен реніштің орнын жуып-шайып, әжеме балаларымды иіскеткенімде ғой… Өз тарапынан кеткен қателігін мойындап, өкініштен өзегі күйген әжем санаулы минөттері қалған шақта жаулығын сыйлап үлгерді. Әжем мен әке-шешемнің батасын алмағаныммен қоймай, қазір сол орамалдың да қайда қалғанын білмеймін» (311- б.).
Кейбір жағдайларды авторлық ұстанымды кейіпкер сөзі арқылы беруге болатынын: «Жә, Әбеке, соншама қамығып қайтесіз. Дәл қазір он тоқал алсаңыз да құдіретіңіз жетеді. Асылхан шалға тимек түгіл, жас жігітпен қолұстасып Қытайға асып кетсін. Сақыпжамал әжең осындай жағдайдың түбі боларын сезіп оны күнінде келін етіп қабылдамаған шығар. Бетін ашпаған шығар. Құдай бір жамандықты сездірсе, үлкен кісілер әріден болжайды. Егер ақылды әйел болса, құмнан қия аттап көрмеген кейуанаға ерегіспей, кешірім сұрап бармай ма. Сонда, шөберелерін иіскеп, мауқын басқанда ғой», – деген үзіндіден байқауға болады.
Жазушы лирикалық шегініс жасау арқылы кейіпкерлер туралы толыққанды мәлімет бере білген. Аманның атасы Қамыс қарт жайлы оқиғадан адамдар арасындағы ашқарақтықты, тойымсыздықты көруге болады. Обал-сауабынан қорықпай, күнде қоян атып әкелетін қарттың көршісі Құсайынның қолынан қаза табуы – екі аяқты пенделер арасындағы бітпейтін бақталастықтың мысалы. Кемпір мен шалдың баласы болып «Малсыз таңдары атып, кештері батпайтын Байқонақ пен Тотия қырда қала берсін. Ал сені совхозға әкеліп, шағаладай ғып киіндіріп қоямын. Үстіңе шаң тигізбейтін боламын» дейтін немеренің әжесі хәл үстінде жатқанда «Әжең атүсті ауырып жүр еді. Енді төсек тартып жатып қалды. Тез жет!» деген шақыртумен келуі – білім қуған жастардың кіндік қаны тамған жерден жырақта жүріп, ағайын-туыс, туған-бауырға суынып кететіндігінен хабар береді.
Қамыс қартқа қатысты келтірілген оқиғалар Алла тағала жан беріп жаратқан тіршілік иелерінің бәрінің де киесі бар екендігіне сендіреді. Жазықсыз көжектерді қызық үшін атуға құныққан қарияның артында қалған ұрпақтарының тағдыр тәлкегіне ұшырауынан қоянның киесі ұрды ма деген ойдың мазалауы да мүмкін. Осындай лирикалық шегініс Асылхан, Ақкүн, Зияда, Зухра тәрізді кейіпкерлердің бейнесін де толықтыра түскен. Асылхан әке-шешеден ерте қалып, туысқан ағасы Бөкенбайдың қолында өсті. Асырап алған ауру-сырқау шешесінің қас қабағына қарап өскен қыз он жылдық біліммен шектеліп, ауылдағы клубтың әкімшісі болып жүргенде Аманға кездесіп, айы оңынан туған жан ретінде танылса, Ақкүн ата-ана тәрбиесімен өскен ибалы қыз. Ақкүн мен Аман арасындағы махаббаттан екі нәрсені ұғынуға болады. Біріншісі, ғашықтардың арманына айналған қол жетпейтін кіршіксіз сезім болса, екіншісі нәпсінің құлы еткен өткінші сезім. Аман үшін бұл – уақытша ермек, не уақыт өткізудің бір түрі болса, Ақкүн үшін жұдырықтай жүрегіне мәңгі өшпейтін із салған үлкен сезім еді.
Кейіпкерлер бойынан «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген тәмсілді көру оңай. Мәселен, «Ұры Мұстақ» пен шұлғауы шұбатылып жүретін Қазипаның қыздарының жеңіл жүріске салынуынан тәрбие бастауы отбасында екендігі көрінеді. Көздерін ашқалы ұрлықпен келген жылы-жұмсақ тамақпен өскен қыздардың ес біліп, етек жапқан кезінде тәндерін сатып жүруі әке-шеше тәрбиесінің айғағы. Осындай мысал Аманның қызы Дәрияның бойынан да байқалады. Ол да әкесі тәрізді жеңіл жүрістің адамы. Оның бұл екі қыздан айырмасы – ішіп-жемінің молдығы, әлеуметтік жағдайының түзулігі. Тұрмыстық жағынан айырмашылық болғанмен, әкесінен дарыған жаман әдетінен еркек талғамайтындығы бар. Осындай мысалдар балаға тәрбиенің ананың сүті, әкенің қанымен берілетіндігін растайды.
Шығарманың интеллектуалды қыры аспан денелеріне қатысты Аман Байқонақұлының астрологиялық ілімінен танылады. Жазушы кейіпкерлер диалогы арқылы оқырманға Гиппопотам, Жетіқарақшы, Бүркіт, Лира, Аққу, Пегас, Қарақұрт, Андромеда, Кіші аю, Темірқазық, Сиыршы, Тазы, Цефеид, Андромеда, Қарақұрт, Үшарқар-Таразы, Үлкен Арлан, Кіші Арлан тәрізді жұлдыздар туралы астрономия ғылымынан мол мағлұмат берген. Осы тұтса аспан денелері туралы аңыз-әңгімелер де тиімді пайдаланылғандығын баса айтқан жөн.
Француз жазушысы Жюль Ренар: «Күнделік – адам жанының айнасы», – деген екен. Осы қағидаға сүйенетін болсақ, хикаяттың «Екіге айрылған жол» атты үшінші бөлімінің мазмұнын Ақкүннің күнделік жазбалары қамтиды. Аман ағасымен танысқан күннен бастап жазылған күнделік жазбалары Ақкүннің өмір жолын ғана танытып қоймайды, сол арқылы оның бейнесін толықтыра түседі. 2010 жылдың 14, 25-қараша, 1, 15, 25, 30-желтоқсан, 2011 жылдың 24-қаңтар, 18, 25-ақпан, 1-наурыз күндері жазылған күнделік жазбалары шығарманың деректік сипатын арттырып тұр. Ал, «Хат –эпистолярлық жанрдың бастау көзі» дейтін болсақ, шығармада телефонмен қысқа түрде жазылған СМС хаттар жиі кездеседі. Кенжебек пен Ақкүн арасындағы жайтты толықтыруда осындай қысқа хаттардың атқарып тұрған қызметі жоғары. Сонымен бірге, ақындардың өлең жолдарынан келтірілген көптеген үзінділер Ақкүн жанының нәзіктігін, оның сезімге толы сыршылдығын аңғартады. Оны А.Құнанбаевтың, М.Мақатаевтың «Поэзия махаббатпен басталып, парасатпен аяқталады», А.Бақтыгереваның «Қыз болған соң сұлу болмау күнә ғой» тәрізді өлең жолдары мен Б.Шойбековтің сөзіне жазылған «Жамалым» әні және басқа мысалдар растайды.
Қорыта айтқанда, бүгінгі өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның сүреңсіз келбетіне қан жүгірткен жазушы қазіргі әдебиеттің геройларын қатардағы замандастарымыздан алған. Бір қарағанда, апырай сонша жыл төзгенде енді неге аяқ астынан мінез көрсете қалды деп, пайғамбар жасынан асқан Асылханды кінәлағың келеді. Алайда, оның да ет пен сүйектен жаралған пенде екенін көріп отырып, өмірі жылы сөз естімеген, өз үйінде күтушінің қызметін атқарған жанның сырты бүтін, іші түтін күй кешкенін білгендіктен жамандыққа қимайсың. Жаман жүрісі жоқ ананың үш баласын аяқтандырған соң, өзіне де жайлы қоныс іздегені, қадірін білген жанмен басын қосып тыныш өмір сүргені үшін жазғырғың келмегенмен, отбасының ынтымағы екі адамға ортақ екенін ұқтырады. Бұл оқиғадан ерегеспен іс бітпейтініне, ерлі-зайыптылардың бір-біріне кешірімді болу керектігіне қанығамыз. Пайғамбар жасынан асқанда шаңырақтары ортасына түскен Аман мен Асылханның бұл тіршілігі ешкімге де үлгі болмасы анық. Ал, жер ортасы жасқа келгенде не балаға, не басқаға керек болмай, араласатын адам таппай жалғыз басы сопайып қалған Аманның тіршілігі жастық пен ақшаның буын көтере алмай, ең жақын адамдарының жүрегін жаралаған ессіз есіріктерді тәубаға шақырса керек. Қызметтің бабы, ақшаның буы ұшпаққа апармайтындығы,«Қызмет қолдың кірі» екендігі жасы ұлғайғанда бармағын тістеп отырған Аманның аянышты өмірімен нанымды суреттелген. Хикаятқа негіз болған бір топ қыз-келіншектердің өмірі де замандастарымызға ой салуға тиіс. Өмірі өкінішпен өткен Асылхан, ұшарын жел, қонарын сай білетін Дәрия, қазақтың талай қаракөз қыздарын алдап та, арбап та теріс жолға салған Зияда, апасына еріп бармағын кеш шайнаған Зухра, Сүлеймен Пайғамбардай «Бәрі де өтпелі» деп үмітін үкілеп отырған Ақкүндердің барлығы да бізбен бірге өмір сүріп отырған тәуелсіз қазақ елінің азаматшалары. Негізгі кейіпкерлердің барлығы да типтік дәрежеге көтерілгенін еске алатын болсақ, жазушы жүздеген, мыңдаған замандастарымыздың қасіретті тіршілігі арқылы қоғамымыздағы шешімін күтіп отырған көкейтесті мәселелерді бір жерге жинақтап, қоғам дертіне шипа іздеген. Дертке дауа дәруменді оқырмандар кейіпкерлер өмірлерінен алса керек.

Алдыңғы «
Келесі »